Өмірбаяндық деректер: Тұрысбек Әбділбайұлы, қазіргі Би Боранбай шарушылығының жерінде 1921 жылы қаңтар айында дүниеге келген. Әкесінің кәсібі ұсталық, аңшылық болған. Кейіннен «Ленин жолы» колхозында ұста болып жұмыс істеген.
Тұрысбек Әбділбайұлы 1930-1933 жылдары ауылдағы бастауыш мектептен 3 класс бітіріп, 4 класты Қызылкесік бастауыш мектебін бітірген. 1934 – 1935 оқу жылында Үржардағы педагогикалық техникумға түсіп, 1938-1939 жылдары техникумды бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1939 – 1940 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданы «Үшарал» қой совхозындағы орталау мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1940 жылы сұранып елге келіп, Қызылкесікте Киров атындағы орталау мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасып, ол мектепте бір жылдай ғана қызмет етеді. 1941 – 42 оқу жылында Үшаралға» ауысып, Молотов атындағы жеті жылдық мектепте мұғалім болып жүмыс істеп жүргенде, Отан соғысына ел қорғаушылардың бірі болып шақырылады. Семейдегі үш айлық курсты оқып сержант атағымен соғысқа аттанады. Алғашқы соғысты Кавказда қарсы алып, содан Беларусь, Польша арқылы Германияға өтіп, Берлин түбінде шайқасты аяқтаған.
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанынан бері 47 жыл уақыт өткен кезде Тұрысбек ата денсаулығы дұрыс болмай Алматы қаласындағы соғыс ардагерлеріне арналған емханаға барып емделеді. Бір күні рентгенге түсірген дәрігері шақырып алып:
- Сіз соғыста неше рет жараландыңыз, денеңізде оқтың жарқыншағы барын білесіз бе? – деп сұраған екен. Сол кезде қалжыңдап тұрған шығар деп, «екі рет жараландым, бірақ денемде оқ пен жарқыншақ болуы мүмкін емес, болса 47 жылдан бері белгісі сезілуі тиіс еді ғой» деп жауап берген екен. Ал дәрігер «Мен сізбен әзілдесіп тұрғаным жоқ. Сенбесіңіз көзіңізбен көріңіз» деп рентген қағазын ұстатыпты. Расымен де оң жақ қабырғаның жауырынмен ұштасқан жерінде қолтыққа таман қалың еттің ішінде автоматтың оғы жабысып тұрғанын көреді. Жауырын сүйектің астында екі жерде жарқыншақ сынығы және көрініп тұрғанын байқан еріксізден мойындайды.
Сол сәтте Тұрысбек ата сонау соғыс жылдарынджағы жорық жолдарын есіне түсіре бастайды. Ол кездегі бастан кешкен шытырманы көп, төрт жылдың әрбір күні мен түні қайталанып, көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, әр ұрыстың әр минуты жанталас. Өмір мен өлімнің таласы. Әр жауынгер осындай кездері жаралы болған күнін ұмыта қоймас, өйткені жара жанына батады. Госпитальда аз уақыт болса да ес жиып, өлім қаупінен құтылғандай, соғыс біткендей үміт оты көз алдыңа елестегендей сезім пайда болады.
Соғыс кезінде екі рет жараланады. 1942 жылы маусым айында қысқа мерзімді кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, сержант атағын алып, Калинин майданында танк полкінде, автоматшылар ротасында бөлімше командирі болады. Танкімен бірге шабуылға шығады. Калинин қаласының арғы жағында бір селода біздің жетекші танкімізге жау снаряді тиіп, өртенген танктен сол жолы екі қолы, бет-аузы күйіп қалады. Содан дала госпиталында бір ай ем алып, соғысқа қайта аттанады.
Бұл жолы танк полкінен адасып, 76 – артиллерия дивизиясына кезігеді. Сонда №2 зеңбіректе командир болады. 1943 жылы қыркүйекте бөлімшелерін Кавказ майданына жібереді. 1943 жылы 13 қыркүйекте Моздок қаласын жаудан азат ету шабуылында оң жақ иығынан жараланады. Бірінші дала госпиталында болып, соңынан Бакуге жіберіледі. Бакуде орын болмай Каспий теңізі арқылы Красноводскіге, одан Ашхабадқа, ақырында Алматыға келіп 1,5 ай жатып емделеді. Желтоқсан айыының бас кезінде майданға қайта жіберіледі.
Сонымен 3 - Беларусь майданына тап болып, генерал Ягодинның атты әскер дивизиясы құрамында Польша жерін басып өтіп, Берлинде жеңіс күнін тойлап, қайта поляк жерінде 1946 жылдың маусым айына дейін Тильзит қаласында тұрып елге оралады.
Тұрысбек ата осылайша соғыс кезінде жараланғанда қалған оқ пен жарқыншақ сынықтарының қалай иығында қалғанын өзі де білмеген екен. Есепсіз жарылып жататын бомбалар, снарядтар, миналардың топырағының астында талай қалғанын, солардың денеге енгенін, кішкентай жарқыншақтарды ет қызулықпен және жастығымен білмегенін еске алып, соғыстан алып қайтқан ескерткіштерім ғой деп есіне бір алған екен.
Тұрысбек атаның кеудесінде өткен күннің белгісі ретінде Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кавказды қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Германияны жеңгені үшін», тағы да басқа жауынгерлік медальдары жарқырайды.
Соғыстан кейін 1946 ж. сентябрь – 1969 ж. аралығында Ленин – жолы, Ақжайлау, М.Горький, Көкжыра, Ерназар, Сейфуллин мектептерінде мұғалім, директор, Комсомол, К.Маркс, Амангелді колхоздарында партком, председатель болып қызметтер атқарған. Еңбегінің арқасында 1952 ж. Қазақстан компартиясының VІ – съезіне делегат болып қатысқан.
Білімі жоғары, 1958 ж. Семей педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.
«Халық ағарту ісінің озығы» белгісінің иегері. Көптеген орден, медаль, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
1969 – 1982 ж.ж. – Ю.А.Гагарин мектебінде оқу ісі меңгерушісі болып қызмет атқарып, 1982 жылы сол мектептен зейнеткерлікке шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |