(1494-1556)
Ф
изули (әдеби лақап аты, сезімтал, өжет деген мағнаны білді-
реді), немесе толық аты Мұхаммед ибн Сүлеймен 1494 жылы
Ирактың оңтүстігінде орналасқан Кербела қаласында Әзербайжаннан
көшіп келген отбасында дүниеге келген. Ақынның туылған жылы дәл
анықталмаған. Кей деректерде 1498, енді біреулерінде 1480 жылдан
бұрын деген де пікірлер айтылып жүр. Тумысынан алғыр болып өскен
Мұхаммед жастайынан білім қуып, жан-жақты білімдар болып өседі.
Әсіресе Шығыс поэзиясының мөлдір бұлағынан барынша сусындай-
ды. Білім қуған жас талап сол кездегі ірі рухани орталықтардың бірі
болған Бағдат қаласына келіп, медицина, астрономия, логика, матема-
тика, ертедегі грек және шығыс философиясын оқып үйренеді. Арис-
тотелдің, Платонның еңбектерімен танысады. Хағанидың, Низамидің,
Хабибидің, Насимидің шығармашылықтарымен жете танысып, өзіне
үлгі тұтады. Бағдат болашақ ақынның азамат болып қалыптасуында,
ақындық жолға біржола түсіп, шеберлік жағынан шыңдалып, дүниета-
нымының толыға түсуінде айтарлықтай үлкен мектеп болды.
Физули Наджаф қаласы имамының мавзолейінде бір жағынан бала
оқытып, екінші жағынан діни қызметкер болып жұмыс жасайды. Осы
кездерде дін қызметінде жүрген кейбір ұлықтардың надандығына, то-
пастығына, парақорлығына, ашкөздігіне шыдай алмай, жұмыстан шы-
ғып кетеді. Күнкөріс жұмыстың болмауы салдарынан ол жоқшылық-
тың зардабын көп тартады. Ақынның аянышты халін көрген Селім
сұлтан оған жәрдемақы тағайындап, ол осымен тіршілік етеді. Физули
1556 жылы чума эпидемиясы кезінде қайтыс болған.
Физулидің өлеңдері ақынның көзі тірісінде ел арасына қолжазба
күйінде тарап кеткен. Солардың ішіндегі ең толығы 1522 жылы жа-
зылған деп көрсетілген қолжазба қазір Бакуде сақтаулы тұр. Ақынның
шығармалары 19 ғасырдан бастап кітап болып жарық көріп келеді.
Академиялық 4 томдық толық шығармалар жинағы 1958-1961 жыл-
дары басылды. Физулидің әдеби мұрасы көптеген епдерде басылып,
әлемдік әдебиеттің асыл қорына қосылған. Қазақ ақыны Шәкәрім Құ-
дайбердиев ұлы ақынның «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының ізімен оны
нәзирашылдықпен қайта жырлап, өткен ғасырдың басында-ақ қазақ
оқырмандарымен таныстырған болатын.
Ақынның әзербайжан, парсы, араб тілдерінде жазған 16 шығарма-
сы бізге жеткен. Бұлардың ішінде бір прозалық шығарма мен парсы
әдебиетінен аудармалары да бар. «Арыз кітабы» («Шикаятнаме») атты
прозалық туындысында ақын сол кездегі әлеуметтік қайшылықтарға
толы қоғамдық өмірдің барлық саласында, биліктің барлық сатыла-
285
рында дерлік орын алған жағымпаздық, жең ұшынан жалғасушылық,
парақорлық, ұрлық-қарлық, халықтың байлығын талан-таражға салу
секілді келеңсіз құбылыстарды, осыларды жасауға лайықталып құ-
рылған саяси жүйені барынша сынайды. Кітапта мынадай бір көрініс
суреттелген. Қарапайым бір адам іспен бастыққа келіп, иіліп сәлемде-
седі. Оның бір шаруамен келіп тұрғанын байқаған бастық «Бұл пара
емес» деп, ашық айтады. Келген кісі жоғарғы жақтың параны жою-
ға бағытталған жарлығын көрсетеді. Бастық ойланбастан «бос сөз»
дейді. «Сіз неге бізді бұлай қарсы аласыз, адам құсап қабылдамайсыз
ба» деген наразылыққа «біз жұрттың бәрін осылай қабылдаймыз»
деп, міз қақпастан жауап береді. Осы бір эпизодты суреттеу арқылы
автор сол бір кездегі қоғамды іштей жайлаған мерездерді барынша
жалаңаштап көрсетіп бере алған.
Физули табиғатынан лирик ақын болғандықтан да бұлардың дені
лириканың шағын жанрларында жазылған. Оның ішінде басым
көпшілігі сол кездегі шығыс поэзиясындағы негізгі жанрлардың бірі
болып келген ғазел түрінде. Ақын өлеңдерінде қарапайым халықтың
ауыр тіршілігі, елді осындай күйге душар еткен түрлі келеңсіз құбы-
лыстар, жақсы өмірді аңсаған халықтың арман-аңсарлары халықтық
мүдде тұрғысынан шынайы көрініс тапқан.
Қарапайым халықтың мұңын жырлаған шайырдың өлеңдерінің тілі
де қарапайым. Ол поэзия халық үшін, халыққа қызмет етуі тиіс деген
талаптар қойып, халыққа рухани жағынан қызмет етудің асқан үлгісін
көрсетті. Өлеңдерін жұртшылыққа түсінікті тілмен жазғанымен де
қарабайырлыққа ұрынбай, керісінше ақындық шеберліктің арқасында
ішкі сезімді өзінше өрнектеген қарапайым тілден не бір сөз асылда-
рын, тіл маржандарын жасап, әзербайжан тілінің қалыптасуына, поэ-
тикалық тұрғыдан дами түсуіне тарихи еңбек сіңірді. Бұл әзербайжан
әдебиетіне халықтық, гуманистік бағытта түбірлі өзгерістер әкелген,
үлкен бетбұрыс жасаған тарихи құбылыс болды.
«Апиын мен шарапта» («Бенг ве баде») ақын адамдарды өмірде
туындап жататын түрлі қиындықтардың салдарынан ішкілікке салы-
нып кетуден сақтандырады. «Қыдырымпаз бен қаңғыбас» («Ринд и за-
хид»), «Денсаулық пен ауру» («Сиххат и мараз») секілді өлеңдерінде
күнделікті тіршілікте жиі кездесетін этикалық мәселелерді көтереді.
«Сенімнің селдіреуі» («Матла ул-этикад») трактаты осы мәселенің
философиялық түбірін қазады.
Ақынның поэзиясында діни сарын басым. Ол мынау бес күн жал-
ғанда адамдар қайтсе бақытты өмір сүреді деген сауалдың жауабын
имандылықтан табады. Оның ішінде де түркілік тұрмыс-тіршілікке,
дүниетанымға неғұрлым сай келетін сопылық бағыттың ықпалы анық
көрінеді. Сондықтан да шайырдың шығармаларында билікті, байлық-
ты жек көрушілік байқалады. Тіршіліктегі барлық келеңсіздіктер осы
екеуінің соңына көзсіз түсушіліктен, яғни мансапқорлықтан, жағым-
паздықтан, парақорлықтан, дүниеқоңыздықтан, ашкөздіктен туындай-
тындығын ескертеді; әділетсіздіктің қайнар көзі де осылар екендігін
286
көрсетеді. Адамдарды адал еңбегімен қарапайым, таза өмір сүруге,
әділетсіздіктерге қарсы күресуге, адалдыққа шақырды. Сонымен бір-
ге бақытты өмірдің болашақта орнайтындығына сеніп, замандастарын
шыдамдылыққа шақырды. Әділетсіз заманға, түрлі деңгейдегі ұлық-
тардың халықты қанауына ашық қарсылық, езілген еңбек адамдары-
ның мүддесін қорғау – Физули шығармашылығының басты сыпаты.
Физули поэзиясының шыңы – әлемдік әдебиеттің інжу-маржандары
қатарынан берік орын алған «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы. Поэманың
сюжеттік желісіне тарихта болған араб ақыны Қайыстың Ләйліге ға-
шық болып, түрлі кедергілердің салдарынан оған қосыла алмай, ақы-
лынан адасып, дала кезіп кеткендігі арқау болған. Шығыс әдебиетінде
бұрыннан бар бұл тақырыпқа тағы бір ұлы ақын Низами да осы аттас
дастан жазған болатын. Міне, осыған Физули де қайта соғып, өзіне
дейінгі осы тақырыпқа қалам тербегендермен үзеңгі қағыстырып,
нәзирашылдық дәстүрімен өнер жарыстырғандай болады. Шайыр бұ-
рыннан жырланып келе жатқан деректі аңызды сол күйінде ала сал-
майды; яғни алдыңғылардың ізімен кетпейді. Оған өзінше өң, өзінше
мән беріп көркемдік тұрғыдан өңдейді. Нәтижесінде осы тақырып-
тың бұрынғы жырланып келе жатқан туындыларының бірі ғана емес,
бірегейі, тіпті көтерген мәселесі, көркемдігі жағынан келгенде, кемел
шығарма болып шыққан. «Ләйлі-Мәжнүндегі» негізгі тақырып махаб-
бат болса, Физули бұл мәселені тереңдете түсіп, ауқымын кеңейтіп,
оған әлеуметтік те салмақ артқан.
Дастанның бас кейіпкері дарынды ақын Мәжнүн өінің бақытын бай-
лықтан емес, махаббаттан іздейді. Байдың қызы Ләйліні де дүние онша
қызықтырмайды. Үлде мен бүлдеге оранып, салтанатты сарайда өмір
сүріп жатқан Ләйлі бәрібір өзін бақытты сезіне алмайды; аяғында ол
соның бәрін тәрк етіп, бақыттың жолы махаббатта жатқанын түсініп,
сүйгені Мәжнүнге қосылуға ұмтылады. Бірақ та екі жастың бұл арма-
нына сол кездегі феодальдық қоғамдық құрылыс, әлеуметтік жағдай
кедергі жасайды. Сөйтіп бақытын іздеген, онысын махаббаттан тапқан
екі жастың армандарына жетуіне, яғни бақытты болуына қоғам қарсы
болады.
Поэманың соңында Мәжнүн қоғамға лағнет айтып, дала кезіп кетеді,
жүрегін табиғат ананың аясында жұбатқандай да болады. Бір-бірін
өле сүйген екі ғашықтың бақытты өмір сүруіне орын жоқ қоғамда
Ләйлі мен Мәжнүннің тағдыры трагедиямен аяқталады. Ғашықтық-
тың садарынан іш-құса болып ауруға шалдыққан Ләйлі қайтыс бо-
лады. Оны іздеп келген Мәжнүн ғашығының қабіріне ұмтыла барып
құлағанда, ол қақ айрылып, Ләйлінің өлі денесін құшақтай барып жан
тапсырады. Сөйтіп, тірісінде қосыла алмаған екі ғашық өлгенде ба-
рып, көрде бірге жатып, қосылады...
Физулидің поэзиясы өзінен кейінгі Шығыс, одан қалды әлемдік әде-
биеттің дамуына да айтарлықтай ықпал етті.
|