Бірінші бөлім (Роман) ТҰҢҒИЫҚта бірінші тарау кездесу



Pdf көрінісі
бет2/25
Дата23.07.2022
өлшемі1,94 Mb.
#37875
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
ЕКІНШІ ТАРАУ
ПАКЕТ
1
Ноябрь айының түтеген бір боранды үскірік, суық күнінде Бурабай
қаласынан шыққан урядник Кошкин шананың алдында божы ұстап
отырған Кенжетайды желкеден əлсін-əлсін түйгіштеп маза бермеді.
– Айда деймін, сволочь!– деді түйген сайын Кошкин, ақырып.
Өткен түні жауған қалың қар, жолды тып-типыл ғып басып қалған екен.
Кенжетайдың аты жолшыл, жасамыс жылқы еді. Оның үстіне бұл жолмен
сан рет жүрген. Сондықтан оппа қарды қайықтай есіп, жолдың жалпы
жобасынан жаңылмады. Бірақ аяғы үнемі жол үстіне дəл түсе бермеді,
бірде оңына, бірде солына жаңылыс кетіп отырды. Ақылды ат оған


саспайды. Жолдың сүрлеуін басқан жерінін, қатты я жұмсақтығынан біліп,
жаңылған жерде оң жағынан да, сол жағынан да жолды тұяғымен тез
шолып тауып алады.
Жолды тура тауып жүріп отыруға аттың басы түгіл барлық денесі, төрт
тұяғы түгел қатынасып келе жатқанын Кенжетай түсінді. Сондықтан:
«Сенде жазық жоқ,– деп ойлады ол, ат жолдан хата басып қалғанда,– жолда
түк белгі жоқ. Аппақ кебіндей тұтасып жатқан дала, қайта тауып келе
жатырсың, жануар! Жолды қар басқанмен, күн ашық болса, сен басқан
аяғыңнан аса жаңылмас та ең. Саған не кінə бар. Тіфу десе түкірік жерге
түспейтін аяз мынау, маңдайға найзадай қадалып, бетті темірдей қарып
барады; ішін тарта, қарды құйындай үйіріп ұлып тұрған долы дауыл анау,
алдыңнан арқан бойы жер көрінбейді!..»
Ақылды аттың жол іздеп, боранмен арпалысып, жалпы бағыттан
жаңылмай келе жатқанында урядниктің жұмысы болған жоқ. Итбай аулына
тез жетуден басқа ой оның басына жоламады.
Кошкиннің бұлай асығу себебі – қолтығында сургучпен печаттап
тастаған бір үлкен пакет келе жатыр. Сыртындағы жазуына қараса,
Омбының генерал-губернаторынан Итбай болысқа арналған. Пакетте не сөз
барын ол білмеді. Бірақ ішінде бір зор хабар барын жорамалдайды.
Өйткені, Азат қаласында тұратын Становой приставтан пакетті əкелген
алғашқы урядник Кошкинге мынадай сəлем тапсырып кеткен еді.
«Господин Кошкин!
Бұл пакетті волостной управитель – Итбай Байсақаловқа өз қолыңнан
тапсыр. Бөтен кісіге сенбе. Егер айрылып қалсаң – сотқа кетесің».
– Айда сволочь!– деді Кошкин бір кезде Кенжетайды бар пəрменімен
түйіп қап. Бейғам отырған Кенжетай, түйіп жіберген екпінмен шананың
алқымынан аз-ақ құлап түспеді.
Кенжетай ашуланып, аузына сөз туспей, кейін айналып, Кошкинге
адырайып қарады, Кошкиннің мұрты үлкен, қабағы қалың, қасы ұзын, түсі
суық, денелі адам еді. Сыртында үлкен қара сеңсең тұлыбы бар, басында
жүндес қара сеңсең папахы бар. Кенжетайдың көзі түскен кезде Кошкиннің
мұртына күректей боп мұз қатып, қабағына да қалың қырау тұрған.


– Неге қарайсың, подлец!– деді Кошкин Кенжетайға көзін тесірейте
қадап, қабатын иттей ернін тыржитып, тісін ақситып, шанадан түрегеп,
тағы ұруға қолын көтеріп.
– Не қыл дейсің, тақсыр?
– Мə саған не қыл деген!–деп Кошкиннің құлаштап сілтеген қолы
Кенжетайдың басынан асып барып шананың алқымына тиді. Ағашқа тарс
ете түскен жұдырығы ауырып қалды.
– Тоқтат атты, собака!– деді урядник аюдай ақырып, тағы ұруға қолын
көтеріп.
Кенжетай атты тоқтатқанша урядник оның үстіне міне түскенде, шана
ауып кетіп, екеуі ұмар-жұмар қарға құлады. Үстіне қырау қатып, буы
бұрқырап қалжыраған ат, шанадағылар құлаған кезде божысынан ешкім
тартпағанмен тоқтай қалды.
Денесі талдырмаштау болғанмен Кенжетайдың бір кісіден таяқ
жемейтін күші бар еді. Шанадан құлаған кезде «өлім біреу-ақ, алқымынан
сығайын ба, бəлемді?»–деген ой түсіп кетті оған. Бірақ ашуын ақыл жеңіп,
ол қол қатпады. Қазір төбелесіп жеңгенмен, артынан «күштінің арты
диірмен тартатынын» білді.
Шанадан құлағанда урядник Кенжетайдың астын ала түсіп еді. Оппа
қарға кіріп кеткендіктен Кенжетай тез тұрып үлгіре алмағансын: «осы
менімен төбелескелі жатыр ма?»–деген қауіп туды Кошкинге.
Өткен қыста бір урядникті айдалада біреу өлтіріп кетіпті деп есітіп еді
Кошкин. Кенжетайдың тайсалмаған кескінінен ол сескеніп, өлтіріп тастар
деген ой келіп қалды.
– Жібер!– деді урядник өзі тұра алмай жатқан Кенжетайды кеудеден
итеріп, əдейі басып жатыр екен деп ойлап.
Екеуі де оппаға сүріне-қабына түрегелгенде, урядник қорыққандығын
білдірмеген оймен:
– Мен... саған!–деді он, жақ қолының екі саусағын безеп,–
көрсетермін!.. Айда атты!


Олар шанаға отырып, жүріп кетті.
Жолды басқан оппа қарды соқадай тіліп отырып, Кенжетайдың жирен
қасқасы Итбайдікіне күн бата зорға жетті. Бұл кезде боран толастап, жел
бəсеңдеді, бірақ аяз күшейе түсіп, жел жаққа адам түгіл малды да бет
қаратпады.
Болдырған атты, «шүу-шүулеп» божымен қағып, Кенжетай жылқы
шарбағының алдына келгенде, басында түлкі тымағы бар, үстінде жағасын
қайырған, белін буған ноғайша қасқыр ішігі бар – Итбай қақпа алдында
жүр екен. Сылдырлаған қоңырау дауысы құлағына тигенде ол шүйделі
желкесін бұрып, айналып қарады.
Үйіне төре келу – оған таңсық емес. Келген төренің чинінің үлкен-
кішілігін ол жеккен аттан, арба, шанадан байқайды. Жазды күні пар ат
жегіп, пəуескелетіп келсе, қысты күні көсем салып пəуескелетіп келсе –
олар үлкен төрелер. Ал, жалғыз ат, жабайы шанаға мінетіндер – урядник-
мурядниктер. Болыстардың ішінде урядниктерден ығысатындары да
болады. Итбай ондайдың кісісі емес. Урядникке ықласы түспесе, ол жөнді
қонағасы бермей де қояды. Итбайдың уезбен байланысы барын білетін
урядниктер өзгеге қоқаңдағанымен, бұған ол мінезін көрсетпейді.
Осы 1912 жылы болыс сайлауы болғанда, Итбаймен таласқан Ағайдар
деген адам елді өзіне қаратып алып кетіп, болыс болған. Итбай төрт таспен
ғана қалған. Дəрмені кеткен Итбай, іле Омбыға барып, генерал-
губернаторға жолыққан, губернатор 1891 жылғы «Степное положениенің»
70-параграфына сүйеніп, болыстықты Итбайға сайлаусыз беруге əмір
еткен. Оны да урядник Кошкин жақсы біледі.
Сондықтан, шарбақ алдында тұрған Итбайды көргесін Кошкин шанадан
секіріп түсті де, аяғын кердең-кердең басып кеп, қолдасып амандасты.
– Мен сізге ете маңызды хабармен келіп отырмын,– деді, Кошкин
қолдасқаннан кейін.
– Айтыңыз.
– Үйге барайық... Ех! Тоңдым?.. Арақ бар?
Урядник алақанын уқалап, аяғын қаға бастағасын Итбай тоңғанын көрді


де:
– Сіз мынау үйге кіре тұрыңыз,– деді өз үйін нұсқап,– мен малды
жайғастырып қазір кірем: Горбуновта арақ бар.
«Бір жаққа апар дей ме?»– деген оймен, тоңған Кенжетай дірдектеп тұр
еді.
– Жүре бер,– деді урядник қолын безеп,– мен саған!...
Итбайдың ағаш үйінің бөлмесі алтау еді. Соның біреуінде болыстың
кеңсесі жəне писарь Горбуновтың пəтері.
Кошкин кіріп келгенде Горбунов керуетінде шылым тартып,
шалқасынан жатыр еді, үстін қырау басқан біреу кіре бергенін көріп, атып
түрегелді.
– Здраю, желаю!..– деді Кошкин Горбуновты танып, тоңған аузы сөзді
шала айтып,– Гаврил Гаврилович!..
Горбунов танымай қалды.
– Шам жақ,– деді ол урядникті алып кірген Бүркітбайға.
– Танымадыңыз ба, Гаврил Гаврилыч?..
– Никак ни могу... Темно!..
– Платон Трофимович деген кісіні естігеніңіз бар ма?
– А-а-а!.. Жақсы келдіңіз, Платон Трофимович!.. Тоңыпсыз...
Шешініңіз, Платон Трофимович!..
Бүркітбай лезде шамды жағып, тоңған қолымен түймесін ағыта алмай
жатқан урядниктің тұлыбын шешіндірді, папахасын урядник өз қолымен
алып берді.
– Жылыныңыз!.. Пешке барыңыз!..– деді Горбунов жалбалақтап.–
Мүмкін, русский горькиймен жылынарсыз?
– Егер, болса.


– О, не дегеніңіз? Сізге, жоқ болса да табам!
Шкафта тұрған жарты бөтелке арақтан бір стакан құйылды, Кошкин
қағып салды.
– Рахмет, Гаврил Гаврилович!.. Рахмет!.. Мен сізге ете қымбат хабар
əкелдім!..
Горбунов Итбайға 17 Жыл писарь болған, қазақ ауылының неше түрлі
қулық-сұмдығына қанған, қазақша сөйлей білетін, жанасымпаз, бір қу еді.
– Не хабар?– деді Горбунов.
– Ол міне!– деп, Кошкин «қымбат хабарды» суыруға қойнына қолын
тығып еді, жоқ боп шықты. «Ах!..» деді Кошкин есі шығып кетіп, көзі
бақырайып.
– Не болды?!..
– Жоғалттым, Гаврил Гаврилович!..
– Нені?
– Пакетті.
– Не пакетті?..
– ...Мен құрыдым!..
Бір сұмдықтың болғанын Горбунов түсінді. Бірақ Кошкиннен сұрауға
батылы бармады. Өйткені, кескініне қараса, адам пернесі бұзылып, көзі
шарасынан шығып кеткен екен.
Пакет!.. губернатордан!.. жоғалттым!..– деді Кошкин Горбуновтың
құлағына аузын тақап, сыбырлап.
– Қайда?!
– Білмеймін далада түскенін, шанада қалғанын.
Қорыққаннан ба, тоңғаннан ба – урядниктің иегі иегіне сақ-сақ етті.


Арақтан ба, қорқудан ба, басы айналып көзі қарауытты.
– Іздейік... Шанаға кісі жіберейік...
– Ж-ж-жоқ... мен... өзім барам... Кісіге сенуге болмайды... Бірақ əлгі
подлец жоғалтып жібермесе...
– Оныңыз кім?
– Ямщик...
Итбай далада қалғанда мал жайлауды аяқтайын дегендіктен емес,
урядникке онша кішіреймегендіктен қалып еді. Сондықтан далада көп
тұрмай, аяңдап үйге кірсе – урядник абыржып жатыр екен. Горбунов
Итбайға мəн-жайды айтты.
– Жəмшік жоғалтпас, я ұрламас та,– деді Итбай салмақты дауыспен,–
далада түсіп қалған шығар.
– Жоқ, ол подлец, жоғалтты. Ол сволочь!..
«Бұл не пакет, мынаны осынша абыржытқан?»–деп ойлады, урядниктің
сұры кеткен, дірілдеген түсіне таңдана қараған Итбай.
2
Кенжетайдың үйі Итбайдың қоңсы ауылында еді. Бірақ ол, байдың
аулына келгенде, школдың қасындағы учительдерге салынған екі бөлмелі
үйде тұратын Асқарға бір соқпай кетпейтін. Жəмшіктіктен қолы бос
күндерін школ маңында, Асқардың қасында өткізетін.
– Сен қазақша білесің,– деген, Асқар оған осы күз,– бұдан былай ылау
тартқанның арасында аздап орысша оқы. Сүйтіп жүріп орысша біліп
кетесің.
Асқардың ақыл беруімен, қолы боста оқуға жұмылған Кенжетай, тез
арада бұрын оқыған төрт амалды – есепті пысықтап, дробты айналдыра
бастады. Оның өте қызығып оқыған сабағы – орыс тілі. Татар тілінің
«сарфын» мұғалімнен оқыған оған, орыс грамматикасының заңы онша жат
көрінген жоқ. Оны қинаған – тіл жағы, орысша словарьдың жоқтығы.


Біраздан кейін Кенжетай ол бөгетті де аздап бұзды.
Міне, осындай əрі құрбысы, эрі досы, əрі ұстазы Асқарға аты болдырып
келген Кенжетай соға кетейін деп, барса, Асқар мектеп алдында жүр екен.
– Барасың ба, біздің үйге?– деді Кенжетай.
– Барам.
Тоңғандықтан ба, я аулына келгенін білгендіктен бе?– Асқар шанаға
мінгеннен кейін, жирен қасқа болдырғанын білдіртпей тарта жөнелді.
Кенжетай жолшыбай урядниктің қылығын айтып, екеуі біраз күлісті.
– Бұрын да қақырайған қатты неме еді,– деді Кенжетай кеңесін аяқтап,
үйінін, алдына келгенде,– осы жолы тіпті сіресіп кетіпті. Бір тығыз
жұмыспен келе жатқан сияқты, не жұмыс екенін кім білсін.
Кедей болғанмен, Ұлберген үйін, ыдыс-аяғын, жамау-жасқаулы
болғанмен киім-кешектерін кірсіз, таза ұстайтын еді. Сондықтан, оның
қатықсыз қара шайының өзін Асқар майлы астан кем санамай, сүйсініп
ішетін.
Кенжетай мен Асқар үйге кірсе – Ұлберген пешке от жағып жатыр екен.
Шам жағылған жоқ, үй іші қара көлеңке.
– Апа!– деді Кенжетай есіктен кіре.
– Əу, құлыным! Тоңдың ба?
– Мен атты ағытып келейін, жылдам бір шай қойшы.
– Жарайды, сəулем.
Кенжетай далаға шыққанда,Асқар терге қарай барды.
– Бұл қай бала?– деді Ұлберген.
– Асқармын, апа!
– Ə... қалқам-ай, отыр, сəулем!


Асқар етігін тастап, сеңсеңмен астарлаған пальтосын шешіп, төрге
барып отырды. Ұлберген самауырға су құйып, шоқ салды.
– Бүгін кəрəсін де бітіп еді,– деді Ұлберген, пұзыры жоқ үштік шамды
жарыққа тосып, түбіне қарап,– Кенжетай кəрəсін əкелді ме екен, біліп
келейінші.
Асқар шынтақтап бейғам жатыр еді.
– Ойбай!..– деген əйел даусы естілгенде, орнынан шошып тұра келді.
Ойбайлаған əйел есікті аша беріп етпетінен құлады.
– Апамбысың?– деді Асқар жүгіріп барып, басын көтеріп,– немене? Не
болды, апа?
– Ө-ө-өлтірді!
– Кімді?!.
– Кенжетайды...
– Не дейсің, апа!..
– Ойбай!.. Қалқам... бар!..
Ұлберген қолын дала жаққа сілтегесін, Асқар үйден жүгіре шығып еді,
құлағына иттің ырылдауы секілді бір дауыс естілді. Үйдің алдында қараңғы
қора бар еді. Сасқан Асқар, жүгіріп келе жатыр еді, маңдайы ашаға тарс ете
түсіп, есі ауып к,ала жаздады, көзінің, оты жарқ ете түсті. Асқар оған да
қарамастан, маңдайын қолымен ұстай, қора алдына жүгіре шықса – біреуді
біреу жығып сап, ұзындығы құлаштай ағашпен ұрып жатыр, қасында біреу
қарап тұр.
Ұрып жатқанды Асқар ұстай алды.
– Кім бұл?– деді ол орысшалап, Асқарға да ұмтылып.
– Байқа! Мені ұруға хақың жоқ. Мен халық учителімін.
– Тап жылдам, оңбаған!–деді урядник, ұрып жатқанға тағы ұмтылып.


Асқар бұл жолы урядникті жібермей:
– Не болды?–деп сұрады.
– Его превосходительство генерал-губернатор... с нарочным... со мной...
на имя волостного управителя... отправил пакет весьма важного значения, а
этот подлец его по пути украл .
– Ұрлаған жоқ шығар.
– Сіз оны жақтайын дейсіз бе?
– Іздеңіз...
– Қайдан?
– Оның пакеті,– деді орнынан тəлтіректеп əрең тұрған Кенжетай
жыламсырап, мұрнын қолымен басып,– маған не керек?.. Жазықсыз
осынша сабап... бұдан өлген жақсы!..
Қараңғыға көзі үйренген Асқар Кенжетайдың бетіне қараса, мұрнынан
қан дірдектеп ағып түр екен.
Асқар ашуланып кетті. Урядникке бірдеме дейін деп еді, екпесі
алқымына тығылып, аузына сез түспей қалды.
– Мынау емес пе?– деді бір а дам шанадан бірдемені еңкейіп ала беріп.
Асқар оған үңіле қараса Горбунов екен.
– Пакет пе?– деді Асқар.
– Я... Сол сияқты,– деді Горбунов.
Кенжетайға əлі де ұмтылып жүрген Кошкин, жалт беріп Горбуновқа
бұрылып, пакетті оның қолынан тез жұлып алып, қойнына тығып,
алақанымен баса қойды.
– Елді билейтін ұлықсыз,– деді Асқар,– шанадан табылды... Анығына
жетпей нашар адамды осынша ұрдыңыз!


Бұл сөздерге Кошкин əрі ұялды, əрі намыстанды.
– Молчать!..
3
«Өте маңызды пакет» жоғарыдан келетін жабайы бұйрықтың біреуі
шығар деген оймен отырған Итбай, урядник пен Горбунов үйге келгенде:
– Бар ма екен?– дей салды.
– Бар.
– Қалай таптыңдар?
– Тығып қойған, подлец!..– деді Кошкин.
– Апыр-ай... ə?..
Үстіне кісі отырғандықтан пакеттің сургучы уатылған екен.
– Ашып оқымасын əлгілер!– деді урядник.
– Оқыса оқиды да,– деді Горбунов.
«Оқымаған шығар»,– деген Итбайдың сөзіне болмай, пакетті ашпай
тұрып сургучының сынғанын, пакет жоғалып табылғанын урядник актілеп
алғысы келді.
– Акт жаз!..– деді ол Горбуновқа.
Горбунов стол қасына отырып, қарындаш пен қағаз алды.
«1912 жылы осы ноябрь айының 18 күні, полицейский урядник –
Платон Трофимовичтің қойнынан түсіп қалған пакетті, ямщик киргиз... аты
кім еді!..
– Кенжетай Тұяқов...
– Так... так... сол ұрлап алып... түсіп қалып... жоқ-жоқ... не так, түсіп
қалып емес, қойнынан қастық ниетімен ұрлап алып...


Горбунов мұртынан жымиды да, урядниктің ойынан шатасқанын біліп:
– Əуелі ашып оқиық, содан кейін акт жазамыз,– деді.
– Жоқ, əуелі актілеп алу керек.
– Ерік сізде.
Акт жазам дегенмен, урядник не жазуға білмеді. «Түсіп қалғаннан
ұрлады» деп жазайын десе, «неге түсірдің» деп айыптауы мүмкін.
«Қойнымнан ұрлап алды», деп жазайын десе, «онда өзің қайда отырдың?»
деп айыптауы мүмкін. Жоғалғанын атымен айтпаса, жəмшік ішінен керек
қағаздарын ұрлап алып, бөтен қағаз салып, білдірмей жапсырып қоюы
мүмкін. Сургучтың үгітіліп қалуы – бұл күдікті күшейтеді.
Урядник састы. Не істерін білмеді. Көзі қарауытып, маңдайынан тер
шықты.
– Ə, құдай, сақтай гөр!..– деді ол ішінен, шоқынып – мен-ақ көтерейін,
ашыңдаршы!..
– Ладно.
Жабайы бұйрықтарды Горбунов салмақпен ғана ақырын оқып шығып,
Итбайға кейін естіртіп, кейін естіртпейтін еді. Урядник сасқанмен Горбунов
пакетке оншалық үлкен маңыз бермей, салмақпен оқи бастап еді, аздан
кейін кескіні өзгеріп, қағазға көзін жылдам жүгіртіп, орнынан ұшып
түрегелді...
– Итбай Байсакалович!..
– Немене, Гаврил!..
– Маған сен ақша береді, давай!..
Горбуновтың айтайын дегені «Сүйінші» еді, ол сөз аузына туспей
қалды.
– Немене... не ақша?..


– Саған құдай берген!
– Ие, айт!..
– Патшаға, император үш жүз жыл болған, мен саған айтқан ?
– Айтқансың.
– Юбилейге сен барған айтады, кагаз!..
– Оның не?
– Қатын алады – той!.. Бала, матайды кеседі – той!.. Сен не айтқан
біледі...
– Осы хатшы не оттап отыр?– деді Итбай түсінбей.
– Мен саған айтқан. Патшаға үш жүз жыл болған.
Атай патша болған... үлкен той болады айтқан мен саған!..
– Ə-ə-ə, патшаның таққа отырған тойы ма?
– Тойға сен барады, айтады, господин губернатор...
– Ауылда той қыл деп пе?
– Сен не болған, Итбай Байсакалович... Сен түсінбейді... мен айтады:
Саған губернатор айтады, сен тойға барады. Петербургке барады айтады...
Итбай енді жорамалдады.
– Патшаның,– деді ол Горбуновқа,– 300 жылдық тойы болады дейсің
ғой, атасы таққа отырғанға?
– Так точно!
– Сол тойға губернатор маған барсын деп айтады дейсің бе,
Петерборға?
– Так точно!


Итбай күліп жіберді. Горбунов та күлді. Горбуновтың иығынан мойнын
соза, бойы дірілдеген күйде қағазды оқып шыққан Кошкин де күлді.
– Беремін, сүйіншіңді!– деді Итбай Горбуновты арқаға қағып, қайта бір
оқып берші.
Горбунов қағазды оқып шығып еді, Итбай тең, жарасына түсінген жоқ.
Горбуновтың қазақ тілін сындырып сөйлеп қазақшылауынан берекелі сөз
ұға алған жоқ.
– Əлгі Асқарды шақыршы!– деді Итбай қағазды анықтап түсінгісі кеп.
– Асқар Кенжетай үйінде.
– Тез ат жібер!
Бүркітбай атқа шана жегіп Асқарға кетті. Итбай бөлмесіне кірді.
Əкелген қағазды түгел оқып шыққасын көңілі орныққан Кошкин
Горбуновтың қасында қалды. Кошкиннің сырын алған Горбунов
«жылыныңыз» деп алдына жарты бөтелке арақ пен бір сарымсақ, жарты
қалаш қойды. Стаканның ернеуімен бірдей болған арақты Кошкин қағып
сап, тілі тез күрмеліп, Горбуновқа, байлау-матауы жоқ əр немелерді
сандырақтап айта бастады.
Қағазға түгел түсінбегенмен, Петербургте той болатынын, ол тойға
баратынын білген Итбай, қуанышын қойнына сыйғыза алмай, бөлмесіндегі
кереуетіне шалқасынан жата кетіп, көзін жұмып қиялға батты...
ІІ-Николайды ол бұдан жиырма жыл бұрын көрді. 1892 жылы
наследник күйінде Николай Омбыға келді. Келер алдында Омбының
губернаторы болыстарды шақыртып, қазақтың тұрмысын көрсетем деп,
Ертістің жағасына үй тіктіріп, бие байлатты. Қаршыға, бүркіт, тұйғын
сықылды баулыған құстарды, тазы иттерді, жүйрік аттарды, сұлу к,ыз,
келіншектерді алдырды.
Ақмола облысына қарайтын 80-нен аса болыстың бəрі патшаға арнап
жасатып бір-бір киіз үй əкелгенде, губернаторға бəрінен Итбайдың үйі
ұнамды боп шықты. Өйткені, бұл наследник келуін ерте естіп, ұсталарды
жиып, үйдің керегесін күміспен астастырып, ылғи жіліктен істеткен.
Көкшетау қаласында тұратын Баделхан деген саудагер өзбекке ақша беріп,


үйдің кілемше тоқыған бауларын Ташкеннен алғызды. Жылқының маңдай
алды жиырма сом, қойдың ең семізі бір сом кезде, бұл үй Итбайға сегіз
жарым мың сомға түсті. «Степное положение» 138-статьясы бойынша
түндік басы алынатын 4 сом рамат – шығынның 80 проценті қазынаға
кетеді. Қалғаны болыс пен ауылнайдың жалақысы. Одан артық ақша
жинауға болыстың хақы жоқ. Бірақ 8500 сомды Итбай өз қалтасынан
шығарған жоқ. Сол «положениенің» 156-статьясында, губернатордың
қазаққа үй тіккізіп, қой сойдыратын хақысы бар. Осы заңға арқа сүйеп,
Итбай 8500 сомды екі есе ғып елінен жинап алды.
Ертістің жағасына қатарлап тіккен жүз шақты үйдің ішінде Николайдың
басын сұққаны Итбайдың осы үйі.
Итбай ол жылы жиырма жаста еді.
– Бұл үйдің иесі кім?– деп сұрады, ішіне кіріп шыққасын, Николай.
Жүзіктің көзінен өткендей жылпос жас болыс – Итбайды губернатор
Николайға таныстырды.
– Молодец,– деді Николай Итбайды арқаға қағып,– бірақ жас қой тым!
Итбай сасып қалды. Өйткені, заңда 25-ке келмеген жігіт болыс бола
алмайды.
– Жиырма жетідемін, тақсыр!–деді Итбай.
Үй тіккен жерге Николай пароходпен келіп, жағаға шыққанда, жиналып
тұрған би, болыс, ақсақалдардың ішінен ұмтылып барып оның қолын алған
– Уəли ханның баласы, Абылай ханның немересі – Шыңғыс еді.
– Орта жүзді Руссияға қаратқан осы кісінің əкесі Уəли,–деп
таныстырды Шыңғысты губернатор.
Шыңғыс ол кезде көр аузындағы кəрі шалды. Сондықтан, Николай қол
алысқаннан кейін онымен аса шүйіркелесіп сөйлесе қоймады.
Танысқаннан кейін өткір жас жігіт – Итбайды, қазақтардың сый-
құрметін көріп болғанша Николай қасынан тастамады. Ретін тауып, бір
кезеңі келген жерде Николайға Итбай атасына Анна Иоанновнаның берген


грамотасын көрсетті.
– Мұны сүйеп жүр, қызмет істей алатын жігіт екен!– деді Николай
губернаторға, самсаған сары қолдың көзінше Итбайды тапсырып, қолын
қысып.
Содан кейін, ол губернатор кеткенмен, ауысқан губернаторлар Итбайды
біріне-бірі тапсырып, ешқайсысы есінен тастаған емес, орнынан тайдырған
емес. Елге істеген қиянаттарын айтып талай арыздар жауғанмен, іс зорайып
басталғанмен, губернаторға барғансын аяғы жіңішкеріп, сұйылып кете
береді. Итбайдың болыстықтан айрылып қала жаздаған жалғыз жолы –
өткен жылғы Ағайдармен таласатын сайлау. Онда да Көкшетаудың уездный
начальнигі – Кривоносов арқылы губернатор қолдап жіберді.
Міне, осындай бақытының кілтін қолына мəңгі ұстатқандай боп кеткен
патшаны, бұдан жиырма жыл бұрын наследник кезінде көрсе, енді
Петербург барып, алтын тағының үстінде көргелі отыр. Итбай құдайдан
одан артық не тілейді??
4
Пакет табылғаннан кейін урядник пен Горбунов ұялған адамдай шанаға
мініп тарта жөнелгенде, таяқтан əлсіреген Кенжетай үйге қарай жүре беріп,
тəлтіректеп құлады.
– Не күйге ұшырадың, құлыным!– деп жүрегі ұшып буыны дірілдеген
Ұлберген, Кенжетайды көтеруге еңкейе беріп етпетінен түсті.
Асқар састы. Не қыларын білмеді. Екеуін бірдей тұрғызбақ боп
қолтықтарынан сүйеп еді – əлі жетпеді. Маңайда жан жоқ.
– Апа,– деді Асқар,– саған не болған? Кенжетайды үйге апарайық.
Тұршы, апа!..
– Тұрайын, қалқам...
– Кенжетай!–деді Асқар, Ұлберген қарды қолымен тіреп тұра бергенде.
– Əу!–деді ол əлсіз.


– Не болды, бауырым?!.
– Басым айналып кетті.


Асқар Кенжетайдың кеудесінен құшақтай көтеріп, аяғын тік бастырды
да, қолтығынан ұстап:
– Кəне, үйге кірейік. Бас аяғыңды... əлің келсе!– деді.
Кенжетай аяғын шалыс баса аттай бергенде, Асқар төңірегіне қараса –
бірнеше ауыл адамдары жиылып қалған екен.
«Не болды, не болды?..»–деген сұрауларға:
– Үйге кіргесін естірсіңдер, мына Кенжетайды кіргізейік!–деген жауап
берді Асқар.
Бір сұмдықтың болғанын жиылған жұрт сезді. Бірақ не сұмдық екенін
білген жоқ.
«Пері соғып кетті ме, бейсауат уақытта далаға шығып?»–деп
күңкілдесті біреулер.
– Мұны соққан – адам перісі!– деді Асқар.
«Адам перісі» дегеннен жұрт: «адам» деген түсініс алған жоқ – адамды
соғатын пері деген түсініс алды.
Даладағы жұрт үйге кірсе пештің оты сеніп, үй көрдей қараңғы екен.
– Ұлберген, қайдасың, жарық қыл!– деді біреу,– кəрəсін бар ма еді?
– Жоқ еді.
– Мына жақын үйден алдыра қойындар.
– Біздікінде бар еді, мен əкелейін,– деп, біреу шығып кетті.
– Оған шейін пешке от жағып, үйді сəулелендіру керек. Мынау, тіпті бір
тұнған қараңғы ғой!
Жұрт дабырлап жатқанда Асқар мен тағы біреу Кенжетайды төрге əкеп,
басына жастық салып қисайтты.


– Ə, Кенжетай,– деді Асқар қасына отырып,– қалайсың апаң, қорқып
отыр?..
– Опыр-ау, арқам-ау!– деді Кенжетай, қозғала беріп,– қирап қалған
білем... Ойпыр-ау, жаным-ау?
Не болғанын білгісі кеп қараңғыда көздерін Кенжетайдың денесіне
қадаған үй тола көпке Асқар мəн-жайды айтты. «Соққан перінің» не пері
екенін жұрт білді.
– Ұлыққа ұрсын деген заң бар ма екен?
– Заңыңды не қылсын, қолынан кеп тұрғасын!
– Өзінің үстінен жоғарғы ұлыққа арыз берсе қайтеді?
– «Қарға қарғаның көзін шұқиды» дейсің бе?
– Болыс арқылы мұны мəлімдеп қою керек, е, мынау кісі өлтірер, бара-
бара!..
Асқар көптің сөзіне араласқан жоқ. Оның екі көзі пешке жаққан оттың
əлсіз сəулесінен өліктің беті сықылды сұрғылт көрінген Кенжетайда.
Урядниктің, болыстың, ауылнайдың, я солар сияқты патша үкіметінің
ұлықтарының жазықсыз ұрғаны жалғыз Кенжетай емес. Ондай ұрудың
Асқар бұрын да талайын көрген.
Жазықсыз жұртты дүрелейтін жуан таяқтың біреуі Итбай екенін, аулына
кеп учитель болғалы, оның талай адамды жазықсыз сабағанын Асқар көрді.
Итбайды ұялтып қойдырмақ та болды, бірақ амал нешік – былайша
Асқарды сыйлайтын Итбай, оның «таяқты орынсыз жұмсамаңыз» деген
ақылын алмайды, елеусіз қарап, күле жауап береді.
Соққыға жығылған Кенжетайға қарап отырған Асқардың басындағы ой:
«бұл таяқтаудың тыйылар күні бар ма, əлде сорлы халық, таяққа шіріп құри
ма?»
Асқардың ауыр ойын, үйіне барып керосин əкеп, оны құятын шамды
сұраған адамның дауысы бөлді. Керосин құйылды, шам жағылды. Үйдегі


жұрт, шамды Кенжетайдың бетіне тосып, одан сөз сұрады.
– Апыр-ай, сүйегің сау ма, жаным!?
– Білмеймін... Денем қозғалтпайды.
Арқасының жарасынан басқа, бір жақ шекесі, мұрны көнектей боп ісіп
кеткен екен. Бет-аузы қатқан қан.
– Ісік ішіне түсіп кетпесін, жылқының ұлпа қазысын тартатын екен,–
деді біреу.
– Ол кімде бар дейсің.
– Байдың үйінен сұрату керек.
– Берер саған байдікі!
– Мұндайда бермегенде, қашан береді?
– Орта толсын-ақ!– деген дауысқа жұрт жалт қараса үйге біреу кіріп
келеді екен.
– Бұл қайсының,– десті екі-үш кісі, үй ішінен, ұнатпай,– ерігіп жүрген?
Орта толатын топ боп жатыр ма? Жап есікті жылдам. Үйге суық кірді.
– Е, не қан жауыпты?– деді кірген.
– Мынау кім өзі, қылжаңбас?
– Е, не қылатын едің, ал мен Бүркітбаймын.
Бүркітбайдың мезгілсіз келгенін көріп, не айтар екен дегендей жұрт
кескініне қарай қалды.
– Мынау нағып жатыр?– деді Бүркітбай Кенжетайға үңіліп.
– Урядник ұрып кетті,– деді біреу.
– Өй, жаман шірік неме, соған жатқан!.. Одан үлкен таяқ жесең қайтер
ең? Жанының ардақтысын-ай, мына неменің.


– Не сандалып тұрсың!– деп біреу Бүркітбаймен ілініскелі жатыр еді:
– Əй, сандалмасаң сандалма,– деді ол,– ештеңе жоқ дүрлігетін.Асқар,
сені Итекең шақырды. Тез келсін, дейді.
– Мені неғылады екен?
– Қағаз оқытам дей ме, немене?
– Горбунов ше? Писары бар емес пе?
– Түсіндіре алмапты ол.
– Ертең барармын.
– Ойбай, тосатын емес. Тез келсін деді.
– Е, не бопты соншама?– десті біреулер.
– Менің ұғуым қата болмаса, осы жаққа патша келеді дей ме, болмаса
патша елден кісі шақыртқан дей ме, əйтеуір бір сондай үлкен іс бар... Қағаз
соған келген.
– Жаңағы жоғалып табылған қағаз сол екен ғой,– деді көпшілік.
– Енді не деп ең?
Пакеттің не екенін Асқар сонда ғана жорамалдады.
Итбайдың шақырғанына Асқардың барғысы келмей бір тұрды да, екі
түрлі ой келді:
Біріншісі – «қағазды көзіммен оқиын».
Екіншісі – «Кенжетайды урядниктің ұрғанын Итбайға айтайын».
Сонда да тастап кетуге қимай, Асқар Кенжетайға қарап еді.
– Бар,– деді Кенжетай, ақырын,–бар!.. Болысқа айт!
Жұрт түгел мақұлдап кеткесін:


– Ендеше, қазір барам да қайтам,– деді Асқар,– ал, сіздер үйді босатып,
аз ғана кісі қалыңдар, сырқатқа қиын болады.
Үйдегілердің көбі Асқармен ере шығып, үш-төрт-ақ кісі қалды.
Жолшыбай Кенжетайдың сырқатынан басқа басына жөнді ой түспеген
Асқар, оқитын сонда шығар деп, кеңсеге келсе, Горбунов пен Кошкин қып-
қызыл мас екен.
– Айда, выпить за царя ,– деп урядник, есіктен кірген Асқарға
тəлтіректеп кеп, рюмка ұсынды.
– Нет, не могу!
– О-хо-хо!..– деді урядник аузын ашып, көзін едірейтіп,– во-он что!.. Не
могу... Так то-есть не могу?.. Не можешь за царя?!. Это брат!..
Урядник аяғын айтпады.
Жағасынан ұстап жібермеген урядниктің қолын жазған бойы Асқар
нұқыңқырап қалып еді, анау тəлтіректеп барып құлағанда үйден шыға
жөнелді. Урядник бірдеме деп жатты, оны Асқар тыңдаған жоқ.
– Болыс қайда?–деді Бүркітбайға Асқар үйден шыға.
– Мана осында еді, үлкен үйге барған шығар.
Бүркітбай мен Асқар Байсақалдікіне кірсе, ауыз үй лық толған əйел
екен.
Ығыса жол берген əйелдердің арасымен Асқар өтіп барып, Байсақалдың
өз бөлмесінің есігін ашса, Байқадамның барлық ұрпағы сол үйде екен.
Асқар жайшылықтағыдай оларға сəлем бермей, қабырғадағы сандыққа
киімшең отыра кетті.
– Шырағым, жоғары шық!– деді Байсақал.
– Шешінсейші!– деді Итбай.
– Жұмысым бар еді,– деді Асқар,– шақыртты дегесін келдім. Қазір


кетем.
– Айта көрме,– деді Байсақал,– о не дегенін,! Той үстіне келдің. Шешін!
Итбайға Асқардың бұл қылығы ұнамады.
– Жұмысың не еді?– деді ол салмақты кескінмен.
– Əлгі Кенжетай жайсыз жатқаны...
– Қай Кенжетай?
– Тұяқтың.
– Е, əлгінде сау деп еді ғой, оған не боп қалды, табан аузында?
– Урядник соққыға жығып кетті...
– Өй, тəйір-ай, сол ма?–десті үйдегілер,– ұрып не қирата қойды дейсің!
Бірер нұқып қалғанды кек көріп жатқан ғой, қарай ғой ана шірік неменің
шамшылын?
– Ішінде болдым,– деді Асқар, Итбайға сыздана қарап,– жеңіл-желпі
ұрған жоқ. Жарасы ауыр, өліп қалуы мүмкін.
– Одан өлсе барсын,– деді Итбай мұрнын шүйіріп,– Тұяқтың ұлы
жететін ғой, тұқымы одан кемімес.
– Өзі к...не қарамай тыштиған пысық неме,– деді Байсақал,– ділмарсып
бірдеме деген шығар, сонсын ұрған шығар.
– Əке, қойшы сол сөзді,– деді Итбай қабақ шытып,– «байдың малы
ардақты, кедейдің жаны ардақты» деген мақал бар емес пе. Ардақты жан
сөйтпей қайтетін еді. Асығып келсе Асқарды бөгеме. Қағазды жайы
келгенде оқыр. Жайы келмесе оқымай-ақ қояр. Не қағаз екенін былай да
естідік қой. Дəмдес адам болған соң, қуанышқа ортақ болсын деп ек.
Біреуді қуанышыңа зорлап қатынастырамысың. Барсын!
Байсақал Итбайға бір, Асқарға бір қарап жаутаңдап қалды. Бұрын
Итбайдың да, Асқардың да бір-біріне бұлай қырғи-қабақ қарасқанын


Байсақалдың көзі шалған жоқ еді.
Байсақал Асқардан қорқатын еді. Ол, тегі, жалпы орысша білетін
кісіден қорқатын. Оның ұғымында: орысша білетіндердің бəрі – заңшыл;
əрбір заң білетін адам – қауіпті. Сондықтан, Асқар ренжісе, ретін тауып
Итбайды ақсатар деген оймен Байсақал өзі де Асқарға жалпақтап, өзгеге де
оны сыйлатуға тырысатын. Асқар бөтен мінез көрсетпеген соң, оны
тілектес жігіт деп ұғып, кезіне айта қоймағанмен, Байсақал оны ішінен
жақсы көретін.
Губернатордан келген қағаз Байсақалдың тес қалтасында еді. Тегі, сол
сияқты, патшадан я басқа ұлықтан келген бағалы қағазды да өз бойына
сақтау Байсақалдың əдеті болатын. Баяғы ата-бабасынан бері қарай патша
үкіметінен келген мақтау қағаздардын, бəрі Байсақалдың үлкен төс
қалтасындағы былғары күмəжниктен табылатын. Байсақал ол күмəжникті
дұғалық – тұмардан артық сақтап, өзі мен Итбайдан басқаға ұстатпайды,
күмəжник салынған қамзолды ояуда үстінен шешпей, ұйықтағанда дəл
құлағының астына басып жататын. Түнде ұйқыдан неше оянса сонша,
құлағының астындағы қамзол мен күмəжникті сипалап қарап қоятын.
Асқардың сызды кескінін жұмсартпақ болған Байсақал, төс қалтасының
түймелеген ілгегін ағытты да, күмəжникті суырып, ішінен пакетті алып
берді. Асқар конвертті алды да, ішіндегі қағазды суырып ап оқып шығып,
қазақша анайы тілмен:
1913 жылдың 21-февралінде Россия патшалары Романовтар тұқымының
патша боп таққа отыруына 300 жыл толатынын, соған Николай II той
жасайтынын, Петербургте жасалатын осы тойға Омскінің губернаторы,–
Итбайды Ақмола облысының қазақтарынан өкіл ғып жіберуге ұйғарғанын,
пакеттегі қағаздың сөзі осы екенін айтып шықты.
– Бұрын да естіп отыр ек, балам,– деді Асқарға Байсақал,– сені қағаз
оқысын деп қана шақырғамыз жоқ, қуанышқа ортақ болсын деп шақырдық.
Кəне, шешін енді!
– Рақмет, ақсақал!– деді Асқар түрегеп,– мен кетем.
Байсақал бірдеме деуге ыңғайланып еді, Итбайдың алая қарауынан
бөгеліп қалды. Асқар шығып кетті.
– Ниетіне жетпес, ол!– деді Итбай Асқар кеткесін. Итбайдың не «ниет»


туралы айтқанын үйдегілер түсінбеді.
Итбайдың «ниет» дегені: оның құлағына: «Асқар Кенжетайдың Бурабай
қаласында оқитын қарындасына қыңрақтайды-мыс» деген сөз шалынған
еді. Бірақ бұл күнге шейін Итбай ол сөзге мəн бермейтін.
Итбайдың ұғымында: біреуге біреудің жақын тартуы – екі жағынын, да
қара басының пайдасына байланысты. Сондай ұғымдағы Итбай:
«Асқардың Кенжетайға жампаңдаудағы мақсаты – оның қарындасын алу»,–
деген бұрынғы солқылдақ ойын енді бекіткендей болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет