Бірінші бөлім (Роман) ТҰҢҒИЫҚта бірінші тарау кездесу



Pdf көрінісі
бет13/25
Дата23.07.2022
өлшемі1,94 Mb.
#37875
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   25
БЕСІНШІ ТАРАУ
ТАҢ АТҚАНДА
1
«...Жанарал-губернатор тергегенде,
Қара жер солқылдатып басқаным-ай...»
Халық өлеңі.
Итбай өлгеннен үш күн кейін автомобильмен Омбыдан келген генерал-
губернатор Сухомлиновтың жиналған жұртқа айтқан сөзі қысқа болды.
– Үкіметке қарсы бас көтергендер рақымсыз түрде қиратылсын!
Ауылдарының күлі көкке ұшырылсын! Елге бастық болғандардың тірідей
жонынан қайыс алынсын. Оларға оқ шығын қылмай аңдай азаппен
өлтірілсін. Қазақ енді қайтып бас көтере алмастай болсын! Патшаға адал
қызмет атқару үстінде қаза тапқан Итбай Байсақаловтың семьясының
пайдасына осы арадағы бес болыстан жылына бес мың сом шығын


берілсін.
Сухомлиновтың бұйрығымен Омбыдан шыққан азаптау отрядының
бастығы –Алексей Кулаков, бұл бұйрықты бұлжытпай орындады.
Алексей Кулаковтың Петроградтан Омбыға келуіне азғана уақыт болған
еді. Дүние жүзілік соғыс басталып, орыс дворяндары мен буржуазиясының
«Патриоттық» ұраны күшейгеннен кейін патша ордасына жаны ашитындар,
əсіресе монархистер Распутин мəселесін Николайдың алдына ашық қойған.
– Распутинді қу, оның адамдарын тарат!– деген олар. Николай бұл
шартты шет пұшпақтап орындап, Распутинді Тобылдағы деревнясына
жіберіп,
оның
«обществосындағы»
гвардейский
офицерлердің
кейбіреулерінің чинін кішірейтіп, орын-орынға таратқан. Осы компанияға
Алексей де ілігіп, Омбыдағы Казачий полктің кіші офицері боп
тағайындалған.
Бұл жазаға Алексей онша ренжіген де жоқ. Егер гвардейско-гусарский
полктен кетпей Петроградта тұрса, оның соғысқа баруында дау жоқ еді.
Ішінде болған гусарский полк бұл Петроградтан Омбыға аттанғаннан кейін
майданға кеткенін Алексей оқып, «кеткенім жақсы болған екен» деп
қуанды. Омбыға келіп, жүз басы офицер боп орныққаннан кейін де,
Алексей казактармен қосып майданға жөнелтіп жібере ме деп қатты қауіп
қылатын еді. Сондықтан «қазақтардың көтерілісін басуға жүз казакпен
аттан!» деп бұйрық алғаннан кейін, ол қуанып кетті.
Омбыдан аттанғанда қазақтың көтерілісін басу Алексейге ең ауыр
болғанда – ағаш кесу, шөп шабу сықылды, онша қиындыққа түспейтін істің
біреуі сықылданды. Тегі қазақ халқы туралы ол өте төмен ойдағы жігіт еді.
Бала кезінің өзінде-ақ балаларды жинап ап, ермегі -– көшеден өткен
қазақтың атын үркіту, байлап қойған атын шешіп жіберу, не мініп кету, үйге
кірген қазақтың арбасындағы затын ұрлау, тас лақтыру, боқтау, ит қосу
болатын. Жігіт кезінде де бұл мінезін өзгертпей сынықтан сылтау тауып
талай қазақты ұрған. Патша өкіметі өшіктіріп қойған казактардың таяғына,
мазағына қарсы келуге шамасы жоқ қазақтардың көбі ұрса жауырынын
тосып, сөксе құлағын тығып, ішінен сыздап жүре беретін. Қазақтардың бұл
«көнбістігін» Кулаков: жасықтығы, намысының жоқтығы, жаратылысының
нашарлығы деп ойлайтын.


«Сол жасық қазақ,– деп ойлады Алексей Омбыдан шыға,– көтеріліс
жасап қайдан батыр бола қалды дейсің. Ол əлдеқалай бір түсінбестік
шығар?»
Алексейдің алғашқы назначениесі – Ереймендегі көтерілгендерді басу
еді. Бұлар барған кезде Ереймен маңынан көтерілген қазақтар əскер
шыққанын естіп, ауыл отанымен таудың басына бекініп, жол-жолға
жүздеген мерген жігіттерді қойған. Қызу қарқынмен барған Алексейдің,
жүз қазағының біразы тауға өрмелегенде, тасқа бекінген мергендердің
оғына ұшқан. Қан төккен соғысты Алексейдің бұл өмірде бірінші көруі еді.
Қаннен-қаперсіз келе жатқанда, алдынан мұндай қауіп шыққаннан кейін ол,
сасып қалып кейін қашып еді, артынан атты қазақтар қуып, тірі қалған
казактардың кейбіреуімен бірге бұ да қолға түсіп қала жаздады.
Қазақты қырып тастау оңай емес екенін, қазақтың да жігері бар ел
екенін, қазақ көтерілісі қауіпке айналғанын ол енді ұқты. Содан кейін ол
алаңғасарлықты қойып, кəдімгі белгілі соғыстың əдісін қолдана бастады.
Ерейменнің етегінде ол жарты айға жуық жүрді. Оның азайған отрядына
Ақмоладан, Шарлақтан, Керенің бастығы Алексей боп, əскер саны мыңға
барды. Бұл əскер сан рет таудың төбесіне бекінген қазақтарға шабуыл
жасап еді, қазақтар тау басына бұларды шығармай-ақ қойды. Тұрқы онша
биік болмағанмен, Ерейменнің басына асатын жол бес-алты-ақ жерде еді.
Қазақтар осы жолдардың бойынан күні-түні мергенді айырмай, жоғары
өрмелеген əскерді тосқауылдап, атып түсіре берді.
Жарты айдан кейін Алексей «Көкшетауға беттеп, Амантай отрядын
жой!» деген бұйрық алды. Жоғарыдан келген сводкаға қарағанда Амантай
отряды Бурабайға жақын жерде болуға керек еді. Соған тез жетуге асығып
келе жатқанында күтпеген жерден жау кездесіп көп шығынға ұшырады.
Бірақ Амантай бекінген бұйрат, оның жігіттеріне Ереймен тауындай берік
пана бола алған жоқ. Бұйратқа кіргізбеуге Амантай жігіттері қанша жан
таласқанмен, Алексей отрядының мықты қаруы шыдатпады, бірнеше
күннен кейін қазақтар бұйраттан сырғып, бетін Бурабайға бұрды.
Қырға шыққасын да қазақ жігіттерін Алексей отряды оңай жеңе қойған
жоқ. Қазақтан ерлік шығатынын ол көрді. Аңдысып атысқанда оғын далаға
жібермейтін, қолма-қол төбелесте найзасын теріс сілтемейтін, қаннан
қорықпайтын талай өжет қазақтардың қимылын көріп, ол ішінен сүйінді
де. Өйткені, өзі ер жүректі болмағанмен, ер жүректі кісіні ол ұнататын еді.


Соғыста жігіттері шығынданып отырғанмен, Амантай отряды Көкшетау
қарағайына негізгі тобын жазбай кірді.
Олардың із өкшесінен қалмай қуа соғысып отырған Алексейдін, бір
«ерлігі»–жолшыбай кездескен ауылдарды талау, өртеу, еркегін қыру, əйелін
зорлау...
Ереймен елі түгелімен тауға бекінгенде, «тым болмаса ауылы да етекте
қалмаған екен, егер салмақты ауылға салсақ, қатын-баласына, əке-
шешесіне жаны ашығандар өз еркімен берілер ме еді, қайтеді?» деп арман
еткен еді Алексей, қолына ешбір ауыл түспеген соң, «əй, бəлем-ай!» деп ол
кіжінген еді.
Көкшетауға қарай беттегенде жолынан ауылдар кездескеніне ол қуанды.
«Ит ашуын тырнадан алады» дегендей, Ерейменнің ашуын осы елден
алғысы келді.
«Бəрі бір ит,– деді отрядына ол,– келешектегі үрім-бұтағы, заузаты бас
көтере алмастай болсын, кездескен ауылды талқандап отырайық. Генерал-
губернатордың бұйрығы осылай!»
Бір жағынан соғысқа еті үйренген, екінші жағынан губернатордан «тез
жой» деген бұйрық алған Алексей, Көкшетауға кірген Амантай отрядының
соңынан мықтап түсті. Көкшетау тауларының ой-шұқырын тегіс білетін ол
Амантай отрядын қақпайлап отырып, таусыз, бірыңғай қарағайға шығарды
да, қабырғалап кеп, тау жақ бекіністі өз қолына алды. Бұл кезде оның
отряды көбейді. Содан кейін əскер торын кең жайып, тауға таласқан
Амантай отрядын отап қиратты да отырды.
Бірақ қанша қырғынға ұшырағанмен, Меңіреуге тығылған Амантай
отряды, əскерді біразға шейін кіргізбей жанталасып қорғанды.
«Ағаштан шығара алмадық, күйдіруге рұқсат етіңіз?» деген Алексейдің
рапортына губернатор:
«Рұқсат!» деп бұйырды.
Содан кейін Алексей қалың қарағайға өрт беріп, түтінге қақалған, өртке
шырмалған жігіттер қарағайдан амалсыз шығып еді, қаруын құрып отырған
əскер, қазақ жігіттерін шапқан шөптей отады да салды. Мыңнан аса


жігіттен қолға түскені жүзден аса ғана, ішінде: Амантай, Темірбек,
Бүркітбай бар.
Амантайдың атын естігенмен Алексей оны танымайтын еді. Сондықтан
қолға түскендердің көбін табан аузында атқанмен, оны атпай біраз
жігіттермен Қотыркөл қаласына əкеп тірі қамады.
Бүркітбай мен Темірбек те соның ішінде.
Қамаған үйдің терезелері темірмен құрсауланып, есігіне жуан темірден
баспа істеліп ол баспаға үлкен құлыптар салынып, маңайына мықты күзет
қойылды.
Итбай оқиғасын зерттеуге Омбыдан келген ерекше істердің зерттеушісі
Қотыркөл қаласына келіп, губернатордың «зерттеу жүргіз» деген бұйрығы
бойынша, Итбайдың туысқандары айыпты деп көрсеткен адамдарды
абақтыға алып, жауап сұрап жатқан. Амантайларды осы қамауда жатқан
адамдарға қосты.
Абақтыға ең алғаш «Амантайды қолдаған осылар!» деп, Итбай
тұқымдарының көрсетуімен отыз шақты кісі алынған еді. Ұлықтар дегенін
істей беретінін көрген Итбай тұқымы, артынан баяғы заманда өкпе-сапқасы
бар адам болса да, кек алу үшін «осы да ішінде бар» деп көрсетіп,
қамалғандарға күн сайын кісі еселеп қосылды да отырды. Амантайларды
қамаған күні абақтыдағы адам жүзге жақындап қалған еді.
Бұрын қамалғандардың сөзіне қарағанда елдің əскерден, ұлықтан,
Итбай тұқымдарынан көрген қорлығын адам ауызбен айтып болар емес.
Итбайдың орнына болыс болған Елікбай, ағасының өлімін пайдаланып
талай жазасыз адамды өтірік айтып абақтыға қаматқан. Қаматпағандарын
қорқытып, жақсы ат, жақсы қыз, жақсы ит, жақсы құстан көңіл еткенін
қоймаған. «Ұлыққа білдірем!» десе, үрей ұшып отырған жұрт сұрағанын
бере берген.
Түні бойы кірпік қақпай, таңды кеңеспен атырған Амантай, тан, атып,
үй іші жарық болғасын маңайындағыларды көзімен шолса, ішінде
Қожантай да отыр.
– Мына неме қайдан жүр?–деді ол ұнатпаған көзбен.


– Мені де көрсетті, «Итбайды өлтірді» деп,– деді Қожантай мүлгіп.
– Апыр-ай, ə?– деп, Амантай таңданған кескінмен таңдайын қақты.
Көкшетаудың уездный начальнигі: «келіп кетіңіз, тығыз жұмысым бар»
деп шақырғасын Амантайлар жабылған күннің ертеңіне зерттеуші жүріп
кетіп, содан төрт күнде оралды.
Амантайдың қолға тірі түскенін Қожантай арқылы естіген Елікбай
Алексейге тамырлығын айтып, көп ақша берем деп, зерттеуші келгенше, не
қылсаң да өлтіріп бер деп еді, қолға түскен адамды өлтіруге Алексей əрі
заңнан аса алмады, əрі жауабында ішінде отырып, Амантайдың не қылған
адам екенін білгісі келді.
«Халықты соңына ерте білді,– деп ойлады Алексей.
Ертегінің батырларындай-ақ қайрат көрсетіп арпалысты. Енді бұл
жауап алғанда өзін қалай ұстар екен? Соны көрейін».
Зерттеуші Көкшетаудан қайтып кеп Амантайдан, оның серіктерінен
жауап алғанда, Алексей ішінде отырды. Амантай орысша білмейтін еді.
Оның сөздерін орысшылаған уез-дің тілмашы – Боқтыбаев.
Боқтыбаев Амантайдың сезін өзі айтқандай ғып аударды. Берген
жауабында Амантай істеген ісінің ешқайсысынан танған жоқ. Барлы.қ
жауабында ол екі жерде ғана шынын айтпады.
Біреуі – «Итбайды өлтірген жалғыз өзім,– деді ол,:– үйден өзім алып
шығып, басын балтамен өзім шаптым. Бұл жұмысқа менен басқа айыпты
адам жоқ».
– Мынау балта сенікі ме?–деп Темірбектің Итбайды шауып өлтірген
балтасын зерттеуші сұрағанда:
– Менікі!– деді Амантай.


Зерттеушінің өте шұқшиып сұрағаны – Асқар болды. Оған Амантайдың
берген жауабы:
– Бізге ере алмай қашып кеткен, содан кейін қайда кеткенін білмеймін.
Ботагөз мəселесінде де ол осыны айтты. Зерттеуші қысып та, өтініп те
сұрап еді, «көргем жоқ, білгем жоқтан» танбады.
Күндізгі жауап сонымен бітіп, Амантайды қайта апарып қамағанда,
үйде отырғандардан ол не айтып не қойғанын жасырған жоқ. Амантайдың
жауабын естігеннен кейін, бастығы Бүркітбай боп ренжіді:
– Оның жарамаған екен,– деді олар Амантайға,– сені ақтап, жазаны біз
тартуға жол еді. Ер азамат сенің, мыңға балап етегіңнен ұстаған адам ең.
Сен жазатайым болсаң, елдің қабырғасы сөгіледі. Ал, біз – көптің біріміз.
«Жоқ, мен мойынға алайын», «жоқ, біз мойынға алайық» деген
таласпен Амантай мен жігіттер біраз отырды.
– Енді болары болған,– деді кейбір ара төрешілер,– Амантай мойнына
алып қойса, танғанмен оны тандырмайды. Олай болса тəуекел деп осы
сөзге табан бекітіңдер. Бір жөні болар.
Кешкі жауаптан Амантай əлсіреп қайтты. Жауап алғанда ішінде
Итбайдың Сарыбасы отырып, урядникке ұрғызып өзі де ұрып денесін
көкала қойдай ғып, басы-көзін көнектей ісіріп жіберіпті. Өзге жігіттер уəде
бойынша жауапты Амантай ізімен берген екен.
Кім қалай əкеп беретініне Амантай қайран қалады: қамалғалы абақты
ішіндегілердің аузынан қымыз бен ет кеткен жоқ. Біреулер кескен еттің
ішіне: «Ішіміз ауырады, амал жоқ, тілегіміз сенде» деп хат салып жібереді.
Кешкі жауапта қатты соққы жеп қайтқан Амантай, «ас іш!» дегендерге
алғыс айтып қана «тұла бойым таяқтың зардабынан ашып, дуылдап бара
жатыр» деп, қисайып ыңқылдап жатыр еді:
– Амантай!– деді, бір табақ сүрді алдарына алып жеп отырғандардың
біреуі. Басыңды көтерші.
– Немене?


«Көтерші басыңды!» деген сөз құлағына жағымсыздау тиген соң
Амантай басын ақырын көтеріп, «тұр» деген жаққа қараса, жылтыраған
май шамға біреу бір қағазды тосып, үңіле ішінен оқып отыр екен.
– Не қағаз, не қағаз?– десті жұрт, оқып отырғанға.
– Сырттан əкелген дəмнің ішіндегі жаяның қыртысын кесіп отырсам,
мына бір қағаз шықты, біреудің бізге жазған хаты.
– Кəне оқышы!–деді жұрт.
Хат оқыған жігіт Нұғман деген мұғалім еді. Амантай отрядына
қатынасың бар деп ұстаған.
Мұғалім хатты оқып шықса, дəм берген адам былай деп жазыпты:
«A3AMATTАР!
Мен сендерге осымен төртінші рет дəм əкеп отырмын. Елдің жинап
жіберген дəмі. Осыдан басқа қолынан келері жоқ. Көп жазуға орын тар.
Бүгін түнде Амантайды өлтірмек. Елікбай мен Сарыбас Кулаковқа,
зерттеушіге, Кошкинге ақша беріп, «қашқан жерінде аттық» дегізіп
өлтіртпек болғанын естіп отырмын. Бұған елдің іші қатты ауырады.
Шамаларың келсе Амантайды қашырыңдар. Іргені бұзып шығуға жарар ма
екен деп, осы дəмнің ішіндегі қос қазының бір жақ қабырғасының орнына
бір мықты пышақ салып жібердік. Сонымен сəкіні қопарып көріңдер. Сəті
келсе бірдеме болар. Біздің қолдан келгені осы».
Бұл кезде түн ортасы ауған еді.
– Ал, неғып отырсыңдар?!–десті пышақ табылған соң іштеріндегі
естиярлары,– қамға кірісіңдер, сəкіні қопарып көріңдер.
– Жоқты айтады екенсің!– деді оған, манадан сөзге қатынаспай, əркімге
жалақ-жұлақ қарап отырған Қожантай,– пышақпен іргені қопарғанды қай
аталарыңнан көріп едіңдер?
– Не өзің, сандалып басты ауыртып отырсың!– деді оған басқа біреу.
– Сандалмасаң сандалма! Сен тамұқта, мен ұшпақта отырғамын жоқ.


Екеуміз де қамаудамыз. «Буынсыз жерге пышақ ұрма!» деген. Аққұла
қиналатын жұмыс болғасын айтам. Əйтпесе, ретін тап та бəрін, шық, оған
мен қуанбасам қайғырмаймын, қайта маған жақсы болады!– деді Қожантай
өршеленіп.
– Тісіңді сындырып жіберейін бе!– деп ана жігіт оған ұмтылғанда:
– Қойыңдар!– деп өзгелері жібермеді.
– Ал қопардық!– деп қолы қарулы жігіттер сəкінің тақтайларының ірге
жақ бұрыштарын мыжғылап жона бастағанда:
– Қолдан келмейтін іске кірісулерін қарашы!– деп Қожантай күңкілдеді.
Жігіттер оған қараған жоқ. Суы қатты, темірі майырылмайтын өткір
пышақпен тақтайды екі жақ басынан мыжғалап жонды. Біраздан кейін екі
тақтайдың төрт жақ басынан қол сиятын төрт тесік жасалды.
– Я, сəт! Қопарып көріңдер!– десті əркімдер.
Мықшия тартқан төрт-бес жігіт, тақтайды қозғай алмады.
– Айттым ғой,– деді тағы да Қожантай,– бай орыстың үйі емес пе,
шегесін тастай ғып қаққан? Үлкен сүймен болмаса, құр қолға не
қопарылсын.
Темірбек сөзге де, тақтайды тесуге де араласпай бір бұрышта отыр еді.
Қожантайдың сөзіне ыза боп кеткендей, орнынан ұшып тұрды да,
тақтайдың тесілген жеріне кеп, Қожантайға алая, қабатын қасқырдай бір
қарап алып, Польша түкіріп, алақанын ысып-ысып жіберіп, бақандай
саусақтарын тесікке тықты.
– Тақтайдың үстін баспаңдар!–деді ол, көтергелі мықшия беріп.
– Манадан бері, басып тұр екеміз ғой, бəсе, неғып қопарылмайды
десем!–деді манадан бері тақтайды екі-үш рет көтеріп қозғалта алмаған
жігіт, Темірбек көтеріп кете ме деп ойлап.
Көтеретін тақтайдың үстінен жұрт екі жарылған кезде, аяғын екі жақ
қабырғадағы тақтайларға басып, «һауп!» деп Темірбек денесін жоғары


қарай жазып қалғанда, ұзындығы қарыстан артық екі шегесімен бірге
тақтай шақыр ете түсіп қопарылып шыға келді.
– Жарайсың, сабазым!– десті үйдегілер.
– Япыр-ай, қарулы екен.
– Е, атаққа шыққан мықты жігіт емес пе, құдыққа түсіп кеткен
Итбайдың атан өгізін мүйізінен суырып шығарған.
Қопарған тақтайды орнынан жұлып алып аунатып тастаған Темірбек
оның орнына адам денесі сиятын болмаған соң, басқаларын да қопарайын
деп еді, олар бола қоймады.
– Мына қопарылған тақтайды астынан тығып көтерсе оңай
қопарылады,– деді біреу.
– Онысы рас!– дегеннен кейін, қалыңдығы төрт елі тақтайды көлденең
астына тығып жіберіп, екі-үш жігітті зерлеп басып еді, тақтайлардың басы
қопарыла бастады.
– Ал, кəне шығыңдар, алдымен Амантай шықсын!– десті, ірге
ашылғаннан кейін жұрт.
– Тез болыңдар!–деп Амантайды алдына сала, жұрт іргеге жұмылғанда,
Қожантай кейін қалып, үйдің қабырғасын екі жұдырығымен кезек-кезек
сартылдатып ұрып, аяғымен есікті тепті. Сол кезде сыртта сатыр-күтір
мылтық атыла бастады.
Мінезі тұйық болғанмен, Темірбек адамның адал-арам пиғылын жақсы
айыратын еді. Абақтыға жабылғалы оның аңдығаны Қожантай да.
Қожантайдың қимылы оған күдікті көрінетін де тұратын.
Жұрт іргенің тесігіне таласқанда, сабырлы мінезін өзгертпей Темірбек
кейін тұрып қалған еді, құлағына есікті тепкілеп, қабырғаны ұрған дауыс
естілді.
– Сен кімсің, əй!– деді кім екенін қараңғыда айыра алмаған Темірбек
қасына барып.


Анау дыбыс бермей тарсылдата бергесін, Темірбек жағасынан шап
беріп ұстап:
– Кімсің деймін, айт жанын, барда, əйтпесе, жоқтауыңды бір-ақ
асырам!– деді қатты сілкіп.
– Мен Қожантай,– деген сөз түсіп кетті сілкіленген адамның аузына.
– Сенікі не?!– деді Темірбек, Қожантайдың кеңірдегінен ұстай алып.
– Жай!– деді Қожантай сасып қап.
– Ұлыққа хабар бергің кеп тұр ма?
– Ия!–деді Қожантай, аузына «жоқтың» орнына «ия» түсіп кетіп.
Қожантай шынын айтты. Оны зерттеушімен Елікбай ақылдасып, əдейі
тыңшылыққа қаматқан еді.
Басқа сұрау беруге Темірбектің денесін ашу кернеп кетіп, жалаңаш
кеңірдекті қапсыра қолын салып кеп жіберді. Қарулы уысын Темірбек
мытып-мытып қалғанда, Қожантайдың өңешіне саусақтары найзадай
қадала қалды. Қылғынып өкпесі аузына тығылған Қожантайдың көзінен
жас ыршып кетті; жалбарынайын деп еді, арам сөзге адал уыс жол берген
жоқ. Ол қырылдады...
Осы кезде есік ашылып, фонарь ұстаған бір топ солдат мылтықтарын
ұсынып үйге кіріп келді. Іштерінде Елікбай мен Сарыбас. Жəне іргеден
қашқан біраз адам.
Солдаттар кіргенде басқалар сасқанмен, Темірбек сасқан жоқ.
Қожантайдың былқ-сылқ еткен денесін ол бұрышқа қарай лақтырып
жіберді. Бірақ өлтірісін білген жоқ.
2
Ботагөздің басында қайғы мен қуаныш бірдей түйісті. Қуанышы:
майданға Елемесов болып кеткен Асқардан, сол фамилиямен жұмасында
бір хат келеді. Бұл да жұма сайын хат салады. «Кенжетай да осында, аман»
деп жазады Асқар.


Қайғысы: Амантай мен Темірбектің халы не күйде екенін анық біле
алмайды.
Ел ішіне тараған өсек-аяңға қарағанда, Итбайды өлтіру жөнінде жүзден
аса адам ұсталған екен, солардың ішінен іріктеліп 15 кісі айыпты саналған
да, өзгелері залог салып, пара беріп босанып кеткен. Біраз адам жауаптан
кейін ақталған.
Амантай
мен
Темірбек
есіне
түскенде,
жүрегі
сыздап
көңілсізденгенмен, Ботагөздің күнделік өмірінің көбі көңілді өтті. Айжан
оған Айбаладан кем болған жоқ.
«Ержан үйіне ғайыптан бір сұлу қыз пайда болыпты» деген қауесетпен
сол маңайдағы Атығай, Қарауылдың шек шығар бозбалалары іздеп кеп,
қазақ ғұрпымен Айжанға «жеңгелет» деп өтініп еді, Айжан ол жігіттердің
бетін қайтарып, жолатпады. Ержанды қатты сыйлайтын Айжан, Ержанның
Асқарды сыйлайтынын біледі. Сондықтан «жеңгелету қазақ ғұрпында айып
болмағанмен, кейбір жақсы көретін жігіттері өлердегі сөзін айтып
жалынғанмен, «жеңгелетпейтін себебіңді айтшы, мен сол қызға
татымаймын ба?» деп қиылған кейбір сөздерге айтар дəлелі болғанмен,
кейде сөзден жеңіліп, жібі босағанмен, «ағаң естісе өлтіреді» дегенді
сылтау ғып көнбеді.
Ержанның ауыл-ағайыны да меймандос, бірін-бірі сыйлағыш, жақсы
адамдар екен. Ержан мен Айжан жатырқамаған соң, олар да Ботагөзді
жатырқамады. Ботагөзге олар өзінің ауылындай боп, үлкендерін сыйлап,
замандастарымен үйір боп кетті.
Қыс басталды. Амантай мен Темірбектен əлі хабар жоқ.
Ержанның қысқы кəсібі: күзен ақ тышқан сықылды ұсақ аңдарды аулау
екен. Бір жақсы аты, бір тазы иті бар. Егер күн ашық болса, атына мініп,
итін ертеді де тан, ата сонарлап кетіп, қас .қарайғанда бір-ақ қайтады.
Кейде қонып келеді.
Ержан үйде жоқта шағын малды Айжан мен Ботагөз жайлайды.
«Ұйқыңды бөлме, азғана мал ғой, өзім де жайғастырам» деп Айжан
Ботагөзді жұмысқа қосқысы келмейді.
– Үйде отырып не бітірем, мал жайласу əрі ермек, əрі пайда,– деп


Ботагөз сонда да Айжаннан қалмайды.
Жайлайтын мал: үш бұзаулы сиыр, бір жұмыс аты, екі өгіз, екі тай, он
шақты қой мен ешкі. Оларға Айжан мен Ботагөз үш мезгіл шөп салады,
қораларын тазалайды, суарады. Одан басқа жұмыс: күйген ағаштан қораға
үйіп қойған отынды ұсақтайды, боран болған күннің артынан қораға түскен
қарды төгеді.
– Дыңдай бір жігіттей қаруы бар,– деп мақтайды Айжан Ботагөзді
абысындарына.
Онысы рас. Суыққа шыққасын екі бетінде қан құлпырып, аязды
күндерде де күрек, айырды жалаңаш қолымен ұстап Ботагөз кіріскен
жұмысын жапырып жібереді. Қар күрегенде, шөп айырлағанда:
– Бір жерін, ауырар, байқап көтер!– деп Айжан сақтандырғанмен
Ботагөз:
– Қайтер дейсің жақсы болады,– деп өршелене істейді.
Қолы боста Ботагөздің оқитыны кітап, əсіресе романдар. Ержан оны
анда-санда Қызылжарға апарып қайтады. Сонда ол қазақ балаларына арнап
шыққан Сухотин школасынан барып бір таныс жігіт арқылы кітап алады
да, оларды оқып шыққасын не өзі апарып беріп, не Ержаннан беріп
жіберіп, тағы алдырады.
Осындай қайғы мен қуаныш араласқан ала-құла күндердің біреуінде,
таңертеңгі малды жайласып, шайларын ішіп, Айжан бір үйге бір жұмысқа
кеткесін, Ботагөз Леонид Андреевтің «Асылған жетеу» деген əңгімесін
оқып, аяныш халға ойы ауырлаңқырап отыр еді, сыртында үлкен қара
тұлыбы бар, басында қара сеңсең папағы бар, денелі біреу үйге кіріп кеп:
– Үйдің иесі қайда?– деді тұлыбының жағасын қайырып, биялайын
шешіп, тоңған алақанын қыздырып ысқылап.
– Үйде жоқ. «Осы Алексей Кулаков емес пе?»–деп ойлады Ботагөз.
– Қайда ол?
– Аңға кетті.


– Сен кімсің?
– Мен қарындасымын.
– Қатыны қайда?
– Бір үйге кетіп еді.
– Шақыр тез.
– Жарайды,– деді Ботагөз тұра беріп, «неге шақырады?» деп ойлап.
– Тез! Тоңып келдік. Шай қойып берсін.
– Қазір!– деп Ботагөз киімін киіп, есікке бара беріп еді:
– Əй қыз!– деді анау.
– Ə,– деді Ботагөз айналып:
– Сен орысшаны қайдан білесің?
– Қалаға жақын елміз, араласып жүреміз.
– Жоқ, сен оқыған қызсың ғой?
– Аздап оқыдым.
– Орысша школда ма?
– Ия.
– Жарайды, қатынды тез шақыр!
«Міне, қыз қайда?– деп ойлады Алексей,– сұлу қыз! Сайтан білсін,
қайда көргенімді. Таныс қыз сықылды!» «Оқып отырғаны не екен?» деп,
сыртқы тонын сыпырған Алексей, пимасының қарын сүртпестен төрге
барып терезенің үстіне қойған кітапты алды да:
– Қара мынаны!– деді даусын шығарып,– оқымысты қыз екен бұл!


Ботагөз ауыз қорадан тысқа шыға келсе, есік алдында бес-алты шаналы
адамдар тұр, аттары бусанып терлеген, үстері қырау. Шаналардың
айналасында он шақты мылтықты солдат бірін-бірі түрткілеп, аунатып
ойнап жатыр, орта кездегі екі шанада біреулер бүрісіп отыр, олардың
қасында мылтықты екі солдат тұр.
«Бұлар кім?» деген оймен, Ботагөз ығысыңқырап қасынан етіп бара
жатқанда:
– Ботагөз!– деген дауыс шықты артынан.
– «Бұ кім?» – деп Ботагөз жалт қарап еді, шанада бүрісіп
отырғандардың біреуі түрегеп:
– Ботагөз!–деді тағы.
Үстін қырау жапқан, тысы жылтыраған күпілі біреу. Басында тыссыз,
төбесі түтеленген тымақ.
– Қалқам!–деді түрегелген күпілі,– бауырым, Ботам! Мен Темірбек!
Темірбек еңіреп жіберді.
Есінен танып қалған Ботагөз етпетінен түсе жығылды. Ол түрегеп тағы
жығылды. Жанталасып, ол тағы тұрды да шанаға қарай жүгірді.
Темірбек шанадан атып түсіп ұмтылғанда:
– Қайда барасың?!–деп солдат көлденеңдей қалды. Темірбек солдатты
қағып жіберіп, Ботагөзді бас салып құшақтады. Екі бетінен кезек-кезек
қатты сүйді. Екі көзінен парлаған жас Ботагөздің бетін жуып кетті.
– Саған не болды, Темірбек? Сабыр ет, сен бұлай емес едің ғой,
Ботагөзді ала өлетін болдық қой. Қой енді тез! Əлгі ит шығып қалар!–деді
бір арестант.
Ол сөзді мақұл көргендей Темірбек құшағын жазды да:
– Енді өлсем арманым жоқ! Бауырым, сəулем, Ботам!.. Көзіңнен
айналайын, жылаған жасыңнан зекет кетейін!..– деді өксігін басып.


Есін жинаған Ботагөз, тиюға əлі келмеген жасты көзін Темірбекке
тоқтау айтқан адамға салса – Бүркітбай екен. Сақал-мұртын бұрын ол
қырып жүретін еді, кəзір қауғадай боп кеткен. Бірақ Ботагөз оны лезде-ақ
таныды.
– Күй осылай, Ботагөз,– деді Бүркітбай,– тергеуіміз бітті. Сотқа келе
жатыр. Қызылжарда болады дейді. Он кісіміз. Жақында елден кісі келер.
Жақсылық күтіп бара жатқамыз жоқ. Аузымыз жетсе ел адамына саған
қатынас дерміз. Амантай қашып кеткен еді, өлі-тірісін білмейміз. Бізді
қатты ұстайды. Жан адамға сөйлестірмейді. Ал енді, сен бізді танымаған
бол, Темірбек, сен енді буыныңды босат. Бұған да шүкіршілік. Жолымыз
болар. Ботагөздің бізге жақын екенін білсе жазым қылар.
– Бұлар кім, Ботагөз?–деген əйел дауысына Ботагөз жалт қараса, Айжан
екен.
– Менің ағам!– деді Ботагөз жасқа булығып, сөзін бөліп зорға айтып,
бірақ солдаттарға онысын сездірмеуге тырысып.
– Қайдағы?
– Əнеугі болысты өлтірген...
– Не дейді, жаным-ау!..
Айжан да бойы дірілдеп, сасып қалды.
– «Осы үйге түсеміз» дейді.
– Түссін.
Үйге қарай беттеген Айжан мен Ботагөзге Алексей қора аузында қарсы
шықты.
– Сұлу қыз, неге кешіктің?– деді ол.
– Жай.
– Көзің неге қызарған?–деді Алексей көзін ойнақшытып, күлімдеп,
ішінен: «əлгінде көзі айнадай жарқырап тұр еді, қалай тез қызарған?» деп


ойлап.
Осы кезде көк тазы сып ете түсіп, əуелі еркелеп Айжанның үстіне
секіріп, артынан Кулаковты көріп, үріп еді, «Бұл қайдан келіп қалды?» деп
сыртқа қараған Айжан мен Ботагөздің көзіне, ат үстінде келе жатқан Ержан
түсті.
– Үй иесі сен бе?–деді Алексей Ержанға.
– Мен.
– Біз арестант əкеле жатырмыз. Үйіңнен шай ішуге бола ма? Солдаттар
тоңды.
– Болады.
– Ендеше тез!– деп Алексей солдаттар жаққа кетті.
– Ботагөздің ағасы!.. Болысты өлтірген!..– деді Айжан сыбырлап
Ержанға.
– Солай ма?– деді Ержан, таңданып,– ендеше тез ас қыл, дəм таттырып
жіберейік.
Ботагөздің көзі де, құлағы да солдаттар жақта болып еді, олар
Алексейге Ботагөз бен Темірбектің кездескенін айтқан жоқ.
Ержанның шым үйінде екі бөлме бар еді. Төргі бөлмесіне сəкі төселген,
ауыз бөлме сəкісіз. Онда ас-су, ыдыс-аяқ тұрады.
Алексей бірнеше солдатпен төргі бөлмеге отырды да, ауыз үйге
солдаттан күзет қана қойды. Арестанттар ауыз үйде отырды.
Арестант жігіттер жолдан өте жүдеп келген екен. Шортаннан шыққанда
олар он екі екен. Екеуі жолда суыққа үсіп өліпті. Тірі келе жатқандарының
ішінде: мұрны, беті, құлағы, аяғы, қолы үсімегендері аз. Он жігіттің үшеуі
қатты сырқат. Біреуі өте нашар. Өзгелерінің бəріне де тымау тиген,
жөтелден кеуделері күрк-күрк етеді. Сырқат жігіттер үйге сүйемелдеумен
кірді, нашар жатқан жігітті көтеріп кіргізді.


– Жасыратыны жоқ,– деді Бүркітбай Ержанға бір қаға берісте,– етің тірі
жігіт екенсің, біз де бір адамнан кембіз деп жүрген жігіт емес ек, күйіміз
былай болды. Аштан өлейік деп келеміз. Шортаннан шыққалы бір тілім
қара нан мен қара судан басқа түк татқамыз жоқ. Бүгін он күн. Оның үстіне
жолшыбай жаяу жүрдік. Сілеміз қатты. Ендігісін өзің біл.
– Бұйырғанын көресіңдер. Ішіміз ауырады. Амал жоқ!..– деді Ержан.
Ауыз үйде ас істескен боп жүріп Ботагөз бұл жерге қалай келгенін,
Асқардың қайда екенін айтты. Алексеймен солдаттар төр үйде арақ ішіп,
азан-қазан болып жатты.
Жылы үйге кіріп бойлары жылынғаннан кейін, аяғы, қолы, беті
үсігендердің жарасы удай ашып, ыңқылдай, сарнай бастады.
– Япыр-ай, иманым қасым болды-ау, Айжан!– деді үйге кіріп-шығып
жүрген Ержан,– асыңды тездетші!
Үйге кіргеннен кейін Темірбек жөнді үндеген жоқ. Егер де дыбыс
шығарса, еңіреген дауысы бірдей шығатындай болып, Ботагөздің жүріс-
тұрысынан көзін айырмай, екі көзі жасаурап телмірді де отырды. Аздап
тымауратқанмен, он жігіттің ішіндегі дені саулары Бүркітбай мен Темірбек
екен.
Арестанттарға жаны ашығанмен «əркімнің өз жаны тəтті» дегендей,
«арестанттарды күтті деп кəпірлер пəле ғып жүре ме?»–деп Ержан басында
аздап сескенген еді. Артынан Алексей де, солдаттар да бойлары жылынып
мас болғаннан кейін азан-қазан шулап өлең айтып кеткесін, ол да
шүйіркелесіп кеңесті.
Солдаттар мен арестанттар шайды бөлек ішті. Етті де бөлек жеді.
Арестанттарға шайды Ботагөз құйып берді, солдаттарға Айжан құйып
берді.
Айжан нанды қала əдетімен ашытып, қалаш қып пісіретін еді. Жылы
қалашқа шыртылдақ сары майды араластыра отырып арестанттар шайға
мейлінше қанды.
Ержан соғымын жақында сойған еді. Орыстан күзді күні сатып ап, үш
ай сұлыға қойып сойған мəстектен екі елі қазы шыққан.


– Айжан!–деген Ержан қазанға ас саларда,– азап тартып келе жатқан
азаматтар екен. Сауабын аларсың. Асты жақсылап салып, сыбағалы
мүшелерін бер. Бұлар да бір-бір елдің серкелері, басына іс түскесін қор боп
отыр.
«Орыс мүше талғамайды» деген соң Айжан солдаттарға сиыр етін қоса,
мойын-сойын деген сықылды қадырсыз ет асты да, арестанттарға: қос
қазы, қарта, ұзын омыртқа, жал сықылды атақты мүшелерді араластырып,
сыбаға салды.
Кісенді қолмен арестанттар етті жаңа жей бастағанда, даладан көтеріп
кіргізген сырқатты жігіт жан тəсілім қылды.
– Азаппен өлді!– десті басқалары.– Үсіп өлді. Бірақ бəрінен осынікі
жақсы. Бұлай жүргеннен де өлген артық шығар.
«Тіршілікке не жетсін!» деп ешкім айтқан жоқ. Өлген жігіттің бетін
жапқаннан кейін басқаларының айтқаны:
– Тамақтарыңды жеңдер, жігіттер. Біз де осының жолын кешікпей
құшамыз. Оған шейін бір рет болса да тойынып алайық.
Солдаттар төргі бөлмеден арестанттар етін жеп бітірмей шығып:
– Давай-давай!– деп, орындарынан еріксіз тұрғызды.
– Ауру жігіт өлді!– деді арестанттың біреуі Алексейге.
– Кəне?–деді ол теңселіп кекірген аузынан арақ исі мүңкіп, тəлтіректеп.
– Əне!
Киімшең, шалқасынан жатқан өлген жігіттің бетіндегі жабуды Алексей
жұлып, аяғымен теуіп, денесін қозғап еді, жансыз дене былқ-сылқ етіп,
аузы ашылып, басы кейін қарай кекжиді.
– Өле берсін, ол менің сайтаныма керек пе, жат!– деді де,– сендер мұны
көміп, ауылнайға акт жасатып Қызылжардағы сотқа жіберіңдер,– деді
Ержанға.


– Өзіңіздің ішінде болғаныңыз жақсы болар еді,– деді, пəлесіне қалам
ба деп қорыққан Ержан.
Ол сөзді ұнатпаған Кулаков, адырая қарап еді, Ержан басқа жауап қата
алған жоқ.
Арестанттар жөнелген күні, күні бойы, түні бойы жылап, жұбатқан
сөздер құлағына кірмеген Ботагөз, ертеңіне ширады.
«Жылағанмен көздің жасын иер адам жоқ,– деп ойлады ол,– Темірбекке
менен басқа жəрдем берер кісі жоқ. Не жаза кесерін соттың өзі .біледі.
Қашан жазасы кесіліп, менің қолым жетер жерден кеткенше, оны асырау –
туысқандық борышым. Одан басқа менің қолымнан келері жоқ».
Қайраттың қара жолына табанын тап басқан Ботагөз қалай асырауды
бірер күн ойлады да, Қызылжарға барып əлі келетін жұмыстың біреуіне
кіріп, тапқанын ағасына беріп тұруды мақұл көрді. Бұл ойын ол Ержанға
айтты.
– Туғаныңа жаның ашығаны дұрыс,– деді оған Ержан,– бірақ сен бөтен
жерде жатқан жоқсың. Осында азын-аулақ дəулет бар. Үнемі асырауға
сенің де, біздің де шамамыз келмес. Ара-тұра беретін тамақты апарып
беріп тұрармыз. Жұмысқа түсіп қайтесің?
Ержанның адал көңілін ұққан Ботагөз оның жұмысқа барма деген
ақылын қанша құлағына құйғанмен, алмады.
«Менің көңілімді, Асқардың көңілін қимағандықтан айтатын шығар?–
деп ойлады ол.– Бірақ, əрі менің шығынымды, əрі Темірбектің шығынын
көтеретін бай адам емес. Үнемі бұған салмақ салуым келіспес».
– Сізге рахмет, ағай,– деді бір күні Ботагөз Ержанға,– туған ағамнан кем
болған жоқсыз, Айжан жеңгей де туғанымнан кем болған жоқ. Сіз менің
жұмысқа түсемін дегеніме ренжімеңіз. Əйел болсам да, денім сау, қаруым
бар адаммын. Темірбек жақсы көретін ағам еді. Момын жігіт еді. Қалада
жұмысқа кірсем, күнде тамақ беріп тұрамын ғой, ал бұл арадан күнде бара
алмаймын. Шын туысқандық жүректен өтінем: маған ұлықсат етіңіз! Сіздің
жақсылығыңызды мен бұл дүниеде қайтарамын деп айта алмаймын.
Ботагөздің ниеті жұмысқа түсуге шын кеткенін көрген Ержан,


қынжылып барып көнді.
– Амал жоқ, айтып болмадың, шырағым,– деді ол Ботагөзге,– мен өзім
де жиі қатынасып тұрармын. Барамын десең бар. Бірақ онда не жұмысқа
түскің келеді?
– Консерв заводы бар ма онда?
– Бар.
– Мен Бурабайдағы консерв заводында жұмыс істеген едім. Ендеше сол
консерв заводына жұмысқа кірейін.
Ертеңіне Ержан атын жегіп Ботагөзді Қызылжардағы консерв заводына
алып барып, ет боршалайтын қызметке орналастырды. Пəтерді Больничная
көшедегі татардың үйінен алды. Ол үйдің иесі Меңлібай деген кісі де
заводта істейді екен.
Ботагөз айлық еңбегіне 25 сом алады. Сол ақшаның он сомдайын ғана
өз тамағына жұмсайды да, қалғанына Темірбекке арнап тамақ алып, күнде
жұмыстан кейін апарып берді де тұрды. Ара-тұра ол сол орнына барып
жолығуға рұқсат сұрап еді, ол тілегін орындай алмады. Жұмысшыларға
жұмасына бір күн демалыс болатын еді. Сондай күннің біреуінде
Темірбекке арнап істеген салмасын ыдысқа құйып алып, Ботагөз таңертең
пəтерінен ерте шығып, Есілдің жар қабағына жақын салынған қаланың
шетіндегі ақ түрмеге жөнелді.
Күн ол күні алай-түлей боран еді. Аспаннан жапалақтап қою жауған
қарды, дауылды жел жерге түсірмей үйіріп, көзге түк көрсетпейді. Оның
үстіне үскірік суық. Ашық жерден денеге тиген ызғар – денені темірдей
қариды. Орай соққан жел – ауыздан дем шығармай, адам тұншығып кете
жаздайды.
Бірақ бұл боранға Ботагөз ренжіген жоқ. Абақтыдағы ағасына ас
апарып беруін ол өзіне бақыт санайды.
Жылы үйден шыққан кезде суықты, боранды елең қылғысы келмей,
Торговая көшесін бойлап тартқан Ботагөз, біраздан кейін арпалысқан
суықтан қалжырады. Қарсы алдынан өршелене үрлеген жел оны
беттетпеді. Желге ол бірде алдын, бірде артын беріп, бір адым болса да


ілгері басты. Ыққа қарағанда алдын орап құмықтырған желден тұншығып
күпісінің жеңін аузына кигізіп, демін жеңі арқылы əрең алды.
Суықпен осылай арпалысып, жолды көлденеңдей жал-жал боп ыққа
үймелеген оппа қарды кейде тізеден, кейде белуардан кешіп, базар
алабынан Ботагөз аман етті де, слабодкаға кірді. Түрмеге жақындаған
сайын ашық даладан аңқыған жел қала ішінен анағұрлым күшейді.
Күшейген жел Ботагөздің ілгері басқан адымын көбінесе кейін аттатты. Кей
кезде желдің екпіні Ботагөзді əлденеше адым жер кейін сырғанатып əкетті.
Кей кезде итерген желге қарсыласқан Ботагөз аяғын қарға қашай салып,
жылжи алмай тұрды. Осындай желмен арпалысқан кездерінде, оппа қарға
сүрініп, ол құлап та қалды. Бірақ өзі құлағанмен ол ыдысын құлатқан жоқ,
ағасына апара жатқан асын төккен жоқ. Оның қазіргі бар тілегі – асын
ағасына аман жеткізу.
Ботагөз слабодканың қала жақтағы басынан аман өтіп, алай-түлей
бораннан ақ түрмені көзі көрмей, жобасымен қарға оппалап, желге
құмығып келе жатыр еді, бірдеме қағып жіберіп, ұшып кеп түсті. Бұл жолы
ыдысын қолдан шығармауға əлі келмей қалды. Құлағанда құмыра қолынан
сусып атып кеткен еді, жалма-жан басын көтеріп, құмыра ұшқан жаққа
қараса, пəре-пəресі шығып қирапты. Қағып кетіп құлатқан жегулі ат екенін
артынан білген Ботагөз, жетек қатты соғып, ауырған иығын елеместен
түрегеп, құмыра сынған жерге барса, қой етін турап істеген салма, қарын
жел айдаған жолдын, тақыр үстінде жайылып, буы бұрқырап жатыр екен.
Сорпасы қарға сіңіп кетіпті.
Тамақты Темірбекке күнде берем дегенмен күші келмей, Ботагөз күн
ара, екі күнде бір рет беретін еді. Соңғы екі күнді өткізіп, бұл үшінші күні
əкеле жатқан тамағы еді. Сол тамақтың төгілгеніне оның іші удай ашып,
көзінен жас ыршып кетіп, еңіреп жіберді.
– Əй, сорлы болған маңдай!–деді ол, дауысын азынаған желге қоса
зарлап,– əй, қу құдай-ай! Енді, тым болмаса бір аяқ асты да көпсінгені ме,
сорлы ағама!..
Ағыл-тегіл азынап жылаған Ботагөз, аяғын ілгері басарын да, кейін
басарын да білмеді. Ілгері басайын десе – апарар түгі жоқ. Кейін қайтайын
десе – ағасының кескінін көрмегенмен, түрмені көріп қайтудың өзі оған бір
үлкен медеу.


Бетіне мұз боп қатқан жасты сүртпестен, біраз жылап тұрғаннан кейін,
Ботагөз түрменің аузына барып қайтуды, тым болмаса ас төгілгенін
күзетшіге айтып қайтуды мақұл көрді де, өршелене соққан желге
тырмысып, түрмеге аяңдады.
Бұл түрменің қақпасына жақындап еді, қақпаның алдында ас беру үшін
жұрт жиналатын жерде шаналы ат байлаулы тұр екен. Манағы еөін қағып
жығып кететін шаналы осы жаққа кеткен еді. «Мынау сол шаналы шығар?»
деп ойлаған Ботагөз, соған қарай бұрылды. Шанаға жақындаған сайын
оның бойын кек керней түсті. Тілі жеткенше шаналыны оның сөккісі келді.
– Сенбісің, əй! Жаңағы, мені жығып кеткен?–деді ол шананың қасында
бүрісіп тұрған екі қазаққа жақындап, тағы адамның дауысындай тұрпайы
дауыспен екіленіп.
Қазақтар үндемеді.
– Имансыздар!– деді Ботагөз.
Екі жағы да айтар сөз таба алмағандай, бір-біріне қарасты. Ботагөз
ашулы көзбен, қазақтар ұятты көзбен қарады.
– Жарықтығым!– деді қазақтың біреуі,– ұят бізден! Мына бораны
құрғырдан байқамай қалдық.
– Өзімнің қанымнан артық асымды төктіңдер!– деді Ботагөз жасқа
булығып,– түрмедегі ағама əкеле жатқан.
– Шырағым-ай, сөзің сүйектен өтті ғой, дəм бізде бар еді, біздің де біраз
адамымыз осы түрмеде жатыр еді. Соған ас əкеліп ек. Ағаң кім еді? Кім де
болса дəмін біз берейік. Жыламашы, шырағым!..
– Ағам Темірбек!.. Көкшетау елінікі...– деді Ботагөз өксіп жылап, бетін
алақанымен басып...
– Тұяқтың Темірбегі ме?– деді қазақ.
– Сол.
– Сен оның несі едің?


– Туған қарындасы едім.
– Қалқам-ау, не дейсің? Сен Ботагөзбісің?– деді қазақтар.
– Ия!
– Алда сəулем-ай, сен бе едің? Көзіңнің жасын сүртші, мен
Бүркітбайдың ағасымын!..
Қуанған Ботагөз:
– Апыр-ай, рас па, ағай!–деді.
– Рас!–деді қазақ,– Бүркітбайдың немере ағасымын. Атым Серікбай.
Елден келгелі бір жұма болды. Он шақты кісіміз. Бүгін төртінші күн: ас
берген ыдысымызбен қамаудағылардан қағаз келді. Сонда Бүркітбай сені
айтып, тауып алыңдар деп жазыпты. Қайдан табарымызды білмей отыр ек,
ісіміздің сəті болар, шырағым, кез келгенің жақсы болды. Асың төгілгеніне
ренжіме. Дəм жетеді. Бұдан былай өзің де бізбен бірге боларсың, шырағым!
3
Елікбай одан да тартынбайды; Кулаков ол ақшаны төреге беретінін, я
төрені сылтау ғып өзі меншіктенетінін жəне білмейді. Елікбайдың оны
білгісі келмейді де. Өйткені, түбін қуғанда Байсақалдың маңдайға біткен
ырысынан шығар шығын жоқ. Неше мың сом ұстаса да шығатын шығын
елдікі. Итбайды өлтіріп «айыпты» болған елдің «мына шығын ауыр» деуге
аузы бара алмайды, ішінен сыздап жүре береді.
Кулаков алған парасын ақтады. Елікбай жұмсаған жерлерге барғанда, ол
рия пікірмен сөйлескен жоқ.
– Бұл іс мемлекетті басынғандық,– деді ол. Қайда барса да, кімге
сөйлесе де,– егер де қатты тыю болмаса, қазақтар тағы да бас көтеруі
мүмкін. Сондықтан, айыбы мойнына қойылып, абақтыға түскендерге ешбір
аяушылық болуға тиісті емес.
Айыптылардың тергеуі біткеннен кейін, ісін военнополевой суд
қарайтын болды. Бұл хабар қалаға да, далаға да тез тарады. Елікбай жағы
қуанды, айыптылар жағы састы. Қызылжардағы білгіштердің ақылымен,


айыптылар сотта қорғауға үш мың сом беріп Құзғынбаевты жалдаған еді.
– Бұл анау-мынау іс емес,– деген еді Құзғынбаев істі аларда,– бұл істің
заңы: ату мен асу; сондықтан мен арзанға ала алмаймын. Арзан адвокат
табам десеңдер ұлықсат. Əйтпесе, бес мың беріңдер, тəуекел деп түсіп
көрем, сəті келсе жеңілдетем. Жөн бергенде талай қиын жерден қаралған
кісіні ақтап алып шығатынмын.
– Ісімізді іс қыламыз десеңіз үлкен алғыс айтамыз. Шығыннан бас
тартпаймыз. Сасып келіп отырған адамбыз. Мұсылманның баласымыз,
құдайға қарап өзіңіз біле беріңіз,– деп ізденушілердің, жалбарынған сөзі
Құзғынбаевтың жүрегін жібітпеді.
Ат сатып алатын адамдай ол саудаласып отырып үш мыңға кеп тоқтады
да:
– Осыдан бір тыйын кемітпеймін!– деп отырып алды.
– Үш мың сом – алпыс сомнан елу аттың құны ғой, оны қалай
төлейміз?–деп ізденушілердің кейбіреулері тартынғанмен, кейбіреулері
ырық бермеді.
– Тек ісіміз іс болсын,– десті ақырында, бəрі де,– қайтесің, басқа
салғасын көнесің, əйтпесе, мынау сұмдық алыс қой. Өзі де жемқор
антұрған екен. Зəру тосып тұр. Кəпірдің кəпірі осылар шығар. Əйтпесе,
тарыққан елден осынша ақша сұрай ма?
Крыловтың мысалындағы теңізді өртеймін деп лақап шашқан
шыпшықтай, басында дүниенің бəрін оңайлатқан Құзғынбаевтың қолынан
пəлендей жарқыраған іс көріне қойған жоқ. Елден іздеп келгендердің
арманы – ең алдымен арестанттарды бір көру, тілдесу еді. «Дүниенің
малын алсаң да, бір тілдестір» деген олардың тілегін Құзғынбаев орындай
алмады.
Құзғынбаев қазақтардың келуінен мезі болды.
– Менің пəтерім сендерге постоялый двор емес!– деп ұрысты ол
қазақтарға,–сүмірейіп келе берулеріңді доғарыңдар!
– Істің арты не болатын?– деген сұрауға оның берген жауабы:


– Ертең сот болғанда көресің. Бұл іс оп-оңай жұлып алып тастайтын
шөгір емес. Өздерің үкіметке қарсы шығып, үкімет адамын өлтіріп,
бүлдіріп келесіңдер де, оп-оңай құтыла қоюға ойлайсыңдар. Ол болмайды!
Өлім халіндағы ауру адам докторды көңіліне қандай медеу көрсе,
айыптылар жағы да Құзғынбаевты сондай медеу көріп, жан жараларын
жазар деп сенген еді, іске Құзғынбаев ізденуші болғаннан бастап, ауыр
халдары біріндеп жеңілденер деген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмады.
Түбінде сот алдында не жарылқарын өзі біледі, əзірге, сотқа шейін қолдан
санап берген 300 сом, желге ұшқан сықылды көрінеді де тұрады.
Айыптылар жағының ізденушілеріне Құзғынбаевтан Ботагөз көбірек
медеу болды. Ботагөз араларына келгенге шейін олардың көпшілігі қала
ішінде жөнін тауып жүре алмайтын да еді. Ботагөз келгеннен кейін кіруге
тиісті мекемелерден араламағаны, тиісті төрелерден жолықпағаны жоқ.
– «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген, «алыстағы
əулиеден жақындағы машаих» деген,– десті Ботагөзге ергендер,– «қолда
бардың қадыры жоқ» дегендей, «ағайынға қадырым жоқ бетімді көреді,
қатынға қадырым жоқ етімді көреді» дегендей, осы баланың қадырын
білмей жүрміз. Пəлен білгіш, түген білгіш дегенмен осыдан білгірді
көргеміз жоқ.
Айыптылар жағы Ботагөзді осылай бастарына қарқара қылып шаншып,
əйел деп кемсінбей, ақылшы көрсе, Итбай жағы оны ит етінен жек көрді.
«Ел құлағы елу», «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жетеді».
Ботагөздің кім екенін, оның қалада не істеп жүргенін Елікбай кешікпей-ақ
естіді.
«Байтал шауып бəйге алмас»,– деп ойлады ол, басында,– «бір қыз
басшы боп қай ұшпаққа шығарар дейсің. Қызды басшы қылған олар да
шатасқан екен».
Бірақ аздан кейін, Ботагөз пəлендей өндіріп іс бітірмегенмен,
Елікбайдың көңіліне жамандық кірді. Оған: «сол қаншықты шəуілдетіп
көшеде жүргізбей, қаматып қояйын!» деген ой кеп кетті. Оның барлық істе
ақылшысы – Алексей Кулаков. Бір күні Елікбай, Алексейге Ботагөздің мəн-
жайын айтып, жаптырып қоюды өтінді.


– Көрерміз,– деді Алексей.
Бір күні Елікбай мен Алексей уездное управлениенің есігінің алдында
тұр еді, сол араға қасына Серікбайды ертіп Ботагөз келді.
– Осы қыз, əне келе жатыр!– деді Елікбай Алексейге. Ботагөздің үстінде
биқасаппен тыстаған күпі, басында түбіт шалы бар еді. Аязға екі беті
албырап келе жатқан бойы сұңғақ, кеудесі шалқақ Ботагөзден нақ
қастарына келгенше Алексей көзін айырған жоқ. Алексейді Ботагөз
таныды. Оның қадала қарағанын да сезді. Бірақ өзі түк сезбеген адам
сықылданып қасынан өтіп кетіп, есік алдындағы күзетшіге барып, үйге
кіруді өтінді.
– Бүгін рұқсат жоқ!– деді күзетші.
Беті қайтқан Ботагөз, кейін қарай аяңдап еді:
– Сізді бөгеуге мүмкін бе?– деді Алексей оған.
Ботагөз бұл сөздің өзіне арналғанын аңғармай тоқтамады.
– Мен сізге айтам!– деді Алексей даусын көтеріп. Ботагөз айналып
қарады.
– Есенсіз бе?–деді Алексей бірер адымдап, Ботагөзге жақындап, қолын
ұсынып,– мен сізді білем.
– Мен де сізді білем!–деді Ботагөз.
– Прекрасно –таныс болайық. Алексей Кулаков!..
– Сіздің Лиза деген қарындасыңыз бар ғой? Мен сонымен бірге
оқыдым.
– Қай жылы?
– 1913 жылы. Сіз қысты күні Петербургтен келгенсіз. Сол жылы мен
сізбен бірге катокта да болғам...
– Ə-ə-ə!.. Енді білдім. Сіз конькимен жақсы сырғанайтын едіңіз. Менің


қарындасым Лиза қазір Омбы гимназиясында. Биыл бітіреді. Ол сізді өте
көп айтады. Жақын арада мен Омбыға барғанда «білесіз бе?» деп менен
сұрады. Мен «білмеймін» дедім. Ауылда мен сізді көргенде, сіз екеніңізді
білсем қарындасыма айтар едім, ол қуанар еді.
Елікбай да, Серікбай да Ботагөз бен Алексейдің сөздеріне түгел
түсінген жоқ. Бірақ екеуі де олардың сөздерін кейісті қабақпен тыңдады.
Серікбайдың кейіген себебі: Алексейдің қанішер бұзық екенін, елді
өрттей жайпағанын біледі. Сондықтан, «жазымға ұшырата ма» деп
қорықты.
Елікбайдың кейіген себебі: Алексейдің əйел құмарлығын біледі. Елдің
жанжалын баса барғанда, Алексей «қыз тауып бер!» деп қасына ерген
Елікбайдың мазасын алған: беті шырайлы əйел көрсе есі шығатын.
– «Мына қыздың жылмаңдауы жаман екен,– деп қорықты Елікбай,–
арбап тұрған түрін көрдің бе, кəпірдің!.. Егер Алексей жəрдем берем десе,
бұлар несін аяйды дейсің. Алексейге де осы қызды бекер айтқан екем. Сұлу
əйел сиқыршымен бірдей, еркекті қақпанға тез түсіреді. Осы құрғырға
Алексей ауып кетіп, істің беті теріс айналмаса неғылсын!..»
Сөйлесіп тұрған Алексей Ботагөзге шынында қызықты. «Сұлу қыз,–
деп ойлады ол, қылмыңдап кеңесіп тұрып,– осындай қыздар Лермонтов пен
Толстойдың Кавказ темасына жазған өлең, əңгімелерінде кездеседі. Денесі
де, кескіні де мұндай көркем қыз сирек. Мұнымен жақын танысу керек
екен!..»
Ботагөз де бұл танысуды жек көрген жоқ. Лизаның атын ол Алексейге
əдейі айтты. Ондағы Ботагөздің ойы: «Лизамен бірге оқып жүрген кезімдегі
бақытты тұрмысымды көзіне елестетіп, қазіргі қайғымды айтып жыласам,
жүрегі жібір, қаталдығын қояр, мүмкін жəрдемдесер!»
– Ғафу етіңіз,– деді Алексей,– мен сізді көбірек ұстадым. Тоңдыңыз.
Сіздей сүйкімді қызбен танысуға мен шатпын. Бұл менің сізбен ақтық
жолығуым болмас деп сенем. Сіздің адресіңіз?
– Менде адрес жоқ.
– Қайда жатасыз?


– Əр жерде.
– Сіз менен қаймығып айтып тұрмаңыз. Мен үнемі қатаң мінезді
емеспін. Қызмет жөнінен басқа жерде мен де жабайы адамдаймын, мен де
жалынды жүректі жаспын. Менен сіз қиянат көрмейсіз.
– Рас айтам. Менде пəтер жоқ.
– Ендеше, менің адресім есіңізде болсын: Большесадодая, 42.
Алексей қалтасынан книжкасын алып, перчаткалы қолын көтеріп, честь
беріп:
– Келіңіз!– деді Алексей қолдасудың орнына оң қолын көтеріп, честь
беріп.
4
Алексейге жолығу, жолықпау туралы Ботагөздің ойы көп толқыды.
Жолыққысы келгенде ол Алексейге «əдемі жігіт» деп қызыққан жоқ. Оның
жолыққысы келген себебі: айыптылардың ісін жеңілдетуге көмегі тиер ме
екен дегендік.
Бірақ ол көмекті Алексейдің қалай көретініне Ботагөздің көзі жетпеді.
«Адамшылық ары болып, менің іздеп баруымды дұрыс ұқса жарайды,–
деп ойлады ол,– егер теріс ұғып, мені орын саудаға салғалы жүрген адам
екен деп түсінсе, қайтем ? »
Кітаптан оқығаны болмаса, офицердің нендей мінезді халық екенін
Ботагөз тұрмыста көрген емес. Кітаптан оқыған офицер екі түрлі.
Біреулері: Гринев сықылды адамшылық қасиеті жоғарылар, біреулері:
Швабрин сықылды төмен ойлы сотқарлар. Елді рахымсыз қырған хабарына
қарағанда, Кулаков Швабрин сықылды. Бірақ бетпе-бет кездесіп мінезін өзі
сынап көрмеген соң пікірін ақтық қорыту қиын. Лев Толстойдың, «Соғыс
жəне бейбітшілік» деген романының айтуынша: соғысқа араласушылардың
басында ерік жоқ. Ойындағы қарсы қылықтарды дүрмекпен олар еріксіз
орындайды.
«Мүмкін,– деп ойлады Ботагөз,– Алексейде кінə болмауы. Ол халықты


қырғанда, жоғарғы жердің бұйрығын амалсыз орындауы, ішінен қырғынға
қарсы болуы...» Ботагөз толқыған ойын көп кешікпей бір жерге қорытты.
«Барайын, тəуекел,– деп ойлап ол,– көрейін, сөйлесейін. Егер бұзық
мінезді болса, енді қайтып бармаспын. Болмаса, адамшылық ары болса,
нашар халді естіп жібір. Мүмкін, жеңілдетуге көмегі тиер».
Серік қазақтарына бұл сырын айтпастан Ботагөз Алексейдің адресін
алып, іңірде жөнелді.
42 үй – татардың байының екі қабатты үйі екен. Алексей жоғарғы
қабатының түкпірдегі бөлмесінде тұрады екен. Жоғарыға басқышпен
өрмелеп шыққан Ботагөз коридорда жолыққан əйелден сұрап, Алексейдің
есігін қақты.
– Кіріңіз!– деді еркек даусы.
Ботагөз кіріп барса, Алексей гитар тартып отыр екен, үстінде комната
киімі.
– Ə, ғафу етіңіз!– деді ол, ұшып түрегеліп.– Мен сізді көптен күткен
едім. Жоғары шығыңыз!
Алексей гитарын сандық үстіне сүйей салып, Ботагөзге қолдасып
амандасты да, шешінуін өтінді.
– Рахмет, ұзақ болмаймын,– деді Ботагөз.
– Неге?
– Асығыс жұмысым бар еді.
– Оқасы жоқ. Жұмыс ештеме етпейді. Шешінуіңізді өтінем!
Алексей Ботагөздің күпісінің түймесін ағытуға айналып еді.
– Тағы да келем, ғафу етіңіз, қазір асығыс едім,– деді Ботагөз түймесін
ағыттырмай.
Бөлменің ішін Ботагөз көзімен айнала шолып еді, іші жасаулы, сыры


əдемі, шағын бөлме екен.
– Асығыс болсаңыз да аз уақыт отырыңыз, шешініңіз!–деп Алексей
қолқалағасын Ботагөз күпісін шешті де, Алексейдің көрсеткен орындығына
отырды. Алексей Ботагөздің қасына отырды.
Қатар отырғаннан кейін екеуі де бірін-бірі тез сынап, тез арбай бастады.
Алексейге келген ой: «сұлу қызды құдай қолға берді. Егер көңілі
болмаса неге оңаша келеді? Бұл маған қызығуға тиісті. Есінеп отырып
қалмай, не де болса ашық қимылдап көрейін!»
Ботагөзге келген ой: «көзінің қимылдауы жаман екен. Айтарымды
айтып, тез қайтайын!»
Алексейдің алғашқы сөзі қалжыңнан басталды.
– Сіздей сұлу қыздарға мен өте сабырсыз қараймын,– деді ол,–- мен
қазақтың ғұрпын білем. Қазақ үйіне келген қонақты ең алдымен аспен
сыйлайды. Менде тоқты мен қымыз жоқ. Бірақ қымызға бергісіз тəтті арақ
бар! Əйелге арақ ұсынудың неше түрлі əдісін білетін Алексей, Ботагөздің
рұқсатын алмай-ақ, айналы шкафтан екі бөтелке қызыл арақ алып, стол
үстіне қойды.
– Сиырдың тілінен істеген жақсы консерв бар еді, ол арам емес,– деп
бір банк консерв алып, бəкісімен қақпағын ашып, оны да стол үстіне
қойды.– Тəтті кəмпиттер де бар!– деді Алексей, қағаз қораптағы
кəмпиттерді де столға қойып.
Тағы бірдемелерді столға қойғаннан кейін, Алексей бəкісінің
желкесіндегі бұрғымен қызыл арақтың тығынын ашты да, екі рюмкаға
толтырып құйып, Ботагөздің қасына кеп отырды.
– Таныстығымыз үшін ішейік,– деді ол, рюмканы көтеріп.
– Рахмет, мен ішпейтін едім!– деді Ботагөз.
– Ішіңіз! Дəмін көріңізші. Аумаған қымыз!–деп жалынды Алексей.
Алексей қанша өтінгенмен Ботагөз не тамаққа, не араққа ернін


тигізбегесін:
– Мұныңыз қалай?– деп жымиған кескінмен Алексей Ботагөзді аш
белінен құшақтап өзіне қарай тартты,– мен сізді сүйемін,– деді Алексей,–
мен сізге ғашықпын. Менің жүрегім сіздікі!
Алексей Ботагөзге бетін тақағалы басын жақындатып еді, Ботагөз атып
түрегеліп, құшағынан шығып кетті...
– Шыдауға мүмкін емес!– деді Алексей құшағын жазып ұмтылып,– мені
сіздің махаббат отыңыз шалды. Мен əлек болам. Сақтаңыз мені!
– Қолыңызды тартуыңызды өтінем!– деді Ботагөз, Алексейдің қолын
қағып,– сіздің махаббатыңызға мен күмəн келтірмеймін. Бірақ тез жанған
махаббат тез сөнеді. Мен ауылша киінгенмен ауылдық надан қызы емеспін.
Мен Пушкин мен Толстойдың қызымын. Бұл сөз сізге ұғымды болуға тиіс.
– Ұқтым!–деді Алексей созған қолын түсіріп.
Алексей Ботагөзді шынында жаңа ұқты. Оның бұл минутқа шейінгі
ойы: «қазақ қызы қақпанға тез түседі. Егер түспесе, зорлап түсірем. Онда
маған не қылады?» деген еді. Енді ол Ботагөздің ой өрісін мөлшерледі.
Зорлыққа да, алдауға да тез түспейтінін шамалады.
«Бəрібір, қазір қиратып жатқан іс жоқ,– деп ойлады Алексей,– қол бос.
Іш пысады. Іш пысқан уақытта ермек болсын, бұл қыздың еркіне
жіберейін!»
– Сіз мені ғафу етіңіз!–деді Алексей орындыққа отырып,– сізге мен
кейбір асығыстық мінездер көрсеттім. Оған мен айыпты емеспін, менің
еркімнен шыққан жүрек айыпты. Бірақ сіз менің бұл қылықтарымды сізге
ақылсыздық көзбен қарағандық деп ойламаңыз. Мен сізді бағалаймын.
– Мен сізге айттым,– деді Ботагөз,– «сенемін» деп. Бірақ мен тұрмысқа
өте жауапты қарайтын адаммын. Алдағы күннің ісін көп ойлану керек.
Көңіліңізді қайтарып, қолыңызды қаққандық үшін сіз де мені ғафу етіңіз.
Менің бұл жолы сізге келуім: біріншіден танысу болса, екіншіден бастағы
ауыр халімді айту еді.
– Айтыңыз!


Ботагөз бар оқиғаны, өзінің Қызылжарға келген себебін түп-түгел
жасырмай айтты. Оның жасырғаны Асқар ғана. Асқар туралы ол «лəм» деп
аузын ашқан жоқ. Асқарды білетін белгі көрсеткен жоқ.
– Сізде адамшылық жүрек барына мен күмəн келтірмеймін,– деді
Ботагөз сөзінің ақырында,– көңіліңізге ауыр алмаңыз, егер мына тұтқында
жатқандардың халін жеңілдетсеңіз, сіз далада қанданған қолыңызды жуған
болар едіңіз.
– Сіздің бір тілегіңізді орындай алсам, мен өзімді бақытты деп
санаймын,– деді Алексей, орындай алмайтындығын біле тұра, Ботагөзге
кең тұсау салғысы келіп,– кірісіп көрейін.
– Рас айтасыз ба?–деді Ботагөз, қуанып кетіп.
– Рас!– деді Алексей.
– Уəдеңізді күтем!–деді Ботагөз қолын ұсынып.
– Сіздің уəдеңізді мен де күтем!–деді Алексей, қолын қысып.
– Маған енді рұқсат етіңіз!–деді Ботагөз,– асығыс едім.
– Мен енді отыр деп сізді қыстамаймын, рұқсат. Бірақ менің көңілім
үшін тым болмаса мына тамақтардан дəм татыңыз!–деп өтінді Алексей.
Алексейдің көңілін қалдырғысы келмеген Ботагөз, «ауыз тиейін» деп
бір кəмпит алып жеді.
– Жоқ, оған мен разы емеспін,– деді Алексей, Ботагөзді білегінен
ұстап,– сіз мына арақты ішіңіз! Біреуін ғана. Бұл арақ емес, қымыз.
Көтерген арақты үстіне төгетін болғасын, Ботагөз тəуекел деп жұтып
салды. Бұдан бұрын ол арақ затты нəрсенің ешбіреуін татқан емес еді. Арақ
дегеннен оның түсінігі: кеңірдекті күйдіретін ащы зат еді. Мынау арақ олай
емес екен.
Расында қымызға жақын қышқылтым, бірақ қымыздан тəтті.
«Бекер іштім-ау!» деп өкінді Ботагөз, жұтқаннан кейін. Олай деп


өкінген себебі, басына екі ой келді: біреуі – «мына кəпір араққа бірдеме
қосып беріп отыр ма!»–деп қорықты Ботагөз. Екіншісі – «арақ адамды тез
бұзады, бір дəмін алса, артынан одан қашып құтыла алмайды, ішкісі келеді
де тұрады»,– деп еститін еді.
Осы екі ой келгеннен кейін ол, «бұдан былай басымды кессе де
ішпеспін!» деп өзіне өзі ішінен ант берді.
Ал, Алексейге келген ой: «Араққа аузы тиген əйелдің сыры өзіме мəлім.
Сен қыздың жайыңды енді білдім!» Алексеймен танысқаннан кейін,
жазалылардың құтылуы туралы Ботагөздің сөнген үміті қайта тұтанған еді.
«Мен сенің құлыңмын,– деген еді Алексей бірер көріскеннен кейін,–
өлімге жұмсасаң да барамын, бар тілегіңді орындаймын. Менің сенен
жалғыз ғана тілегім бар, ол – «сүйем деген сөзің».
Распутин төңірегінде көп болған Алексей əйелдің талайымен кездескен:
княгиня, дворянка, жабайы мещанка, крестьянка деген сықылды əр түрлі
əлеуметтік ортаның əйелдерін түгел көрген. Оқығанды да, сауатсызды да
жолықтырған. Талай түрлі ұлттың əйелдерімен де танысқан. Сондықтан
Алексейге əйелдің шыққан тегі, ұлты, білімі қандай болса да бəрібір. Оның
жалғыз-ақ қасиеттейтіні – сұлулық.
Сұлулық жағынан Ботагөз Алексейге өте ұнады. Өмірлік серік болу
туралы ойламағанмен, Ботагөзбен аз күн рахат өмір сүруге Алексей шын
ниетімен құмартты. Бастапқы танысқан кезде бұл тілегіне жетуіне ол шек
келтірген жоқ.
«Бұл маған басына қысымшылық іс түскен кезде танысты,– деп ойлады
ол,– сондықтан негізінде берік қыз болғанның өзінде де, осы жағдайда
дегеніме амалсыз көнеді. Өйткені, жазалылардың халі жеңілденуінің бір
тетігі менде деп түсінеді. Үкіметке қарсы шыққан мұндай іске менің
жақтап кірісе алмайтынымды білмейді. Олай болса, құдай ғайыптан қолға
түсірген бұл менің азығым!..»
Ботагөз Алексейдің ойынан шықпады. Алексейдің алдаған, арбаған
сөздеріне берілмеді. Ұзын арқан, кең тұсаумен:
– Асықпаңыз, күн жетеді, тұрмысқа шығу оңай мəселе емес, сыр
алысайық, бір-бірімізді жақсылап білейік, ұғысайық,– деп сырғыта берді.


– Мен сенімен мəңгілік өмір жасауға тиістімін. Аз күндік бояма
махаббаттың адамы мен емеспін, сенен басқа адам маған жар болуға тиісті
емес, менің жүрегім сені сүю үшін ғана жаралған,– деп жалбарынды
Алексей.
– Ол сөзіңізге күмəн келтірмеймін, сіздік емеспін деп жəне кесіп
айтпаймын, бірақ сабыр етейік, əлі де ойланайық,– деді Ботагөз.
Жалынышты сөздің қақпанына Ботагөздің түспейтінін көрген Алексей,
екінші əдіс қолданып, «енді мұны қорқытып көрсем қайтеді?» деп ойлады.
– Егер сенің жүрегің менің жалынды сөзіме жібімейтін тас болса,– деді
Алексей бір күні,– ондай тас жүректі уатудан басқа шара жоқ.
– Не айтқыңыз келеді, бұл сөзбен?– деп сұрады Ботагөз.
– Мұндай орынсыз қатал мінезбен оң ісіңді теріс бұратыныңды білесің
бе?
– Егер сіздің баяғыдан бері айтқаныңыз жалған боп, ондай іске барамын
десеңіз өзіңіз біліңіз, мен сізді тоқтата алам ба?
Əлі де үмітін үзбеген Алексей, біржола араздасып айрылғысы келмей,
көңіліне қорқыныш салумен ғана қанағаттана тұрғысы келді.
– Мен сіздің ойыңызды аздап ұғам,– деді ол, тағы да сыпайылап, қатаң
сөздегі «сеннен» «сізге» көшіп,– сіздің сүйгеніңізді де білем.
– Кім ол?
– Асқар Досанов! Оның қайда екендігі туралы да бізде аздап мəлімет
бар.
Ботагөздің жүрегі су ете түсті. Ол: «Асқарды біліп қойған екен ғой» деп
қорықты.
Итбай тұқымдары Алексейге: «əлгі Амантайға басшы болатын учитель
Асқармен осы қыз бірге жоғалған еді, бұл қыз оның қайда екенін біледі,
қысып сұраса табады» деген еді. Бірақ Ботагөзді əзірге ренжіткісі келмеген
Алексей, ол туралы ешнəрсе айтқан жоқ болатын.


Асқар туралы сөз қозғалғаннан кейін Ботагөз Алексейге баруын
доғарды:
Осыдан кейін Ботагөз Алексеймен танысқанына қатты өкінді.
Шалқайған Ботагөзге Алексей де еңкеймеді. «Арбауға көнбейтін сен
сияқты қасқырдың қаншығына енді күш қолданбай болмас» деп ойлаған
ол, Сарыбас пен Елікбайға ақылдасып, «қашқын қыз, Асқар Досановты осы
біледі, табады» деп Ботагөздің үстінен зерттеу орнына арыз берді. Осы
арыздың артынан Ботагөзді жаппақ боп, зерттеу орны іздеді.
Жампейіс арқылы іздеуден күн бұрын хабар алған Ботагөз жасырынды.
Оның орнына серіктері ұсталып, зерттеуші «Ботагөзді тап» деп қысса да,
«еліне кеткен, содан кейін көргеміз жоқ» деп, олар айтпады.
Қуғынға ұшыраған Ботагөз жазалыларға сот құрылғанда да көзге көріне
алған жоқ.
Кешікпей сот үкімі естілді: «Темірбек пен Бүркітбайды дарға асу,
өзгелерін 25 жылдан каторгіге жіберу».
5
Түрмедегілерге тамақ əкелушілердің тұратын мекені – түнде
қақпасының алдындағы екі жүз саржандай жерде ат байлайтын діңгектің
түбі болатын. Сол араға Ботагөз ымырт жабыла келсе, жан адам жоқ екен.
Ол күні аспан бұлтсыз ашық еді. Мұндай жұлдызды жалтаң күндері
Қызылжарда аяз болатын. Түрмеге жеткенше Ботагөзге күн суық
сықылданған еді, діңгек түбіне келіп, діңгекке ұзақ сүйеніп қимылсыз
тұрғанмен, аяғы аздап тобарсығаны болмаса, басқа денесі тоңған жоқ.
Далада ұзақ тұрған Ботагөз, түн ортасы болғанын əлдеқайда қала ішінде
шақырған тауықтың əлсіреп келген дауысынан, одан кейін қала мен вокзал
арасындағы Мұратов диірменінің гудогінен білді.
Аспан жалтаң болғанмен түн көрдей қараңғы еді. Түрмені айнала
соққан биік тас қорғанның үстіңгі бұрыштарында əлсіз жанған электр
шамының жарығы Ботагөз тұрған жерге жетпейді. Көзге түртсе көрінбейтін
қараңғы түнде Ботагөздің көзіне шалынатын қорғанның үстіңгі
бұрышындағы үйшік маңайында мылтығын көлденең ұстап ерсілі-қарсылы


қимылдап жүрген күзетші солдат.
Түнде түрмеге баратындығын Ботагөз серіктеріне айтқан жоқ. «Бүгін
түні жазалылар дарға асылады» деген хабарды Жампейіс арқылы естіген
ол, «Темірбектен жаным ардақты емес, азар болса мені де ұстап дарға асар,
оған шыдадым. Жазалыларды дарға түрмеден шығарып асады деген, түрме
алдында тұрып, оларға тым болмаса қоштасып қалайын» деп ойлады.
«Халіңнің ауырлығын өзіңнен кем түсініп отырғам жоқ» деп аяқтаған
Асқар жақында кісі арқылы жазған бір хатында. «Өте ауыр хал. Амал жоқ.
Заман осындай. Заң осындай. Бұл заманмен, бұл заңнан бұдан артық рахым
күтуге болмайды. Заман осы қалпында тұрғанда үкімнің орындалуында дау
жоқ. Өзі кейістікте жүрген сенін, ойыңа бұл сөздер қатты тиетінін білем.
Жасырғанмен бола ма? Тағы да айтам: заман солай, заң солай. Бұл заман
мен бұл заңнан рақымшылық күтуге болмайды. Бірақ бұл заң мұндай қара
күшімен халықты тұншықтыра беруге мүмкін емес. Қара заңның қараңғы
түні серпіліп, халықтың үміт күні жарқырап шығуы тиіс. Тан, алдында
түннің қараңғылығы қоюланатынын өзің білесің. Қазақтардың «таң
қараңғысы» дейтін мезгілі таңның алды жəне түннің ең қараңғы мезгілі.
Түн неғұрлым қараңғылығын қоюлатса, таң солғұрлым тез атады. Жазалы
бейшаралардың ол таңды көрер-көрмесін кім білсін. Бірақ таңның атуы,
күннің шығуы алыс емес. Үміт дүниесі: мүмкін, жазықсыз, рахымсыз
жазаға ілеккен бейшаралардың тілегі қабыл болуы!»
«Осы хаттағы «түн», «таң», «күн» деп жазғаны не?» деп ойлады
Ботагөз. Кеңірек ойлап қараса, «түн» дегені – патша үкіметінің заңы
сықылды, «таң» дегенінен – ол заңды жоятын біреу сықылды. «Бірақ ол
кім?» деп ойлайды Ботагөз. Кім екенін ойлап-ойлап таба алмады.
Түрме алдына келгелі Ботагөздің есінен Асқардың осы хаты шықпады.
«Уа, жалған!–деп арман етті ол.– Асқар атады деген тан, бүгін атса!»
Ататын таңның не таң екенін Ботагөз білмесе де, оны арман етті.
Сүйтіп, не екені белгісіз таңнан бірде үмітті, бірде үмітсіз боп, тоңған
аяғын тебініп, бірақ діңгек түбінен қозғалмай Ботагөз түрмеге көзін
телміртіп тұр еді, сырылдаған шананың тұяғы қарды шықырлатқан аттың
дыбысы естілді.


Ботагөздің жүрегі су ете түсті. Түні бойы тоңбаған денесі кенет,
қалтырап жүре берді.
Түнге көзі үйренгендіктен бе, я болмаса, түршіккен жан көздің отын
күштірек жандырғандық па?– шана сырылдаған жаққа ол үрейлене қарап
еді, аттарын cap желдіре түрмеге тура келе жатқан бірнеше шаналы
күңгірттеніп көзіне ұшырай кетті.
Шаналылардың кім екенін жорамалдаған Ботагөздің «жазалылар
құтылар» деп ойлайтын үміті сөнді. Оған жаналғыш əзірейіл келе
жатқандай сезім пайда боп, тіршілікке тырысатын дене қасқырдан үріккен
қойдай дір-дір етіп, паналар жер іздеді. Үрейден шарасынан шыққан
Ботагөз діңгекті құшақтай, діңгекпен діңгек боп жабыса қалды. Егер де
діңгектің іші қуыс болса кіріп кеткісі келді. Жанталасқан оған діңгек пана
көрінбеді. Мұздай суық діңгек оны «əрі кет!» деп итергендей болды.
Қысылғаннан оның маңдайынан тер бұрқ ете түсті, көзі қарауытып, басы
айналды.
Бір кезде Ботагөз есін жинап, күбірлескен кеңеске құлағын түрсе,
оншақты адам шанадан түсіп, түрмеге қарай беттеп барады екен. Бəрінің де
сырттарында ішік, тон сықылды қалың киім.
Ботагөзге бұрын сезілмеген батырлық пайда болды. Жабысып тұрған
діңгектен құшағын жазған ол, түрмеге аяңдап бара жатқан топқа тұра
жүгірді.
Оның үстінде белін бүрген орысша ұзын тон, басында малақай бар еді.
Сондықтан артынан жүгіріп келген оны, кетіп бара жатқан топ атшы екен
деп ойлап:
– Сен қайда барасың?–деді біреуі жекіп.
Ботагөз үндемей қатарласа берді.
– Қал!–деді əлгі жекіген тағы.
Ботагөз қалмады. Бірақ үндемеді.
– Саған не керек, қал деймін!–деді тағы анау, топ қақпа алдына
келгенде.


Қақпанын, алды электр жарығынан күндізгідей екен. Жағаларын
көтеріп, беттеріне қырау тұрғанмен, топтың ішінен Кулаков, Құзғынбаев,
Ғайнолла хазірет–үшеуін Ботагөз таныды.
– Алексей Андреич!–деді Ботагөз еркін дауыспен.
– Мен сізді танымаймын,– деді Алексей расында танымай ғап, бірақ
əйел дауысын естіген соң «бұл кім?» деп ойлап.
– Мен Ботагөз!..
– Ботагөз!..
– Бұл кім?– десті қасындағылар.
– Мен танитын бір адам,– деді Алексей жасыра алмай.
– Алексей Андреич!– деді Ботагөз жалбарынған дауыспен,– сіздердің
неге келгендеріңізді мен білем. Менің сізден дүниеде жалғыз тілегім
болсын: мен ағаммен бақұлдасайын.
– Менің тілегім ше?..– деді Алексей кекетінді дауыспен.
– Алексей Андреич!.. Ондай сөздің орны бұл емес... Сіз ең алдымен
адамсыз...
– Не могу!.. Айыпты өзіңіз!..
– Ит, шошқа, аң!– деді Ботагөз даланы басына көтерген ышқынған
дауыспен.
Алексейдің құлағына бұл сөздер балқыған ыстық қорғасындай
құйылды.
Келген топ қақпаға кіргенде, Ботагөз де таласты.
– Мынау бір жынды əйел,– деді аналардың біреуі, қарсы алған түрме
күзетшілеріне,– қуып жіберіңіз!..
Бұл сөзді естігеннен кейін екі жандарм қақпадан шығып, Ботагөзді
сүйреп, аттар байланған діңгекке апарды.


– Мен жынды емеспін,– деді Ботагөз сүйрегендерге бəсеңдеген
дауыспен жасқа булығып,– менің есім дұрыс...
– Мұнда неғып жүрсің?
– Түрмеде ағам жатыр, əлгілер оны дарға асуға келді.
– Неге бақырасың?.. Сен бақырады деп олар үкімді орындамай
қоймайды.
– Жіберіңіз мені!– деп жалынды Ботагөз.
– Сөзге түсінбейді. Мынау рас жынды!– деді сүйрегеннің біреуі.
– Ағасын дарға асса жұрттың бəрі жынданар,– деді екіншісі.
Жалбарынғаннан ешнəрсе шықпағансын:
– Босатыңдар!– деді Ботагөз қолын жұлқып.
– Енді бармайсыз ғой?–деді жандармның біреуі.
– Жарайды, бармайын!
– Ендеше біз кетейік. Сіз үйіңізге қайтыңыз... Тұруыңыз пайдасыз...
Енді қақпа алдына барсаңыз жаман болады.
– Тоқта, атамын!– деген қорған бұрышындағы күзетшінің айқайына
қарамай Ботагөз қақпаға тағы келді. Күзетші атам десе де, атпады.
Бірақ бұл жолы Ботагөз дыбысын шығарған жоқ. Қақпаның түбіне
адымдай басып келді де, көз сиятын тесік тауып алып, қақпаға денесін
жапсыра, содан сығалады. Қорғанның іші де жарық екен. Қақпадан жүз
саржандай жерде екі қабат үлкен ақ үй тұр екен. «Кісі қамайтындары осы
шығар?»–деп ойлады ол.
Ақ үйдің сыртқы үлкен есігі қақпаға қарсы екен. «Егер дарға далаға
асатын болса, осы есіктен алып шығатын шығар, тым болмаса көріп
қалайын, жақын жерден алып өтсе, дыбыс берейін» деп ойлады Ботагөз.
Бір мылтықты адам:


– Жүр!– деді Ботагөзге, қақпадан шыға кеп.
– Қайда?
– Ол сенің жұмысың емес!..
Мылтықты адам Ботагөзді қақпа ішіне кіргізгенде, «Алексей тілегімді
орындап, ағама амандастырғалы кіргізді ме?» деп ойлады Ботагөз.
– Жүр менің артымнан!– деді мылтықты Ботагөзге түрме есігіне қарай
аяңдап.
Бұл «жүрдің» не «жүр» екеніне түсінбеген Ботагөз, ананың артынан
аяңдап түрменің есігіне жақындап еді, есік ішкі жағынан ашылып,
сылдырлаған кісен дауысы естілді.
– Былай, былай!– деді бастап келе жатқан мылтықты сасқалақтап,
Ботагөзге жалт қарап, иығынан жұлқылап, оң жаққа қарай сүйрет.
Мылтықтының тырмысқанымен, Ботагөзге əлі келмеді. Осы кезде
есіктен баяғы топ шыға келді. Алдарында маңайын қарулы жандармдар
қоршаған Темірбек пен Бүркітбай. Екеуінде де үн жоқ.
– Темірбек, бауырым!–деді Ботагөз айқайлап,– бақұл бол, мен Ботаң!
– Бас аузын!–деді бір жуан дауыс.
Осыдан кейін зарлы ызыңның Ботагөздің дауысы екенін, я ұлыған
желдің дауысы екенін Темірбек біле алған жоқ. Аузын басқан Ботагөзді үш-
төрт жандарм түрме есігінен көтеріп кіргізіп, бір камераға əкеп қамады.
Камера кең екен. Ішінде жиырмадан аса əйел бар екен. Бəрі үрпиіп ояу
отыр.
– Неге қамады?–деп сұрады олар Ботагөзді қоршап. Жасқа булыққан
Ботагөз, əйелдерге қысқаша мəн-жайын айтты.
Абақты бастығын, сот адамдарын, үкіметті, патшаны əйелдер шулап
қарғады. «Өздеріне осы күн туса, еттерін тірідей кесіп жер ек!» деп кіжінді.


Бұл сөздердің ешқайсысына Ботагөз құлақ қойған жоқ. Оның
құлағынан ызыңдап кетпей қойған дауыс Темірбекке: «Бақұл бол, сəулем!»
дегені.
...Таң атты. Шуылдасқан əйелдердің біразы қалғыды. Біразы Ботагөзден
жауап ала алмаған соң, өзара күбірге кірісті.
Бір кезде азан-қазан шу, сатыр-күтір атылған мылтық дауысы шықты.
Үйдегі əйелдер де, Ботагөз де үрейленіп, өре тұра келісті.
– Бұл не?!–десті бəрі де.
Не боп, не қойғанын жан адам білген жоқ. Шу көбейді, атыс үдеді.
Аздан кейін мылтық дауысы бəсеңдеп, азан-қазан шулаған дауыс түрменің
ішіне кірді. Салдырлаған кілттердің, сындырылған есіктердің дыбысы
естілді. Коридор іші сатыр-күтір жүгіріспен дүңгірлеп кетті.
– Шығыңдар, босандыңдар!–деді күңгірт коридордан біреулер,
əйелдердің есігін ашып.
Сасқан əйелдердің біразы коридорға көйлекшең, жалаң бас, жалаң аяқ
шығып кетті. Не болғанын, есік ашқан кімдер екенін түсінбеген Ботагөз де
дүрмекпен коридорға, одан тысқа шықса, қорғанның қақпағы далиып
ашылып қалған. Ағылып кіріп-шығып жатқан адам. Айнала опыр-топыр
жүгіріс, айқай, у-шу...
Араның ұясындай ызыңдаған шудан Ботагөздің құлағына көбірек
естілген сөздер: «Жойылсын патша, жасасын бостандық таңы!» Ботагөз
бұл сөздерге түсінбеді, түсінгісі келмеді де. Оның есіл-дерті Темірбек.
– Дядя!–деді ол орысшалап, алдынан өте берген біреуге,– сіз дарға
асқан кісілер көрдіңіз бе?
– Көрдім,– деді анау Ботагөздің бетіне қарап,– оны қайтесің?
– Қай жерде? Олардың ішінде менің ағам бар еді.
– Ағам!..– деп таңданған дауыспен жолыққан адам Ботагөзге жақындап
еді, Кузнецов сықылданып кетті.


– Сіз Кузнецов емессіз бе?–деді Ботагөз.
– Ия, мен Кузнецов. Сен кімсің?
– Мен Балтабектің қарындасы – Ботагөзбін,– деді Ботагөз жылап
жіберіп,– менің ағамды бүгін дарға асты.
– Балтабекті ме?
– Жоқ, Темірбекті! Балтабектің інісі.
– Жылама!– деді Кузнецов,– бостандық таңы атты.
– Əй, жолдас!–деді Кузнецов қасынан өте берген біреуге, сен мына
кісіні ағасына апар!
– Қайдағы ағасына!–деді анау.
– Дардан босатып алған... Мен асығыс барам.
Кузнецов аршындай басып ілгері кетті, «ағасына апар» деп тапсырған
адамға еріп, Ботагөз түрменің сыртына айналды.
«Дардан босатып алған» деген Кузнецовтың сөзі, Ботагөздің сөнген
үмітін қайта тұтандырды. «Босатып алған» деген сөзден ол «тірі қалған»
деген мағына ұқты. Сондықтан оның дірілдеген денесі қайраттанып, аяғы
қаздаңдап кетті.
Бастаған адам түрмені сырт айналып, қорғанның күншығыс жақ бір
бұрышына алып барса, тұзақ жіптер салбыратқан өре ағаш тұр екен.
Өренің қасына барса, күртік қардың үстінде бастарын бітеу қаппен
тұмшалаған екі кісі қатар жатыр.
– Ағаңды танисың ба?–деп сұрады ертіп барған.
– Танимын.
Ертіп барған адам қатар жатқандардың шеткі біреуінің басындағы
қабын сыпырып алып еді, ол Бүркітбай екен. Жан жоқ денесі былқ-сылқ
етеді.


– Мынау ма?–деген дауысқа ол төмен қараса – Темірбек!
«Бауырым!» деп ол құшақтай жығылды. Бірақ есінен танбады, көзінен
жас шықпады. Бетіне бетін тақағанда Темірбек оған ұйықтап жатқан
адамдай əсер берді.
Темірбекті Ботагөз маңдайдан, беттен шопылдатып сүйді де, мауқы
басылғандай түрегелді.
Ботагөз түрегелгенде, көптен оның қабағын көтертпейтін қайғының
зілді қара тасы домалап жерге түскендей, қалпына келгендей болды.
Сондай сезіммен Темірбекке телмірген көзін жоғары қаратса, абақты
қорғанының еліктей мелшиген қимылсыз кеудесін баса, ашық аспанға
өрлей, сəуле қанатын кең жая алтын күн көтеріліп келеді екен.
Ол Темірбекке қарап еді, күннің алтын сəулесі себілген беті сау, еркін
көзіндей нұрланып кетті.
«Қалқам, Ботам!– дегендей болды Темірбектің нұрлы кескіні,– бұл күн,
тірі сен түгіл, өлі маған да ортақ. Мен сыбағамды саған берем. Мен үшін
екі есе, апаң үшін үш есе, Айбала үшін төрт есе бақытты бол!»
– Кеттік!–деген дауысқа Ботагөз жалт қараса, Кузнецов екен.
– Қайда!
– Бақытқа!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет