Қалаңның қанжары Қалаң жарықтық, арақты шелектеп ішетін ій ауыздардың бірі еді. Кейінгі кезде ол әдетін
жиілетіп жіберді. Дәу адамның мас болғаны тіпті үрейлі болады екен. Екі көзі алақтап, сүріне-
қабына құлағанда, ит жаламас ауызынан сасық иіспен қоса, боқтықтың небір түрлері борап
қоя беретін де, онысы тәмам жұртқа жайылатын. Бірақ мен оның шешемді сабағанын көрген
емеспін. Өтірік айтудың қажеті жоқ. Есесіне, менің басыма әңгір таяқты әбден ойнатушы еді.
Қыс кезі. Құдай атқан бір түні, Қалаң араққа сылқия тойып кеп, ауыз үйге кіре-міре
құлады. Шешем мен қара кемпір хал үстінде жатқан нағашы апамның үйіне кеткен. Үйде
жалғыз қалған менде ес жоқ. Тұрғызайын десем, басыма пәле тілеп алам. Тұрғызбайын десем,
тағы болмайды. Сілейіп қарап тұрмын. Бір кезде, тірі екен, қозғала бастады. Тұрды. Ешнәрсені
көрмей тұрған көкшіл көздеріне менің бала сұлбам ұшырасты. Кенет маған тақап келді де,
құшақтап еңіремесі бар ма?! Менің де көңілім босап, жылай кеттім. Мынаған бірдеңе көрін-
ген шығар, тәубесіне келіпті ғой, сорлы Қаланым деп қоям ішімнен. Бір кезде «сен оңбағанды
асырап жүрген менде ми жоқ қой, ми жоқ!» – деп, қазандай басын қабырғаға дүрсілдетіп
ұра бастады. Зәрем зәр түбіне кетті. Бір пәлекеттің басталатынын ішім сезіп тұр. Қазір ұра
бастайды. Жоқ. Мені қолымнан жетектеп залға әкеліп, орындыққа отырғызды. Сосын бетіме
ұзақтан-ұзақ тесірейіп қарады да отырды. Одан да ұрғаны жақсы екен. Шүңірейген көк көзі
өнменімен өтіп бара жатыр. Сосын жақындап келді де, белінен белбеуін шешіп, қолдарымды
орындықтың арқасына байлай бастады. Кімнің өлгісі келеді дейсің, мен дереу айқайға бастым.
Жап, ауызыңды иттің күшігі! – деп дүрсе қоя берді Қалаң. Мен біткен жерім осы ғой деп,
иманымды үйіре бастадым.
Қалаң қиқалаңдап барып, қабырғадағы серванттың есігін ашты. Бірдемені іздеп жатыр.
Бір кезде іздегені табылды. Жақында Қалаң Алматыға барып келген. Сол кезде пышаққа әуес
қарақшыдай, мал соятын бірнеше сояудай-сояудай қанжарлар алып келген еді. Соның біреуін
алып шықты. Бітті шаруам. Құдды бір кинодағыдай есінен ауысқан Қалаң маған дәріс оқи
бастады.
– Ей, жетімек! Мен мына пышақты не үшін сатып алды деп ойлайсың!?
– Мал сою үшін, ағатай!
– Жоқ, мен сені сою үшін алғам мұны! Хахахахахаха!
– Аға, қойыңызшы!
– Қазір бәлем, көрсетем саған!
Жас кезінде Қалаңды бір бойжеткенге үйлендірген екен. «Әлгі байқұс әйелін бұл
нақұрыс байлап тастап, бауыздамақ болғанда жұрт улап-шулап әрең айырып алыпты» деген
әңгімені талай естіген едім. Сонысы рас боп шығайын деп тұр. Бірақ мені құтқаратын тірі жан
жоқ қой.
Мен енді құтылудың амалдарын қарастыра бастадым. Қолымды байлаған белдік босап
үлгерген. Егер жақындап келіп, ұстаса – амал жоқ. Қашсам – қазір кету керек. Қолымды боса-
тып алғанымды байқап тұрған Қалаң жоқ. Мас. Бөлменің бас жағында креслода пышағын
жалаңдатып, мені боқтап, сөйлеп отыр. Жан тәтті, қолымды босатып ап, атып тұрдым. Қалаң
да тура ұмтылды. Орындықты көтере-мөтере басынан салып қалдым. Гүрс етіп, Қалаң бар
денесімен еденге құлады. Бірдеме деп міңгірлеп, ұйықтап қалды. Мен есім шыққаны сонша-
лық, есікті таппай, бөлмені сипақтап жүрмін. Әйтеуір, есік табылды. Далада қыс. Үстімде
ішкиімнен басқа дәнене жоқ. Тұрсынғазының үйіне беттедім. Қақпасын тарсылдатып соққы-
лап жатырмын. Қалаң көрінбей ме деп үй жаққа қарап қоям. Бір кезде даланың шамы жағылды.
Көретін жарығым бар екен.