Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет34/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   69
ШАҚПАҚТАС

«Соңғы ши», – деді Айша.

Сөйтіп, соңғы ши екенін растағысы келгендей, əлгі қоңыр бас, бір

тал шөпті жоғары шошайтып көрсетті.

Біз үшеуміз: мен, Құрмаш, Батырхан. – Айшаның бас бармағы мен

сұқ  саусағына  қыстырылып  тұрған  «əулиеге»  табынғандай  болып,

талмай қарадық. Бəлкім, сол сəтте ол бізге əулиеден де артық көрінген

шығар.



Бір  тал  ши.  Ол  –  құдірет.  Тұзымыз  таусылып  қалып  еді,  тұзсыз

тамақ  тамақ  емес.  Бірақ  одан  өлмейсің.  Үн  таусылғалы  қашан.  Бірақ

одан да өлмейді екенсің. Өйткені ұрада қызылша бар. Көп емес, бірақ

əзір бар.

Ал  от  сөніп  қалса  ше?  Шишақпақ,  кəдімгі  кішкентай  қораптағы

шишақпақ таусылып қалса ше? Сірə, бұл қасірет болуы керек. Өйткені

Айша  бізге  еш  уақытта  ұн  таусылып  қалды,  тұз  таусылып  қалды  деп

ескерткен  емес.  Ал  жалғыз  шиді  жоғары  көтеріп  тұрып  көрсетті.

Шишақпақ  деген  Мəшүрдіннің  магазинінде  толып  тұрар  еді.

Мəшүрдін соғысқа кетті. Магазин жабық тұр. Əйтеуір бір кезде дүкен

ашылар.  Бірақ  Мəшүрдін  енді  қайта  келмейді.  Оны  Құдай  орыстың

жерін жаудан қорғап, сол жердің топырағын тыңайту үшін жаратқан.

Оны  орыстар  есінде  сақтай  ма,  сақтамай  ма,  ол  –  иманның  ісі.

Өйткені қазір анда-санда елге, Мыңбұлаққа барғанда байқаймын: «осы

ауылда Мəшүрдін деген азамат болып еді, дүкен ұстап еді» деп ешкім

айтпайды. «Өлдің, Мамай, қор болдың».

Айша  əлгі  шиді  пештің  аузына  апарып,  қораптың  қырына  тақап,

тұтанбай қалмаса екен деп Құдайдан іштей тілегендей, тізерлеп біраз

отырды.

Кеш  батып,  үйдің  іші  қара  көлеңке  тартқан  кез  еді.  Біз  де  бəле

көргенбіз  ғой,  Айшаның  уайымын  айтпай-ақ  түсініп,  құдіреттің,

Құдайдың не екенін білмесек те, тұтанса екен деп, а құдайлап тұрдық.

Ақыры,  от  жарқ  етті.  Пештегі  тамызыққа  тиіп,  жыбыр-жыбыр,

шытыр-шытыр етіп барып, лаулап ала жөнелді.

«Ал енді осы отты өшіріп алмайық», – деді Айша.

Сонда  қалай,  үздіксіз  отын  жаға  береміз  бе?  Оған  отын  шақ  келе

ме?

Айшаның жазда колхоздың қой қорасынан сыпырып алған бір қап



қиы  бар  болатын.  Шешеміз  сол  қидың  қос  уыстайын  жанған  шоқтың

астына көміп, күлін таптап, үстін табамен бастырып тастады.




Таңертең табаны алып, күлді аршып қараса, астында асыл тастай,

лағыл  тастай  қызарып  шоқ  жатыр.  От  пеште  емес,  өзіміздің

жүрегімізде  маздағандай  қуанып  кеттік.  Құдайдың  мұнысына  да

шүкір. Қидың күші. Кəдімгі моп-момақан қойдың құдіреті. Етін, сүтін,

жүнін,  терісін  былай  қойғанда,  қиына  дейін,  құмалағына  дейін  асыл

екен ғой, жарықтық Шопан Ата!

Ал  енді  кейбіреулер  жақтырмаған  топас  адамын  «баран»  дейді.

Қандай əділетсіздік, қандай қасиетсіздік?! Десе, дей берсін, оны мадақ

ретінде  қабылдап,  Шопан  Ата  баласын  кие  тұтып,  əлгі  қойды

қорлаушының  өзін  пүшəйман  ету  керек.  Сондықтан  біреу  саған

«баран»  десе,  сен  оған  «спəсибə»  де.  Ақымақ  болмаса,  түсінеді.

«Қойдың сүті – қорғасын, қойды сөккен – оңбасын!»

Отымыз осылайша көпке дейін үзілген жоқ. Ши сұрап, шоқ сұрап,

ешкімге алақан жаймадық. Бірақ қаптағы қи азайып бара жатыр.

Апыр-ай,  мына  созалаң  соғыста,  адамнан  бастап  бəрі  құрдымға

кеткендей  құрыған  заманда,  тым  болмаса,  кəдімгі  күкірт,  (біреулер

«кеуірт» дейді, енді бір жерде «оттық» дейді, тіпті «шпішке» дейтіндер

де  бар,  ал  Мыңбұлақ,  «шишақпақ»  дейді)  кім  не  десе,  о  десін,  сол

күкірттің зар қылғанын айтсаңшы. о, тоба!

Сөйтсе,  білгіштер  айтады,  сонау  соғыста  дүниенің  тас-талқанын

шығарып  жатқан  сол  күкірт  көрінеді.  Күкірттен  оқ-дəрі  жасайды.

Минаның  жарылатыны  да  содан.  Мұндай  күшті  болар  ма!  Кəдімгі

сасық күкірт. Дүн-дүниені сасытып болды.

О  басында  оқ-дəріні  ойлап  тапқан  адам,  о  дүниеде  тозақ  отына

түсті ме екен, не болды екен? Бəленің бəрі содан тарады ғой. Оқ-дəрі

болмаса,  Еуропаның  қанғыбас  қарақшылары  Американың  байырғы

тұрғындары  –  үндістерді,  жүз  миллион  үндісті  қырып  тастай  алар  ма

еді?  Оқ-дəрі  болмаса,  садақпен,  найзамен  қаруланған  Кенесарыны

патшаның əскерлері жеңе алар ма еді? Зіркілдеген зеңбірекке садақтан

жебе тартқан қайран қазақ.

Ойлап отырсаң, бəрі күкірттің кесірінен.



Жоқ.  Ойлай  түссең,  күкіртте  жазық  жоқ.  Күкіртті  ажал  құралына

айналдырған адам ақымақ, əрі жауыз.

Оттығымыз  сөніп  қалмаса  екен  деп,  а  құдайлап  жүргенімізде,  бір

түні үйіміздің боғат қамысы ызыңдап, терезе сыртында жазда гүлдеп,

қыста  қурап  қалған  қарасора  мен  алабота  суылдап,  пештің  кернейі

уілдеп  қоя  берді.  Бəрі  қосылып,  əлем  оркестрі  жиһан  күйін  талмай

күңірентті.  Кейде  маған  Тəңіртау  бораннан  төңкеріліп,  дөңбекшіп,

жаралы динозаврдай аунақшып, өкіріп, бақырып жатқандай көрінеді.

Əттең,  ол  кезде  əнді,  күйді,  жиналыстардағы  көпірме  көп  сөзді

жазып  алатын  техникалық  құрал  бізде  жоқ  еді.  Енді  ғой,  үйде

диктофон,  магнитофон  деген  неменің  екі-үшеуі  жатыр.  Бірақ

бұрынғыдай  боран  да  жоқ.  Тіпті  пештің  уілдейтін  қуыры  да  жоқ-ау

деймін. О, тоба! Егер сол қырық үшінші жылғы боран жырын жазып

алғанда,  талантты  композитор  табылса,  сəл-пəл  əрлеп,  ғаламдық

ғарыш  симфониясын  тудырар  еді.  Бетховен  жайына  қалар  еді.

Періштелер  мен  диюлар  қосылып,  əлде  арпалысып  əн  салған  түн  де

өтіп,  таң  атты.  Таңның  атқанын  терезенің  ағараңдағанынан  да

аңғардық. Ақ түтектен басқа ештеңе көрінген жоқ. Боран ұрып тұр.

Боран  басылмапты  деп  төсекке  бұғып  жата  бермейсің.  Тірі

адамның  тіршілігі  бар.  Жалғыз  сиырға  шөп  салып,  су  беріп,  астын

тазалау керек. Өзіміз де оразамызды ашсақ деген үмітіміз бар.

Дүниеде  үміттің  үзілгені  жаман.  Бұрынғы  көрген  құқайымыздың

бəрі  айналайын  екен.  Айша  пештің  темір  қақпағын  ашып,  ішіндегі

төңкерілген  табаны  шығарып,  күлді  көсеумен  ары-бері  аршып  еді,

күндегідей қып-қызыл шоқ, лағыл тас көрінбейді. Бəрі сұп-суық, сұп-

сұр күл! Тамызық от жоқ! Лағыл тасты түндегі сақылдаған, бақырған,

шыңғырған диюлар ұрлап алып кетіпті!

Тұңғыш рет үйімізден от үзілді.

−  Түнде  мына  қурап  қалғыр  қуырдың  уілдесі  жаман  еді,  отты

тартып  əкетіпті  ғой,  –  деді  Айша  пештің  қуыры  сыртқа  шығатын

төбеге қарап.



Айша астыңғы ернін тістелеп, басын шайқады. Айша басын тектен-

текке  шайқамайды.  Оны  мен,  біле  -  е  -  емін.  Əсіресе  астыңғы  ернін

тістесе - қи - ы - ын.

Нəметқұл ұста соғып берген көсеуді күлге тағы салды. Күлді тағы

ары-бері аударып көрді. Түк жоқ. Сыртта боран ішін тартып, ышқына

соқты  білем,  өйткені  қуырдан  соққан  жел  күлді  пештің  аузынан  бұрқ

еткізді. Айшаның аузы-басын күл қауып қалды.

Айша  пештің  қақпағын  тарс  еткізіп  жапты  да,  көсеуді  лақтырып

жіберді.  Көсеудің  басындағы  шығыршығы  сылдырлады.  Қайран

Нəметқұл  көкем!  Көсеуден  жай  шымшуыр  жасай  салмай,  сабының

ұшына сəндеп шығыршық салып қоятынын қайтерсің. Қазір қайда, қай

майданда жүр екен? Тірі ме екен?!

Көз  алдыма  Нəметқұл  келе  қалып,  темір  ұста  дүкенінің  көрігін

басып  тұрғандаймын.  Мен  көрікті  басқан  сайын  шоқ  шашырап,  қып-

қызыл от ойнайды. Қайда сол ойнақтаған от?

О, отты сағыну қи - ы - ын.

−  Əй,  –  деді  маған  Айша.  –  Айдалада  ай  қараған  адамдай  неғып

тұрсың? Киін. Баянның үйіне бар. Oт əкел!

Терезеге  қараймын.  Ақ  түтектен  ештеңе  көрінбейді.  Далаға

шығамын-ау деп ойлауым мұң екен, тұла бойым түршігіп, мұздап қоя

берді.

−  Боран  басылатын  шығар,  содан  кейін...  –  деп  міңгірлей  бастап



едім, Айша:

−  Бай  баласы  –  байға  ұқсайды,  байланбаған  тайға  ұқсайды  деп

тұрмысың? Сендей кезінде шолжаңдаса – əкең Мұртаза шолжаңдаған

шығар.  Өйткені  ол  –  бай  баласы.  Ал  саған  не  жоқ?!  Сен  қай  байдың

баласы?  Мына  жалмауыз  заманда  ту  деген  мен  емес  саған.  Бол,

жылдам!



Айша  осы  жерде  қателесті.  Мені  осы  заманда  туған  өзі  емес  пе?

Мен өз еркіммен, өз ықтиярыммен келіппін бе бұл заманға?

Бірақ  Айшамен  салғыласуға  болмайды,  тілімді  тістеп,  тысқа

шықтым. Қолыма шоқ салатын қақандоз алып едім, Айша:

−  Əй,  қақандоздағы  от  тұрмақ,  мына  боран  өзіңді  ұшырып  кетеді.

Шелек ал, үстін таптап, табамен бастыр, – деді.

Сыртқы  есіктің  көзін  үрінді  қар  басып  қалыпты.  Сыртқы  есіктің

ішке  қарай  ашылатыны  қандай  жақсы  болған.  Сыртқа  қарай  ашылар

болса,  қамалып  қалатын  едік.  Əйткенмен,  біздің  осы  үйді  ақылды

адамдар соққан.

Əуелі  есіктің  көзіндегі  қарды  күрекпен  əрең  ашып  алып,  күресін

үйме  қардан  тепкішек  жасап,  ақтаудың  үстіне  шыққандай  болдым.

Кəдімгідей  еңсегей  үйіміз  аласарып,  жан-жағын  тау-тау  қар  басып

қалыпты.


Баянның үйі біздің үйдің батыс жағында. Шамада, жүз елу-екі жүз

метрдей жер. Боран сол жақтан ұрып тұр. Ыққа қарай жүрсең бірсəрі.

Ал  енді  жұлқына  соққан  жынды  боранға  қарсы  жүру  азап.  Басыңды

тұқшитып,  иығыңа  тығасың.  Екі  көзіңді  жұмып  аласың.  Оқша

атқылаған  қар  көз  аштырмайды.  Құдай  абырой  бергенде,  Айшаның

қолы  өнерлі.  Аққоян  құлақшынымның  бауын  алқымдап  байлап,

мойнымды  Айша  тоқыған  бөкебаймен  шаңдып  алғанмын.  Үстімде

Айша  өзі  тіккен  сары  құрақ  мақталы  күпəйке.  Құданың  құдіреті,  осы

кезде сары құрақ мата көбейген. Сөйтсе, соғыста жүрген солдаттардың

киімінен  қалған  сарқыт  екен  ғой.  Матаның  қалған  қиықтарын  құрап,

соны кəдімгідей метрлеп сатады екен. Біздің Борандының базарына да

жеткен  екен.  Күзде  Айша  жұмыртқа  сатып,  май  сатып,  əйтеуір,

əрекеттеп, сол құрақ матадан бір күпəйке тігіп берген. (Үйде өзіміздің

«Zinger»  деген  машинамыз  бар  ғой).  Шалбар  да  мақталы.  Киіздің

сыртын  матамен  қаптап,  сырмалап  байпақ  тігіп  берген.  Байпақтың

сыртында пұшық калош. Қолымда – тері қолғап.

Суықтан  үсіп  өлер  жайым  жоқ.  Бірақ  боран  адым  аштырмайды.

Бетіме  пытырлап  оқ  тиіп  жатқандай  тыз-тыз  етеді.  Майдандағыдан




несі кем?

Ақ бораннан адасып кетер ем, адассаң, сонда өлесің. Бағыма қарай,

Баянның үйі от жағып жатыр-ау деймін: мұрныма түтін иісі келеді. Ақ

түтекте  мұрынға  қармен  бірге  араласып  кірген  түтін  иісінен  артықты

жалғанда  сезген  емеспін.  Кейін-кейін  «Красная  Москвадан»  бастап,

француз  духиына  дейін  иіскеп  көрдім,  бірақ  боранды  күнгі  қой

қиының түтінінің иісіне дүниеде еш жұпар тең келмейді.

Сол түтін мені адастырмай, Баянның үйіне алып барды.

Өлгенде  əрең  жеттім-ау.  Біздің  үйге  ең  жақын  көрші  –  осы  Баян.

Одан  ары  Қаратайдың  үйі,  оның  қарсысында  –  Дүйсенбайдың  үйі.

Тағы  бір  сайдың  ар  жағында  Мамыт  атамның  үйі,  одан  əрірек

Оңғарбай атамның үйі. Ал шығыс жағымызда, Бердімбет сайдың арғы

жағында ел көп. Бірақ мына боранда терең сайдан өту қиямет.

Баянның үйі есігін əрең ашты. Есікті тақылдатып ұрып тұрған адам

екенін,  боран  екенін  айыру  қиын  шығар.  Мұндай  ақ  дауылда  дені

дұрыс  адамдар  далаға  шықпай  өз  үйлерінде  отырады.  Сондықтан

біреу-міреу  келеді  деп  күтпеген  де  болар,  əйтеуір,  сықырлауық  есікті

тоқылдатып,  аузы-мұрныма  сұғанақтана  тығылған  қарға  тұншығып

ұзақ тұрдым.

Əлден уақыттан кейін ауыз үйден:

–  Бұл  кім?  –  деп  сұрады.  Боранбайдың  даусы.  Баянның  тұңғышы.

Менен үш-төрт жас үлкен.

Бұрын бұл елде есік қаққан адамнан «бұл кім?» деп сұрамаушы еді.

Сірə, менің мына келісім шектен тысқары болуы керек.

− Мен – Барсхан.

Есік  ашылды.  Ауыз  үйге  бұрқ  етіп,  боран  менімен  ілесе  кірді.

Түрімнен шошып кеткен болуы керек, Боранбай:



− Адасып жүрсің бе, қайдан жүрсің? – деп қойны-қонышыма сіресе

тығылып қалған қарды сілкілеп түсіре бастады. Қарды қағып, аяғымды

тазалап ішке кірдім.

Даладан  кейін,  мынау  шағын  бөлме  пейіш  сияқты  көрінді.  Жып-

жылы екен. Пеште от жанып тұр, сірə, көң жақса керек.

− Ойбу, байғұс бала, үсіп кете жаздапсың ғой, неғып жүрсің? – деп

Баян бəйек болды.

Құс мұрыны болмаса, түсі жылы, сөзі майда кісі еді, жарықтық.

− Отқа жіберді, – дедім мен аузым икемге келіңкіремей.

−  Апыр-ай,  Айша  да  жүрек  жұтқан  екен,  осындай  жұдырықтай

баланы жұмсап, – деді Баян.

−  Отымыз  өшіп  қалыпты,  оттық  жоқ,  –  дедім  мен  «жұдырықтай

бала» дегенге намыстанып, өзімді өзім болбыратпай ұстауға тырысып.

Он бірдегі бала да жұдырықтай бола ма екен. Менен жасы үлкен болса

да, бойы тапал Боранбай шығар «жұдырықтай».

Барлығы:  Баян,  балалары  Күлəйна,  Қаржаубай,  Күлəндə,  Күлия  –

бəрі жабылып, бір ағаш табақтан, ағаш қасықпен быламық ішіп отыр

екен.  Əдейі  аңдып  келгендей  ыңғайсызданып  қалдым.  Өйткені  бəрі  –

шешесі  шегіртке  тістеп  əкелген  қарлығаштың  балаларына  ұқсап,  бəрі

мойындарын созып, маған тесіле қарап қалыпты.

Баян:

−  Кел,  Барсхан,  быламық  іш,  –  деді.  –  Былайырақ  отыр,  –  деп



Қаржаубайды ығыстырып, маған орын ұсынды.

−  Жаңа  үйден  көже  іштім,  рақмет,  –  деп,  орнымнан  қозғала

қоймадым.

−  Оттарың  өшіп  қалса,  көжеге  қайдан  тоя  қалдың?  Отыр!  –  деді

Баян  бұйыра  сөйлеп.  Сөйлегенде,  қураған  ағашқа  жасыл  жапырақ



бітірердей сөзі мамық, жұмсақ, жып-жылы болушы еді, бұл жолы үні

қатаң шықты. Өтірігімді ұнатпаған болса керек.

Быламық  май  қатқан,  дəмді  екен,  бірер  қасық  ұрттап,  тағы  іше

түскім  келсе  де,  аузымды  алақаныммен  сүртіп,  орнымнан  тұрдым.

Айшаның: «Сұғанақ болма!» – дегені миыма сарт ете қалды.

Шелекке  қи  шоқтан  тамызық  салып,  Айша  айтқандай  үстін

табамен бастырып, далаға шықтым.

Баянның  үйін  айнала  беріп,  ықтан  шыққаным  сол  екен,  гу  -  у  -  у

еткен жел шелекті қолымнан жұлып əкетті. Қаңбақтай домаланып ала

жөнелді.  Қарға  малтығып,  артынан  қуып  келемін.  Жон  арқамнан  жел

итеріп, дедектетіп, өзімді ұшырып барады. Құдай ұрып, құрыған жерім

осы  болды.  Шелекті  əрең  ұстадым:  таба  да  жоқ,  шоқ  та  жоқ,  қар

тығылып қалыпты.

Баянның үйіне тағы қайтып баруға бет жоқ. Шоғын аямас-ау, бірақ

өлім ғой. Боранбай мысқылшыл, елге жаяды. Қыздары да күледі. Баян:

«Бұл  кімге  тартып  осынша  болбырақ  болған?»  –  дейді  ғой.  Ішінен

«Əкең жақсы еді, шеше де ширақ, саған не болған?» – деуі мүмкін ғой.

Қу  шелекті  өз  үйімнің  дəл  алдына  қарға  бойлата  шаншыдым  да,

жон арқамнан итерген желдің ырқына көніп, дедектеп,

Бердімбет  сайдың,  ар  жағына  бір-ақ  шықтым.  Не  өлемін,  не  от

алып қайтамын, атасына нəлет!

Сайдың  арғы  бетінде,  бір  тоғай  шидің  тасасында,  Сəрсенбай

атамыздың кішкентай үйі жəрбиіп тұрады.

Сəрсенбай  –  біздің  ағайынымыз.  Баяғыда  Бердімбет  байдың

жылқысын  баққан,  Əйнек  деген  апамыз  Күнікей  бəйбішенің

қызметінде жүрген. Мұртаза кеткен соң, бұрынғыдай жақындығы жоқ.

Мен  түсіне  бермейтін  бір  себебі  бар.  Сəрсенбай  əмеңгер  болғысы

келген  дей  ме,  Айшаны  алмақшы  болған  дей  ме...  Айша  оған:  «О,

оңбаған Ұлтанқұл!» – десе керек.



Содан қайтып Сəрсенбай біздің үйге жоламайды екен.

Бірақ Əйнек апамыз, жарықтық, бір жапырақ, қағілез кісі еді. Анда-

санда  үйге  келіп:  «Айналайын  мырзаға-ау,  кебін  киген  жоқ  едің,

кебенек киіп кетіп ен, қайда ғана кеттің-ау, аһ!» – деп аңырап алатын.

Мен ес білмейтін екі-үш жасар кезімде, Айша Құрмашқа аяғы ауырлап

жүргенде,  осы  Əйнек  мені  арқасынан  түсірмей  көтеріп  жүреді  екен.

Енді мүлде жат адамдар сияқтымыз.

Мына аласапыран – ақырзаман боранда бұл үйге келмес едім, бірақ

амалым қалмады.

Сəрсенбай  атам  терезенің  алдында  етік  жамап  отыр  екен.

Бойжеткен  екі  қызы:  Бибігүл  мен  Тұйғын  біреуі  ұршық  иіріп,  біреуі

шұлық  тоқып  отыр.  Соғыстағы  əскерге  деп.  Əйнектен  басқасы  маған

лəм деген жоқ. Əйнек:

− Ойбу, үсіп кетіпсің ғой, отқа жақын отыр, – деп, пештің жанынан

орын  ұсынды.  Мен  отырмай,  шаруамды  айттым.  Осылай  да  осылай,

үйде от жоқ. Менің шаруам Сəрсенбай атама арналса да, ол естімеген

болып,  аузына  намдалған  жібі  бар  жуалдызды  тістеп  алып,  етіктің

табанына біз тығып, тұқшыңдап отыра берді.

Əйнек  жұдырықтай  бір  уыс  кемпір  болса  да,  шалына  əлі  əмірі

жүретін болуы керек:

− Тек! Онысы несі? Мына Барсхан азаптың аузынан келіп тұр ғой.

Айдауға  кеткен  əкесінің  жақсылығын  көп  көріп  ең  ғой,  не  көрінді

сонша, бер оттықты! – деді.

Сəрсенбай  етікті  лақтырып  тастап,  тістеуік,  балға,  шеге  салған

қобдишаны  алып,  сақұр-сұқыр  араластырып,  арасынан  асықтай  бір

шақпақ тас, содан соң орақ тістің басын, қара андыздың сабағын алып,

кемпіріне берді, кемпір маған берді.

Одан от шығаратын қандай амал бар, оны қырсық шал айтқан жоқ.

Мейлі,  мынаусына  да  рақмет.  Миы  болса,  өзі  тапсын  амалын  деген

шығар.



Таңертең кеткеннен түс əлетінде үйге əрең жеттім. Түс екенін, əлде

кеш екенін ажыратып болмас, арсылдаған ақ мылтық.

Үйге  кірсем,  Айша  қалың  киініп,  мені  іздеуге  шыққалы  жатыр

екен.  Сірə,  өлді  деген  болуы  керек.  Құрмаш  пен  Батырхан  мені  өліп

қалды ма деген соң, жылап отыр екен.

Айша  ұрса  ма  деп  едім,  ұрыспады.  Қайта  үсті-басымды

шешіндіріп, үсіп кеткен бетімді сипалап, кеудесіне басты.

Тіпті «от қайда?» – деп сұраған да жоқ.

Сонда  мен  Сəрсенбай  шал  берген  аппақ  шақпақ  тасты,  болат

соққышты, қара андызды алып, шақпақ тасты болаттың қырымен шақ-

шақ еткізіп ұрғылап едім, жарқ-жұрқ етіп, шоқ шашырады. Бірақ қара

андыз  тұтанбады.  Қара  андыздың  тұқылын  тасқа  тақай  түсіп,  қысып

ұстап,  тағы  шағып  едім,  тамызықтан  түтін  бұрқ  етті.  Абайлап  үрлеп

көріп едім, көздей болып, қып-қызыл от ойнап шыға келді.

Айша, Құрмаш, Батырхан үшеуі бас салып мені құшақтап, айда кеп

аймаласын.

Сыртта түнек тұрса да біздің оқшау, жалғыз үйге Алланың ақ нұры

жауғандай, үйдің іші, тіпті түкпірдегі ұраға дейін жарқырап кеткендей

болды.

Тасты  аяғымызбен  таптап  жүрміз.  Таста  жан  жоқ  деседі.  Таста



тамыр жоқ деп ғайбаттайды. Сандырақ! Таста от бар. От болса жаны

бар.  Жаным  бар  деп  жүрген  адамдардан  артық.  Өйткені  адам

кеудесіндегі  от  мың  күн  жанып,  бір  күн  өшеді.  Ал  тастың

тамырындағы  от  мəңгілік.  Бірақ  ол  менмұндалап  айқайламайды.

Адамдар  сияқты  мақтанбайды.  Таулардың  өзі,  тіпті  қазір  бораннан

көрінбей тұрған Манас шыңның өзі, бүкіл Тəңіртаудың өзі От перзенті.

Жердің ішек-қарны ақтарылып, от болып бұрқылдағанда таулар туған.

Ал  мына  Сəрсенбай  берген  асықтай  тас  –  біздің  Шақпақ

тауымыздың  бір  қиыршығы.  Оны  Тəңір  біз  өлмесін  деп  жаратқан.



Бірақ  біз  ұмытып  кете  береміз.  Рақметіміз  жоқ,  тəуба  –  тауфиғымыз

жоқ...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет