Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет8/30
Дата22.07.2023
өлшемі2,2 Mb.
#104632
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   30
 
Қырық шілтен
 
Нағашы апам хал үстінде жатқанда мені шақыртыпты. Таңертең безілдеп отырып,
нағашы ағамның үйіне бардым. Апам байқұс айналып-толғанып жатыр. Шешемді шақыртып
ап: мына балаға ешкімнің қолын тигізуші болма, бұл – менің балам! – деп қадап-қадап айтты.
Сосын бір қорқынышты қорылға басқан.
***
Тағы да өлім. Тағы да маңайымнан сұм ажалдың суық жүрісін сездім мен. Осыдан бірер
жыл бұрын ағамды алып кеткен ажал тағы да біздің үйге бас сұқты. Дүниедегі жанашыр ада-
мымды – әжемді алып кетті ол.
Үлкендер «апаңмен қоштас» деп әжем жатқан бөлмеге кіргізді. Әжемнің қызылшырайлы
келбетінен ерекше бір нұр төгіліп тұрғанын түйсігіммен сезгенім бар. Дидары албырап, сондай
бір рахат күйде жатқандай боп еді. Әжем жарықтықтың маңдайынан сүйгенім есімде. Сұп-
суық екен.
Әжемді жерлеуге бардық. Бейіттің басы қарақұрым халық. Елдің бәрі әжемді жақсы
көретін-ді, сыйлайтын. Зираттан қайтқан күні қатты ауырып қалдым. Жаназаға жан-жақтан
ағылған туыстар кішкентай үйге сыймай, опыр-топыр боп кетті. Бұрышта қолдан тоқылған
кәрзеңке жататын. Дөңгелек, өзі шұңғыл. Алма, картоп сақтайтын еді соған. Кәрзеңкеге бір
көрпені тастай салып, мені ішіне жатқызған. Кеш қарайғанда қызуым қатты көтеріліп, алағы-
зып сандырақтаппын. Түннің бір уағында үйдің ішінде түсініксіз қимыл-қозғалыстар боп
жатқандай көрінді. Таңсық иіс шығатындай. Қанша ауырсам да баламын ғой, кәрзеңкенің іші-
нен басымды қылтитып, үлкендердің әрекеттерін бақылай бастадым. Үйдің дәл ортасында
кәдімгі мәрліден жұрт шырақ жасап жатыр. Мұндайды көрмеген мен атып тұрып, үлкендердің
қасына бардым. Апамыздың бір туыс сіңлісі бар еді, содан сұрадым.
– Апа, бұл не?
– Қырық шырақ қой, балам, – деді әлгі кісі.
– Ол не үшін?
– Қырық шілтенге қырық шырақ тұтатып жатырмыз.
– Олар кімдер, апа?
– Қырық шілтен деген – қырық аруақ. Қасиетті қырық әулие, балам. Апаңның артынан
осылай қырық шырақ тұтатамыз, қырық шілтен апаңа көмектессін деп…
– Қандай қызық…
– Мә, мына шырақтың біреуін ұста да, анау бұрышқа барып тұр.
Қолыма матадан жасалған қырық шырақтың біреуін ұстап тұрмын. Иісі біртүрлі болған-
мен, жағымсыз емес. Майға шыланған шырақ шытырлап ұзақ жанды. Үйдің іші маған бір ерте
замандарды елестеткендей еді. Мен сонда өзімді ерте заманның адамы секілді сезіндім. Кенет,
қырық шырақтың көлеңкесі ме, әлде абыр-күбір боп жатқан жұрттың қозғалысы ма, төбеден
топырлаған адамдардың сұлбалары көшіп өткендей көрінген.
Қолымдағы шырақ төменге иіліп барып, бықсып өшті. Нағашы апамның сіңлісі қолым-
нан шырақты алып жатып: «шырағың сөнбесін, қарағым», – деді. Сосын «үфф, жаным-ай» деп
терең күрсініп, бүктелген белін жаза алмай далаға шығып бара жатты.
Осы түн менің жадымда мәңгі қашалып қалған еді. Бір құпия, тылсым әлемге кіріп
шыққандай, таң-тамаша боп жатып, ұйықтап кетіппін. Оянсам, кеше ғана дел-сал болған
бойым сергек, қинаған дерт қолмен сылып тастағандай жоқ болып кетіпті.
***
Осы оқиғадан кейін менің бойымда бір қызық құбылыстар пайда бола бастады. Алдымда
тұрған заттың екінші кеңістіктегі сұлбасын көретінді шығардым. Оның өзі мән бермесем, көп


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
24
көрінбейтін. Ұзақ қарасам, адамның қаңқасын да көретіндеймін. Басқасын айтпай-ақ қояйын.
Бәрібір сенбейсіздер.
Содан кейін ұйқыға жатар кезде бір керемет күйге түсетін болдым. Ұйықтайын деп
көзімді жұмсам, миымның ішінде дыңылдаған-шыңылдаған дыбыс пайда болып, көз алдымда
ғаламат бір алап ашылады.
Әлгі әлем мың құбылып, біресе жасыл, біресе қызыл, біресе көк боп көз ілеспес жыл-
дамдықпен құбыла жөнеледі. Дем алысым жиілеп, бұлтты құбыр сияқты бірдеңенің ішімен
сұмдық жылдамдықпен ұшамын кеп. Анау алыстағы нүктеден бір дене маған қарай зуылдап
келе жатады. Бір заматта әлгі пішін жіңішкеріп, үзіліп кетеді. Басқа бір жіп-жіңішке дене маған
қарай ағылады да, табан астында зорайып, зәрені алады.
Сосын демігіп, сол маңнан өтуге асығамын. Өтсем болды, ғажап бір мекенге жетем.
Аппақ нұр төгілген жазира дала. Адамға керемет еркіндік, бақыт сезімін сыйлайтын кеңістік.
Шеті де, шегі де жоқ. Кенет көз ұшында әсем таулар пайда бола бастайды. Солардың шыңда-
рына аяғым тиер-тимес ұшамын. Барлық маңнан бір ғажайып симфония ойнап тұрады. Ол
музыканың иірімдерін мен сол шақта жақсы білемін, тіпті сол тылсым әуенді өзім ойнап та
тұрған сияқтымын. Әлде сол әуеннің өзі мен секілдімін бе?!
Жер бетіндегі жануарларға ұқсамайтын мақұлықтарды көріп қаламын. Ұшып жүрген
ғажайып құстар да – басқа ғаламдікі. Көбелектің қанатын тағып ап ұшатын тағы бір тіршілік
иелері бар…
Сосын алқынып жатып, көзімді ашып жіберсем, әлгі көріністердің барлығы ізім-ғайып
жоғалады да кетеді. Сол хәл күнде қайталанатын. Кейін ержеткен шағымда үшті-күйлі
жоғалды. Керек десеңіз, сол хәлді қазір сағынамын. Мүмкін мен сол кезде әкем мен ағам, апам
кеткен дүниеге барып-қайтып жүрдім бе екен?.. Не болса да, бәрі Тәңіріме аян.
***
Апамның жетісін өткізіп, шешем екеуміз үйге қайттық. Қалаң жылыұшырай қарсы алды
мені.
Басымнан сипап, мұрнымнан шымшып қояды. Онысы түсінікті. Ешкім білмесін дегені.
Кімге айтам? Шешем болса, жүрегі ауырады, туысқанға айтсам, төбелес шығады. Ол мені
сол үшін мерт қылуы да мүмкін. Әлгі жағдай Қалаң үшін ұмытылғанмен, менің жүрегіме
тікен болып мәңгілікке қадалып қалды.
Бұл оқиғадан кейін мен ешнәрседен қорықпайтын болдым. Тіпті алдымнан пышақ алып
жүгірсе де, өліспей беріспейтінім ақиқат еді. Көшедегі балалар мені «көпті көрген ардагер»
ретінде мойындай бастады. Қалаң қанша жасырғанымен, шағын ауыл, елдің бәрі оның мені
ұрып-соғатынын біледі. Маған солардың білгені жақсы. Тым құрығанда, балалары аяғын тар-
тып жүреді.
Сіз мына хикаятты жазып отырған пақырыңыздың көшеге шыққандағы кеудесін көр-
сеңіз! Кеудені шалқақ тастап, ақиланып, аспанға қарап жүретін едім ғой! Мен қақпадан шыға
салысымен балалар жүгіріп кеп амандасады. Паңданып тұрып, Тілеукештен басқасын тілім-
мен түйреп-түйреп мазақтап алам. Оған толық құқым бар. Екінші атаманмын. Көшедегі қара-
борбайлардың бәрін бір шыбықпен айдайтынымды Қалаң біледі. Кейде ол көшеге шығып,
шылымын шегіп отырып: «Әй, қайсың балаңды менің сары сапалағыммен жекпе-жекке шыға-
расың?» – деп көршілеріне одыраңдап қоятыны бар. Ондайда көрші қатындар «Есуас неме!
Біреудің жетім баласын төбелестіргіш қораз қылмақшы ма, жынды!» – деп тоңқылдай бастай-
тын. Оған Қалаң мәз болып қарқылдап кеп күлетін.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
25


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет