А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
24
көрінбейтін. Ұзақ қарасам, адамның қаңқасын да көретіндеймін. Басқасын айтпай-ақ қояйын.
Бәрібір сенбейсіздер.
Содан кейін ұйқыға жатар кезде бір керемет күйге түсетін болдым. Ұйықтайын деп
көзімді жұмсам, миымның ішінде дыңылдаған-шыңылдаған дыбыс пайда болып, көз алдымда
ғаламат бір алап ашылады.
Әлгі әлем мың құбылып, біресе жасыл, біресе қызыл, біресе көк боп көз ілеспес жыл-
дамдықпен құбыла жөнеледі. Дем алысым жиілеп, бұлтты құбыр сияқты бірдеңенің ішімен
сұмдық жылдамдықпен ұшамын кеп. Анау алыстағы нүктеден бір дене маған қарай зуылдап
келе жатады. Бір заматта әлгі пішін жіңішкеріп, үзіліп кетеді. Басқа бір жіп-жіңішке дене маған
қарай ағылады да,
табан астында зорайып, зәрені алады.
Сосын демігіп, сол маңнан өтуге асығамын. Өтсем болды, ғажап бір мекенге жетем.
Аппақ нұр төгілген жазира дала. Адамға керемет еркіндік, бақыт сезімін сыйлайтын кеңістік.
Шеті де, шегі де жоқ. Кенет көз ұшында әсем таулар пайда бола бастайды. Солардың шыңда-
рына аяғым тиер-тимес ұшамын. Барлық маңнан бір ғажайып симфония ойнап тұрады. Ол
музыканың иірімдерін мен сол шақта жақсы білемін, тіпті сол тылсым әуенді өзім ойнап та
тұрған сияқтымын. Әлде сол әуеннің өзі мен секілдімін бе?!
Жер бетіндегі жануарларға ұқсамайтын мақұлықтарды көріп қаламын. Ұшып жүрген
ғажайып құстар да – басқа ғаламдікі. Көбелектің қанатын тағып ап ұшатын тағы бір тіршілік
иелері бар…
Сосын алқынып жатып, көзімді ашып жіберсем, әлгі көріністердің барлығы ізім-ғайып
жоғалады да кетеді. Сол хәл күнде қайталанатын. Кейін ержеткен шағымда үшті-күйлі
жоғалды. Керек десеңіз, сол хәлді қазір сағынамын. Мүмкін мен сол кезде әкем мен ағам, апам
кеткен дүниеге барып-қайтып жүрдім бе екен?.. Не болса да, бәрі Тәңіріме аян.
***
Апамның жетісін өткізіп, шешем екеуміз үйге қайттық. Қалаң жылыұшырай қарсы алды
мені.
Басымнан сипап, мұрнымнан шымшып қояды. Онысы түсінікті. Ешкім білмесін дегені.
Кімге айтам? Шешем
болса, жүрегі ауырады, туысқанға айтсам, төбелес шығады. Ол мені
сол үшін мерт қылуы да мүмкін. Әлгі жағдай Қалаң үшін ұмытылғанмен, менің жүрегіме
тікен болып мәңгілікке қадалып қалды.
Бұл оқиғадан кейін мен ешнәрседен қорықпайтын болдым. Тіпті алдымнан пышақ алып
жүгірсе де, өліспей беріспейтінім ақиқат еді. Көшедегі балалар мені «көпті көрген ардагер»
ретінде мойындай бастады. Қалаң қанша жасырғанымен, шағын ауыл, елдің бәрі оның мені
ұрып-соғатынын біледі. Маған солардың білгені жақсы. Тым құрығанда, балалары аяғын тар-
тып жүреді.
Сіз мына хикаятты жазып отырған пақырыңыздың көшеге шыққандағы кеудесін көр-
сеңіз! Кеудені шалқақ тастап, ақиланып, аспанға қарап жүретін едім ғой! Мен қақпадан шыға
салысымен балалар жүгіріп кеп амандасады. Паңданып тұрып, Тілеукештен басқасын тілім-
мен түйреп-түйреп мазақтап алам. Оған толық құқым бар. Екінші атаманмын. Көшедегі қара-
борбайлардың бәрін бір шыбықпен айдайтынымды Қалаң біледі. Кейде ол көшеге шығып,
шылымын шегіп отырып: «Әй, қайсың балаңды менің сары сапалағыммен жекпе-жекке шыға-
расың?» – деп көршілеріне одыраңдап қоятыны бар. Ондайда көрші қатындар «Есуас неме!
Біреудің жетім баласын төбелестіргіш қораз қылмақшы ма, жынды!» – деп тоңқылдай бастай-
тын. Оған Қалаң мәз болып қарқылдап кеп күлетін.