Пролетарии всех стран, соединяйтесь!
Членский билет РКП(б)
деген орысша жазу бар. Мұндай билетті Сағит естіген де жоқ еді,
көрген де жоқ еді. «Бұл не кітапша?» деп ішін ашса, қарындашпен қазақша
жазған бос қағаз жүр екен. Сағит оқыды:
«Сағит!– деп жазыпты хатта,– мана тал арасында сізге айтуға ұмытып
кетіппін. Мынау книжка Асқардың партияға мүшелік билеті. Мен босанар
күні түнде кеп ақтар ұстағанда Асқарды сүйрелеп ұрған екен. Мен онда
есімді білмеймін. Билеті төсқалтасында болатын еді. Сүйреп, жұлқылап
жүргенде түсіп қапты. Ертеңінде пəтеріміздің кемпірі тауып маған берді.
Мен сақтадым. Асқар партия билетіне өте сақ еді. Ешкімге ұстатпайтын
еді. Егер Омбыда сізге жолыға к,алса, көре к,алсаңыз, реті келсе табыс
етерсіз. Өте қымбат санайтын билеті еді. Егер жолыға алмасаңыз, реті
келсе өзіме қайтарыңыз, болмаса жоқ қып жіберерсіз. Бұл билетті не иесіне
тапсыруды, иесі табылмаған күнде басқа адам пайдалана алмайтын қылуды
сіздің арыңызға тапсырам жəне қиянат етпес деп сенем.
Ботагөз».
– Орындалады!– деді Сағит, Ботагөз қасында тұрғандай-ақ дыбысын
шығарып.
Сақтап ұстау арына тапсырылған зат болғандықтан Сағит партбилеттің
ішін ашып қарауға да бата алмады. «Өзіне тапсырар күн болса, өз көзінше
бір-ақ көрейін» деп ойлады ол.
Билетпен қосып орамалға түюге, баланың суретін Сағит алақанын
жазып қайта көрді. Бұл жолы баланың суреттегі кескіні манағыдан да шат
сықылданды. Баланың суреті бұл жолы Сағитқа келешекте бір үлкен
қуаныш күткендей кескінмен қарады.
– Егер тапсыра алсам, бұл өте қымбат сый болды,– деп қуанды Сағит,
сурет пен партбилетті орамалға қайта түйіп жатып,– бұл əкесіне сəбидің
сəлемдемесі!..
ҮШІНШІ ТАРАУ
АҚТАРДЫҢ АЗАБЫ
1
«Ботагөз!.. Амантай!..
Екеуіңнің аттарыңды қағазға түсіргеннен кейін аяғына не сөз
қосарымды білмей бірнеше минут дағдарып отырмын. «Сəулем», «жаным»
деген сөздер маған, менің сендерге шын сүйген жүректен шыққан ыстық
лебізімді жеткізе алатын емес. Осы минуттағы менің бойымдағы сезімімді
дəл өзіңдей ғып ұқтыра алатын теңеуді мен қазақ сөзінен де, орыс сөзінен
де таба алмай отырмын. Өзге тілді білмейтінімді өзің білесің.
Нақ осы минутта «əттең не ақын, не жазушы болмаған екем!» деп
өкінемін. Егер олардың бірі болсам – сүйген жүректі жарып шыққан менің
шын жақындық, шын достық, саған шын жарлық, Амантайға шын əкелік
ықыласымды дəл өзіңдей ғып ұқтыратын сөз табар ма едім, қайтер едім?
Мен бұл хатты еркін жерде, қаламымның шамасы келгенше еркін
жазғалы отырмын.
Ең алдымен Амантайыңа құтты болсын айтам! Ұлыңның бауы берік
болсын! Ер жеткенде Амантайдай ер болсын! Шіркін, Амантай... адамның
арыстаны, болат құрыштай берігі еді. Ол есіме түскенде ішім алауланып
кетеді. «Ат тұяғын тай басар» деген мақал бар. Амантай ағайдың орнын
біздің Амантай илаһимда басатын болсын!..
Сен берген аманатты Сағит қолыма аман тапсырды. Саған жолдастың,
достық көңілден мың алғыс. Билетім қалтамда. Амантай мен сенің суретің,
міне, осы хатты жазғанда алдымда сүйеулі тұр. Амантай күлімсіреп түскен
екен. Қалжыңымды айта кетейін: көзі, маңдайы, иегі мен сықылданғанмен
аузы түбінде саған ауып кетер ме екен, қайтер екен?.. Еншілес болғаныңа
бұл ренжуім емес, қуануым!..
Егер Сағит елге аман жетіп, хатты қолыңа тапсырса, қандай жағдайда
жазғанымды ауызша да айтар, дегенмен, болған халды қысқаша баяндай
кетейін.
Н... қаласынан мен Омбыға үш айда зорға жеттім. Үш айда!.. Атпен
жүргеннің өзінде кеп болса – он бес күн жүретін жер. Қандай қиындықпен
келгенімізді осыдан-ақ байқай бер.
Омбыға əйтеуір тірі келдім. Тірі келмегендері де бар. Н... қаласынан
жөнелткенде 80 кісі едік. Қызылжарға отыз бір кісі келдік. Суыққа үсіді
дейтін қыс емес. Айтуға да, еске түсіруге де ауыр!.. Қырық тоғыз кісі жолда
ақтардың қолынан айуандық азаппен өлді. Ішінде – Кузнецов!..
Бізді Қызылжарға əкелген отряд бастығы Алексей Кулаков. Оның
бұйрығы – «күніне он кісіден біреуін ату!» Күнде таңертең қаз-қатар тізіп
қойып, ішімізден оннан біреуді алып шығады да, көзімізше атады. Амал
жоқ. Бəрінен де көрсетіп атқан қиын екен!..
Мынандай бір оқиға болды: Қызылжарға əкетіп баратқан жолда бір күні
таңертең Есілдің жағасына бізді тізіп қойып оннан біреуді ату үшін санай
бастады. Менің оң жағымда Андреев дейтін бір жолдас бар еді. Сол жолдас
Андреев оң қолдан ақтардың солдаттары санап келе жатқанда сасқалақтап,
бірде менің оңыма, бірде солыма шықты. Санақ келіп қалғанда ол өз
орнынан менің орныма тұрып еді, оныншы боп шыға келді. Егер ол
қозғалмағанда кезек маған келеді екен. Бұл сөзді мен: «Андреев өліп, мен
тірі қалдым!» деп қуанғандықтан жазып отырғам жоқ, болған фактыны
айтып жатырмын. Қандай ауыр оқиға!.. Одан басқа да жан түршігетін талай
көріністер болды. Айтуға адамның жүрегі айниды. Адам баласында аңнан
да рахымсыздар кездесетінін мен ақтардың қылығынан көрдім. Бұларда
адамгершілік сана сөніп, айуандық қылық қана қалған. Мұндай
жыртқыштықты адам баласы баяғы күнінде де істемеген шығар!..
Омбы мен Қызылжар арасы жүз сексен шақырым. Жайшылықта поезд
алты сағат жүреді. Біз он екі күн жүрдік. Мен мінген вагонда қырық шақты
кісі болды. Кəдімгі товарный қызыл вагон. Бізден басқа, біздің вагонға
тіркеген он шақты арестант тиеген вагон бар деп естідік. Бірақ олармен
қатынаса алғамыз жоқ. Вагонның есігі күндіз-түні құлыптаулы. Терезесі
жоқ. Жарық түсетін кішкене тесіктің өзіне тақтай шегелеп бекітіп тастады.
Вагон іші түнде түгіл, күндіз күңгірт. Күндіз де, түнде де жарық қылар зат
бермейді. Оттық затты қолға ұстатпайды. Бұл қараңғы «дүниеде» баста
басымыз айналғанмен, артынан көндіктік.
Біраздан кейін бізге батқан жарық емес, ішетін тамақ пен адамның
табиғи қажеттері. Бұл оқиғаны баяндауға сөз табу да қиын!.. Басқа
түскенде адам неге болса да көнеді екен. Ластығы шектен шққан вагон,
əуелі дем алғызбағанмен артынан үйреншікті орын болып кетті.
Үйренбегендер де бар. Мəселен Қызылжар мен Омбы арасында төрт кісі
жынданды. Біреуі неміс, біреуі орыс, бір татар, бір қазақ. Ақтардың
айуандығы сондай: «өтірік жынданды!» деп нанбай, жынданған жолдастар
өздері де азаптанып, бізді де азаптап, адамның жаны түршігетін бейнетпен
өлді... Вагонда ауырып өлген жолдастар да болды. Бірақ, олардың өлімі
жынданып өлген жолдастарға қарағанда той сықылданды.
Омбының станциясында біз вагон ішінде айға жақын тұрдың. Күніне
жейтін тамағымыз – бір тілім шикі к,ара нан мен қайнамаған су. Одан да
күніне бір-ақ кружка береді. Амал нешік, шыдайсың...
Жынданды, ауырып өлді, шығарып əкетіп, к,айтып келмеді... Қысқасы
бір вагондағы қырық шақты кісіден түрмеге тоғыз-ақ кісі бардық. Бұл
октябрьдің бас кезі.
Түрмеде де тəртіп қатты, тамақ аз болғанмен, вагонмен салыстырғанда
үйіміздей болды. Түрменің бір жаманы – адам өте тығыз екен. Жəне
ауырып өліп жатыр екен. Ең көп ауру – қарын сүзек. Оларды қарайтын
дəрігер жоқ. Түрме бастықтары ауруды өлгенде бір-ақ əкетеді.
Біраз күннен кейін мен түрме ішінде санитар боп белгілендім. Содан
кейін ара-тұра конвой қосып, мені түрме начальнигі аптектен ауруларға
дəрі əкелуге жіберетін болды. Далаға шыға, қасыма ерген солдаттардың
тамырын басып байқап, көнбістеу біреуін алдап, бір күні Əбілқасым
Досымжанов деген жолдастың пəтеріне бардым. Сен, ол жігітті білмейтін
шығарсың. Шыққан тегі Көкшетау. Кедейдің баласы. Омбының частный
гимназиясына түсіп, ақшасы болмай оқи алмаған. Көкшетаудың уездік
Совдепіне член болған. Бірақ оны əуелі қамап, артынан босатыпты.
Босатқаннан күдіктеніп, алашордаға ауып кетті ме десем, олай емес екен.
Мені бұрынғы ықласымен қарсы алды. Оның Омбы қаласында Жоламан
деген бір таныс қазағы бар екен. Темір жолдың жұмысшысы. «Пəтеріме
келсең сезікті боларсың, Жоламан үйінде жолығып тұрайық» деп, ол маған
Жоламанның адресін берді.
Сағитты мен сол Жоламанның үйінде кездестірдім. Мен оны таныған
жоқ ем, ол мені таныды. Сəті келіп, бірінші жолыққанның өзінде о л маған
билетімді, Амантай мен сенің суретіңді берді. Ол күнгі қуанышымды мен
саған айтып жеткізе алмаймын. Өзімнің бір қамығып жүрген күнім еді,
абақтыдан босанғандай сезім пайда болып, қазақша айтқанда – төбем көкке
екі елі ғана жетпеді. Тағы да айтам: сурет пен билетті берген саған, оларды
аман тапсырған Сағитқа – шын жолдастың, достық көңілден мың алғыс!..
Сағитқа жетім бала кезінде қарасып едім. Жəне сол кезде өзінен
дəмеленетін едім. Ол дəмемді ақтады. Сол кез¬де біреулер маған: «осыдан
не шығады деп күтесің?» дейтін еді. Мен айтатын ем: «бұл адам болады!»
деп. Айтқаным келді. Келгені емей немене – қандай үлкен жұмысты
орындады! Бұл келешекте будан да үлкен адам болуға тиіс. Бірақ əзірге
жағдайы нашар екен. Егер күніміз туып, Совет өкіметі қайта орнайтын
болса, бұған оқып адам болуға жағдайды жасап бағатын шығармыз... Менің
қатты қуанған бір нəрсем: сенің аман орналасуың. Үйіне апарған жігітті
Сағит сипаттағасын есіме түсті. Кісілігі үлкен жігіт сықылды еді. Ойымнан
шықты. Сағит маған ол үйде қалай тұрғаныңды да айтты. Дұрыс... Шын
жүректен айтам – дұрыс... Орналасқаныңды Сағиттан естігенше «əлде
қайда жүр? Əлде неғып жүр?» деп зəрем жоқ еді. Енді көңілім орнықты.
Менің саған айтарым: егер көлденең кесір кездесіп тиыштығыңды бұзбаса,
сол орыннан қозғалма, амандық болса, көрісетін күн ұзақ болмас.
Ұзақ болмас дейтін себебім: ақтардың газеттерін оқимын. Ақтар
«большевикті қиратып жатырмыз» деп көпіргенмен, ол сөздерінің өтірік
екенін өздерінің газеттерінен көруге болады. Омбыда шығатын Колчак
үкіметінің «Заря» деген газетін оқыған кісі – Колчак үкіметінің жаны
мұрынының ұшында екенін айқын көреді.
Колчак – революциядан бұрын патша үкіметінің теңіз əскеріндегі
генералы. Европаша оны адмирал дейді. 1917 жылдың революциясынан
кейін Сібірде құрылған Уақытша үкіметті, 18 жылдың ноябрінде Колчак
қуып, өзін Россияның ең жоғарғы үкімет бастығымын деп жариялады. Бұл
Колчак – революцияның жəне халық бостандығының жауы. Бұл монархист
– патшашыл. Алашорда адамдары соның етегіне намаз оқиды. Бұл
алашорданың кімнің жоқшысы екенін бұрынғыдан да айқын дəлелдейді.
Үкімет басына Колчак келгеннен кейін коммунистерге қатаңдық
бұрынғыдан көп күшейді. Ол коммунистерге белый террор жариялады.
Оны қазақша түсінікті ғып айтқанда – рахымсыз түрде большевиктерді
қыру деген сөз. Аз күннің ішінде Колчак Совет өкіметін жақтайтын
адамдарды қырып-қ, бағып еді, онымен еңбекші бұқарада революциядан
рух күшейе туспесе, сөнген жоқ.
«Күшейгені емес пе? Декабрьдің 21 күні Омбыда Колчак үкіметіне
қарсы үлкен көтеріліс болды. Көтерілісті басқарушы Омбыда жасырын
жұмыс істеп жүрген большевиктер мен жұмысшылар.
Осы күнге шейін есімде: Бурабайдың школында оқып жүрген баларақ
кезіңде сен менен:
«Телеграф знактарын шығарған кім?» деп сұрағансың. Мен сенің
өзіңнен «ол кім?» деп сұрағанымда: «Америка оқымыстысы – Морзе»
дегенсің. Ол əңгімені еске түсіріп отырғаным: абақтыға жабылған соң біз
телеграфист боп алдық. Морзенің знактарын пайдаланып, түрменің
қабырғасын тықылдату арқылы көрші камерадағы тұтқындармен сөйлесу
оп-оңай боп кетті. Біраздан кейін дағдыланғандығымыз сондай: Морзе
знагын тақылдату арқылы, іш пысқанда көрші камерамен ертегі, жұмбақ
айтысатын болдық.
Осы знак арқылы 21 декабрь күні болатын көтерілісті біз күні бұрын
естіген ек. Түнгі сағат бір кезінде көшеде атыс басталған соң-ақ, көтеріліс
басталғанын білдік.
Көп кешікпей абақтыдан шықтық.
Мақтанғаным емес, мен бұрынғыдай бас қорғағам жоқ. Таң атқанша
атысқан жұмысшы отрядының ішінде бірге жүрдім. Таң ата мен қосылған
отряд атыста азайып, қалдығы қолға түсетін болғасын, «жан сақтаңдар!»
дегенді айтты. Жаңбырдай жауған оқтың астынан аман шығып, қасымда
жүрген жұмысшының қорасына тығылдым. Ол күні сонда жатып, ұзақ
паналай алмайтын болғасын ұрланып, түнде Жоламан үйіне келіп ем, ол
мені бір елеусіз танысының үйіне апарып жасырды. Мен осы хатты сол
үйде жазып отырмын. Əлі ешкім сезген жоқ. Газеттен де оқырсың,
Сағиттан да естірсің, əйткенмен, айта кетейін: бұл көтеріліс Омбы
большевиктеріне де, абақтыдағы большевиктерге де қымбатқа тусті. Міне,
менің алдымда алашорданың «Жас азамат» дейтін газетінің 1919 жылы, 5
январьда шыққан 18 саны. Осы санда «Көлбай, Шаймерден қашып шықты»
деген мақаланы оқы! «661 кісі военно-полевой сотпен атылды,–- деп
жазады газетте Омбыдағы көтеріліс туралы.–31 кісі каторжный жұмысқа
кетті, 12 кісі соғыста өлді...» Бұл, əрине, кемітіп айтқан сан. Атыста өлген
де, сотпен атылған да одан əлденеше рет көп.
Газетте атаман Шайтановтың: «Большевиктерді тыққан ауыл мен
деревняны өртеу керек!» деген бұйрығы бар. Газетке жазбағанмен,
Омбыдан қашқан большевиктерді іздейміз деп аттанған Шайтанов пен
Кулаковтың отрядтары талай ауыл мен деревняның орнында күлін ғана
қалдырғанын естіп отырмыз.
Ботагөз! Мен бұл хатты саған бір күн емес, екі-үш күн отырып жаздым.
Əлі де жазарым көп еді, бірақ қысқартам. Қысқартуыма себеп: жаңа ғана
осы үйге бір күдікті адам келіп кетті. Егер енді бірнеше минутта
тығылмасам – ұсталып қалу қаупі туып отыр. Хатты осымен аяқтаймын.
Міне, төрт-бес минутта мен бұл үйден жылысып шығып, шамам келсе
Жоламан үйіндегі Сағитқа соғып, хатты берем де, одан да тез кетем.
Менің қазіргі минуттағы арманым – осы хатты Сағитқа тапсыру.
Қолына тигізсем, оның қата қылмайтынына сенімім берік.
Ботагөз! Бір есептен қиындыққа шыдап, саған жетуді арман қылып ем,
мұндағы жасырын партия ұйымы маған: «Қайткенмен, майданнан өтіп,
Қызыл əскерге қосыл!» деп ұсынып отыр. Омбыдан аман кетсем, еркін
жүре алатын документ жасап алдым.
Амандық болса, алдағы күзге шейін Қостанай жақтан Қызыл əскермен
бір күні алдыңнан сап ете түсем. Сен сонда біздің əскерді қызыл жалаумен
қарсы ал! Жарай ма?
Өліп қалсам... деген сықылды уайым сөзді мен бұл хатқа жазбаймын.
Мен енді өлуге тиісті емеспін. Қызыл əскерге қосылып, қызыл жұлдызды
берік пен қызыл жағалы шинельді киіп, қызыл туды желбіретіп, қыздыра
айтқан қызыл əскер маршымен сен отырған ауылға кеп, аман-сау түсуге
тиістімін. Сенен өтінішім: мені уайымдама! Жүдеме! Амантайды күт.
Денсаулығыңды
сақта.
Қызыл
жалаулық
матаңды
даярлай
бер.
Қызғалдақтай жайнайтын күнің жақын!
Ал, жаным Ботам! Қош... Амантайды мен үшін сүй!..
Жаныңдай жолдас – Асқар».
Достарыңызбен бөлісу: |