Бұл көктем мезгілі еді. Абай Семейдегі Тінібек байдың үйінде кітап оқып отырғанына бірнеше күн болған. Оның әсіресе соңғы түні ұйқысыз өтті. Үлкен үстел үстінде ашылып жатқан кітап бір емес, әлденеше



бет2/2
Дата02.06.2023
өлшемі56,11 Kb.
#98307
1   2
Байланысты:
Абай жолы 2-том

Жайлауда
Бұл Абайлардың ауылы көгалға қонған шақ еді. Жаз бойы ауыл іші ән мен ду-думанға толы болды. Себебі тобықты ішіне атақты әнші, Орта жүзге аты мәлім Біржан сал қонақ боп келген. Ал бүгінгі қарбаластың жөні тіпті бөлек. Жұрт ішіне «Біржан ертең еліне қайтады» деген хабар тараған. Сондықтан мал иірілетін қора мен малшы-жалшы ауылынан аулақта құрылған оңаша төрт ақ үйге барлығы ынтығып қарайды. Барлығы атақты әншіні тыңдап қалғысы келеді.
Абай інісі Әмір арқылы Арқадан келген Біржан салды арнайы алдырып, жаз бойы қонақ еткен. Енді, міне, дастархан жайып, сый беріп, еліне аттандырмақшы. Біржан салды дұрыстап аттандыруға Тобықтының бар өнерлі жастары жиналған. Бұлардың тобын Майбасар, Қалиқа, Айғыздар шиқандай көреді. Қонақ үйге келем деушілерді жолатпайды. Шеткі қоңыр үйдегі малшы-жалшылар қанша құмартқанымен бара алмай күйікте қалған.
Ән ауыл үстінде әуелейді. Ән тыңдай алмай шөліркеп жүрген Есбике, Баяндар, Бүркітбай мен Баймағамбеттер бір-біріне мұң шағады. Аулақта бай ауылдың қозысын баққан Байсүгір де әнге құлақ түреді. Түс пен өңнің арасында тұрған ол қозысын ауылға жамыратып алып, қатал Майбасардан оңбай таяқ жеп те алды.
Ауыл адамдарының ән мен күйдің ордасы болған оңаша тігілген ақ үйге алаңдауының тағы бір себебі бар. Осыдан үш ай бұрын Абай Әйгерімді ұзатып алып келген. Қазір қонақтар ортасында, Абайдың қасында отыр. Оның әншілігін естіген көршілер әнін тыңдауға ынтығып жүр. Бірақ «ән айтпасын, шаңыраққа қарасын, келгені кеше» деп жас келінді Айғыздар тыйып тастамақшы. Әйгерімнің өзі ән айтпай тартынғанымен оған өнерлі орта көнбейді. Әсіресе, мінезі адуынды Оспан қолқалап қоймайды.
Абайдың бұл жолғы қонақтары өзгеше. Өңшең сері бозбала мен сұлу бойжеткен. Олардың ішінде өзінің інісі – әнші Әмір, нөкерімен келген Үмітей сұлу, Бөкеншіден Сүгір баласы Әкімқожа, оның қарындасы Керімбала, Жігітектен сері Оралбай және Балбала Әнетқызы бар. Ортадағы Біржан сал жез ішіндегі алтындай боп бөлектеніп отыр.
Жиналған жұрт салдың аузына қарап, әнін ұйып тыңдайды. Біржан болса қос ішекті безілдетіп:
«Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Адамға зияным жоқ жүрген жанмын», – деп бір кетеді.
Ән біткенде Абай:
– Біржан аға, ел ақтап, тілін безеп, жанын жалдап, тіленшілікпен байды сауып жүретін ақын болушы еді. Кім көрінгеннің қосшысы, үн түзеген бір әнші болушы еді. Бірі сөздің, бірі әннің қадірін кетіретін. Ал сен босағадан өрлетіп әнді төрге шығардың. Өнеріңмен еліңді бас игіздің. Осының-ақ, қадір-қасиетіңді тануға жетіп тұр, - дейді.
Біржан: – Шіркін, айтушы мен болғанда, ұқтырушым сен болсайшы Абай! - деп елді күлдіріп, разылығын білдіреді.
Артынша ән айту кезегі жастарға келеді. Әмір айтқан «Жиырма бестен» соң жастар да жаңа әнімен өз өнерлерін көрсетпек керек. Әмірден соң Керімбала «Қарға» әнін айтты. Керімбалаға орай қып Оралбай да «Гауһартас» әнін шырқады. Ән домбыра кезегі қыдыра жағалап Үмітейге келгенде ол «Баянауылды» бастады.
Енді отырған жұрт Әйгерімге қарады. Әйгерім «лайығы жоқ» деп тартынғанымен:
– Сенің де қалатын жөнің жоқ. Тым құрыса ауылдың алты ауызы болсын, - деп Абай емеурін білдірді.
«Ал, бибай саған айтам гигайымды», - деп Әйгерім ән бастағанда жас жарына көлденең қарап отырған Абай бұлбұл үн мен сұлу әуенге ұйып, қалың ойға шомып кетті. Ән біткенде оны қымыз ұсынып Әйгерім оятты.
Дәл осы кезде Қалиқа Абайға келіп:
– Телғара, сені апаң шақырып жатыр, - дейді.
Абай Әмір, Оспан, Әйгерімге қарап:
– Мен бөгеліп қалсам, қонақтарға ас бере беріңдер! - деп шығып кетеді.
Оны үлкен үйге шақыртқан Ұлжан, Айғыз, Ділдә еді. Ұлжан Құнанбай сапар шеккелі талай болса да, хабар жоқтығына көңілі күпті екенін айтады. «Сен болсаң ала жаздай ойын-сауық ортасыңдасың. Сөйтетін күн бе, не ойың бар?» деп сауал тастайды. Абай үндемейді.
Екі енесіне арқаланып Ділдә да Абайды кінәлайды. «Сүйген жары, сиқыршы, әншісі қасында, соған жағынам деп жанып жүр» деп кекетеді. Абай Ділдә сөзін аяқтатпай, шешелерімен ұғыса алмай шығып кетеді. Қонақ үйге барар жолда Майбасарды кезіктіріп жас бала Байсүгірді шырқыратып сабағанына налиды. «Байсүгірді сабағаның мені сабағаның» деп Майбасарға қатаң ескертеді.
Шешелері Абайды ойын-суықтан бас тарттыра алмағанымен, оның сыртынан тон пішіп қонақ үйдегі жастарға астыртын адам жібереді. Сөйтіп оларға қайтуды бұйырады. Қонақтар жолға қамданады. Әкімқожа мен Керімбала Саркөл, Қопа жаққа кетеді. Әмір, Біржан, сері Мырзағұлмен бірге Үмітейді алып Пұшантайға тартады. Оралбай мен Балбала да ауылдарына қайтады.
Біржандар Пұшантайға жөнелгенде Абай, Әйгерім, Ербол да олармен бірге аттанды. Бұлар Әмір тіккізген үйге қонақ боп түсті. Мәжілістері ұзаққа созылды. Сол арада Абай Біржанға:
«Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй», - деп басталатын өлеңін оқып берді. Біржан «әндегі біз байқамаған, елемеген түкпірді аштың» деп риза болды.
Кеш жатқан қонақтар ертесі түске жақын аттанауға қамданды. Аттанар алдында Біржан:
«Ей, бозбала-ай,
Өтті-ау заман-ай,
Қош бол, аман...» – деп жаңа әнін шырқап қоштаспай кете барды. Бұл жаңа әнді үйренуге Әмір де қоса аттанды. 
«Даусы неткен тамаша. Қозы-көш жер ұзаса да әлі анық естіліп барады» деген Ербол Біржан даусына тамсанды. Қайтып келген Әмір әннің атын сұрамағанына өкінді. Абай болса «оның атын жаңа Ербол айтқан жоқ па? Қозы көш жерге дейін естіліп барады деді ғой. Біржан да әннің атын қоймаған болар. Ендеше әннің аты «Қозы көш» болсын» деп үйге қарай беттеді.
Біржан аттанып кеткен жазда Олжай ортасына үлкен лаң кірді. Дау тудырған Оралбай сері мен Керімбала ісі еді. Бұлар бұрыннан бір-біріне ғашық болатын. Бір түні сөз байласқан екеуі бірге қашып кетеді. Жастардың бұл қылығы Жігітек пен Бөкенші арасына өрт салады.
Қызын Қаракесектегі Қамбардың мықты жеріне ұзатқалы отырған Керімбаланың әкесі Сүгір қатты ашуланады. Ағалары Әкімқожа, Нұрғожа, Балқожа да намыстанып: «Шауып аламыз, қыз бен жігітті бір түнде байлап алып келмесе, тұрысатын жерін айтсын» деп Жігітектерге адам жібереді. Таңертең жаманат хабарды алған Жігітек те Бөкеншінің өзара жасаған кеңесін жансыздары арқылы естіп, «шауып аламыз, жылқы аламыз» деген сөздеріне іштей жауығып қалады. Сөйтіп үлкен даудың туарын біліп, екі жақ та ара ағайын болуға Ырғызбай, Көтібақ, Торғай, Топай деген төрт атаға бөлінетін Айдос ұрпақтарын шақырады.
Бұл уақытта Оралбай мен Керімбала қоналқалық орын таба алмай ана ауылдан мына ауылға жасырынып жүреді. Олардың қасына келген Оралбайдың ағасы Базаралы «елге тентек болсаңдар да, иесіз-панасыз емессіңдер. Жұртың көтереді. Бергізбеймін. Қасыңдамын!» деп дем бере кетеді. Осының алдын ол Абайға «араласып, қорған болсын, билігін айтсын» деген емеурінді хат жолдаған болатын.
Абай Оралбай мен Керімбалаға Әмір арқылы сойысқа жылқы жөнелтеді. Ара ағайын жиынына араласып, Ербол арқылы Сүгірге сәлем жолдайды. Сәлемі: «Іс насырға шаппасын. Екі ел қан төгіспесін. Жараны ұлғайтпай емін табайық. Осыны Айдостың көбі өтінеді» деген тілек еді. Бірақ Абай білмейтін. Айдос ішінен Бөкеншіге кеткен алғашқы сәлем бұл емес еді. Майбасарлар астыртын жансыз арқылы Сүгірге дем беріп: «Жігітекті аямасын. Салмағын мықтап салсын. Айдос тентекпен емес, Бөкеншімен бірге» деп сәлем жолдапты.
Ербол кешігіп барғанда Сүгір «бар малым намыс жолында садаға. Кісі барымтасына орай кісі барымтасы» деп жүз жігітті Жігітекке аттандырған екен. Бүлікке кеткен жігіттер Жігітек ішіндегі Жапа дегеннің жаңа түскен сұлу келіншегін тартып әкеледі. Жігітек жағы да келесі күні жүз жігіт аттандырып Бөкеншінің ішіндегі Солтабай дегеннің биыл түскен келіншегін барымталап кетеді.
Солтабайдың келіншегі барымталанғанын естіген Бөкенші жағы тегіс атқа қонады. Бұл кезде Жігітектің жігіттері де айқасқа дайын еді. Күн найза бойы көтеріле бергенде Жігітек қонысы Саркөл, Бөкенші қонысы, Шалқар арасы, Суықбұлақ пен Қаршығалы арасы сірескен қолға толады. Жігітек пен Бөкеншідегі небір ерлер мен балуандар кездесіп, айқасады. Екі жақтан да көп адам жараланды. Жігітек арасынан көзге түскен Абылғазы болса, Бөкеншіден түйе балуан Марқабайға төтеп берер ер табылмады.
Соғыс түске дейін созылды. Әлі жалғаса берер ме еді ортаға Айдос қалың қолмен кіріп, еріксіз тоқтатты. Соғыс тоқтағасын Айдостың әкім-қаралары Жігітекке бармай Бөкеншіге тартты. Істің насырға шауып бара жатқанын аңғарған Базаралы Оралбай мен Керімбаланы Шыңғыстың «Қараша қойтасына» әкеліп жасырды.
Осы кезде мініске қос жарау ат пен сойысқа тай әкелген Әмір Абайдың «енді Жігітек арасынан жалғыздық көреді. Оралбай мен Керімбаланы алып Семейге кетсін. Ұлыққа барсын. Мен де барып керегіне жараймын» деген сәлемін жеткізді. Бұған көнбеген Базаралы «енді қалған жаным осы екі жастың жолында шықсын» деп берілмеуге бекінді.
Сүгір ауылындағы жиын кезінде Жігітек жеңілді. Бөкеншіге Қарауыл бойынан үш қыстау беріп, Керімбаланы Қаракесекке жөнелтетін болды. Осы байламды орындауға шыққан он жігіт Керімбаланы алып келуге аттанды. Олар Шыңғыстың жырасында Базаралымен кездесті. Өліспей-беріспейтін Базаралы он жігіттің бесеуін найзалап, бесеуін жаралы иттей қуып тастады.
Екінші кезекте отыз жігіт келді. Олар Базаралыны Қараша тасынан шеттетіп әкетті. Қалған топ аттылар Керімбаланы тауып алып, Оралбайдан айырды. Кетер кезде Оралбай:
– Керімбала, сәулем қайта іздеп барам, - деп қалды.

Керімбала да өр ашумен қызарып:


– Келер болсаң жолыңа жаным құрбан! – деп кетті.
Олжай дауы осымен бітеді. Бұл тарау Абайдың екі жасқа қайғыра отырып: «Тобықтының зорлығы мен қараңғылығы Оралбайды жеңгенімен өмірді жеңе алмас» деп болашаққа үміт етуімен аяқталады.

Еңісте
Абай қыстай орыс кітаптарын оқып, көктемде Әйгерімнің ғана отауын алып Ақшоқыға ертерек көшіп келген. Көктем шықса да қыстайғы әдетінен жаңылмай, жұрттың «Әйгерімнің қасынан шыға алмай қалды» деген сөздеріне күле жүріп, кітабын қолынан тастамады. Бұл уақытта ол орыс тілінің жаттығын сезінбей, сыртын емес ішін де жете түсінер деңгейге жетті. Осы бір жеңісіне қуанып отырған шақта сырттан Әйгерім, Ербол, Кішкене молда үшеуі кірген. Төртеуі Зылиқаның қолынан шұбат ішіп, әңгіме-дүкен құрысты. Кішкене молда Абайдың орыс ғылымына бас ұрғанына көңілі толмай, Абай қарсы жауап айтып, сөз соңы үй ішіндегі ешбірінен қолдау таппаған молданың ашуланып шығып кетуімен тәмәм болды.
Қыстаудан қар кетер-кетпесте көшкен Абай ауылына артта қалған елдің көшін бастап Оспан мен Дарқан түсті. Абай інісінің алып батырдай келбетіне тамсанып, ел-жұрттың амандығын сұрап отырды. Бірақ Оспан барлық сөзді қысқа қайырды да, Тәкежанның тұңғышы, 12 жастағы Мақұлбайдың қайтқанын естіртті. Сондай-ақ ол оңаша қалғанда тағы бір ақылдасар шаруасы барын айтты.
Абай "Немене, ел пәлесі ме?" – деп еді. Оспан әзірше үндемеді.
Сол күні-ақ ағалы-інілі екеуі, Кішкене молда мен Дарқан қосылып Тәкежанның ауылына келді. Қаралы үйге дауыс салмай кіріп, ауыл үлкендеріне, әкесі мен шешесіне сәлемдесіп, құранын бағыштады. Қаражан тұңғышын жоқтап дауыс салып отыр екен. Құран басталғанда ол тиылды. Үй іші тыныштала Құнанбай қатарласы Қаратаймен қажылық сапары турасында, өзі зиярат еткен сахабалардың қабыры жайында сөз етіп отырған. Тысқа шыға сала Абай әкесіне: «Төрт жыл кәрi сүйегiн сүйретiп, шығанға барып келгенде, адамның әкелетiнi: "Ана жерде бiр мола, мына жерде бiр мола деу болса, не деген аз табыс?» - деп қарны аша қарады.
Абай мен Оспан өзенді бетке алып тағы бөлек кетті. Інісі осы тұста ғана шешіле: «Қорлықты Нұрғанымнан көріп тұрмын. Үш күннен бері әкеңнің үйінде сол тоқалдың қимас қонағы боп Базаралы жатыр. Әкемнің әулиедей ақ төсегін арамдап жатыр», - деп шешіле сөйледі. Ашу буған Абай Оспан сөзін намыс емес, арсыздыққа санап, Ақшоқыға шаба жөнелді. Ауылына жеткенде үй сыртынан Әйгерімнің әнін естіп, Мақұлбайдың жоқтауын тоқалына айтқызуды ойлады.
Құнанбай Базаралыны ер санайтын. Үйіне түскенде жаңа киім тіктіруді Нұрғанымға тапсырып, өзі немересінің жетісін өткізгенше ауылына қайтпады. Бұл іске Оспан тіпті ызыланып, Нұрғаныммен жауығып, ауыл құдығынан су алдырмады. Сырт көзге Құнанбайдың сыйлы қонағын күтіп жүргендей көрінген Нұрғаным да Оспанға өзінше қыр көрсетіп, ас үй ішінен құдық қаздырды.
Арада уақыт өтіп, Ералы жазығына Кошкин деген ояз келді. Ол келе сала дүре соқтыруды бастап, ел ішінде «Тентек ояз» атанды. Абай мен Ербол да осы жаққа жолға шығып, Ералыға жетпей жатақ ауылына кезікті. Сыртынан-ақ жұпынылығы танылып, тіпті кейбірінің үйсіз жүргенін де көрді. Жатаққа кейінірек келіп қосылған Дәркембайға жолыққан еді, ол бұл ауылдың он шақты үйін Тәкежан мен Майбасардың шабармен-сабармандары ояз келеді деп ас үй, абақты, сорақысы дәрет үйі ретінде алып кеткенін айтты. Абай тұтас жатақты соңынан ертіп, оязға арнап тігілген үйлерге қарай бастады.
Сол маңда жүрген Оразбай, Асылбек, Жиреншелер Абайды істің мән-жайынан қанықтырды. Ояз қазіргі болыс Тәкежанды орнынан алып, болыстыққа сайлау өткізу үшін келіпті. Оның себебі көршілес рулардан тобықты азаматы Оралбайға көп шағым түскен. Оралбай баяғы Керімбала ісінен кейін елден кетіп, жанына жігіттер жиып, байлардың малын барымталап жүрген көрінеді. Ал Тәкежан оязға Оралбайдың туысы, ауыл ішіндегі сыбайласы деп Базаралыны ұстап беріп отыр екен.
Абай істің артын ұғып, бүкіл ауылдарға шабарман жіберіп еркек кіндігін жинатты. Куәлік беруге кіргелі тұрған Асылбек, Жиренше, Оразбайларға Базаралыны қорғауды тапсырды. Ал Оралбайды ояз тапсын деп, өзі де ояз отырған үйге кіруге ыңғайланған еді, есік алдындағы сақшылар оны ішке кіргізбей қойды. Абай оларға орысша мәдениетті тіл қатты. Бұл іске таңғалған Лосовский атты советник Абаймен сөйлесіп қалды.
Абай дегеніне жетіп, үйге кірді. Бұл уақытта Кошкин Базаралыға қамшы салдырып жатыр екен. Ашуға булыққан Абай сыртта жиналған бүкіл халықты көтеріп, ояз үйлерін құлаттырып, оны өзіне ғана арналып тігілген үйімен жалғыз қалдырды. Кошкин аттанар шақта Тәкежанды болыстықтан алып, орнына Жабай Бөжейұлын болыс қылып аттанды.
Семейге келе сала сайлау ұйымдастыра алмаған ояз Абай үстінен арыз жазып, оны тергеуалды каталашкаға жатқызды. Тергеу созыла берді. Ал Абай өзінің таныс адвокаты Андреев арқылы кітап алдырып оқып, тар каталашка камерасында өз әлеміне кіріп кетті. Базаралының "Сен тым құрыса елдің жылағанын уатарсың. ...Сен шық, біз жатамыз" деген сөзіне де көнбеді. Ас-ауқаты сырттан келіп тұрады. Оның каталашкаға бүкіл жасаған шығыны түнде екі рет ауыстырылатын шам еді. Күзетші: «Бабаң мен әкең үшін де осы каталашкада кітап оқып алайын деп жатырсың ба?» - деп әзілдейтін.
Арада уақыт өтіп, іс аяқталуға жақындады. Ербол адвокатпен кездесіп, одан кейін Тінібек байдың үйіне келді. Шәй үстінде Тінібектің бәйбішесі, Мәкіш, осы үйге жаңа түскен келін Салтанат атты сері қыз бен оның тоқал шешесі отыр екен. Асығыс тірлігі бардай кірген Ербол бөтен көздерден ыңғайсызданып қалды. Бірақ Мәкіш бөтен кісі жоқ деген соң, келген ісін тура айтты. Абайдың адвокаты істің аяғы алыс емес деп сәлем жолдапты. Бірақ мұндай іс соңыда жақсылыққа жорығанның өзінде көлденең кепілдікке біреудің алынатынын да қоса айтыпты. Соныман бірге, қала ұлығы білетін бір адам Абай атына мың сом «залог» салса депті.
Ербол сөзінен соң Тінібектің бәйбішесі күйеуінің де, екі ұлының да ел аралап кеткенін, қолында ондай ақшасы жоқ екенін айтып өкініш білдірді. Сол сәтте жаңа түскен келін Салтанат:
- Әкем әкесінің де, Абайдың да дос көңілін көп көрдім деуші еді. Біздің мына анам екеумізден Абайға сәлем жеткізіңіз. Бұл жолғы не қажеті болса да атқарамыз. Кепілге Әлдекеновті салыссын, - деп кесіп айтты.
Ербол үйден Салтанаттың ер көңіліне, ерден табылмас жомарттығына разы боп шықты да: «Әй, Салтанат десе Салтанат екен», - деп ішінен бір түйді.
Бір жағынан адвокат қарекеті, екіншіден Ерболдар арызы, үшіншіден Абайдың өз жауабы істі «Областное правление» дейтін жандарал кеңсесінде өткізуге мәжбүрледі. Кеңсеге адвокат Андреев, Лосовский де келді. Мәжілісті сырт көзге заңшыл адам көрінгенімен шын мәнінде парақор бурыл сақал, қартаң чиновник жүргізді. Абай бүкіл болған жайды орысша, тілі жетпеген жерін тілмашқа аударта отырып баяндап біткенде, Кошкин жазықсыз дүре соқтырғанын мойындамады. Бірақ куәгер Лосовский оның бұл сөзін жоққа шығарып, мәселенің басын ашып берді. Іс адвокат болжағандай тәмәмдалды.
Осы мәжілістен соң Абай каталашкада бір-ақ күн жатып, ертесі бостандыққа шықты. Оны есік алдында үш жирен жегілген күймемен Мәкіш, Ербол, Салтанат үшеуі күтіп алып, қауышты. Абай мен Салтанат осында танысты. Ербол оның кепіл болып, залог төлегенін де осы тұста айтты. Абай Салтанаттың қолынан қысып, артық сөз таба алмай, тек басын иіп тағзым еткендей ишара жасады. Жарытып алғыс айтпағанына Мәкіш апасы кейіп еді, Салтанат: «Қуанышты шашпаған лайық қой», - деп Абайды ақтап алды.
Абай каталашкадан шығып, ісі бітсе де елге амандығын білдіріп хабар жеткізді де өзі қалада жатып қалды. Ерболдан естісе Салтанаттың жақсылығы шын өткен екен. Өзіне кепілдікке бермеген соң, Салтанат нағашысы есепті қаладағы «киізші Дүйсеке» атты байды кепіл болуға көндіріпті. Осы істің барлығына алғысын қалай айтам деп Абай Салтанатпен оңаша қалған. Қаракөлеңке бөлмеде қымыз сапырып, қызға өзі ұсынып, оның көмегінің мәнін, арғы көңілін сұрай отырды. Салтанат ешкімнің жетегінсіз іске өзінің араласқанын айтып, бұл ісіне Абайдың ренжімеуін өтінді. Алакөлеңке үйге осы сәт елден асығып жеткен Манас кіріп келіп, ауыл-елдің, әсіресе анасының уайымдап отырғанын жеткізді. Соңынан кешірім өтініп, шығып кетті. Ол шығып кеткен соң Абай Салтанатқа тағы алғысын айтып, жақсылығын қалай өтеуін сұрап: «Керегіңізге жарай алмай ренжітіп алсам, маған бұл таңда одан үлкен қам-қапа жоқ тәрізді», - деді. Салтанат сабырман: «...Үй оңаша, кең болғанмен, менің жолым тар ғой! Осымен қазір айрылысайық, маған рұқсат етіңіз», - деп сөзін тәмәмдады. Абай өзінің дағдылы жігіттік емеурініне қысылып қалды.
Қалада жатқан уақытында Абай Семейдің кітапханасына көп барды. Бірде бұл кітапханаға кіріп келгенде қасындағы жас әйелге көп қарағыштап отырған жылтыр көз чиновник бүкіл кітапханаға естірте «Бұ не ғажап? Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болаған»? деп әзіл айтты. Абай көп іркілмей: «Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар, бұнда ол түгіл есек те отыр ғой», - деп жауап қатты да келген ісімен қарт кітапханашыдан «Русский Вестникті» сұрады.
Осы кезде оның жанына бір кісі жақындап келіп, "Русский Вестник" менде еді, оны неге қажет еттіңіз деп сауал қойды. Абай ол журналда Толстойдың жаңа романы шыққанын, соны оқығысы келетінін айтты. Әлгі кісі өзін Михайлов Евгений Петрович деп таныстырып, Абайды осыған дейін "областное правлениеде" көргенін, одан бұрын достары арқылы сыртынан танитынын жеткізді.
Екеуі ұзақ сөйлесіп, Михайлов Абайды үйіне қонаққа шақырды. Осыдан кейін олар көп жолығып тұрды. Жаңа досымен болған әр мәжілістен соң Абай өсіп қайтатын. Өзі де ел ішін, Ералыда болған жанжалдың түп негізін, Керімбала мен Оралбай ісін айтып берген еді Михайлов тамсана тыңдап, роман желісін көргендей күй кешкенін жеткізді. Бірақ Абайға Оралбай ісінің елді дамытуға еш әсер етпейтінін, жұмыла күш болып, білімге бет бұру керектігін ескертті.
Абай елге қайтпас бұрын Салтанатпен тағы бір жолығып, екеуі ашық-жарқын, қысылмай сөйлесті. Қазақ қызының еріксіздігі мен мұңы, зары Салтанат аузынан айтылды. Абай оны жұбатпақ болып Тоғжан туралы, оған ұқсатқан Әйгерімі туралы айтып, қолынан көңіл жұбатар нендей іс келерін сұрады. Салтанат ән айтып беруін өтінді. Абай «Жарқ етпес қара көңілімді» бұрын Тоғжанға арналған сөздермен айтып берді. Ән соңында үйге Ербол кіріп, шам жағып, өзге келіншектер мен Баймағамбетті шақырып таңға дейін ән салды.
Абай қайтар алдында Михайловқа барып, оның өзіне дайындап қойған бірнеше кітабын алды. Кітапханадан қол үзбеуге уәде етіп, әлем, еуропа тарихымен танысатынын жеткізді. Саяси мәселелерде соңғы жаңалық, Лосовский Семейге ояз сайланыпты. Михайлов Абайдан сол оязбен бірге жүріп сайлауды әділ өткізуін өтінді. Бұл туралы Лосовскийге де айтқан екен. Сол өтінішке сай Абай Лосовскиймен бірге ел ішіне аттанып, үш болыстың болысын сайлады. Ояз барған жерінде Абайды көтере сөйлеп, абыройын асқақата берді. Ералыдағы ойда-жоқта басталған «Абай мен ұлық тартысы» осылай Абайдың жеңісімен аяқталып, оның абыройы ел ішінде өсе түсті.

Оқапта
Көктемде ойда жоқта туындаған ұлықпен арадағы тартыстан кейін жаз шықса да Абай әлі ауылына жеткен жоқ еді. Елдегі болыс сайлауын бітіріп, шешесінің жанында екі жұмадай тұрып қалды. Бөкенші, Ырғызбай, Көтібақ, Жігітек ішінде кезек қонақ болып, жайлаудың қызығынан кете алмады. Ел бауырға түсуге бет алғанда Баймағамбетті қасына алып, өз аулына баруға бел байлады. Сырт көзден жасырса да Әйгерімді қатты сағынып, түн қатып аттанды.
Абайдан бұрын ауылға ол туралы өсек хабар жетті. Жайсыз хабарды алып келген Манас болатын. Ол Абай мен Салтанатты оңаша бөлмеде көріп, жай-жапсарды өзінше аңғарып қайтқан. «Біз қиыр жайлаудан оның хабарын білуге түн қатып келсек, ол Әлдеке қызының қасында шалжиып жатыр» деп өз жанынан өтірік қосып, көргенінен артық та сөздер сөйлеген. Манасты мұқият тыңдаған Ділдә болған жайды Әйгерімге құбылтып жеткізді. Ділдәнің хабарынан көңілінде дық қалған Әйгерім Абайға қатты ренжіді.
Ойқұдықтағы аулына Абайлар күн бата жетті. Үлкендер сыртта тосып тұр екен. Ал Әйгерім суық қарсы алды. Абайға жары науқастай боп көрінді. Сөйтіп, өздерін қуанып қарсы алған топ ортасында Абай Ділдәнің үйіне кірді. Үйде көрші Кішкене молда, Бәшей, Дарқан және Ділдәмен сөйлесіп отырып, Әйгерімге қайта-қайта қарады. Оның жүзі ағарып, бірде көгеріп тұр екен. Шыдамаған Абай Әйгерімге: «бері қарашы» деді. Сол уақытта оның көзінен аққан жасты көрді. Жақындап келіп «Жаным-ау, Әйгерім, сен науқассың ғой. Не күйге түскенсің» деді. Екеуінің ортасында отырған Ділдә мысқылдап: «Мұндағы жұрт аурудан сау. Бірақ уайымнан емес. Естірсің!» деп күлді.
Ділдәнің үйінде отыра алмаған Абай Әйгерім отауына кетті. Бұл түн Абай үшін азаппен өтті. Манастың хабары жалған екенін Әйгерімге айтып ұқтыра алмады. Екеуінің арасына осыдан соң жайсыз бір салқындық түсті. Әйгерімнің мұндай қаттылығына Абай да ренжіді. Ол жас жарын бүгін басқа қырынан таныды.
Арада көп күндер өтті. Абай Әйгерім ренішін сол күйі тарқата алмады. Көңілі жабырқап, жұбанышын кітаптан алды. Сырласар жан іздеді. Сондай көңілсіз күндердің бір кешінде Ербол келді. Оның келуі көңілсіздік бұлтын сейілтті. Ертең Есқожа ауылында той екен. Ербол соны айтты. Атақты әнші, Үмітей сұлу Көкшеден шыққан Алатай баласы Дүтбайға ұзытылмақшы. Бұл хабарды бәрі қуанысып тыңдасты.
Ертеңіне Әйгерім бастаған бір топ әйел тойға аттанды. Түске жақын қасына Ербол мен Баймағамбетті ертіп Абай да келді. Олар той болып жатқан үй иесі Есқожаға сәлем беріп отырғанда тыста ерекше бір қарбалас басталды. Адамдар «сал келеді, шалбарын қара, киімі қандай ерекше» деп жүгіріп жүр екен. Қырық шақты сал-серіні бастап келген Абай інісі әнші Әмір еді. «Мені өз қолыңмен ұзат» деп оны Үмітей шақырған. Байтас басшы болған салдар алдынан үкілі бөрікті, үлкен шолпылы қыздар шығып қарсы алды. Ортада Үмітей мен Әмір боп барлық серілер «жиырма бесті шырқап» қыз ұзатылатын отауға беттеді. Олардың алдында балуан денелі жігіттер қарсы алушыларды қамшысымен жасқап, серілерге жол ашып келеді. Бұл көрініс Абай мен Ерболға қатты ұнады.
Көрермендердің жүзінде таңданыс. Әмір мен Үмітей топтан ерекше боп, бір-біріне жарасып тұр. «Мынау Көкшенің тойы емес Әмір мен Үмітейдің тойы болды ғой. Қайтсін, қос ғашық тыйыла алмаған ғой» деген сыпсың сөздер тарап жатты. Мұны естіген Абай жұрт өсегінен қысылды. Үмітейдің күйеуін ойлады. Ол да белгілі бір рудың беделді адамы, өзі үшін қадірлі жігіт болатын. Осындай қарбаласта Абай елеусіз аттанып кетті.
Есқожа ауылындағы той алғашқы күні той болғанымен, келесі күні Есқожаға да, Көкшеге де қала берді Құнанбайға да сауық емес, сергелдең боп тиді.
Елдің арасына Үмітей мен Әмірдің махаббаты жаманат хабарға айналып тарады. Дүтбай көңілі жүйрік, қайратты жігіт еді. Алғашқыда салдардың еркелігін көтеріп бақты. Кейін серілерсіз өзіміз оңаша болайық деген тілегін айтты. Оны Үмітей қабыл алмады. Жыбыр өсек күйеу жігіттің жолдастарын да түгел тулатты. Үшінші күні таң алдында Дүтбай тыста бір шапанның астында құшақтасып тұрған Үмітей мен Әмірді көреді. Шапанды алып қалғанда екеуінің көзінде жас екен. Күйеу сол арада жолдастарын, бас құда мен құдағиды алып, жас келінді талақ еткендей тастап кетті. Есқожа құданың үлкені Жанатайға: «Пәлені ұлғайтпа. Көп өтпей келінді өзіміз апарамыз» деп қала берді. Айтқандай сол күні сәскеде құдалар кетісімен Үмітей ұзатылды.
Бұл ұятты оқиға оңай айықпады. Әмір Үмітейден күдер үзе алмады. Ұзату көшінің артынан нөкерімен қуып жетті. Өзгелерден бұрын жеткен ол Үмітейді құшақтап, жылап тұрып алды. Артқы топ оларды орала қоршап «Қозы көшті» шырқады.
«Е-е-й, бозбала-ай,
Өтті-ау заман,
Қош бол аман»- деп Алатай, Қаратай ауылдарындағы келін түседі деген сегіз қанат отауға тартты. Шолақтеректегі ел бұл келіске сұмдықтай қарады. Осы кеште Дүтбай атына мініп, ауылдың қариясы Қаратайға келіп болған жайды ақылдасты. «Құнанбайға барып, мына бүлігін тыйғыз. Болмаса Көкше мен Ырғызбай арасы бүлінеді» деді.
Қаратай қасына бес кісі ертіп Құнанбайға аттанды. Болған жайды оған жайып салды. «Арада салдық, әуейілік, әншілік деген жын шықты. Төбемде ойнақтады, әруағымды қорлады. Бетке таңба салды. Кесігін өзің айт» деді. Құнанбай үндеген жоқ. Аздан соң оның бұйрығы бойынша Нұрғаным қонақтарды алып кетті. Оңаша бөлмеде күтті. Құнанбай Нұрғанымның бауыры, жау түсіргіш ер, Кенжеханды шақырып: «Ызғұттыға айт, Әмірді алып келсін. Көнбесе дүрелеп, аяқ-қолын байлап тұрып әкелсін» деп жұмсады.
Әмір келгенде, Құнанбай алдыма кел дегендей ым қақты. Әмір үлкен әкесінің алдына кеп отыра бергенде Құнанбай жас жігіттің тамағынан шеңгелдей ұстады. Қарт болса да қолы жыртқыштың тырнағындай мықты екен. Бір уақытта Әмір дем ала алмай қырылдап, құлап бара жатты. Көмекке ұмтылған Ызғұтты Құнанбайдың жалғыз көзінің қанталап кеткенін көріп тоқтап қалды. Оның қолында тұра берсе өлетінін көрген Нұрғаным: «Қажы жарықтық, кешір» деп ортаға киліге кетті. Құнанбай оны жүрек тұсынан бір-ақ тепті. Нұрғаным қатты соққыдан талықсып, құлап түсті. Дәл осы уақытта үйге Абай кіріп келіп: «Тоқтат!» деп саңқ етті.
Әмірді Ызғұтты алып кеткенде Байтас Абайға кісі шаптырған болатын. Асығып жеткен Абай сұмдық көріністің үстінен тап болды. Құнанбайдың қолын қағып жіберіп, Әмірді тартып алды. «Жоғал! Кет көзімнен! Аздырған сен» деп әкесі Абайды кінәлады. «Заман сенікі емес, менікі!» деген Абай да қарсы тұрды. Бір сұмдықты ойлаған Құнанбай алақанын сыртқа қаратып, Абай мен Әмірге теріс батасын беруге оқталды. Үркіп кетіп, шырылдаған Нұрғанымды да елемеді. Абай міз бақпай: «мейлі, сенен біржола кеттім» деп Әмірді алып шығып кетті.
Боқырау өтіп, қыс жетті. Абайдың үйіне Шәке мен Бәшей мерген келді. Әмір жайын ақылдаспақ екен. Бабасынан қарғыс алған ол көп күн үндемей жүріпті. Енді оқыстан қылық шығарып, қасына сал-серілерін ертіп Көкшеге, Үмітейге аттанайын деп отырған көрінеді. Абай ұзақ ойланып: «Барсын. Көңілі жайлансын. Көрсін, ұстамайық» деді. Бұл сөзін Ербол мен Баймағамбет те мақұлдады. Тек, Әйгерім келіспей: «Осындайда бауыр деген панасына алу керек қой» деп қалды. Абай үндеген жоқ, бірақ Әйгерімнің жаңағы сөзі оған қатты тигендіктен Ерболға қарап отырып «Дүние, қапа боп кетті. Құла түзге барып сілкініп қайтайық» деген тілек айтты. Осыдан соң Шәке, Бәшей, Баймағамбет, Ербол Абайды ортағы алып мәслихат жасасты. Шыңғыс тауының елсізі, Қырғыз шатына қарай аңға шығатын болып келісті.
Аңға шықпас бұрын Абай Бөжей баласы Жабайдың қолындағы «Қарашегір» деген бүркітті сұратты. Жабай құсын бермеді. Кейін осыған ерегесіп Абай Сыбан ішіндегі Тулақтың Қарошолақ атты бүркітін он қара беріп сатып алды. Аңшылықта жүрген уақытта Қарашолақ көп түлкі ұстады. Сол күндердің бірінде Абайлар Жабайды кезіктіріп қалды. Жанында балуан Абылғазы мен қу, әзілқой Жиренше бар екен. Қолында Абай сұратқан Қарашегір. Жабай құсының бабы келмей тұрғанын білген Абай дәл осы ұрымтал тұста мақтанып, Қарашолақтың 10 күн ішінде үш қосты түлкі терісіне толтырып тастағанын айтты.
Абайлар кеткенде Жабайдың аң қағушысы Бибала: «Апыр-ай, мынау мақтанып, жотасын көрсетіп кетті-ау» деп қалды. Шынында да Абай сөзінен Жабай көңілінде дық қалған-ды. Мұны байқаған Жиренше Жабай кегін алу үшін, Абылғазыны ертіп Абайлар қосына аттанды.
Абылғазы осы өңірге аты шыққан құсбегі еді. Ол Абайлар қосына келіп, Қарашолақты арлы-берлі сипап көріп Жиреншеге ертең бұл құс түлкіні ұстап қоя беретінін айтады. Мән-жайды білген Жиренше: «Құс жақсы екен, бірақ дәл күйін таппай жүр екенсіңдер» деп жігіттерді ыза етеді. Осы тұста Абай: «Жиренше-Жиренше дегенге құстың тілін білем деп пе ең! Жайыңа отыр, сен білгенді мен де білем» деп оны тыйып тастамақшы болады. Қылжаққа мойымайтын Жиренше күліп: «Мен білсем құс ертең түлкіге түседі, бірақ қойып жібереді» дейді.
Шынында да Қарашолақ ертеңіне түлкіні ұстай алмай қалды. Ал Жиренше сәуегейдей айтқаны келгесін, Абайларды мықтап табалады. Сол күні Абылғазыдан құстың жайын тағы сұрап алған ол «Мен білсем ертең Қарашолақ түлкіні алып та соқпайды, қасынан жай ұшып өтеді» деді. Бұл жолы да Жиреншенің айтқаны келіп, құс түлкіге түспеді. Абайларды мықтап қылжақ еткен Жиренше қоштаспай Жабайлар қосына шаба жөнелді.
Ол Абылғазыны әкетпек еді. Бірақ Абылғазы Абай алдындағы кінәсын жуып-шаю үшін қалып қойды. Үш-төрт күндей Тұрғанбай екеуі құстың бабын келтірді.
Сонымен бір кеңесте Абылғазы бұл өңірден аң ауып кеткенін айтып, Машанға қарай көшейік деген ұсыныныс тастады. Абай Бұғылы, Машан тауларын бұрын көрмеген еді. Жолы алыс, бөтен елге онша қызықпаса да қажырлы жолдастарының алдында бас тарту табансыздық болар деп келісті. Ертеңінде қос екіге бөлініп аттанды. Бір қоста бүркітші-аңшылар, екінші қоста Абай, Шәке, Баймағамбет пен Ербол болатын. Бұлар жоспар бойынша Оразбай қонысында түйісіп, сол арада қонып, ертеңіне Машанға жетуді жоспарлаған. Бірақ жолда Абайлар адасып кетті.
Адасу олар Ботақан ошағына жеткенде басталды. Абай бұл жерде балалық шағын, неше алуан қуаныш сүйінішін өткізген еді. Соны ойлап ұзақ аялдады. Тоғжанын еске алды. Оған алаңдаған жолдастары да қоса иіріліп тұрып қалды. Бір уақытта аяқ астынан боран басталып бұлар бағыттан жаңылды. Таңертең соққан боран түнде де тоқтамады. Абай өмірінде алғаш рет аяғы мұздап, тоңа бастады. Жолдан қажыған топ аялдап, қонбаса болмайтынын түсінді. Ерболдың ақылымен аттардың жонын желге қаратып, өздері оның тамағының астына бір-біріне айқасып жата кетті.
Қанша жатқандарын білмейді. Үстеріндегі қарды сілкіп тұрса боран әлі басылмапты. Осылай әрі-сәріде жүріп таңды атырды. Абай енді бір мекенге жетсе өзінің ауыр хәлде жететінін түсінді. Бойы мұздап, күнімен қалтырауы тоқтамады. Көз алдына Тоғжан бейнесі келе берді. Қас-қарайған шақта бұлар аялдап демалды. Осы кезде оларды Абылғазы іздеп тапты. Ол кеше Абайлар боранда қалғанда Шақпақ жотасында тұрып бұлардың басқа бағытқа кеткенін байқапты. Ертеңіне Оразбай қонысында жолдары түйіспегесін, қос жарау ат алып, іздеуге шығыпты.
Суықтан тоңып, мұздаған Абайлар тобын Машан тауына жеткізу мүмкін емес еді. Абылғазының айтуынша, осы маңда Жуантаяқ, Мотыштың бірлі-жарым ауылы болу керек. Енді адасқан топ Абылғазыға жол бастатып, сол ауылдың біріне кезігіп қалармыз деп жүріп кетті. Үнсіз желе жортып келе жатып, қалың адыр арасынан «шәу» еткен ит даусын естіді. Артынша қойнауда қызарып тұрған терезе отын көрді. Жолаушылар «Ақсарбас, аман қалдық!» деп қатты қуанды.
Абай аттан қалай түскенін білмейді. Айналасындағы адамдар даусы да анық естілмейді. Бір кезде «Үлкен үй ұйықтап қалды. Отауға кіргіз» деген әйел бұйрығы естілді. Абайды босағадан Шәке сүйеп кіргізді. Үй иесіне көзі түсіп: «Аһ, Жаным-ау, өзі ме?!» деп шалқалап кетті. Ақшыл көйлекті, қара комзолды сұлу келіншек: «Жасаған-ау, Абаймысыз?! Сізді де көретін күн бар екен» деп қалың шолпысын сылдырлатып ұмтылды. Бұл Тоғжан еді. «Тоғжаным, арманым жоқ, алдыңда алсын» деп келіншектің құшағына Абай құлай берді. Тоғжанның білегіне жігіт көзінен аққан жас қат-қат түсті. Ербол да Тоғжанды жаңа танып, құшақтап көрісіп жатыр. Ерболдың құшағына құлаған Тоғжан еңіреп жылап жіберді. Бұл Абайға арналған өксік жас еді. Үйдегілер болса «Келген адамдар Тоғжанның ағалары екен. Тоғжанның ел-жұртын сағынғанын қарашы» десті.
Бұл түнді Абай қиналу, қызу, ауыр сандырақ күйінде өткізді. Түсіне Тоғжан кіріп, тастап кетпе дейді. Бұл «кетпеймін қасыңдамын» деп қайта-қайта сандырақтап тұрып кете берді. Тоғжан мен Ербол да бір сәтке көз ілген жоқ.
Абай кейде, қиналып:
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да» деп Тоғжанға арналған өлеңін оқиды.
Тоғжан Абайдың қолын сүйіп: «Сәулем, бұл сенің емес, менің сөзім ғой» деп жылайды.
Абай ауылда науқас боп он күн жатты. Ауылдың иесі Найман деген қартаң бай болатын. Сол Найманның малшысы Садыр Абай ауырған күні-ақ ауыз үйде жатып, Тоғжанның ұйықтамағанын, таңертең көзі ісіп шыққанын жасырмай Найманға да, Найман бәйбішесіне де айтып берді. Осыдан соң Абайды күтуге Тоғжан жіберілмей, орнына ауыл бәйбішесі келді. Тоғжан болса оқта-текте аз уақытқа кіріп шығады. Абай алғашқы үш күн бойы ессіз жатты. Бесінші күні ауыл мырзасы Аққозы келді. Бұл Тоғжанның күйеуі болатын. Оның келуімен Тоғжанның Абайға кіріп-шығуы мүлдем тыйылды. Он күннен кейін Абай тәуір болғасын Найман кемпірі: «Қарақтарым, ауыл-елдерің алыс емес. Туыс пен жақынды аралап жүріп кетсеңдер барып қаласыңдар» деп қайтуға сыр білдірді.
Осыдан соң үш күн өтті. Абай аттанатын түні шолпысын сылдырлатпай Тоғжан келді. Абайдың қолынан ұстап: «Асығыңмын жаным. Тағдыр бізді қоспады. Ендігі серігім сабыр болсын. Сол асық күйде көзімнің жасын жұтам да кетемін» деді. Абай үнсіз ойланып: «Барды айттың Тоғжан. Бүйтпесең Тоғжан болар ма ең! Айналдым арызыңнан!» деп маңдайынан сүйді. Тоғжан сыбдырсыз шығып кетті. Осы отырғаннан Абай таң атқанша көз ілген жоқ. Көзінен оқта–текте жас шығып, екі иінін толқын ұрғандай өксіп алады. Бұл шарасыз дерттің шер толқыны еді...
Арада уақыт өтіп, қыс ортасы жетті. Абай Баймағамбетті қалаға жіберіп үш рет кітап алғызды. Әйгерім күйеуінің ауырып Тоғжан қолында он күн жатқанын естігеннен бері Салтанат дертіне Тоғжан дерті қосылды. Абай Тоғжан жайын Әйгеріммен сырласқысы келмеді. Бұл қыста айнымас серігі кітап қана болды...

Асуда
Қыс бойы сырласы кітап болған Абай, көктемнің ерте келгенін пайдаланып, көп үйден бөлініп Әйгерімнің отауымен оңаша тақыр жерге шығып кетті. Ол оқыған кітаптарын Баймағамбетке әңгімелеп беруші еді. Баймағамбет те Абайдан естігендерін ішінде сақтамай, ауыл арасына ертегі етіп айтатын. Олардың әңгімесін көршілері Байторы, Байқадам, Дархан, Кішкене молдалар қызығып тыңдайтын. Бүгін де Баймағамбет Нидерланд жұртындағы Лейдін дейтін шаһарда болған қызықты хикаятты бастай бергенде алыс жолдан Асылбай келіп, әңгімені бөлді. Асылбай қаладан хабар ала келіпті. Ол патшаны біреулер атып өлтіргенін айтты. Бұл хабарды бәрі шошып тыңдады. Кішкене молда ішінен дұға оқып, бетін сыйпады.
Ертеңіне Абай Баймағамбетті «біліп қайт» деп қалаға жұмсады. Баймағамбет үш күннен соң Михайловтың хаты мен «Облыстық мәлімдеме» газетін алып оралды. Хатында Михайлов бірінші март күні Қысқы сарайда патшаны біреулер атып кеткенін, қастандық ұйымдастырғандардың біразы ұсталғандарын жазыпты. Бұдан бөлек Семейдегі генерал-губернатор шаһар гарнизонын жинап патшаға паниха өткізгенін және өзінің жұмыстан босатылғанын хабарлапты.
Осы оқиғадан бір күн өтіп Абай мен Баймағамбет қайта қалаға аттанады. Жол ұзақ болғасын Баймағамбет бірнеше күн бұрын айтылмай қалған «Черный Век – Марта» романын Абайға әңгімелеп береді. Ол уақиғасы көп, шытырман романның желісін бұзбастан баяндайды. Абай Баймағамбеттің сыртынан сүйсініп: «бақсам, кітап бізді тәрбиелепті ғой» деп ойлайды.
Екеуі сол күні толассыз жүріп ел жатарда қалаға келеді. Михайлов ескі досын қуанып қарсы алады. Бұл жолғы мәжіліс ұзаққа созылады. Михайлов хатқа жазбаған бірқатар деректерімен бөліседі. Орыс халқы үшін өмірлерін құрбан еткен Желябов, қаһарман қыз Софья Перовскаялар туралы хабарларын білдіреді. Бұл күнде туысындай қымбат жанға айналған досынан Абай: «Революцияның қуаты зор болып, ұлықтар шаруалармен санаса бастаса неге өзіңіз сияқтыларға жеңілдік жасалмайды» деп сұрайды.
Михайлов өзінің револиюция жолында үлкен адам емес екенін айтады. «Бұл жолдағы үлкен басшымыз Чернышевский. Ол Сібірде айдауда болған. Патша өлімінен кейін Астраханьға қайтыпты. Патшаны өлтіргендерге Чернышевскийдің не оның идеясының қатысы жоқ. Чернышевский патшаны өлтіру керек емес, оған миллион құл-крестьяндар болып қарсы тұру керек. Анық еркіндік болса, бар істің басында халық отырсын. Төрт-бес адаммен қимыл жасау өнімсіз талап деген еді» деп түсіндіреді. Абайға Чернышевскийдің «қайратты халықтан күту керек» дегені ұнайды.
Осыдан соң Михайлов Абайдың сұрауы бойынша патшалыққа қарсы күрестің арғы тегін баяндайды. Пушкиннен бері келіп, Белинский, Герценге соғады. Каркозовтың патшаға оқ атып тигізе алмағанын, оның дарға асылып өлгенін, Каракозовтар басшысы Ишютиннің ұсталып, Сібірде айдауда жынданып қаза болғанын ұзақ әңгімелеп береді. Бірақ «мен сөйтіп едім» деп бір ауыз өзі туралы айтпайды. Өзін халық үшін алысқан елеусіз көптің бірі етіп көрсетеді. Абай досының осы мінезіне таңданып, «Тағдыр талап етсе, осы істер оның да қолынан келер еді» деп ойлайды.
Келесі күн ашық сәскеде Абай Михайловтың үйіне тағы келеді. Оған өзінің ойға алған сұрақтарын қояды. Михайлов Петербург Университетінің үшінші курсында жүріп, жездесі Шелгунов пен Чернышевскийдің тәрбиесін алғанын, жас студенттерді бастап үлкен бір ереуілге қатысқанын, сол үшін ұсталғанын айтады.
Абай Михайловтың әңгімелерін тыңдап, орыс халқы революция жолында аянбай бірлесіп әрекет ететін ырысты ел екенін ұғады. Сөйтіп досынан «Қараңғыда жатқан қазақ енді не істеу керек» деп сұрайды. Михайлов, қазақтың бір жамандығы шенеунігінің бәрі парақор екенін айта келе, «Ибрагим Кунанбаевич, Қазақ жастары оқып, оқығанын халық арасына жаю керек. Қараңғы сахараға бір шам болса да апарып, білгенімізді танытуымыз керек» дейді. Абайдың көңіліне бұл сөздер өз ішінен шыққан сөздердей боп сезіледі. Ол досына мұсылманша оқуы жеткен Әбіш, Мағаштай ұлдары, Күлбадандай қызы бар екенін, оларды болашақта орыс оқуына беретінін айтады.
Осындай келелі мәжілісті Андреев келіп бөледі. Ол Тобықты арасы қазір бүлінгенін, елде арыз көбейіп кеткенін хабарлайды. «Ел арасын бүлдіріп отырғандар — болыстар, ел тыныш болса оларға тиын да түспейді. Екі елді бір-біріне айдап салып, ортасынан пара алып өздері семіріп отыр. Осы болыстарды Лосовский екеуіңіз сайламап па едіңіздер» деп жымиып Абайға қарайды. Абай бұл сөзден кейін ел қамқоры болар деп өзі сайлатқан болыстары үшін намыстанып қалады. Солардың ішінде туысы Ысқақ та бар еді. Жаманшылықтың бәрін өзі істеткендей қысылады. Кейінгі мәжіліске араласпай, достарымен қоштасып аттанып кетеді.
Ауылға қайтар жолда Абай Ералы жатағындағы Дәркембай үйіне аялдайды. Дәркембай осы айналадағы жатақтардың бас көтерер қариялары – Еренай, Дәндібай, Қарекелерді жинап: «Шырағым, Абай! Былтыр өзің қайрат қыл, егін ек, берекені көктен емес, еңбектен тіле дегесін еңбек еттік. Егініміз бітік шықты. Бірақ сол еңбегіміз еш болды. Әні-міне орып аламыз деп отырғанда Тәкежан, Майбасарлар «былтыр ояз келгенде жанжал шығарған сендерсіңдер!» деп, егінге бес ауылдың жылқысын қаптатты да жіберді. Береке деген со ма?» деп мұңын айтады.
Артынша жиналған қарттар Тәкежандардың талай озбырлықтарын баяндап, олардың мұнымен тоқтамағандарын жеткізеді. Биыл жатақтағылардың егінге салатын жылқылары ұрланыпты. Ұрының Серікбай қу екенін біліп, қарттар жоқшы боп барса, Тәкежан Серікбайға шаң жуытпай, бұларды боқтап қуып салыпты.
Абай қарттардың арызын үнсіз тыңдады. Сонсоң Михайловпен сөйлескен сөздерін жатақтағыларға айтып берді. «Ойласам, Көкше-Мамай жатақтары мен Сібір, Ресей жатақтарының мұңы бір екен. Өз ұлығының зорлығынан халық басқаға жалынбай, қайраулы балтасына сеніп қана құтыла алады. Сиязға барып Тәкежан Майбасарлардан бәрін даулаймыз. Даушы мен болғанда, жоқшы боп Дәркембай сендер тұруларың керек» дейді. Дәркембай қасына Дәндібайды алып үш күннен соң Балқыбекке барамыз деп келіседі.
Абай аттанар алдында Еренай Дәндібайға иіле түсіп сыбыр етеді. Сөз төркінін түсінген Дәркембай Абайға жылқыларын ұрлап кеткесін ауылда бұт артар қалмағанын күмілжіп жеткізеді. Абай Баймағамбетке айтып, трәшпеңкеге жегілген аттың біреуін бергізеді. Содан соң сандықты ашып қаладан әкеле жатқан матадан, шапан тіктіріп киерсің деп Дәркембайға екі кездеме тағы береді. Қарттар: «Абайжан-ау, Тәкежан зорлық істеп, айыпты сен тартып жатыр екенсің ғой» деп күліседі. Абайлар аттанып кеткенде бүкіл жатақтағылар: «Есемізді әпермек! Дегені болсын» деп шуласып қала береді.
Абайлар Ералыдан аттанғасын көп жүріп, екінші күннің кешінде Құнанбай ауылдарының шетіне ілікті. Алыста көрініп тұрған Тәкежан ауылына бұрылмай олар Ұлжан аулына тіке тартты. Бұлардың артынан Тәкежанның ер жеткен ұлы Әзімбай қуып жетті. Келе сала ол апасының қаладан алып келе жатқан шай, кәмпит, құрт-мейізін тәңертең кісі жіберіп алғызамын деген сәлемін айтады. Абайға баланың сөзі ұнамайды. Абай оған алыстан келе жатқан ағасына сәлемдеспей бірден аламын, беріп кет деуі әбестік екенін ұқтырады. Әзімбай болса сазарып ағасын жақтырмай қалады.
Содан соң Абай алыстағы жылқыларға қарап: «Осыдан бес жыл бұрын Тәкежан екеуміз еншімізді алғанда сексен жылқыдан тиген еді. Қазір оның жылқысы бес жүзден асқанға ұқсайды. Былтыр болыс сайлауынан түспегенде бұдан да көбейер ме еді» дейді. Әзімбайға Абайдың бұл сөзі де ұнамайды. Қырыс бала ағасын ашуландырайын деп әкесінің тағы болыс болғанын, онымен қоймай Шұбар мен Ысқақ ағалары да болыс боп бүкіл Тобықты іші мәре-сәре екенін айтады. Абай үндемей кете береді. Әзімбай ізінен қалмай: «Абай аға, шүйіншім мұнымен бітпеді, кеше Казансыптың тапсырмасымен әкем Базаралыны ұстатып жіберді» деп аулына қарай шаба жөнеледі. Абай ашуланып: «Өңшең жыртқыш, бөріауыздар! Тағы бір иттікті бастады деші» деп аттанады.
Абайлар күн бата ауылға келгенде үй іші әлі жатпапты. Алдынан балалары Әбіш, Мағаш, Күлбадандар жүгіріп шықты. Артынша үлкендер келіп амандасты. Оспан ағасынан шүйінші сұрады. Ол: «Болыс болған аға-інілеріме Құдайларыңды ұмытпаңдар! Абай көктемде кетіп, жаз ортасына дейін ұлықтың алдында текке жатқан жоқ. Бұл соның арқасы деп айттым» деп қалжыңдайды. Абай болса: «Бұл сайлауға тұяқ қыбырлатқан қатысым жоқ. Адасып бал ашпай жайыңа отыр» деп күледі.
Бұлардың әңгімесін анасы Ұлжан бөледі. Ол Абайға ауылға қаладан тілмаш келгенін, бала оқытатын болғасын Әбіш, Мағаш, Күлбадандарды орысша оқуға бергенін айтады. Абай бұл жақсылыққа аса қуанады. Балаларының білім, оқу деп тұрған талабына риза болады.
Содан соң Әбіш ұлына қарап: «Әбішім, орысша оқу бастағаның қандай жақсы болған, биыл сені орысша ұзақ оқуға беремін» деп қысып құшақтайды. Әбіш болса: «Құп аға, құп аға» деп қояды. Бұл сөзден кейін Мағаш пен Күлбадан да: «Мен де барам аға, мен де!» дейді. Абай үй алдында балаларының қоршауында тұрып шаттанып күледі. Күлбадан мен Мағаштың беттерінен сүйіп уәде береді. Бұлардың сыртынан қарап тұрған Әйгерім жымиып отау есігін ашады.
Кітаптың "Асуда" деген тарауы Абайдың шат-шадыман, балаларының қуанышты күйімен бітеді.

Тарауда
Бұл тарау Абайдың бірнеше жолдасын ертіп, тоғыз болыстың сиязы өтетін Балқыбекке сапарынан басталады. Оның үлкен ұлы, іні құралпы Ақылбай да Мамырқаз атты досымен осы топта еді. Жастардың әзілдесіп, жарысып, ойнап жүргенін көріп, Ербол мен Абай да бір-біріне ыстық ықыластарын әзілмен айтысып қалды.
Артынша Ербол досына соңғы сайлауда Құнанбайдың үш баласы бірдей болыс болып сайланғанына қызығып та қызғанып жүрген елдің қарасы мол екенін жеткізді. Сөз соңында ол қазіргі би-болыстардың, қала ұлықтарының пара алатынын да қосып айтты. Абай билердің, оның ішінде достары Оразбай мен Жиреншенің де өз жемсауы бар екеніне аңтарылып қалды.
Аттылар Балқыбекке келіп, өздері түсетін үйді іздеп көп жүрді. Тәкежанның да, Ысқақтың да үйіне соқпады. Шұбар болыс тіктірген үйлер жанынан өте бергенде Шұбар шауып келіп, бұл топты үйіне шақырған. Абай оған да бармады. Шұбар қыстап, қайта шақырмады. Тек ояз Лосовскийдің келе сала «Ибрагим Кунанбаевичті» іздегенін айтты. Абай «амандасамын» деген сөзін жеткізді де, Оспан тіктірген үйлерге түсті. 
Түс ауа Абай отырған сегіз қанат ақ ордаға тәмәм болыс жиналды. Бұлар көп сөзді емес, бәрі бір-бірін бағып отырғандар. Бір-бірінің үстінен арыз түсіргендер еді. Абай олардың құлқындарын тез сезіп, Байкөкшеге ән айтқызды. Әнші де ақын ішін білгендей, болыс-билердің жемірлігін термелетіп:
Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,
Қашан түсіп біткенше жеп бітеді... деп жалғағанда Абай қатты сүйсінді. Бірақ Оспан, Шұбар бастап, бүкіл болыс жиыннан Абай кетісімен Байкөкшені сыбап алды. Соңыра бәрі Абайдың мазағына наразы болып қайтысты.
Осы кеште Абай ояз Лосовскийге амандасқалы барып, кешкі шайының үстінен түсті. Ояз хәл сұрасып, Абайға арнайы шай алдырды. Оның есігін торуылдаған болыс-билер Абайдың ояз алдындағы абройын осылай сезіп, бұл сияздағы даудың бәрі тағы да Тобықты ішіндегі Ырғызбайға жығылатынын айтысып, мұңдасып қалды. Жұрт Құнанбай баласының үшеуін болыс еткен Абай деп білді. Бірақ ояз отауында мүлде бөлек әңгіме өрбіп жатыр еді. 
Абай Лосовскийге: «...бұл жиынға тек көріп қайтуға келген адаммын. Тіпті, қалыс кісімін», - деген. Лосовский бір ғана мәселенің шешімін ақылдасқысы келетінін айтып, қолына бір «приговорды» алып көрсетті. Ол Жанатаев атты осы елдің азаматының жалған болыстық мөрмен қалаға жолдаған приговоры болатын. 
Лосовский кінәліні кеңсеге алдырғанда, Абай оның Камали медресесінің шәкірті Көкпай Жанатаев екенін аңғарды. Приговор жөнін сұрағанда Көкпай іркілген жоқ: "Қылғаным – жаманшылық. Еткенім – кемшілік-таршылықтан. Бір жағымда Мамай, Бір жағымда Олжай. Екеуі де іргелі ел. Жақсы қоныс әрқашан солардікі. Ал біз Көкше атаның ұлдары, жүз үйлі ауызбыз. Тілімдей Бақанас өзенінің басында таршылықта отырған жайымыз бар. Приговорда осы сияз жері – Балқыбекті сұрап едім. Бос жатады және осы тұсқа біздің ауыл ең жақын. Абай ағам оған куәлік бере алатын шығар" деп тоқтады. 
Расында, Балқыбек – Тобықты, Сыбан-Найман, Керейдің орта тұсы. Осы рулар бір-бірінен қызғанып, ешкімді қондырмай отырған жер еді. Лосовский бәрін түсінсе де, Көкпайдың жазаланатынын айтып, Абайға бұрылғанда, Абай: 
- Жазалау керек. Тек ар жазасы бар жазадан ауыр жаза. Жігіттің іші сіздің алдыңызда өртеніп тұрғанына сенем. Біздің даланың оқып, талпынып жүрген баласы еді, - деп жауап қатты. Көкпай Жанатаев мұндай қылмысқа бармауға «өмірлік серт» беріп кеңседен шығып кетті. Мұны көрген жұрт: «Абақтыдан, айдалар жерден жұлып алды», - десіп жатты. Ұлық пен Абай достығы туралы аңыз осы түн Балқыбектегі әрбір үйде сөз болды. 
Келесі күн сиязға жиналғандар үшін аса күрделі күн еді. Төбе бидің кім болары бүгін шешіледі. «Төрт арыс бас қосқанда, Арғын аға деп» төбе билік тағы Тобықты құрығына ілінген. Абай кеш тұрып, өз тобын жиып, сейілге шыққанда оны Тәкежан жиналысқа шақырды. Абай жанына Асылбекті алып барды. Аңғарса, бұл өңкей Тобықтының жиыны екен. Болыстан Молдабай, Дүтбай мен Құнанбайдың бар баласы, билерден Оразбай, Жиреншелер және Тобықтының атқа мінерлері осында. Жиынның үлкені Байғұлақ Тобықтының, арысы Арғынның бағы асқанын айта келіп, Абайға төбе биді өзі таңдап, оязға бекітуді тапсырды. Біраз үнсіздік орнады. Аздан соң Абай: «Е, ағайын! Ортаңа сондай дәреже келсе неменеңе күмілжіп, тұнжырап қалдың? Әлде ел бірлігі мен бекемдігін тілің ғана айта ма? Сіздер менен Ырғызбайдан, Құнанбай нәсілінен біреуді атар дерсіз. Атамаймын. Атасам – төбе би Асыл ағам, Асылбек болады. Ояз алдында тек соны қорғап сөйлеймін», - деді. Осы сәт Бөкенші Асылбек аталастары Күнту, Оразбай, Жиренше, Абыралылар «Бәрекелді» десіп қалды. 
Бұл жиыннан шыға Абай Базаралы шаруасымен оязға кіріп еді, ол қолынан келер шара жоғын, оның ісі өзінен жоғары кеткенін айтты. Лосовскиймен қоштаспай шыққан Абайды Жиренше мен Оразбай күтіп алып: «Атаның емес, адамның баласы болғаныңа разымыз, Абай!», - деп ықыласын білдірді. Бірақ Абайдың көңілі бос еді. Бұл топқа Базаралының тірлігі оңалмасын айтып, тысқары кете барды. 
Артынша «Мынау Абай ғой» деген дауыстан селт етіп бұрылды. Байқаса, жанына қарт-жатақ достары Дәркембай мен Дәндібай келіп қалған екен. Ол екеуімен хәл сұрасып, жанына ертіп, Ырғызбай адамдарының бөлек тобына беттеді. Бұл топ Абайдың төбе билікті Ырғызбайға емес, бөтен атаға бергенін сөз етісіп, кіжініп отырған. Шұбар көзінше ағалайтын Абайды сыртынан мысқылдап, үйреншікті әдетіне салып тұрды. Бірақ ол жақындағанда бәрі сап тиылды. Абай оңаша сөйлесу үшін Ырғызбай ішінен үш болысты тыс алып кетті. 
Дәркембай үш болысқа екі арыз айтты: Бірі, жатақтың былтырғы және биылғы егінін болыстардың малы таптағаны. Екіншісі, жеті бірдей атын ұрлағаны. Дәлелмен сөйлеген сөзге шыдамаған Тәкежан шатынап кетті. «Жалған. Қақпас не тантып отырсың», – деп кіжінеді. Осы кезде Абай: «Егін мен жеті аттың құны толық төленбесе, қазір орнымнан тұра бере іске кірісемін», – деп кесіп айтты. Бұл сөзден кейін Ысқақ, Тәкежан, Шұбар үшеуі де айылдарын жиып алды. Олардың ішінен бірінші ес жиғаны Шұбар болатын. Ол: «Жә, Абай ағамның кесімімен бұл сөзді тыныш қалдырайық», – деп түйді. Абайдың «Сияз біткен соң сөз бұйдаға салып кетесіңдер. Үш күн ішінде малы алдына салынсын», – деген бұйрығы да орындалды.
Мал түгенделіп, Дәркембайлар ауылдарына қайтты. Абай жанына ұры-қарыдан қорғай жүрсін деп Баймағамбетті қосып жөнелтті. Бұл уақытта Тәкежан да Серікбай мен Тұрсын атты ұрыларына малын қайтаруды тапсырды. Олар қыстың бір боранында жатаққа кеткен есесі қайтатынын серттесті.
Абай сияз басында билердің айтысқанын тамашалап, алаңсыз, сырт жүруге тырысты. Бірақ, Сыбан мен Керей қалауымен тағы бір дауға араласуына тура келді. Бұл жесір дауынан асып, барымта мен жаулыққа ұласқан, осы сияздағы ең үлкен дау — Салиқа қыздың дауы еді.
Осы басты дауға Керей жақ Асылбекті Сыбанға күйеу деп, төбе билікке қоюға көнбей отырған. Абайдың төбе би таңдауы мен жатақ мәселесіндегі әділдігін естіген Керей мен Сыбан оның төбе би болғанын қалады. Ояз осыны жеткізіп еді, Абай да көп созбақтаған жоқ. Келісетінін айтып, қыздан түскен екі арызды оқып, осы күні кешкілік Найман-Сыбаннан Барақ төре, Жұмақан, Тәңірберді мен Керейден Тойсары, Бегеш, Тышқанбай сынды кісілерден алты кісі алдырды. Мәселенің басын ашып, қасына Оразбай мен Жиреншені көмекшілікке алатынын да осында айтты. Даулаушы екі топ кетісімен, Оразбай мен Жиреншені екі рудың ішіне жұмсап, жаулықтың бүге-шігесіне дейін білуді тапсырды. Осылай Салиқа қыз дауының бір жұмаға созылған тексеруі басталып кетті. 
Салиқа – Қожагелді Керейдің Сыбанға ұзатылғалы отырған қызы еді. Бірақ биылғы жыл оның атастырылған күйеуі қайтыс болып, Сыбан қызды қайнағасына қаратты. Қайнағасы Сабатар бұл күнде екі қатыны бар, алпыстан асқан адам екен. Қыз теңім болмаса бармаймын деп, еліне өлеңмен арыз айтыпты. Бұл ән ел арасында көп шырқалып, Керейдің де біраз жігіттері қарындасымызды жылатпаймыз деп шыққан. Сыбанға оның артынан Салиқа өзге бір жігітпен көңіл қосыпты деген сөз де жетіп үлгерген. Атастырғанда бір, шалға тиер болды деп екі қалың алған Керейдің бұл ісі Сыбанның да жігіттерін желпіндіріпті. Жаулық – содан. 
Жауласқан екі ағайынның адамдарын жинағаннан үш күн өткенде Абай алдына Салиқа қыздың өзін шақыртты. Созбақтамай тіке сұрады. 
- Арызыңдағы сөзің сөз бе?
- Айнымадым. Сөзім – сөз, Абай аға, – деп жауап берді қыз. Абай бұл әңгімеден Салиқа қыздың Сыбанды емес, тек Сабатар әмеңгерін өзіне тең көрмейтінін, өзі көңіл қосты деген Керей-Шақантай жігітінің осы жаулық басталған соң табылғанын аңғарды. 
«Шал сипаған етімді құрт жесін, аға» деп сөзін түйіндеген қызды Абай жылдам шығарып салды. Одан кейін Жиренше мен Оразбай арқылы бұл даудың анық-қанығына жетіп отырды. Сыбан қанша қалың берді, барымталарда қанша азамат жарақат алып, қанша қылқұйрық екі жаққа кезек өтті? Бәрін-бәрін хаттап қойған. Тек дау күні ғана Жиренше мен Оразбай басқа сөз бастады. Сыбан екеуінің аузын алып, Абайға сөз салыпты. «Қызды Сабатарға бұйыртып берсін. Содан соң дәл қырық атты Абайдың алдына салып береміз», – деген екен. Абай бұл сөзге онша ашылмай: «Не қылайын?» – деп екеуіне қарап еді, олар: «Сыбанның дегенін ет! Алмай жатқан би мен әкім жоқ!», – деп сенімді сөйледі. «Оттапсың, екі төбет! Жеткен жерің осы екен ғой! Бар, аулақ!» – деп Абай тұрып жүре берді. 

Дау екі жаққа да ыңғайлы боп шешілді. Абай қыздың басын Сыбаннан азат етті. Бірақ бұл үшін Керей Сабатарға екі қыздың қалың малын төледі. Одан кейінгі жаулықтағы алынған жылқы-түйе, барлығы бір-біріне тегіс қайтарылатын болды. Бұл шешім екі жақтан да дау тудырған жоқ. Тек бір Сыбан шал Абайға қарап: «Уа, Кеңгірбай! Кешегі азған қызға айтқан сенің жолың осы ма еді?», – деп айқай салды. Абай күлді де, бұрылып жүре берді. Ал қарап отырған екі оязға шешім шын ұнады. Оны ұнатпаған бір халық болса, ол – Тобықты еді. Олар Абайдың пара алмағанын кінәлады. Алдына келген малдан бас тартқанын ақымақтық санады. 


Оразбай мен Жиренше ел тарағанда Абайға келіп, ата жолымен сөз қозғап: «Кеңгірбай аты аталғанда қабырғаң қайысты ма? Өзің азып, елді де аздырдың», – деп еді, Абай баяғы зілінен қайтқан жоқ. «Кеңгірбайдың халық қойған аты – Қабан еді. Қарындастың қанын ішкені мен жемсауы үшін қойылған аты бұл», – деп жүре берді. Оразбай мен Жиренше: «Адасқан екен! Тіленген екен!», – деп бір іске тәуекел ете серттесіп қайтты. Сияз тарап, қайтар жолда Абайдың ашуы басылған болатын. Ол ескі достарымен ашық сөйлесуді қалап, арттарынан шауып барғанда екеуі де оны жанына жолатпайтынын анық аңғартты. Екеуінің де жанарында «жаумыз» деген сөз бар еді. 
Күз басында үш ат жегілген күймемен Абай Әбіш, Мағаш – екі ұлы мен Күлбадан қызын қалаға оқуға алып бара жатты. Әбішпен ұзақ әңгіме айтып, Мағашқа ән айтқызып, екі күн дегенде қалаға жетті. Михайловтың ақылымен Мағаш пен Күлбаданды «Уездная школаға» берді. Екеуі екі бөлек оқыса да, адвокат Андреев тауып берген орыс әйелдің үйінде бірге жатты. Ал Әбіштің талабын байқаған Михайлов: «Бұл бала көп оқуға жарайды. Сондықтан биылғы қыс жеке мұғалімнен оқып, алдағы жылы Түменге оқуға барсын. Одан ары Питер деп үміт етейік», – деп еді. 
Абай осы жолы қалада ұзақ жатып, Гоголь кітапханасынан күні-түні шықпады. Әр жұма балаларын алдырып әңгіме айтады. Әр он күнде Әбіш үйіне барып, оның сұлу жүзді, бурыл шаш «хозяйкасы» Анна Николаевнамен әңгімелесіп қайтады. Тағы бір кез Мағаш пен Күлбадан жататын екі ұл, екі қызын жалғыз оқытушылық ақысымен өсіріп отырған жесір Екатерина Петровнаның үйіне барады. Оған барғанда көбіне қойын сойып, ұнын да алып баратын. Биылғы жыл Абай тек өз балаларын ғана емес, ауылдан тағы бірнеше жетім балаларды алдырып, оқуға түсірді. Жетімдерді түсірмеске болмаған. Өйткені елдегі көп ата-ана «баламды орыс оқуына бермеймін» деп отыр. 
Қаладан қайтар кезінде Абай өзі оқуға алып келген балаларды өз балаларымен қосып жинап, бар ақылын соларға салды. 
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім, 
Пайдасын көре тұра тексермедім...», – деп бастап, біраз өкініші мен тұтас халқының қасіретін көрсетуге тырысты. Балаларға қарап отырып, сахараның болашағын солардың жанарынан көргендей болған. 
Абай елге қайтқанда қыс та түсті. «Биылғы қыс ол кітаппен қатар қағаз-қарындашты жиі ұстап, өзі де көп өлеңдерді құлақ күйдей, жан сазындай, күйлей толқып жүрген-ді. Бірақ бұл өлеңдердің иесі дегенде өзіне-өзі сенген аты жоқ. Өз ақындығына шала сенген сыншыл жанның көмескілеу айтылатын «Көкбай» деген ғана аты бар-ды».


Биікте
Абай өзінің ақындығына сыншыл қарап жүрген уақыттан бері біраз жыл өтті. Бұл күнде оның ақын аты анық танылған. Айналасына жиналған өнерпаздар көп. Жазған өлеңдері мен әндерін талай өнерлі жас таратып айтады. 
Сондай-ақ қазір ол орыстың Пушкин, Лермонтов ақындарымен дос болып алған. Шығармаларын ерекше құрметтеп оқиды. Бірнеше күн бұрын «Татьянаның хатын» аударып, оны Кішкене молдаға хатқа түсіруді тапсырды. Енді ішінен күбірлеп «Татьянаның хатын» әнге салып отыр. Басындағы үш ауызын мүдірмей айтып өтті. Осындай шығармашылық көңіл-күй үстінде отырғанда үйге Әйгерім бірнеше адамды ертіп келді. 
Келгендер Уақ ішіндегі малын жоқтаушы Сәрсеке мен ұры Тұрсын екен. Бұлар осыдан екі ай бұрын Абайға кеп мал дауына жүгінген. Сол кезде де Сәрсекенің үш жылқысы жоғалып, оны алған Тұрсын болып шыққан. Бір қызығы Тұрсын мал ұрлағанын бірден мойындаған. Абай оп-оңай шынын айтқан ұрыны алғаш көргеніне таңғалған.
Бұл жолы Сәрсекенің бес жылқысы ұрланыпты. Абай Сәрсекені тыңдаса, алған Тұрсын. Бірақ анық ұрлады дейтін дәлелі де жоқ. Ал, Тұрсынды тыңдаса, ол бұл жолы Сәрсекенің малын ұрламаған. Тағы да ұзақ сүре дау. 
Абай ойланып тұрып: «Сен ұрладың ба?» деп Тұрсынға тіке қарады. Тұрсын сасқан жоқ, іле жауап берді. «Абай аға, сенің алдыңда шынымды айтып өлем деген сертім бар. Өткен жолы сұрадыңыз, шынымды айттым. Бұл жолы мен ұрламадым» деп ол да Абайға міз бақпай қарайды. Абай Тұрсынның сөзіне сеніп, Сәрсекеге малын басқа жақтан іздеу керек екенін айтады. Осымен дау бітті дегендей Әйгерімге қонақтарды апарып күт деп тапсырады. Кетіп бара жатқан Тұрсын үндемей күліп шығып кетеді. Шынында да ол үлкен айла тапқан еді. Өткен жолы жоспар құрып әдейі Сәрсекенің жылқысын ұрлаған. Абайға келгенде құлдық ұрып, алдым деп мойындаған. Бұл жолы боранды күнде Сәрсекенің бес жылқысын ұрлап алған да Тұрсын еді. Бірақ енді ұрлығын мойындамай, сөзіне Абайды да иландырып кетіп бара жатыр.
Қонақтар кетісімен Абай Татьяна әніне қайта жүгінді. Сөйткенше болған жоқ қарсы үйден тоғызқұмалағын көтеріп, Көрпебай, Кішкене молда, Мұхаметжандар келді. Ән тағы да қалды. Тоғызқұмалақтан босағанда домбырасын тартып көріп еді таңертеңгі ән қаз-қалпында келді. Абай өз-аудармасына өзі сүйсініп әнді айтып шықты. Домбыраны алған Мұхаметжан қағаздағы аудармаға қарай отырып, әнді шырқап кеп жіберді. Мұхаметжан жас та болса, даусы зор әнші еді. Абай оны кірпік қақпай тыңдады. Көз алдына Тоғжан мен Салтанат елестеді. Жас әншінің нақышына келтіріп орындаған өз әніне қатты толқыды.
Осыдан кейін Мұхаметжан Семейге жүріп кетті. Абай болса кешке дейін Пушкинді оқумен болды. Ол күнде үйдегілерге қызықты бір роман не хикаяны әңгімелеп беретін әдеті бар еді. Бүгін де кешкі астан соң сол әдеті бойынша француз жазушысы Александр Дюманың «Үш мүшкетерін» баяндады.
Абай аулынан кеткен Мұхаметжан Семейге жеткенде Таңжарық үйіндегі сауықшыл жас Қысатай пәтеріне келді. Мұнда қашан да Абайдың жанынан табылатын өнерпаздар қонақ боп отыр екен. Оның ішінде Семейге танылған атақты әнші Мұқа, ақындар Көкбай мен Шұбар, ескі қисса дастандарды жатқа айтатын Ысқақ бар еді. Бұлардан бөлек қонақтардың ең жасы, Абайдың ұлы Мағауия да осында. 
Мұхаметжан келе сала бүгінгі төр менікі деп, Мұқа мен Көкбайды ысырып ортаға жайғасады. Көкбай, Шұбар, Мұхаметжандар арасында «ақындықта дес бермеймін» дейтін талас бар еді. Оның бұл отырысына Көкбай шамданып қалады. Шай ішіліп, жұрт ән-күйге ауысады. 
Осы кезде Мұхаметжан Мұқаның қолындағы домбыраны алып: «әлі де жабағы арық, тай семіз көп сауғанға деп айтып жүрсіңдер ме?! Өлеңнің өлеңі былай!» деп Татьянаның нәзік әнін шырқай жөнеледі. Сөзі ерекше жаңа әнге бәрі аңтарылып қарайды. Үй іші сілтідей тынады. Ән біткенде Көкбай мен Шұбар үндемей қалады. Үнсіздікті: «бұл ән мен өлеңнің жөн-жосығын айтпайсыз ба?» деген Мағауия бұзады. Сол кезде Мұхаметжан жымиып: «Жігіттер, бұл Пушкиннің сөзі емес пе? Оны аударып, әнге салған Абай ағам» дейді. Шұбар мен Көкбай жадырап күледі. Мұхаметжан мұндай сөзі ерекше өлең жазғанда өздерінің ақындықты қойып, жолды біржола оған бергелі тұрғандарын айтады.
Бұдан кейін «Татьянаның әні» осы жердегі өнерпаз жастардың арқасында Семей қаласына таралады.
Қаладан қайтар алдында Мағауия Михайловпен кездеседі. Михайлов Абайдың Пушкинді аударғанын, әсіресе «Татьянаның хаты» ән болып таралғанын естігенде ентелей түсіп, Мағауиядан аударманы әнімен қоса айтып беруін өтінеді. Мағаш «Татьянаның әнін» айтып шығады. Михайлов соңғы кездері қазақ тілін біршама үйреніп алған-ды. Ол Мағашқа өлеңнің кейбір жерін Абай дәл аудармағанын айтады. «Ибрагим Кунанбаевичке сәлем айтыңыз. Дегенмен өлеңді толық ұққам жоқ. Өлеңнің жақсылығын біліп алмай, сынау әділетсіздік. Сізше қалай? «Татьянаның хатына» қарағанда Пушкин жақсы ақын ба?» деп Мағашқа қарайды. Мағаш болса, Пушкин әр өлеңінде «Татьянаның хатындай» болса, қазақ баласы ондай қуатты көрмегенін айтады. Михайлов бұл сөзден аударма анық ақын аудармасы екенін ұғып, Абайға алғысқа толы, ризашылық сәлемін жолдайды.
Арада біраз уақыт өтіп, Семейдегі жастар Мұқа, Мағауия, Ырсай, Қысатай, Ысқақ, Мұхаметжандар Абай ауылына қонаққа келеді. Өнерлі жастар шайға отырмастан-ақ, Абай, Әйгерімдерден бүгінгі кешті кең сауықпен өткізуді сұрайды. «Абай аға, бүгін біз шетімізден әнші-ақын боп, өсіп оралдық. Біз қатыспайтын Семей шаһарында думан жоқ. Қанымыз жерге тимейді. Тіпті Мұхаметжан апарған «Татьянаның әнісіз» бір кеш өтпейді. Бүгін біздің сауығымызды көріңіз» дейді Ысқақ бар топтың атынан. Абай Ысқақ сөзіне күле отырып: «Бұлар Семейде қалың топтың ортасында өнерлерін көрсетіп жүрген жастар ғой. Біздің үйдегі аз қауымды місе тұтпас. Ауылды түгел шақырыңдар» деп Әйгерім, Баймағамбет, Ерболдарға тапсырма береді. Думан басталғанша Мағауия Михайлов жайын сөз етеді. Михайловтың «Пушкин өлшеуі мен Абай уәзі дәл бірдей емес пе?» деген күдігін жеткізеді. Сонда Абай досының байқағыштығына риза болып, Пушкинді аударғанда дәл бірдей түспегенін, өзіндік себептермен Татьяна сөзін дәл шығармағанын айтады.
Осы кеште қала қонақтары мен ауыл адамдары арасынан тек Абай мен Әйгерім ғана ән айтпады. Ысқақ пен Мұхаметжан Әйгерімнен ән салуын өтінді. «Жеңешемнің әнін естімегелі талай болды» деп Абайға қарасты. Абай болса: «Айтпай кетті! Айтады деймісің!» деп өкініш білдіргендей болды. Расында да бірнеше жыл өтсе де Абай мен Әйгерім арасындағы тоң әлі жібімеген еді. Тек сыйластық қана қалған. Абай соны меңзеп отыр. Осы кезде Әйгерім ыммен Ерболға «Татьянаның әнін» тартқызып өзі шырқай жөнелді. Үйдің іші қыбыр етпей тыңдады. Мұхаметжаннан кейін әнді қайтадан бойы еріп тыңдағаны осы болған Абай да үндемей қалды.
Назды, мұңды шер ширатылады. Әйгерім Абайға кінә айтқандай: «Жазығым бар ма? Болса кешпеймісің. Тапшы бұрынғы ыстық күніңді. Тапшы өзімді» деді де:
...Шеш көңлімнің жұмбағын,
Əлде бəрі — алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс.
Не болса да, өзімді
Тапсырдым сізге налынып,
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып...
Деп, өксіп жылап жіберді. Үй іші жым-жырт. Абай екі көзі шарасынан шыға жаздап Әйгерімді құшақтап көзінен аққан жасты сүйе берді. «Әйгерім, асылым! Әніңмен, жасыңмен қайта таптың ба? Татьянаның әні жүрегіңнен шыны боп шықты ау!» дейді. Екеуінің бұл күйін жас достары жақсы ұғады. Абай мен Әйгерім айналадағыларды елеместей боп алған. Осыны түсінген Мұқа, Ысқақтар ақырын тараса берді. Үйде Абай мен Әйгерім ғана қалды... «Татьянаның әні» шерлі, назды махабатты қайта табыстырды.
Осылайша 1887 жылдың қысында орыстың данасы Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын жетектеп кеп, кең қазақ сахарасына алғаш қадам басты. Өзі тыңдаушысын ұйытқан қадірлі ақын болды. Татьянасы қазақ жасының жүрек сезіміне бұрын қазақ сөзімен айтылып көрмеген көркем, шебер тіл бітірді, жандай жақын туыса бола келіп еді.

Эпилог
Абай аударған Пушкиннің Татьянасынан кейін оның өлеңі, ән-жыры көшіріліп, жатталып кең жайылып тарады. Бұл атырап, бұл сахара бұрын естімеген сарын есітті. Оның өлеңін бүкіл ел сүйсініп тыңдайды, хат таныған жастар да айтудан жалықпайды. Абайдың өзі қалаға апарып оқытқан Хасен мен Садуақас та кеш сайын өздері көшіріп алған өлеңін қалың жатақтағыларға оқып береді. Дәркембай насыбайын бір иіскеп алып өлең оқыған жастарды мұқият тыңдайды.
«...Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың...» деген ақын мұңына ұйып, оны қостай түседі.
Ал Дәндібай, Еренайлар «Күз» өлеңін қайта-қайта оқытады.
«Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы...» – деген жеріне келгенде: «Мынау Оразбай, Майбасар, Тәкежандар ғой» деп мәз болып күліседі. Жастардың оқыған өлеңі тыңдаушы қарттарды риза етіп: «Сөзі қандай! Алпыс екі тамырыңды шымырлатқан сөз» дегізеді.
Ақшоқыда туған Абай өлеңдері жатталып, Мұхаметжан арқылы Ұлжан ауылына да жетеді. Кеш бойы Оспан отауында Мұхаметжан жиналған ауыл адамдарына Абай сөздерін әрі оқып, әрі жырлап береді. Ұлжан баласын көп көрмегендіктен сағынып жүрген болатын. Таңертең Мұхаметжанды арнайы шақыртып, Абай сөздерін тыңдады. Баласының сөздеріне әрі таңырқап, әрі риза болып ойланып қалды. 
Бір кезде Мұхаметжан:
«Ел бүлігі Тобықты,
Көп пысыққа молықты», - дей бергенде Оспан қатты күліп жіберді. Кешеден бері ол да Абай өлеңдерін үнсіз тыңдап, «жақсы» не «жаман» деп бір ауыз пікір айтпаған. Енді қатты өзгеріп, қарқылдап Тәкежандарға иек қағып қойды. Тәкежанның қасында Оразбай мен Жиренше бар еді. Жиренше Оспанды жақтырмай: «Немене балаша мәз болдың?!» деп қалды. Оспан олардың сөзін елемей: «Абай төбелеріңнен түсіп жатқан жоқ па?!» деп қарқылдап күле берді.
Ұлжан да Оспанды қостап ақырын жымиды. Бір кезде ол көпке қарап: «Абайым бір төбе, қалған балаларым бір төбе еді. Аналық бүйірімді тоқ етіп жатқан алтын жамбым еді. Үмітім еді. Бүгін сол үмітім мынадай бәйтерегім болыпты. Енді өлсем де арманым жоқ-ау!» деп тоқтады. Оның сөзін Тәкежан жақтырмай: «Құдайға шүкір тұқымымыздан бақсы-құшнаш шыққан жоқ деуші едіңдер, балаң ақын болды деп несіне мәз боласың» деді. Бұл сөзіне Оразбайлар үнсіз күлді. Ұлжан болса түсін суыта түсіп: «Абайдың бір сынық тырнағы сенен артық» деп жауап қатты. Шешесінің сөзіне ашуланған Тәкежан Оразбай мен Жиреншені «жүр-жүрлеп» алып шығып кетті.
Абайдың өлеңі бір күні Құнанбайдың да құлағына жетеді. Ол кешке төсегінде аунап, құлағына талып жеткен ызыңнан ұйықтай алмай, орнынан тұрып сыртқа еріксіз құлақ түрген. Бұл «Тәңір қосқан жар едің сенді» айтып жатқан күзетші жас жігіт Кәрібжан болатын. Құнанбайға Абай сөзі «Тәңір соққан» болып естіледі. Бір кезде ол даурығып, Нұрғанымды оятып: «Анау күзетші Тәңір соққан», «Тәңір соққан» дей ме, немене?! Кімді қарғап жатыр?! Барып білші?» дейді. Нұрғаным әнді білуші еді. Сондықтан: «Ол ән "Тәңірі қосқан жар едің сен", Абай шығарған деп, жұрт айтып жүрген жоқ па!» дейді жайбарақат. Құнанбай аһ ұрып: «Айтпасын, зарламасын!» деп төсегінен бір жағына аунай түсіп жатып қалады. 
Нұрғаным күзетшіні шақырып алып «айтпа» деген жоқ. «Мұнда айтсаң мына кәрінің ішін өртейді. Әніңді алысқа барып айт» деп тапсырады. Бұл күзетшіге емес, өзіне өзі айтқан іштің, жанның сөздері еді. Өйткені ол Абайдың осы өлеңін алғаш естігенде қатты мұң ойлаған. Есіне Базаралы түскен. 
Ақшоқыда туған Абай өлеңдері Тобықтыдан асып, Керей, Уақ, Қаракесек, Аягөз, Алтай Наймандарын да шарлап өтті. Сол кезде Машандағы Найман бай аулына да жетті. Молдабек дейтін әнші жігіт бай ауылының кедей қызын айттыра барған. Көршінің сауығына Тоғжан да келген еді. Кеште «Татьяна хаты», «Онегин жауабы», «Татьянаның екінші сөзі» айтылады. Тоғжан бірден Абай әндерін ұғып, «Мынау менің сөздерім ғой» деп ыстық кесек жасын үнсіз төккен...
Абай өлеңдері Қарқаралы-Қоянды жәрмеңкесіне де тарады. Жәрмеңкеге жиналған жұрт Абайдың атына қанық болды. «Абай деген жақсы шығыпты...Халыққа қамқор, Тобықтыдан туса да Тобықты емес ел жоқшысы, ел ұлы бопты. Сөзін тыңдаймыз» деседі екен жұрт. Мұны Мұқа, Мағаш, Кәкітайлар Абайға массаттанып жеткізеді.
Абай енді бұл топтан бөлініп оңашада мұң толғап кетеді. Батқан күнге қарап толқын ойлар жетегінде халқының болашағын ойлайды. Бірде жүзіне қуаныш үйріледі, бірде көңілін күдік пен дерттің бұлты жауып қалады. Абай ойлап отырса өмірдің беліне шығыпты. Жоғалтқаны көп, тапқаны да бар. Жоғалтқанына өкінбейді. Жақыннан әке Құнанбай, туыстан Тәкежан кетті жат болып. «Үзілсін, кете берсін. Халық қалса, халыққа үнімді қосар жарық қалса жетеді» деп өзіне осы оңаша отырыста серт береді.
Осы кезде кең даладағы көз ұшынан шаң көрінді. Будақ-будақ бүлік шаң. Абайдың қасына атын қан сорпа етіп, бір салт атты шауып келеді. Жас жігіт Абай оқытып жүрген Садуақас екен. Ол келе сала асығып: «Анау шаңды көрдің бе, Абай аға?! Ол жау, жатақтың азғантай жылқысына тиген жау! Тағы тиіп, әкетіп барады сойқандар» деп жылап жібереді. Абай жаңа өзі ойлап отырған қиялдан, тәтті өмір елесінен қол үзіп қалады. Аз алданыш та, қуаныш та сөне берді. Тағы да өмір шындығы, тағы да тірлік тартысы оның алдына еселі сыбаға тартты.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет