Федор әкей Жаздыгүні Тілеукеш екеуміз күндіз бұзау бағып, кешке табыннан сиырды күтіп алып,
дедеңдетіп үйге қуып әкелетінбіз. Табын Үржардың тоғайы
(жергілікті халық оны Роща дейді) бітетін жақтан келетін. Біз табынға неғұрлым ертерек баруға тырысатынбыз. Өйткені ол жақта
бала көп, емін-еркін ойнауға мүмкіндік бар.
Сол тоғайдың орта тұсында христиандық шіркеу болатын-ды. Бір күні Тілеукешке сол
шіркеуге кіріп шығуды ұсындым. Орыс мектебінде оқып жүрген маған ол аса қорқынышты
ғибадатхана емес еді. Оның үстіне, орыстармен қоян-қолтық араласамыз. Мен орыс ертегілерін
жақсы көріп оқушы едім. Кез келген халықтың мінез-құлқы, дүние-танымы ертегілерінде
жатады. Сол көптеген ертегілерде, әсіресе кеңестік идеологияны санаға мықтап сіңіру үшін
мектеп бағдарламаларына енгізілген орыс әдебиетінің христиан дінбасыларын әшкерелейтін
шығармаларды оқыған маған тірідей попты көру қызық. Тілеукештің атасы Рамазан Аллаға
сыйынып, бес уақыт намазын қаза қылмайтын мұсылман. Тілеукешті де соған баулитыны заң-
дылық. Досым біраз үрейленіп, қарсылық танытқандай болды. Алайда жаңалыққа құмар бала-
ның санасы діни ұстанымды жеңіп кетті. Сонымен ертең біз шіркеуге баратын болдық.
Күмбезінде қисық айқышы бар ескі ғимаратқа қорқа-қорқа кірдік. Бізді ұзын қара ряса
киген, сақалы беліне дейін бұйралана түскен поп қарсы алды. Басында ерігіп жүрген балалар
екен деп, жөн сұрасты. Біз шіркеуді көргіміз келетінін айттық. Поптың пейілі түзеліп, бізді
шіркеу ішіне бастап кірді.
Шіркеудің сыйынатын, шоқындыратын негізгі бөлмесі аса үлкен емес екен. Ортасында
Мәриям мен оның қолындағы сәби Ғайса пайғамбардың бейнесі салынған үлкен икона ілініп
тұр. Қалған қабырғаларында соған ұқсас, әртүрлі діни уақиғалардың, қасиетті кісілердің
суреттері ілінген. Жан-жағымыз шытырлап жанып тұрған шамшырақтар. Шіркеудің ішінен
біртүрлі иіс шығады. Шіркеу ішіндегінің бәрі біз үшін бөтен, жат көрініске толы еді. Еңсесі
еңкіш тартқан орыс кемпірлері шоқынып, дұға оқиды. Негізгі бөлменің ішіне кіреберіс есіктен
түсетін жарық пен шамшырақтар шашқан сәулелер ғана айналасын нұрландырып тұр. Жалпы,
шіркеу іші күңгірт, сыз татиды.
Поп өзін «Федор әкей» деп таныстырды. Ең алдымен, өзінің бөлмесіне шақырып, бізге
үлкен ағаш астаудан ағаш шөмішпен араластырып, борщ құйып берді. Борщты соғып алдық.
Содан кейін бізге Ғайса пайғамбар туралы ұзақ-ұзақ әңгімелеуге көшті. Мен ішімнен Ғайсаны
аяп отырмын. Әсіресе айқышқа керілген сәтін. Шынымды айтайын, Ғайса тіріліп ертесінде
сахабаларына келгенін естіп, қатты қуанып қалдым.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, сыртқа шықсақ, дала қараңғы болып кеткен екен. Содан
асығыс-үсігіс үйге тарттық. Тілеукеш мені жол бойы боқтап келді. Абырой болғанда, әншей-
інде қаңғып кетуге бейім сиырлар күйіс қайырып, қорада жатыр екен.
Ал мен сол күні түсімде Ғайса пайғамбарды көрген едім.