Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет9/30
Дата22.07.2023
өлшемі2,2 Mb.
#104632
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   30
Байланысты:
Elgezek A. Bolmag An Balalyik Shak.a4

 
Жылқыауылдағы төбелес
 
Келесі жылы жазда Алматыдан Қалаңның боқ қарын екі інісі келді. Біреуі менен бір жас,
екіншісі екі жас үлкен. Қалаң жазда бізді Тарбағатайдың бөктеріндегі жылқышылар ауылына
алып кететін болды. Аса барғым жоқ еді, болмады. Шешем бетіме қарап-қарап күрсіне жолға
жинап жатты. Арасында «сен ақылды баласың ғой, ағаңды тында, ана екеуіне тиіспе», – деп
қояды. Мен танауымнан сыртқа тепкен жылтты тартып-тартып қойып, «мама, саспа, мен Рэм-
бомын ғой», – деп күлдіріп қоям. Ол маған «мүмкін Брюс Ли боларсың», – деп қояды. Бұл
екеуміздің бір-бірімізді жұбатқан түріміз.
Күні бойы Қалаңның бырылдақ мәшинесімен тоңқаң-тоңқаң етіп, алагеуімде жылқылы
ауылға да жеттік. Кешке Тарбағатай тауы бөлек бір тылсымға ие боп тұрады екен. Құдды менің
әкем сияқты. Маған биіктен қарап, «балам, жасыма!» дейтін секілді. Мен тауға қарап кемсең-
дей бердім…
Ертеңінде Қалаң қоста тұяқ серіппей ұйықтап жатқан ана екеуін оятпай, мені жұлқылап
тұрғызып алды. Қыстағы болған оқиғаны сұрады. «Ешкім білмей ме?» – деп. Мен «сіз нені
айтып тұрсыз?» – деп, түсінбегенсідім. Бұл қылығым Қалекеңе ұнаған болуы керек, желкем-
нен тартып, құшақтағансыды.
Әлгі екі қалалықтың бірінің аты – Асыл, екіншісінің аты – Еркін. Екеуінің де атына
заты сай емес. Асыл дегені қара домалақ бірдеме. Еркін дегені қараптан-қарап қорқып, зар-
лай беретін бір сүмелек. Жылқы малынан зәредей қорқады. Қарадомалақ Асылы тамақсау
екен. Алдына не әкелсең, соны сыпырып соға беретін қара местің нақ өзі. Сондықтан болар
семіз. Еркіні кішкене әлжуаздау. Бірақ екеуінің де менен жасы үлкен. Оған қоса Қалаң сияқты
қорғандары тағы бар. Менің бар сиынарым – жалғыз Тарбағатай. Екеуінің үстінде адам қара-
удан жалықпайтын әдемі киім: екеуі де әдемі «адидас» киген. Бастарында – бейсболка. Мен
үшін бұл киімдер қол жетпес қиял. Аяқтарында – менің аппақ арманымнан аумай қалған крос-
совки. Қолдарында – электрондық сағат. Жақындап барып, бала болып шүйіркелесейін десем,
итеріп жібереді. Менің бар ойым қалай да ана сағатты жақыннан көру. Үржардың әмбебап
дүкеніндегі сағаттар мыналар тағып жүрген сағатқа қарағанда дамымай қалған ежелгі уақыт
өлшегіш сияқты. Мыналардікі сұмдық енді. Жыбырлаған цифрлар. Ары-бері жүгіріп жүрген
қара жолдар. Бірдеңесін басса, пиқ-пиқ етеді. Арасында құлағыңды аймалайтын әдемі әуен
ойнай ма, Құдай-ау! Бауы да тамаша. Екеуінің сағаты да, тағаты да әр түрлі. Біреуі асқа сон-
дай шыдамсыз жатып-ішер бәле. Екіншісі – ойынқұмар cужүрек. Оның ойыны мен үшін қыз-
текенің ойыны сияқты. Өзі, өле алмай жүріп, өте қауіпсіз ойындарды ойнайды. Добы бар.
Сол қызыл-ала допты ақырын ғана, жәймен тебеді де, билегендей жүгіріп барып қуып жетеді.
Сосын добын қосқа қарай тебеді, бұратылып. Құдды аштан тірілген аруақ бейне секілді. Қарап
отырып ішің пыспақ түгілі, зығырданың қайнайды екен. Қалталары толған сағыз. Ауыздарынан
көпіршітіп, шар шығарады. Иісі де сондай тәтті. Маған бірақ бермейді. Бірінің бейсболкасы-
нының маңдайында ағылшынша жеті әріптен тұратын жазу бар. Мен ағылшынша білмеймін.
Сондықтан ол жерге ойымша «Сұмырай» деген жазу жазып қойдым. Екіншісінің маңдайында
ирелеңдеп жатқан жыланның суреті бар. Еркіннің аты көп ойландырмай табылды.
Мен қостың отымен кіріп, күлімен шығам. Жақын арадағы бұлақтан су тасимын. Сұмы-
рай мен Жыланға шәй қайнатам. Олар менің қожайындарым секілді. Басында менің жырым-
жырым денемнен қорқып жүрді ме, көп басына алған жоқ. Еті мен көзі үйреніп алған соң,
басынуды бастады, пәтшағарлар. Әлгі сүмелек доп тебеді, мен оны кері қайтарам. Ауылда
алысып-жұлысып футбол үйреніп қалған маған мынау бір ерсі көрінді. Қатты тепсем, «не
надо», – деп қояды. Жәйлап тебемін. Соның өзінен доп «қысыр Жыланның» қасынан оқша
зулап өте шығады. Доптың өзі жалығып кеткен сияқты көрінеді маған. Күнде осы. Екіншісіне
сағат сайын тамақ жылыту керек екен. Жегені қайда кетіп жатыр – мен үшін беймәлім. Біре-


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
26
уінің добын сайға теуіп, көзін құртайын, екіншісінің жегенін желкесінен шығарайын десем,
бізге қарап шылымын будақтатып отырған Қалаң менің бар қимылымды жіті бақылауда. Осы-
лай жүріп, үш күн өтті. Мыналардың өмірі түк өзгерер емес. Жылқылы ауылда жүрміз-ау,
табиғатты тамашалайық-ау, осқырынып тұрған айғырларға мініп, даланы басымызға көтеріп,
айқайлап шабайық-ау, қой бүлдірген терейік-ау, тауға шығып өрмелейік-ау, тым құрығанда,
допты қаттырақ тебейік-ау да демейді ғой. Қалай келді, солай жүр.
Қалаң менің оларды менсінбей жүргенімді байқады. Намыстанды. Олар – інісінің бала-
лары. Мен қайдағы біреудің жетімегімін. Төртінші күні, екеуін шақырып алып, кеңес құрды.
Мен олардың жиналыстарын бұлаққа суға кетіп бара жатқанда байқап қойғам. Не болса да
көрейік! Ішім әбден пысты. Оның үстіне, мен қызмет қылатындай, не олар ханның балалары
ма екен, түге! Келсем, Қалаң ана екеуінің маған жабылатынын, кім жеңсе соған бір сом ақша
беретінін хабарлады. Мен Үржардан шықпай жатып білгем оны. Жабылатынын, әрине. Ақша
дегенді білмей қалайын. Құдайым берді деген осы, міне!
Міне, біреу тырсылдап алдымда секіріп жүр, екіншісі артымда мың бұралып, сымдай
қолдарын жұдырықтап түйіп ап, майысып жүр. Бірінші боп шабуылды мен бастадым. Тұратын
несі бар екен! Өлгенде көрген бір төбелес дегендей, әлгі секең-секең етіп тұрған мешкейдің
қоңқақ мұрнынан тоңқ еткізіп періп қалдым. Қан фонтанша атқылады. Өзі есеңгіреп, баудай
түсті. Екіншісі, бүрге талаған мысықтай бүрісіп қалды. Оны добын тепкендей жәйлап кеп,
мамық құйрығынан теуіп қалдым. Шыжбың ете қалды да, ирелеңдеп барып, жерге отыра кетті.
Төбелес дегеніміз осымен бітті. Қалаңда түр жоқ. Екеуін шақырып алып, желкеден алақанмен
ұрған болып, сипап қалды. Оған байқұс Жылан бажылдап қоя берді. Семізі мұрнын сүртіп,
пысылдай береді. Оның көзіне де баданадай боп жас іркіліп қалған. Мен ішім күлкіден жары-
лғалы тұрмын. Күлуге болмайтыны белгілі емес пе! Қалаң уәдесінде тұрды. Бір сом қалтада.
Сізге өтірік, маған шын, мес қарын – адам екен, маған кетерінде сағатын сыйлап кетті.
Ал Жылан ше? Ол мені кешірмеді. Бұл менің өзім жеткен жеңістерімнің бірі еді. Қалаңнан
жылқылы ауылда жүрген он бес күннің ішінде бірде-бір рет таяқ жегем жоқ.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
27


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет