А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
20
– Шешпеймін! Ұялам!
– Уахахаха!
Ұялатындай қыз емес шығарсың, а?!
– Ұлмын мен!
– Дәлелдеші, кәне, ұл болсаң!
– Мәңіз ендеше!
– Өй, Томаш, мына балаң кәпір ғой!
Бұл үйге мен сияқты «кәпірлерге» кіруге болмайды екен. Ертесінде мәшинесіне мінгізіп
алып, өгей әкем Ғабит деген хирургке апарып, шырылдатып отырып сүндетке отырғызды. Қара
жер хабар жеткізбесін, Қалиасқармен таныстығым осылай басталған-ды. Оны былайғы жұрт
«Қалаң» деп атайды екен.
Екі аптадай нағашы апайымның менімен жасты қызының көйлегін киіп ап, етегін жел-
пілдетіп ауланы сыпырып, су тасып жүріп мені мұсылман қылған Қалиасқарды зерттеумен
болдым. Кез келген адам қандай жағдайға тап болмасын, бірінші кезекте қауіпсіздігін ойлайды
екен. Мен де сол ойдың жетегінде жүрдім. Қауіпсіздігімді қамтамасыз ету үшін келесідей нәр-
селерді істемеуге өзіме-өзім уәде бердім:
Бірінші – көп сөйлемеу. Екінші – салғыласпау. Үшінші – айтқанын бұлжытпай істеу. Осы
үш ұстаным мені оның жұмыр жұдырығынан аман алып қалатын секілді боп көрінді. Бірақ
өзімді қанша тиып ұстасам да, мені бала деп аямаған сол кездегі қатал тағдырым бәрін түкке
тұрғысыз етті. Оңаша жерде желкеден түйіп қалудан басталған Қалаңның маған тиісуі күн
өткен сайын үдеп-дамып, түрленіп, мың құбылып, жаңа формаларға ие болып, өгей әкемді тың
ізденістерге жетеледі. Қалекең баланы ұруды өнер деңгейіне көтерген адам. Мысалы, былай:
«Әй, иттің ғана күшігі бері кел!» – деп айқалайды. Үшінші ұстанымымды іске асыру
үшін, алдына жетіп келем. «Сені кім шақырды, ей?!» – деп ол мені күректей алақанымен иек-
тің астынан періп қалады да, мұрттай ұшырады. Артынан қарқылдап, әлдебір мақұлықтарша
үн шығара күледі. Мен безе жөнелем. Келесі жолы тағы шақырады. Тағы ұратын шығар, бар-
май-ақ қояйын деп, қора тазалап немесе малға шөп салып жүре берсем, тағы да пәлеге қалам.
«Шақырғанда неге келмейсің, сілімтік?» – деп енді қолдың қырымен дәлдеп тұрып, желкеден
ұрады. Тоңқалаң асасың. Жылауға тағы болмайды. «Шешеңе айтсаң, өлтірем!» – дейді. Жыла-
сам, көзім ісіп кететінін екеуміз де білеміз. Сондықтан мен жыламауға үйрендім. Бұл маған
көше төбелестеріне қатысу үшін зор тәжірибе болды. Күйреп жатқан жерлерден де жеңістің
жалауын көтеріп шығуға болатынына мен содан бері машықтанып алдым.
Көше
төбелесі демекші,
әлгіндей соққылардан кейін,
мен бала-шағаның жұдырығын
маса шаққан құрлы көрмейтінмін. Ал өзім Қалаңның маған қолданатын әдіс-тәсілдерін қарсы
келген жүгірмектерге мейілінше пайдаланатын едім. Жарты жылдан кейін, біз тұрған көше-
дегі балалар мені екінші атаман етіп сайлап алды. Мен тек қана Тілеукештен ғана именем. Ол,
шындығында, шымыр және өте әлді бала болатын. Кейін екеуміз адам айыра алмайтын дос
болып кеттік. Екеуіміздің басымыздан кешкеніміз жайлы төменде әңгімелейтін боламыз.