Жобаның қысқаша сипаттамасы; оның мақсаты мен міндеттері;
Ресурстық қамтамасыз ету;
Жүзеге асыру механизмі;
Өнімнің (қызметтің, жұмыстың) бәсекеге қабілеттілігі;
Сырттан қаржыландыруды қажет ететін капитал көлемі;
Меншікті салымының (қаражатының) көлемі;
Күтілетін таза пайда, табыстылық деңгейі және шығындардың қайтымдылық мерзімі.
Кәсіпорынның сипаттамасы.Бұл бөлімде бизнестің таңдалған сферасында қалыптасқан жағдайды сипаттай отырып өз кәсіпорынының қазіргі кездегі не болашақтағы жағдайы сипатталады және ұсынылатын жобаның нақты іске асатындығы көрсетіледі. Осы бөлімде кәсіпорынның немен айналысатындығы; таңдалған қызмет түрінің жағдайы; кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысаны; ұйымдық құрылымы; құрылтайшылары; персоналдары мен әріптестері, құрылған күні; бизнестің құрылуы мен өсу кезеңін сипаттайтын қысқаша тарихы; кәсіпорынның орналасқан жері, жұмыстың өзіндік өзгешелігі; кәсіпорынның күшті және әлісз жақтары көрсетіледі. Бизнестің ерекшелігінен байланысты салаға да сипаттама берілуі мүмкін. Бизнес жүргізілетін саланың ағымдағы жағдайы талданып, оның даму тенденциясы және нақты болжамдар келтіріледі.
Өнімнің (қызметтің, жұмыстың) сипаттамасы. Бұл бөлімде әзірленген жоба шеңберінде өндірілетін өнімнің не қызметтің толық сипаттамасы жазылады, оны бәсекелестердің өнімдерімен салыстырады және өндірісті дамыту жоспарларына талдау жасалады. Мұнда өнімге қатысты келесі мәліметтер қарастырылады:
Өнімнің атауы, өнімнің функционалдық тағайындалуы; қысқаша сипаттамасы мен негізгі қасиеттері;
Өнімнің бәсеке қабілеттілігі (қандай параметрлері бойынша бәсекелестерден басымдыққа ие болады және жол береді);
Қабылданған стандарттарға сәйкестігі;
Өнім шығаруға лицензияның болуы немесе лицензиялау қажеттілігі;
Дайындық дәрежесі яғни өнімнің қазіргі кезде қай сатыда тұрғандығы (идея, жұмысшы жоба, тәжірибелік үлгі, сериялық өндіріс);
Сапаны бақылауға қойылатын талаптар, өнімді әрі қарай дамыту үшін мүмкіншіліктердің болуы;
Патенттік-лицензиялық қорғау
Бұл бөлімде бәсекелестердің өнімдеріне де талдау жасалуы тиіс (бәсекелестің өнімдерінің функционалдық және тұтынушылық қасиеттерін сипаттау; не себепті бәсекелестің өнімі белгілі бір сұранысқа ие болып отырғандығын зерттеу, олардың баға белгілеу қағидаларын ескеру және олар пайдаланып отырған өткізуді ынталандыру тәсілдерін анықтау).