ТҮЙІН
Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлы
1917-1928 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНДЕГІ
БОЛЬШЕВИКТІК БИЛІК (ТАРИХИ АСПЕКТ)
Мамандығы 07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі өткен тарихи өзгеріс жылдарын, кеңес билігі кезіндегі орын алған кейбір тарихи оқиғаларды жаңаша бағалап, пайымдауды қажет етеді. Кеңес өкіметінің орнығуы мен алғашқы жаңа тарихи қайта құруларды, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның оңтүстігіндегі тарихи процестермен, оның ерекшеліктерімен тікелей байланыстырып көрсетудің маңызы арта түспек. Сондықтан да осы күрделі де қиыншылықтарға толы большевиктік биліктің бастапқы кезеңін, бұрын соңды болмаған түбегейлі өзгерістерді бүгінгі күнгі талап тұрғысында қайта бағалап, сараптаудың, оларды жаңа тарихи деректердің негізінде жан-жақты зерделеудің, басылымдарды жаңаша парақтап, қайтадан ой - елегінен өткізудің маңызы зор.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны (объектісі) Оңтүстік Қазақстандағы большевиктік биліктің алғашқы онжылдығын, ондағы орын алған саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жаңаша талдап, зерттеу болып табылады. Бұл ғылыми зерттеу сол кезеңдегі Сырдария, Жетісу (Алматы облысы) бүгінгі таңдағы үш облыс – Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары шеңберінде алынды.
Зерттеудің әдістемелік негізін тарихи салыстырмалылық, тарихи сараптамалық, жүйелілік, кешенді сондай-ақ статистикалық, ретроспективтік әдістер құрайды.
Зерттеу жұмысының дерек көздерінің басты өзегі болып 12 мұрағаттан алынған жаңа құжаттар мен материалдар болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты Қазақстанның оңтүстік облыстарының 1917-1928 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды ұлттық тәуелсіздік идеологиясы мен бүгінгі көзқарастар тұрғысынан жүйелі түрде зерттеу.
Диссертацияда қойылған мақсаттарды ескере отырып, мынадай нақты міндеттерді шешу көзделген:
қолда бар зерттеулерді жоққа шығармастан, олардың қорытындыларын жаңа көзқарас тұрғысынан сын көзбен және мұқият талдай отырып, Қазақстанның оңтүстігінде 1917-1928 жылдар аралығында орын алған тарихи процестерді қайта зерделеп, олардың объективті бағасын беру;
Ресей империясының Түркістан генерал-губернаторлығы Сырдария және Жетісу облыстарында Кеңес өкіметінің орнауының объективті жағдайлары мен субъективті факторларын ашу, осыған байланысты көрсетілген облыстардағы саяси, әлеуметтік-экономикалық процестерді, рухани - діни ахуалды зерттеу, осы өңірдегі түбегейлі қайта құруларды ашып көрсету;
революциялық оқиғалардың барысын, большевиктік саясатты іске асырудың әдіс-тәсілдері және Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы большевиктік биліктің негізгі ұстанымдарын айқындау;
қарастырылып отырған тарихи кезеңдегі мәдени құрылыстың мәселелерін жан - жақты зерделеу, кешенді түрде зерттеу арқылы құжаттар мен материалдарды сын тұрғысында қайта бағалай отырып, толыққанды ғылыми-тәжірибелік маңызы бар қорытындылар мен ұсыныстар жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |