Қыздың үстінде күйе—күйе болған ақ көйлегі мен мойнында кішкентай көкшіл орамалы бар. Ол сахнадан бірдеңе іздегендей болады. Кейін көрермендермен тілдесе бастайды. — Кешіріңіз, үстінде ақ шыт көйлегі бар біреуді көрмедіңіз бе? — Сіз көрмедіңіз бе? Жасы отызға әлі жетпеген. Сізбен жасты болуы да мүмкін. — Сіз ше? Ашуланып кетеді. Біреу ол туралы естеліктің бәрін жұтып жібергендей. Неге жауап бермейсіңдер? Әлде көрмедім деп алдап отырсыңдар ма? Жерден қиындылардан құрастырылған коллаж суретті тауып алды. Көрерменге көрсетіп тұрып сөйлейді. Оның жасы шамалап айтқанда отызға әлі жетпеген. Өзі аса сұлу да, ұсқынсыз да емес. Өзі қысы-жазы ақ шыт көйлекпен жүргенді ұнатады. Көзі қою қоңыр түсті. Сіз оның көздеріне қарап күнделікті оқиғаларыңызды айтып бастайсыз да, бір сәтте қалайша өмір жолыңызда кездескен қиындықтар мен мәселелеріңізді айтып қоя жаздағаныңызды байқамай — сол қою қарашығында қалып кетесіз. Сосын сол жерде бостандық жайлы әндерді естисіз. Жоғалып кетті деп отырған осы адам. Суретке бір қарап күрсінді. Жердегі қағаздарға қарап тұрып, жаңа бір ой келгендей отыра қалып, жердегі қағаздарды ақтара бастайды. Бірден еңселі күйде сөйлей бастады. Жоғалып кетті дейді ғой. Жоғалды деп іздеушісі бар адамды айтады. Ал оны ешкім іздеген жоқ. Тіпті бұл өмірде ол болмағандай. Әйтеуір бәрінің айтары бір сөз: «Білмеймін». Сендер өзі не білесіңдер?.. Көрерменге аларып қарайды да, атып тұрып көшеде іздеу салған адам кейпіне енеді. Сахнада әрілі-берілі жүгіре сөйлейді. Көшелердегі бәрін шалыс қалдырмайтын бейнебақылау камералары оған қатысты жауаптарды көрсете алмайды. Полицейлер де ондай адам тіркеуде жоқ дейді. Креслолардың ортасындағы торшер жарығына жақын тұрып, тергеушімен өзара сұхбаттасқандай кейіпте жарықты өшіріп-қосып сөйлейді. — (жарықты өшіреді.) Қоғамдық орындарда жоқ па? Орталықтар, дәмханалар? — (жарықты қосады.) Жоқ, оның ақшасы жоқ. — Қонақ үйлер ше? — Оларда түнемейді, себебі оның шынымен ақшасы жоқ. — Онда жертөле? — Жо-жоқ, ол ондай жерлерден қорқады. — Біреу ұрлап кеткен болса ше? — Ұрылардың көзіне түсетін адам емес. — Басқа қайда болуы мүмкін? — Ешқайда. Иә. Ешқайда. — Сонымен? — Сонымен?! — Ол жоқ па? — Иә, ол жоқ.Ол ешқашан болмаған. Ондай адам жоқ! Сол жақтағы креслоға отырды да, тым сабырлы адам кейпінде, аяқтарын айқастырып алды. Қысқасы, бәріміз бір ауыздан ондай адам мүлде жоқ және болмаған деген тұжырымға келеміз. Іздестіру аяқталды! Ортадағы жарықты өшіріп тастайды. Асыға қарсы креслоға ауысып, жарықты қайтадан қосады. Жарықтың тұсынан жақындап келіп, сыбырлайды. Негізі «тұжырым шығардық» дегеннен гөрі, «бұл жай бір гипотеза» деген дұрысырақ. Себебі, оның болғаны рас. Ол бар. Ол арамызда. Көрерменге күдікпен қарайды. Иә, ол арамызда. Тығылып отыр. Бұларға сенім жоқ. Бұлар оны еркінен тыс жасырып отыруы да әбден мүмкін. Атып тұрып, балаша қуанады. Ойын! Ойын! Ойын! Егер оның “жасырынбақ” ойнағысы келсе, онда мен іздеймін. Көзімді жұмдым. Әй, ақымақ қыз, дұрыстап тығыл! Аптыға санап, әр жерден бір іздеп, іздегенін таппайды. “Ол жалған ойнайды” деп айттым ғой мен. Өтірікші қыз, үнемі бәрімізді алдап кетеді! Енді ойнамаймын сенімен. Түсіндің бе?
Кітап сөресінен кітаптарды ақтарады. Біреуін алып отыра қалып, қаламмен шимайлап отырып, міңгірлеп сөйлейді. Маған онымен ойнаған ұнамайды. Себебі, ол жаман қыз. Сізге бір құпия айтайын: оның мамасы да жаман адам болған. Бұны да маған мамам айтты.
Ал ондай адамдар жақсы адамдарға зиянды нәрселер жасайды. Аяз ата да жаман балаларды жек көреді. Оларға сыйлық бермейді. Мен де сол сияқты ол қызды жек көремін.
Орнынан түрегеліп, кітапқа сызған шимайды адамдарға көрсетеді. Мазақ қылып, ессіз адамдай күледі. Жоқ, айтыңдаршы балаларды мұндай бос әңгіме сендірудің не керегі бар? Ересектер адалдықты үйретіп, оларды тәтті тарататын шалға сендіретіні қалай? Күлкімді келтірмеңдерші. Адам жақсы немесе жаман болады деген сандырақ қана!
Жасөспірім қыз кейіпіне енеді. Ерніне қып-қызыл далап жағып тұрып, бейқам күйде сөйлейді. Дұрысы балаларды мұндай маңызды істерге араластырмау. “Жасырынбағы” несі? Нағыз детектив секілді іздестіру керек. Біз болашақ полициялармыз. Поу-поу-поу! Іздеген адамды бір сәтте табамыз! Себебі, біз әлдеқашан ересек болғанбыз.
Жан-жақты іздестіргендей кейіп танытады да, басын қасып, креслоның арқасына жағын таянып тұрады. Біріншіден, біз оның мектепте жолы болмағыр адам болды ма, әлде аса танымал, жігіттердің арманы болды ма, соны анықтауымыз керек. Екіншіден, оның ақшасы көп пе, әлде жоқ па, соны білеміз. Үшіншіден, тапқан соң сұлулығын қызғанамыз да, оны тапқанымыз үшін ақша талап етеміз. Несі бар? Қазір капитализм уақыты. Ақша және ақша!
Аяқтарымен жердегі қағаздарды теуіп, әлгі коллажды тауып алады. Саусағының ұшымен алып, бетін басып күледі. Осы ма? Ха-ха-ха! Мынау деген өлгелі қашан? Әлде тірі ме? Бәрібір! Бұл оңбаған қыздың не істегенін білмейсіңдер ғой. Ол түріне қарамай бізбен дос болғысы келетін. Ха, маған қараңыздар да, мынаған қараңыздар. Мынадай адам менімен дос бола ала ма? Фу…
Қолындағы суретті жерге жиіркене тастап жібереді. Кітап сөресіндегі бейнекамераны көріп қалып, өз-өзінен қатты күледі. Креслоға жалқасынан жатып алып сөйлейді. Өте бір қызық оқиғаны айтып берейін. Біздің өміріміздегі ең мінсіз атқарған ісіміз – дене шынықтырудағы жуыну бөлмесінде оны камераға түсіріп алғанымыз. Жо-жо-жоқ! Бізден кеткен қате жоқ. Бәрі өз кесірінен болды. Біз оның жоғары сынып оқушысынан аяғы ауыр болғанын білдік. Ол болса: “Менің кінәм жоқ. Түсірмеңдерші. Ааа!!!”
Қалайша кінә жоқ? Неткен ұятсыз еді. Ол әркімге бір жабысып, майысып жүретін жүргіш қыз.
Камераны ашып, түсіріп жатқандай жан-жаққа қаратады. Есіне бірдеңе түскендей қатып қалады. Сол видеоны сендерге көрсетейін. Сосын менің сөзімнің шын екеніне сенесіңдер. Ха-ха, біздің мектептегі ең танымал видеоны тамашалаңыздар!
Теледидарды қосады. Экранда глитч тв-көмескілік ғана быжырлап қосылады. Алдына кеп отырып алады. Бірнеше секунд қозғалыссыз. Ерніндегі далапты сүртіп жібереді де, ауыр күрсінеді. Масқара… Оны жұтқан – масқаралық. Ол адамдардың күлкі етуінен қашып құтылғысы келген шығар. Солай біз оны күстәналау үшін ғана іздеп жүрген шығармыз. Масқара!
Теледидар қосулы күйде қалып, сахна жарығы түнеріп қалады.