СОЙДАҚТІСТІҢ ҚЫЗҒА ҚЫРЫНДАУЫ
Класта маңдайға біткен үш-ақ. қыз бар. Неге екенін білмеймін, аз.
Жиырмадан астам ұл баланың арасында үш-ақ қыз болуы жұтаңдық,
Сірə, соғыстан аман-сау қайтқан азаматтар фашистерді қырып келіп,
енді қыздарға қырғидай тиген кез бе, кім біледі?!
Арасында шыбыштары аз кілең текешіктер бір-бірімен сүзісіп,
азып-тозып, берекесі кетпей ме? Қызы жоқ жердің қызығы жоқ.
Үшеудің біреуі Махпуза дейтін өзбек қызы. Ол əрине, үйінен келіп
оқиды. Дене бітімі топ-толық, аса асып бара жатқан ажарлы да емес,
біртоға, оқудан гөрі, үй шаруашылығына лайықтылау, орташа оқитын
шəкірт.
Екіншісі – Жəмила, қыз қылығы шамалы, қазақы, қарабайыр.
Сабақты нашар оқиды. Əсіресе Хабибат Абубакированың жынын
келтіретін қилы-қилы қасиеті бар.
Ал Гүлнəрдың жөні бөлек. Аққұбаша келген, əдемі қыз.
Əдемілігі – алып-жұлып бара жатқан сұлулығында емес. Клеопатра
ол емес, əрине. Бірақ құрығырдың ерекше бір қылығы бар. Ойнақшып
тұрады. Еркелейтін назы бар. Жалт етіп бір қарағанда жүрегің бүлк ете
түседі. Мен еркекпін, жігітпін деп жүргендердің бəрі одан дəмелі.
Бірақ біздің кластың сорына қарай, Гүлнəр бұл кластан ешкімді
менсінбейді. Оныншы класта оқитын Төлепалды деген жігітпен
əмпей-жəмпей деген өсек бар. Төлепалды-интернатта. Ал Гүлнəр
қаланың қызы. Қарабақыр дейтін көшенің бойында. Төлепалды үздік
оқитын көрінеді. Алтын медальдің иегері сол болар деген сөз жүр.
Белсенді. Тіпті, комсомолдың көсемі де сол ма, қалай? Жиналыс болса,
сол сөйлейді. Жұқалтаң еріндері бір-біріне жұқпай сусиды. Құдай
кейбіреулерге сондай талант беріп қояды. Бірақ бізге, тоғызыншы
кластың балаларына шекесінен қарайтын менмендігі бар, тəкаппарлау
жігіт.
Онысына біздің класс ызалы. Əсіресе біздің Ертай. Яғни,
Сойдақтіс. Біз бөлмеде он баламыз. Қатар-қатар он төсек. Оныншы
төсектің жанында, қабырғаға жапсырыла қампиған дəу қара, қаңылтыр
пеш. Ертай Сойдақтістің темір төсегі сол пештің жанында. Одан бері
қарай Хасболаттың төсегі. Ертай түнде аунақшып жатады. Тыныш
таппай аунақшиды. Əм қорылдайды. Денесі ауыр. Содан темір торлы
койка зар илеп жылайды. Оған қорыл қосылады. Сонда қарашай
Хасболат даусы гүрілдеп:
− Əй, Сойдақтіс, тыныш жатсаң болмай ма?! – деп, шыдай алмай,
койканың шетінде дөңкиіп отырады. Бəріміз оянып кетеміз. Əлдекім
шам жағады.
− Мүсілім Қонақовичке айтып, басқа бөлмеге көшірту керек
Сойдақтісті, – деп шаңқылдайды ұйқылы-ояу Əлтай.
− Əлтай дұрыс айтады, – деп қостайды Ақтай.
− Əй, өңшең тайлар, таяқ жейін демесең, жап ауыздарыңды, – деп
Сойдақтіс гүжілдейді.
Бірақ Сойдақтісті қостаушы табыла қоймайды. Тоғыз бала бір жақ,
Сойдақтіс бір жақ.
− Өзің де тайсың ғой, Ертай, а, айтпақшы, Сойдақтіс екенсің ғой,
кешір, – деп шымшылайды Ақтай.
− Əй, Қодық, сені бір-ақ қолыммен көтеріп алып, көшеге лақтырып
жіберем, – деп қорқытады Ертай.
Сонда барып, жастықтан басымды мен көтеремін.
− Кім ол Қодықты бір қолымен лақтырып жіберетін?
Орнымнан тұрамын. Сойдақтістің қасына қарай еріне басып,
есінеп қойып, шалт қимылмен алқымынан ала түсемін. Қылқынып,
беті барбиып, көзі аларып бара жатады. Балалар жабылып жатып
ажыратады.
Сойдақтіс қорбиған дəу болғанымен қопал.
− Атаңа нəлет Маңтөбет, – деп күбірлейді. Онысын естіп қойып,
қайтадан бұрыламын. Ертай қапы қалмайын деп, ұзын қолдарын
ербеңдетіп, бетін жасқайды.
− Қане, қайтала, не дедің? Естіртіп айт, жаман қатын құсап, ерніңді
жыбырлатпай!
− Жалғыз мен емес, осылардың бəрі айтады.
Онысы рас. Сыртымнан Маңтөбет дейтін көрінеді.
− Осы бір-бірімізді қорлап атауды қояйықшы, Құдай үшін, – деп
қарашай Хасболат жалынады.
Оның да өз аты бар. Бегомот. Десе дегендей – сеп-семіз. Не жеп
семіретіні белгісіз.
− Хасболат дұрыс айтады, – деп қостайды Тұмсық. Шын аты
Мақан. Бірақ мұрнын көтеріп, өзінше кісімсіп жүретін болған соң
Тұмсық аталып кеткен.
− Ал енді, мына Ертайды қайтеміз? – деп қарашай Хасболат
əңгімені қайтадан қоздырды.
− Басқа бөлмеге ауыссын, – деп шіңкілдейді Əлтай.
− Дұрыс.
− Дұрыс.
Бəрі бірауызды. Ертай саса бастайды. Бұрынғыдай емес. Көп
қорқытады, терең батырады.
− Мені түсінсеңдерші, бауырларым-ау. Енді бəріміз бір үйдің
баласындай болып кеттік қой. Сендерден жасыратын не бар? Ұйықтай
алмаймын...
− Ұйықтасаң қорылдайсың, – дейді Хасболат.
− Ұйықтай алмайтыным – көз алдымда тұрады да қояды.
− Кім? Шайтан ба? – деді бадырақ көз Тəліп.
− Ғашық қой, – дейді Тұмсық мұрнын көтеріп қойып.
«Ғашық» деген сөз – ем. Оның құдіреті бар. Жаңа ғана бөлмеден
Ертайды қуып жібермекші болғандар, енді оны есіркегендей болады.
− Кім-ей ол, ұйқыңды алған ғашығың? – деп Сайыпқожа қағытады.
− Махаббатпен ойнауға болмайды. Ол серьезный мəселе, – дейді
қарашай Хасболат саусағын шошайтып, – Оған күлмеңдер. Өз
бастарыңа да келеді. Қайта қолдан келсе көмектесу керек.
− Қалай? – дейді Ақтай.
− Мен шамалаймын, мұның ғашығы – Гүлнəр, – дейді қарашай
Хасболат. – Мен байқап жүрмін.
− Ой, Гүлнəрдің жігіті бар ғой.
− Бола берсін. Ол жігітті Гүлнəрға қайтып жоламайтындай етеміз, –
деймін мен. – Əуелі шыннан Гүлнəр ма, соны анықтап алайық. Ей,
Ертай! Гүлнəр ма?
Ертай елжіреп кеткендей кемсендеп, темен қарап басын изейді.
Шыннан ғашық екеніне енді ақиқат көзіміз жеткендей.
Ал бірақ ойша Ертай мен Гүлнəрды қатар отырғызып, көз алдыма
елестеткім келеді. Мысалы, қорбиған аюға елеңдеп тұрған елікті
қосақтауға бола ма? Мүмкін бе?
Сөйтсе де, баяғыда, біздің Мыңбұлақта, Мұртазадан қалған үйде,
қыстың ұзақ түнінде, үрпек балапандай үш балаға Айша айтатын
əңгіме ше. Айшаның айтуы бойынша, бір жап-жас бүлдіршін қызды
бір түнде аю алып қашып кетеді. Ауыл-аймақ у-шу болып, қызды
іздейді. Ақыры Тəңіртаудың Ақсу-Жабағылы жағынан табылады.
Адам аяғы баспаған шатқалдың құж-құж тастарының тасасында
аюдың үңгірі бар екен.
Үңгір – аюдың үйі екен.
Көп адам қойсын ба, аюды тірідей ақыртып, байлап-матап тастап,
енді өлтірейін десе, əлгі қыз жалынып жылайды дейді.
− Аю, аю, аю еді, Аю да болса байым еді, – деп.
Мынау да сол сияқты болып жүрмесін. Қыз шіркіннің қыр-сырын
кім біліп болған? Бəлкім, сырттай бəлсінгенмен, Ертайды Гүлнəр
ұнатып та қалар. Жалпы, бұл істе өлермендік керек. Жасық болсаң –
саған жапалақ та тимейді.
− Өзің былай, ол қызбен оңаша сөйлесіп көрдің бе? – деймін
Ертайға.
− Біртүрлі бата алмаймын...
− Онда хат жаз, – деді Уəли білгішсініп.
− Парталас отырып, бір-біріне хат жаза ма? – деп гүж етті
Хасболат.
− Өлеңмен жазса əсерлі болады, – деп қутың етті Сайыпқожа.
− Барсхан қабырға газетіне өлең жариялап жүр ғой. Сол сенің
атыңнан жазып берсін.
− Дұрыс, дұрыс, – десті басқалар қызық көріп. Гүлнəрды алайын
деп жүрген мен емес, қалай жазамын? Жазбаймын деп тағы айта
алмайсың. Жаманды-жақсылы «ақын» деген атым бар. Класс ақыны.
Сонда не деймін? Есіме Ералы қойшының боза жорада Ханшайым
деген келіншекке айтқаны түсе кетті. Соны сəл-пəл өзгертіп, отыра
қалып, бірауыз өлең шығардым.
Гүлнəржан, айналайын айдан аппақ,
Қасыңнан шыға алмаймын айналақтап.
Ұйқы жоқ, төсегімде аунақшимын,
Сені ойлап, тегіс жерде тайғанақтап..
− Өй, қатып кетті-ей, – деп Сайыпқожа қол шапалақтады. Уəли
салмақтылық танытып, редакторлығын істеп:
− Жоқ, бұл кəдімгі қара өлең. Абайша бірдеңе табу керек, – деді. –
Мысалы: «Қор болды, жаным, сенсіз де менің күнім...» деген сияқты.
− Е, елдің бəрі Абай дейсің бе, – деп Сайыпқожа көнбеді.
− Қызға өлеңмен хат жазу – ескіліктің қалдығы, – деді қарашай
Хасболат гүжілдеп. – Қызбен жақындасып, көңіл білдіру үшін
батылдық керек. Ашып айт, шапаныңды шешіп алмайды ғой. Койканы
қиқылдатып дөңбекши бергенше, мəселенің басын біржолата шешіп
ал.
Сойдақтістің басы үлкен. Ол аз болғандай шашы тікірейіп тұрады.
Тікірейген шашын ары-бері ұйпалап:
− Онда мен тура қазір кірісемін, – деді.
− Қалайша? – деп таңғалдық.
− Оу, түн іші ғой...
− Мен оның жататын бөлмесін де білемін. Жалғыз жатады. Тек
қорасында иті бар.
− Итке нан алып алайық, – деп лыпылдап қалды Сайыпқожа бір
қызықтан дəмеленіп.
Сонымен не керек, бір топ бала Сойдақтістің түнгі жорығына
ілеспек болдық. Келіспеген тек Хасболат пен Тəліп қана. Ілеспеді.
Ауладан шығып, Қарабақыр көшесі қайдасың деп андыздап келеміз.
Түн ішінде көшеде кездескен бірлі-жарым адамдар бізді көріп,
жанталаса безіп береді.
Ертай дегенмен ер көңілді жігіт. Намыс бар. Жақсы оқитыны да
рас. Бірақ бəрібір – «Сойдақтіс». Құдай қылса қайтесің, мақтаншақ.
Сол намыс, əрі арыны басылмаған мақтангер мінез оны осы жолға
бастауын бастап алып шықса да, Қарабақырдағы Гүлнəрдің үйіне
жақындаған сайын Сойдақтістің адымы қысқара бастады. Тоқтап:
− Əй, жігіттер, осы қалай болар екен? – деп күмілжіді.
− Өй, сен өзің... есің дұрыс па?! – деп шап ете қалды Сайыпқожа. –
Онда бізді төсектен тұрғызып, несіне сарсаңға салдың, а?
− Шешінген судан тайынбас, жүр, айда, – деді Əлтай.
Үйдің іргесіне келгенде бəріміз жым болдық. Қорғаны биік екен.
Домбаздап соққан дуал. Кісі бойы жетпейді. Көк қақпа
құлыптаулы. Айнала – жым-жырт. Тек дуалдың сыртында бөтен
адамдардың тұрғанын сезіп қалған іштегі ит екі рет арс-арс етті. Əлтай
қолындағы дорбадан нан алып, дуалдан асыра лақтырды.
Əлтай əлгінде:
− Əттең., күшəла жоқ. Нанға күшəла берсе, сеспей қатар еді, –
деген.
Сірə, мына ит күшəласыз-ақ құр нанның өзіне риза болғандай,
үрмеді. Сонда Сайыпқожа:
− Ал нартəуекел, кəне дуалға асыл, біз аяғыңнан көтереміз, – деді
Сойдақтіске. – Барсхан, сенің күшің бар ғой, иығыңды тос.
Шөкелеп отыра бердім. Сойдақтіс иығыма аяғын сала бере, екі
тізем бүгіліп, шөктім де қалдым. Сойдақтіс жалп етіп, шалқасынан
құлады. Ит тағы үрді. Əлтай тағы нан лақтырды.
Енді Сайыпқожа екеуміз Сойдақтісті екі бұтынан көтеріп,
қалғандары құйрығынан итеріп, дуалдың ернеуіне қолын іліндірдік-ау,
əйтеуір.
Сойдақтіс дуалға атша мініп, отырып алды. Ауланың ішіне көз
салып, тың тыңдады. Бізге «тыныш», «сөйлемеңдер» дегендей, қолын
ербеңдетті.
− Гүлнəрдің бөлмесінде əлсіреген шам жарығы бар, – деді бізге
басын бұрып сыбырлап.
− Е, онда тіпті жақсы, шошытып алма, – деп жанықтырды
Сайыпқожа. Сойдақтіс ары қарай қалай түсерін білмей, жүрексініп
отырып алды. Əлтай оған дорбадан тағы бір тілім нан алып берді.
− Итке, – деп сыбырлады.
− Ит шоқиып отыр, – деді Сойдақтіс. – Дəу ит, атаңа нəлет.
− Таста нанды, – деді Əлтай.
Айтқанын істеп, Сойдақтіс екі аяғын да дуалдың ар жағына
аударып, қос қолымен ернеуден ажырамай, асылды да қалды.
Осы кезде ит иттігін істеп, арс-арс етіп алып, арт жағын ырылға,
құмыққан ырылға айналдырды.
Иттің адамдардан айырмашылығы – пара дегенді түсінбейді екен,
мойындамайды екен. Қанша нан жеді, бірақ ымыраға келмеді, атасына
нəлет.
− Ойбай! – деді Сойдақтіс. – Тартыңдар қолымнан!
Жабылып жатып, əрең тартып алдық.
− Бұл қайсы, ей? – деген дауыс шықты іш жақтан.
− Мылтықты əкел! – деді əлдекімге.
Тұра кеп қаштық. Мылтық даусы гүрс етіп, түнгі Əулиеатаны бір
селк еткізді.
Безіп келеміз.
Қарабақырдың шаңдақ көшесін борандатып келеміз. Едəуір ұзап
кеткен соң есімізді жиып, артта қалып қойған Сойдақтісті күтіп алдық.
Интернат берген шалбардың бір балағы жоқ. Балтыры қан-қан.
Интернаттың іргесін жалап ағып жатқан ботана сумен батырдың
балтырын жудық.
− Спирт керек, – деді білгішсінген Сайыпқожа.
− Спирт қайда? Сен осының бəрін жанықтырған. Оңбаған Жантық!
– деп Сайыпқожаны ішінен ыңқ еткізіп бір тептім. Ішін басып, отырып
қалды.
Қапаланып, түнгі аспанға қарасам, толған Ай бұйра бұлттан
шығып, күлімсіреп тұр екен. Біздің бұл қылығымызға күліп тұрған
сияқты. «Біз ұрлық қылғанда, Ай жарық болды» деген осы екен-ау
дедім.
Ай бірақ: «Е, балақайлар, бозбала дəурен бақбақтың үлпілдегі
сияқты. Ойнамасаң, күлмесең, бұл дүние неге керек» деп
сыбырлағандай болды. Кейін-кейін, айта-айта жүретін бірдеңе болуы
керек қой...
Достарыңызбен бөлісу: |