АЛҒЫСӨЗ Қазіргі заман талабына сай психологияның теориялық мәселелері мен қатар тәжірибелік ғылым ретінде қолданбалық маңызы артып отыр. Ұсынылып отырған оқу құралы автордың бірнеше жылдар бойы оқытушылық тәжірибесінде жинақтаған дәрістік материалдары мен тәжірибелік жұмыстарының тікелей нәтижесі болып табылады.
Психологияның қолданбалы саласындағы мемлекеттік тілдегі оқулықтардың жетіспеушілігі бұл оқу құралының қолданбалы өзектілігін арттыра түседі. Оқу құралы психология бөлімінде оқитын студенттер, магистранттар және ізденушілер мен зерттеуші психологтар үшін аса қажетті еңбек деп үміттенеміз.
«Психологиялық ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру» атты оқу құралы 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ғылыми зерттеудің ұғымдық – категориялық жүйесі: ғылыми зерттеудің әдіснамасы, қағидалары мен әдістері, теория және оның типтері, болжам және оның жіктелуі, зерттеулердің стратегиялық және эксперименттік жоспарлары, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру әдістемесі мен бағдарламасының маңызды мәселелері талқыланған.
Екінші психологиялық ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру бөлімінде; психологиялық зерттеудің түрлері мен типтері, зерттеудің негізгі ұғымдары, зерттеу кезеңдері мен жұмыс жоспарын құру, психологиялық зерттеу схемасы мен зерттеу әдістерінің жіктелуі, психологиялық өлшеу сияқты маңызды мәселелер қарастырылған.
Үшінші бөлімде зерттеудің эмпирикалық және эксперименттік әдістері: бақылау, сұрақтама, сауалнама әдісі, контент-анализ, эксперимент, социометрия әдістері қолданбалық бағытта талданған.
Төртінші бөлім психологиялық ғылыми зерттеулердің эмпирикалық мәліметтерін өңдеу мәселесіне арналған. Зерттеу мәліметтері және олардың алғашқы өңделуі, математикалық-статистикалық өңдеу, зерттеу нәтижелерінің айырмашылық дәрежесін, өзарабайланыс дәрежесін, мәндердегі жылжулардың сенімділігін бағалау анықтау әдістері, көпфункционалды статистикалық критерийлер талданып, мәліметтерді өңдеу алгоритмдері берілген.
Оқу құралының тиімділігі– психология мамандығының магистранттары мен студенттерінің дербес эмпирикалық зерттеулерінде ғана емес, сонымен қатар зерттеуші-психологтар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар, және т.б. психологияның ғылыми зерттеулер саласына қызығушылығы бар ғылыми қызметкерлердiң кеңінен пайдалануына болады.
Аталмыш оқу құралы жоғары оқу орындарындағы психология мамандығы бойынша магистранттардың негізгі оқу жоспарларына сай болашақ психологтар мен қолданбалы салада қызмет атқаратын зерттеуші - психолог мамандар үшін қажетті оқу құралы боларына сенеміз және болашақта оқу құралын жетілдіру мақсатында өзінің сыни-пікірлері мен ұсыныстары және оқу құралы туралы пікір білдірген оқырмандарға алдын-ала алғысымызды білдіреміз.