(М. Горький. О литературе. М., 1953, 563-бет).
Шындық та өмірдің ағымында, тарихтың тұла бойында ағып жүр-
ген айсберг секілді. Ал айсбергтің тек үстін ғана қамтитын үштен бірі
ғана көрініп, қалған үштен екісі көзден таса су астында жататыны
белгілі. Олай болса, өмірдегі шындық та бірден көріне салмайды; оны
толықтай көруге ұмтылыс жасап, білім-ғылым, өмірлік тәжірибеге
қоса түрлі амал-айлалар қолданбаса, шындығыңыз жанына да жолат-
пай, айдалаға шаң қаптырып, тастап кетуі ғажап емес.
Ғылымның дамуы абсолютті шындықты танып білу бағытында
тоқтаусыз жүріп отырады. Шындыққа жету жолында оның адасуы да,
шамасы жетпей жатуы да мүмкін. Өйткені, шындықтың жолы – ауыр,
«тар жол, тайғақ кешулі», қауіпті жол. Өмірде таза алтынның кездес-
пейтіні сияқты, «таза шындық» та сирек; «жалған шындық» пен «шын
шындық» бір-бірімен жағаласып, араласып, қатар өмір сүріп жатады.
Оның қайсысы қайсы екендігін ажырату қиын. Көрер көзге екеуі де
бірдей. Көкірегінде көзі бар бірлі-жарымды парасатты азаматтар бол-
маса, бүгінгі өмір шындығымен тіршілігін жасап жүрген адамға бұ-
ларды ажырата білу оңайға түспейді.
Сонымен бірге шындық категориясының шарттылық сыпаты тағы
бар. Басқаларға біреудің «ай мен күн» санағаны ұнамауы; енді бір ұлт-
тың ұлттық ерекшеліктері, бір халықтың, немесе мемлекеттің ұлттық
құндылықтары әнтек көрінуі, ұлттық батырлары ата жау көрінуі мүмкін.
«Бәріне де уақыт – сыншы» – дейді дана халық. Шындық уақытқа,
географиялық, ұлттық ортаға, білім-ғылымның дамуына, саяси-әлеу-
меттік жағдайға тікелей тәуелді. Сол кезде үстемдік құрып тұрған сая-
си құрылыс өмір шындығын да саясиландырып, өңін айналдырып, өз
мүддесіне қызмет еткізеді. Уақыт өткен сайын шындық үстін қымта-
ған өз дәуірінің уақытынша қабыршықтарынан арыла түседі десек те
небір тарихи дәуірлерден өтіп, бізге жетемін дегенше, сол бір аласа-
пыран замандардың шаң-тозаңдарына тағы көміліп қалатындары да,
оны аршып алудың көптеген қиындықтар туғызатыны да болады.
Шындықтың уақтылы танылуы үшін қолайлы қоғамдық-мәде-
ни орта керек. Сондықтан да қайсы бір шындықтың ашылуы үшін
белгілі бір уақыт аралығы қажет болып, жарыққа шығар күнін күтіп
жатып қалуы да жиі кездеседі. Бұл мәселенің бір жағы болса, екінші
жағынан тарихтың еншісіне айналған әдеби құбылыстың шындығын
танып білу процесіне зерттеуші өмір сүріп отырған дәуірдің саяси-
әлеуметтік жағдайы, яғни өмір сүріп отырған дәуірдің қажетсінуі де
да әсер етіп, бұл үдеріс созыла түсуі де мүмкін. Десек те шындықтың
ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір салтанат құратындығы хақ.
Түрлі себептерден шындығы айтылмай келе жатқан жағдайлар
әдебиет тарихында да баршылық. Жеке бір ұлттың, не болмаса, мем-
лекеттің, аймақтың ыңғайына орай жазылған «жалған тарихтар»
– өкінішке орай, өмірде кездесіп тұратын фактілер. Осы тұрғыдан
келгенде, әдебиет тарихын жасау барысында ойланып шешетін біраз
49
мәселелер бар. Бұл әсіресе ұлт-азаттық әдебиет өкілдеріне тікелей
қатысты. Ұлт-азаттық бағыттағы ағым белгілі бір халықтың ұлттық
тұрғыдан рухани өсіп-өркендеуіне айтарлықтай еңбек сіңірген әде-
биетінің жарқын беттерінен саналса, басқалар үшін олай емес, керісін-
ше, тіпті кейбір көрші халықтар үшін жау көрінуі де заңды. Осындай
себептерден қазақ халқының азаттығын, ұлт-азаттық күрестерде ерен
ерліктер жасап, керек десеңіз, өмірін қиған халық қаһармандарын
жырлаған не бір ауыз әдебиетінің үлгілері, тарихи жырлар, ақын-жы-
раулар егеменді ел болсақ та күні бүгінге дейін өзіне лайықты бағасын
ала алмай келеді. Мұндай жағдайлар басқа да кейбір ұлттық әдебиет
тарихын жазу барысында да кездеседі.
Бұл айтқанымыз ұлттық әдебиеттің тарихына қатысты десек те осы
мәселе ұлыстық, болмаса әлемдік әдебиеттің тарихын жазу барысында
қалай шешімін табуы керек деген мәселе ойлантпай қоймайды. Сонда
арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін, барлығына да бірдей, ойынан
шығатын әдебиет тарихын жасаудың ортақ жолы қайда жатыр? Біздің-
ше, ондай жол бар. Мұндағы басты мәселе әдіснамалық негізді, яғни
«тарих» қай тұрғыда жазылуы керек дегенді шешуге келіп тіреледі.
Біздің ойымызша, ұлттық әдебиеттің тарихы ұлттық мүдде тұрғысы-
нан жазылуы керек. Өйткені ол белгілі бір ұлтқа қызмет етеді. Сол
сияқты ұлыстың әдебиет тарихы ұлыстық, әлемдік әдебиеттің тарихы
жалпы адамзаттық мүдде тұрғысынан жасалғаны жөн. Бұл жерде мә-
селеге кең ауқымда келіп, ұлттық әдебиеттің әлемдік әдебиеттің құ-
рамдас бір бөлігі ретінде қарастырылғаны лазым.
Адамзат тарихына көз жіберсек, негізінен халықтардың бір-бірімен
тату көршілік қарым-қатынастарда өмір сүргенін көреміз. Десек те
олардың арасында түсінісбеушіліктердің де орын алып, олардың аяғы
жауласуға дейін барып отырғандығы – тағы да шындық. Қоғамдық
өмірдің көркем шежіресі әдебиетте негізінен адамдардың, халық-
тардың арасындағы достық, адамгершілік қасиеттері көбірек жырла-
нып отырған. Сонымен бірге көрші халықтардың арасындағы кейбір
түсінісбеушіліктердің салдарынан туындаған жауласушылықтардың
да орын алуы, олардың әдебиетте көрініс беріп отыруы да заңды.
Мұндай шығармалар көбіне ел қорғау тақырыбына, халық басына қа-
тер төнген қиын-қыстау кездерде ерліктің асқан үлгісін көрсетіп, ұлт-
тық мақтанышқа айналған ерлердің ерлігін жырлауға арналып, жұрт
сүйіп оқитын рухани құндылыққа айналады.
Әрине, ортақ әдебиет тарихын жасау барысында кездесетін мұндай
шығармаларды, ұлтқа өлшеусіз қызмет еткен әдебиет қайраткерлерін
халықтар арасындағы достыққа нұқсан келтіреді деп, шындықты ат-
тап кетуге болмайды. Оның ұлт өміріндегі ерекше рөлі аталып өтумен
бірге онда басқа халықтарға қарсы күрес суреттелуінің обьективтік,
субьективтік себептері де түсіндірілуі қажет. Қалай дегенде де ортақ
әдебиет тарихын жазу барысында онда халықтар арасындағы дос-
тық қарым-қатынастарға қылау түсіретін жағдайларға жол берілмей,
керісінше жер басып жүрген жұмыр басты барлық халықтардың алға
50
қойған арман-мақсаттары бір, ол –бақытты өмір сүру; оған тек достық,
бір-бірін құрметтеушілік, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды
бойға сіңіру арқылы ғана жетуге болады деген гуманистік идеялар
негізгі лейтмотив болуы керек.
Бұл жерде ұлттық пен адамзаттық категорияларын анықтай түсудің
қажеттілігі сезіледі. Жалпы, ұлттық пен жалпыадамзаттық ұғымдары
бір-біріне қарсы ұғымдар емес, керісінше, біртұтас дүниенің түрлі
жағдайлардағы көрінісі. Ұлттық құндылықтар- жалпы адамзаттық ру-
хани құндылықтардың құрамдас бір бөлігі. Демек, әлемдік құндылық-
тардың құрамына ұлттық әдебиеттер де кіретіндіктен әлем әдебиеті
деп жүргеніміздің өзі – ұлттық әдебиеттердің жиынтығы. Сондықтан
да ортақ әдебиеттің тарихын жасау барысында барлық ұлттық әде-
биеттердің ішіндегі жалпы адамзаттық идеалдардың жырлану мәсе-
лелеріне ерекше мән беріліп отырғаны жөн. Сонда ғана ортақ әдебиет
тарихы ортақ идеалдарды жырлаған әдебиеттің шындығын айтып, ха-
лықтар арасында гуманистік идеалдардың салтанат құруына қызмет
ететін болады.
Сонымен бірге әр уақыттың, әр дәуірдің өз шындығы тағы бар. Мы-
салы, кеңес өкіметі жылдарындағы мен қазіргі тәуелсіз ел кезіндегі
өмір шындығының арасындағы айырма – жер мен көктей. Осы кездер-
де жазылған көп томдық «Қазақ әдебиетінің тарихтарын» шын мәнін-
дегі толық қанды ғылыми негізді еңбек деуге келе бермейді. Бұларда
қазақ әдебиетінің тарих көшінде жүріп өткен жолдарының соқпақта-
ры сайрап жатқанымен де сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайдың
ықпалымен әдеби өмір шындығы кері бағаланған. Қазақ әдебиетінің
А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, М. Ж.
Көпеев секілді классиктері «ұлтшыл», «байшыл», «халыққа жат» са-
налып, әдебиет тарихынан алынып тасталынуы сол кездің саяси шын-
дығы болатын.
Шынайы әдебиет тарихын жасауда басшылыққа алынып отыратын
тарихшылдық, шыншылдық ұстанымдарымен бірге зерттеудің ғылы-
ми сыпатта жүруі, бағалаудың халықтық тұрғыдан болуы, өмірмен
тығыз байланыста болып, қоғам қажеттілігін өтеуі де да маңызды.
Ең бастысы қарастырылып отырған дәуірдің әдебиеті көркемдік тұр-
ғыдан бағаланып, ұлттық, одан қалды әлемдік әдеби дамуға қандай
жаңалықтар әкелді, рухани қазынаға нендей үлес қосты деген сауал-
дарға жауаптар ізделінеді. Ғалым зерттеп отырған нысанына орай
қандай пікір білдірсе де ғылымның бұрынғы-соңғы жетістіктеріне
сүйене отырып, айтылуы тиіс. Сонымен бірге ғылымның ғылым үшін
ғана емес, халықтың өзін-өзі тарихи тұрғыдан тануы, рухани азық қа-
жеттілігін өтеуі де ылғи ескеріліп, ұлттық мүддеге қызмет етуі міндет.
Өмірді ғылыми тұрғыдан танып білудің философиялық принцип-
теріне сүйеніп, тұтас бір жүйеге айналған жекелеген ғылым салала-
рының тәсілдерін сол ғылымның әдістері деп айтамыз
Достарыңызбен бөлісу: |