Бұл бақша өмір базары. Кейде құлаштап, кейде кезі келсе топтап, кейде жекелеп сатылатын сезім базары



Дата17.10.2023
өлшемі44,21 Kb.
#117599

Май айының іші. Гүбірнелік қаланың бақшасы мейрам күніне күндізден әзірленген. Күн батуға тақағаннан бері қарай, қаланың қызықты көксеген жастары әлденеше көңілді топ болып, күлісіп-әзілдесіп келіп, бақшаға кіріп жатқан. Бүгін күн ыстық болған. Сондықтан мынау бақшаның көлеңкесінен шыққан салқын леп майысып қана тербете соққанда, денені тез көтеріп, сергіткендей болушы еді.

Мейрам күннің түс мезгілінен бері қарай, бақшаға барамыз деп әзірленген бозбала мен әйелдер күн батардан-ақ бөлек-бөлек жайраңдаған топ болып, үзілместен келіп жатыр. Қала халқына көптен белгілі болған бақша оркестрі күндізден құтырып ойнап, дәмелі жастың көңіліне қозғау салып шақырып тұрған.

Құмы мен шаңы көп ыстық қалада майдың қоңыр салқын кеші кішкене сұлу бақшаның ішіне жанар оты сөнбеген жастарды еркін демалысқа, түстей сұлу сезімге шақырып, күтіп тұрғандай. Бақшаның сәнді шұбар тобы көрініске шыққан сахна сұлуларындай болып, неше алуан тілімен былдырлап, желікті күлкі, сезімді қалжыңмен оркестр күйінің ішінде толқынып, бұралып өтіп жатты. Күн батып, қас қараюға айналған кезде бақша мезгіл сайын жанданып, ыстық лепті тіршілік қызуымен ажарланып келе жатқан. Бақша, тіршілік күнінше, жылытатын ұяша талай меңіреу ойды да оятып сергіткендей.

Кейбір шеткі аллей ұзақ қоңыр, қараңғы болып келіп, қараңғы түн сырымен қосылып, ыстық демалыс, үзілген жүрек күйін ескерткендей болатын. Екі жақтағы қараңғы қалың тоғай ішінде тұңғиық қара көзді түн сыры оркестрдің сезімді күйіне тіл қосқандай. Қалқып тұрып иек қағып, жұмсақ жел сілкінткен жапырақтарын тілші қылып, сол күймен сыбырласып сырласқандай болушы еді.

Бұл бақша — өмір базары. Кейде құлаштап, кейде кезі келсе — топтап, кейде жекелеп сатылатын сезім базары.

Бақшада жаздың түні болды. Ашық аспанның көп жарық жұлдыздары бақшаның төбесінен төніп, таласа қарағандай.

Бақшаның халқы әр алуан болушы еді. Көпшілігі — орыс жастары; бұлардың арасында анда-санда татар, қазақ жастары да кездесетін.

Әзірше көп халық үлкен аллейде мың тілмен сөйлеген қалың селдей болып тынымсыз ағылып, толқынып өтіп жатты.

Гүбірне бақшасының үлкен аллейінде екі-үш жерде дөңгелек фонтан бар еді. Олардың тұсында сейілшілер екі жарылып, жарығы мол алаңда бірін-бірі көріп, ерсілі-қарсылы өтетін.

Сағат 8 мөлшерінен осы аллейдегі топқа келіп араласқан үш қазақ жігіті өзара анда-санда күлісіп-әңгімелесіп, ажары тәуір әйелдерге телміре қарап, «осы сұлу, осы сүйкімді» деп, құмарланған пішінмен қызыққан сөздерін айтып жүрді. Бұлардың ортадағысы аласа бойлы, жұғымды, кішілеу денелі, қызыл шырайлы қараша жігіт еді. Тұңғиықтанып, сұлу ажармен қарайтын пенсне киген қара көзді, қыр мұрынды, қысқалау қара бұйра шашты жігіт. Бұл — гүбірнелік қалаға шет жерден жаңадан келген Ғаббас болатын. Жанындағы екі жігіт — соның осы қаладағы бұрын басқа жерде бірге оқыған жолдастары.

Бұл қалаға келгеніне көп болмаса да, Ғаббастың өзге таныстары да көбейіп қалып еді. Сол көп таныстың ішінде Ғаббасқа әсіресе әсер берген Ғайша бар. Бүгінгі бақша ішінде сейілде келе жатқанда, Ғаббастың қасындағы бір жолдасы: «Келуші ме еді?» — дегенде, Ғаббас келуін күткен кісідей: «Сөзіне жетсе — келмекші еді, қайта ойланса — өзі біледі!» — деп күлген болатын.

Ғайша мен Ғаббастың танысқанына аз уақыт болып еді, бірақ гүбірнелік қаланың соңғы кездерінде болған сауықтары мен тағы бір-екі жерде қонақта болған жиылыста бұл екеуі бір-біріне қайта-қайта ұшырай берген.

Ғайша гүбірнелік қаладағы қазақтың тәуір қызы болады. Ғаббас — қазақтың басқа облыстан келген тәуір жігіті. Бұлар бір-бірінің атын бұрын да естіген екен. Оның үстіне, екеуі де балалық, бұйығылық шақтан өткен. Сондықтан екеуіне де жақындап сөйлесіп, ұзақ әңгімелесіп, жеңіл түрде қалжыңдасуға да көп қиыншылық болмаған. Бүгінгі кештің алдында бұлардың ақырғы көрісуі алдыңғы өткен түнде татар театрында болған.

Сол кеште Ғаббас көп төселген дағды бойынша, ептеп шырға тартқанда, Ғайша қарындас аса көп сыр білдірмесе де, созалаңдап, әнтек иіліп келе жатқан тәрізденіп еді. Сондықтан Ғайшамен қоштасып, айрылар жерде жас жігіт: «Жақында үйден шықпақ ниетің бар ма? Жоқ әлде бүгінгі сауық тойдырды ма?» — деп, күлімсіреп сұрағанда, бұл өзі «көрісейік» деген сөзді айтпаған кісі сияқтанып, шын ниетін ішіне бүгіп отырған болып сөйлеп еді.

Ғайша да ол сөздің түбірін байқамаған кісіше: «Жазғытұрымғы уақыт қой, үнемі сарылып үйде отыра беру ауырырақ тиеді. Оның үстіне ертең бақшада жақсы сейіл болмақшы дейді, соған барармын!» — деген.

Ғаббас бақшада сейіл болатынын бұрын естімесе де: — Мен де соған бармақшы едім. Олай болса, ертең кездесерміз... — деп еді.

Ғайша үндемей ырзалық білдіргендей болды. Әзірге тұспал сөзбен, емеурінмен ұғысқан жастар осы сөзбен бірін-бірі ертеңгі бақшада көретіндеріне нық сеніп айрылысқан болатын. Бүгін Ғаббастың бақшаға келудегі мақсаты сол Ғайшаны кездестіру еді.

Ғаббасқа қасындағы жолдастары Ғайша жайын көптен баян еткен гүбірнелік қаладағы қазақ оқығандары бұдан екі-үш жыл бұрын Ғайша жайын сөйлеп-сөйлеп, аяғында, атын тоздырып болған соң тоқтаған-ды. Қазақтан шыққан бірен-саран әйелдің жеріне жетпей тоқтамайтын ел аузы Ғайшаның басына өз бағасын алдақашан беріп болып, нық байлауын жасаған. Бір замандар Ғайшаның атына бірі артынан бірі тізбектеп келетін әлденеше жігіттің атын қосақтаған болатын. Сол әңгімелердің шет-жағасын Ғаббас та естіген еді. Бірақ Ғаббас жаңа таныс болған құлықты әйел туралы өзгелер келген байлауға келген жоқ-ты. Ол Ғайшамен таныстығын, онымен жүрген жүрісі мен әңгімесін әзірше ешкімге сыртқа шығарған жоқ. Бірақ сырттан қарап, көлеңкеге тон пішетін көзден өз істері үшін қысылған да жоқ-ты.

Ғайшаның келуін тосып жүрген мезгілде, жанындағы жолдастары:

— Сен бұны жаңа көрдің, алғашқы көрінісінде әйелдің жақсы-жаманы айрылмай да қалатын. Оның үстіне, Ғайша жақсы актриса десетін. Бірақ, есіңе салғанымыз, бұл үлкен романға героиня болуға татымайды. Одан бергіңді, қазақтың баласысың ғой, өзің де білерсің, — дескен.

Бұл сөз күлкі мен қалжың есебінде айтылып еді. Сондықтан парыз-қарызы жоқ бір әңгіме болып қала берді. Осындай сөздермен үш жігіт үлкен аллейдің орта фонтанына шыққанда, қарсы топтың ішінде әңгімелесіп келе жатқан екі жас әйелді көрді. Бұның бірі Ғайша, екіншісі соның жолдасы — татар қызы Мәдинә тоташ еді.

Ғаббасты екі жағындағы жолдасы да түртіп қалды. Бір-бірін алыстан көрген жастар көріскен жерден алыс та болса бас иісіп амандасып, біріне-бірі қарсы жүрді.

Жастар жақындасып келіп амандасып, енді жүруге айналғанда, бесеуі бірдей қатар жүру қалың кісі келе жатқан аллейде ыңғайсыз, икемсіз болды. Ғаббас пен Ғайша екеуі бір бөлініп, ана екі жігіт Мәдинә тоташпен бірге қалды. Алғашқы жерден-ақ кешегі жақынырақ таныс болып қалған қалыпқа екі жас оңай келе кетті. Әбден үйір болыспаған адамдарда мұндай кездескен уақытта ең болмаса бас кезінде тосаңдық болушы еді. Ғаббас пен Ғайша ол хәлді жазып жіберді. Алғашқы сөзден-ақ бұлар күлісіп, дамылсыз әңгімеге кірісіп кетті.

Ғаббастың алғашқы сөзі:

— Бақшаға кешеңдеп келдіңіз, әлде бұрынғы келулер жалықтырған ба? Екі ойлы болып барып келгеннен амансыз ба? — деді.

Ғайша кесектеу даусымен күле сөйлеп:

— Жоқ, мені бақшаның жалықтыратын орны жоқ, өйткені осы бақшаға менен сирек келетін адам жоқ! — деді.

— Олай болса, кешірек келуіңіздің себебі не? Әлде кеш барсақ та, құр қалмаспыз дедіңіз бе?

Ғайша бұл сөзге майысыңқырап күліп:

— Рас, бақшаның қызу кезі де осы уақытта басталады. Оның үстіне қазақ табиғатының өзі осы сияқты үнемі шу мен дырдуды сүйе бермейді ғой. Қызық шығар деп келсең, жалықтырып жіберетін де уақыты болады. Сондықтан кісі үнемі асығып жүрмейтін болыпты! — деді.

Ғайша қазақ табиғатын сөз қылғанда, артындағы екі қазақ жігіті Мәдинәнің көзінше ешнәрсені ашып айта алмай, біріне-бірі қарап, көзбен табысты. Екеуі де ауыздарына дым тәттілігімен жайсыз тиетін бір зат түскендей болып, езу тартып күлісті. Iштей: мұның аты «шырға!» десті. Тегінде Ғайшаны гүбірнедегі оқығандар «шешесі татар болса керек, толық қазақ емес» дейтін де сөздері болатын. Бірақ Ғайша қазақтың өз қаны екенін білдірмек болып, қазақ әйеліндегі табиғатты жаңа көрген танысының бәріне дағдылы бір машығы сияқтанып айта беруші еді. Мақтанушы еді. Әркімге әртүрлі сөйлеп көрген Ғайшаның бұл шынында бір әдісі еді.

Ғаббас әлі күнге Ғайша сөзіне өзге жолдастарындай суық сынмен қараған жоқ-ты. Сондықтан әлгі сөзіне орай қылып:

— Олай болса, менің долбарым теріске кеткен жоқ екен. Расында, екі-ойлы болып келген екенсіз ғой. Бірақ бүгінгі күн өзге күндердей болмас. Жалықтырмас деп сенейік! — деді.

Ғайша түбі көрініп жатқан саяз судың жайдақтап аққан ағысы сияқтанып, жеріне жетіп қалған кісіше, Ғаббасқа ұғымды боларлық күлкімен бетіне қарап ұзақ күлді. Бұл кезде Ғаббас та қоса күліп, Ғайшаның күлген пішініне ерігендей көзбен көп қарады. Ғайша пішінді әйел еді. Бұнда ең алдымен қазақ әйелінің көбінде кездеспейтін биік, сұлу дене бар. Толық етті, ақ жүзді әйел болатын. Ашық мойны бұғақты, жұмыр сұлу еді. Бет тұлғасы да, аз кесектеу келсе де, сүйкімді сұлу болатын. Көзі қой көздеу, бұйраланған қара шашты еді. Сәнділіктің орынды шартын білген әйел майдың ақ жібек киімін кигенде қара шашы мен ақ денесіне қай қазақ жігітінің болса да көзі еріксіз тоқтайтынын білген-ді. Әйелді сыртқы көрінісі мен жарастық жағынан бағалайтын Ғаббасқа Ғайшаның ендігі пішіні тез әсер еткендей болды. Ғайшамен күлкілі қалжыңға араласқан сайын, Ғаббас қазақ жігіттерінің бұрынғы барлық сөзін естен шығарып, ұмытуға айналды. «Кім біледі, әлде ол қазақтың өсекшіл табиғатынан шыққан бір сөздер шығар. Ол үшін мына сияқты қазақ қызынан тартынудың орны жоқ» — дегендей болды. Осы қалыпта бірер сағаттай екі жасты жалықтырмаған қызықты қалжың, көңілді әңгіменің мезгілі өтті.

Бұл уақытта Мәдинәнің қасында қалған екі жігіт Мәдинәдан айрылып, өз беттерімен біразырақ әңгімелесіп жүріп, аяғында: «Ғайша мен Ғаббасты табыстырдық; Мәдинә бізді тастап кетті. Ендігі жүрісімізде не мағына бар? Бүгінгі бақша бізге ырза шығар, енді қайтайық», — десіп, кетіп қалды.

Мәдинәнің бұлардың қасынан кетуіне себеп болған нәрсе бұл жігіттер компаниясының көңілсіздігі еді.

Мұның екеуінің де үйінде қазақ қатыны болатын. Және онсыз да, татар әйелімен бұрын үйлесіп, жақындасып көрген адамдар емес еді. Екеуінде де әйелмен оңай үйлесетін, әсіресе бақша ішінде үйлесетін мінез жоқ-ты. Табиғаты ауыр адамдар.

Оның үстіне Мәдинә қастарында қалғанда бұлар бозбала міндетін атқарып, оны көңілдендіріп, күлдіріп отырудың орнына, өзара тұспалмен сөйлесіп әркім-әркімді қағытқандай болып күлісе берген соң Мәдинә қарсы келе жатқан бір тоташты көріп: — Райхан! — деп қазақтың екі көңілсіз жігітінен құтылғанына қуанғандай, бөлініп жүгіріңкіреп, күліп кетіп қалды.

Екі жігітке кетерінде қош деген сөзді де айтқан жоқ. Шешесін көріп талпынып жүгірген жас баладай, кетіп қалған. Мыналар сын тақпай-ақ қала берген.

Арттарында ауыр көзбен қадалып келе жатқан екі қазақ жігітінен құтылған соң, Ғайша мен Ғаббас та бұрынғысынан гөрі жазылыңқырап қалып еді Бұлар біраз жүрген соң, бақшаның буфетіне кіріп, кешкі тамақты жеп, азырақ жеңіл арақты ішіп шықты. Бұл кезде бақша тіршілігі бүгінгі кеште боларлық. барлық қызудың төріне жетіп еді. Әншейінде кең көрінетін аллейге жұрт зорға сыйып, сеңдей болып сіресіп-тұтасып, қалың толқын болып ырғалып өтіп жатты. Сансыз көп тілмен әр алуан күлкі бақша ішін жазғытұрымғы жыршы құстар мекеніндей көрсетеді. Бірде екпіндеп, бірде құмарлықпен үзіліп, кейде ерекше сезімділікпен ырғалып, толқынып, бақша музыкасы ойнайды.

Буфеттен шыққанда көп уақыт өтіп жатқан жұртқа қарап отырған Ғайша Ғаббастың екі жолдасының кетіп қалғанын айтып күліп: «Біздің келісе алмайтын жігіттеріміздің бірі — осы екеуі», — деді.|

Ғаббас себебін сұрағанда, Ғайша азырақ қолдан жасаған мұңлы пішінмен:

— Маған әртүрлі болымсыз себеппен сырттан жүріп наразы болатын жігіттер бар. Әйтеуір тіршілік дегеннің өзі де бірге — жағып, екіншіге жаққызбайтын бір дерт қой. Жазықсыз болсаң да жала, өсек, орынсыз қиянат деген нәрсе қазақ баласының көңілінен табыла береді. Не қылған таусылмайтын жаулық екенін білмеймін! — деді.

Бұл сөз бұрынғы күлкі-қалжыңнан гөрі, әңгімені енді аз мұң мен наз араласқан нәзік жылы сырға қарай ауыстыруға себеп болды. Сондықтан екі жас буфеттен шыққан бетімен көңілдің қазіргі күйі мен сезімді әңгіме жетектеп, үлкен аллейден тарайтын бір қараңғы аллейге түсті. Бұл кезде екеуі қолтықтасып алған еді. Буфеттің басқышынан түсерде Ғаббас жас әйелдің нәзіктігін қошеметтеп қадірлеген пішінмен қолтығынан сүйеп түсірген. Сол бетпен қолдарын алыспай, ақырын сүйенісіп жүріп кеткен.

Қараңғы, қоңыр көлеңкелі, мұңға батқан сыбыр мен сыр аллейі бұлардың көңіл күйіне күй қосты. Ғайша сөйлеген өмір жүдеулігін Ғаббас та бірталай уақыт қостаған түспен мақұлдап әңгіме қылып келіп, аяғында, Ғайшаның жұмсақ білегін қолтығына қысыңқырай күрсініп:

— Рас, өмір жүдеу, кімді де болса мәз қылар қызығы жоқ. Бірақ оның толқыны бойды билеп жеңе берсе бір жолата тұқыртып әкетеді. Сондықтан анда-санда сұлу сезім отына берілгендей бір ұмыту болмаса, үнемі уайым-қайғы тіршілік емес. Сұр өмірдің ішінде күншуаққа шыққандай боп, анда-санда сезім күніне жылыну да керек емес пе? — деген.

Бұл сөз Ғайшаны күлдіріп, бұрынғы көтеріңкі көңілді күйіне қайта әкелді. Ғайша басындағы сөзін «жоқ, ол орынсыз» деп дауласатын кісіше бастаса да, аяғында, өзін-өзі әдейі ату жерге әкелген аңғал аңдай болып, Ғаббас бір сөз айтса — жеңіліп қалатын жерге келді. Алғашқы қарсы болмақ болып айтқан сөзі дәлелсіз, мағынасыз, оңай ғана ұтылатын сөз болды...

Содан кейін бір сатыда: Рас, адамның өмірі жылынатын күншуақ іздейтіні рас», — деді.

Ғаббастың көптен күтіп, нысанаға алған жеріне Ғайша күлкі, қалжың, күрсіну арасында созылып келіп, жаңа ғана жеткендей. Жас жігіт енді бір қараңғы тоғайдың түбіне келіп тоқтап, Ғайшаның екі қолын көтеріңкіреп ұстап, қарсы алдында тұрып, көптен дайындаған анық тілек, шын мақсатын айтты.

Басы мен аяғы анықтап дәлелді болып құралмаса да, анда-санда арасында шешен сөздер араласып келіп, шын сезімнің тілі сияқты айтылды. Аз дірілдеңкіреген дауыспен бірге, буынды алған ыстық сезім лебі де білінгендей болды.

Жазушы жігіт өз сөзіне, бір мүйнетке болса да, шыным деп сенген жүрекпен сөйледі. Даусына діріл кірді.

Ол ішкі сырын сүйемін... құмармын... тілегім, үмітім... деген сияқты ыстық сезім тілімен бітірді.

Сол сөздер Ғайшаны өзгертер, толқынтар деген сеніммен айтылған. Ғайша бірталай нәзік сөзді естісе де бұрынғы қалпынан көп өзгермеді. Ғаббаста да бұрынғы көп естіген сөздерінің бірін ғана қайта естігендей болып, тағы күлді. Бірақ ендігі күлкісі: «Олай болса — несі бар, бөгет не?» — деген сияқты.

Ғаббас алдыңғы сөзі болса егіліп елжіреген сөздер екенін сонда байқағандай болса да, тасқындаған құмарлықпен қыздың екі қолын өз иығына артып, мойнын құшақтатып, өзі де көптен асыққан құмарлықпен қатты қысып құшақтап, Ғайшаның күліп тұрған аузынан ұзақ уақыт сүйіп тұрды. Бұлар көпке шейін тілге келмей, құмартып қызған денемен, ыстық демалыс, асау ашық сезіммен көп сүйісті.

Жастар бойын буған құмарлықтың толқынынан босағанда, түн ортасынан ауып қалып еді. Сол көлеңкелі күңгірт аллейден әлі де шыққан жоқ. Музыка Ғаббас жеңген майданды құттықтағандай болып, құмарлық күйін ойнап жатты.

Қыз бен жігіт ашық сөз бен айқын сырға беті ашылған қалыппен ендігі қалған уақытты дамылсыз сүйіспен, ақырын сыбыр, тәтті сөзбен өткізді.

Бұлар бұрынғы перделеп, бүркеп сөйлейтін сөздің бәрін енді атын атап, ашық сөйлеседі. Ендігі сыбырдың ішінде құшақтасып, иықтарымен сүйенісіп келе жатып, бір кезде өмірдің қызық шағы — махаббат күншуағын сөз қылды. Кейде сүйіскен өмір — тіршіліктің барлық мағынасы деген де сөз болды. Кейде жай өмірдің қоңыр жүдеу болып, көңілдерін жүдетіп құлазытатыны да айтылды. Қазақ қауымының «қиянатшы өсекшілдігі» де сөйленді. Бұл сөздердің барлығы да Ғайшаның бастауымен, соның әңгімесінен туып отырып еді. Барлығына Ғаббас түр қосып, дәлел тауып, Ғайшаның барлық сөздерін түгелімен мақұлдап, қостап жүрді.

Осы сияқты шын сезімге байланып, құмарлық уытымен боялған ұзақ әңгіменің ішінде бір уақыт Ғайша ендігі достық түбегейлі байлаулы достық болуын тілегендей болды. Есті әйел бұл тілегін олақ қылып айтқан жоқ. Олақтық бұл сөздің дәл бүгінгі түнде шұғыл туып қалғандығында болмаса, айтуында орынды болды, келістірген еппен сөйленді.

Басында Ғаббас әртүрлі көмескі сөздермен бүркей жауап берсе де, артынан бір ашық сөз сөйлеу қажет болғандықтан, бұл сөздің шұғыл келгендігін айтып ойланбақшы болды. Ғаббастың бүгінгі сезіміне Ғайшаның соңғы сөзі тәттіге ащыны араластырғандай тиіп еді. Бірақ әлі Ғайша бұған қымбат, әлі де сұлу, жақсы әйел, сондықтан жас жігіттің көңіліндегі сүю мен құмарлық мынадай аз бөгетке қарап кеміген жоқ.

Ғайша көпті көрсе, Ғаббастың да бұл алғаш көрген әйелі емес. Талаймен талай түрде кездессе де, көпшілігінен осы сөзді естіген. Бірақ олардың көбі Ғайшадан епті, орынды қылып айтқан емес. Ғайша әншейіндегі көп әйелдей айтса, Ғаббас та дағдылы бір жауапты бере салар еді. Кейде Ғаббас: бір көрген жерден «ал» деп айта қоятын қалтада дайын тұрған неғылған байлау? Олай болса маған да сонша жауап парыз-қарызы жоқ деп: «аламын» деген сөзді де айтып салып, бірталай жерге әйел де, өзі де сүйретіліп барып қалушы еді. Бірақ бүгін Ғайшаға оны істеген жоқ. Бұл Ғайшадан тілегі бітіп,. құмарына қанып болғандықтан емес, Ғайшаны шындап байқап, ойланып көріп, дәл баға бермек болған мақсатынан туып еді. Ғайша есті сөз, сұлу пішін, сезімді сұлу дене, ыстық құшақ, ұзақ сүйісімен Ғаббастың бұрынғы жеңіл бағалайтын әйелдерінен көп артық, көп маңызды сияқтанып еді.

Бұлардың әңгімесі алғашқы сүйіс уақытынан бастап, бір уақыт қызулы сыбыр күйінен солғындаған жоқ еді. Кейде біріне-бірін тартқан сезім бұлардың әңгімесін үзіп-үзіп те кетеді. Онда жас жігіт қыздың бет-аузы мен көзінен сүйгенді қанағат қылмай, барлық толық сұлу денесін құмар құшақпен сипай қысып, ашық мойны, кеудесінен, білегінен де жабысып, ұзақ-ұзақ күйдіре сүюші еді.

Осы сияқты хәлдің ортасында таң ағарып атуға айналғанда бірін-бірі шынымен құмарланып сүйгендей күйге жеткен жігіт пен қыз тоғайда жаңа оянған торғайлардың алғашқы жырларын естіп келе жатып, бақшадан шықты. Таңның ақырындап соққан салқын желі бар еді. Жібек киімнің етегімен бұралып-ойнап келеді. Кейде алдынан қарсы келген жел Ғайшаның толық жұмыр кеудесі мен сұлу етті сандарын жіктендіріп, білгізіп қояды.

Бұл Ғаббастың көзіне ілінбей қалған жоқ. Ғайшаны жұмыр белінен қысып құшақтап, жүрісіне бөгет қылып тоқтатыңқырап келіп, бір тілек айтты.

Жастар Ғайша тұратын үйдің алдына келіп қоштасуға айналғанда, екеуі де бүгінгі түнге толық ырза болған пішінмен ертең осы үйде көріспекші болып айрылып еді.

Арада бес күн өтті. Бақшада болған күннен соң, үш күндей Ғаббас Ғайшаның пәтеріне айтқан уағынан қалмай келіп тұрған. Ол соңғы келгенінде ертең тағы келмек болып кетіп еді. Бірақ ол күні келген жоқ.

Кеше болмаса, бүгін келуіне қисынды еді. Ғайша кеш болуға айналғаннан бері қарай өз бөлмесінде жақсы көрген жігітін күтіп отырды. Бүгін де бұрынғы келетін мезгілінен өтіп барады. Кеш батқанына бірталай болды. Жақсы жиылған кішкене үйдің іші қараңғыланып келеді. Шам жағатын мезгіл де алдақашан болып еді...

Бірақ Ғайша сәнді жиылған төсегінің үстінде қоңыр тартқан бейуақытта мұңлы оймен сарылған кісідей болып, Ғаббасты күтіп жатты.

Мұның көңілі Ғаббасты жар қылуға алдақашан-ақ ұйғарып, қабылдап еді. Бірақ сұлу сезім, ыстық құшақ иесі сұлу жігіт әлі күнге келмейді. Келсе, төсектегі Ғайша жатқан қалпынан тұрмай-ақ, аз көтеріліп қарсы алар еді. Қазіргі кішкене үйдің ала көлеңкесінде қасына отырғызып сүйер еді, қысар еді; жібектей жүз бұралып, кешегі, алдыңғы күндердей сүйген жігіттің ыстық демін сезіп, тал бойы игендей болып жатып, тәтті түс көре, көзін жұмып қалғыр еді.

Кішкене сүйкімді бөлме... Қыздың төсегі... Алакөлеңке кеш... Сүйгенін күтіп сарылғандықтан, жастығын құшақтап жатқан қыз... Жұмсақ ақ дене... Толқынды қара шаш мынау... Осының бәрі рас болса, жас жігіт қайтып қана кешігеді? Таныс болғаны анада ғана... Неге ол тынымсыз келіп, мазасын кетірмейді? Әлде бұ да суынған жансыз ба? Әлде бұл да қызыл гүлді жұлып алғанша ғана қызығып, алған соң, бір-ақ иіскеп тастай ма?.. Әттең қазақтың салқын көңіл суық жігіті-ай! . Жүрегінде от сезімнің лапылы жоқ. Бәрі де жанға сөлекет тиетін тарамыс-ау! Болсаң еттің басқалардай!.. деген ой келгенде, Ғайшаның көз алдынан ұзынды-қысқалы денелерімен тоғыз жігіттің суреті елестеп өтті.

Бұл ұзын саны еді. Бұлардың ішінде естен қалмастай қымбаттары да бар. Басында Ғайшаға екеу-үшеудің суреті таласа келді. Өткен күннің елесі қазіргі көңілін әбден жеңіп болмаған жас әйел қайсысына тоқтарын анықтап таңдай алмай тұрғанда, олардың бәрін кейін шегергендей болып, бір салқын ой келді.

Ол ой: әлде сол күнә сұмдығымнан ба? Солар үшін бұл күйге ұшырадым ғой. Әйтпесе қазақтың талай қара қызы теңін тауып кетіп жатыр. Мен әрі оқығанмын, әрі бәрінен артықпын. Неге әлі күнге менде күйеу жоқ? Өң ескіріп барады. Жылдан-жылға өтіп келеді. Алдақашан мен үй иесі болуым керек. Мен қартаймақпын ба? Кәрі қыз болам ба? — дегенде Ғайша бұл ойдың пішінінен шошып кеткендей болды. Көзінің алдына, бетіне әжім түскен, екі жағы солған... Шашына ақ кірген, кейбір тістері кетиген, туғаннан шашының ағына шейін қурап, жалғыз өзі сүйретіліп келе жатқан cap далада, елсізде құлазыған моладай жалғыздық көрінді. Ғайша бұл ойға тегінде бүйтіп көп тереңдеп бара алмаушы еді. Өзін аяйтын. Сондықтан қазіргі жүдеу көңілді үдетпей басып тастап, бұрынғы кездерде көңілін тербеткен адамдарға қарай ойын жылжытып, ауып кетті.

Әуелі ең алғашқысы... Ол кезде Ғайша гимназияның үшінші я төртінші класында еді. Жасы 14—15 шамасында болатын. Онда бүгінгіден әлдеқайда сұлу, әлдеқайда ажарлы еді.

Жас жүректің қомағайлығымен өмір сусынын қана жұта алмай, асығып діріл қағып, алдынан белгісіз қызық күтетін. Ондағы қиялы мен бітімсіз зор тілегі келешектегі күндерден ертегінің алтынды сарайларын, күміс бәйтерек, күміс бұлақтарын тілейтін. Сұлулығы жаздыгүнгі сағымдай, алтын айдарлы жақсы жарды ойы суреттеуші еді. Ғайшаның ондағы сұлу жүзі мен жас денесінің уыздай аппақ, толық, нәзік көріктілігі өмірдің болымсыз аз сыйына қанағаттанбайтын сияқты. Ол күнде ақ жүзінде махаббат күн шуағындай болып, қызулы тіршілік белгісін білдіріп, қызыл қан ойнайтын.

Тұрған пәтері бай татардың үйі еді. Ғайша тұрған үйде ол үйдің жақыны — татардың бір бала жігіті болатын. Оның жасы 16—17-де. Ол да гимназияда оқиды, жасына қарай, Ғайшадан бірер класс ілгері болатын. Өзі сұлу денелі, қызыл жүзді, қара бұйра шашты, қара көзді, өте сүйкімді жас жігіт еді.

Бұлар бірер айдай бірге тұрған; сабаққа бірге барып, қайтарда бірге қайтып жүретін. Жас жігіттің аты Ғазиз еді. Ол сезімді нәзік жігіт. Аз ұялшақтығы болатын. Көп замандай Ғазиз ішіне мұңлы сұлу сыр жасырғандай болып, үндемей қорғанып, күрсініп жүрген-ді.


Бір күні бүгінгідей бір қоңыр кеште, алакөлеңкеде екі жас Ғайшаның бөлмесінде көңілді әңгімелесіп отырып, аяғында, ойын арасында бір нәрсеге таласып алысқан-ды... Екеуі оңаша үйдің ішінде жүгіріп: бірі қашып, бірі қуып, дауыстап ойнап жүріп, аяғында Ғазиз әлділігін қылып, Ғайшаны төсегінің жанына келгенде белінен құшақтап әкеліп жыққан. Ғайша жіңішке дауыспен шыңғырып, сақылдап күліп жүргенде, ыстық леппен күлген сұлу еріндері Ғазиздың сол беті мен мойнынан қанды қайнатып, сырғанап өткен. Бұл қозғалысты Ғайша алыс үстінде байқамай істеп еді. Бірақ жас жігітке мастық уын ішкізгендей тиді. Ғайша сол күлген бетінде түрегелемін дегенде, көптен құмарлық жеңген Ғазиз сұлу қызды қатты қысып құшақтап тұрып, ып-ыстық бетінен сүйіп-сүйіп алған. Мастық жеңіп сүйіп алса да, бұл іс қазіргі секөнтте өлім хәлімен бірдей боларлық, ауыр уақыт еді. Екеуі де келесі секөнтті «енді не болар екен?» дегендей күдікпен, қалтыраған жүрекпен күтіп еді.

Ыстық бетіне сұлу жігіттің дірілдеген ерні тиген уақытта ғана барлық ойынның мағынасын ұққан Ғайша басында үні өшіп тына қалып, ешбір қарсылық көрсетпеп еді. Сонымен бір сәтте Ғазизді мойнынан қатты құшақтап қысып, бұл күнге шейін күнәлі болып көрмеген екі таза еріндерін асығып келіп табыстыруға Ғайшаның өзі басшы болып еді. Көлеңкелі қоңыр кеште ұзақ сүйіс, оттай ыстық демалыс... үнді өшіріп, бойды ұйытқан құйындай құтырған жастық... жалындаған ыстық құшақ... Үзіліп-үзіліп қана шығатын бір ауыз, жарым ауыз болса да көп мағыналы сөздер...— ыстықтадым... ауыртып сүйесің... у-у... деп күрсінген сияқты қысқа-қысқа белгілер... басы осы еді... «Тотынаманың» алғашқы бір бұтағы осымен басталатын. Арғысы онан да... онан да әрі ұзақ қызық еді.

Бұдан кейін екі-үш жыл өтті... Арада Ғазизден басқа екі нөмір өтті... Бұлар қазақ жігіттері еді. Біреуі босаң, олақтау шәкірт еді, ол биші болатын. Бірақ Ғайшаны күннің көзінен де қызғанатын болды. Өзінде өткір қылық аз болса да, сүйісуі мен құмарлығы тым мол болып таусылмайтын ұзақ ертегі тәрізденіп жалықтырып еді... Екінші қызметте жүрген, кексе тартып қалған, жақсы киініп, жақсы майланатын қулығы, орамы мол күлдіргілеу жігіт еді. Оның алдауы мен шырғасы көбейе берді... Сондықтан Ғайша одан да жалықты. Бұл екі жігіттің алғашқысын Ғайша дертті қылып тастап еді. Соңғы айырылғанына қиналмаған сияқтанды. Бұлай болғаны жас қызды бұрынғылардан гөрі аз өкіндіріп кетті.

Бұдан соң тағы бір жыл өткенде 17-жылдың өзгерісі болды... Өзгерістен бір жыл бұрын сабағын бітірмесе де, Ғайша оқудан шығып, салт бойжеткен болып жүр еді. Оған бұл кездерде үнемі досты іздейтін, түбегейлі жарды керек қылатын мезгіл жетіп еді... Ғайша бұдан бір жыл бұрын соңғы қазақ жігітімен жүргенде-ақ күйеуге тию әңгімесін ойлап еді. Сабақтан шығуына, бір жағынан, сол да себеп болып еді.

Бірақ соңғы жігітпен үйлесе алмады. Сондықтан келешектен одан гөрі артығырақ қызық күтіп қала берген...

Февраль төңкерісінің алғашқы жиыны, дырдуы көп күндері болып жатқанда, Ғайша да қазақ жиындарында болып жүрді. Тілмаш пен шолақ төрені тұлпар санап, жауырды жаба тоқығандай боп исі оқыған қазақтың бәрін бірдей керегіне жаратпақ болған бұл төңкеріс Ғайшаны бірталай аспандатып көтергендей болды. Ғайша облыс жиналысында әйел атынан құрметті өкіл болды...

Әрбір жерден келген ел жуандары болса да, шеттен келген қазақ оқығандары болса да Ғайшаны «оқыған қазақ қызы» деп қадірлеп, көркі мен сыртқы қалпын тамашалағандай еді... Бірақ сол күнде де Ғайша әлеумет қызметкерінің орнынан да, ақ жағалы, иісмайлы бозбаланың құшағына көп қолайлы боп шықты.

Ғайша өмірінің бұл бір өзінше жанды, қызулы кезі болған. Губірненің съезіне бұны өзі туған үйезі өкіл қылып сайлаған. Сондықтан, үндемей жүрсе де, съезд жиынынан Ғайша қалған жоқ. Бұл кез қалаға қазақ оқығанының әр алуаны жиылған кез еді. Оқуда жүрген бірен-саран студенттер келген. Үлкен оқу бітірген доктор, адвокаттар, тағы сондай ірі деп саналған қазақ азаматтары келген. Белгілі газет жазушылары да болатын.

Ғайша съезд мәжілістерінде болғанда, осылардың бәpiн де ұнатқандай болып, ішінен өзіне жақсы пар болар дегендерін іріктей, таңдай жүрді. Әрқайсысының әртүрлі қолайлы қасиеті бар. Кейбірі сөзге шешен, мәжілісте қадірлі, мақтаулы жігіт. Кейбірі пішінді және көрнекті сұлу киінген; тағы біреулері елдің болыс, би, қажыларына ертеде өткен әлдеқандай еңбегімен аты шыққан, солардың мақтап көтерген адамы.

Басында Ғайшаның өзі көңілімен ұнатқандай болып қадірлегені осы съезде көзге көрініп, ерекше шешен, білімді деп аталған бір студент еді. Бұл суырылған, жалынды жігіт Қасым болатын.

Қасым трибунаға шығып, лапылдата сөйлейтін, ағын судай көзді алдағыш шапшаңдығынан басқа, жай өмірде де күлдіргі, сүйкімді бозбала еді. Басында бұл Ғайшаны қадірлеп, алдандырып жүретін кісі сияқтанды. Әрқашан мәжіліс арасында көп ішінде Ғайшаға ерекше ықылас бөлгендей болып, күліп келіп қалжыңдап, әртүрлі жайдан әңгімелесіп қоятын. Ғайшаның бұрынғы көріп жүрген жігіттерінің бәрінен Қасым бөлек еді. Олардан бұның атағы да, орны да артық. Оның үстіне қалжыңшыл, а нық, орамды. Жас қыздың өз көңілінде қиял қылғандай болып жүретін, өнерлі қауымның бір ірі адамы сияқтанып еді. Сондықтан, Ғайша «менің іздегенім осы шығар» деп, бұған жабыса жақындасып еді. «Қасым аға» деп өзгеден бөлек қадірлегендей болып, әрқашан Қасым сөйлеген сөзді өзгенің бар сөзінен орынды, дәлелді көріп, дауысқа салған даулы сөз болса да — соның жобасын қуаттап, Қасымның әсерімен бірталай жерге шейін әлеумет жұмысының ағымына да төселіп қалғандай болып еді.

Бірақ Қасымның бұған жақындаған қалжыңы мен әңгімесі ұзаққа бармайтын сияқтанды. Ең алдымен оның алмақ болып жүрген қалыңдығы бар болып шықты. Оның үстіне, Ғайша күннен-күн өткен сайын, әншейін жолдастық жүрістен гөрі істі ұлғайтып, Қасымның баурына кіріп бара жатқан сияқтанды. Бұл Ғайшаның еркекке ең алғашқы рет өзі жабысып көргеннің басы еді. Онысы, ақырында, жолсыз талап болды.

Аздан соң Қасым өз бетімен кетті. Ғайша үзілген үмітпен аз уақыт ыңғайсыздау халде жүріп барып, артынан тез оңалды.

Үміт көзі екінші, үшінші қатардағы жігіттерге қарай ауысты. Олардан да көңіл сусыны қана алған жоқ. Сонымен өзгерістің алғашқы бір жылы өтті.

Бұл әредікте Ғайшаның екі досы болды. Біреуі жасы 35 шамасына келген, үлкен оқыған жігіт еді. Мұнымен Ғайшаның жүрісі жарты жылға созылған ұзақ жүріс болды. Бұлар біріне-бірі түбегейлі жақындықпен қосылмақшы да болды. Бұл хәлді гүбірне қазағының бәрі құлақтанып, екеуіне де «қайырлы болсын» айтып жүргені де болған. Ғайшаның бұл жігітінің аты Мұқан болатын. Бірақ ол үлкен оқыған деген аты ғана болмаса, өлгенше өнерсіз, жабайы көптің бірі болды. Оның үстіне, қызғаншақтық сияқты неше түрлі дертті әдеттері білінді. Мұқан мен Ғайша бірталай уақыт бірі алып, бірі тиетін кісі сияқты болып барып, аяғында, болымсыздан ашуланысып ұрыс шығып, екі айрылып кетті. Бұл уақытқа шейін Ғайшаның көңілінде қызықты жарды таңдау әдеті жоғалған жоқ еді. Ол өмірден де әлі де бұрынғы қалпынша көп тілеуші еді. Сондықтан Мұқаннан айрылып кетсе де, бұл оқиға алдыңғы бағына ешбір кесір тигізбейтіндей көрініп еді.

Ғайша мен Мұқан айрылысып кетті. Бірақ бұл айрылысу жас қыздың абыройына елеусіз болып, әсер етпей текке кеткен жоқ. Ғайшаның айырылысардағы есебі тәжірибесіздік болып шықты. Қазақ қауымының дағдысы мен әдетін білмегендік болды. Бұл күнге шейін де Ғайша жайын сырттан сөз қылушы қызыл ауыздар бар еді. Ғайша өз көңілінде ешкім бөтен сөз айтып сынамас, білмес деп жүруші еді. Мұқаннан айрылған күні гүбірнелік қаланы Ғайшаның алғашқы жаманаты басып кетті.

Жалғыз Мұқан емес, бұның алдындағы сырлар да неше алуан болып сөйленіп, ашылып қалды. Кейбір жерлерде Мұқаннан өз ықтиярымен айрылысса да, оны білген соң, оқыған жігіттің өзі тастап кетті деген сөздер болды. Бұл оқиғаның тұсында Ғайша өмірінің ең әділ сыншысы болғандар: «Ғайша әзірше күйеуге тимей, еркін жүріспен өмір қызығын көре түсемін деп айтады екен», — деген сөздерді шығарды.

Қалайда болса, ел аузына аты ілініп қалған әйел, қасында еркек қорғаушысы жоқ болған соң, өсекшіл қауымнан оңды-солды соққыны көре бастады. Басында намыстанып жылап, әркімге шағып ақтығын айтып көріп еді; оның да паналығы болған жоқ. Ендігі жұрт Ғайшаға белгілі сынмен қарайтын болып өзінің нық байлауын жасағандай, суық қарай бастады. Ғайшаның бағасы өзгерістің алғашқы күндеріне қарағанда, күннен-күнге төмендеп, түсіп бара жатқан сияқтанды. Бұл хал сырттағы жұртқа бұрын көптен мәлім болса, аз заманның ішінде Ғайшаның өзіне де анық сезілді. Бұдан соңғы екі-үш жыл сол бетпен күннен-күнге қадірін түсіріп, басын кеміткен жылдар болды. Ғайша расында жылдан-жыл өткен сайын төмендеп бара жатқандай болды.

Соңғы жылдар ішінде тағы да үш-төрт жақсы танысы болды. Бұлардың ішінде қазақ болса, Ғайшамен қызығы тез басылып қалатын жанарсыз жандар болып, орыс, ноғай болса, қызығы әлдеқайда ұзаққа баратын еді. Осы соңғы санның ішінде Ғайшаның әуелі жақындарындай толқынтып қозғау салып, көп қуантып, көп қыздырғаны да болып еді. Бірақ әлденеден екені бойжеткен қызға мәлім емес, әйтеуір солардың бәрі де баянсыз болып, өткен дәурендей қайтып оралмай, жылжып өтіп кетіп жатты. Бір кезде тәтті болған жақындары сол күйін көксеп кеп: ыстық, қызу, қуанышты жүрекпен бұны қайта айналып, тапқан емес.

Бүгінгі қоңыр кеште сол өткен күннің әртүрлі шағын есіне алып, мезгілі кеткен дәуреннің қызыл-жасылды суреттерін аралап жатқанда, Ғайшаның көңілі соңғы санның ішіндегі бір адамға тоқтады. Ол сыртқа шығарып айтып, жырдай қылып суреттеуге қолайлы да адам емес еді. Бірақ жалынды оты басылуға айналып, солғындау тартқан жүрекке дене қызығындай ашық қызықты мол қылып берген сол адам еді.

Ол гүбірнелік қалаға келген бір цирктің балуаны болатын. Мұқанмен аз жүрісінің уақытында Ғайша өнерлі қауымның көсілген молдығы мен қызықты желігін де көп көрді. Сонымен бірге жалаңаш құмарлықтың да бетін ашып, соның барлық мауыққыш, елтігіш тұлғасын көріп шыққандай болды.

Толық, жуан ақ денелі, сұлу келген бас балуан Ғайшамен таныс болғанына екі-үш күн өткен соң, бір түнде қызды арбакешке отырғызып, гүбірнелік қаланың өздері жатқан жақсы нөміріне алып келген. Екеуі түн бойы ұйықтамай отырып, неше түрлі жақсы арақты мол мастыққа шейін ішкен. Ғайша бұл сырын өлгенше жасырын қылып ұстамақ болса да, артынан білініп қалып еді. Ол түн Ғайшаның онсыз да осал жібін біржолата еркінше көсіліп босатқан түні еді. Ол цирк ойыншыларының баяғыдан танысы болып, бірге болып ойнап келе жатқан қыздарындай ашылып кетті.

Мас балуанның жұрттан бөлек денесі мен өскелең қылықтарының бәрі де бұрын нәзіксініп жүрген қызға елден ерекше бір қызық сияқтанды. Алып денелі балуан өзі де жалаңаштанып алып, мұны да еркіне қоймай, ойнап-күліп жүріп жалаңаштап, екі қолына кішкене балаша көтеріп алып қысып, сүйіп, ойына келгенін істеп, жүгіріп-ойнап жүрген уақытта Ғайша бұрын өзі көрмеген үлкен сұлу аңмен таңсықтық қылып, еркелеп-ойнап жүргендей болып еді.

Ол түндер асау мастық... жалаңаш құмарлықты мейлінше қандырған бір түнде болып еді. Өзге көптің ішінде оның да мезгілі өтті. Бұл күнде ол да бір алысқа кеткен шақ болып жоғалды... бітті... Ол түндердің арты қазақ қауымы жағынан Ғайшаға тағы да теңіз толқынындай үлкен соққындарды алып келді. Бұл нөмірдің арты Ғайшаны ел көзінде біржолата басып, төмендетіп тастағандай болды. Ол қызығы үшін Ғайша өзгені қойып, өзінше жүретін баста таныс әйелдерінен де көп ренжітерлік сөз естіді.

Кейбір қазақ жігіттері елде жоқ қаталдықпен Ғайшаның қылығын бетіне айтып, ұялтуға айналды. Сондықтан ол соңғы қылығының ізін бастыру үшін, бір үйездік қалаға кетіп қалып, бір жылдан аса сонда жүріп еді. Бұл уақытта күйеусіз тіршіліктің күні қараң екеніне әбден көзі жетті. Өзінше көп ойланып, көп толғанған кісі сияқтанды. Сондықтан енді күйеу дегенді ерекше дерттілікпен іздейтін күнге жетіп еді. Бұл замандағы Ғайшаның күндіз-түні ойлайтын бар арманы, бар айтысы сол еді. Сонымен «көк етікті кез келмей, көн етіктіні көзге ілмей» жүрген хал Ғайшаның басына бүгіннен көп бұрын туып еді. Қайда барса да бір басын өткізе алмағандай, барлық адам баласының қауымында жалғыз басы сыртқа қағылып, керексіз болып қалған адамдай еді. Гүбірнелік қаладан екінші үйезге кетіп бірталай уақыт өткізгенде, Ғайша осы хәлдің ауырлығы мен қайғылы жүдеулігін көп сарылып ойлап шыққан. Енді көкейді тескен арманға жету үшін, бұрынғы өзгемен тең бағалы болған дәуренді қайта табу керек. Гүбірнелік қалаға барып жаңғырып келген кісі болып, бұрынғы қалыптан өзгергенін білдіру керек. Кім біледі, әлде бақыт жүзі бұған да қайтадан бір бұрылар... Ағарып жүдеп атқан таңдай, қызарып балқып батқан алтын шапақтай бұрынғыша тәтті сұлу жыр, қалғытатын ертегідей болмаса да, екінші түстегі бір қызық шақ қайтадан оралар...

Осы сияқты үміттермен Ғайшаның гүбірнелік қалаға келгеніне үш ай болып еді. Гүбірнелік қала басында үндемей, жыбырламай, сынау үшін іштен тынған жандай болып, Ғайшаны жақсы момын пішінмен қарсы алды. Ғайшаның да енді гүбірнелік қалаға келген әркімге өзінің ендігі жайын сездіріп, түзелгенін білдіргісі келді... Сондықтан да ол сауық кештерде қазақ сахнасына екі-үш рет шығып көрді. Ғайша ойыншы жастарға бастық бола жүріп, ағарту жолына қызмет ете жүріп, мүмкін болғанынша, қызы жақсы болып шығатын пьесаларды таңдап қоятын. Неғұрлым қызының рөлі ұзынырақ болып, нәзік сезімді қыз героиня болып шығатын пьеса болса, соны жақсы деп есептеп, қазақ жиынына соларды қойып, өзі бас героиня болып екі-үш жол ойнап шықты. Ғайша сахнаға шығарда киімді пьесаның шартынан сонағұрлым артық киіп, грим-бояуларын да баса жаққызатын.

Екі-үш рет ойын болды. Ғайшаға әркім босаң сөзбен рахмет айтады. Бірақ ұлы өзгеріс сезілмегендей, көп білінбейді. Әттең, қазақ қауымы тұнық күні болмайтын лай су ғой; әйтпесе, тым болмаса, өнерге бас иіп, серпілмес пе еді?..

Ғайша бұл жолы бұл қалада бойын тартып, дәл ұстаған болып жүрді. Ешкіммен жалпылдап ойнап кеткен жоқ. Бұрынғыша көзге түсіп жарқылдап, әлдекіммен көп күліскен де жоқ. Бірақ сонда да гүбірнелік қала жігіттен жұтағандай. Бар еркегі өмір қызығын тауысып бітіріп, жәрмеңкесін таратқандай... Күйеу болар жігіттің құлағы да көрінбейді.

Осымен Ғайшаны сарылтып қажытқан жылдай ұзақ үш ай өтіп еді... Осы соңғы айдың ақырғы күндерінде гүбірнелік қалаға Ғаббас келген. Бұрын атын естіп жүрген Ғаббасты өзі тұрған қалаға келді дегенде, Ғайша соңғы тәуір ойналған сауық кешінің өтіп кеткеніне өкініп еді.

Бірақ ол өтіп кетті. Енді тағы бірдеме ойнатуға қазақ артистерінің құралуы қиын. Сонымен жүргенде Ғаббаспен таныс та болып, барынша жақындасып, бүгінгі кештегі халге келіп еді.

Енді Ғаббас қалай болса, Ғайшаның қазақ жігітіне жасаған ақырғы шабуылы. Бұрынғы жақсы иісті, саялы көп бұтаққа қонақтамай келгендігі ақырғы қонысы осы болу керек. Ғаббас та тұрақтамай, ескі дағдыша жылжып кетсе, Ғайшаның тағы да тауы шағылғаны... Ақырғы жігер, ақырғы жанды үміттің үзіліп, өшіп, сөнгені. Сондықтан бұған бойда қалған өнерді салу керек еді.

Осыны Ғаббастың келгенінен бері қарай жүз қайтара ойлап шыққан Ғайша кешегі күн сүйген жігітіне хат жазып жіберіп еді. Хатты Ғаббас алған

Бұл қағазда Ғайша жүрегінің қайғысы мен өз өмірінің өкінішті арманын түгендеп, тізіп жазып еді. Ғайша хатындағы өз өмірінің жүдеулігін, өз басының сүйеу көрмеген жалғыздығын айтқан жерлері шын өкінген жүрекпен жазылған сөз еді. Бірақ соның арасында мағынасыз өмірдің жұлдызы, махаббаттың көптен шөлдеп тапқан жалғыз суаты Ғаббас болып, онсыз тіршілік қанағат емес болып, жазылған сөздері машық болып кеткен дағдылы өтірік еді. Әсіресе орынсыз кеткен — Татьянаның Онегинге айтқан:

«... Шыныңды айт — кімсің тербеткен,

Иембісің сақтаушы?

Әлде азғырып әуре еткен,

Жаумысың теуіп таптаушы?

Шеш көңілімнің жұмбағын:

Әлде бәрі алданыш,

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс?..» —

деген сөздері еді.

Бұл жерге келгенде өлеусіреген жүрекпен ақырын ғана иек қағудың орнына, Ғаббас хатты бір жолдасына лақтырын тастап, сақылдап күліп еді. Бұл сұлу жыр мына жерде сиырға ер-тоқым ерттегендей үйлеспейтін, жадағай күй болып сезіліп еді.

Ғайша бұл хатына жауап алған жоқ-ты. Келем деген хабарын да ала алған жоқ. Сондықтан сеністен айрылып қалған көңілі кейде келуіне сенсе де, кейде сене алмай дал болып, қобалжып қояды... Шыдамы таусылып, қайрат біткен әлсіздіктен кейде жастықты баурына басып қатты құшақтайды. Бұл уақытта үйдің ішінен ала көлеңке кетіп, қараңғы болып еді. Түн болып қалған екен. Ғайша күрсініп, енді түрегеліп, от жағайын деген уақытта үйіне жақындап келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Ғайша төсегіне қайта шалқайып, жастыққа басы тигенде; есік ашылды. Қараңғы бөлмеден қомағай көз қадала қарағанда, жалғыз келген жігіттің ақ жағасын көріп, жүрегі лүпілдеп соғып кетті.

Бұл жаңылған жоқ еді. Келген Ғаббас екен. Ол қараңғы бөлмеге кіріп, біраз аңырып қалғанда, Ғайша төсегінен аз көтеріліп:

— Әйтеуір келдің-ау! — деп күрсінді.

Ғаббас Ғайшаның барына қуанғандай болып:

— Ғайшамысың, барсың ба? — деп есікке қайта айналып бөгеліп: — Ғайша, есік жабуға рұқсат па? — деді.

Қыз бұл сөздің артындағы бар мағынаны ұғып, намыстанып күйгендей болып:

— Неге? Не себепті? — деді.

Жігіт сасқан жоқ. Салмақпен:

— Екеуміз бірдей бармыз, бізге үшінші кісінің керегі жоқ. Сондықтан жауып қоймасам?.. — деп жауап күтіп тұрды.

Ғайша:


— Оның бер жағында не дегелі тұрғаның мәлім ғой.

Маған жалғыз сол мақсатпен келгенше, келмесең етті! — деді.

Бұл сөздің ішінде шынымен күйгеннің де, наздың да белгісі бар еді. Бірақ Ғаббас Ғайшаның басына сенген көңіл мен жауап бермей-ақ, есіктің шаппасын іліп алып, Ғайшаның қасына келді. Келген жерден Ғайшаға: «Тұрма, жат! — деп қойып, өзі сыртқы киімін тастап, бірге жатып қалды. Әртүрлі қысқа-қысқа сөз болып, құмартқан құшақ, ыстық демалыстың ішінде бірталай уақыт өткен соң, келелі әңгіме басталды.

Бұл әңгімеге келгенде, Ғайшаның даусы да өзгеріп, сөйлер сөзі де шын сияқтанып көбейіп кетіп еді. Ол Ғаббастан көптен күткен жауабын тіледі. Кешегі жазылған хат, оның алдында әлденеше рет айтылған сөз, бос айта салған нәрсе емес. Оның тиісті жауабы болуға керек еді. Бұл орынды тілек, шын әңгіме еді. Әсіресе ішінде сол дерттен тыным алғызбайтын жалынды шоқ жатқанда, Ғайшаның сөз қылуы әбден дұрыс емес пе?

Сондықтан әр нәрсеге алаңдап, мына сөздің желісін бұза берген Ғаббасқа ол қадала сөйлеп:

— Неге байладың? Маған не айтасың? — деген сұрақты ашық қойды...

Ғаббас басын қасыды. Сорына келгенде, ол бұл әңгімені ойланамын десе де, әлі тіпті де ойланған жоқ еді. Ол тегінде алу-алмау әңгімесін ойламақшы да емес еді. «Ғайшаға не жауап беріп, осы хәлді соза тұру керек; қадалғыш қызды не дәлелмен бөгей тұруға болар еді?» Соны да ойлаған жоқ еді. Сонда да қарманып көріп, бұрыннан қиналып жүрген кісіше күрсініп алып:

— Ғайшажан! Мен осы сауалға жауап беруге тіпті әлсізбін. Әлсіздігім, сенің басыңды біле алмай, екі ойлы болуда емес; өз өмірімнің бір шешілмеген түйіні болғандықтан. Өзіңе белгілі, менің қырдан алған қатыным бар. Мен әлі оны тастаған жоқпын, — деп, жүдеген қайғылы пішінмен бірталай өзінше дәмді себептерді айтып шықты. Бұның да айтқан сөзі ұзақ еді. Бірақ Ғайшаға бұл сөздің шын емес екендігі белгілі болатын. Өйткені «Ғаббас осы жолы қазақ қатынын тастап келді» деген хабарды да астыртын естіп еді. Сондықтан Ғайша жігіт жауабына қанағаттанған жоқ. Ғаббас қатынындай қатын, шын көңілі болса, бұларға бөгет болмайтындығын айтып келіп:

— Аяғында, маған бүгінгі күн байлаулы жауабыңды бер. Бөгет қатынымда десең, тіпті содан айрылған күнде мендікпін десең де тоқтаймын, — деді.

Бұл сөздер бұрыннан Ғайшадан шет жағалап көрініп жүрген сөлекет мінездің анық бетін ашты. Ғаббасты Ғайшадан алыстатып, суытқандай болды. Сондықтан ол бекінген пішінмен:

— Сені аламын деген уәдені бүгін бере алмаймын, — деді. Бұл сөзді естіген жерде: Ғайша алданып қор болғанын жаңа естіген таза әйелдей болып, Ғаббастан құшағын алып, жүрегі үзілгендей өксіп-өксіп жылап жіберді.

Ғаббасқа бұл жылау ыңғайсыз тиіп еді. Басында тоқтатамын деп айтқан сөзінің әсері болмады. Ғайша бір ауыз сөз айтуға шамасы келмей, іші-бауыры езілгендей болып, өксіп-өксіп жылап жатты. Ғаббас басқаның бабын таба алмай, Ғайшаны құшақтап бетінен сүймек болып келді де, оқыстан бір ой келіп, жылап жатқан қыздың беті мен екі көзін сипады. Ғайша бұл қылыққа ашуланғандай болып, Ғаббастың қолын тартып тастады. Бірақ өртенгендей болып егіліп жылап жатқан қыздың көзінде бір тамшы жас жоқ екен...

Ғаббас қолын тартып алып, теріс айнала берді:

— Түу, сарамас, көзіңде бір тамшы жас жоқ қой! — деді.

Ғайшаның өзі-өз болып, жаман ұсталған жері осы еді. Ол даусы қолдан жасағандай өзгеріп:

— Мен жылағанда, көзімнен жас шықпайтын әдетім! — деді.

Ғаббас тұрып, киініп жатып:

— Рас айтасың, қайғың үлкен болғасын сөйтесің ғой! — деді.

Бұдан әрі екеуінде де сөз болған жоқ. Жас жігіт киініп болған соң «қош!» деп шығып кетті. Не дерін білмей, төсегіне жабысып, тас болып қатқан қалпында Ғайша қала берді.

Ғаббастың бүгінгі мінездері Ғайшаны әбден торықтырды. Енді Ғаббастың қайта айналып келуі екіталай. Жас жігіт есікті жауып шығып кетіп бара жатқан уақытта Ғайша ішінен ақырғы рет: «Сенен де айрылдым ба, қош!» — дегендей болып қала берді. Бұл ақырғы үміт болатын. Ең соңғы сенген адамы осы еді. Ғаббас біржолата Ғайшаны көрмей кетпес-ау? Өз тілегі үшін әлі де талай рет соғар; әй, бірақ ол енді Ғайшаның тілегіне табылмайтын болды ғой! Оның өз құмарлығы үшін келгені Ғайшаны жұбатуға жарай ма?

Ғаббас Ғайшаға ол үшін тіпті аз керек еді. Барлық жүрістің мақсаты ол болатын болса, талай Ғаббас табылуы қиын емес. Ғаббастың бүгінгі кетуі Ғайшаның зор үмітін жоқ қылды ғой.

Шынымен-ақ барлық қызық, күткен өмірі осындай дал болып, қаңғып қалумен өткені ме? Өмір бойы кімге кездессе де, ылғи тарқап кеткен базардың соңына ілінумен өткені ме? Өмір базарында Ғайшаның сыбағасы ылғи ақырғы перденің, қайғылы хәлдің ойыншысы болып өту ме?..

Тіршіліктен барлық аларым осы ма? Осы мазақ, осы қорлыққа үнемі көніп, иленіп өткенім бе? Бүйткенше... қор болғанша бұл тіршілік жоқ-ақ болсын деп, Ғайша ұшып тұрып, жылдам киініп, өңі қашып, жақын жердегі әптекке келіп, бұрын бір таныс дәрігерден алып қойған рецептпен бір кішкене сауытқа құйған апиын сатып үйіне қайтты. Жолшыбай Ғайша гүбірнелік қаланың көшесіне, барлық тіршілік иелеріне көзімен, көңілімен қоштасып келді.

Қазіргі халде тіршілік шынымен-ақ керексіз сияқтанып еді.

Үйге келген соң әлі күнге қараңғы болып тұрған бөлмесіне шам жағып, бір-екі хат жазды. Бұның бірін үйіндегі шешесіне арнады. Біреуін қайғылы қысқа сөзбен Ғаббасқа жазды.

Көңілі бұл уақытта өлімді оңай көргендей, тіршіліктен қазір-ақ «қош» деген бір-ақ сөзбен жылжып жүре беретіндей болып еді.

Хатты жазып болған соң, кішілеу сауыттың ішіндегі қара түсті уға біраз қарап отырды. Бір-ақ секөнтте ішіп салу, көзді жұмып бір-ақ бекіну. Қазір түбін ағартып жоқ қылу... Содан арғысына Ғайша өлемін деп тіленбей-ақ қояды. Күшті у өз жұмысын өзі бітіреді. Әуелі басын айналдырады. Аяғын шалыс басқызып, сенделтеді. Содан әрі сұр өмірге «қош» деп жығылады. Аржағы мәңгі ұйқы, мәңгі жоқтық. Артындағы ел Ғайшаның жүрегінде қандай дерттің жүргенін, бұның басы қаншалық қайғылы, мұңлы екенін сонда ғана біледі. Өкініп басын шайқап, таңдайын қағады. — Асылдың қадірін білмеппіз-ау! — деп қынжылады... Сөйте ме? Жоқ — әлде бұл жерде де бірдеме деп, өлген жүзіне қарап тұрып күле ме?.. Жарайды, не, болса да деп удың аузын ашып, қолына алып, аузына көтеріп алып келді. Ақырғы рет айнасына қарап тұрып ішпекші болды. Ғайша айнаның алдында келгенде, стол айнасының екі жағында тұрған белгілі балуан мен Ғазиздің суретіне көзі түсті...

Оларға да ойымен «қош» деп, балуанның жуан сандарына көзінің қырымен қарап тұрып, у сауытын аузына әкеліп төңкеріп қалды... Апиын иегінің үстінен жерге сырылдап тамып жатты. Ғайша сауыттың түбі ағарғанша төңкеріп тұрып, бар у біткен жерде сауытты жерге бір салып сындырып тастап, өзін-өзі өлім жазасынан қайтадан азат қылып күрсініп, тиыштық алып отыра кетті.



— Менің күнәма осы жаза да. жетер... Тәуір-ақ өзімді аямадым ғой. Тіпті шын өлу керек болса, өле алады екем... Жарайды, әзірше бара тұр, Ғайша!.. Бұл жолы ақталып шықтың!.. — деп бұрынғы қалпында тіршілік күндерін тағы да күтіп қала берді. (...)

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет