ЕКІНШІ БӨЛІМ
ТАҢ АТАРДА
БІРІНШІ ТАРАУ
БҮЛІНШІЛІК
1
Күнге шағылысқан күміс күмбездей төрт ақ үй, Асқардың көзіне
алыстан шалынды.
Уақыт майдың басы еді. Көкшетау жерінің құйқалы қыртысына өскен
неше түсті гүлдер, неше түрлі шөптер – қарағанда көз тоқтатпай масатыдай
құлпырады. Құлпырған масаты дала денем шаңданбасын дегендей, айнала
толқыған сағымнан ақырын ғана сілкінеді. Түнде тауға қонақтап, күндіз
даланы кезіп келейін дегендей, жан-жаққа тараған көктемнің құнарлы
бұлты аспанды жиектеп барып əлдеқайда тарамданып жауады. Жауған
жаңбырдың көсіле аққан тамшылары жердегі құлпырған масатының
тоқылып жетпеген ұшы сияқтанып, аспанда шұбала асылады. Неше түсті
көбелектер жолаушылардың айналасын орай ұшқанда, Асқардың көзіне
құлпырған даланың гүлдерін əлдекім үзіп, бұларға шашу шашқан
сықылданды. Гүлдер де көбелек, көбелектер де гүл сияқтанды. Айналасын
тамашалаған Асқардың ойына Абайдың көктемді суреттеген өлеңі түсіп,
арбаның үстінде ыңырсып сол өлеңмен əн айтайын деп еді, аспанға
шырқап шығып алып, қанаттарын жыбырлата қағып жырлаған боз
торғайлар көңілін бөліп жіберді.
Асқақтаған таусыз, мұнартқан ормансыз, жұпар исі мұрнын жаратын
шалғынсыз, құрағы жайқалған шалқар көлсіз, жап-жазық, сұп-сұр шел
даладан, табиғаты тамаша көркем өз туған жерін көргенде, Асқар тамықтан
шығып, жұмаққа кіргендей болды.
Асқардың есіне «Қара торғай» əні түсті. Көркем далаға шаттанған
сезім, сананың ұлықсатына қарамай-ақ, ойға келген əнді сыртқа еріксіз
айдап шықты. Əн салып жібергенін Асқардың өзі де аңғармай қап, өз
дауысына өзі селк ете түскен секілденді:
«...Есілдің ар жағында бір терең сай,
Сүйреткен жібек арқан тел торы тай.
Ар жақтан бір қыз алып келе жатсам,
Басып тұр осы əнге қара торғай...»
«Қара торғайдың» қайырмасын Асқар баяулатып жіберіп, басында
қатты шыққан даусын, аяғында өзі де зорға естіді. Асқар онша əнші жігіт
емес еді, əнді ұғымпаз болғанмен жəне негізгі сарынын бұзбағанмен, оның,
даусы пəлендей жатық та, қоңыраулы да болмайтын. Егер қаттырақ
айқайласа, барылдап кететін.
Асқардың қасындағы жігіт, оның əнінің аяғы баяулауын даусының
нашарлығынан ұялғандығы шығар деп ұқты. Ол жігіт «Аққумен аспандағы
əн қосатын» Біржан салдың елінікі еді. Біржаннан алып қалған
«Шалқыманы» шырқағанда, Шалқар көлінің дауылды күнгі бетіндей
толқытатын ақындар бұл жігіттің аулына талай келген. Ол жігіт Біржан
əнін естігенде:
«...Шырқап қалқып, сорғалап тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды,
Бұл дүниенің лəззəті бəрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды!..» –
деп Абай сипаттағандай əдемі əнге үйренгендіктен, анау-мынау əнді
менсінбейтін еді. Бірақ жігітке Асқарды ажуалау ойы келді. Оның
түсінігінше «оқыған жігіт қазақ дəстүріне де, əніне де шорқақ болады».
Асқарға ол атын ылауға жалдағанда, содан бір пайда таба қояйын деген
жоқ. Асқар кетіп бара жатқан жөнде жұмысы болды...
– Құрбым!–деді ол Асқарға күлімсірей қарап,– неге тоқтай қалдың?
Əнің жақсы екен, еркін дала ғой, бəлкім көтеріңкіреп салшы!
Асқар жігітке тұнжырай қарады, үндемеді.
«Əнің жақсы екен дегенімді көңіліне ауыр алып қалды ма» деген ой
«елді жігітке.
Асқар қазақтың кеп əнінің тарихын біледі. Ол білетін қазақ əндерінің
көбі белгілі оқиғаға құрылған. «Қара торғай» да сондай əн. Оның мазмұны:
алыс жерде сұлу қыз барын естіген əнші жігіт неше күн, неше түн жол
шегіп қызды табады. Ол қыз күйеу таңдайды екен. «Өзіме мінезі, қылығы
ұнамаған жігітке бармаймын!» дейді екен. Талай малды жігіттер, талай
кескінді жігіттер келсе де, біреуін де ұнатпай қайтарып жібереді екен. Сол
қызды мына іздеп барған жігіттің əндері қорғасындай балқытады,
сиқыршыдай арбайды. Қыз жігіттің өзінен көрі əніне ғашық болады. Əнмен
арбалған қыз, биік аспаннан арбаумен жерге түсіп жыланға жем болған
торғайдай, жігіттің еркіне көнеді. Бірақ ол кезде ел намысы күшті. Əн
айтып қаңғырып жүрген жігітке рулы ел қыз бермейді. Егер қызды аламын
деген ниетін сезсе: ең жеңілі – сабайды, ең ауыры – жоқ қып жібереді. Бұл
қауіп сүйіскен екі жүрекке бөгет бола алмайды. Екеуі түннің тұйық қараңғы
көрпесінің астымен, бəйгеге жаратқан байдың аттарын мініп қашып
отырады. Олардың ұрланып қашқан мезгілі осындай майдың іші екен
дейді. Жігіт пен қыз Есіл өзеніне таң біліне жетіп, Есілдің жайқалған
кербез қалын, бұйра талының арасына жасырынған екен дейді. Қатерден
аман құтылғанына шаттанған екі жас жасыл талдың арасында, жасыл
шөптің үстінде кеңесіп отырып, күннің шыққанын да сезбей қалған екен
дейді. Шыққан күнді қошеметтеп əнімен қарсы алған бір топ қара торғай,
талдың, етегінде отырған екі жасты сезбей, бұтақтардың басына қонып
сайраған екен дейді. Жасыл жапырақтың арасынан кезін салған бұларға
торғайлар бұтақтың басына жиі шыққан қарақат жемісі сықылды боп
елестеген екен дейді. Сонда сол торғайлардың əніне қызыққан əнші жігіт
үнін торғайларға қосқанда, торғайлардың даусы мен мұның даусы бірдей
шығып, торғайлар дауыстарына адам үні қосылғанын аңдамаған екен дейді.
Қасындағы ғашығы, əнші жігіттің жаңа əніне сүйсініп, тал арасында,
торғайлардың қанаттарының астында отырғаны естен шығып, өзін
шылдаханада отырмын деп түсініп: «Бəу пəле!» деп жігітті көтергенде,
торғайлар үркіп ұшқан екен дейді. «Қара торғай» əні жігіттің сондағы əні
екен дейді...
Торғайлар ұшқаннан кейінгі жігіт пен қыздың не болғаны, қайда
болғаны Асқарға мəлім емес. «Қара торғай» əнінен кейін Асқарды
тұнжыратқан жігіт пен қыздың тағдыры қалай шешілгендігі емес, есіне сол
арада Ботагөз түскендік.
Ботагөзді оның көрмегеніне міне, биыл үш жыл. Осы үш жылда
өзгерген Асқарды, осы күйінде үстіне кіріп барса, Ботагөз тани алмай да
қалар ма еді, қайтер еді.
Оның бұлай өзгеруіне толып жатқан себептер болды.
1913 жылы Шу өзенінің бойындағы, жазы-қысы шөл далада көшіп
күнелтетін қаладан алыс елдерге жер аударылған Асқар, барған мекенінен
үш жыл ұдайымен қозғалмады. Бұл ел газет-журнал дегенді білмейді екен.
Кітап деген де атымен жоқ. Мектеп, школа жағы былай тұрсын, ескіше
оқытатын молданың өзі қадақ-құдақ əрең кездеседі. Елінде жарты процент
ескіше білетін адам болса болар, əйтпесе одан да аз.
Сондықтан, дүниеде болып жатқан саяси халге бұл елдің саңыраулығы
құлаққа ұрған танадай екен.
Өз туған елін надан деп жүретін Асқар, ең наданды бұдан көрді. Оның
туған елінде кедейлер нашар жағдайда тұрғанмен, байлардың көпшілігі
қаланын, байларына еліктеп, үйін де, өз бойын да салтанатты ұстаушы еді.
Мынау елдің кедейі түгіл, байының көпшілігінде адам сияқты тұрмыс жоқ,
киім-кешегінің, төсек-орнының бəрі бағып жүрген малынын, тері-терсек,
жүн-жұрқасынан өз қолдарымен істелген. Мыңдап қой, жүздеп түйе
айдайтын кейбір байлардың үйінде, жамбасы тұшынатын бір төсеніші, еті
тұшынатын бір киімі, аузы тұшынатын бір ыдысы жоқ; байлары ыдыс-
аяғын жуса ырысымыз қашады деп, өте нас ұстайды, дағдыланбаған
адамның құсқысы келеді.
Қазақ халқының мəдениетті орыс халқымен араласып отыруында зор
мəдениеттік маңыз барын Асқар осы елге келгенде көрді. Ана жылы
Петербургте Смирнов пен Булатовтың: «қазақтың Россияға қарауы бақыт,
Россиянин, патшасы, помещик пен капиталисі жаман болғанмен, халқы,
мəдениеті жақсы» деген сөзінің растығына Асқардың көзі енді тіпті айқын
жетті. Бұл елдің ішіне əкеп жіберсе, қандай мəдениетті деген адамның
тағыланып кететініне оның көзі тез-ақ жетті.
Шөл елінде Европаша киінетін адам емге жоқ екен.
«Шырағым,– деді Асқарға ол алғашқы барғанда,– мына киіміңді көзге
көрсетпе, елдің сиқын бұзба, осы елдің бозбаласы не кисе, сен де соны ки!»
Бұл ақылды Асқар тыңдамаса, елге жексұрын болатын болды. Басқа
барар жері жоқ ол, тұрғылықты елдің тезіне түскесін иілмеуге шыдамады.
Ырқына амалсыз көнді. Түп-түгел қазақша: жекей тымақ, саптамалы етік,
кен, қолтық, ұзын жең шекпен киініп, ауылдағы сыпайы жігіттің бірі болды
да шықты.
Тұрғын ел «мынауың да келіспес» деп Асқардың толқынды қара бұйра
шашын да ұстарамен тақыр ғып қырықтырды.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты,
Жығылғанның үстіне жұдырықтап».–
деп Балуан Шолақ айтқандай, «түсің өзгерсе біржола өзгерсін»
дегендей, Петербургте бірінші рет ұстара тигізген Асқардың мұрты, Шуға
келе, жаңбыр артынан көктеген жердей қаптай қалды. Аз күнде ол қиық
қара мұртты жігіт болды. Кешікпей сақал шықты.
Шу елі сақал-мұртқа ұстара тигізбейді екен, түгі мол, өрім-талдай
жігіттердің сақалы кеудесіне түседі. Асқар да соның бірі бола қалды.
Жер аударудың мерзімі неше жыл екенін Асқарға полиция айтқан жоқ
еді. Шу елінде біраз жыл тұрып еліне қайтатынын, я өле-өлгенше осы елде
пенде боп қалатынын Асқар білмеді.
Үш жыл ұдайымен қала бетін көрмеген Асқар Шу елінен: Əулиеатаға,
Ақмолаға, Атбасарға, жəрмеңкеге баратын керуенмен «почтаға саларсың»
деп, сенімді адамдар арқылы Ботагөзге талай хат берді. Шыққан жолынан
үш-төрт айда əрең оралатын керуеншілер «хатыңды айтқан жеріңе
тапсырдық» деп келеді. Олары рас па, жоқ па? Рас болса, салған хаты
Ботагөзге бара ма, жоқ па? Ботагөз өзі алды ма, не ерегіспен басқа біреуге
зорлап берді ме? Бұл сұраулардың бəрі де Асқарға шешусіз жұмбақ.
Осындай халда, мəдени өмірден қол үзіп, жабайы ауыл қазағының бірі
боп, сырты бүтін, іші түтін боп жүргенде, болыс арқылы Асқар Омбыға
шақырылған қағаз алды. «Сіздің басыңызға ерік,– деп жазыпты қағазда,–
1916 жылдың майынан бастап, қазақ ауылдарының малы мен жанына санақ
жүреді, осы жұмысқа сізді де шақырамыз. Назначение алуға Омбыға
келіңіз!»
Қағаз Асқардың қолына марттың басында тиіп, ол Бетпақтың шөлін
жағалап, Қарағанды, Ақмола, Бурабайды бетке ұстай Омбыға сапар шекті.
Жолшыбай ол ылаумен тоқтаусыз келеді. Бірақ оның көңілі асыққанмен,
керілген кең дала асығар емес.
Асқар туған елі Көкшетауға екі айда зорға жетті. Беті тура Итбай
ауылы.
Көрінген Итбай ауылын Асқар сұрамай-ақ таныды: Итбай тұқымының
баяғы күмістей күнге шағылысқан ақ үйлері... Ауылдың ық жағында
қарашалардың, қоңсы-қолаңның, сауыншы-малшылардың баяғы үйген
тезектей қара-құрым үйлері...
«Бəрекелді-ай!–деп ойлады ол, – осы ауылға бекер тура беттедім-ау!
Ренжісіп айрылысқан адамға жанаспай, аулақ жүргенім жақсы еді».
Итбай аулының көрінісі кеудесіне найзадай тірелген Асқар атшыға
«бұрыл!» деп қала жаздап, аузын жаба қойды. «Итбайдың Ботагөзге көңілі
кеткені айқын. Егер Ботагөз соның үйінде отырса қайтем?!» деген қауіп
кірді. Асқардың ойы теңіздей толқыды. Бір жағынан: «Ағалары ер еді,
кеудесінде жаны тұрғанда шырылдатып бере қоймас. Итбай тартып ала да
қоймас!» деген ой келсе, екіншіден: «Итбайдың салатын қақпаны көп те,
мықты да: егер ол сол қақпандарын Ботагөзге айнала құрса, аға-
мағаларымен түгел түсуіне де сөз жоқ. Итбаймен теңдестіргенде,
Ботагөздің ағаларының қайраты немене? Нашарда не қайрат бар?»
Осы ой келген Асқар, «бармасам қайтеді?» деп бір тұрды да, тағы да
«барайын, несі де болса көрейін» деген ойға табанын тіреп, атшыға:
– Айда, атыңды!– деді.
2
Итбайдың ауылында неше үй бар, қай үй қай жерде отыратыны Асқарға
мəлім еді. Ауылға жақындаған кезде, ауылдан созылып шыға берген бір
көшті көріп, «осы ауыл ма, бұл емес пе?» деген ой түсті оған.
Үй санына қараса Итбай ауылы түгел сықылды. «Олар болса,– деп
ойлады Асқар,– мынау көш не?»
Көш тым ұзын екен. Бір шеті мен екінші шетіне көз жетпейді. Көшкен
ауыл дейін десе, əрі көбірек, əрі маңына ерген мал жоқ. «Малсыз ел көше
ме? Бұл не көш!» Асқардың құлағына «Көкшетау уезіне аздап
переселеншілер келіп жатыр» деген сөз тиген еді, солар шығар дейін десе,
кештің бет алысы солтүстікке қарай жəне көштің көзге ұшырайтын артқы
жақ ұшында көбінесе қазақ арба жегілген. Майданға жөнелткен орыс
жігіттері шығар дейін десе, оған жəне ұқсамайды. «Апыр-ау, бұл не көш?»
Асқар ауылға жақындады. Ауылдың артында жарты шақырымға жуық
жерде біреулер бие байлап жатыр екен. Жылқының санына, желінің түріне
қарап, Итбай үйінің желісі екенін Асқар айтпай-ақ білді.
«Биені жақында байлаған-ау, зады?– деп ойлады ол, желіге байлаған
құлындардың
тұрысына
қарап,–
тартынып
тұрғанын
қарашы,
жануарлардың!»
Ол құлынды өте жақсы көруші еді. Сондықтан желіге байланған
құлындардың сауырынан, жалынан сипағысы кеп тұрды да, ол ойын
атшыға айтпады. Оның көзі ауылға жеткенше желіде болды. Бұлар желінің
қасынан өткенде, құлындардың тең жартысы байланған жоқ еді. Итбай
үйінің əдеті: жылқыны жасынан құрыққа үйретіп, құлынды құрықпен ұстау
болатын. Алғашқы байланған кезде құрыққа үйренбеген құлындар
ұстатпай, бие байлау түске шейін созылатын. Əсіресе, ерте туып қара құлақ
болған құлындар, жылқыдан шыға қашып, атқа жеткізбей əуре қылатын.
Итбайдың жəне бір əдеті – жыл сайын мама биелерден басқа бір айғырдың,
үйірі – ылғи қулық биелерді байлататын. Құлын күнінен кейін жүген,
құрық көрмеген қулықтардың көпшілігі үйірінен шыға қашып, құла дүзге
бет алып алғашқы кезде аттың да, адамның да сілесін құртатын. Бірақ
Итбай бұған күні бұрын айла істеп, ыңғайлы жүйрік айғыр мен аттарды
жараттырып, қашағанды қайда қашса да құтқармайтын. Қашағанды
болдыртып барып ұстағаннан кейін, алдағы күнде тез ұстау үшін мойнына
ағаш келдек байлатып, қашаған қашайын десе де, келдек тізесіне
тарсылдап ұрылып еркін шаба алмайтын. Оның үстіне бастапқы қуған күні,
қуғыншы құрықпен ұрып қорғалатып қойғандықтан айқай шығып, құрық
көтерілген кезде, қашағанның запы шеккендері ойқастап шыққан үйіріне
қайта тығылатын. Бие байлаудың осындай қиын шағында қашағанды
қуатын да, жуасытатын да Бүркітбай болатын.
Желінің маңынан өткенде, қаншырдай қатып қалған қарагер бедеуге
жайдақ мініп, мойнында келдегі бар торы ала биенің соңынан құрығын
көлденең ұстап, көйлегінің арқасы желге үрген қарындай томпайып, жалан,
бас далақтап шауып бара жатқан жігіт Бүркітбай екенін Асқар білді.
«Апыр-ау, мынау қашаған қуғыш қарагер бие əлі де бар екен-ау!» деп
ойлады ол.
Желіден өтіп үйдің сыртында жүз саржандай тұрған бұзау байлаған
арбаларға, арбалардың маңында тұрған сиырларды көзі шалғанда, Асқарға
Ботагөз туралы манағы ойы қайта оралды. «Əлде сауыншының біреуі
Ботагөз бе!» деген қауіп кірді оған.
– Айда атыңды!–деді ол атшыға, сиырларға қарағысы келмей.
Ауылға жақындағанда ақырын жүретін, қатты жүргенді есерге
есептейтін ауылдың əдеті бойынша, атшы желіден еткеннен кейін аяңның
аз-ақ алдындағы бүлкілдек желіспен келе жатыр еді.
«Үйдің іргесіне келгенде айда деген несі, есі дұрыс па?»–деп ойлады
атшы.
Не болса да Итбайдың өз үйіне түсуді мақұл көрген Асқар, жобалап
келіп:
– Анау үйдің қасындағы көк арбаға тоқта,– деді атшыға.
Атшы үндеместен нұсқаған арбаға келіп атын тіреп еді, арбаның ық
жағында төрт-бес кісі алқа-қотан кеңесіп отыр екен. «Бұл кім?» дегендей
кеңесіп отырғандар жолаушыларға қарағанда, Асқардың көзіне Итбай
ұшырай кетті.
– Асқар ғой, мынау!– деген Итбайдың күбірі естіліп қалды, Асқардың
құлағына.
Петербургте Асқардың қайда кеткенін білетін Итбайдың, оның,
амандық-жамандығынан хабары жоқ еді. «Апырау, бұл қайдан кеп қалды!»
деп ойлады ол.
Арбадан түсе берген Асқар «Итбай қайтер екен?» деп ойлап еді,
«мүмкін, елемес» деген ойынан шықпай, Итбай жер тіреп орнынан тұрды
да, Асқарға қарсы жүрді. Итбайдың түр-тұлғасын Асқар көзімен тез шолып
еді: баяғыдан кеп шарланған екен. Кəдімгі балпиған үлкен денелі, саба
құрсақты, ұзын сақалды, байсалды кісі бопты.
– Салаумаликем!– деді Асқар қарсы жүріп.
– Есенбісің, шырағым!– деді Итбай «Əликемсаламның» орнына, қолын
созы.
Итбайдың уысы зор, қолы да семірген екен.
Итбай Асқарға сағынған кісідей ұзақ амандасты. «Дені-қарың сау ма?»,
«Аяқ-қолың аман ба?», «Аман-есен жүрсің бе?», «Жақсы-жайлы жүрдің
бе?», «Ауру-сырқаудан қағассың ба?» деген сықылды амандықтан түк
тастаған жоқ.
Итбайдың қасындағыларды Асқар танымады. Бірақ киімдеріне,
түрлеріне, кеуделеріне таққан знактарына қарағанда бəрі де ауылнайлар
екен.
«Бұлар неге жиналып жүр?»–деген ой келді Асқарға. Амандықтан кейін
Итбайдың бет құбылысынан «үйге жүрейік» деген сөз ұғылып еді,
«сөздерін бөлдім білем» дегендей:
– Отырыңыздар!–деді Асқар.
– Отырсақ отырайық,– деді Итбай, манағы отырған жеріне барып
еңкейіп,– үй іші жиналсын, төсек төселсін. Үйді бұл араға жаңа ғана
қондырып ек.
Ауылдың жаңа ғана қонғанын Асқар жайқалған шалғыннан да байқады.
Жері қанша шөптесін болғанмен, Итбай аулының көп малы бірер күнде-ақ
тапап тастайтын. Мына ауыл қонған жердің шалғынын көштің көлігі мен
арбалардың доңғалағынан басқа ешнəрсе баспағандығы көрініп тұр. Қалың
шалғын отырған адамның иығынан асады; ауа райы сол күні желкемдеу еді,
кең даланың қалың салалы шалғыны желкемнен теңіздей толқиды. Түсі
мың құлпырған толқынды жасыл шалғынның ішіне сүңги отыра кеткен
Асқар: «Шіркін, Көкшетау!–деді ішінен, көкірек кере даланың жұпарлы
ауасын жұтып,– шіркін, дүниеде сендей де жер бар ма екен!»
– Мынау ауылнайлар, жаңа біраз үйлер жөнелтті,– деді Итбай Асқарға
жол-жөнін сұрап болғаннан кейін.
– Не үйлер?
– Киіз үйлер.
– Қайда?
– Соғысқа. Қазына жұмысы қатты боп тұр ғой осы кезде. Мынау соғыс
жұртты күйзелтуге айналды. Өткен жылы солдатқа деп қырық бес үй
жіберіп ем, биыл екі рет тоқсан үй жібердім. Жаңағы ауылдан шыққан
жүкті көрген шығарсың?
– Ие, көріп ем. Бұл не деп ойлап ем?
– Не деп ойласаң, ол сол үйлер. Шығын да басып барады халықты.
Биыл өз болысымдағы елден үш жүз ат беріп отырмын. Ақшасы өз алдына.
«Қазақ» газетінің бетінде «соғысқа жəрдем» деген бөлімде Итбайдың
жəрдемді көп жинап, губернатордан алғыс алғанын Асқар жолда Ақмола
қаласында біреуден оқы еді. Мына сөздеріне қарап: «Халыққа мұның да
жаны ашиды екен-ау!» деп ойлады Асқар.
1916 жылы 22 январьда шыққан «Қазақ» газетінің 165 санынан Асқар
«Қазақтан солдат алуы мүмкін» деген хабарды оқыған еді, сол хабарды
Итбайға естірткелі бір ойлап тұрды да, анық хабар болмағандықтан
шошытармын деп айтпады.
– Ерғазымысық, əй!–деді Итбай үйінен шыға берген бір жас жігітке.
– Ие.
– Үй жиналды ма?
– Жиналды.
– Күнсіп далада отырмайық, үйге жүр, Асқар,– деді Итбай тұра беріп.
– Барсақ барайық,– деді Асқар да тұрып.
Ойынан Ботагөз кетпеген Асқар, «қай жағымнан кездесіп қалады?»
дегендей жан-жағына жалтақтап, Итбаймен бірге үйге қарай аяңдады.
Ауылнайлар отырып қалды.
Асқар кірсе, жұрт жаңа болғанмен, Итбай үйіне оттай жайнаған қалы
кілемдерді төсетіп тастаған екен.
– Отыр, шырағым!– деді Итбай, Асқарға төрге төсеулі шыт көрпесінің
үстінен орын көрсетіп,– шаршасаң қисай,– деп жастық тастады.
– Рахмет, ағай.
– Астапыралла!– деді Итбай (солай дейтін оның кейде əдеті болушы
еді), тізесін бүкпей тұрып,– əлгі ауылнайдың қазір кететіні бар еді. Бір
керекті жұмысымды ұмытқанымды қарашы, айтып қалайын: ұлықсат ет,
шырағым. Қазір келем.
– Барыңыз.
Сыртта топталып отырған ауылнайларға Итбай орындайтын істері
туралы əмір беріп аттандырды да, Қожантай деген біреуін «кішкене сабыр
ет!» деп алып қалды.
– Бері кел!– деді оған Итбай, үйден ұзағырақ жерге қарай жүріп,–
кеңесейік.
Қожантай Итбайдың не айтарын сезді де, соңына ерді.
– Отыр!–деді Итбай былай шығып бір бетегелі жерге. Қожантай
отырды.
– Кəне, айтшы, əлгі қыздың кеңесін не қылдың?
– Көнбейді, құдай соққыр.
– Ағасы қамауда əлі жатыр ма?
– Балтабекті айтасың ғой? Жатыр, Бурабайда!
– Ұрлаған майы қанша еді?
– Екі пұттай бар білем.
– Сен қызға ана бір сөзді айттың ба?
– Мен айтпаған сөз қалды дейсің бе? Бірақ құлағына қол апартпай
шапшып тұрған бір қыз. Айтатын сөзі:
– «Оған барғанша, өзімді өзім жарып өлтірем!» дейді.
– Ə-ə, солай дей ме? Қарай гөр пəлекеттің мықтысын!
– Рас, қажырлы қыз екен езі.
– Піш!.. сен де тапқан екенсің «қажырлы» кісіні. «Қатын қайраттанса
қазан қайнатады» дегенді білесін, бе? Төмен етекті əйел емес пе, қажырлы
боп қайда барады.
– Мен қажыдым.
– Əй, Қожантай!–деді Итбай, сыбырлаңқырап сөйлеп,– егер қыз үйтетін
болса, осыны қараңғы ұрлықпен алып қашсам қайтеді?
– Қайдан білейін?
– Мен бұл қызбен саудаласа-саудаласа шаршадым. Менің бұл қызды
алам дегенімді жұрт естіді. Енді мұны алмау – маған өлім. Жақсылықпен
көнбеді. Енді қол іс қылудан басқа жол қалған жоқ.
– Өзің білесің,– деді ауылнай жер шұқып.
– Неге жер шұқисың? (Қожантай үндемеді). Əлде жаның аши ма?
– Жаным ашып... маған не қарындас, не жиен, не жиеншар емес,
айдаладағы біреуді қайтем. Заңға сыйса дегенім ғой...
– Əй, заңыңды қоя тұршы! К,олда емес пе, ол заң.
Кеше Кошкин келіп еді, шет жағалап айтып ем, «ал да кел, артқы
жауабын маған бер!» дейді. Заң іздейтін ол к,ыздың кімі бар? Мен енді
барымтаға кірісем. Қыздың талайы осылай бұлқынатын. Алып қашқасын
көнетін. Аты əйел емес не. Сен енді сауданы қойып, осыны қалай алып
қашудың жолын айт. Бір барақта қыздың үйінен басқа неше жан бар?
– Кім білсін қанша жан екенін. Əйтеуір көп. Ұзындығы жүз кездей
барақ. Қаз-қатар төсеген тақтай. Жұрт өте тығыз жатады. Аралары
бөлінбеген.
– Онда алып шығуы қиындау екен. Алым берсе шығарып беретін
қасында өжет жігіттер бар ма?
– Сөйлесіп көрейін оны. Бір жаман жері – жеңгесі жөтел ауру, сырқаты
нашар деп естідім. Білте шамы сенбейді білем. Жəне қыз өзі жеңгесіне
сусын беріп түні бойы дамыл көрмейді дейді, ояу отырады дейді.
– Күндіз қайда болады қыз?
– Бойнада сойған малдардың ішегін аршиды.
– Ə, онда, күндіз де қиын екен. Алдастырып алып кетуге болмас па
екен, жолдан қағып əкететін?
– Қайдан білейін?
– Сен енді бір айласын тап. Осы сынымнан өтсең, мен де ұмытпаспын
жақсылығыңды. Сайлау да жақындап келе жатыр ғой, өзіме кандидат қып
алуға да бармын, айтқанымды орындасаң.
«Кəнделеттік» Қожантайдың арманы еді. Көптен кез алдына елестеп
жүретін құс қолына кеп қонуға ыңғайланған сықылды болғасын, оның ойы
қызды барақтан ұрлап алып шығу амалын тез қарастыра бастады.
– Бұған бір-ақ жол бар,– деді Қажантай,– таң қараңғысында барлық
еркек бойнаға кетеді. Барақ бойнадан алыс. Қыз кешірек барады. Таң ата.
Сол кезде мықты жігіттер сайланып барып, үйден алып шығып, мықты
атпен тартып отырса кім қуып жетеді дейсің.
– Мынауың тапқан ақыл екен.
– Ендеше, бүгін-ертең жігіттеріңді жібер. Мен өзім барақ маңайында
болайын. Əркімдерге сөйлесейін де, егер шығарып беруші болса – нұр
үстіне нұр, шығарып беруші табылмаса – өзім реттеймін. Іңірде жігіттер
заводқа жақын ауылға келсін де, біреуі маған хабар берсін. Ұзақ түн
аңдысақ, алмай қоймаспыз.
– Жарайсың, Қожеке,– деп Итбай сүйсінгендей қарқылдап күлді.
Қолыма бір тигізсең, аржағын өзіме бер. Бір-ақ күнде жуасытып аламын.
Осы құрғырға жабыспай-ақ қойсам да болатын еді, бірақ жұрт естіп қапты.
Анау күні біреулер: «құсың құтты болсын!» деп қайырлы болсын айтып
жатыр. Алып қойды деп ойлапты. Шіркін, өлерін білмейтін қыз екен.
Есіктегі басы төрге жеткенге қуанып, өзі-ақ .келетін қыз. Амалың бар ма,
ақылы жоқ болғасын.
– Апыр-ай десейші, алтынға қолын малып отыратын реті бар ғой осы
үйде.
– Енді ме, егер осы босағаға дəм жазып келе қалса, саптыаяқтан сары су
ішкізермін ол мұндарға.
– Сол қыз закөншік дейді. Орысша недəуір оқып тастаған қыз болса
керек...
– Ə, қойшы, сондай сөзді!– деді Итбай кейіп,– законник!.. Неткен
закөншік?.. Закон осы күні мынада! (Итбай қалтасын қақты).
– Жаңағы бір немеңді тез аттандыр,– деді Қожантай Итбайға,–ол не
қылған неме өзі?
– Сен танымайсың ба? Баяғы біздің үйдегі учитель.
– Ə, со ма?–деді Қожантай «өзін едірейтіп.– Осы неме осы қызды алам
деп айтады деп естіп ем.
– Десе деген шығар . Бірақ бұған сыр бермей тез жөнелтіп жіберем.
Мана жылы қабақпен амандасып отырғаным да сол, əйтпесе өзін
ұнатпайтын ем. Ешнəрсе сезбеген адам сықылданып аттандырып
жіберейін.
– Біреуден сұрамас па екен?
– Кімнен сұрайды? Сұрайтын кісінің реті жоқ.
– Онда дұрыс. Бірақ сақ болғайсың. Кім біледі, қыз үйінде екенін білсе,
ауытқып кетуі мүмкін. Мұны көрсе қыз ширап кетеді.
– Жарайды.
3
Итбайдың жақсы күтуіне, Асқар қайран қалды. Бұрынғы кекірлік
мінезінің біреуі де жоқ: «жатып жастық, иіліп төсек болып тұрған» бір
адам. Екі сөзінің біреуі «сіз», «біз». Баяғыдан бері Асқардың қайда жүріп,
қайда тұрғанын сұрамай қалған жоқ. Ара-тұра: «үйреніп қалған екеміз,
көпке шейін өгейсіп жүрдік. Петербурда сен ұсталғанда ішім ауырды,
қолдан келер шара болмады» дегенді де айтып қойды. Бірақ Ботагөзге
жанасатын сөздің маңайынан алыстап үркіп жолаған жоқ. Бар сөзінде ол,
Асқардың есіне Ботагөзді түсірмеуге тырысты.
Астан ең алдымен қымыз келді.
– Əй!– деді Итбай бие байлап кеп, Асқарға амандасқан Бүркітбайға,–
қымыз құйдыршы! Жақында ыстан шыққан кең сабаға құйылып, қымыз
жарықтықтың өзі балдай тəтті боп тұр еді. Майдың қымызы қандай,
жарықтық! Тəтті асты дос-жарын, кеп отырғанда ішкеннен бұ дүниеде
қызық бар дейсің бе?
Бүркітбай даладан біреуді шақырып алып, күміс піспекті, иіндеп тұрған
үлкен қара сабаны, үйді басына көтере күпілдетіп пісті де, күмістеген үлкен
сары ағаш тегенеге көбігін бұрқыратып құйды. Жаңа ыдысқа құйған қою,
жас қымыздың исі сегіз қанат ақ үйдің ішін лық толтырғандай болды.
Көптен мұндай қымыз ішпеген Асқардың аузына сілемейі жиылып,
мұрнына кірген тəтті иіс – барлық тамырын қытықтап, қашан аяқты қолына
ұстатып, сіміре бір жұтқанша тағатын қалдырмады.
Беті көпіршіген, еріткен алтындай қою сары қымызды толтырған
кəрден кесе қолына тигенде, тілін тұшытқан қымызды Асқар жұтып-жұтып
жіберіп еді, сағынғандықтан ба, сусағандықтан ба –маңдайынан тер шып-
шып шыға келді.
– Кəне, отырма, Бүркітбай,– деді Итбай, Асқар қымызға біраз
сусындағаннан кейін,– мал алдыр! Қысқы сыбағасы да бар шығар. Бірақ бір
малдың етін жемей реті келмес.
– Бар дəм болады ғой.
– Атай көрме! Біздікіне келгесін малдың басын жемей, о не дегенің? Бір
мал деппін-ау, өзің мұнда біраз күн жататын тығарсың?
– Жоқ, жүрем.
– Е, оның қалай? Дəмдес үйің. Аунап-қунап жат.
– Асығыс ем, рахмет!
– «Неге келдің?» деген кісідей жолыңды сұрап мазаңды алмайын дедім.
Жол болсын!
– Əлей болсын.
Асқар жол мəнісін толық айтты.
– Ə, жарайды. Бізге де санақ жүреді деген бұйрық келіп еді. Ретің келсе,
осы елге шықсаң жақсы болар еді. Бұл сөзді аузы айтқанмен, «осы кəпір
рас келіп қала ма?» дегендей, Итбайдың іші қорқа бастады.
– Мен келер ем,– деді Асқар,– бірақ облыста басқа жаққа бекітіп
қоймаса.
– Бəрекелді-ай, асығыс екенсің!– деп ренжіген болды Итбай,– сонда да
жатып кет бірер күн, тым болмаса.
– Рахмет, бүгін жүрем.
– Апыр-ай, онда асты тездет, Бүркітбай. Марқа пісіп жетпеген кезі еді
ғой. Жем жеп шыққан көпей қозының біреуін алдыра ғой.
Бүркітбай кеткеннен кейін Асқар мен Итбайдың кеңесінің көбі соғыс
туралы болды.
– «Қазақ» бар ма, ағай?– деді Асқар соғыс кеңесіне кіріскесін.
– Бар. Сандықта. Тігіп жүрмін. Алдырайық.
Итбай əйелі Жамалды шақырып алды да, Асқар амандасқаннан кейін
сандықты аштырып, тігілген газеттерді алды, Жамал шығып кетті.
Асқар «Қазақ» газетін ақтарып қараса, түгел екен. Бір жағынан
қымызды жұта отыра, Итбайға қарамастан, 1914 жылдан бергі номерлерін
Асқар тез-тез жүгіртіп қарап шықты.
«Алтын қорынан бір миллиард жеті жүз миллион сом Обращениеден
алынып, оның орнына екі есе қағаз ақша шығарылсын».
«Темекі мен арақты қымбаттатып, 175 миллион сом жиналсын».
«Сегіз айда Россиядан соғысқа төрт миллиард шығын ұсталды».
«Бір айда Англия соғысқа төрт миллиард шығын ұстаған.
«Екі жылда Франция қырық миллиард шығын ұстаған...» Осы сықылды
соғыс шығындарына жəне өлген адамдардың санып оқығанда, Асқар
таңдайын қағып, басын шайқады.
– Торғай облысының өзі,– деді Асқар Итбайға газеттің бір жерін
бармағымен нұсқап,– 191341 сом жəрдем беріпті ғой, биыл соғысқа.
– Көп емес екен,– деді Итбай,– Анау күні Көкшетауда, Кривоносовта
болыстардың жиылысы болып еді. Біздің бір үйез 146 мың сом ақшадай
беріпті. 5000-дай киіз үй, 12 мыңдай ат жіберіпті.
– Рас, қиынға соқты бұл соғыс.
– Арты қайыр болса ешнəрсе етпес.
– Арты да онша қайырлы болмайтын сықылды көрінеді ғой.
– Астапралда! Неге?
– Қазақтан солдат алу мəселесі көтеріліп жатқанын оқыдыңыз ба?
– Оқыдым. Бірақ жел сөз ғой деймін.
– Жел сөз көрінбейді. Міне, 171 санында үкімет пен Думаның арасында
отар ұлттардан солдат алу туралы талас болғанын жазады. 172 санында
солдат алынатындығы айқындалған сықылды. Міне, көрдіңіз бе, «қазақтар
солдатқа салт баратын болсын» деген ұсыныс тұрғанын? Газеттің өзі,
мынау 179 санында, қазақтың қазақ правосымен солдатқа баруын жақтап
отырғанын көрдіңіз бе?
– Қай айдағы номері?
– 30 апрель, 1916 жыл. Мынау 174 санында санақтан мал, жан
жасырмаңдар деп жазыпты. Мына бір сөздерге қарағанда солдат беруге
«Қазақ» газетін басқарушылар мойындаған-ау деймін.
– Кім білсін?–дей салды Итбай.
– Не болатынын кім білсін? Бірақ соғыс ауыртпалығын онсыз да еріксіз
көтеріп отырған қазақ бұған көнсе дұрыс, көнбесе үлкен бүліншілік болады
ғой деймін...
– Тəйірі-ай, құрғақ қолмен көнбегенде не қылады?
Асқар жауап бермей ауыр күрсінді.
– Уа, құрысын сол соғысың!– деді Итбай, Асқардың тұнжырай
қалғанын сезіп,– қазаққа алабөтен келген ауыртпалық емес. «Көппен
көрген ұлы той» деген. Қайтер дейсің. Тəңірінің жазғаны болар. Таста
газетті! Іш қымызды! Əкел кесеңді, құйып берейін!
– Болып қаппын. Далада жүріп келсем деймін азырақ.
– Оқасы жоқ. Əлгі Бүркітбай қайда? Əй, Бүркітбай!
– Əу!– деген дауыс келді сырттан.
– Болдың ба?
– Болдым.
– Мұнда кел, ендеше!
Бүркітбай келгенше, «өзім де шығам ғой» деп Асқар түрегеп тысқа
шығып кетті.
– Неге шақырдың?– деді Бүркітбай үйге кіріп.
– Əлгі Асқармен жүріп кел дейін деп ем.
– Сіз Асқармен тым құда түсіп кеттіңіз-ау, мырза?
– Жағың қарыссын!..
– Ұзап кетті. Естімейді.
– Ал, сен бар, олай болса. Бірақ аузыңа сақ бол. Тұяқтың қызын сұраса,
жөніңді айтпай теріс сөйле. Аржағын өзің біле жатарсың.
– Өзі қашан кетеді екен?
– Бүгін жүрем дейді. Кетсе екен.
Итбай Қожантаймен байласқан уəдесін Бүркітбайға түгел айтты.
– Дұрыс,– деді Бүркітбай,– ниетің оған ауса, жалғыз өзім барып ұрлап
əкелуге қолымнан патпеске берейін. Өзі де қыз? Толығып болған.
Бурабайдың семіз шортаны сықылды, жүргенде ырғаң-ырғаң етеді...
– Бар болғыр, бар енді!..
– Жоқ-а деймін, шіркін піскен екен езі. Жасы да 18- 19-ға келіп қалмады
ма екен? Нешеге келсе, оншаға келсін, бірақ піскен шиедей толып тұр. Өзі
де бойы сұңғақ, кеуделі келген аршын қыз.
– Бар, бар!..
– Қолыңа құдай тигізсе...
– Бар деймін, доңыз!..
– Бүркіттей...
– Болды, болды, кет тез! Əлгі ойлап қалар, неге кешікті деп.
– Барайын!– деді Бүркітбай, есікке қарай жүре беріп, іште қалған сөзін
бетінің, көзінің құбылысымен ұқтырып.
– Сақ бол!– деді Итбай, Бүркітбай аяғын табалдырықтан сыртқа аттай
бергенде.
– Білем ғой, өзім де.
Бүркітбай шыққанша Асқар ауылдан ұзап, Шалқар көлінің жағасына
жетті.
Бурабай тауының айналасы Асқардың алақанында. Ол білмейтін құз, ол
білмейтін сай, ол білмейтін бұлақ, ол білмейтін көл жоқ. Кейде Көкшенің
ең биік өркешіне шығып жан-жағына қараса, Бурабайдың іші-сырты,
айналасы – тостағанға құйған қымыздай дөңгеленіп жатқан қаптаған көл.
Солардың ішінде Көкшенің солтүстік жағын жиектей, тауды құрсаулаған
шабақ көлі ғана сиырдың имек мүйізі сықылды. Өзгелерінің бəрі біркелкі,
дөп-дөңгелек. Жасыл барқыт камзолдың үстіне қадаған теңгеліктей əр
жерде аппақ боп, дөңгеленіп күнге шағылысқан ол көлдерді көруге Асқар
тойған емес.
Аспанмен астасқан Көкшенің асқарынан аяқтағы астай көрінген
көлдердің жиегіне барғанда, теңіздей телегей екенін ол біледі. Биіктен
қарағанда бір түсті көрінген көлді ол, қасына барса, түгі басқа жылқыдай,
өзді-өздерше арнаулы қасиеттерімен айырып ала алады. Көлем жағынан:
Шалқар, Торыайғыр, Шортан, Жөкей, Қотыр, Үлкен шабақ, Кіші шабақпен
бірдей. Бұл аталған көлдердің бəріне де бергі шетінен арғы шетіне
қарағанда көз жетпейді. Таудан қарағанда аяқтағы астай бұл көлдер,
жиегінен қарағанда жер мен көктің астасқан тұсына баратын үлкен бір
теңіз тəрізденеді. Егер Жөкей көліне: кеменің тұмсығы сықылданып,
Бүркітті тауының бір жақ шыңы сүйриіп барып сұғынып тұрмаса;
Қотырдың оңтүстік жағынан: келді жара орта кезіне шейін құлынның
жалындай боп қарағай ескен, тілген қайыстай арал кірмесе; Бурабайдың
орта кезінен суды жарып екі тау шығып, биіктеп барып текенің мүйізіндей
айқаспаса; Шабақ көлінің орта кезі құмырсқаның беліндей үзіліп тұрмаса –
бұл көлдерді бірінен бірін көлем жағынан да, көркемдік жағынан да
айырып алу қиын.
Шалқардың өзге көлден айырмасы – оның күнбатыс жақ жиегіне таман,
жағадан жарты шақырымдай жерінде тас діңгек бар. Бұл діңгек көлден
найзадай шаншылып тік шыққанмен, найзаға үйлес тас емес. Айта берсең
ол, тас та емес, тас емес те емес. Тас дейін десең, діңгектің үстіне өскен
жабағыдай ұйысқан бетеге, бетегелердің арасына өскен бұйра тобылғы. Тас
емес дейін десең, желді күні айнала ұрып жатқан толқындар діңгектің бетін
бір шаймайды. Бір жері жай топырақтай суға опырылмайды. Діңгек
алыстан қарағанда найзадай шаншылып жіңішке көрінгенмен, қайықпен
қасына барсаң, кішігірім ауылдың қотанындай көлем! бар, төбесіне
шыққанда төңірек түгел көрінетін кəдімгі тау. Осы діңгектің ен бойына
жазғытұрым қаз-үйрек, шағала жұлдыздай жиі жұмыртқа салады. Кесіп
іздеген қайықшылар ол діңгектегі жұмыртқаны қайық-қайық қып тасып
шығарса да тауыса алмайды. Одан басқа жерінде ұя салар орын жоқ, дария
көлдің беті, шілде кезінде құстың балапанына құмырсқаның илеуіндей
қаптайды да кетеді. Қайықшылар бұл балапандардың қайдан сая болғанына
қайран қалады.
Бүркітбай қуып жеткенше, көлдің жағасында ерсіл-қарсыл жүрген
Асқардың көзі Шалқардың діңгегінде болды. Бұрын да Асқар ол діңгекке
қызығып, қайық жалдап бір рет түскен еді де, бір жақтан жолаушы келе
жатып, жолдасының «жете алмассың, алыс, суға кетерсін» дегеніне
қарамай малтып та барған еді. Екі барғанында да ол өмірде есінен
кетпестей əсер алған. Діңгектің құйқалы төбесіне шығып, жан-жағына
қарағанда, ойы Шалқар көлдің, желді күнгі толқынындай тулап, сол
минуттағы бойындағы қайратын қайда қоярға білмеген. Сезіміне қатты
əсер еткен діңгекті ол ұмытпайтын, кейде оның төбесіне шыққан
минуттары түсіне де кіретін.
«Уа, шіркін!– деп ойлады ол діңгекке қарап тұрып,– соның басына
Ботагөз екеуміз бірге шықсақ!..»
Ойға батып тұрған Асқар, артынан Бүркітбай кеп «һап!» дегенде селк
ете түсті. Ол жарқабақта тұр еді. Суға құлап кете жаздады.
– Сен осындай қорқақ па ең, Асқар?– деді Бүркітбай, Асқарды белінен
құшақтап, үрейлі кескініне күлімсірей қарап.
– Ия, аман жүрсін, бе, Бүркітбай?–деді Асқар салқын.
– Бізді не жау алады дейсің?!
Екеуі қатарласып, көлді жағалай аяңдады. Бүркітбайдың ыңғайын
Асқар көріп келе жатыр: баяғы қылжақбастығынан басқа кеңес шығатын
сықылды емес.
– Бүркітбай!–деді Асқар біраздан кейін,– екеуміз құрбымыз ғой, рас па?
– Онда кімнің дауы бар?
– Екеуміз де кедейдің баласымыз ғой?
– Сенің аспанда, менің жерде жүргенім болмаса, солайын солай.
– Мен де қай бір шырқап ұшып жүрген адаммын. Қанат-құйрық менде
де қысқа емес пе?
– Сенің қанатың қысқа болса, ол шіркін бізде атымен жоқ десейші.
– Қалжыңды қойып, мен саған бір шын əңгіме айтайын деп ем.
– Маған сол шының керек.
– Шын керек болса, мен сені бұрын жеккөріп те жүрдім.
–Неге байғұс-ау!
Асқар ұзақ уақыт Бүркітбайға өзінің оған неге ренжитін себептерін
айтты.
– Мұның біреуінен де таңбайын!– деді Бүркітбай.– Енді маған қыл
дегеніңді айтшы! Бірақ мен өзім оспақ сөзге шорқақпын, сен маған
жұмбақты қойып, тура айтатыныңды айт!
– Айтсам: сенен бір сыр сұрайын, шыныңды айтасың ғой ?
– Айтайын білгенімді.
– Айтсаң: Тұяқтың қызы қазір қайда, үйінде ме?
– Сиырдай болған қыз үйінде отырушы ма еді? Қатын боп отыр біреуде,
балалы-шағалы боп.
– Кімде?–деді Асқар сұрланған кескінмен Бүркітбайға төне қарап.
– Сен кімді білесің. Мына, Қойлы-атығай ішінде Даңқой деген елдегі
біреуде.
– Ағалары қайда?
– Балтабек кансер зауытындағы мал сою жұмысына араласып жүретін
еді, анау күні бір май ұрлап қолға түсті деп естідім. Өткен күз Кенжетайы
жылқы ұрлап, ұсталып кетіп еді, содан жоқ. Сырт хабар: іш жақта қашып
жүр дейді.
– Темірбек қайда?
«Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар.
Бəрінен де қой бағып,
К... жеген озар...»–
дегендей, түптегенде Тұяқ балаларының ең оңдысы сол жаман болып
шықты. Өзгелері қолынан келмейтін ерлік істеймін деп басын жұтты,
жаман Темірбек мына алтын заводына барып жұмысқа түсіп, шешесін
асырап түр. Іштегі сезім толқынының қатты екпінімен, Асқардың аузына
келген сұраулар ерніне ілекпей, жаңқадай қалқып кете берді. «Нанайын ба,
нанбайын ба?» деп ойлады ол. Бір кезде туғанындай жақын болған сүйікті
семья, мынадай апатқа ұшырағаны оған қатты батты. Сұрауға өтірік жауап
берген Бүркітбай, Асқардың кескініне қарап еді, қабағы түнеріп, кескіні
бұзылған тəрізді екен. Бүркітбайдың жүрегін басқан өтіріктің шаңы,
Асқардың бетіне қонғандай, ол оны аяп, шынын айтуға бір ойлап тұрды да,
артын ойлап Итбайдан бата алмады. Сонда да, Асқардың қасына енді ерсе,
сыр айтпауға болмайтын сияқтанған соң «Ас пісті, тез қайт!» деп өзі кетіп
қалды.
4
Асқар Итбайдың үйінен шығып, Шалқарға қарай беттегенде, солтүстік
күнбатыс жақта аспанда белдеулеген Көкше, көк йен жердің астасқан
тұсына шөккен көктемнің қара сұр бұлт сықылданып тұр еді. Шалқарға
жеткен кезде, қызған күннен күн дария боп толқыған сағым, Көкшенің
етегін толқынына бөлеп, мұнартқан басы теңіз үстінде алыстан жүзіп келе
жатқан ұлан-байтақ, үлкен кеме сықылданды. Сағымның ұлан-асыр
теңізінде толқынға көміліп жүзіп келе жатқан кеме сықылды Көкшені
көргенде, оның есіне: Абай аударған Лермонтовтың «Парус» деген өлеңі
түсті:
«Жалғыз жалау жалтылдап,
Тұманды теңіз өрінде.
Шет жерде жүр не тыңдап,
Несі бар туған жерінде.
Ойнақтап, толқып, жел гулеп,
Майысар діңгек шақырлап,
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап,
Астында дария – көк майдан,
Үстінде сəуле – алтын күн.
Қарашы, бүкіл құдайдан,
Сұрайды дауыл күні-түн...»
«Не деген тамаша сурет!– деп ойлады ол.– Шіркін, Абай-ай, ақынсың-
ау! Арқаның шелінде, Шыңғыстың тасында өсіп, өмірінде теңіз көрмесең
де, шарықтаған ақындық қиялың теңізді ұшып тапқан екен!»
Бүркітбайдың Ботагөз туралы, оның үйі туралы айтқан сөздері
Асқардың көз алдына қары жапалақтаған қыстың боранды суық күніндей
елестеді. Оның манағы алтын күндей ашық үмітін, қайғының қара бұлты
торлады. Осы кезде Асқардың ойын еліктіргендей, Көкшенің басына
түтіндене қара бұлт шөгіп, содан сескенгендей таудың етегінде еркелеп
ойнаған сағым тау жақтан қашты. Əлгінде, теңіздегі кемедей сағым үстінде
қалқыған Көкше, сағым тарағаннан кейін, Асқардың көзіне өртке
ұшыраған, бүлініп, күйіп жатқан бір зор үйге ұқсады.
Көкшетау, Қызылжар елдерінің көктем, жаз мезгілдерінде «амал»
дейтін күндері болады. Ол күндерде: күннің көзі таңертең қайнап шығады
да, түске шейін жердің жүзін шыжытып жібереді. Жылқыға бүгелек,
сиырға сəйгелді тиіп, малдың мазасы кетеді; жан-жаққа шапқылап,
барқыны бар сулы жер іздеп, көлге, өзенге паналайды. Бұл кезде аздап
үрлеген ыстық желді ол елдер – «аңызғақ» дейді. Үйге кірген аңызғақ
адамның өңешіне жармасып, түкірігін кептіріп, тамағын құрғатады, адам
қымыз ішсе «ақ таңдай» боп, тамағына қақырық қатады, аңызғақта
адамның шөлін қандыратын жалғыз ғана қаймақ құйған қою шай.
«Шай,
Шай ішсем көңілім жай,
Əттең, ақшасын бергенде –
һай-һай-һай!»–деп өкінеді ол кезде шайы жоқ кедейлері. Осындай
сəйгелді, бүгелекті аңызғақтың артынан ол елдер нөсерлеп құйып өтетін
жаңбыр күтеді. «Көктемдегі бұлт көңілшек». Ілуде бір күндер болмаса,
көктем кезінде аңызғақтан аңсасы кепкен адам мен айуандарды түстен
кейін салқын ауамен сусындатын жауып өтпейтін күндер аз кездеседі.
Аңызғаққа шыжыған Асқардың да аңсасы кеуіп, ақ таңдай бола
бастағасын ауылға беттеді.
Асқар үйге кірсе, Итбай түндікті жапқызып, іргені түргізіп, төрт қабат
шыт көрпенің үстінде екі жастыққа шынтақтап, дамбалшаң, жалаң аяқ,
көйлекшең, жалаң бас шай ішіп отыр екен. Қасында бəйбішесі Асылтас
аяғын сипап отыр, тоқалы – Жамал шай құйып отыр. Итбайдың бет-аузын
тер басқан.
– Апыр-ай, құдайдың мына күні күйді-ау!– деді Итбай терін орамалмен
сүртіп, есіктен кірген Асқарға,– далада күнсіп көп жүрдің ғой. Үш сағатқа
жақын жүрдің,– деді ол, күміс бақанның бір бұтағында ілулі, тырсылдап
соғып тұрған шынжырлы үлкен сағатқа қарап,– шөлдеген шығарсың. Түтеп
өліп бара жатқансын мына бір шайды жаңа алдыма алып ем, мұндайда
жанның рақаты шай ғой. Кепкен сықпа құртпен қаймақ құйдырып, қою ғып
ішкен шайдан дүниенің жұмағы бар деймісің мұндайда. Кəне, отыр, шешін!
Ұятты қой, көйлек-дамбалдан басқаны сыпырып таста!..
Бұл сөздерді айтқанда, Итбай Асқардың кескініне қарап, сусаудан басқа
ішінде зілді бірдеме барын ұқты. «Бүркітбай бүлдіріп келмесе жарар еді?»
деп ойлады ішінен. Бірақ сыр бергісі келмей, Асқарға жылы сөздерімен
бірге күлімдей қарады.
«Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткен?!»–
деген Абайдың сөзі түсті Асқардың ойына. «Жолбарыс адамға шабарда,
еркелеген иттей жүзі жылып қылмыңдай кетеді» деп еститін еді Асқар.
Итбайдың жылмыңдауы оған сол жолбарыстың еркелеуі сықылды көрінді.
– Отыр!–деді Итбай тағы да Асқарға.– Əй, тоқал, сен етті білші! Піскен
шығар. Жидіп кетпесін. Бəйбіше, шай құй! Асқар ет алдында сусындап
алсын, əйтпесе ет жей алмайды. Далада жүріп келді ғой, қымызы сіңген
шығар.
Дастарқан қасына кеп отырғаннан кейін, келгелі көрмеген Итбайдың
бəйбішесі Асылтасқа Асқар:
– Есенсіз бе?– дей салды.
Ботагөзге бүгін-ертең жігіттерін жібергелі отырғанын Итбай Асылтасқа
шет жағалап айтып еді.
Асқардың салқын амандасуынан «осы жігіт біліп қойды ма, əлі?»деп
ойлады Асылтас.
Ренішті ойда отырғанмен, сусаған Асқар сықпа құртты к,анттай тістеп
аузының дəмін алып отырып, шайды қанып ішті.
– Асты əкелейін бе, пісті,– деді бір кезде Бүркітбай кіріп.
– Əкел!
Шығып кеткен Бүркітбай аздан кейін бетін дастарқанмен жауып, буы
бұрқыраған сары табақпен етті алып кірді.
Достарыңызбен бөлісу: |