Мағжан Жұмабаевтың отбасы. Мағжанның алғашқы әйелі Зейнеп Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы Қадишадан туған. Зейнеп ұл босанып, оның есімін Граждан қояды. Алайда тағдырдың жазуымен ақын үшін қымбат осы екі жан бірінің артынан бірі опат болды. Зейнеп баладан дүние салды. Артынша тұла бойы тұңғышы шетінеді. Бұл шамамен 1917-1919 жылдардың арасы.
1920 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсы Қызылжарға ауыстырылды. Мағжан сол курсқа басшылық етеді әрі үйреншікті пәндері бойынша сабақ береді. Міне, осы кезде Мағжан курста математикадан сабақ беретін Гүлсім деген әйелге ғашық болады. Алайда Гүлсімнің күйеуі Мағжан мен әйелінің арасын біліп қалып, үйін көшіріп әкеткен.
1921 жылы Қызылжарда Мағжан өмірлік жары болған Зылихамен танысады. Зылиха Мағжан Жұмабаевтың жиені болған. 1894 жылдың 26 қаңтарында туған Зылиха Құрманбайқызының Мағжаннан жарты жастай ғана кішілігі бар.
Зылиха апаймен ақын туған-туыстарының тойында кездескен екен. Ағайындары Мағжанды Жәмила деген жас қызбен қосуға ниеттенген. Бірақ Мағжан мен Зылиханың бір-бірінен көз алмай қарап отырғанын байқаған бойда-ақ, Жәмила көзіне жас толып, сыртқа атып шыққан. Ал Зылиха сол күні кешке заттарын буып-түйіп, Мағжанның үйіне көшіп келеді. Көп ұзамай Мағжан мен Зылиха Қызылжардан кетеді. Алдымен Ташкентке барады. Кейін Мәскеуге аттанады. Ол жерде Мағжан Шығыс еңбеккерлерінің университетінде шығыс тілдерінен сабақ береді. Әдебиет институтында білім алады. Гете, Лермонтов, Блок, Горькийдің шығармаларын, әлем әдебиетінің басқа да жауһарларын қазақ тіліне аударады.
Зылиха Құрманбайқызы 97 жасында елі Мағжанның жүз жылдығын атап өтуге дайындалып жатқанда өмірден озды.
Екі рет ақталған ақын. 1929 жылы Мағжан Жұмабаев "Алқа" атты жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалып кетеді.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! – деп халқына деген шексіз махаббатын жырлаған Мағжан алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өлеңдерін жариялап тұрған. Ол Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлеңінің рухында «Жатыр» деп аталатын жырын жазады. Мағжан 1923-1927 жылдары Мәскеуде оқыған кезде батыс Еуропа әдебиетімен, орыстың жазушы-ақындарымен етене жақын таныс болған.
1924 жылы Мәскеуде Кеңес пролетариат жазушыларының қауымдастығы құрылады. Социалистік реализімді орнату мақсатындағы бұл ұйымның Қазақтанда жүзеге асуына әдебиетте жүрген зиялы қауым өкілдері қарсы болады. Шығармашылық адамының өз ой-пікірін айтуына тосқауыл жасайтын саясатқа келіспеген қайраткерлер қатарында болған Мағжан сол жылы Мәскеуде жүріп «Алқа» ұйымын құруға әрекет жасайды. Қазақ жазушыларының басын ұлтттық бағытқа біріктіріп, Семей, Ташкент, Петропавлда жүрген белсенді қайраткерлерге «Табалдырық» атты жаңа бағдарламаны қолжазба түрінде таратып, өзінің саяси ұстанымын білдірген.
Өкінішке орай, ұлттық мүддені көздейтін құжат жарыққа шықпайды. Бірақ, осы әрекеті үшін 1929 жылы Мағжан Жұмабаев жасырын ұлтшыл ұйым құрды деген жалған айыптаумен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалады. Сол кезеңде Мағжанның осы бастамасы қазақ зиялыларына терең ой тастап, қоғамның шынайы болмысын суреттеген туындылар жарық көре бастайды. Мысалы, Мұхтар Әуезов «Хан Кене» шығармасын жазса, Мағжанның «Жүсіпхан» деп аталатын көркем дүниесі соның айғағы.
Шығармашылықпен, айналысқан алғашқы он жылда Мағжан ұлт — азаттықты поэзияда ең терең қозғаған ақын болды. 1929 — 1938 жылдар аралығында көркем туындылары тоқырауға түскен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі тек 1936 жылы ғана бостандыққа шығып, Қазақстанға қайтып оралады. Петропавл қаласында мұғалім болып жұмыс істейді. Алайда, оны қалалық оқу ісінің меңгерушісі саяси айыптап, қызметінен босатады. 1937 жылы Алматыға келіп аударма ісімен айналысқан Мағжан Жұмабаев 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Ақынның жиені Райхан Жұмабаева Мағжанның көзі тірісінде де, қаза болғаннан кейін де жазықсыз жазғыру мен айыптан көпке дейін арыла қоймағанын айтады. "Онымен дәм-тұздас болып жүрген жақын дос-жарандарының өзі оның талантына, тиянақты әдеби біліміне көре алмаушылық танытқан еді", — деп еске алады ол.
Зылиха да, Мағжан да ауқатты отбасынан шыққан. Зылихада ата-анасынан мұраға қалған әшекей бұйымдар көп болатын. Зылиха Мағжан Карелияға жер аударылған кезде, 14 рет барып қайтты. Қымбат тастармен көмкерілген сырға-сақиналарын беріп, күйеуімен кездесуге рұқсат алатын.
Зылиха Мағжанның атылудан аман қалғанына қуанды. Түрмеде отырса да, басының амандығын тіледі. Жақынырақ болайын деп Ленинградқа көшіп келді. Ленинградта тұратын құрбысы үйіне кіргізді. Күйеуінің өтініші бойынша оған медицина тақырыбындағы кітаптарды апарып берді. Мағжан емтихан тапсырып, фельдшер болып алды.
Енді Зылиха Мағжанды құтқарудың қамына кірісті. Ол Максим Горькийге хат жазу керек деп шешті. Мағжан Горькийдің шығармаларын қазақ тіліне аударған еді. Естуінше, жазушының әйелі Екатерина Пешкова Қызыл Крестің кеңестік бөлімшесін басқарады екен, тұтқындарға көмектеседі деп еститін. Осылайша Пешкованың өтінішімен жаза мерзімі жеті жылға кемітілді. Мағжан Жұмабаев 1936 жылы Отанына оралды.
Түрмеден босап, Қызылжарға келгеннен кейін Мағжан шығармашылықпен айналысып, сабақ беремін деп ойлады. Бірақ сотталған деп оны ешкім жұмысқа алмады. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. Алайда 1937 жылдың желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 ақпанында халық жауы ретінде атылып кетті.
Ақынның шығармалары дүкендер мен кітапханалардан алынып, жойылды. Жарты ғасыр бойы, яғни 1988 жылға дейін оның шығармаларына тыйым салынды.
Күйеуі атылғаннан кейін Зылиха да халық жауының әйелі атанды. Достарының кеңесімен қуғын-сүргіннен аман қалу үшін алыстағы Ленинградқа, баяғыдағы құрбысының үйіне кетеді. Зылиха апай күйеуі ақталғаннан кейін ғана туған отанына оралады. Бір ғажабы, Зылиха апа Мағжанның қолжазбаларының көп бөлігін сақтап қалған екен. Қорапқа салып, туыстарының үйінің шатырында сақтапты.
"Біздің республикамызда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында қатарынан екі мәрте ақталған бірде бір ақын не жазушы болған жоқ. Тағдыр тәлкегі деген осы шығар. Бірінші рет ол 1960 жылы ақталды. Алайда шығармаларын жариялауға толық рұқсат берілмеді. Шығармаларын оқуға болмаса, ол қалай ақын атанбақ?! Бұл барып тұрған қорлау. Тек араға жиырма сегіз жыл салып, яғни 1988 жылы ол екінші рет ақталды", — дейді ақынның жиені Райхан Жұмабаева.
Мағжан Жұмабаевтың мол мұрасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында ғана жұртшылыққа жария етілді. Өлеңдері орыс тіліне аударыла бастады.