Қыз камераны алып кітап сөресіне қайтадан қояды. Үсті-басын қағып, терең дем алады. Ол масқаралықтан қашты. Бәрінің есінде қалатын масқаралықтардан құтыла алмайтынын біліп, ол қайта оралмас жаққа қашқысы келген. Негізі…
Тоқтай қалып, жан-жағына жалтақтайды. Мына дауыс қайдан естіледі? Қайсысың әндетіп жатқан?
Ілгіште ілулі тұрған қызыл орамалға қарап қалады. Қолымен бағыттайды. Мынау… Иә, мына кербез әйелді көріп тұрсыңдар ма? Бұл әйел оны таниды.
Орамалды иығына жауып, тым жайбарақат қозғалады. Жан-жаққа абайлап қарайды да, ілулі костюм қалтасынан темекі алып шығарады. Кекетіп, өзімшіл сөйлей бастайды. Оны да іздеп, керек қылатын адамдар бар екен-ау. Ол қыз өліп қалған! Біз үшін енді ондай адам жоқ. Ол әкесі екеумізге бақытсыздық қана әкелген. Креслоға отырып, темекі тұтатады. Жан-жаққа сақтықпен қарайды. Ол туралы қоймай сұрағандарыңа қарағанда, бір шикілікке қатысы бар шығар. Онда дұрыстап тыңдаңдар (Аяқтарын айқастырып алады.) Ол осы үйдің адамы емес, бір құбыжық секілді жүреді. Ол тамақты да дұрыстап ішуге мұрша бермейді. Адамды қатты жиіркендіреді (Бейнелеп көрсете бастайды.) Қасықтап алған тамағын шайнап, жұтқанда да, көзін менен алмай, шалпылдатып отырады. Тәрелкеге түкірген кезі де болады (Тітіркенеді.) Айтып тұрмын ғой, ол өте жиіркенішті адам. Басын шайқап, мысқылмен күледі. Орнынан тұрып, әңгімесін әрі-бері жүріп жалғастырады. Отбасылық мерекелерде ол біздің қасымызда отырмайтын. Тіпті бірге тойламайтын болды. “Мен кеттім. Мені іздемеңдер” деп көрінген жерге бара беретін еді. Мектеп оқушысының ондай қылық көрсетуі бір жамандықты сездіреді ғой. Ақыры оның бұл қылықтарына шыдамай, әкесіне қызының өзгеріп жүргенін жасырмай айттым.(Пауза.) Оның болашағына қатты уайымдағасын шығар, айтқаным… Кейін…
Бетін басып, жылағандай өксиді. Содан кейін біз оның арсыздыққа барғанын білдік. Біз тәрбиелеп отырған, әлі мектеп оқитын қыз аяғы ауыр деген жаңалық күйеуім екеумізге ауыр соққы болды. Ол болса, «өтірік, дұрыс түсінбедіңдер, ойбай-ойбай» деп мәймүңкелеуін қоймады. Бұнысы аздық еткендей оның тырдай жалаңаш фото-видеолары тарай бастағанын көріп, одан әрі ашуланып, бұған шыдамай күйеуім оны үйден қуып шықты. Қатты ашуланып жерде жатқан коллаж суретке қарап сөйлейді. Сен қыз... Оңбаған тәрбиеден жұрдай. Әке деп сыйламадың-ау. Бәрімізді қара бет қылдың. Не үшін өмірге келдің екен? Сормаңдай! Менің сендей қызым жоқ. Шық үйден! Ашуын тыйып, басын шайқап, шашын дұрыстайды. Коллаждың үстіне тұрды да, аяғын таптап, тазалап алды. Қайтадан әйел қалыпқа кіріп, күліп жібереді. Осылай біз бақытсыздықтан құтылдық! Темекісін өшіріп тастайды. Бұны дұрыс өшірмесе, зиянкес өртті тудырады. Оны да осылай дұрыстап өшіру керек болды… Әйтпесе, құтырып кетіп еді. Хм! Жұтынып сөзін тоқтатады. Бірнеше рет тоқтаусыз жөтеледі. Кейін өз-өзіне келіп, өте бақытты күйде сөйлейді. Оны үйден қуып шыққалы үйімізде тек қуаныш. Күйеуім қазір оның есімін мүлде естігісі де келмейді. Ол енді біз үшін айтылмайтын тақырып. Ол өлсе де, жезөкше боп кетсе де, нашақор боп кетсе де, бізге ол енді қызық емес. Мен оған әрқашан жақсылық тіледім. Оған жақсы тәрбие беруге тырыстым. Бірақ ол өз шешесіне ұқсаған бірбеткей, көкбет, ақылсыз, оңбаған. Жақсы, өлгеннің артынан жаман айтпақ жоқ. Бірақ оны да айта берсең, кете береді. Әрине, мен оған шеше орнына шеше боп барған кезде ол тым жас қыз еді. Ересектер арасындағы кейбір нәрселерді түсінбейтін. Сонда да әкесіне сондай иттік жасауы нағыз оңбағандық қой! Сөзін аяқтаған соң темекіні тығатын жер іздейді. Үстін қаққылап, иықтағы орамалды жаңа көргендей жұлқына шешіп, жерге тастайды. Өгей ана кейіпінен шығады. Орамалға қарайды да, аяп кеткендей жерден көтеріп алады. Негізі әлемде әйелдер екіге бөлінеді екен. Езгіге шыдамайтындар және сол езгіні ұйымдастырушыларды жақтайтындар. Оның шешесі ешкім түсінбейтін себеппен өз-өзін өлтірген деседі. Онысын адамдар әлсіздікке санап, әлі де кемсітеді екен. Орамалды жақындадып сөйлейді. Жауап беріңізші, ол қыз шынымен сондай оңбаған болды ма?
Орамалды құлағына тақайды. Үндемейді. Бұл әйел негізі жақсы әндететін. Ұзын дәліздің соңында орналасқан ас бөлмеде ол күйеуінен тығылып ыстық бумен араластырып темекі шегіп тұрып, өз әндерін шырқайтын. Тіпті түнде қала көрінісіне қарап тұрып та әндете беретін. Сол түндердегі әуен анау қыздың түсінде көріністер беріп жататын.
Аздаған паузадан соң, ыңылдай бастайды. Ла-ла-ла...
Орамалды жоғары көтеріп, ыңылдап жүріп ерсі билейді. «Алқымында көк орамал Бір бике дала барлайды. Зарлы мұң тербегенде Түнде жалғыз зарлайды. Үрейлі сыбыр естілгенде, Ешкім одан қаша алмайды...» Әндетіп жүріп орамалды жайлап мойнына орай бастайды. Әдемі ән, иә? Бұл шеше дәл осылай ән шырқайтын еді. Әуені жағымды. Көркемдік ерекшелігі бар десе де болады. Көпшілікке ұнауы керек.
Әннің кейбір жолын қайталай береді. «Ешкім одан қаша алмайды»... Ешкім...
Орамалға қылқынып қалады. Өзін одан әзер босатып алады. Орамалды лақтырып жіберіп, жерде тізесін құшақтайды. Қаша алмайды? Неден? Неден қаша алмайды? Неден? Өтірік? Жалған айыптау? Неден?
Орнынан атып тұрады да, орамалға бір қарайды.. Сұқит әйел! Әнің онша емес. Ешқандай көркемдікті көріп тұрғаным жоқ. Әуені құлаққа жағымсыз. Бір сөзбен айтқанда — қоқыс!
Оң жақ тұстағы креслоға отырады. Сотта отырғандай тым салмақты сөйлейді. Сонымен бұның бәріне не дей аламыз? Оның айтқандары сенімді ақпарат болуы да мүмкін. Бірақ дәлелдер жоқ. Елу және елу. Әлде елу тоғыз және қырық бір?
Қарсы креслоға ауысты. Біз ол туралы мәліметтердің бәріне сене бермеуіміз керек. Тоқсан тоғыз және бір!
Ауысады. Сонда қандай шешім шығаруымыз керек? Тоқсан тоғыз дегеніміз — айыптау?!
Орнынан тұрып, торшер жарығына қарай келеді. Тіктеліп, өктем сөйлейді. Бұның бәрі нақақтан-нақақ айыптау деген шешім қабылдаймыз! Іздестіру жалғасады!
Жарықтар өшеді.