Зат есім туралы жалпы түсінік
Зат есім - заттың, құбылыстың атын білдіріп, кім? не? деген сұраққа жауап беретін сөз табы. Күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі жай нәрселерді ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды, ұғымдар мен түсініктерді де қамтиды.
Мысалы: құс, тас, су, шыны, адам, қол деген сөздермен қатар, жаңбыр, найзағай, сайлау, жүріс, капитализм, эволюция, ұғым, ақыл, сана деген сөздер де зат есімге жатады.
Адамзат және ғаламзат есімдері
Кім? деген грамматикалық сұрауға жауап беретін зат есімдерге жалпы адам атаулары жатады. Адам атаулары деп жалпы адамға тән атауларды (кісі, бала, қыз, бөпе, шал, кемпір, келіншек, еркек, әйел т. б.) туыс атауларын (әке, шеше, әже, ата, аға, іні, апа, сіңлі, немере т. б.), іс-әрекет пен кәсіп-мамандық иелерінің атауларын (әнші, атшы, арбашы, ғалым, мұғалім, сатушы т. б.), әр алуан қызмет баптары мен лауазым атауларын (директор, лейтенант, бастық, мырза, ханым т. б.), кісі аттарын (Асан, Әсет, Иса, Алма, Рабиға, Жәмила, Гүлсім, Жанна т. б.) және басқа да осылар сияқты адамға тән атауларды айтамыз.
Не? деген грамматикалық сұрау, әдетте, адамнан өзге барлық жан-жануарлардың және күллі заттар мен нәрселердің атауларына қойылады.
Жалпы және жалқы есімдер
Жалпы есімдер деп тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдер аталады.
Мысалы: ағаш, ат, ас, арал, арба, бас, бала, ақыл, сана, түсінік, ер, ес, ет, дала, су, отін, көмір, кеңсе сияқты зат есімдердің бәрі де жалпы есім болады.
Жалқы есімдер деп белгілі бір ғана затты арнай, даралай атайтын зат есімдерді атаймыз.
Мысалы:кісі аттары (Асқар, Арлан, Ағыбай т. б.)
үй хайуандарына берілген арнаулы аттар (Тайбуырыл, Теңбілкөк, Ақтабан, Таймас т. б.)
өндіріс, мекеме, ұйым аттары ("Еңбек", "Қайрат", "Түрксіб" т. б.)
газет, журнал, фильм, кітап аттары мен жеке шығармалардың аттары ("Егемен Қазақстан", "Өркен", "Менің атым Қожа", "Қан мен тер" т. б.)
географиялық атаулар (Алатау, Қаратау, Іле, Ертіс т. б.)
қала, көше, алаң аттары (Теміртау, Абай даңғылы, Республика алаңы т. б.) тағы басқа жалқы атаулар жатады.
Жалқы есімдер мағына жағынан белгілі бір ұғымды білдірмейді, тек бір жеке-дара затты басқа заттардан ажырату үшін қойылған белгі - ат ретінде ғана жұмсалады.
Ішіндегі әр қилы ұсақ топтарды сөз етпегенде, жалқы есімдер ең әуелі үлкен-үлкен екі салаға бөлінеді: оның біріншісі - кісі аттары (ономастика), екіншісі - географиялық атаулар (топонимика).
Достарыңызбен бөлісу: |