Жеке бастың қасиеттерін ұғыну мен өзін-өзі бағалау. Кішкентай балалардың өзіндік санасы мен өзін-өзі бағалауы, әдетте, ата-аналарынан және басқа да беделді үлкендерден алған бағаны қайталайды. Бірақ бала неғұрлым есейген сайын оның мінез-құлқы бағалардан гөрі өзін-өзі бағалауға соғұрлым бағдар ала түседі. Алайда өз қасиеттерін, әсіресе, батылдық, ерлік немесе принципшілдік секілді күрделі моральдық-психологиялық қасиеттерді ұғынудың өзінде-ақ эмоциялық бағалау мен әлеуметтік салыстыру сәттері қамтылады (өз ақылы немесе сұлулығын басқа біреумен салыстыру арқылы ғана бағалауға болады).
Жасөспірім де жеткіншек секілді өзінің қандай екенін, қаншалық құнды, қабілетті екенін барынша білгісі келеді. Өзін-өзі бағалаудың екі тәсілі бар. Біреуі өз талаптарының деңгейін жеткен нәтижесімен өлшемдестіру («Қиын жағдайда саспаған болсам, қорқақ болмағаным; қиын міндетке кірісіп кетіп, орындап шықсам, қабілетті болғаным»). Бірақ жас өспірімнің өмірлік тәжірибесінің шектеулілігі мұндай тексеруді қиындатады. Ересектердің көзқарасымен қарағанда қисынсыз көптеген қылықтар – қауіпті сотқарлық, даңғойлық көзге түсіп, жұртқа танылғысы келуден гөрі өзінің батылдығын, өжеттігін т. б. сынап көргісі келуден болады.
Өзін-өзі бағалаудың екінші жолы – әлеуміттік жарыс, өзі туралы төңірегіндегілердің пікірлерін салыстыру. Төңірегіндегілердің өзі туралы пікіріне өте сезімтал қарайтын жеткіншектің өзі-ақ әркімнің бағалары ғана емес, бағалайтын өлшемдерінің өзі әрқилы болатынына көзі жетеді. Сыныптастары ерлік деп бағалаған әрекетті мұғалім жалған жолдастық деп атайды. Осыдан келіп таңдау, өздігінен ойланып көру қажет болады. Өз «менінің» бейнелері күрделі әрі бір мәндес болмайтыны белгілі. Мұнда нақты «мен» (қазір қандай болсам, сондай) де, динамикалық «мен» де (қандай болғым келсе, сондай), мұраттағы «мен» де (өзімнің моральдық үрдістерім негізінде сондай болуға тиістімін), қиялдағы «мен» де (бәрі де мүмкін болса, сондай болғым келер еді), көз алдыма елестететін басқа толып жатқан «мендер» де бар. Тіпті толысқан адамның өзін-өзі ұғынуы да қарама-қайшылықтарсыз болмайды және өзін-өзі бағалаудың бәрі адекватты емес. Жасөспірімдік кезде мәселе бұдан да қиынырақ. Кейде жасөспірім өзін-өзі бақылау, байқау арқылы өзін білсем дейді. Балдаң жасөспірімдік кезде жалпы алғанда рефлексияның өсуі, өзіне барынша ден қою тән. Мұның өзі интимдік күнделіктердің шығуынан да (жасөспірім ұлдарға қарағанда, қыздарда көбірек кездеседі және ертерек басталады), көркем әдебиет бейнелерін өзіне «өлшеп көруден» де, басқа адамдардың ішкі жан дүниесіне көбірек ден қоюдан да аңғарылады. Кейбір психологтар жасөспірімдік рефлексиясының өзін-өзі оқшаулау, шындық болмыстан қиялдағы арман дүниесіне беріліп кету қаупі бар есептеп, оған теріс көзқараста болады. 15 жастағылардың ішкі жан дүниесі алаңсыз болып көрінгенімен әжептеуір қалыптасқан және нәзік болады. Психикалық саулық нормаларының өзі оларда үлкендердегіден гөрі өзгеше. Кіші шәкірттік жастағыларға қарағанда, жас өспірім жігіттер мен қыздарда алаңдаудың жалпы дәрежесі жоғары. Пубертаттық жаста деперсонализация және психикалық жатсыну жағдайлары аз болмайды.
Балалықпен қоштасу көп жағдайда бір нәрседен айырылу сезімі ретінде, өз «менінің» бұлыңғырлығы, жалғыздық, өзін басқалар түсінбейтініндей көру т.с.с ретінде уайымдалады. Алайда, бұл сәттерді асыра бағалауға болмайды. Жасөспірімдік шактың қиыншылықтары бұларға бәрі де душар бола бермейтінін, кезікеннің өзінде міндетті түрде соншалық қиын болмайтынын айтпағанның өзінде бұлар ойдағыдай жеңуге болмайтын өсу қиыншылықтары.