Орындаған: КЯ 18-1
Дадашова Зулхумор
“Көшпенділер” трилогиясындағы Бұқар бейнесі
Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі “Көшпенділер” трилогиясы еді.
“Көшпенділердің” ең алғаш жазылған бөлігі “Қаһар” 1969 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1970 жылғы, 5,6 сандарында “Хан Кене” деген атпен жарияланған.
Трилогияның бірінші кітабы болып табылатын “Алмас қылыш” романы тұңғыш рет 1971 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. 1974 жылы Москваның “Молодая гвардия” баспасынан “Загаворенный меч” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.
Тарихи трилогияның екінші бөлімі “Жанталас” романы бірінші рет 1974 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Роман орыс тілінде тұңғыш рет “Простор” журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында “Отчаяние” деген атпен басылды. Москваның “Известия” баспасынан 1974 жылы орыс тілінде шықты. Үш роман біріктіріліп “Көшпенділер” деген атпен алғаш рет 1976 жылы “Жазушы” баспасынан қазақ тілінде, Москваның “Советский писатель” баспасынан 1978 жылы, “Художественная литература” баспасынан орыс тілінде басылды.
“Қаһар” – “Көшпенділер” трилогиясының 3-ші кітабы. Автордың алғашқы кітаптан бастамай, трилогияның соңғы бөлігі “Қаһардан” бастауында мынадай себептер бар секілді. Біріншіден, суреттеліп отырған кезең біздің дәуірімізге біртабан болса да жақын, тарих тасасына дидарын жасырып үлгермеген. Екіншіден, ел ішінде ізін суытпай аңызға айналып, халық жадында жатталып, жазылып қалған тарихи оқиға мен нақты адамдар тағдыры авторды қызықтырған. Сондықтан соны жазуды діттеген. Үшіншіден, Кенесары, Наурызбай қозғалысы туралы осы ғасырдың 30-50-жылдары біршама зерттеліп, ғылымда бағасын алған еді. Сонымен қатар ол жайында жазылған еңбектерді саяси орын түгел отқа жаға алған жоқ. Яғни қолына түсіп, жинақталған материалдар жазушыны шабыттандыра түскені шындық.
Бұдан соң автор көп ұзамай трилогияның бірінші кітабы “Алмас қылышты” (1971) жарыққа шығарды. Ортадағы дәуірді орағытып оқырман көңіліндегі дүдәмал сұрақтардың жауабын беретін қазақ хандығының отау тігіп, қалыптасу кезеңін бейнелейтін дәуірді ХҮ ғасырға аттап кетуі тегін емес. Бұл орайда оқырманды эстетикалық ләззатпен еліте отырып, оларға танымдық ғибрат беру автордың негізгі ойы еді.
“Жантасал” романында “Алмас қылыш” пен “Қаһар” романдарында суреттелген тарихи кезеңді жалғастыратын аралық дәуір оқиғаларын шежіреленген. Сөйтіп, қазақ халқының бес ғасырға жуық тарихының (ХҮ-ХІХ) көркем хроникасын жасаған. Сол арқылы өзінің қаламгерлік үлкен арман-міндетін І.Есенберлин қазақ халқына өзін-өзі таныту, жас ұрпаққа өткен ата-бабалары жөнінде мағлұмат беру мақсатын орындап шықты.
Автор хандық дәуірге лайық тақ таластарын әр қырынан ала отырып, шығармасын жалаң, жасанды тап тартысына құрудан бой тартады. Керісінше, қазақ халқы өміріне тән рулық тартыстың астарларын ашуға тырысады. Есенберлин трилогиясында Асан қайғы, Бұқар, Нысанбай сияқты атақты жыраулардың, Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды тарихи тұлғалар, аттары бүкіл қазаққа мәлім билердің, ондаған өнер адамдарының жарқын бейнелері қатар түзейді.
“Алам қылыш” пен “Жанталас” негізінен “Қаһарда” суреттелген кезеңге дейінгі тарихи оқиғалар баяндалған.
Әлемді тітіреткен Дешті Қыпшақтың Әбілқайыр ханның (ХҮ ғасыр) кезінде ішкі сыртқы күштердің әсерінен әлсіреп, ыдырай бастаған кезі, оның іштей ыдырап жеке хандықтарға бөліне бастаған алмағайып шағы “Алмас қылышта” қым-қуыт оқиғалар тізбегі арқылы суреттелген. Алғаш Керей, Жәнібек хандар бас болып шаңырақ көтерген қазақ хандығы да оңай бой түзеп кете алған жоқ. Өздеріне ерген елдің іргесі бекіп, өрісі кеңеюі үшін Керей мен Жәнібек сұлтандарға талау азулы ел билеушілермен ырғасып, жаға жыртысуға тура келді. Орта Азияның ұланғайыр жерін тоқымдай тілгілеп жеке-жеке иемденген шағын хандықтармен алысу, көшпелі алтындай біресе ол жағына, біресе бұл жағына ауысқан көне қалалар мен шұрайлы жерлер елді талай сынға салып, тезден өткізді. Сондықтан да “Алмас қылыштағы” оқиғалар желісі тым қою, сюжеттік желісі шытырманды, бұралаңы көп. Алма-кезек ауысқан хан-сұлтандар, олардың арасындағы қым-қуыт соғыстар қаншама. Тарихи зерттеу, архивтік мәлімет, жазба құжат, шежірелік деректермен салыстыра қарағанда, автордың көптеген оқиғаларды іріктеп, Әбілқайыр, Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым сұлтандар айналасына топтастыра жинақтауға тырысқанын байқаймыз. Алайда, автордың деректік мағлұматтарды тым көп кірістіру мақсатынан туындаған олқылықтарды жоққа шығаруға болмайды.
“Жанталас” – Абылай кезеңіндегі қазақ хандығының Жоңғар, Орыс, Қытай елдері тарапынан үш жақтан бірдей қыспаққа алынып ел басына қысылтаяң күн туған шағындағы аса бір қиын кезеңді әңгімелейді.
Роман “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атаумен қалған ұлы қырғын – жоңғар шапқыншылығын сипаттаудан басталады. Халықтың осы азаттық үшін күресінде алғаш батырлығымен көзге түсіп, бірте-бірте көтеріліп ел көсемі болған Абылай ғұмыры халық, ел тағдырымен бірлікте баяндалады. Алайда, Абылайды идеал қаһарман ретінде көрсетуден іргесін аулақ сала отырып, жазушы ханның күрделі характерін аша отырып, халық тарихының көркем шежіресін жасауды мұрат тұтады.
«Абылайға көңіл айтып, сонау Арқадан қаздауысты Қазыбек би, Ұлы жүзден Төле би, Кіші жүзден Бала би келді. Бұл үш бидің келуі Абылайды үш жүздің елі өзіне көсем ете бастағанының белгісі еді…».
Абылайдың үш жүзге көсем санала бастау тарихын жазушы І.Есенберлин былайша сипаттайды: «Көкейкесті арманына жеткен Абылайдың көңілі ай-жай еді… Иә, Телікөлдің жағасына жиналған үш жүздің «игі жақсылары» оны «Үлкен Орда» ханы етіп-ақ киізге көтерген. Рас, бұл жиынға Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп руларының басты адамдары келмей қалды. Келмесе өзі білсін! Абылайға оның қазір қандай маңызы бар? Бүгін келмегені ертең келеді. Бүгін көнбегені, ертең көнеді».
Тыныштық пен тәуелсіздік үшін күрескен, қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат етушілер қатарында есімі эпикалық биікке көтерілген ер тұлға тумысынан билікке шығу психологиясы бірге калыптасқан, жеке басының абыройы мен мансабын қатар ойлаған жан ретінде Абылайдың пендешілік қасиеті қат-қабат өрілетін шығармадағы таным қуаты осындай. Романның әр бетінде бағдар сілтеп, ойға жетелеп отыратын таным қуаты мен тағлым мұратының сырына қанығу міндетін арқалайсыз. Батыр да атанған, ақыры хан тағына да отырған, алайда жарық дүниеден өкінішпен аттанып, өкініште қоштасып бара жатқан Абылай толғанысы ойға батырады. Расында сонау даңққа бөленген батырлықтан да, абырой-атаққа оранған басындағы бақ, астындағы хандық тақтан не қалды бүгін? Хан тағына жету үшін ұзақ та бұралаң жол басқан Абылайдың жан толқыны нені меңзейді. Осы бір сұраққа көңіл-күйі қасірет шеккен күннің бірі – бүгін жауап бергісі келген Абылай жайын аңғарасың. Ең әуелі сол хан тағы не үшін керек болды!? Өлімнен артық қасірет жоғын сезінген болмысьн көреміз. Иә, хандық құру мен мансапқорлықтан ғана туды ма сол арман?
«Жоқ, Бұқар аға, онда сен мені білмегенсің. Қолыңда күшің болмаса, кімге айтқаныңды істете аласың? Ұлы хан тағына отырсам, қазақ елін өзімнің дегеніме жеткізем деп ойлағам… Ал соңынан… Әділетті ұлы хан болсам, халық менің бұрынғы қиянаттарымды ұмытады ғой деп сенгенмін…
… Хан бар жерде қиянат болмауы мүмкін емес екен. Бірақ мен сол қиянатымды да, озбырлығымды да халқымды уысымда ұстау үшін жұмсадым, ел бірлігін күшпен сақтамақ болдым» деген Абылай толғанысы өмір сабағынан алған танымдық зердеге ұласады.
Абылай табанды күрескерлігінің, айтқанынан қайтпайтын батырлығының және халық талайы таразыға түскенде сын сағатта ешкіммен де ымыраға келмейтін қатал, қатыгездігінің арқасында қазақ елінің, жерінің бостандығын қорғап қалды. Әл үстінде ауырып жатқан, Абылай Бұқар жырауға айтқан: «…Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де, екі кеңесім бар. Бірі – қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе, солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару – жеңіл. Екінші айтарым, мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, әйтеуір, шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір бөлшек жерін бергем жоқ» деген жолдардан Левшин айтқан жоғарыдағы мінездеме сырын емес, көркем болжал арқылы өрілген жазушы түйіні мен тарихи таным сипатын көреміз. «…қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе, солардың бірлігін сақтасын» деген Абылай сөзі мен «Алмас қылышта» суреттелетін «Жалғанда не қиын – қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? Бірақ оның қандай қажеті бар? … – Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ, бұл жұрт абайлап ұстамасаң, қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы – біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз» дейтін он бесінші ғасырдағы Әбілқайыр ойының екі бөтен бағыты арқылы-ақ билік қағидасының жеке тұлғалар болмысымен тамырласып жататын сан тарау психологиялық сәтін тануға болады. Өткен тарих бейнесінен қазіргі заман келбеті көрінеді, сабақтастық сараланады, ұқсастық ұғылады. Халықты басқарудың жеңіл жолы Әбілқайыр үшін «біріне-бірін бақтырып қойып» азып-тоздыру арқылы болса, Абылай діттеген өмір сабағы бойынша «азып-тозып кетпеу үшін ел бірлігін сақтау екен».
Тек қана тарихи деректің ғана жетегінде кете бермей, жазушы аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар арқылы халық санасына орныққан Абылай тұлғасын дамыта отырып жаңа идея¬лармен ұштастыратын көркем болжал әдісін қолданған. Көркемдік болжал әдісімен І.Есенберлин тарихи фон арқылы бүгінгі күн мәселесін қозғап, идеялық мақсаттың тәлімдік, танымдық қуатын қарастырған. «…Өкінішім, – деді Абылай күрсініп. – Өз басымның өкініші … үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей Егорұлының кеңесіменен Зеренді, Шортандыны жайлаған төңірегіме егін егуді үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады» деген жолдар Абылай аузымен айтылғанмен, ол өткен дәуірден гөрі І.Есенберлин заманының келбеті екені айқын. Жазушының өзі өмір сүрген дәуірден түйген тұжырымы.
Кеңестік дәуірде жалпы көпшілік біле бермейтін көне қолжазба, тарихи дерек, Қазан төңкерісіне дейін шыққан патшалық басқару жүйесіне қызмет атқаратын мінездемелік, ақпараттық сипаты бар тарихи құжаттар мен сирек қорға айналған кітаптарды айтпағанда І.Есенберлиннің романдары дүниеге келгенге дейін халық Абылай тұлғасын әдебиет оқулықтарындағы Бұқар толғаулары арқылы ғана жақсы білетін. Тарихи тұлғасы бейнеленген жыр-дастандар «жабық қоймада» сақтаулы болды. Ал, оқулықтар мен әдеби зерттеулердің көбінесе Абылайдың көлеңкелі жақтары суреттелетін шығармалар алға тартылатын.
Өзінің тарихи романында І.Есенберлин осы архивтік материалдар мен тарихи деректердің негізінде ой қорыта отырып, жаңа идеялық мақсаттар шеңберінде Абылайдың кең ауқымда алынатын көп қырлы күрделі тұлғасын ашып берген. Қазақ әдебиетінің тарихында бар болмысымен оқшау тұратын Бұқар сияқты тұлға кеңестік дәуірдегі оқулықтарда Абылай өмірі мен тарихи келбеті туралы өз өлеңі арқылы кейінгі ұрпақ санасына жеткізген. Бұқар бейнесі де романда тарихи шындыққа негізделген көркемдік болжалмен өрнектелген. Аңыз бен тарихи дерек желісі роман сюжетінде қозғалысқа түсіп, қисынды қиюласқан, көркем шындыққа айналған. Абылайдың жастық шағының куәсі болған, өмір бойы қатар, үзеңгілес жүрген, тіпті әйгілі ханды соңғы сапарға аттандыру сәтке де тап болған Бұқар жырау тағдырын көреміз. Сол Бұқарға Абылай түс жорытады: «Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып жегелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып отыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжар ұстап мені қорғап тұр. Ал, мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға?!»
Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта жырау:
– Түс жору түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, шет кетесің, өйтсе де, жорып көрейін…
Сөйлеңіз, көмекей әулие…
– Қырыққа келмей табытта жатсаң, өмірің ұзақ екен. Басыңда жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ, хан атына ие болсаң да, елге ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа кетеді екен. Табытта жатып екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің… Ал, аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымның атын қағазда, ал, Қасымнан туған бір балаң атағын маңдайында қалдырады екен».
Бұл орайда жазушы халық әдет ғұрпындағы түс жорытуды өз мақсатына тиімді пайдаланған. Бұқар айтқан түс жору арқылы Абылай іс-әрекетіне баға беріледі, оның ұрпақтарының болашағы жайлы бүгінде шындыққа айналған болжам айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |