А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
63
– Мәләдес!
Таң атпай оянып алдым. «Ағам тастап кете ме» деген қорқыныш ұйықтатпай қойды.
Аттарымызды ерттеп, жолға шықтық.
Арқаның аязы қатты. – 40. Демімізден бу атып қырау-қырау боп келеміз. Бірақ өкініп
келе жатқанымыз жоқ. Мен әсіресе. Алдымда көз тоятын кеңістік ашыла түсуде. Ішімде еркін-
дікке масайған мәз біреу бар. Айқайлағысы келеді! Қиқулағысы келеді оның!
Ауылдағы жылы пештің қасындағы балаларға қарағанда, менің мына жүрісім әлдеқайда
ғой, әлдеқайда! Санам сергіп, бойыма қуат құйылғандай құрыштанып алғам.
Күйкентайға жақындадық. Таудың қыстағы бейнесі тіпті ерекше екен.
– Аттардың белі шаршады, демалдырайық, – деді ағам. Аяздан қауқиып қалған мен, аттан
сырғып түстім. Шалбарым қатып қалған, жүргізбейді.
– Отын жина, от
жағып, шай ішеміз, – деді ағам.
– Қайдағы шай?
– Қазір көресің.
Маңайдағы тобылғының қалың жынысынан қоңыр бұтақтарды сырт-сырт сындырып, от
тұтаттық. Ағам бір үңгірге кіріп, кәдімгі шәугім алып шықты. Іші толған су. Мен аң-таңмын.
– Мына үңгірде өмірі қатпайтын әулие су бар. Жылқы қарайтын ағайын осы шәугіммен
шай ішіп, ішін тазалап, қайтадан үңгірге
тығып кетеді, – деді.
– Қызық екен…
Ағам қанжығаға байланған дорбадан ет алды да, кәдімгі қардың үстіне жапырақтап турай
бастады. Қарным ашқаны енді сезілді. Бір кезде төс қалтасынан сарымсақ (пияз, жуа) алып
шықты да, екіге бөлді. Бір бөлігін маған ұсынды. Тыжырынып, «жемеймін», – деп едім, –
Сарымсақ жемесең, қосқа жете алмайсың мына аязда, – деді ағам.
Деді де, екі жапырақ етке тұз сеуіп ауызына салды. Артынша дәу сарымсақтың бір бөлігін
қарш еткізіп, тістеді. Көзінен жас шыққанша шайнады дерсің.
Мен де сөйттім. Біршама уақыттан соң,
денем жіпсіп, қыза бастады. Міне, қызық.
Кеш қарайған шақта жылқылы ауылға да жеттік.
Жылқылы ауыл дейтін – елді мекен емес, жылқышылардың қосы. Нақтырақ айтқанда,
иен даланың бір нүктесінде қарайып тұрған үлкен бір темір вагон. Маңында бірнеше байлаулы
аттар тұр. Ат белінде қорбиып қырау-қырау боп келе жатқан бізді есіктің алдынан ауыздары-
нан буы шыға абалаған екі-үш төбет қарсы алды. Вагонның кішкентай терезелерінен өлімсіре-
ген шамның жарығы көрінді. Сыртта ит үргесін, вагоннан мылтық ұстаған бір кісі шықты. Бұл
біздің ауылдың бас жылқышысы – Төкіш деген ағай.
Ағам екеуі қауқылдасып амандасқан соң, сіресіп қалған қалпымызда қосқа кірдік.
Қостың іші күңгірттеу екен. Ортада жозы тұр. Жозының үстінде екі керосин шамы. Одан
шашыраған жарықтан қос ішінде жүріп, сөйлеген адамдардың жаға-жеңі ербеңдеп, қабырғасы
мен төбесінде көшкен көлеңке-бейнелері көрінеді. Соны қызықтап біраз отырдым. Ортаға
күйелеш-күйелеш дәу қара темір шәугім келді. Есімде қалғаны – қостың ішіне жылқының иісі
сіңіп қалыпты. Бір қабырғасында екі шетінен жіппен іліп қойған ағаш бар. Жіпке алып құрт-
тар сынды майлы қазылар ілініпті. Әр жердегі табақта тоңазыған дайын ет.
Қосқа кіріп, бір-екі шыны шәй ішкен соң, бойым жылып ұйықтап кеттім. Дабыр-дұбыр
әңгімеден оянсам, ағам мен бірнеше жылқышы арақ ішіп отыр екен. Жай ішіп отырған жоқ,
бірдеңеге келіспей, дауласып жатты. Бір уақытта булары бұрқырап далаға шықты, қайта кірді,
қайта шықты, қайта кірді. Әйтеуір тынышталып жатты бір кезде. Бірнеше күннен кейін ағам
екеуміз желе-жортып ауылға қайттық.
Атам айтқандай, сол сапардан мен жігіт боп оралдым. Сол сапарда мен боркемік, жыла-
уық болу ер адам үшін
ұят екенін, мін екенін түйсінген едім.