Кіріспе Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани дүниесінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды.
Мағжан Жұмабаев жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шақырды. Бірақ солақай саясаттың құрбаны болды.
Мағжан Жұмабаев қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен танымал тұлға. Оның күрескерлік өмірі мен шығармашылығы Кеңес кезінде кісенде болды.
Балалық шағы. Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан. Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Бекен өжет, өте пысық еді. Қоянды базарына жиі қатынайтын. Сол ұзын жолда ыңылдап өлең шығарады екен. Отыздың бел ортасында елге билік айтуға қолы жетті, болыстыққа сайланды.
Анасының есімі – Гүлсім. Гүлсім – Қызылжарда тұратын керей Әшірбек (Әшірбектің ағасы Құрманбайдан Мағжанның болашақ әйелі Зылиха туады) деген саудагердің қызы. Мағжан бойындағы серілік, ақындық қасиеттер әкеден болса, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, жолдас, достыққа қалтқысыздығы, жұртқа қайырымдылығы осы шешесінен деседі.
Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді. Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнаттың өзі болған. Қасында отыратын кісі табылмай қалса, шешесі кереуеттің аяғына байлап кетеді екен. Естияр шағында күрт өзгереді. Ойға батып, тұнжырап жүретінді шығарады. Шелек әкел деп үлкендердің бірі жұмсаса, елек әкеледі екен. Айтылған сөзге көңіл бөлмейді. Балалармен ойнап кетуді ерте қойған. Жеке тұрып қалады. Сол үшін апасы Күләндәм Мағжанды "Марғау" атандырып жіберіпті.