АЙ ТОЛҒАНДА АБАЙ БОЛ
Ақыл деген асылды Құдай адамдарға тең үлестірмеген. Өмірді де
теңдей етіп бермеген. Марқұм болғандар бəрі бірдей бір тиянақты,
айталық, бəрі бірдей жетпіске жетіп өлмейді ғой. Біреу ерте, біреу кеш
дегендей. Тіпті дүниеге келер-келмес кетіп қалатындар бар, жүзге
жетіп жығылатын бар.
Ақыл да сондай: біреуде аз, біреуде көп. Ал басым көбінікі –
орташа. Ақылы тым көптер де, тым аздар да, орташалар үшін
қалыптан тысқары. Ақылы көптер де жынды, ақылы тым аздар да
жынды. Орташалардың ұғымы сондай. Орташалар басым көпшілік
болғандықтан, олардың пікірі үстем. Көп қорқытады, терең батырады.
Ғылыми тілмен айтқанда: «аномалия». Яғни, халыққа дағдылы
қалыптан шығып кеткен. Алла-Тағала адамдардың бəрінің басына
ноқтаны бір қалыптан шығарған да, ал сол бастың ішіндегі миды
əрқилы жаратқан.
Біздің ауылда да сондай бір «аномальный» адам болды. Жексенбай
əулетінен еді. Бұл əулет тұқымы мол, əулетті ата. Тек соғысқа дейін.
Соғыстан кейін...
Солардың бірі − Иса атты бозым жігіт еді. Иса бізге есептен сабақ
берді. Сонда ол көп болса техникум, яки училище бітірген шығар.
Институтта оқымаған. Ал есепке келгенде, Эйнштейн дер едім. Ол
Эйнштейннің кім екенін де білмеуі мүмкін. Бірақ сол ұлы адамның
туысы сияқты.
Бізге шамалы-ақ уақыт сабақ берді. Əйтеуір, өз басым одан жарты-
ақ жылдай оқыдым. Бесінші класта. Егер оныншыны түгел соның
алдынан оқып шыққанымда, мен де математик болар ма едім, кім
біледі...
Ол программа, бағдарлама дегенді мойындамайтын. Оқыту тəсілі,
əдістемесі мүлде басқа. Мысалы, мені тақтаға шақырады:
− Мұртаза баласы Барсхан! Тақтаға! – дейді.
Шығамын. Қаршыға көз, бүркіт тұмсық, сұсты кісі. Ұзын бойлы.
Бір қырым артық еті жоқ, сымдай тартылған, сұлу адам. Бірақ сұсты.
− Қай жылы, қай күні туылдың? − дейді бірінші сұрағы.
− Мың тоғыз жүз отыз екінші жылы, жиырма сегізінші қыркүйек, −
деймін мен.
− Қай сағатта?
− Оны білмеймін.
− Білмейсің. Əкең сауатты кісі болатын. Жылың, айың, күнің
дұрыс. Бірақ сағатын, минутын жазбаған. Қазақ секунд, минут, сағат
тұрмақ, күнге де, айға да, жылға да мəн бере бермейді. Кеңістік пен
еркіндіктің арқасы. Мейлі, сағатты шартты түрде алайық. Айталық,
Айша жеңгеміз мың тоғыз жүз отыз екінші жылы, қыркүйектің
жиырма сегізі күні, кешкі сағат жетіден жеті минут өткенде босанды
делік. Ал, − деп маған шұқшияды, көздері кірпік қақпайды. − Дəл осы
қазір қай жыл, қай ай, қай күн, қай сағат, қай минут?
− Дəл қазір, − деп терезеге қараймын, балаларға қараймын. Олар
жым-жырт. Тырс етпейді. Басқа мұғалімнің сабағында шошаңдап
отыратын немелер қазір құлаққа ұрған танадай. − Дəл қазір мың тоғыз
жүз қырық төртінші жыл, жиырма сегізінші сəуір... Сағатын, минутын
білмеймін. Сағатым жоқ − деп білегімді көрсетемін.
− Жарайды. Сағатың жоқ. Ал жалпы қолға сағат тақпаған жақсы, −
дейді Иса мұғалім.
− Сағат таққан қолдың неге ұқсайтынын білесіңдер ме? − деп
балаларға қарайды. Ешкім жауап бермейді. − Білмесеңдер, сағат
таққан қол, қарғыбау таққан итке ұқсайды. Жарайды, − деп маған
бұрылады. − Ал Мұртаза баласы Барсхан, сен туған мың тоғыз жүз
отыз екінші жыл, жиырма сегізінші қыркүйек күнгі, кешкі сағат
жетіден жеті минут өткеннен бері, қанша жыл, қанша ай, қанша күн,
қанша сағат, қанша минут өтті? Міне, дəл қазір!
Ал шығарып көр! Табан астында минуты, сағаты, күні тұрмақ,
жылын бірден айту қиын. Ішімнен мың тоғыз жүз қырық төрттен мың
тоғыз жүз отыз екіні алғанда...»
− Он екі жыл... − деймін.
Мұғалім басын шайқап, терезеден Тəңіртауға, одан да асыра
аспанға қарайды. Менің осы мұғалімге таң қалатыным: ұдайы аспанға
қарап, өзінше аузы жыбырлап, өзінен-өзі күбірлеп, көзге көрінбес
əлдекімдермен сөйлесіп жүреді. Міне, қазір де аспанға қарады. Бір
шөкім бұлт жоқ, бір ноқаты жоқ көкпеңбек аспаннан не көреді?
Партада отырған балалар да қағаздарына бірдеңе жазып:
− Он екі.
− Он екі!
− Барсхан дұрыс айтты, − деп жамырайды. Мұғалім терезеден кері
бұрылады.
− Неліктен бəрің бір қалыптан шыққансыңдар? − деп күйзелгендей
болады. − Қайдағы он екі?! Бұл, − деп мені сұқ саусағымен иығымнан
түртіп қалады, − жиырма сегізінші қыркүйекте туған. Ал қазір жиырма
сегізінші сəуір! Бұл он екі жасқа толуы үшін əлі бақандай бес ай бар!
Бес айда бақандай жүз елу күн бар. Əрине, жалпы отыз күннен
алғанда. Ал жүз елу күнде − үш мың алты жүз сағат бар. Үш мың алты
жүз сағатта – екі жүз он алты мың минут бар: екі жүз он алты мың
минутта − он екі миллион тоғыз жүз алпыс мың секунд бар. Дұрыс па?
Иса мұғалім балаларға қарайды. Олар көздері жыпылықтап,
саусақтарымен партаның жиегін ысқылай береді. Біреуі де жауап
берген жоқ. Ал Иса мұғалім болса, жаңағы ми қатырар есептің бəрін
ойланбастан, он секундтің ішінде айтып шықты.
Əлі аң-таңмын. Осы күні компьютер дейтін шықты. Ол кезде оның
өзі тұрмақ, аты да жоқ. Сонда құдіреті күшті Құдай Иса мұғалімнің
басын компьютер етіп жаратқан ба? Бұл қандай алғырлық? Алғырлық
деген сөз аз. Оның аты бөлек. Оны дəл жеткізетін сез де жоқ болуы
мүмкін.
Сөйтіп, есеп мұғалімі біздің əуселемізді, өремізді байқады да:
− Ертеңге тапсырма, − деді. − Əрқайсың өз туған күнін, сағатыңнан
бастап, ертеңгі сабақ басталар минутіне дейін есеп шығарып келіңдер.
Секундін тапсырмай-ақ қояйын, − деп аяды.
Сөйтті де, қоңырау соғылғанға қарамастан, кластан шығып кетті.
Онда журнал деген болмайды. Балалардың аты-жөнін, қайсысы
сабаққа қатысты, қайсысы қатыспады, арада ай өтсе де жатқа біледі.
Кімге, қандай баға қойды − оның бəрін журналсыз-ақ біледі.
Состиып-состиып біз қалдық.
− Мынау бір пəле болды ғой, − деп, Жолдасбек тəмпіш мұрнын
тартып, əлден қиналды. Тапсырма қиын, мұғалім қатал. Орындамасқа,
ойланбасқа шама жоқ.
− Осыны неге əскерге алмайды екен, − деп, Жолдасбек тағы бір
мысық тілеу айтты. Қиналған шығар.
Қиналғанымыз рас. Есепті мен шығара алмадым. Мұғалімнің
айтуынша, менің он екі жасқа толуыма əлі бес ай бар екен. Сол бес
айдың қанша күн, қанша сағат, қанша минут, қанша секунды бар
екенін өзі айтып берді. Ал енді он бір жыл жеті айда қанша күн, қанша
сағат, қанша минут, қанша секунд бар − оған миым жетпеді. Қағазды
ары шимайладым, бері шимайладым, ақыры, басыма біреу сансыз ине
сұққандай, бір темірді бір темірге үйкеп, шиқылдатып жатқандай,
қағаздан да, қаламнан да жерініп, жек көріп, орнымнан тұрып кеттім.
Ертесіне мұғалім:
− Кəне, тапсырманы қайсың орындадың? − дегенде, қол көтерген
біреу де болған жоқ. Бəріміз төмен қарап шұқшидық та қалдық.
Мұғалім өз басын өзі қос қолымен қысып, қалшылдап бара
жатқандай көрінді.
− Мұртаза баласы Барсхан! Сен де ме? − деп маған қасіретке толы
көзімен қадала қарады. Мен орнымнан тұрдым:
− Ағай, шығара алмадым. Басым ауырып кетті, − деп шынымды
айттым.
− Сенің де басың ауыра ма? − деп, енді мені аяп кеткендей болды.
− Есебіне жете алмадым. Əсіресе минуттары мен секундтарына
келгенде, көзімнің алдында от ойнақтап, миымды біреу инемен
шабақтағандай болды.
− Ағай, мұндай есеп программада жоқ қой, кітапта да жоқ.
Адамның миы жетпейтін түпсіз терең, – деп Жолдасбек пысық шықты.
Иса мұғалімнің имектеу құс мұрнының танауы біресе балықтың
желбезегіндей тырсылдап, біресе желі шыққан бүйендей қусырылды.
− Адамның миына жала жаппа! – деді мұғалім ышқынып,
Жолдасбекке заһар шаша қарап. – Əркімнің құдайы адамның басында.
Ми миллиардтаған клеткадан тұрады. Солардың тым құрыса, мыңнан
бірі жұмыс істесе, əрқайсың бас-басыңа пайғамбар болар едіңдер.
Құдай бас болғанда, сол бас сорлатып, ми клеткаларын түгел
оятпайды. Ми клеткаларымыз ұйқыдан түгел оянса, біз қазіргідей
хайуанат қатарынан бір-ақ адым алда жүрмей, ғарышта, басқа
планеталарда жүрер едік. Онда анау батыстағыдай жабайылар соғысы
болмас еді. Соғыс салу, адамдардың бірін-бірі өлтіруі, қан төгуі – сол
жабайылықтан. Неге жабайы? Өйткені адам миының клеткалары түгел
жұмыс істемейді. Сендер де оятпайсыңдар миларыңның клеткаларын!
– деп, Иса мұғалім шыңғырып жіберді. – Оңбаған, жалқаулар!
Мысалы, Мұртаза баласы Барсхан... Өз туған секундынан бастап, дəл
қазіргі секундтқа дейін, қанша секунд екенін есептеп шығара алмайды.
Не деген сұмдық! Əлі тас дəуірінде жүр. – Енді маған жақындап келіп:
– Сен туған секундтан бері, тоқсан тоғыз триллион... Оп-оңай.
Мен қазір Иса мұғалім сонда айтқан цифрлардың құйрығын
ұмытып қалдым. Менің миым ұстап қалатын сан емес! Сонда
Жолдасбек:
− Ағай, басқа планетада адамдар бар ма? – деп əңгіменің арнасын
басқа сайға бұрып жіберді. Қу ғой.
Неге екенін біз қайдан білейік, мұғалім селк ете қалып,
Жолдасбекке оқты көздерімен қарап алып:
− Бар, – деді. – Бір ғана планетада емес. Көбінде бар. Олар бізге бір
кезде келеді. А, бəлкім, келіп те жүрген шығар. Мен солардың келуін
аңсаймын. Мен олармен түсімде сөйлесіп, өңімде іздеймін. Мен
солардың арасында өмір сүргім келеді. Мына сендер сияқты есектің
миын жегендердің арасында жүру азап! Жалпы, жер бетіндегі адам
дегендердің ортасында өмір сүру – азаптың азабы. Бірін-бірі өлтіру,
бірін-бірі тонау, бірін-бірі алдау, бірін-бірі көре алмау, бірін-бірі
ғайбаттау, бірінің үстінен бірі жамандап, жала жауып, арыз жазу...
тілдеу, қандай жиіркенішті?! Сондықтан мен басқа планеталардың
адамдарын үздіге-үздіге күтемін. Əсіресе Ай толғанда ұйықтамай,
далаға шығып, аспанға қараймын да жүремін. Олар Жерге Ай толғанда
ұшып келеді. Түсімде айтқан: Ай толғанда барамыз деп. Сондықтан
ұйықтап, қара басып қалмайын деп сақ жүремін, олар келгенде мен
ұйықтап қалып, жолыға алмасам – онда өлгенім. Қалайда кездестіруім
керек! Айтуым керек оларға: Жер бетінде тəртіп жоқ. Əділдік жоқ деп.
Билікке, байлыққа таласқан озбырлар көп деп. Иман жоқ. Қан төккіш
қарақшылар көп деп. Жер бетіндегі тағы, тағы толып жатқан
жиіркенішті лас қылықтарды оларға түсіндіруім керек. Бəлкім, олар
Жер бетіндегі адамдарды жөнге салар, иманды қылар. Айуандық мінез
өзгеріп, Жер бетіндегі адамдар ақылды болар. Мен оларды сағынып,
аңсап күтемін.
Сөйтіп, біздің Иса мұғалім Жолдасбекке ашуланамын деп, біздің
ойымыз тұрмақ, түсімізге кірмеген сырын айтып қойды.
Бірақ ол сырын біз аса түсінген жоқпыз. Басқа планетада адамдар
бар дегені де сенімсіз. Бар болғанда да олар жерге қалай жетеді?
Жеткенде де Иса олармен қай тілде сөйлеседі? Басқа планеталықтар
Жер бетіндегі адамдарды қалай тəртіпке салмақшы? Мысалы, бізде де,
фашистерде де бомба бар, снаряд бар, автомат бар. Олар бізді қалай
жеңеді?
Осының бəрін мен Иса ағайдан келесі жолы сұраймын ғой деп
жүргенімде, мұғалім аудандағы емханаға түсіп қалыпты. Сол екі
ортада күз келді. Біздің үй Əулиеата жаққа көшіп кетті де, мен
интернатта, институтта көп жыл жүріп, Иса мұғалімді қайтып көре
алмадым.
Ауылға бір келгенімде:
− Иса Қызылордада, – деді.
− Онда неғып жүр? – десем.
− Жындыханада, – деді.
Жүрегіме біреу жуалдыз сұғып алғандай шаншып, сыздап барып
басылды.
Енді бір келгенімде:
− Иса қайтыс болған, – деді.
Ішімнен қатты қайғырдым. Əлі жап-жас еді ғой. Ол жындыханада
жататындай, сонда жатып қайтыс болатындай емес еді ғой. Біз сияқты
пенделерден артық білгені үшін, бізден жүз есе, мың есе асыра ойлай
алатыны үшін де адамды жынды дейтіні несі?
Шынында да, біз əлі топас шығармыз. Иса мұғалім сол
топастықтың құрбаны шығар. Өйткені қабақтай басымыз толған ми
бола тұра, соның төрт-ақ пайызы іске қосылып, басқа жағы ұйықтап
жатады екен ғой.
Иса соның бəрін оятпақшы болды. Оны жұрт жынды деді. Мен
ойлаймын: оны ақылы ауысқандар ауруханасына əдейі тығып тастады.
Ол басқа планетадан келгендерге Жер бетіндегі адамдардың неше
алуан сұмдықтарын айтып қоймасын деп. Жер бетіндегі əділетсіз
тəртіп өзгермесін деп. Ай толғанда, Иса жындыхана төсегінде қол-
аяғы таңулы жатыпты. Далаға шыға алмай қалыпты. Өзі баяғыда
айтқан: оларға жолыға алмасам – өлемін деп.
Исаны біздің адамдар əдейі өлтірді. Былғаныш дүниені басқа əлем
алдында əшкерелемесін деп. Əшкерелесе – əлекке қаласың.
Бірақ басқа планеталықтар біздің жерге бəрібір келеді. Сонда Иса
тіріледі. Келгендер тірілтіп алады. Олардың қолынан бəрі келеді.
Бəрібір əшкере боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |