Мектебің мынау, класың… Арада бір жыл өтті. Мен жетіге толдым. Көшедегі балалар мені көрсе – құрақ ұшады.
Бәріміз мектепке барамыз деп дайындалып жүрміз. Бірақ қай мектепке баратынымыз белгісіз.
Оны үлкендер ғана біледі.
Шешем өмір бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келді. Қазақшасы кез келген
қазақтан артық. Елдің бәрі сотқа арыздану үшін, әкімшілікке хат жаздырып алу үшін шешеме
келетін. Қазақша я орысша тап-тұйнақтай етіп жазып берген ол елдің ризашылығына бөленіп
жүретін. Дүлей өгей әкеммен шешем әдеби тілде келістіріп тұрып сөйлесетін. Соған анау
боқтықты қоспай сөйлеуге тырысып, мәдениетті кісімсіп, жетісіп қалатын. Онысы тіпті күлкілі
еді. Арасы боқтықпен жалғанбаған соң, айтқан сөздері үйлесімсіз шығып, басы жоқ, аяғы жоқ
сөйлемдерді құрауға тырысатын. Болмағасын, әңгіменің аяғында басын шұлғып, қолақпан-
дай қолдарын сермеп, иығын қиқаңдатып, мыңқылдап, біресе тұрып, біресе отырып, арасында
«анау ше?!» деп қойып, ақыры ишараға көшетін байқұс. Маған бұл шешемнің оны жазалап
жатқанындай көрінетін.
Менімен анам тек орысша сөйлесетін. Сөйтсем, мені орыс мектебіне берем деп дайын-
дап жүріпті. Мен болсам, тілім мен жағыма сүйеніп, екі тілде де сайрай беремін. Алматыдағы
балабақшада тілім орысша шыққан екен. Ал үйде бәрі қазақша сөйлейді. Сондықтан мен мек-
тепке бармай тұрып, екі тілді бала болып өстім.
Бірінші класс. Үржардың дәл ортасында С.Киров атындағы ескі мектеп бар. Бүгін ол
Ілияс (Жансүгіров) шайырдың атында. Сол мектептің табалдырығынан Аркадий деген немістің
бір баласымен қол ұстасып аттаған едім. Аркадий екеуіміз бір партада үш жыл отырдық. Кейін
ол сыныптасым үй ішімен Германияға көшіп кетті.
Сықырлауық парталарымыз жылда сыр жұтып тұрғаннан болса керек, бояуының арқа-
сында қалыңдай беретін. Бұрынырақ төселген ағаш едендері де сықыр-сықыр етеді. Қаламсап,
қарындаштарымызды «ұрлаған» тақтайларының арасы сай-сай болып ашылып кеткен.
Мектептегі өмір маған үйдегі тіршіліктен қымбат еді. Елдің балалары соңғы сабақтан
соң үйіне қашса, мен мектептің кәнігі қарауылы секілді, айналсоқтап кетпей жүретінмін. Үйге
барсаң, қара кемпір беретін суып қалған макарон жейсің, одан кейін қара озбырдан таяқ жей-
сің. Еш өзгермейтін күнделікті тіршілік. Қарын ашқан соң еріксіз портфеліңді сүйретіп үйге
қарай аяңдайсың.
Үйде сабақ оқу деген бір қасірет. Кітап ұстаған қолдарыңды иығыңмен қоса жұлып алар-
дай боп қара дәу өңмеңдеп жетіп келеді. «Немене, оқымысты болып, менен, менің інілерім-
нен керемет болып кетем деймісің, қу жетім, айда кет, бұзауға бар!» – деп, түйгіштеп-түйгіш-
теп жіберетін. Өзі кітап атаулыдан қарадай қорқатын. Шешемнің жинаған кітаптарына қарап
тұрып, «ішінде бір де бір сурет жоқ, несіне мынау қалың қағазға шұқшияды-ей осы жұрт?» –
деп таңқалып жүретін. Бірақ дүмбілез, қараңғы адамның ішіндегі Тәңіри рух бәрібір сол кітап-
тарда ғаламат күш бар екенін сездіретін сияқты көрінетін маған. Әйтсе де, ол шешемнің кітап-
тары мен шешемнен туған маған өш болды. Менің кітапқа әуестігімді ол білетін. Сондықтан
төр үйдегі мұқабалары әдемі кітаптарға жолатпауға тырысатын. Мен болсам, төр үйдің төрін-
дегі кітаптарды оқуға әлі даяр емес екенімді білетінмін. Бұл жағдай Қалаңның қаперіне де
кіріп шықпайды.