Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет65/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

АРИГАТО!

Қарашаның  соңы  еді.  Түнімен  түнеріп  тұрған  бұлт  толғағы  жетіп,

таңертең  қар  жауды.  Жаңа  жауған  қар  -  о  да  перзент.  Күнəдан  пəк.

Аппақ.



Адамдар  да  сондай.  Жаңа  туғанда  бəрі  періште.  Өсе  келе,

араларынан неше түрлі шығады. Ақылды да, ақымақ та. Адал да, арам

да...

Əйтсе  де  ақымақтары  басым  ба  деп  қаласың.  Өйткені  төбелесе



береді. Соғыса береді.

Біз  интернаттан  шығып,  Қарахан  күмбезінің  айналасындағы

кішкентай  төмпешіктерді  аралап  өтетін  жіңішке  жалғызаяқ  жолмен

жүреміз. Төмпешіктер жермен-жексен болып кеткендей. Əр төмпешік

бір-бір адам екенін біле бермейміз. Арасында атан жілік Мəмбет батыр

жатқанын  да  сезбейміз.  Иманнан  жырақ,  жабайы  өстік  қой.  Атшабар

базарын  жанап,  Абай  көшесіне  түсіп,  мектепке  кетіп  бара  жатқанда,

алдымыздан кескін-келбеті бөтен бір сап көрінді.

Мен  бірден  таныдым:  жапондық  тұтқындар!  Бұрын  мұндайларды

Шолақтауда көргенмін. Соғыстың құрбандары. Мылтықты қарауылдар

оларды  айдап  өткенше  қарап  тұрдық.  Бастарында  күнқағары  бар

жапырма  кепке.  Үстерінде  сұр  күртке,  сондай  сұр  шалбар.  Ал

аяқтарында  –  ағаш  таға.  Кейбіреуінің  шулығы  бар,  кейбіреуінде  о  да

жоқ. Тек тақтай табан. Жіппен байлап қойған. Соғыстың құрбандары.

Қанша  айтқанмен,  қар  жауып  тұр.  Башпайлары  барбиып,  үсіген

картошкадай домбыққан.

Ал  айдауылдардың  кигені  қарағайдай  қара  етік.  Үстерінде  –

шинелі, бастарында қызыл жұлдызды құлақшын. Яғни, қысқы əскери

форма.

Бірақ  жазда  да,  қыста  да  өзгермейтіні  –  қолдарындағы  автомат.



Тұтқындар түксиген. Айдауылдар сұсты.

Тек  тұтқындардың  біреуі  ғана  бізге  ыржиып  күле  қарады.  Қайдан

көрдім?  Бізге  ымдап,  шылым  сұрады.  Есіме  түсе  кетті:  Шолақтауда,

станса  басында  платформадан  қарағай  түсіріп  жатқан  жапондық

тұтқындар  ше?!  Осы  байғұс  сонда  да  айдауылдан  папирос  сұраймын

деп оңбай таяқ жеген.




Дəл  сол.  Сонда  да  өстіп  ыржиып  күлген.  Таяқ  жесе  де.«Аузың

қанап,  қан  түкіріп  тұрғанда,  біреу:  «не  болды?»  –  деп  сұраса:  «Шие

жеп  едім»,  –  деп  жауап  бер»  деген  өсиет,  сірə,  жапондарда  да  бар

шығар. Мынау сондай. Таяқ жесе де күледі.

Басқа балалар кетіп бара жатса да, мен қалшиып тұрып қалыппын.

Əлгі жапон соны сезгендей маған бұрылып қарады. Əлдене дегендей,

қолымен аспанды сызып көрсетті. Оған тоқтауға болмайды. Ымдап та

болса сөйлеуге рұқсат жоқ.

Абай  көшесінің  бойында,  Атшабардың  астында  жаңа  үй  салынып

жатыр екен. Тұтқындар сонда барып тоқтады.

Кейін  білдім:  ол  сол  кезде  МГБ,  соңынан  КГБ  деп  аталған

мекеменің үйі екен.

Сабақ  үстінде  де  əлгі  жапон  көз  алдымда  көлбеңдеп  тұрып  алды.

Не  деді  өзі?  Аспанды  күншығыстан  күнбатысқа  дейін  саусағымен

сызғылап,  аузынан  түтін  шығарғандай  белгі  берді.  Аузынан  түтін

шығарғандайы түсінікті: темекі сұрағаны. Ал аспанды сызғылағаны...

Ертең күн айналып шыққанда дегені шығар...

Байқамай  қалыппын,  қасыма  Аргуния  апай  келіп  тұр  екен.  Сүп-

сүйрік  сұқ  саусағымен  иегімді  көтеріп,  көзіме  үңіле  қарады.  Саусағы

жып-жылы екен, тұлабойым ду ете қалды.

−  Көзің  тұнып  тұрған  мұң  ғой,  байғұс  бала,  не  ойлап  отырсың?

Əлде біреуді сағындың ба?

− Иə, апай...

− Кімді? Əлде біреуге ғашық болып қалдың ба?

− Əкемді, апай.

− Əкең қайда?

Білмеймін, апай.



Аргуния басымнан сипап тұрып:

−  Сағынған  жүрек  жаман  болмайды,  –  деп  бұрыла  берді.  –  Бірақ

сабақты  да  тыңда.  Біз  қазір  ғана  катод  жөнінде  əңгімеледік.  Ал  сенің

ойың  алыс-алыста,  əкеңді  іздеп  жүрді.  Оны  ойлай  бергенше,  сабақты

ықыласпен тыңдасаң, сағынышың жеңілдейді. Əйтпесе, жүдеп кетесің.

Мен де... сағынамын. Тек сендерге оқу үйретумен ғана, оны уақытша

ұмытамын.

Жан-жағалай  жұмбақ.  Жапон  тұтқын  ымдайды.  Мұғалім  апай

тұспалдайды.  Мен  де  сағынамын  дейді.  Кімді?  «Оны»  деді  ғой.  Ол

кім?  Əлде  күйеуі  ме?  Бірақ  күйеуі  осы  қалада  əжептəуір  қызметкер

деген.  Бек  Абдуллаев  деген.  Оны  мен  көшеде,  Төлен  нағашыммен

бірге  келе  жатқанда  көрдім-ау,  сірə.  Аққұбаша  келген,  көркем,  кербез

жігіт  екен.  Сондай  жары  жанында  болса,  сонда  бұл  тағы  кімді

сағынады?  Оны  мен  кейін-кейін  білдім  ғой.  Əкесі  Алашорда

көсемдерінің  бірі  Жақып  Ақбаев  екен  да.  Оны  ешкімге,  тіпті

қасындағы  күйеуіне  де  айтпаған  шығар.  Əйтпесе,  неге  Ақбаева  емес,

неге  Жақыпова?  Апайдың  небір  қылуетте  жатқан  құпияңды  біліп

қоятын сиқыры бар екен «Əлде біреуді сағындың ба?» – деді-ау.

Əлгі  жапон  тұтқын  көз  алдымнан  кетпей  қойғанда  əкемді

ойлағаным  рас.  Əкем  де  сондай  тұтқын  болды-ау  дедім.  Бірақ  ол

темекі  тартпаушы  еді.  Абақты  үйретпесе.  Қорғансыз  Айшаны,

үрпекбас  үш  балапанды  ойлай-ойлай,  құсадан  шылым  шегіп  кетпесе.

Сонда  əркімнен  темекі  сұрап  телмірмесе.  Олай  да  болуы  мүмкін  ғой.

Енді  жапон  –  тұтқынға  шын  жаным  ашыды.  Ертең  жолыға  қалса,

қалайда  бір  уыс  темекі  тауып  беруім  керек.  Егер  айдауыл  алдырса...

Мектептен  қайтар  жолда  Көк  базарға  бұрылдым.  Базарда  Ержан

бөлемнің  немере  ағасы,  баяғы  Төлек  болыстың  баласы  Ұлан  бар.

Темекі сатады. Екі көзі шоқтай жанып тұрған, төртпақ келген, балуан

тектес, жалынды жан. Бауырмал. Бірақ бірі кем дүние. Құдай оған тіл

бермеген.  Темекі  сатады.  Қалталары  толған  бір  сомдық  болады.

Өйткені  бір  стақан  темекі  –  бір  сом.  Кейде  қасына  барып

сəлемдескенде  маған  ылғи  бір  сом  ұстатады.  Оған  мен  бір  стақан

шекілдеуік  сатып  аламын.  Осы  жолы  да  мыж-мыжы  шыққан  бір

сомдық ұсынды.




Басымды  шайқап,  алмаймын  дедім.  Қапшықтағы  темекіні

көрсеттім.  Содан  бер  деп  ымдадым.  Көздері  шақшиып  кетті.  Бетінің

түктері  тікірейіп  кетті.  Қолдарын,  саусақтарын  көз  ілеспес

жылдамдықпен қимылдатып: «Сен темекі шегуші ме едің? Мойныңды

жұлып  аламын!»  –  деді.  Шыннан  жұлып  алады  екен  деп  зəрем  кетті.

«Жо - жоқ, мен шекпеймін», – деп білгенше ымдап-ақ жатырмын.

Маған  емес,  тұтқын  жапонға  керек  деп  қалай  түсіндіремін?

Мылтық  ұстаған  айдауылды  ыммен  бейнелеген  болдым.  Оның

алдында  бүрсеңдеп  бара  жатқан  жапонды  салған  болдым.  Түсіндіре

алмадым.  Болмаған  соң  дəптерімнің  бір  бетіне:  «Япон.  Плен»  –  деп,

бадырайтып, ірі-ірі етіп жазып көрсеттім.

Қарап-қарап тұрды да, «А - а - а!» – деп айқайлап жіберді.

Екі көзін құйрығынан тартып сықситып, тісін ақсита күлген болып,

өзі  жапонға  ұқсады  да  қалды.  Мен  қуанып  кетіп:  «Иə,  иə»,  –  деп

басымды шұлғи беріппін.

Əлгі  ұрысқаныма  ренжіме  дегендей,  арқамнан  қақты.  Əдетте  бір

стақан  темекі  сиятын  газет  қиындысына  емес,  облыстық  «Сталин

жолы»  газетінің  тұтас  бір  парағын  жыртып  жіберіп,  қос  қабаттап,

қалталап, түбін түйіндеп, уыстап-уыстап, темекіге толтырды да, аузын

мықтап бүктеп, қолыма ұстата салды.

Рахмет ишаратын жасап, кете берейін дегенімде: «А - а - а!» – деп

айқайлады.  Жалт  қарап  едім:  «Өзің  шегіп  қойсаң,  мойныңды  жұлып

аламын!» – деп ымдағанын бірден түсіне қойып: «Жоқ, жоқ, оллаһи -

биллаһи»,  –  дегенді  бірдеңе  етіп  жеткізгендей  болдым-ау  деймін.

Аңқылдап  күлді.  Мылқаулар  күлсе  –  шын  күледі.  Қулығы  жоқ.

Қостөбе  Жаныстағы  Төлек  болыстың  баласы.  «Ақыр  байдың  баласы

аштан өлген» деген заман.

Темекі сатады.

Қар алдымен жапалақтап жауды да, соңынан майдалап, ұлпа ұндай

себеледі. Бұл енді ұзаққа сілтеудің серті еді.




Бөлмедегілер қолымдағы қомақты газет орамасын көріп:

− Ой, бүгін шекілдеуікті оңдырмай алыпсың ғой.

− Əй, бізге де берсеңші.

− Соның бəрін жалғыз өзің қалай тауысасың? – десіп қылқылдады-

ай шетінен. Шынымды айтып:

Бұл шекілдеуік емес, – деймін.

Сенбеді.

− Енді не?

− Не де болса бөліссеңші.

Арамызға кейінірек келіп қосылған Балтабай деген ересек жігіт бар

еді. Сол байқап қойды. Ораманы сыртынан иіскеп:

Темекі ғой, – деді.

−  Бұл  Барсхан  енді  темекі  шегетін  болған  ба?  –  деп  қарашай

Хасболат  гүрілдеді.  Аюдай  төңкеріліп,  төсегінің  үстінен  маған  алара

қарады. Көзі жаман. Шаршаған өгіздің əлемді жеккөре қарағанындай.

−  Ауылдан  ағам  сұратқан  екен,  соныкі,  –  дедім.  Балтабай  газеттің

орамасын ашып, темекіден бір шөкім шымшылап алып:

− Дəмі қандай екен, – деді.

Қалтасынан  дайын  газет  қиындысын  шығарып,  темекіні  орап,

шишақпақ тұтатып, ащы түтінді бұрқырата бастады.

− Комнатада тартуға болмайды! – деп гүж ете қалды Хасболат.

− Далада қар жауып тұр, – деді Балтабай. Хасболаттың койкасынан

ары, Сойдақтістің іргесіндегі дəу қара пештің қақпағын ашып, шоқиып

отырып, түтінді пештің ішіне жіберді.




Енді ұрыспайсыз, басеке, – деп Хасболатқа қарап күліп қойды.

−  Сен  өзің  темекіні  бұрыннан  тартатын  қу  екенсің.  Мыналарға

үйрететін болдың ғой, – деп Хасболат біз жақты меңзеді.

−  Нағыз  еркек  темекі  шегеді.  Əйтпесе,  қыздар  қарамайды,  –  деп

тойтарды Балтабай.

−  Онда  əкелші,  мен  де  бір  сорайын,  –  деп  Сойдақтіс  орнынан

сүйретіліп түрегелді.

− Қыздан аузыңның салуы болмай жүр еді, тарт, байғұс, тарт, – деп

Сайыпқожа сарт ете қалды.

Сойдақтіс  қомағайлығына  басып,  түтінді  ішіне  көбірек  сіміріп

жіберсе  керек,  жөтеліп,  қақалып-шашалып,  көгеріп,  өліп  қала

жаздады.


Сайыпқожаға Құдай берді:

− О, сорлы, енді саған қырық жерден айттырсаң да қыз жоқ, – деп

көзінен жас аққанша күлді дейсің.

Мықты болсаң, өзің шегіп көрші, – деп ақсиды Сойдақтіс.

− Е, шексе несі бар, сен сияқты кеуек дейсің бе, – деп Сайыпқожа

Балтабайдан  шылымды  алып,  бір  сорып,  жайлап  қана  түтінін

сыздықтатып шығарып жіберді.

− Əне, қақалған да жоқпын, сен құсап шашалған да жоқпын.

− О, арам, ішіңе тартқан жоқсың, – деп Сойдақтіс бой бермейді.

−  Ішке  тартып,  сен  сияқты  қомағай,  обыр  дейсің  бе,  қыздарға

қырындау үшін, əшейін аузыңнан түтін шығарсаң болды.

−  Трубка  мира!  –  деді.  –  Білесіңдер  ғой,  кинода  үндістер  трубка

мира  тартады.  Ол  айнымас  достықтың  белгісі.  Кəне,  достығымыз

үшін, – деп Хасболатқа да ұсынып еді. Ол көнбей қойды.




−  Темекі  –  сайтанның  сідігінен  шығады.  Жоғалт  əрі!  –  деп  өгіз

көзін алартты.

Осындай  гу  -  гу,  ду  -  думен  байқамаппыз,  қарашаның  қысқа  күні

əлдеқашан батып, қараңғылық түсіп қалған екен.

Есік ашылып, кешкі суықтың буымен бірге серейіп, бөлмеге біреу

кіріп келді. Завинтернаттың өзі! Сілейдік те қалдық.

Қасқа маңдай. Бұйра шаш. Иығында – венгерка, галифе шалбардың

қалтасында қос қолы. Қырым етік. Ертектегі жалғыз кезді дəу сияқты.

Бұтымызға тышып қоя жаздадық.

− Топор можно вешать! – деп саңқ етті. – Айда, тез далаға шық!

Біреулер  тұқшыңдап,  койканың  астынан  бəтіңкелерін  іздей  бастап

еді:


− Киме! Қалай тұрсаң – солай шық!

Көйлекшең,  кейбірі  жалаңаяқ,  кейбірі  дамбалшаң  сүмірейіп-

сүмірейіп далаға шықтық.

Кар тобықтан асып кетіпті. Асхананың алдында тізіліп тұрмыз.

− Кəне, айтыңдар: кім шекті шылымды?

Үн жоқ. Қар жауып тұр. Оның бетімізді аймалап, жабыса түскенін

байқаймыз. Сүйіскен сияқты.

− Айтпасаңдар, тұрыңдар! – деді де, өз үйіне кірді де кетті.

− Ей, Барсхан, айтсаңызшы, бəрін бүлдірген сен! – деп гүжілдеді

Бегомот.


Хасболат.  Дəл  қазір  əсіресе  бегомотқа  өте-мөте  ұқсайды.  Іш-

киіммен, жейде-дамбалшаң тұр. – Саған бола, бəріміз үсіп өлеміз бе?




− Мен емес шеккен. Темекі ағамның аманаты.

− Барсханда кінə жоқ, – деді Сайыпқожа. – Жаңа ғана Трубка мира

деп келіскенбіз. Бір-бірімізді сатпаймыз.

−  Трубкаң  құрып  кетсін,  мен  трубка  тартқан  жоқпын,  –  деп

ашуланды Бегомот-Хасболат. Үйден қақырынып өзі шықты.

− Айтасыңдар ма? Кім шекті?

Үн жоқ.

Өзі  қайтадан  бұрылып,  үйіне  қарай  беттей  бергенде,  Бегомот  –

Хасболат:

− Ағай, ағай, – деп қалды.

Ақыры  жеңіске  жеткеніне  масаттанғандай,  өзі  паңдана  кері

бұрылды.


− Ал, айт.

Бегомот-Хасболат  оң,  қолын  ербеңдетіп,  тұтығып,  сөйлей  алмай

булықты да қалды. Біреу буындырғандай бет-аузы долырып кетті.

− Не болды? Айт. Тілің күрмеліп қалды ма?

Ағай, ол, ол, ол... Ба - ба... Барсхан.

«Енді құрыдым. Интернаттан шығарып жіберетін болды», – дедім.

Ай, ит - ай, бегомот-ай, сатқын екенсің ғой.

Жалаңаяқ  қар  үстінде  тұрсам  да  табаным  қызып,  тұлабойым

өртеніп бара жатқандай болды. Бегомоттың дəлелі бар: газетке ораулы

темекі қобдишаның ішінде жатыр.

Бегомот  айтса,  завинтернат  қазір  барып  тауып  алады.  Құрыды

деген сол!




−  Ағай,  –  деген  дауысқа  жалт  қарасам,  Балтабай  екен,  –  Ағай,

шылым шеккен мен, мен едім.

−  Бəсе,  өзім  де  солай  ойлап  едім.  Кейін  келсең  де  кесірлі  ала  тай

екенсің ғой. Сен қал, – Сапқа қарап. – Басқаларың – разойдись! – деді

завинтернат.

* * *


Таңғы аяз кəдімгідей зəрлі екен. Аяғымыздың асты қаршылдайды.

Көп  баланың  аяғынан  шыққан  кардан  Қарахан  əулие  күмбезі

жаңғырығып тұрғандай.

Атшабардың  тұсынан  өте  бере,  басқалардан  қалыңқырап,  жан-

жағыма қарап келемін. Тұтқын жапондар жолықпаса, қойныма тыққан

қу  темекіні  қайда  тастаймын?  Мектепке  алып  кіруге  болмайды  ғой.

Жаздағы  жасыл  жапырақтарынан  айырылып,  түндегі  біз  құсап,  тыр

жалаңаш  қалған  теректің  түбіне  газетке  ораулы  темекіні  тастай

салмақшы едім...

Билікөл көшесі жақтан көп қаршылдың дыбысы естілді. Айдаудағы

тұтқындар  екен.  Ауыздарынан  бу  бұрқырайды.  Балалардан  қалып

қойып, əлгі жалаңаш теректің тасасында күтіп тұрдым.

Жалаңаяқ  жапондар  бастарын  кегжитіп,  аспаннан  ғана  жақсылық

күткендей  көкке  қарап,  тұсымнан  өте  берді.  Менің  келетінімді,

тосатынымды  сезгендей,  кешегі  күлекеш  жапон  саптан  сəл

шығыңқырап, маған қол созды. Қойнымдағы ораманы ұсына бергенім

сол еді, айдауылдың аждаһадай даусы шаңқ ете қалды.

Бере салып, тұра кеп қаштым.

Алыстан  аңғарғаным:  айдауыл  ораманы  жапоннан  тартып  алып,

ішіндегі темекіні теректің түбіне шашып-шашып жіберді.

«Есіл  еңбегім-ай»,  –  дедім.  Жапон  байғұс  тоңқаңдап,  қар  үстінен

бір  уысын  қармап  ала  бергенде,  айдауыл  оны  автоматтың  дүмімен




түйіп  кеп  қалды.  Тұтқын  бір  домалап  барып  орнынан  тұрып,  мен

кеткен жаққа қарап:

− Аригато! Аригато! Аригато! – деп үш қайтара айқай салды.

−  Аригато  -  о  -  о!  –  деп  қарға  шоқиып  отыра  кетіп,  быламық  ақ

ұлпа себелеп тұрған тұнжыр аспанға қолдарын жайып жіберді.

Аспаннан не тіледі?

Шоқиып отырып, аспанға қарап ұлыған Көк бөрі...

Не дегенін түсінбесем де, сол Аригато миымда жатталып қалды.

Жапондарға жақын ғой деп кейін бір кəрістен сұрасам:

Рахмет дегені, – деді.

Рахмет  кімге?  Маған  ба?  Əлде  қандай  қорлық  көрсетсе  де  Көк

Тəңірден күдер үзбегені ме?

Осыны өмір бойы ойлап келемін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет