Дайындаған: Жетекшісі Ғылыми жетекшісі: Мазмұны


«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы



бет8/11
Дата15.03.2023
өлшемі1,37 Mb.
#74719
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
2.5 «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы
1970 жылы 22 сәуір! Бұл күн қазақ мәдениеті тарихында алтын әріптермен жазылды.Өйткені дәл осы күні Есік қорғанынан ең алғаш алтын адам табылды.Алтын адамды алғаш тапқан ғалым Кемел Ақышевтің аты да қазақ археологиясы ғылымында алтын әріптермен жазылары анық.
Қазақ археологиясы ғылымының дүниежүзілік мәні бар үлкен жетістігі –«Алтын адам» б.д.д ІҮ ғ. жәдігеріне жатады.Жаны таза,пиғылы пәк, жұлдызы жанған өршіл халықтың ешкімге ұқсамайтын дара болмысы сіңірген бедер – елтаңбамыздағы қанатты қос пырақ осы алғаш алтын адамның алтын тәжінен алынған.
Ал,екінші «Алтын адам» 1999 жылы Атырау өңіріндегі Аралтөбе қорғанынан табылды.Б.д.д. ІІІ ғ. жәдігері деп шамаланған бұл «Алтын адам» ғалымдардың айтуынша сарматтардың көсемі .Оған дәлел, көсемнің өзімен бірге жерленген болат семсер. Аралтөбеден осы «Алтын адамды» тапқан белгілі археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашев.
2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы Шілікті жазығындағы көне қорғандардың бірінен тағы бір «Алтын адам» қазылып алынды.Бұл жәдігерді тапқан археологиялық экспидицияның жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, «Үшінші алдтын адам» б.д.д. VІІІ ғ. Аяғы мен VІІ ғ. Басында өмір сүргшен сақ патшасы. Патша киімдеріне тағылған жапсырмалардың бәрі сом алтыннан құйылған әшекейлер. Олардың ең үлкені – арқар мүсіні. Тағы бір таң қаларлық жәдігер – бес жұлдыз бейнелі түйме. Міне, Қазақстан жерінен қазып алынған «алтын адамдар» саны үшке жетті.
Ал төртінші «Алтын адам» 2006 жылы Атырау облысынан табылды. Ғалым Марат Қасенов бастаған студенттерден құралған археологиялық экспедицияның бұл олжасы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық-этнографиялық орталығына қойылды.
Шұрайлы да, көрікті Жетісудың көркем де келісті бір бөлігі Есік аумағы. Әдетте, «Есік» дегенде біздің көз алдымызға төбесі көк тіреген таулар, Алатаудың көз моншағындай мөлдіреп жатқан Есік көлі мен Жасылкөл, сұлулығы көз суыратын Түрген шатқалы, жартасты жарып, таудан тулай аққан сарқырамалар келері сөзсіз. Әрине, сонымен қатар Есіктің ғана емес, байтақ Қазақ елінің атын әлемге әйгілеген, Отандық қана емес, әлемдік тарихқа жаңалық әкелген сақ ханзадасы – «Алтын адам» да ойға оралады. Жалпы, Жетісу өлкесі, соның ішінде Есік аумағы бүгінгі таңда Қазақстанда жаңа қарқын ала бастаған туризм саласының болашақ үлкен бір бұтақтарының бірі. Бұл маң тек табиғи туризмді ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени туризмді де дамытуға аса қолайлы аймақ. Көрікті мекенде көненің көзіндей болып бізге жеткен әйгілі сақ қорғандары, тарихын тасқа қашап жазған бабаларымыздың сөзіндей болып аманат қалған тас бетіндегі суреттер, түп-тұқиянымыздың келелі кеңесі мен кемеңгер шешімдері өткен қала-жұрттары мен еңселі ордаларының орындары сынды қадіріне жете білсек қаншама ұрпаққа мақтаныш болар тарихи нысандар да көптеп саналады.Сол мұраларымызды жан-жақты зерттеп, зерделеп, көпшілікке таныстыру, оларды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету, рухани байлығымыздың қадіріне жете білу үшін Елбасының қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Ежелгі сақтардың астанасы орналасқан жерден құрылған бұл мұражайдың атқаратын істері өте ауқымды. Орайы келгенде, бір жағы – тарихқа тағзым, екінші жағынан – құлақтанбаған халыққа белгілі болсын деген ниетпен ата мұрамыздың ғылыми, мәдени һәм танымдық зерттелу кезеңдері мен оны мәдени туризм мақсатында пайдалану жолындағы атқарылған жұмыстарды саты-сатысымен айта кеткен жөн болатын шығар.
15
Бірінші танымдық кезеңді (1937- 48 ж.ж.) шартты түрде «Есік обалары» деп атауға болатын сияқты. Алатаудың баурайындағы кең алқапта, негізінен Есік өзенінің батыс жағалауында тізбектеле қоныс тепкен, былайғы жұртқа жәй төбелер болып табылатын Есік обаларына белгілі ғалым А.Н. Бернштамның жетекшілігімен ҚазКСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты ұйымдастырған Жетісу археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізді.
Екінші «Есік қорымдары» (1969-85 ж.ж.) сатысы. Бұл кез әйгілі «Алтын адам» табылған, 1969-1970 жж. К. Ақышевтің жетекшілігімен жүргізілген «Жаңа құрылыс» археологиялық экспедициясының даңқты жылдары болып табылады. Бұл кезеңде Есік обаларының бұрын айтылып жүргендей Есік өзенінің батыс жағалауында ғана емес, шығыс жағалауында да бар екеніне көз жетті. Енді олардың ұзындығы бұрынғы 3 шақырымнан, 10 шақырымға, ені – 1,5 шақырымнан 3,5 шақырымға өсті. Аталмыш аумақтағы анықталған обалар саны 300-ге дейін жетті. Ал хронологиялық шегі туралы бұрынғы б.д. ХІ ғ. деген пікір б.д.д. Х-ІХ ғ.ғ. дейін шегерілді. Бұл кезеңде К.Ақышев, Ф.П. Григорьев, Б.Нұрмұханбетов сынды ғалымдардың еңбектері зор болды.
Үшінші саты (1985-2009 ж.ж.) – «Есік-Рахат археологиялық кешені» кезі. 1985-2009 ж.ж. аралығында Ә. Марғұлан атындағы Археология институты тарапынан ескерткіштердің тізімін жасау бойынша және «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы археологиялық экспедиция жұмыстары жүргізілді. Бұл экспедицияның жетекшісі – К.М. Байпақов, отряд бастығы – С.Ахатов және Б. Нұрмұханбетовтар болды. Сонымен қатар, жетекшісі – Е. Омаров, отряд бастығы – Б. Нұрмұханбетов болып табылатын «Қайнар» университетінің археологиялық экспедициясын да айта кету керек. Бұл кезеңде археологиялық ландшафттың тағы да бір тарихи жаңа қыры ашылды. Жоғарыдағы жұмыстар нәтижесінде Есік қорымдарының оңтүстік жағында, тау етегінде ежелгі елді мекендер мен қала-жұрттардың орны табылды. «Рахат, Өрікті қала-жұрттары» аталатын, сақ патшаларының ордасы болған бұл ескерткіштер бабаларымыздың отырықшы мәдениетін айғақтайтын құнды жәдігерліктер болып табылады. Осы кезеңде, 1992 жылдың тамыз айында, белгілі археолог – Бекен Нұрмұханбетов ақсақалдың айтуынша, Елбасымыздың өзі осы өңірге келген сапарында, Есік аумағын «Сақтардың астанасы» деп бағалаған екен. Елбасымыздың сол бағасы бүгінде өз маңызын арттыра түспесе, кеміген емес.
Осы игілікті істердің сәтті жалғасы ретіндегі төртінші сатыны «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының құрылуы деп атасақ болатын шығар. Бұл сатының бұрынғы ғылыми мәнділігімен қоса, енді ата мұраларымызды музейлік, мәдени және туризмдік мақсатта пайдалану бағытына түскендігімен ерекшеленеді. Еліміздің ұлттық символдарының бірі болып табылатын осынау баға жетпес бірегей тарихи-мәдени мұраларын сақтап қалу үшін Елбасының қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Ордалы жұрттың орнындағы ұлы мұраларды сақтау мен насихаттау, келер ұрпаққа жеткізу сынды аманат арқалаған мұражай 2011 жылдың 10 маусымында ресми ашылып, осы салтанат аясында М.С. Әшімбаевтың төрағалық етуімен, елімізге белгілі ғалымдар мен бірқатар елағаларының қатысуымен, «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
“Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде Есік қорық-мұражайын ашуға байланысты былтыр күзде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, “Мәдени мұра” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келіп, Алтын адам табылған өңірде отырыс өткізіп, жер жағдайын өз көзімен көріп қайтқанын біліп, шынымды айтсам, аса қатты қуандым. Бұл мәселе, меніңше, әлдеқашан көтерілуі керек еді. “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев: “Тарихи ескерткіштерді жаңғырту жұмысы ерекше ыждаһаттылықты талап етеді. Бұл – құрылыс емес, ғылыми жұмыс… Ол жұмыстардың біткеннен кейінгі тағдыры қандай болмақ? Отырар сияқты ашық аспан астында ашық-шашық тастап кетеміз бе?”, – деп, қынжыла ескерткен болатын.
16
Президенттің бұл сөзінен, жасыратыны жоқ, бұған дейін жүргізілген археологиялық жұмыстарға көңілі толмайтыны айқын аңғарылады. Алайда Елбасының сол ескертпесін қатаң басшылыққа алған-алмағанымыз әлі белгісіз. Академик Досмұхамед Кішібеков: “1969 жылы Алматы облысының Есік қаласына жақын жерден бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген “Алтын адам” табылды. Бұл, әлем ғалымдарының пікірінше, Египеттегі Тутанхамоннан кейінгі екінші үлкен ғылыми жетістікке жататын жаңалық еді”, – дейді (“ЕҚ”. 31.10.07). Бірақ, өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін сол “екінші үлкен ғылыми жаңалыққа” лайық ұлттық шара жасай алған жоқ едік. Енді, міне, “Мәдени мұраның” шарапаты бұған да тиіп, ол шара екі жыл көлемінде жүзеге асатын болып жатса және газет: “Бұл істе әрбір ұсақ-түйекке дейін мән берілуі тиіс”, – деп, қамқор болып жатса, қалай қуанбассың!
Бірақ, соның жақсы бітуін де осы бастан жан-жақты ойластырған жөн. Ол үшін ең әуелі, меніңше, Президент айтқандай, мұның “құрылыс емес, ғылыми жұмыс” екенін есте ұстау қажет. Сондықтан, қорық-мұражайды салу жұмысымен қабат оның ғылыми-зерттеу жағын да тереңдетуге тиіспіз. Сонда ғана әлемдік мәні бар тарихи мұражайымызды өзгелерге лайықты дәрежеде танытып, өз деңгейінде дәріптей аламыз. Сол іске азды-көпті көмегі тие ме деген ниетпен бірер пікір айтпақпыз.
Президент “Мәдени мұраға” қатысты Отырарды мысалға келтірсе, мен Бесшатырды мысалға келтірмекпін. Алтын адам Іленің бір жағалауынан табылса, Бесшатыр келесі жағында жатыр. Қазір ғалымдар екеуін де сақ дәуірінің ескерткіші дейді. Бесшатырда ғалым К.Ақышевтың айтуынша, 26 шаршы километр жерді алып жатқан 31 оба бар. Соның он сегізін 1957-1961 жыл аралығында ғалым Кемал Ақышев қазып, зерттеген. “Бесшатыр қабірі өз заманында ағаштан салынған күрделі құрылыстардың бірінен саналған. Ол үш бөлімнен тұрады: дәліз, ауызғы бөлме, қабір”, – дей келіп ( “Ертедегі ескерткіштер елесі”. Алматы, 1976. 31-бет)., “Бесшатыр ескерткіші Іле аңғарын мекендеген сак-тиграхаудалар тобына жататын тайпалардың қасиетті герросы болғандығына (патшалары мен көсемдерін жерлейтін арнайы орын – Б.Н.) ешқандай дау жоқ”, – деп тұжырымдайды (Сонда, 38-бет). Алайда, ол обаларда зерттейтін қазір ешқандай кейіп те, зат та жоқ, тек ашық-шашық жатқан тастар мен топырақ қана қалған. К.Ақышев айтқан 6-обаның түбіндегі “жалпы жиынтығы 55 метр” жер асты жолын қазір ешкім көрсете де, түсіндіре де алмайды, өйткені ол арада обаның өңкиген сыртқы үйіндісінен өзге ештеңе де қалмаған. Ал студент кезінде сол Бесшатыр обаларын қазуға қатысқан, кейін Есік маңынан Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұханбетовтің диплом жұмысында сол 6-обаның ішкі жағын көрсететін фотосуреттер сақталған.
Ал енді өзі көрмеген, білмеген адам обаның ішкі құрылысын дәл осындай етіп қазір қалпына келтіре ала ма? Келтірген күнде де, көне бөренелерді қайдан табады? К.Ақышев бұл обаларды б.д.д.VІІ-V ғасырдан ертеректе салынған деп ұйғарады (Сонда, 43-бет). “Сақтардың тастан, топырақтан тұрғызылған кішігірім обаларының Іле аңғарындағы толып жатқан үйсіндердің обаларынан айырмашылығы жоқ”, – деп тұжырымдайды.
Осы тұжырым адамды терең ойға қалдырады. Біріншіден, бұл екі тайпаның обаларында неге айырмашылық болмайды? Оның себебі не? Екіншіден, сонда бұл обалардың қайсысы сақтікі, қайсысы үйсіндікі екенін қалай, қандай ғылыми жолмен ажыратамыз?
Біріншіден, Қытайдың “Тарихи жазбалары” мен “Ханнамада” сақтар аз айтылады да, күндер мен үйсіндер жайы біраз баяндалады. “Ханнаманың” соңғы аудармасында: “Үйсін елі ұлы күнбидің ордасы Чекүк ( бұған дейін “Шығу”, “Чигу” деп оқитын – Б.Н.) қаласында… Шығысы Ғұнмен, солтүстік батысы Қаңлы, батысы Дад-уан (бұған дейін “Даван”, “Дауан” деп оқитын, қазіргі Перғана – Б.Н.), оңтүстігі қала-мемлекеттермен іргелес. Бұл, тегінде, сақтардың ата қонысы еді, кейін ұлы нүкістер (бұрын “ұлы йуежы”, “ұлы йозы”, “ұлы йүзі” деп оқитын – Б.Н.) сақтарды талқандап, олардың ханын қуып жіберді. Сақтардың ханы оңтүстікке кетіп, Болор тауларынан әрі асып кеткен соң, бұл жерге ұлы нүкістер орын теуіп алды. Кейін кезек айналып, Үйсіннің күнбиі ұлы нүкістерді талқандады.
17
Ұлы нүкістер батыстағы Бактрия еліне қарай жосып, Бактрия ханын бажағына айналдырды.
Сонымен, Үйсін күнбиі ол жерлерді қайта басып қалды.Үйсіндердің арасында сақтар мен ұлы нүкістердің нәсілі болатындығының себебі, міне, осы”, – делініпті (“Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері”. “Ханнама. Батыс өңір” (2) тарауы. “Өнер” баспасы, 2006. 158-бет).
Осында тағы былай делінген: “Сақтар бытыраңқы қоныстанды да, бөлшектеніп, бірнеше мемлекет болып кетті” (сонда, 152, 153-бет).
Бұл оқиғалардың орын алып отырған уақыты – біздің дәуірімізге дейінгі заман. Демек, б.д.д. екінші ғасырдан бері бұл араны үйсіндер, ал оған дейін сақтар мен йүзілер, яғни нүкістер мекендеген.
Енді одан әрі тереңдеп көрелік. Қазақтың алты Арыстан тұратын халық екенін екінің бірі біледі десек, қателеспейміз. Тек, өкініштісі, сол Арыстың не қылған Арыс екенін екінің бірі біле бермейді. Білгісі келген кісіге ол соншалық қиын да емес. Себебі, кез келген шежіреші шалдан сұрасаң, Ақарыстан анау, Жанарыстан бәленше, Бекарыстан түгенше тарайды деп заулата жөнеледі. Ал оның дұрысы Ақ Арыс, Жан Арыс, Бек Арыс екеніне соны ата-бабасынан бері айтып келе жатқан шалдардың өзі де, оны естіген біз де мән бермей қайталап келеміз. Өйткені, қазақта ежелгі тарих та, деректі тарих та жоқ, бәрі аңыз деп, аузымызды қу шөппен сүртіп үйреніп кеткеміз. Және солай деп үйреткендер де молшылық. Ал енді Арыс жөнінде тарихи деректер не дейді?
Тарихи деректер Арыстың шын мәнінде тарихи тұлға екенін толық және еш күмән қалдырмай дәлелдейді. Тек “сақ” дегенді еуропалықтардың “скиф” дейтінін, ал кей ғалымның сақ пен скифті екі басқа тайпа деп санайтынын санада ұстаған жөн.
Түркі халықтарының түпкі тарихы жазылып қалған Қытайдан басқа тағы бір ел – Грекия. Олар негізінен сақ-скифтер туралы аса мол тарихи дерек қалдырған. Ондағы алдымен жүгінетініміз – “тарихтың атасы” деп әлем таныған Геродот. Ол былай дейді: “Скифтер де басқа халықтар тәрізді жатжерлік салт-дәстүрді қабылдамауға тырысады әрі олар өзге халықтардан гөрі эллиндер дәстүрінен барынша қашқақтайды. Бұл Анахарсис пен Скил тағдырынан анық байқалады. Анахарсис көптеген елді аралап, өзінің керемет ақылдылығымен көзге түсті. Қайтар жолда ол Геллеспонт арқылы жүзіп келе жатып, Кизикке тоқтайды. Нақ осы күні кизиктіктер Құдай-Ананың құрметіне салтанатты мереке өткізіп жатқан болатын. Анахарсис әйел құдайға, егер ол үйіне аман-есен жетсе, оның құрметіне кизиктіктерден көрген діни жоралардың бәрін жасап құрбандық беретіндігін және салтанатты мереке өткізетіндігін айтып ант береді. Скифияға келген соң Анахарсис құпия түрде Гилеяға барып (бұл жер Ахиллес ат ойнату алаңында орналасқан, әрқилы ағаш түрлеріне бай қалың орманды мекен), өзі Кизикте көрген діни жора салтанатын түгел жасайды… Мұны көріп қойған бір скиф дереу Савлий патшаға жеткізді. Осы жерге келіп, Анахарсистің не істеп жүргенін көзімен көрген патша оны садақпен атып өлтірді… Анахарсис скиф патшасы Иданфирстің немере ағасы, Гнурдың ұлы, Ликтің немересі, Спаргапифтің шөбересі болған. Егерде Анахарсис шынында осы патшаның әулетінен шыққан болса, оны туған ағасының өлтіргендігін бәрі біліп қойсын. Өйткені, Иданфирс Савлийдің ұлы, ал Анахарсисті Савлий өлтірген (“Қазақ тарихынан”. Геродот. Алматы, 2004. 108-бет).
18
“Скиф немесе жат жердегі дос” атты шығармасында Лукиан былай дейді: “Скифиядан Афиныға эллин мәдениетін аңсап келген алғашқы адам Анахарсис емес, одан бұрын келген Токсарид ақылды әрі әдемілікті ұнататын, ең жақсы мінез-құлық пен әдеп-ғұрыпты үйренуге құштар жан болатын. Өз отанында Токсарид киіз қалпақты “мұрақтылар” атты патша руынан емес, қарапайым халықтан, яғни екі өгізі мен киіз үйі ғана бар адамдар қатарынан шыққан. Бұл Токсарид аяғында Скифияға қайтып орала алмай, Афиныда өлді” (“Қазақ тарихынан”. Лукиан “Таңдамалы” кітабынан. Алматы, 2004. 133-бет). Лукиан одан ары былай дейді: “Жат жерге келген әрі өзі варвар Анахарсис, әрине, алғашқы кезде ештеңеге түсінбегендіктен,.. не істерін білмеді: …өз тілін түсінетін ешкімді кездестіре алмай, енді тек Афиныны бір көріп шығып, кемеге қайта мініп, Боспорға кері жүзіп кетуге, одан әрі онша алыс емес Скифиясына, үйіне оралуға нық шешім қабылдаған болатын. Осындай жағдайда жүрген Анахарсис кенет қаланың “құмырашылар” бөлігінде, нақ бір қолтығынан демеуге келген құдайдай, осы Токсаридке тап келеді. Токсаридті ең алдымен өзінің отандық пішіміндегі киім елең еткізді; содан кейін әрине, ол Анахарсистің өзін таныды, өйткені ол текті әулеттен шыққан және атағы жер жарған скиф болатын” (сонда, 134-бет). “Токсарид Анахарсиске скифше былай деп тіл қатты:
– Жаңылмасам, сен Даукет ұлы Анахарсис боларсың?..
– Ал сен, бейтаныс жан, мені қайдан білесің?
– Мен де сол өңірден шыққанмын, – деп жауап берді ол, – менің атым Токсарид. Алайда сен танитындай текті тұқымнан емеспін.
– Неге білмеймін, мен Токсарид туралы естігенмін, – деді Анахарсис… – Ендеше, біліп қой, – деді Анахарсис, – мен сені ұстаз тұтып, сенің Грекияға деген құштарлығыңнан от алып, оны көруге құмарттым” (сонда, 135-бет).
Ал Диоген Лаэртский “Атақты философтардың өмірі, ілімдері мен нақыл сөздері туралы” кітабының “Анахарсис” деген тарауында былай депті: “Анахарсис – скиф, Гнурдың ұлы және скиф патшасы Кадуидің бауыры, анасы жағынан эллин, сондықтан екі тілді біледі. Ол скифтер мен эллиндердің қарапайым тұрмыстағы және соғыс кезіндегі салты туралы 800 жол өлең жазған. Жат жерді кезген Анахарсис скифтерге оралды, туғандарын эллинше өмір сүруге үйретпек боп,.. алайда дегеніне жете алмай, қауырсын жебеден ажал тауып, өзі өлсе де, сөзі қалды мәңгілік” (сонда,168-бет). “Кеме табанындағы тақтай қалыңдығы төрт-ақ елі екенін естігенде, ол: “Кемедегілер мен өлімнің арасы төрт-ақ елі”, – депті… Тірілер мен өлілердің қайсысы көп деген сұраққа ол: “Теңізде жүзіп жүргендерді қай жағына қосамыз?” – деп, қарсы сұрақпен жауап қайтарыпты” (сонда, 169-бет).
Геродот б.д.д. 484 жылы, яғни Анахарсистен кейін бір жарым ғасырдан соң дүниеге келген, ал Лукиан біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында, Диоген ғылымға VІІ ғасырда ғана белгілі болған адам, сондықтан олардың да жазуында азды-көпті ауытқулар болуы заңды. Мәселен, Геродот пен Диоген Анахарсисті Гнурдың ұлы десе, Лукиан Даукет ұлы дейді. Алайда, гректердің Анахарсисті соншама заман бойы бірінен кейін бірі жазып, айтып, үлгі етіп құрметтеп келгеніне таң қаласың.
Геродот айтып отырған Геллеспонт қазіргі Дарданел бұғазы, Кизик сол теңіз жағасындағы қала, ал Гилея дегені қазіргі Полесие, Днестрдің бойы болса, онда Геродот өмір сүрген біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда скифтер Қара теңіз бойында өмір сүріп жатқан болып шығады. Олай болса, олар бұл араға одан да ертеректе, б.д.д. V ғасырдан бұрынырақ келуі де мүмкін.Сонда сақтар б.д.д. V ғасырдан бұрын Қара теңіз бойын да, Жетісуды да бірдей мекендеп келген бе? Қытай жылнамалары сақтардың бір кезде шығыстан батысқа және оңтүстік-батысқа қарай жылжығанын жазады да, сол жылжудың дәл қай кезден қай кезге дейін жүзеге асқанын анықтап айтпайды. Ал мына грек оқымыстыларының жазғаны сол олқылықтың орнын толтырып тұр ғой. Ендеше, Жетісудағы б.д.д. V ғасырға жататын обаны сақ көсемінің обасы деу күмәнді емес пе?
Енді осы сақтар мен Анахарсис туралы өзіміздің қазақ шежіресінен де пікір қаузап көрелік. Алдымен Қазыбек бек Тауасарұлының атасы Матай жазып кеткен Ата шежіреге жүгінейік.
19
“Арыстың өз аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс атап кетіпті. Ол ілімді Еуропа елдерінде алып, көп ғұмырын өткізіп, өз еліне келгенде, он екі-ақ жыл тұрыпты. Ол артына пәлсафа қалдырған. Жазба Майқы заманына дейін келген екен. Сол замандағы бір жер сілкіністе ол топырақ астында қалған. Арыс ақын да, ахун да адам болған. Еуропада көрген өнегесінің жақсы жақтарын өздерінің патшалығына кіргізуге ұмтылған. Ол өзінің туған ағасымен осы жөнінде келісе алмай мерт болған… Оның көп өлеңі сақталған екен, ол да жер сілкінгенде құрыған. Арыс Еуропаны өз туысқаны Тоқсары диуанамен бірге аралаған. Патшаның қандай болуы керектігін айтамын деп, туысқанына жақпаған” ( “Түп-тұқианнан өзіме шейін”. Алматы, 1993. 36-бет).
Осы салыстырулардың өзінен де гректердің Анахарсис деп отырғаны біздің Арыс бабамыз екені аңғарылады. Дегенмен, анықтай түсу үшін тағы бір қосымша дерек келтіргеннің артықтығы болмас. 2004 жылы “Аруна” баспасы бір топ автор жазған “Древний Казахстан” атты кітап шығарды, оның сараптамашысы – тарихшы, академик Болат Көмеков. Сонда: “Сақтар – қазақ халқының бабасы”, – деп және Анахарсистің өмір сүрген уақыты б.д.д. 620-555 жыл деп көрсеткен (30-31-бет). “Анахарсис (Анарыс)” деген тарауда: “Анахарсис, Анарыс-сакский ученый. Жил в V11-1V вв.н.э. В истории известен как “Скиф Анахарсис”, – деп көрсеткен (сонда, 46-47-бет). Осыдан кейін Геродот жазып кеткен Анахарсистің Қазыбек бек айтып отырған Арыс-Анарыс бабамыз екеніне қайтіп күмәндануға болады? Ал бұдан кейін сақтардың қазаққа баба тайпа екенін қалай мойындамассың? Тарих дегеннің өзі осындай-осындай дәлелдердің басын біріктіргеннен барып құралмай ма?
Ата шежіре бойынша Жұманнан Арыс, Арыстан Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал деген алты ұл туып, содан алты арыс қазақ тараған. “Алғаш аталған екі ұл жылқы кезегіне кетіп, Тәңір тауының түбінде мұздап дүние салыпты. Ақ алтаудың үлкені екен. Одан бала қалыпты. Пан үйленбеген, одан тұяқ болмапты. Жетісуда қаңтардан кейінгі айды қазақтар ақпан немесе екі ағайынды дейді. Ағайынды Ақ пен Пан өлген ай, әйтпесе, ағайынды екі жігіт өлген ай екі ағайынды атанған”, – дейді (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”. Алматы, 1993. 36, 37-бет). Ал қазір бүкіл қазақ “екі ағайынды” дегенді ұмытып, бұл айды ақпан деп атап жүргеміз жоқ па?
Сонда Анахарсис деп жүргеніміз өзіміздің Арыс бабамыз болса, ол біздің шамалауымызша, б.д.д. 612 жылы Тәңір таудың түбінде туып, 547 жылы Днестрдің бойында өлген болса, онда сақтар б.д.д. VІІ ғасырға дейін Жетісу жерін мекендеп, б.д.д. VІ ғасырда Қара теңіз бойына ауған болып шықпай ма?
Оның үстіне Жетісуда тек сақ обалары ғана сақталғандай сөйлейміз, ал бұл араны он ғасырға жуық мекен еткен Үйсін мемлекетінен де бір белгілер қалуы тиіс емес пе? Қарап отырсақ, ғалым Әбдеш Төлеубаевтан өзге Үйсін обасын нақты зерттеген ешкім жоқ, барлық ғалым тек сақ обаларын ғана зерттеп келген болып шығады. Сөйте тұра сақ пен үйсіннің адам жерлеу әдісі ұқсас деген тұжырым жасай салады. Әрине, үйсін сақтың ұрпағы болса, екеуінің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі неге ұқсас болмасын?! Қазір жасы 80-нен асып отырған қарт ұстаз, бірнеше кітап жазған сауатты, Кеген өңіріндегі Жалаулы деген жерде туып-өскен Әділхан Зықаев деген ағамыз: “Біздің жас күнімізде осы қорған деп жүргендеріңді үлкен кісілер “Үйсін оба” немесе “Үйсін төбе” деуші еді”, – дейді. Осындай атадан балаға жалғасып келе жатқан сөзді елемей-ескермей, “үйсін обалардың ішінде жатқандар – сақтар” деуіміз қалай болады?
Сөз орайы келіп тұрған соң, айта кетейік, біздің кейбіріміз: “Ғұн дегенді қазақ тарихшылары шығарып алып жүр, ондай халық жоқ, оның өз аты сиуңну”, – деп, ал әр елдің тарихшылары бірі “хун”, екіншісі “ғұн” немесе “гун”, үшіншісі “һұн” деп әрқайсысы әртүрлі атап жүрген халық та сақтың ұрпағы, оның дұрыс аты “құн” болуы мүмкін екенін де осы арада ескерте кеткеніміз жөн сияқты. Себебі, біріншіден, алғашқы дыбысы “ғ”-дан басталатын ежелгі атау сөз қазақ тілінде жоқ десе де болады, ал “ғашық”, “ғайбат”, “ғарыш”, “ғалам” секілді сөздер араб тілінің ықпалымен бертінде пайда болған,
20
сондықтан бұл тайпаның өз аты “ғұн” емес, “құн” болу керек, себебі “қ” дыбысы ежелден айтылып келе жатқан ата дыбысымыз.
Екіншіден, жоғарыда айтылған Ата шежіре: “Жан деген кісіден Ар, Құн деген екі бала болыпты… Қазіргі Арғын деп жүргеніміз – осы екі ұлы адамның алты баласынан тараған ұрпақ. Олардың бірігіп Арғын аталуы Алтайға ауған заманнан қалған”, – дейді”. (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”,1993. 46-бет).
Үшіншіден, “Арқұн” сөзін “Арғын” деп үндестік заңына сәйкес өзгертіп айту – ұлттық дағдымызға тән құбылыс.
Төртіншіден, 1253-1255 жыл аралығында Моңғолияға келіп қайтқан Г.Рубрук: “Бұл жерде аргон деп аталатын халық бар, ол екі рудан тұрады: аргон тендук руынан және Мухаммедке табынатын, өзгелерден гөрі көрікті және ақылдырақ, көбіне саудамен айналысатын тендуктерден”, – дейді ( “Қазақ тарихынан”, Алматы, 2004. “Шығыс елдеріне саяхат”, 1993. 85-бет). Рубрук ол аймақтың атын Сендук (Тендук) деп көрсетеді. Ал ол атау Мәшһүр шежіресіндегі Сүйіндік, Бегендік, Шегендік дейтін аталарды еріксіз еске түсіреді.
Бесіншіден, қытай тарихында үйсінге көмектескен гүн тайпасын Ата шежіре аргын деп атайды. Осыларды ескерсек, арғындар құн тайпасының тікелей ұрпағы екеніне күмән қалмайды. Алтыншыдан, Ата шежіренің таратуы бойынша, Құн да, Арғын (Арқұн) да Арыс бабамыздың Жан деген баласынан тараған, яғни Жан Арыс тұқымы болып табылады. “Ежелгі Үйсін елі” кітабында Шадыман Ахметұлының: “Ат үстінде садақ тартуды ғұндар сақтардан үйреніпті”, – деп дәлелдейді бірсыпыра ғалымдар”, – деген пікірі де бұл ойымызды дәлелдей түседі (4-бет). Соғыс өнерін ағайын ағайыннан үйренбегенде, кімнен үйренеді? Жетіншіден, б.д.д. 530 жылы Кир патшаны жеңген сақ-массагет Томирис парсылармен Аракс өзенінің бойында соғысады. Өзеннің аты Арыстан тараған Ар мен Ақтың үрпағы мекендеген соң солай аталған болар деп ойлауға да қақымыз бар емес пе? Сегізіншіден, Геродот: “…скифы называют амазонок “эоропата”, что по-эллински означает мужеубийцы; “эор” ведь значит муж, а “пата” убивать”, – дейді (“История”.Ленинград, 1972.219-бет). “Эор” дегеніміз екі жарым мың жылдан кейін де әлі “ер” аталып, күйеу дегенді білдіреді, ал “пата” сөзі “опат” дегенді еске түсіреді. Ал оны арабтан енген сөз деп жүрміз. 2,5 мың жыл бұрын арабтар сақ тіліне қалай әсер етеді? Әлде Мұрат Аджи айтып жүргендей, о баста түріктерден араб тіліне, одан өзімізге қайта енген сөз бе? Әлде “қарасы батты”, “күні батты” дегендегі “батты” сөзінің арғы төркіні “пата” дегенге ұқсас айтылды ма екен? Қалай болғанда да, б.д.д. V ғасырда сақтар әйелдің күйеуін “ер” десе, қазақтар бүгін де “ер” дейді. Өстіп о заманда да, бұ заманда да бір тілде сөйлеген елді бір-бірінен бөлек ел деуге қайтіп тарихшылардың аузы барады?
Осыншама сәйкесіп тұрған деректерді көзге ілмеу тарихқа мән бермеумен бірдей емес пе? Ал егер көзге ілсек, Арыс-Анахарсистің сақ екеніне, ал біздің тікелей сақтың ұрпағы екенімізге қандай күмән қалады?
Сонымен, сақ, құн, үйсін – үшеуі де бір тұқымнан тараған ұрпақ болса, әрине, олардың әдет-ғұрпы да, салт-дәстүрі де, оның ішінде өлікті жерлеу рәсімі де бірдей болуы заңды. Ендеше, Есік обасынан табылған Алтын адамды сақ деп кесіп айта алмаймыз. Бұл күмәнімізді күрделендіре түсетін тағы мынандай жағдайлар бар.
Ашылғанына көп бола қоймаған қорық-мұражайға келіп, көне тарихтың құпияларына қанығып, сырына бойлаймын деушілерді ең алдымен кіре беріс дәліздің қабырғасына бекітілген «Қазақстан аумағындағы сақ-скиф дәуірінің ескерткіштері» атты электронды карта қарсы алады. Онда қазақ жеріндегі сол дәуірге тән 155 археологиялық нысандардың орындары көрсетіліп, тізімдері берілген. Келушілер аталмыш картамен танысып болған соң, 145 жәдігерліктері бар екі бірдей экспозициялық зал есігі ашылады. Оның біріншісі – сақтар тарихы мен тұрмыс-тіршілігіне арналған «Сақтардың тарихы мен мәдениеті» залы. Бұл залда келушілер жаңа ғана өздері біраз мағлұмат алып шыққан электронды карта мәліметтерінің заттай деректерімен таныса алады.
21

Осында қазақ жерінің түрлі түкпірлерінен, атап айтсақ:


Шұбарат пен Молалы қорымдарынан (б.д.д. V-IV ғ.ғ), Шілікті (б.д.д. VІІ ғ), Берел (б.д.д. V-IV ғ.ғ), Бесшатыр (б.д.д. V-IV ғ.ғ) қорғандарынан және т.б. зерттеу орындарынан табылған жәдігерліктердің түпнұсқалары мен көшірмелері және белгілі қалпына келтіруші – Қ. Алтынбековтің орындауындағы әйгілі «Алтын адамның» көшірмесі қойылған. Ал, келесі зал «Алтын адам» мен оны тауып, ғылыми айналымға қосқан ғалымдарға арналған. Бұл залда «Алтын адаммен» бірге табылған заттар, сақ ханзадасы табылған обаның сызбасы мен жобасы, әйгілі ғалым – К.Ақышев пен «Алтын адамға» алғаш қолы тиген – Б.Нұрмұханбетов туралы мәліметтер бар. Сонымен қоса қорық-мұражай жәдігерліктері туралы жан-жақты мәлімет беретін сенсорлы киоскілер қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді.
Мұражай жәдігерліктерімен танысамын деушілер тек қана осы екі залмен шектеліп қалмайды. Қорық-мұражайдың басты жәдігерліктері – сақ обалары және сақ патшалары мен ақсүйектерінің байырқалы ордаларының орны – Рахат пен Өрікті қала-жұрттары. Қорық-мұражайға келуші туристердің осы аспан астындағы жәдігерліктерге деген қызығушылығы толастаған емес. Олардың қатарында ең белсенді қызығушылық танытатындары – ертеңгі ел азаматтары, бүгінгі өскелең ұрпақ – мектеп оқушылары. Қорық-мұражай қызметкерлері келушілерге түрлі тақырыптағы экскурсиялық қызмет көрсетіп қана қоймай, киелі жердің кепиетін ұқтырып, болашақ жобалармен таныстырады. Әсіресе, мектеп оқушыларына, бұл орындар кезінде әлемге атын шығарған даңқты бабаларымыздың сан ғасырлар қойнауынан бүгінгі ұрпақтарына жетіп отырған аманаты екені, ал аманатқа қиянат жасап, қасиетті жерде қасиетсіз іске жол беріп, қорғандар маңайын ластап, таптап жүруге болмайтыны, аманатқа адал болу керектігі баса айтылады.
Жұмысын жаңа бастаған қорық-мұражай Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті тарапынан қолдау тапқан 2011-2013 жж. арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Жетісу сақтары және мәдениеті» атты қолданбалы зерттеу жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Бұл жоба аясында сақтар дәуіріндегі және қазақ тарихының б.д.д. VІІІ – ІІІ ғ.ғ. тарихи ескерткіштеріне бай Жетісу және Есік аумағындағы сақтар заманының археологиялық ескеркіштерінің орналасуының негізгі жоспарын жасау, зерттеу, оларды қазақ даласындағы басқа да осындай археологиялық ескерткіштермен салыстыру, Жетісу сақтары мәдениеті туралы жазылған жаңа және бұрыннан ғылыми айналымда жүрген еңбектерді баспаға әзірлеу сияқты мақсатты іске асыруды көздеп отыр. Осы зерттеу нәтижесінде Жетісу сақтарының мәдениеті туралы жаңа мәліметтер ғылыми айналымға түседі, кітап-альбомды дайындауға қажетті ғылыми құжатқа дайындық жасалады, Патша қорғандарының жасалған тарихы айқындалады, табылған материалдарды мұражайлық-экспозициялық қолдануға дайындық жасалады, Жетісу сақтарының мәдениеті туралы көлемі – 40 баспа табақтық ғылыми еңбекті баспаға тапсырылады деп күтілуде. Жоба жетекшісі – қорық-мұражай директоры, тарих ғылымдарының кандидаты – Гүлмира Райылқызы Мұхтарова, отряд бастығы — әлденеше ондаған жылдар бойы Есік қаласы маңындағы қорғандарды сақтап, болашақ ұрпаққа тапсыру жолында ерен еңбек атқарып жүрген, белгілі археолог – Бекен Нұрмұханбетов.
Қорық-мұражай сонымен қатар түрлі ғылыми-танымдық көрмелер мен іс-шараларды да өткізіп келеді. Ағымдағы жылдың 1-ші маусымында балалар мерекесіне орай Есік қаласындағы мектеп оқушыларына арнап «Балалық шақ ғаламшары» атты мерекелік іс-шара өткізілсе, мұражай қызметкерлері ұйымдастырған «Тарихи жад баспалдақтары», «Археологиялық сараптама»
22
ЖШС-гі ұйымдастырған «Жетісу сақтары көсемдерінің қорымы», ҚР БҒМ Ә. Марғұлан атындағы Археологиялық институты директор орынбасары – Арман Бейсеновтің Орталық Қазақстаннан табылған сақтар дәуірінің жаңа ескерткіштері жайлы
«Талды обасы-2. 2010 жылдың жаңалықтары» және «MUSEUMстан» халықаралық жобасы шеңберінде, дамушы елдермен байланыс орнатушы Нидерландия Гуманитарлық Институтының (HIVOS), Дешті-и-Арт заманауи мәдениет Орталығының қолдауымен, шағын гранттар шеңберінде ұйымдастырылған «Музей ЕСІКті ашады» атты ауқымды жоба аясында «ЕСІК» плэнер-көрмесі болып өтті.
Әрине, жоғарыда біз қысқаша атап өткен жайттар келешек үлкен істерге бастар босаға болып табылары сөзсіз. Болашақта бұл жер Қазақстан туризмінің үлкен бір саласына айналады деген үміттеміз. Себебі, қандай да да болмасын ұлттың ұлылығын білдіретін белгі – оның тереңге кеткен тарихы мен мәдениеті, сол рухани байлықты, сан ғасырдан жеткен мұраны бүгінгі ұрпақтың ардақтай, алқай алуы болса керек. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы сол аманат жүгін арқалап, баға жетпес рухани құндылықтарымызды бүгінге таныстырып қана қоймай, оны болашаққа да жеткізуді мақсат етеді. Ал, аманат жүгі қашан да ауыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет