БАҚА ЖҰТҚАН ЖЫЛАН
Дүниенің дидары сан қилы. Түгел білігі болған ешкім жоқ. Əлде
сағым, əлде сынап. Аспараның мұздақ тауынан сырғанағандай, қайда
барып құлайтынын беймəлім. Мысалы, Мұртаза. Талас Алатауының
баурайында дүниеге келіп, Қиыр Шығыстың ну орманының, бір түп
қарағайының қасында сүйегі қалады деп кім ойлаған?
Дүние шіркін кілең арманнан жаралған сыман. Арманына түгел
жеткен кім бар дейсің?
Құрт-құмырсқа, бақа-шаян – бəрі де өмір сүргісі, тірі болғысы
келеді. А, бəлкім, осыларда да арман бар шығар. Біз не білеміз,
құмырсқаны басып, шымшықты шырылдатып, ұясынан жұмыртқасын
алып, яки балапан ұстап, обалға батамыз. Бəрі де бекер екен де.
Балалық шығар.
Таласбай бұлақтың суындағы көкқасқа бақаларды садақпен атып,
таспен ұрып, талайын өлтіріп ек. Əттесі-ай!
Мұны еске алғаным, сол бақаның аянышты халін өз көзіммен көріп
шошыдым да, қайтып бақа баласына қиянат жасамауға ант етіп едім...
Сол баяғы Айша мені Жалбыз бұлаққа салып сабағаннан кейін,
ертесіне тағы сол Батырханды бағып, үйде ары отырдым, бері
отырдым.
Айша қызылшаға кетерінде қатты тапсырды: «Осыдан үйден
шықсаң мына баланы тастап кетіп қалсаң, кешегі-кешегі ме,көресіні
көресің! – деді де шалап құйған шишасын дорбаға салып алып кете
барды.
Ары отырдым, бері отырдым. Бала ыңырсып жылағандай болды.
Далаға о да шыққысы келген шығар. Ақыры тəуекел деп, көтеріп алып,
сыртқа шықтым-ау.
Таласбай
бұлақ
жақтан
шуылдаған
дауыс
талып
естіледі.Шыдамадым. Баланы арқама лақтыра салдым.О да əккі боп
алған: құлап қалмайын деп мойнымнан боп-боз саусақты қолдарымен
қысып ұстап алды. Бердімбет сайынан өттік, Салби сайынан өттік.
Салбидың қабаған жаман иті шəуілдеп қалды. Ақыры Таласбай
бұлаққа да жеттік.
Балалар: Өсер, Жолдасбек, Аманбай,Сұрапалды, Тілепалды,
Сүлеймен əуіт басында асыр салып ойнап жүр екен. Қайран заман-ай.
Əлі соғыс жоқ кез ғой. Жандарына жақындап барып, Батырханды
арқамнан түсіріп, жерге шоқитып отырғызып, өзім де жүрелеп
отырмын. Аналарға қосылып ойнауға шама жоқ. Бала тағы да суға
түсіп кете ме деп қорқамын.
Олар мен жаққа оқшиып-оқшиып қарап неге келмейді дегендей
состиысты да қайтадан шолп-шолп еткізіп, көлге сүңгіп кетті. Тағы да
сол «демалмас» ойынан бастады.
Қарап отырмын. Жолдасбек арам қайта-қайта ұта береді. Сыртта
кеңес «бір, екі, үш » – деп санап тұрады. Жолдасбек суға сүңгиді де
сəлден кейін қайқаң етіп қайта шығады. Мен болсам судың астында
жата берер едім, мынау тез шығады. Бəрібір ұтады. «Ой, арам» –
деймін. Қасыма Аманбай келді: «Жүр, сен болмасаң, анау бізді
құртатын болды» – дейді – Сонша жұмсақ,қыздай сызылған бауырмал
бала еді. Кейін Алматыда Ауылшаруашылық институтын Өсер екеуі
бірге бітіріп, Ақтөбе облысына агроном болып барып, жазда найзағай
түсіп өлді.(Жаны жаннатта болсын!) Қолахан деген əкесі Мұртазамен
жасты еді. Біртоға кісі болатын. Мені көрсе, басымнан сипап қана
қоятын. Тасбет, Жуанқұлдар сияқты боқтамайтын.
Аманбай «жүр», – дейді. Мен иығымды қиқаң еткізіп үндемеймін.
«Жүр, Барсхан», – дейді. Тұқшиып отыра беремін. Біледі. Кеше Айша
келіп, мені ұрып-ұрып, алдына салып айдап кеткенін де біледі.
Түсінгендей болады да, ойынға қайта барып қосылады. Суға сүңгиді,
тез қайта шығады. Өкпесі шыдамайтын шығар. Мен болсам қоғадан
ұстап алып, жата берер едім. Қоғадан ұстауды білмейтін болар, қайқаң
етіп қайта шығады. Арық сіліңгір қара бала еді. Жолдасбек арам
артынан шығады. Ұтады. Тапал, тығыншықтай. Аманбайға асылып
мініп алады. Арық бала қайқаңдап көтере алмайды.
Көпірден ары көтеріп өтеді, бері көтеріп өтеді. Жолдасбек арам
өкпесінен ары тепкілейді, бері тепкілейді: «Жүр есегім», – деп
қорлайды.
Шыдамай, Батырханға: «Қозғалмай отыр!» – деп, мен барамын.
Жолдасбек арамға: «Жүр, ал кеттік, давай!» – деймін. «Давайды»
Евгеньевкадағы орыстың балаларынан естігенмін. Үш-төртеуі, кілең
секпіл бет, жирен шаш балалар бəрі жабылып мені ұрғанда, «давай,
давай», – дейтін.
Кеңес танауы делдиіп, о да «давай», – дейді. Суға қойып кетеміз.
Су астында қоғаның түбінен ұстап, тастай қатып, көзімді ашып жатып,
Кеңестің «Бір, екі, үш... отыз, қырық, елу...» – дегенін күңгір-күңгір
естіп жатамын. Балалар шу еткенін де естимін. Ол, Жолдасбек, шыдай
алмай судан шығып кеткенін де сеземін. Əдейі шатақ шығармасын деп
шыдап жата беремін. «Жүз!» – дегенде, асықпай шығамын.
− Арам! – дейді Жолдасбек. – Сенің бір бəлең бар! – дейді.
Мен:
− Əй, оңбаған, мен тағы бір жүзге дейін жата берер едім,
Батырханға бола ерте шықтым, – деп, бала отырған жаққа қараймын.
Бала шоқиып отыр. Бұрын балалар жаққа қарап қойып отыратын. Бұл
жолы бедірейіп, бір түп жалбыздың түбіне қарап, қатыпты да қалыпты.
Артынша шар етіп даусы шықты. «Не болды?» – деп жүгіріп бардым.
Қарамайды. Шидей сұқ саусағын шошайтып, жалбыздың түбін
көрсетеді. Қарадым да, тұла бойым дір етіп, Батырханды кері сүйрей
шегініп кеттім.
Шұп-шұбар, қара ала жылан бүктеліп жатыр. Көзі елегізіп, аузы
арандай ашылып, мүлгіп жатыр. Аузында – көкқасқа бақа...
Бақаның басы көрінеді, басқа жағы жыланның аузына кіріп кеткен.
Жылан көзі əлде жұмулы, əлде ашық, ыңыранғандай, ирелеңдеп
қояды. Бақаның көзі шарасынан шығып барады. Шиқ-шиқ еткендей,
əлсіз дауыс шығады.
Ойынды қойып, балалар бəрі жиналып қалды. Бəрі үрпиісіп, бақа
жұтқан жыланды көріп, шегіншектеп барады. Содан шошыды білем,
жылан жиырылып, жалбыздың арасына ирелеңдеп, шегіне берді.
Бірден жұтуға шамасы жоқ. Бақа аузында.
Жанына жолауға ешкім батпайды.
Не күш, не құдірет екенін өзім де білмеймін. Жалаң аяқпын. Сол
жалаң аяқпен басынан ала теуіп кеп қалдым.Бақа аузынан атып
шықты. Жылан шиыршық атып, жиырылып, шапшып бір секірді де,
ақырын жылжып, сусып барып, суға сүңгіп кетті. Көкқасқа бақа сəл-
пəл қозғалғандай болды да, тырп етпей, жер бауырлап, қозғала алмай
жатып қалды. Жылан сорып қойған екен. Бəрібір өліп қалды. Көз
алдымда өлді. Бірінші рет өлікті көргенім сол. Өтірік. Оның алдында
өзіміз садақпен, рогаткамен атып, таспен ұрып, талай өлтіргенбіз.
Бірақ мына өліс мүлдем басқа еді.
Кейін, кейін күштінің əлсізді қалай қорлайтынын талай көрдім.
Көрген сайын қарашұбар жылан менен көкқасқа бақа көз алдыма келе
қалды. Ұмыта алмаймын
Дүние əлі солай. Өзгерген жоқ. Тек күс-күс жарылып кеткен,
жарасына топырақ тығылып қалған өкшесімен əділетсіздікті теуіп кеп
жіберетін адам табылмайды. Баяғыдай батырлық менде де жоқ.
НОХА
Мамыт атамның Орха, Ноха, Қорғанбай деген үш ұлы бар. Əсем,
Гүлзейнеп, Седепкүл, Олжагүл деген төрт қызы бар. Бəрінің анасы –
Арзыкүл апам.
Бұл үй – балалы үй, шынында да базар еді. Мамыт атам қатал,
түкістеу көрінгенмен, бір ата Тоқсанбайдың бас көтерері, дəулетінен
бөліп бермесе де медет тұтатын панамыз сияқты. Бірақ бөліп беретін
дəулеті де шамалы.
Əкем өзі қолымен соққан мектепке барғым келеді. Бұл, сірə, 1940
жыл болар. Алыста, беймəлім Сібірде Мұртаза қайтыс болды деп қара
хабар келген жыл. Айша бетін айғыздап, қара жамылған жыл. Мен
сегізге толар-толмас жыл.
Сірə, бірінші қыркүйек шығар, мектепке лек-легімен ағылған
балалардың тобына қосылып, мен де бардым. Мұғалім мені
қабылдамай, қайтарып жіберді. «Жасың толған жоқ», – деді ме,
əйтеуір, кластан шығарып жіберді. Есімде, 1937 жылы Мұртазаны
тұтқындарда осы мұғалім «понятой» болған. Кейін ойласам, мені
«халық жауының» баласы деген екен ғой. Оны мен білмеймін. Жылап
үйге қайтып келе жатыр едім, алдымнан Ноха көкем шыға келді.
− Кім тиді?
− Ешкім...
− Енді неге жылайсың?
− Ағай мектепке алмай қойды.
− Қай ағай?
− Анау, анау...
Мен атын атай алмадым. Булығып-булығып, сөйлей де алмадым.
− Жүр, – деді Ноха басымнан сипап.
Жолдағы сайдан өте бере, құм қайнарынан шымырлап шығып
жатқан бастауға алып барып, өз қолымен беті-қолымды жақсылап
жуды. Сірə, қожалақтау болсам керек. Өзінің қалтасынан беторамалын
алып, бет-аузымды ысқылап сүртті. Өсіңкіреп кеткен шашымды сулап,
өз тарағымен түзетіп қойды.
Қолымнан қысып ұстап, класқа алып кірді. Қарабұжырлау жуан
мұғаліммен сөйлесіп жатыр. Не жөнінде екенін аса ұққан жоқпын.
Біраз айтыстан кейін мұғалім мені аса жақтырмай:
− Анау артқы партаға барып отыр, – деді.
Не дəптерім, не қаламым жоқ, мен тұңғыш рет шəкірт ретінде
партаға барып отырдым.
Сөйтсем, Ноха көкем комсомолдың бастығы екен. Мұғалім, сірə,
директор да болар, Ноханың айтқанымен санаспай тұра алмайды екен.
Ертеңіне Ноха көкем маған Бурныйдан Əліппе кітап, бірнеше
дəптер, қара қалам, түрлі түсті қарындаш əкеп берді.
Айша оларды салатын сөмкені матадан тігіп берді.
Сірə, 1941 жылдың күзі болар, Ноханы əскерге алды. Маңдайы
жарқыраған, жүзі нұр шашқан, сұлу жігіт еді. Мамыт атам сақалы көз
жасына боялып жылады. Ол кісінің жасығанын көргенім – сол.
Артынша Орханы да əкетті. Opxa соның алдында ғана Фин
соғысында болып қайтқан. Ал бұл жолы Мамыт атам өкіріп-өкіріп
жылады.
Екі ұлының да енді қайтып оралмасын сезгендей, жер сабалап
жылады.
Соңғы хат Нохадан Курляндия соғысынан келді.
Қайтып хабар болған жоқ.
Осы күні қолымда бел ортасынан жыртылған суреті бар. Солдат
киімі бар, Сірə, адамның жайсаңы осындай-ақ болар.
Маған қарайды да тұрады. Тіл жоқ.
Мен алпыстан асып, егде тарттым.
Ол əлі жап-жас, уыз жас.
Үйленген де жоқ
Ұрпағы да жоқ.
Тым болмаса, қағазда аты қалсын деп əңгімеме қостым.
Сонау бір туысқандық мейіріміне сəл де болса қайтарған,
қолымнан келген жақсылығым осы ғана.
Алла иманыңды салауат қылсын, көке
ҚАМҚА
Сөйтіп қара ешкі өрістен қайтпай қалды. Əлдеқалай басқа біреудің
қорасына кіріп кетті ме деп, Айша екеуміз əр сайдың жағасында
үркердей-үркердей болып, шоқиып-шоқиып отырған ауылдың үйді-
үйін түк қалдырмай аралап шықтық. Табылмады.
Жартыкеш Ай көрінді. Айша Айға мұңын шаққандай аспанға қарап
тұрып:
− А, Құдай! Шиеттей үш жетімге шынымен рахымың түспеді ме?
Не жазып еді олар саған?! – деп кемсеңдеді.
Ай тіл қатпады. Айдың ілмиген əлсіз сəулесінен Айшаның көзінен
аққан жас жылт – жылт ете қалды.
Сонда барып қара ешкінің қайғысы ақырзамандай ауыр екенін
сезіп, жүрегім суылдап қоя берді.
Он жасқа қараған кезім еді. Соғыстың екінші жылға аунаған шағы
болатын.
Таңертең мал өріске шығарда, Айша мені ертіп алып, қара ешкіні
іздеуге тағы бет алды. Əр үйден екі-үштен қой-ешкі селдіреп шықты.
Көк есекке мінген, жалпақ мұрын Ералы шал оларды топтап, өріске
бет алды.
− Қара ешкі қайда? – деп, Айша одан да сұраған. Қазір тағы да:
− Қайнаға-ау, қара ешкіні жер жұтып кетті ме? Қайда қалды? – деп
сұрады.
− Апыр-ай, ə! Табылмады ма? – деп қара шал сасқалақтады.
− Енді қайттік?..
Сайдың арғы қабағындағы үйдің жанынан:
− Айша, ау, Айша! – деген əлсіз дауыс естілді.
Аласа тамның есігінің алдында, аласа орындықта Қамқа отыр екен.
Аяғы көне шапанмен ораулы.
Қамқа мешел. Мен ес білгелі мешел. Күннің көзі жылт етті болды,
есіктің алдына шығып, мелшиеді де отырады. Онда да келіні Мүнира
көтеріп əкеліп отырғызады. Қамқалардың үйі сайдың күншығыс жақ
бетінде, біздің үй күнбатыс жақ бетінде.
− Айша, кешелі бері не іздеп жүрсің? – деді Қамқа семіп қалған
қолымен кіртиген шүңірек көзін көлегейлеп.
− Е, əже-ай, Мұртазаның сүйегін іздеп жүр дейсіз бе? Қара ешкіні
іздеп жүрмін, – деді Айша аһылап.
− Ой жазған-ай, тіліңнің ащысы-ай, – деп Қамқа кіртиді.
− Менің тілім ащы болмай, қайдан тұщы болсын. Əне-міне
лақтайды деп отырған жалғыз ешкі жоғалды. Туса, балалардың
таңдайы жіби ме деп жүруші едім... Бұлар ақ көрмегелі қашан?!
Қамқа:
− Оһ, жалған-ай! – деп күрсінді. – Ақыр байдың баласы ашықты
деген не сұмдық? Енең Күнікей бай қатын атанып, бір елді асырап еді.
Жолан Жаныстың қызы еді. Бердімбет байдың жесірі еді. Сенің байың
Мұртаза ақбоз ат мініп, қайда той, қайда көкпар – сонда жүрген сері
еді. Енді солардың ұрпағы бір қасық ағарғанға зар дегенге кім сенеді...
− Əй, əже, əдірам қалған қайдағы байлықты айтпашы сол. Мүнира
кетіп қалды ма қызылшаға?
− Иə, жаңа ғана кетті ғой, мені отырғызып...
− Мен де кеттім. Əлгі Тасбет тағы да əке-шешемнен боқтап,
əлегімді шығарар, – деді Айша.
Тасбеті – бригадир.
Мүнира – Қамқаның келіні. Баласы жоқ. Байы Мұсаны
Мұртазалармен бірге ұстап əкеткен. Мешел кемпірді баласындай
бағады. Түзге баладай көтеріп барып отырғызады. Бірақ Құдай бала
бермеген. Осындай əйелге бала бермегені не деген əділетсіздік?
Баласы – сексеннен асқан сал кемпір, Күнде далаға көтеріп шығарып,
есіктің алдына отырғызып, өзі колхоздың жұмысына кетеді. Таң
азаннан қас қарая бір-ақ келеді. Қамқа бір орында тапжылмай
отырады.
Қазір де отыр. Тау жаққа қарап отыр.
− Қара ешкіні кебенек алды. Енді іздейтін шама жоқ. Кеттім
қызылшаға, – деді Айша Мен Қамқаның қасында қалдым.Кетерінде
Айша арқамнан нұқып қалып:
− Ана үйде қалған балаларға қара! – деді. Қамқа:
− Айша, Барсханды арқасынан ұрма! – деді.
Мені аяған кемпірдің қасына барып отырдым. Қурайдай жеп –
жеңіл алақанымен басымнан сипалады. Басымнан ыстық күн өткендей
шым-шым ете қалды.
Кемпір əлгі салмақсыз, жеп-жеңіл қолын басымнан алып, кіртиген
көзін көлегейлеп, тау жаққа қарады. Мен де қарадым. Тескей қара
шұбар. Дөңкиген түйетастар. Ойдым-ойдым изен, тобылғы, Ар жағы –
аспанға шаншылған асқар таулар.
Əлден уақыттан соң Қамқа:
− Əй, Барсхан, – деді. – Қарашы, сенің көзің өткір ғой. Анау қара
жолдың ар жағында сонау қарайған тобылғының түбінде бірдеме
қимылдай ма, жоқ əлде маған қос көріне ме?.. Көзім жетпейді ғой
менің.
Қараймын. Иə, əр жерде тобылғы қараяды. Бірақ қимылдаған
ештеңе көрмеймін.
− Көрдің бе? – дейді Қамқа.
− Жоқ, – деймін.
− Анау Манас жаққа қара.
Манас шыңы мелшиіп тұр. Одан бері қарай алашұбар. Əр қарайған
тобылғының түбіне көз тігемін. Қимылдаған еш нəрсе сезілмейді.
− Көрінбейді, əже.
− Көрінеді. Мен көріп отырмын. Құдай біледі, сол сенің қара
ешкің. Лақтап қалған-ау деймін. Баршы, барып келші.
− Ой, əже, алыс қой. Ештеңе көрінбейді.
− Бар, бара ғой, нең кетеді.
Қара жолдың өзіне дейін бір-екі шақырым. Қарайған тобылғы
шоқтары одан да алыс.
Лаж жоқ, Қамқаның, айтқанына сенбесем де, сөзін жерге тастамай
кете бардым. Не көп, топ-топ тобылғы көп. Жүріп келемін. Пыр-пыр
етіп бозторғайлар ұшады. Дүр етіп бұлдырық үрке жөнеледі. Жалаң
аяққа шошқатікен кіріп кетіп, удай ашытады. Қамқа мені алдағаны
несі деймін. Мен көрмегенде, оның, кəрі көзі нені көріп жарытады
деймін.
Көңілім бұзылып, ауылға қайтпақшы да болдым. Оның үстіне
Айша үйдегі балаларға қара деп кеткен. Үйде қарындасым мен інім
бар. Естері кіріп қалған, əрине. Бірақ бас иесі – мен. Оның үстіне
Тасбет бригадир кеше маған қырманға кел, тас бастырасың деп кеткен.
Тас бастырғаны: қырлы-қырлы дəу таспен бидай бастырамыз. Жалғыз
ат жеккен тасты бидай бауларының үстімен дүңк-дүңк айналдыра
береміз... Кейде басым айналып, аттан құлап түсіп те қалатынмын.
Бармасаң тағы пəле.
− Ой, əкеңнің... – дейді Тасбет бригадир. – Халық жауының баласы,
– дейді, – сен де жаусың, – дейді. Содан қорқып, ауылға қайтқым
келеді. Кенет əлдене мекіренгендей болды. Дыбыс шыққан жаққа жалт
қарасам, тарбиған дəу тобылғының түбінде қара ешкім тұр. Əуелі
шайтан ба деп қорқып кеттім. Жоқ, өзіміздің кара ешкі. Мені көріп
тағы да мекіреніп қойды. Жүгіріп барсам, кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді
екі лағы бар екен. Екеуі де жағал екен. Қуанғаннан екеуін де құшақтап
алып, ауылға қарай тұра жүгірдім. Лақтардың жібек жүні бетімді
қытықтайды, екеуі де уыз сасиды.
Кешке Айша үрпиген үш балаға уыз пісіріп беріп отырып:
− Е, Жаратқан, мұныңа да тəуба-тəуба! – деді.
− Айша десе, – деймін мен, – Қамқа əжемнің көзі көрмейді ғой,
қалай біліп қойды?
− Қамқа əжең əулие ғой, аруақтары көреді.
− Əулие болса, Мұсаны неге қайтарып алмайды?
− Сталиннің дию-перілері одан да күшті. Жібермей тұр ғой.
Терезеден Жартыкеш Ай сығалайды. Бізді көріп жаны жай
тапқандай, бұлтқа кіріп кетеді.
Айша менің арқамнан сипалап:
− Сен өкпелеме, енді сені арқаңнан ұрмаймын, – дейді. – Қамқа
əжең айтты ғой, арқаңнан ұрмаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |