А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
26
уінің добын сайға теуіп, көзін құртайын, екіншісінің жегенін желкесінен шығарайын десем,
бізге қарап шылымын будақтатып отырған Қалаң менің бар қимылымды жіті бақылауда. Осы-
лай жүріп, үш күн өтті. Мыналардың өмірі түк өзгерер емес. Жылқылы ауылда жүрміз-ау,
табиғатты тамашалайық-ау, осқырынып тұрған айғырларға мініп, даланы басымызға көтеріп,
айқайлап шабайық-ау, қой бүлдірген терейік-ау, тауға шығып өрмелейік-ау, тым құрығанда,
допты қаттырақ тебейік-ау да демейді ғой.
Қалай келді, солай жүр.
Қалаң менің оларды менсінбей жүргенімді байқады. Намыстанды. Олар – інісінің бала-
лары. Мен қайдағы біреудің жетімегімін. Төртінші күні, екеуін шақырып алып, кеңес құрды.
Мен олардың жиналыстарын бұлаққа суға кетіп бара жатқанда байқап қойғам. Не болса да
көрейік! Ішім әбден пысты. Оның үстіне, мен қызмет қылатындай, не олар ханның балалары
ма екен, түге! Келсем, Қалаң ана екеуінің маған жабылатынын, кім жеңсе соған бір сом ақша
беретінін хабарлады. Мен Үржардан шықпай жатып білгем оны. Жабылатынын, әрине. Ақша
дегенді білмей қалайын.
Құдайым берді деген осы, міне!
Міне, біреу тырсылдап алдымда секіріп жүр, екіншісі артымда мың бұралып, сымдай
қолдарын жұдырықтап түйіп ап, майысып жүр. Бірінші боп шабуылды мен бастадым. Тұратын
несі бар екен! Өлгенде көрген бір төбелес дегендей, әлгі секең-секең етіп тұрған мешкейдің
қоңқақ мұрнынан тоңқ еткізіп періп қалдым. Қан фонтанша атқылады. Өзі есеңгіреп, баудай
түсті. Екіншісі, бүрге талаған мысықтай бүрісіп қалды. Оны добын тепкендей жәйлап кеп,
мамық құйрығынан теуіп қалдым. Шыжбың ете қалды да, ирелеңдеп барып, жерге отыра кетті.
Төбелес дегеніміз осымен бітті. Қалаңда түр жоқ. Екеуін шақырып алып, желкеден алақанмен
ұрған болып, сипап қалды. Оған байқұс Жылан бажылдап қоя берді. Семізі мұрнын сүртіп,
пысылдай береді. Оның көзіне де баданадай боп жас іркіліп қалған. Мен ішім күлкіден жары-
лғалы тұрмын. Күлуге болмайтыны белгілі емес пе! Қалаң уәдесінде тұрды. Бір сом қалтада.
Сізге өтірік, маған шын, мес қарын – адам екен, маған кетерінде сағатын сыйлап кетті.
Ал Жылан ше? Ол мені кешірмеді. Бұл менің өзім жеткен жеңістерімнің бірі еді. Қалаңнан
жылқылы ауылда жүрген он бес күннің ішінде бірде-бір рет таяқ жегем жоқ.