Чекетаева роза



Pdf көрінісі
бет7/62
Дата06.01.2022
өлшемі1,34 Mb.
#11715
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   62
 
 


 
11 
2   ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВТІҢ ӨМІР БЕЛЕСТЕРІ 
 
2.1 Өскен ортасы мен заманы 
Адамзаттың ары-бері тарихында қоғам өмірімен, халықпен бірге жасайтын 
тұғырлы  тұлғалар  көп  болған.  Мұның  мысал-дерегін  алыс-жақын  елдер 
тәжірибесінен,  нақтырақ  айтсақ  қазақ  топырағында  білім  беруде  жаңа 
технологиялар  мектебінің  қайнар  бастауы  болған  Құмаш  Нұрғалиев  тұлғасы 
мектеп  тарихының  биік  шоғырынан  берік  орын  алғаны  күн  өткен  сайын  көз 
көріп  келеді.  Құмаш  Нұрғалиұлының  есімі  баспасөз  бетінде  көрініп,  жұртқа 
танылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. 
Ұлы  Абайдың  «Қайғы  келсе,  қарсы  тұр,  құлай  көрме»  қағидатын  өз 
ғұмырының  бағдарламасы  санаған,  тағдыр  тәлкегіне  қасарыса  қарсы  тұрған, 
өмірден  өз  орнын  тапқан,  қаншама  шәкірттің  бағын  ашқан,  балаларын  сұңқар 
етіп баулыған, жан жарының ләззатына бөленген, ойлы, зиялы, көкірегі сәулелі, 
біреуге  жасаған  жақсылығын  міндет  етпеген  асыл  ұстаз  Құмаш  Нұрғалиұлы 
Нұрғалиев артына өшпес із, ұмытылмас өнеге қалдырды. 
Халық  мұғалімі  Қ.  Нұрғалиев  елін  өрге,  ұрпағын  төрге  сүйреген 
азаматтардың бірі еді. Халық қадір тұтқан оның тағдырына қарап таң қаласың 
да, таңданасың да. Биік мақсаттарға қол сермеген, туған жерінің игілігіне адал 
қызмет  еткен  абзал  азамат  Қ.  Нұрғалиев  1925  жылдың  29-шы  қазанында 
Шығыс  Қазақстан  облысы  бұрынғы  Марқакөл,  қазіргі  Күршім  ауданындағы 
Бұғымүйіз  қыстауында  дүниеге  келді.  Ұстаздың  туған  жері  баспасөз 
материалдарында  Марқакөлдегі  Орловка,  кейде  Сармөңке  ауылдары  деп 
көрсетіледі  [25,  86  б.].  Бірақ  Шығыс  Қазақстан  облысы  мемлекеттік 
мұрағатының  Зайсан  бөлімшесі  қорларында  кездескен  мәліметтер  және                  
Қ. Нұрғалиевтің зайыбы Қанипа Әйкенқызымен болған әңгімеден кейін Құмаш 
Нұрғалиевтің туған жері Марқакөлдегі Бұғымүйіз қыстауы екені расталды. 
Ол найманнан тарайды.
 
Құмаштың әкесі Нұрғали «ес біліп, етек жапқалы» 
елдің  қойын  баққан  момын  шаруа  (кейін  жылқышы),  қара  танып,  хат  жаза 
алмай  өтседе,  әлеуметтік  тіршілікке  алғашқылардың  бірі  болып  араласады. 
Жастайынан  тұрмыстың  ащылығы  мен  ауырлығын  көп  көрсе  де  ешқашан 
мойымаған  адам.  1917  жылғы  Ақпан  және  Қазан  төңкерістері,  екі  төңкерістің 
ызғарлы  зардабы,  1918-1920  жылдардағы  азамат  соғысы  кезінде  қолына 
мылтық  алып,  қызыл  әскер  қатарында  шайқаспаса  да,  Кеңес  өкіметі  жағын 
жақтап,  кедей  халықтың  мұн-мұқтажын  ойлап,  қиын-қыстау  кезде  халықпен 
бірге  болды.  Қызылдар  мен  ақтардың  қимылынан  алдымен  қарапайым  халық 
зардап  шекті.  Олардың  қайсысы  болса  да  малды,  ең  алдымен  аттарды  өз 
қарамағына алып, қазақтар арасында күштеп мобилизация жүргізді, ауылдарды 
және  даланы  өртке  орады.  Екі  жолдың  біреуін  тандаған  Нұрғали  1921  жылы 
большевиктер  санына  қосылып,  ауылда  Кеңес  өкіметін  орнатып,  Қызыл  Туды 
қорғасады  [45].  1920-1921  жылдардағы  алапат  аштық,  ауылды  кеңестендіру, 
байларға  шабуыл,  тәркілеу  мен  ұжымдастыру  науқандары,  алашордашыларды 
қуғындау осының барлығы өтіп жатты.
 
Сол бір жылдардың алтын күзінде озат жылқышы Нұрғалидың отбасында 
тұңғыш  нәресте  Құмаш  дүниеге  келеді.  Оның  балалық  шағы  Марқакөлдің 


 
12 
маңайындағы Ақжайлауда өтті десе де болады. Ақжайлаудың күншығыс жағы 
Құмаштың  ағайындары  бір  ел  -  Шоңмұрын-Баймырзалар.  Бұл  жердегі  оның 
аталас  туыстары  бұрынырақта  ылғи  мыңды  айдаған  ірі-ірі  байлар  Сартқожа, 
Көкенбай, Сәтбекқажы деген белгілі адамдар болған [45, 3 б.]. 
Әкесі Нұрғали мен анасы Күлдәрінің қуаныштарында шек болмады. Өздері 
жетпеген  биіктерге  ұрпағымыз  жетеді  деп  сенді.  Олар  баламыз  өзіміз  көрген 
қорлық  пен  жоқшылықты  көрмей  өседі,  мектепке  барып  оқу  оқиды,  сауатты, 
білімді азамат, мүмкін мұғалім болар деп қуанды. Оның да жөні бар еді. Азамат 
соғысынан  кейін  өмір  түзеліп,  тұрмыс  ауқаты  жөнге  келе  бастап,  ел  еңсесі 
көтерілді.  
Бірақ  азамат  соғысы  жылдарында  жаңа  мектеп  үйлерін  салуға  мүмкіндік 
болмады.  Ауыл  мектептерінің  бәрі  дерлік  күйдірілмеген  кірпіштен  салынған, 
қолайсыз,  дымқыл,  қара  көлеңке  жер  үйлерде  орналастырылған.  Қыста  жалға 
алынған  там  үйлерде  оқытып,  жазда  ауылдармен  бірге  көшіп,  бұрынғы 
әдетінше киіз үйде оқытылды. Қала мен мекен-жайларда орыс, қазақ және басқа 
ұлттардың  мектептері  бұрыннан  қалған  азын-аулақ  мектеп  үйлерінен  басқа, 
байлардан мемлекет пайдасына алынған үйлерде орналасқан. Мұның өзі мектеп 
оқуын жолға қоюға біраз септігін тигізді. Алайда, оқушы балалар саны барған 
сайын  көбейіп,  оларды  орналастыруда  қиыншылықтар  туғызды;  мысалы 
губерниялық  халық  ағарту  бөлімінің  кейбірінде  шарасыздан  жекеменшік 
үйлерге орналастырылып, сабақты екі-үш ауысыммен оқытуға мәжбүр болған. 
Ал  ауылдық  мектептердің  бәрінде  ешқандай  мектеп  мүлкі  болмаған.  Осыған 
байланысты  Қазақстанның  Орталық  Атқару  Комитеті  1921  жылғы  ақпан 
айында  өткен  өзінің  бірінші  сессиясында:  «Қазақ  мектептері  үшін  үйлер  салу 
негізгі  міндет  деп  есептелсін;  бұл  жұмыс  биылғы  жылы  қолға  алынсын»  деп 
қаулы қабылдаған [46]. Бұл қаулыдан кейін мектеп саны тез көбейе бастады. 
1924 
жылы 
қазақ 
даласында 
«Сауатсыздықты 
жою» 
қоғамы 
ұйымдастырылып,  жаппай  білім  алу  күшейе  түсті.  1931  жылдың  көктемінен 
бастап  көшпелі  аудандарда  жалпыға  бірдей  білім  беру  және  сол  жылдың 
желтоқсанынан  сауатсыз  еңбекші  халыққа  жалпыға  бірдей  міндетті  сауат  ашу 
енгізілді. Кеңес үкіметі халыққа білім беру ісіне қаржы бөлуді едәуір ұлғайтты. 
Оқушыларды  оқулықтармен,  оқу  құралдарымен,  киіммен,  көлікпен  тегін 
жабдықтау түрінде материалдық көмек көрсету көзделді, мұның кейбірі алыста 
жатқан Марқа өңіріне жетпеді. Мектеп жүйесі республика тұрғындарының көп 
ұлтты құрамына сәйкестендірілді, мектептерде оқу өз ана тілдерінде жүргізілді. 
Алайда  Қазақстандағы  мектеп  құрылысының  елеулі  қиындықтарыда  көптеп 
кездесті. 1931-1932 жылдардағы аштық салдарынан балалар саны күрт азайып, 
жетім  балалар  көбейді.  Елді  бірақ  ораған  нәубет,  ашаршылық  Марқа  өңірінде 
шарпымай  өтпеді.  Ашаршылықтан  аман  өткен,  Құмаш  та  ер  жетіп  мектеп 
жасына  келді.  Әкесі  жетектеп  жетіжылдық  мектепке  әкелді.  Жастайынан 
өмірдің  ауыр  азаптарын  тартып  үлгерген  Нұрғали  өз  баласын  және 
ағайындардың балаларын да оқуға берді. Өзі бай-кулактарға жалшы болып оқи 
алмағаннан  «енді  балаларым  оқысын,  мүмкін  мұғалім  болып  шығар»  деген 
үмітпен мектеп табалдырығын аттаты [27, 14 б.]. 


 
13 
Әкесінің бұл сөздері Қ. Нұрғалиевтің бүкіл өмір бойы жадында сақталып 
қалды. Әкенің тілегі мен арманы, жүрек қалауы тегін айтылмаған шығар. Қалай 
болса да, әкесі Нұрғалидың сөздері, мұғалім болу арманы жас ұрпақтың жүрек 
түкпірінде  мәңгі  қалды.  Сәйбек  сайындағы  мектеп  меңгерушісі,  Құмаштың 
алғашқы ұстаздарының бірі Қабдеш Әйкенов «көзінің оты бар, өжет, зерек, осы 
Нұрғалидың  баласынан  бірдеңе  шығады»  деп  Құмаштың  бойындағы  бар 
дарынды сол кезде байқай білген. Кейінен осы қөздегі от ұшқының оның өзі де 
жиі айтушы еді: «мұғалімнің көзінде от болу керек, сонда ғана ол нағыз ұстаз» 
[47]. 
Бес баланың тұңғышы болған Құмаш кішкентайынан алғыр, зерек болып, 
мектеп табалдырығынан аттағаннан бастап үздік оқыды. Ол бала кезден оқуға 
қатты құмарланып өсті. Сол зеректігін, сол үздік үлгерімін сыныптан сыныпқа 
көшкен  сайын  ерекше  көрсете  білді.  Әсіресе  тіл  сабақтарынан,  әдебиет  және 
тарих пәнінде ерекше ыждаһатпен оқып, олардан үнемі жақсы үлгерім көрсетті. 
Бұған себеп болған әкесі мен шешесі халық өлеңдерін, ертегілерін, жырларын 
жақсы  білетін.  Әке-шешесі  өте  қарапайым  адам  болған.  Сол  кезде  олардың 
ұядай үйлеріне қонақ жиі келуші еді. Олардан да қызықты ертегілер, аңыздар, 
батырлар жырын айтуларын сұрайтын. Әкесі туған жердің қасиетін, оған деген 
сүйіспеншіліктің  болуын  үнемі  қайталайтын.  Кейіннен  осы  елге,  жерге  деген 
сезім оны Ұлы Отан соғысында ерлік жасауға апарды. 
1935  жылы  отбасы  Сармөңкеге  көшіп  барады.  Баласы  Құмаштың  алғыр, 
зерек  болып  өсіп  келе  жатқаның  байқаған  әкесі  Нұрғали  оны  көрші  Катон-
Қарағай  ауданындағы  С.  Торайғыров  атындағы  Шыңғыстай  орта  мектебіне 
оқуға береді (бұл мектептің Шәңгіштай деген де аты болды) [48].  
Шыңғыстай  буырқанған  Бұқтырма  өзенінің  сол  жағалауында,  екі  жағын 
тау  жоталары  қоршаған  әсем  табиғат  аясынан  орын  тепкен  шағын  ауыл. 
Шығыстың  Швейцариясы  атанған  самалы  саумал,  суы  шипалы  Катон  жері 
ертеден-ақ  саяхатшылардың  назарына  ілігіп,  ақын-жазушылардың  шабытын 
шарықтата түскен қасиетті мекен. Осы өлкеде республикадағы ең бір байырғы 
оқу орындарының бірі Шыңғыстай мектебі болды [49]. 
Іргетасы  1907  жылы  қаланған  бұл  мектептің  негізін  есімі  алты  алашқа 
белгілі  Найман  Қаратай  елінің  болысы  Әбдікәрім  Ережепұлы  ашқан  еді. 
Кезіндегі қазақ халқының даңқты ұлы Әлихан Бөкейханов бастаған Алашорда 
үкіметін  жақтаушы  қазақтың  көрнекті  ақыны  Сұлтанмахмұт  Торайғыров  осы 
қасиетті  мектепте  1914-1915  жылдары  бала  оқытып,  ұстаздық  еткен.  Табиғат, 
сыршыл махаббат жайлы өлең дастандар жазып, халықтың мұңын жырға қосты. 
Әбдікәрім  болыстың  қызы  Бағила  сұлуға  ғашық  болды,  қолының  қысқалығы, 
мал  мен  байлық  билеген  замана  талабының  кесірінен  ол  арманына  жете 
алмады.  Ол  оқиға  кейін  «Қамар  сұлу»  поэмасы  жазылуына  арқау  болды.  Елі 
оқу-білімге  ерте  ұмтылған  Шыңғыстай  мектебінен  аты  Республикаға  белгілі 
қазақ  зиялылары  шыққан:  филология  ғыдымдарының  докторы  С. Аманжолов, 
генерал-майор  И.Д.  Копылов,  Социалистік  Еңбек  Ері  Б. Кітапбаев,  жазушы            
О. Бөкеев тағы басқалар. Сұлтанмахмұт сияқты біртуар қазақ перзенті ұстаздық 
еткен  өлкеде  Құмаш  Нұрғалиев  сынды  қайсар  тәлімгер-педагогтың  сүйген 
кәсібі үшін өмірін сарп етуі – тарихта қалатын оқиға [49, 4 б.]. 


 
14 
Ауыл  балаларына  арналған  бұл  мектептің  қасында  интернат  болды. 
Сұлтанмахмұт  Торайғыров  дәріс  берген  білім  қара  шаңырағынан  білім  нәріне 
сусындаған Қ. Нұрғалиев барлық пәндерден өте жақсы үлгеріп, саналы тәртібі 
мен сапалы білімімен көзге түскенді. Жаңа ортада, жаңа мектепте сырт көзден 
тыс  қалмай,  өзінің  биязы  мінезімен,  өжеттілігімен  жаңа  сыныптастарын  өзіне 
баурап  ала  білді.  Басқалармен  тез  тіл  табысып  өзінің  білмейтінің  үйреніп,  өз 
білгенің басқаларға үйретті. Жазушы Оралхан Бөкеев «Ғарыштарға самғаған әр 
ғарышкердің  қайта  қонар  космодромы  болады,  ол  мектеп»  деп  айтқандай  бұл 
мектеп оның өмірінің қалыптасуына көп ықпал етті [49, 4 б.]. 
Құмаштың  балалық  шағы  саяси  шиеленістер  кезімен  тұспа-тұс  келді.  Ол 
елдегі қиын жағдайға қарамастан, алғыр да зерек болып өсті. Пионер қатарында 
болу,  комсомолға  өту  Құмаштың  дүние-танымын  өзгертті,  қоғамдық 
жұмыстардың  қыры  мен  сырына  қанығуына  көп  әсер  етті.  Мектепте  өзінің 
іздемпаздығының,  еңбекқорлығының  нәтижесінде  тек  оқу  барысында  ғана 
емес,  сыныптан  тыс  жұмыстар,  қоғамдық  тапсырмалар  барысындада  көрсете 
білді.  Жылдар  өтіп  сыныптан  сыныпқа  көшкен  сайын  мұғалім  болу  арманы 
Құмаштың  жүрегінде  берік  беки  берді.  Ол  сегізінші  сыныпты  тамамдағаннан 
кейін,  педагогикалық  училищеге  оқуға  түсіп,  асыл  арманына  жетуге  асықты.          
Қ. Нұрғалиевтің жары Қанипа Әйкенқызы өз естелігінде: «жеті жылдықты бір 
партада бірге бітірдік. Мұғалім боламыз, педучилищеге барамыз деуші едік», – 
деп  еске  алады.  Бірақ  екі  жастын  да  арманы  бірден  орындалмай,  ұзаққа 
созылып кетті. 
1937  жылғы  жаппай  қудалау,  жазықсыз  жазалау  толқыны  бұл  өңірді  де 
жайпап өтті. Құмаш Нұрғалиевтің балалық шағы осындай сүреңсіз, алмағайып 
заманды  басынан  кешіріп  отырған  ауылда  өтіп  жатты.  Жалпы  алып  қарасақ, 
оның туғаннан дүниеден өткенге дейінгі кезеңі драма мен трагедияға толы.  
«Халық  жауы»,  «Қытайдың  тыншысы»  аржақта  туыстары  бар  деген 
жаламен  елдің  бетке  ұстар  азаматтары,  соның  ішінде  Құмаш  Нұрғалиевтің  де 
туыстары  ауылмен  қош  айтысып  кете  берді.  Осындай  аласапыран  уақытта, 
Нұрғали да зобалаң құрбаны болып, қудалауға ұшырады [50]. 
Қолда бұғау, аяқта кісен, айдалып бара жатқан әкесі Нұрғалидың: «Балам, 
міне,  біз  айдалып  бара  жатырмыз.  Жоғары  үкімет  бастықтарына  арыз  бере 
алмай қалдық, егер тіл біліп арыз берген болсақ, олар кесілген уақытты азайтар 
ма еді, не болмаса әбден қысқартып босаттырар ма еді, кім білсін? Сондықтан, 
қандай  қиыншылық  көрсең  де,  аш  болсаңда,  қанша  қорлық  көрсең  де  –  оқы, 
айтатын тілегім осы. Біздің үйде шешеңнің жанында маған хат жазатын балам 
болсын!»  деп әкесінің өзге жұрт тілін білмегендіктен, сауаты болмағандықтан 
ауыр  жаза  арқалап  бара  жатқандығын  айтқанда,  Құмаш  әке  тілегін  орындауға 
уәде беріп, бұл оқиға жадында ұзақ сақтаған. Себебі найзадай түйірілген намыс 
сөзі  көкірегіне  мәңгібақи  қадалып  қалса  керек.  Оқудың  жады  пиғылын 
аңғартқан да, оқуға жетелеген де осы намыс [50, 4 б]. 
1940 жылы 55 жасында әкесі ауырып, кенет дүние салды. Артында жұбайы 
Күлдәрі,  бес  баласы  және  үш  жиені  жетім-жесір  қалды.  Анасы  Күлдәріге 
қолқанат  болу  Құмаштың  жоспарын  күрт  өзгертті.  Бес  баланың  тұңғышы 
болған  Құмаш  әкесінен  ерте  айрылған  соң  жетімдіктің  қиындығын  көп  көріп, 


 
15 
артынан  ерген  бауырлары  мен  жиендерін  асырау  үшін  он  бес  жасында 
мектептен  қол  үзді.  Әке  өлімі  Құмашқа  қатты  батты.  Оның  балалықпен 
қоштасып, өз бетімен қарекет етуіне әсер етеді. Білімнен қарайып қалмау үшін 
өз бетімен кітаптар оқып, сауатын жалғастыра берді, себебі ұлан ұлдың жүрек 
түкпірінде оқуға деген ұмтылыс, ықылас пен ынта, білімге деген махаббат пен 
әке арманы жатты. 
Тағдырдың  тауқыметінен  адам  құтылған  ба?  Ұлдың  естияры  Құмашқа 
Нұрғали  ақсақал  отбасының  ауыртпалығы  мойнына  түскен  ол  еңбекке  бар 
жігерін  салып  кірісті.  Әке  жоқтығын  бауырларына  білдірмей,  олардың 
қарындары  тоқ  болып,  мектептен  қол  үзбеулері  үшін  жанын  салды.  Туған 
інілері  Қалдыр,  Мамырбай,  Омарбай  және  жиендері  Мамырбек,  Қайникамал, 
Қабижамалды  аяғынан  тік  тұрғызу  бұған  жүктелді.  Өзінің  өмірбаянында 
жазғандай басында ұжымшарда қоймашы, кейіннен біраз уақыт ауыл дүкенінде 
сатушы болып жұмыс істеді [48]. 
Он  бес  жасында  ауыл  Кеңесінің  хатшысы  қызметін  істей  бастады. 
Құрбылары мектепте сабақ оқып, бос уақыттарында доп қуып жүрген кезде ол 
еңбектің  ауырпалығының  дәмін  татып,  жас  маман  бола  тұра,  еріңбей  қызмет 
етті. 
1940  жылы  ЛКЖО,  яғни  комсомол  қатарына  қабылданды.  Кешікпей 
ұжымшар  комсомолдары  оны  Іле  (Үшінші  бесжылдық)  ұжымшар  комсомол 
ұйымының  жетекшісі  етіп  сайлады,  1942-1943  жылдары  осы  комсомол 
ұйымының  басшысы  болды.  Өз  құрбыларынан  ерте  есейген  балаң  жігіт  міне 
алғашқы еңбек жолын осылай бастаған еді [51].  
Ауылдық Кеңес пен комсомол ұйымындағы жұмыс, кешкілікте қаралатын 
сегізінші,  тоғызыншы  сыныпқа  арналған  оқулықтарды  өз  бетімен  оқу  жас 
жігіттің  өміріне  жаңа  мазмұн  беріп,  оның  азаматтық  тұлғасының  дамып, 
қалыптасуына ықпал етті. 
Қ.  Нұрғалиевтің  өмірбаяны  соқтықпалы,  соқпақты  болып  келеді.  Ол  тек 
еңбек жолын ғана емес, сонымен қатар майдан жолын да өткен адам. 
1941  жылы  елдің  басын  қайғының  қара  бұлты  торлады.  Фашистік 
Германия КСРО атты үлкен мемлекеттің батыс шекарасына ауыз салған кезде 
кеңес халқы өз Отанын қорғады, адам баласының болашағын фашизм қаупінен 
арашалады.  
Ұлы Жеңіске 68 жыл толды. Қарулы майдан мен қаһарлы елдің ұлы мұрат 
жолындағы  бұл  жеңістің  таңын  атқызуда  азаматтарымыз  мыңдап  емес, 
миллиондап  шейт  болды.  Уақыт,  өмір,  оның  көп  жарақатын  жазғанмен, 
соғыстың арғы-бергі зардаптарында халықтың көңілінен таса, әлі де айтылмай, 
зерттелмей  келе  жатқан  жайлар  жетерлік.  Осы  жеңіске  майданға  аттанғанша 
Құмаш Нұрғалиевте біркісідей үлес қосты, атсалысты. 
1941жылы 22-ші маусымда бүкіл халықпен Құмаш Нұрғалиевте соғыстың 
басталғанын  естиді.  Өз  тілегімен  майданға  аттануға  әскери  комиссариатқа 
барады,  ондағылар  оның  өтінішін  қабылдамады.  Әлі  жассын,  майданға 
кеткендердің  орнын  басып,  аянбай  еңбек  етіңдер.  Мүмкін  сенің  жасын 
толғанша, соғыс та бітіп қалар деп шығарып салады [27, 11-12 бб.]. 


 
16 
Бірақ  сұм  соғыс  тез  біте  қоймады.  Фашистік  Германия  талай 
мемлекеттерді  жаулап  алды,  Кеңес  Одағының  батысы  түгелдей  жау  қолына 
өтіп жатты. Әскер де, халықта ғажайып ерлік пен батырлықтың, Отанға деген 
ұлы  махаббат  сүйіспеншіліктің,  патриотизмнің  биік  үлгісін  көрсетті.  Сол  бір 
қиын  жылдарда  әрбір  азаматтың  ой-ниеті  майданға  қолдан  келгенше 
көмектесіп, қайткенде де жауды тез жеңуге бағытталды. Елдің қорғаныс қуатын 
нығайтып,  әскери  экономикаға  зор  үлес  қосқан  Шығыс  Қазақстан  облысы 
бойынша Марқакөлдік еңбекшілері соғыс жылдарында жүргізілген мемлекеттік 
заем  бойынша  көп  қаражат  берді.  Соғыс  заемдарын  тарату  жөнінде 
Қазақстанның  Шығыс  өңірі  тыл  аймақтарының  алдыңғы  орындардың  бірінде 
болды. Қызыл әскерге жылы киім, майданға сыйлықтар жинап жөнелтілді. Отан 
қорғау  қорына  арнайы  есеп  ашылғаннан  кейін  мемлекеттік  банк  бөлімшелері 
еңбекшілердің  жеке  өз  қаражатынан  берген  ақшалай  көмегін  қабылдап  ала 
бастады [52]. 
Осындай  ұйымдастырылып  жатқан  іс-шаралардың  алдынғы  қатарында 
аудан  бойынша  Іле  колхозының  комсомол  ұйымының  жетекшісі,  ауылдық 
Кеңестің хатшысы Құмаш Нұрғалиев жүрді [53]. Бұл істерге аудан басшылығы 
мен бірге бүкіл халықты, жастар мен оқушыларды, қарттарды да жұмылдыруға 
ат  салысты.  Оқушылардың  масақ  теріп,  металл  сынықтарын  жинауына 
көмектесіп,  олардың  тапқан  ақшасы  «Қазақстан  пионері»,  «Қазақстан 
комсомолы»  қорына  аударылды.  Халықтың  майданмен  тікелей  қарым-
қатынасын,  олардың  жауынгерлерге  арнап  жіберген  сәлемдемелерінен  көруге 
болады.  Еңбекшілердің  майданға  жолдаған  сәлемдемесін  қабылдап  алу, 
жөнелту  жұмысын  жолға  қоюда  арнаулы  шаралар  іске  асырылды.  Осындай 
шараларға жаста болса Құмаш майданға аттанғанға дейін қатысып жүрді [54]. 
Шығыс  Қазақстандықтардың  ҰОС  жылдарындағы  рөлі  жөнінде                
А.В. Потаповтың  «Гвардейцы  фронта  и  тыла»  деген  еңбегінде  жақсы 
көрсетілген. Әрбір Шығыс Қазақстандықтың майдан мен тылдағы ерлігі, еңбегі 
Ұлы Жеңісті жақындата түскенін мақтан етеміз [58]. 
Соғыс  3  жыл,  10  ай,  17  күнге  созылған  адамзат  тарихындағы  талай  адам 
баласын жылатқан сұрапыл  соғыс,  сұм  соғыс  бұл  отбасын  да  айналып өтпеді. 
Баспасөз  беттерінде  және  ол  жөніндегі  жалғыз  ғылыми  жұмыс                                   
Б. Кульчимбаеваның зерттеулерінде Қ. Нұрғалиевтің соғысқа аттанған кезі 1943 
жылдың  күзі  (қыркүйек),  әскерге  шақырылған  жері  Сармөңке  деп  көрсетіледі 
[35,  19  б].  Мұрағат  деректеріне  сүйенсек  он  жетіден  асқан  Құмаш  Нұрғалиев 
1943  жылы  26  мамырда  өз  еркімен  Бұғымүйіз  ауылынан  әскер  қатарына 
шақырылып, 1943 жылдың 1-маусымында капитан М. Астаховтың бұйрығымен 
Зайсан аудандық әскери комиссариаты арқылы су жолы арқылы қасындағы бес 
жігітпен Отан қорғауға аттанды [59]. Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік 
мұрағатының  Зайсан  бөлімшесіндегі  284-қор,  1-тізбе,  24-істің  144  бетіндегі 
сарғайған  газет  бетіне  жазылан  әскери  комиссариатың  бұйрығында  нақты 
уақыты 1943 жыл 1 маусым деп көрсетілген [59, 144 п.]. 
Құмаш бірден соғысқа қатысқан жоқ. 1943 жылы әскерге атанғаннан 1944 
жылдың  мамырына  дейін  әскери  қызметін  Қиыр  Шығыс  пен  Оралда 
жалғастырды.  Кіші  командирлер  даярлайтын  курста  оқыды,  бұдан  оның  ой 


 
17 
өрісі кеңейіп, саяси санасы тереңдей түсті. Осы уақыттың ішінде Құмаш әскери 
өнердің  көп  әдіс-тәсілдерін  үйреніп,  қыры  мен  сырына  қанықты.  Ол  курсты 
бітіріп,  кіші  сержант  атағын  алды.  Жауынгерлер  тәрбиелейтін  кіші  командир 
болды. 
1944  жылдың  мамырынан  29  қазанға  дейін  Кеңес  Одағының  батыры             
А. Матросов  атындағы  атқыштар полкінде  Отан  қорғады  [12, 4  б.].  Отты  қара 
көздерінен  Отанға  деген  жалын  оты  ұшқындаған  қара  торы  қазақ  жігіті  аты 
аңызға  айналған  Александр  Матросов  ерлік  көрсеткен  254-ші  гвардиялық 
атқыштар  полкінде  Великая  Луки  түбінде  алғаш  қан  майданға  кірді.  Жас 
жауынгерлер күннен күнге отқа салған болаттай шындала түсті.  
Қ.  Нұрғалиев  майданның  алғы  шебінде  жүріп,  өзінің  патриоттық 
тәрбиесімен  Ұлы  Жеңіске  өз  үлесін  қосты.  Қасындағы  жауынгерлерді 
рухтандыру  үшін,  ұлттық  тарихтан  батырларымызды,  олардың  ерлік  істерін 
үнемі  мақтанышпен  айтып  отыратын.  Оның  соғыс  даласынан  анасына, 
бауырларына,  сүйіктісіне  жазған  хаттары  сақталған.  Бұл  хаттардан  соғыстағы 
ерліктер туралы мол дерек алуға болады [48]. 
Генерал  Казаков  басқарған  дивизия  Кеңестік  Латвияны  жаудан  тазартуға 
кірісті, кіші сержант Құмаш та осы қызыл әскер қатарында неміс-фашистерден 
Резекне,  Мадона,  Рига  қалаларын  азат  етуге  қатысты,  талай  қанды  ұрыстарда 
шайқасты [60]. 
Өмір мен өлім арпалысқан кезде келер ұрпақтың бақытты өмірі үшін әрбір 
соғысқа  қатысқан  қазақтың  ұл-қыздарына  жан  аямай  өзінің    ерлігін  таныта 
білді.  Есімдері  бүгінде  алтын  әріппен  жазылатын  бұлардың  қатарында  кіші 
сержант  Құмаш  та  болды.  Ия,  ол  жеңіспен  оралды,  бірақ  ол  оған  қандай 
азаппен келді [37, 235 б.]. 
1944  жылдың  күзінде  Риганы  азат  етудегі  Ауце  қалашығы  үшін  болған 
шайқаста  Құмаш  Нұрғалиев  ауыр  жараланды.  29-қазан,  яғни  өзінің  19  жасқа 
толған  туған  күнінде  қазақтың  жас  жігітіне  тағдырдың  тартқан  сыйы  осылай 
болды.  Тура  туған  күні,  бұл  туралы  №3431  госпитальнің  басшысы  майор 
Иваньковтың  анықтамасынан  көре  аламыз  «...  в  боях  за  Советскую  Родину 
мл.сержант  Нургалиев  Кумаш  29.10  был  тяжело  ранен.  Диагноз:  Ампутатция 
обеих  бедр  и  левого  крецплечи».  Өмірдің  тауқыметі  мен  ауыртпашылығы 
осылай жалғаса берді [48]. 
Данышпан жазушы Мұхтар Әуезов «Ең ардақты саналатын қасиет  - Отан 
жолындағы ерлік екенін көрсетіпті. Ерлік – бірдің үлгісі емес, – дейді, – бардың 
үлгісі, осы ерлік жайшылықта күнде сыналып сарапқа түсе бермейді. Ер екені 
белгісіз  кәдімгі  көптің  бірі  боп  жүрген  адам  күндердің  бір  күніне  жетеді  де, 
қатарынан  қара  үзіп,  самғап  ұшады.  Көп  ішінен  көлбең  етеді  де,  жарқ  беріп, 
бірақ бой көтереді», – деп айтқан ерлік Қ. Нұрғалиев бойынан да табылса керек. 
Ауце қаласын босату үшін Құмаштың бөлімшесіне жота да бекініп алып, 
өлім  сеуіп,  оқ  боратып  тұрған  жау  дзотының  үнін  өшіріп,  полктің  екпіндеп 
шабуыл  жасауына  жол  ашу  бұйырылды.  Он  екі  жауынгер  қос-қостан  брон 
бұзар  граната  алып,  ымырт  үйіріле  лай  батпақты  бауырымен  сүзе,  бар  күшті  
қос  шынтақтың  қырына  түсіріп,  сүйретіліп  жылжып  кетті.  «Батырлық  та 
ақылмен жасалады дұшпаннан айлаң асып түссін, күш пен әдіс, батырлық пен 


 
18 
ақыл  ұштасқанда  ғана  жауды  жеңесің»,  –  деген  қарт  солдаттың  ақылды  сөзін 
көкейіне  тоқып,  жадында  сақтады  [61].  Ол  арттағы  жолдастарына  бұйрықтың 
орындалғаның  хабарлап  белгі  беру  үшін,  шалқасынан  аунап  түсті  де,  берзент 
белбеуіне байланған ракета атқыш пистолетті алып аспанға атып жіберді. Енді 
фашистер  оғы  сол  маңайды  тінткілей  оқ  боранның  астына  алады.  Ақыры  жау 
оғы Құмашты тапты да, дәл жанынан жарылған снаряд жарықшағы қара санды 
қақырата  қақ  бөлді.  Ол  ауыр  жараланғанын  сезеді.  Көзі  мұнартып,  басы 
айналып  бара  жатты.  Бар  күшін  бойына  жинап,  сол  аяғының  өкшесін  жерге 
тіреп,  жан  дәрмен  жаңағы  снаряд  қопарған  орға  қарай  ұмтылды.  Үлгермеді, 
енді  қайта  бораған оқ  қас пен көздің ортасында қалған  жалғыз  аяқ  пен  қолды 
тағы  қырқып  түсті.  Сол  сәтте  уралаған  қаһарлы  дауыстарды  құлағы  шалып, 
басы  айналып  құлап  түсті.  Тағы  бірде  есін  жинағанда  өзін  шинельге  салып 
көтеріп келе жатқан қарулас достарын көрді. Өліммен бетпе-бет қардай бораған 
оттың  ортасынан  аяқ-қолдан  айрылған  ол  өзінің  тірі  екенін  сезінді. 
Майдандастары  оны  дала  госпитальне  жеткізді.  Жансыз  сұлық,  көзі  жұмулы, 
кірпік қақпай жатқан одан үміт үзіп өлілердің қасына салған екен. 
Ол өлген жоқ. Бұл ғажапты жасағандар хирургтар Молоденков, Каверина, 
Зайцев,  медбикелер  Шевелева,  Великанова,  Солодкина,  Ракова  сынды  ақ 
халатты абзал жандар өздерінің бірнеше литр қандарын берді. Дәрігерлер мен 
медбикелер оның өмірі үшін аянбай күресті [62]. 
Алғаш есін жиғанда ол сөйлейтіндей халде болған жоқ. Жан азабы мен, тән 
азабынан қиналған кіші сержант көзі түскен жерге қадала қарайды, тісін қайрай 
береді.  Денесінің,  бүкіл  қалған  тәнінің  ауырғаның,  әкетіп  бара  жатқан 
қиналысын  ешкімге  білдірмеуге  тырысқанмен  оның  көз  жанарынан  байқауға 
болар еді. Дивизия командирінің өзі келіп, қазақтың кіші сержанты Құмаштың 
кеудесіне жауынгерлік «Қызыл Ту» орденін қадаған еді [29, 43 б.]. 
Дәрігерлерге  өзіне  ота  жасардың  алдында  айтқан  сөздері  есіне  түсті: 
«Доктор менің өмірімді қорғап қалыңызшы!», – деп өтінді. Дәрігердің «өмірде 
не  істемекшісің?»,  –  деген  сұрағына  «Мен  әлі  есепші  болып  жұмыс  істей 
аламын», – деген еді [53, 48 б.]. 
Бұл  жөнінде  Қ.  Нұрғалиев  жараланған  кезде  қасында  болған  медбике 
Мария  Васильевна  Ракованың  дәрігер  Александр  Михайлович  Молоденковқа 
жазған хатынан да көруге болады. Онда Ұлы Отан соғысы кезінде медперсонал 
қандай  қиындықтарды  бастан  кешіргенін  сипатталады.  Жауынгердің  қазақ 
екендігі, ол наркоз бере бастағанда жаралының «Доктор менің өмірімді қорғап 
қалыңызшы!»  дегені  және  Құмаш  Нұрғалиевтің  тірі  қалғанын,  екі  аяқсыз,  бір 
қолмен Қазақстанда өмір сүріп жатқанын жазады. Ол жай ғана өмір сүріп емес, 
ол өмірді қайта құрып, өзі сүйген ұстаздықтың тасын біртіндеп қалап қажымай 
асқан төзімділікпен жеңіске жетті. Бұл оның бейбіт өмірдегі ерлігі емес пе деп 
хатын  қорытындылайды  [28,  79  б.].  Бұдан  өмір  үшін  отқа  түсіп  күресе  білген         
Қ. Нұрғалиевтің өмірді сүйе білгенін көруге болады. 
Күздің  қысқа  ұласқан  шағында  суық  госпиталь  шатырында  жатып 
болашаққа  көз  жүгіртетін.  Бұрын  басынан  ауырлықты  өткізбеген  адам, 
адамзатқа  төнген  жан  азабының  не  екенін  сезіне  алмайды.  Ал,  Құмаш  өзінің 
тірі  қалуын  ғана  ойлап  қойған  жоқ,  сонымен  қатар,  жансыз  аяқтары  мен  тік 


 
19 
тұрып  барынша  сау  адамша  өмір  сүруді  қалады.  Ол  үшін  басқа  да 
қажеттіліктермен  бірге,  басқа  мінезділік  таныту  қажет  болды.  Басында 
жараларынан  қаны  тиылмады,  мезгіл-мезгіл  талып  қалды,  соның  өзінде  өзін 
Мәскеуге  жеткізуін  талап  етті.  Бірақ  дәрігерлер  Ташкенттегі  госпитальге 
жіберуге  бұйрық  шығарып  қояды,  қоймай  жүріп  Мәскеуге  рұқсат  алады. 
Қашыққа  ұшуға  оның  денсаулығы  жарайтындығы  туралы  жауапкершілікті  өз 
мойнына алып, жазбаша қол хат береді [61, 87 б.]. 
Көп ұзамай 1944 жылы желтоқсанда жаралының тілегі қабыл болып, дала 
госпитальнен  оны  зембілге  салып  «ЛИ-2»  санитарлық  ұшағымен  Мәскеудегі 
әскери  госпитальге  жеткізді.  Ол  кезде  Мәскеудегі  №  3431  әскери  госпиталь 
Радио  көшесіндегі  №  10-а  үйінде  орналасқан.  Кейіннен  онда  Н.К.  Крупская 
атындағы  педагогикалық  институт  орналасқан.  Құмаш  сол  госпитальдың  аса 
ауыр жарақаттанғандар бөлмесіне орналастырылды. Онда астананың ең білгір, 
ең тәжірибелі дәрігерлері жас қазақ жауынгерінің өмірін сақтап қалуға қолдан 
келгеннің  бәрін  жасады.  Оларға  Қ.  Нұрғалиевтің  өзі  де  көмектесті.  Ерен 
шыдамдылығымен, қайтпас қайсарлығымен өлімді жеңуге берік бел байлап, 12 
күрделі  оталарға  төтеп  берді.  Госпитальда  ол  үшін  «атпайтын  таң,  батпайтын 
күн» тура екі жылға созылды. Оны талай ойлар мазалап, қажай берді. Бұл ойлар 
әуелде көңілсіз, еңсені түсіріп, жан дүниені қажытатын ойлар еді. Шынында да, 
ендігі болашақ қандай болмақ? Қатардан қалмау, өмірден лайықты орнын табу, 
тіпті,  өмірдің  өзін  дұрыс  сүре  білу,  жар  табу,  бала  сүю  үшін  не  істей  алады? 
Осы ойлардан бір арыла алмады. Үкімет далада қалдырмас, тиісті зейнетақыны 
беріп, мүгедектер үйіне орналастырар. Сонда жиырмаға келген жас жігітке бұл 
өмір  өмір  бола  ма,  одан  да  көзді  жұмудың  өзі  артық  емес  пе?  Біреуге  масыл 
болғанша. Жоқ олай болмас. Әйтсе де осынау қара түнек ойларға қарсы кейде, 
бұлт  арасынан  көрінген  күн  сәулесіндей,  оның  көкірегінде  жарқын  ойлар  да 
жарқ ететін. Алдымен, қайғы қасіреттің қаншалықты ауыртпалығын түсініп, өз 
еркінді  осыған  қоя  білуің  керек.  Қайғыңның  өршуіне  жол  бермей,  болашаққа 
деген  берік  сенімнен  айрылмау  қажет.  Ел-жұрт,  туған-туыс,  жора-жолдастар, 
әсіресе екі көзінен жас ағып, батысқа қарап қан жылап отырған қам көңіл ана, 
абзал  ана  күтуде.  Соларға  сен,  соларды  тірек  ет.  Егер  маңдайына  жазған 
тағдырдың  тауқыметі  осы  болса,  оған  қол  көтеріп,  беріле  салудың  жөні  жоқ. 
Сұрапыл  соғыста  қан  кешіп  жүріп,  мойымағанда,  енді  неге  діңкен  құриды. 
Сабыр  ет,  кеудемде  жан,  иығымда  бас  барда  мен  де  бір  қажетке  жарап 
қалармын  деген  осындай  қайрат-жігерге  толы  өршіл  ойлар  ақыры  жеңіп 
шықты.  Басында  ұжымшарға  есепші  болармын  деді,  кейіннен  ол  госпитальда 
жатып-ақ өзін болашақ мұғалім болуға даярлай бастады. 
Қ.  Нұрғалиев  басқа  да  көптеген  Отан  қорғаушылар  сияқты  госпитальда 
емделіп қана қоймай, өмірге жолдама алу үшін оқып, өзі таңдаған мамандықты 
үйренуге  ұмтылды.  Бұл  үшін  үкімет  оларға  қажетті  қамқорлықты  жасауға 
тырысты.  Госпитальда  ұзақ  емделуге  мәжбүр  болған  ауыр  жаралылар  сауыға 
бастап,  ой  және  дене  еңбегіне  жарағандардың  палаталарына  оқытушылар 
жіберілетін.  Оқытушылар  Құмаш  Нұрғалиев  сияқты  кісілерге  толық  білім 
берумен  қатар,  олардың  өзіне,  өз  күштері  мен  мүмкіндіктеріне,  тағдыр 
тауқыметі  түсірген  ауыр  сынға  төтеп  бере  алатындықтарына  сенімдерін 


 
20 
арттыра  түсті.  Әсіресе  мұғалімдер  –  Зинаида  Алексеевна  Толстикова  мен 
Наталья  Васильевна  Балдина  қазақ  жігіті  Құмаш  Нұрғалиевтің  жүрегінде 
ұмытылмас із қалдырып, шексіз алғыс сезімдерін ұялатты. Біріншісі орыс тілі 
мен әдебиетінен сабақ берсе, екіншісі тарих пен жағрафияны оқытты. Осы екі 
пәннің екеуін де ол ерекше құмарта, бар күшін сала оқып үйренді. Мұғалімдер 
берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді, диктант жаздырды, оқушының 
өз  бетімен  сабақ  әзірлеуіне  көмектесіп,  жетекшілік  етті.  Орта  мектептің 
жоғарғы  сыныптарының  оқу  жоспарында  көзделген  барлық  пәндерді  оқытты. 
Ол госпитальда болған уақытта 8-9-10 сыныптар бағдарламаларын толық өтіп, 
орта  білім  алуды  алдына  міндет  етіп  қойды.  Жасынан  білімге  құштар,  әрі 
намысқой  жігіт  құныға  оқиды,  «сыңар  қолымен  жазған  жазудың  өзінен  ақ 
қайрат-қажырдың  ізін  көргендейсің»  деп  таңданады  екен  мұғалімдер  мен 
дәрігерлер.  Дене  шынықтырудан  басқа  пәндерді  меңгерді,  кейінен  емдеу 
гимнастикасы 
әдіскерінің 
басшылығымен 
дене 
шынықтырумен 
де 
шұғылданды. 
З.А.  Толстикова  мен  әңгімесінде  қазақ  балаларына  орыс  тілін  үйрететін 
мұғалім  болғысы  келетін  ойын  білдірді.  Ұстаздың  «Сен  балаларды  оқытып, 
тәрбиелей аласың. Оған күмәніданбай-ақ қой. Тек біліміңді институтта одан әрі 
жалғастырсаң  болғаны.  Демек,  сенің  ойынды,  тілегіңді  толық  құптаймын. 
Арманың  алға  жетелей  берсін»,  – деген  осы  демеу  сөздері  шәкірттің  шешімін 
бекіте түсті [63]. 
1945 жылы мамырдың 9-да Ұлы Отан соғысы Кеңес халқының жеңісімен 
аяқталды,  сұрапыл  соғыстың  жеңісін  Қ.  Нұрғалиев  жаралы  жолдастарымен 
аурухана палатасында қарсы алды. Ұлы Отан соғысының ерлікке толы қаһарлы 
жылдары артта қалды. 
1945 жылдың жаз айында аяқсыздарға протез дайын болды. Әркімнің өзіне 
шақталған  ағаш  аяқтар.  Кейін  ол  өз  естеліктерінде:  «ағаш  аяқты  жай  киіп 
көргеннің өзінде алғашқыда қара терге түсесің. Ал протез киіп алып, тік тұрсаң 
өз салмағын қара санды бунайды, өлтіре бунайды. Оң жағымда да, сол жағымда 
да  емші  қыздар.  Мені  жасанды  аяққа  қойдырады.  Мен  біресе  оңға  құлаймын, 
біресе  солға  құлаймын.  Олар  қайта  көтереді.  Тағы  аттап,  тағы  құлаймын. 
Осылай күніне алпыс-жетпіс рет құлайтын шығармын», – деп еске алады [63]. 
Ол  қасына  келген  дәрігерлер  болсын,  кім  болсын  барлығын  өзінің 
шыдамдылығымен,  қайсарлығымен  таңқалдыратын.  Одан  ешкім  қайғының 
зарын байқап, ешқандай артық өтініш естіп көрген жоқ. Ол сондай өмір сүргісі 
келді.  Өмірдің  тауқыметін  тың,  жаңа  күштермен  жеңе  білді.  Жатпай-тұрмай 
еңбектенді,  протез  бен  балдаққа  тік  тұру  үшін  қаншама  қиналды.  Бірақ  оның 
ерік-жігері  мықты,  мүгедектер  арбасына  отырмайтындығын,  жерді  өзі  басып 
жүретіндігін  көруге  болар  еді.  «Бұл  үшін  ол  қаншама  қиналып,  өз  ерінің  өзі 
қанша тістегенің кім білер?» – деп Ю. Шапорев сүйреттейді [64]. 
Қиналған сәтте әрдайым Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» атты 
романын  парақтайтын,  екінші  өмірдегі  серігім  Павленконың  «Бақыт» 
романындағы «Тело нечто, дух все» деген нақыл сөзді үнемі қайталап, қиналған 
сәттерде  еске  алатын,  күнделігінің  бір  парағына  да  осы  сөздерді  жазып 
қалдырған [48]. 


 
21 
Кейін майталман мұғалім Құмаш Нұрғалиевті жерлестерінің біразы Кеңес 
Одағының  Батыры  Алексей  Мересьевке  теңейді.  Ол  сөздердің  жаны  да  бар. 
Себебі,  Құмаш  Нұрғалиевтің  Ұлы  Отан  соғысы  жылдарындағы  ерлік  істері 
Кеңес  Одағының  Батыры  –  атақты  ұшқыш  Алексей  Мересьевті  еске  түсіреді. 
Алексей  де  екі  аяғынан  айрылып,  госпитальде  10  ай  жатып,  ақыры  өзінің 
қайсарлығымен  протез  аяғымен  қабырғаға  сүйеніп  бір-екі  аттаудан  бастап, 
балдақсыз  жүріп,  чесотканы  билеуге  дейін  өзін  дағдыландырады.  Ақыры 
шабуылдауыш ұшағының штурвалына қайта отырып, жауға бірнеше рет соққы 
беріп, Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды [44, 9-10 бб.]. 
Тамыз айының соныңда Құмаш өзінің Төлеу деген досымен бірге Мәскеуді 
жаяу шарлап жүрді. Аяқтағы екі, қолдағы бір, барлығын қосқанда үш протезбен 
жүруді  үйренгеннен  кейін  Мәскеудің  кітапханаларына  да  барып,  өз  білімін 
жетілдірді. 
Ауруханада  8-9-10  сыныпты  экстернат  түрінде  емтихандар  тапсырып 
аяқтады.  Экстернат  –  білім  алушы  сабаққа  үнемі  қатыспай,  тиісті  білім  беру 
бағдарламаларына сәйкес оқу пәндерін өздігінен оқитын оқыту нысандарының 
бірі [65]. 
1945  жылдың  22-тамызынан  18-желтоқсанына  дейін  коммуналдық 
кәсіпорындар  бухгалтері  курсында  үздік  оқып,  1946  жылы  5-ақпанда  №  527 
куәлікті алды. Коммуналдық шаруашылықты ұйымдастыру, бухгалтерлік есеп, 
коммуналдық  кәсіпорындар  шаруашылығының  талдауы,  еңбек  және  салық 
заңдары  негіздерін  «5»,  шаруашылық  бөлу  пәнін  «4»  бітіріп,  аттестациялық 
комиссияға  экзаменді  үздік  тапсырды.  Бұл  білім  кейін  оған  директорлық 
қызметі кезінде көп көмегін тигізді. 
Ендігі оның арманы Алтайдағы Сармөңке еді (кейін ол Алтайды Кавказға 
ұқсататын) [48]. Алтай – асқақтық, Алтай – өрлік, Алтай – ен табиғаттың сән-
салтанат көші, Алтай – сағыныш, Алтай – шежіре, Алтай – махаббат. Алтайда 
тірлік ету – қияметқайым. Алтайдың қатыгездігі де дәл осы болмысында жатыр. 
Ол өз ұрпағын бесіктен белі шықпай жатып-ақ тағдырдың төсі мен балғасының 
ортан  беліне  тастайды.  Мұнан  тек  рухы  мен  төзімі,  қажыры  мен  қайраты 
шындалған, ылғи бір сайдың тасындай ұландар шығатыны да сондықтан. 
Қалихан Ысқақов: «Алтай – ұрпағына, ұрпақтары Алтайына ғашық. Мейлі 
тағдыр  жазуымен,  мейлі  қызмет  бабымен,  мейлі  тірліктегі  басқа  себеп-
салдармен әлемнің кез-келген пұшпағына қоныс аударған Алтай ұрпағы түптің-
түбінде  осы  кіндік  жұртына  айналып  соғары  сөзсіз,  сүйегімді  осыған  сүйреп 
әкеп қойындар деп аманат айтары ақиқат» деп айтқандай туған жерге ұмтылды 
[66, 111 б.]. 
Жазушы Николай Островский «Құрыш қалай шынықты» атты романында 
Павел Корчагиннің аузымен өмір туралы айтылған сөздер: «Адамға ең қымбат 
– өмір, – дейді Павел Корчагин. Ол екі айналып келмейді. Сондықтан ол өмірді 
жасай білу керек, мақсатсыз да зердесіз күндер өткізіп түбінде опық жеме, арам 
да  ұсақ  істер  істеп  кейін  өзегің  өртеніп  жүрмесін,  өмірмен  қоштасар  алдында 
мен бар тіршілік, бар қайратымды дүниедегі ең қасиетті іс – адамзатты азат ету 
күресіне жұмсадым дейтін бол. Бұл өмірде маған саптан шығып қалудан асқан 


 
22 
қорлық жоқ». Қандай мағыналы да тамаша сөздер – өмір туралы, оны өкінішсіз 
жасай білу туралы бұдан артық айта алмассын.  
КСРО  Министрлер  Кеңесінің  жанындағы  Қазақ  КСР  Министрлер 
Кеңесінің  тұрақты  өкілділігіндегі  Исағали  Шәріпов  және  Нығмет  Айтқұлов 
мүгедек  жауынгерге  қамқор  болып,  елге  қайтуға  жәрдемдесті.  Қазақ  КСР 
Министрлер  Кеңесінің  орынбасары  Н.Е.  Бабкиннің  көмегімен  1946  жылдың 
қоңыр күзінде протезбен екі балдаққа сүйеніп туған еліне оралды. 
Міне  Құмаш  Нұрғалиев  сынды  азаматтың  қалыптасуы  осылай  басталып 
еді.  Тұлғаның  қалыптасу  шегін  айқындау  мүмкін  емес,  ол  үрдіс  өмір  бойы 
жүріп жатады. Егер адам бақыты мен қоғамның мүдесі үшін белсенді әрекет ете 
бастаса,  сол  кезден  бастап  оның  тұлға  ретіндегі  әрекетінің  мәні  мен  мазмұны 
туралы айтуға болады. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   62




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет