Жасуша және ұлпалар биологиясы пәні шартты түрде 5 бөлімнен тұрады: 1. Гистологиялық және микроскопиялық техника - гистологиялық препараттарды дайындау және оларды микроскоптау әдістерін зерттейді. 2. Цитология – клетка туралы ғылым. 3. Эмбриология - жануарлар организмінің эмбрионалдық даму кезеңіндегі заңдылықтарын зерттейді. 4. Жалпы гистология – ұлпаларға тән жалпы заңдылықтар туралы ғылым. 5. Жеке гистология - жүйелер мен мүшелердің дамуын, құрылысын зерттейді.
Жасуша және ұлпалар биологиясы пәнін шартты түрде мұндай бөлімдерге бөлу, материалдарды зерттеу ыңғайлы болу үшін жасалған. Шын мәнісінде жасуша ұлпадан тыс, ұлпа мүшеден тыс, мүше ағзадан тыс тіршілік ете алмайтыны белгілі. Жасуша және ұлпалар биологиясы, эмбриология фундаментальды биологиялық пәндерге жатады және фундаментальды ғылымдар қалыпты анатомия, қалыпты физиология, биохимия, патологиялық физиологиямен тығыз байланысты. Гистологиялық техника химиялық пәндердің біліміне негізделсе, микроскопиялық техника - физиканың оптика (жарық микроскопымен микроскоптау) және элементарлық бөлшектердің физикасы (электрондық микроскоптау) тарауларының біліміне негізделген. Гистология, цитология және эмбриология морфологиялық ғылымдарға жатады.
«Жасуша және ұлпалар биологиясы» пәнінің мақсаты – жасушалар мен ұлпалардың әр түрлі құрылысы мен қызметтерін, ағза мүшелерінің құрамындағы ұлпалардың шығу тегі мен түрлерін, морфологиялық ерекшеліктерін, әр компоненттің тіршіліктегі рөлі мен маңызын, ұлпалық деңгейдегі ұйымдасуының жалпы көрінісн зерттеу.
Жасуша және ұлпалар биологиясы пәнінің міндеттері: 1. Ағзадағы жасушалардың, ұлпалардың және мүшелердің микроскоптық, ультрамикроскоптық құрылысын және гистогенез, органогенез, системогенез механизмдерін әрі қарай зерттеу. 2. Ұлпалық гомеостаз, оны реттеу механизмдерін анықтау (жүйкелік, эндокриндік, иммундық, кейлондық). 3. Сыртқы орта факторлары әсеріне жасушалардың, ұлпалардың, мүшелердің және ағзаның реакция беру заңдылықтарын зерттеу. 4. Ұлпалардың, мүшелердің физиологиялық және репаративтік қалпына келу мәселелерін жетілдіру. 5. Жасушалық детерминация мен дифференцировка механизмдерін, жасушалар мен ұлпалардың ісікке айналуындағы гистогенетикалық аспектілерін, жалпы патологиялық реакциялардың жасушалық механизмдерін зерттеу. 6. Жасушалардың, ұлпалардың және мүшелердің жасқа байланысты өзгерістерін зерттеу. 7. Адам эмбриогенезінің ерекшеліктерін зерттеу.