(М. Б. Храп-
ченко. Художественное творчество. Действительность. Человек. М., 1976).
Демек, тарихи поэтика шын мәніндегі көркемдік дамудың тарихын
жасауға көмектесіп, жағдай жасап отырады екен.
Тәжірибеде әдебиетті зерттеудің ғылыми ұстанымдары жеке дара
қолданылмайды десе де болғандай. Өйткені сан қырлы бөліктерден,
байланыстардан, құбылыстардан тұратын өмірді тұтас күйінде көр-
кем бейнелеу қаншалықты күрделі болса, көркемдік құралдардың
көмегімен біртұтас дүниеге айналған өнер туындысын талдау да сон-
шалықты қиындықтар туғызады. Сан қырлы әдебиетті дұрыс бағытта
танып-білуді қамтамасыз етуге бір ғана ұстанымның шамасы жете
бермейді де, көркем туындының сан сыпатты табиғатын аша түсетін
зерттеу ұстанымдары таңдап алынып, тұтастай кешенді (комплексті)
түрде қолданылады.
Әдебиетші ғалым зерттеу нысанын, ізденістерінің бағытын ғылы-
ми ұстанымдар арқылы айқындап алған соң, келесі кезең өзінің алға
қойған мақсатына қол жеткізетін талдау тәсілдерін таңдауға кіріседі.
53
Ол біреу, бірнешеу, не кешенді (комплексті) болуы да мүмкін. Зерттеу
барысында қандай әдістің, болмаса әдістердің қолданылатыны алға
қойған мақсатқа, қарастырылып отырған әдеби нысанның сыпатына
орай анықталады.
Қазіргі әдебиеттану ғылымы әдебиет тарихын зерттеу әдістері жағы-
нан да біршама жетістіктерге жеткен. Солардың ішінде әдеби дәуірді
тани түсуге тарихи-типологиялық тұрғыдан келу өзінің жемісті жол
екендігін көрсетіп жүр.
Әдебиеттің тарихын жасау – оның жүріп өткен жолдарын, әдеби
құбылыстарын сол кездердің әлеуметтік-тарихи жағдайы аясында,
қоғамдық оқиғаларымен тығыз байланыста қарастыру деген сөз. Өйт-
кені, әдебиет дегеніміз – белгілі бір қоғамдық өмірдің, дәуірдің тұтас-
тай алғандағы көркем бейнесі. Әлеуметтік өмірдің зәру проблемалары
сол дәуірдің әдебиетінде қаншалықты көрініс тапқандығын, уақыт та-
лабына, ұлттық, халықтық мүдделерге қаншалықты жауап беріп, қыз-
мет ете алғандығын анықтау әдебиет тарихшысының алдында тұрады.
Мұның өзі зерттеушіден бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктері-
мен, оның ішінде зерттеу әдістерімен де толық қарулануды қажет
етеді. Етіп қана қоймайды, талап етеді.
Әдебиет жекелеген қаламгерлерден тұрады. Шын мәніндегі әрбір та-
лантты қаламгер – өзгеге ұқсамайтын қайталанбас өнер иесі ретінде әде-
би құбылыс. Сонымен бірге әдебиеттің ірі өкілдерін, белгілі бір дәуірдің,
ұлттың әдебиетін басқалармен іштей байланыстырып тұратын, сырт көзге
онша байқала бермейтін ұқсастықтар да болады. Барлық әдебиеттерде кез-
десетін ортақ ұқсастықтар олардың өзгеге ұқсамайтын өнерпаздық қол-
таңбасы мен ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Мұндай жағдай
екі түрлі себептерден болуы мүмкін. Оның біріншісі әдебиет өмір сүріп
отырған қоғамдық-мәдени ортаның ұсастығынан болса, екіншісі – әдеби
байланыстардың әсері. Әдеби ортақ қасиеттер бір ағымдағы қаламгер-
лерді, ұлттық әдебиет, одан қалды ұлттық әдебиеттерден тұратын әлемдік
әдебиет өкілдерін жұмыр жердегі бүкіл адамзаттың бақытты өмір сүруі
үшін күресінде бір-бірімен жақындастырып, ізгілікті істерге жұмылдыра
түседі. Міне, осындағы қоғамдық дамудың бірдейлігінен пайда болған әде-
биеттегі ұқсастықтарды типологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туын-
дайды.
Көркем әдебиетің бірнеше құрылымдық қатпарлары бар. Оның ең
сыртында әлеуметтік, ең ішкі жақтарында көркемдік қатпарлары
орналасқан. Бірінсіз бірі жоқ. Бұлар бір-біріне алғышарттар жасап,
біртұтас өмір сүруді қамтамасыз етеді. Әдеби шығарманың көркемдік
қасиеттерін бағалау алдымен, оның «сыртындағы» әлеуметтік қыр-
ларын анықтаудан бастау алады. Сондықтан да белгілі бір туындыны,
қаламгерді, әдеби дәуірді бағалау сол дәуірдің қоғамдық-саяси өміріне
экскурстан басталады. Өйткені, қаламгер де – қоғам мүшесі. Суреткер
де қоғамда болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайтыны сияқты
бұлардың да оның шығармашылығына әсері болмай қоймайды.
54
Жалпы, әдебиеттің дамуы қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалға ті-
келей байланысты. Өмірге келген әрбір шығарманы қоғамда жүріп
жатқан түрлі әлеуметтік процестердің тікелей салдары десе де бол-
ғандай. Сондықтан да әдебиетті зерттеу осы әдебиетті өмірге әкелген,
оның осындай болуына әсер еткен қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға
алдымен назар аударады. Әдебиеттің әлеуметтік қырларын ашуға ти-
пологиялық зерттеулер көмектеседі. Әдебиетті типологялық тұрғы-
дан зерттеу көркемдік дамудағы ортақ ағымдарды, ұқсастықтарды
анықтауды мақсат тұтады. Нақтылай түссек, ұлттық әдебиеттердегі,
одан қалды әлемдік әдебиеттегі қоғамдық дамудың салдарынан туын-
даған ортақ сарындарды, олардың көркем туындыдағы көріністерін
зерттейді. Жеке қаламгерге келгенде, оның шығармашылығына өз
дәуірінің әсерін, өзіне дейінгі және басқа да әдебиеттермен ұқсас болу
себептерін ашады.
Зерттеуші әдебиеттің көркемдік қыр-сырларын аша түсу үшін
оның осылай болу себептеріне үңіледі. Әдеби шығарма туылмастан
бұрын оның жазылуына, жазылғанда да дәл осылай шығуына тіке-
лей әсер еткен саяси-әлеуметтік, тұрмыстық факторларды анықтау
көркемдік әлемінің ішіне кіргізер кілт іспеттес. Себепсіз салдар бол-
майды. Әдебиетті әдебиет қылған да, қудалап құлдыратқан да – за-
маны, сол қоғамда жүріп жататын түрлі саяси жағдайлар. Осындай
мағлұматтардың барлығы да – зерттеліп отырған әдебиеттің, әдеби
дәуірдің қыр-сырларын аша түсуде әдебиет тарихшысы үшін аса құн-
ды деректер.
Әдебиетті, әдебиеттің тарихын типологиялық зерттеуге қарсылар
да бар. Неміс ғалымы В. Кайзер «Сөз өнері» атты кітабында әдебиет
ғылымы көркем шығарманы зерттеуі керек, ал «әдебиеттің ішінен»
тысқарының барлығы да, атап айтқанда, жазушының өмірбаяны,
тұлғасы, жасы, араласқан адамдары, өмір сүрген ортасы сияқтылар
әдебиеттанудан тыс мәселелер деп біледі. Сол сияқты әдебиеттің таза
көркемдік құрылысын анықтауды басты міндет санайтын «структура-
лизм», көркем шығарманы жаңа түр санап, оны формалық жағынан
ғана қарастыратын «формализм», жазу атаулының барлығын «таңба»
ғана деп білетін «семиотика» секілді әдебиеттанудағы ғылыми ағым-
дар типологиялық тұрғыдан зерттеуді онша мойындай бермейді.
Мұндай пікірлердің дұрыс жағы да, дұрыс емесі де бар. Дұрыс емесі
– типологияны жоққа шығарып, әдебиетті тек қана көркемдік тұрғы-
дан, онда да менің ғана тәсіліммен зертте деп, көркем әдебиеттің
әлеуметтік сыпатын елемеуі. Дұрысы – әдебиет зерттеушілерін типо-
логиялық зерттеулермен тым әуестене бермей, басқа да әдістердің бар
екендігіне назар аудару.
Біздіңше, қоғамдық өмір аса күрделі болса, сол өмір шындығының
көркем бейнесі саналатын көркем әдебиет те соншалықты күрделі.
Оны бір ғана зерттеу тәсілімен зерттеп, көркем шығарма ретіндегі қа-
сиеттерін ашып беру мүмкін емес. Қоғамдық өмірдің түрлі жақтарын
сандаған ғылым салалары зерттейді. Сондықтан да әдебиетте көрініс
55
тапқан әлеуметтік өмірдің түрлі жақтарының қалайша бейнеленгенін
анықтауға типологиялық зерттеу көмекке келеді.
Типологиялық зерттеулердің аясы өте кең. Ол жекелеген қалам ие-
лерінің шығармашылықтарындағы ұқсастықтардан бастап әлемдік
әдебиеттегі ортақ сарындарға дейін қамтиды. Әдебиеттер арасында-
ғы ұқсастықтардың тарихи дамудың бірдейлілігінен, не әдеби-мәдени
қарым-қатынастардың әсерінен екендігін анықтап, осылай болудың
жалпыға ортақ заңдылықтарын аша түсуге талпыныс жасайды.
Сонымен типологиялық тұрғыдан зерттеу әдебиеттердің арасында-
ғы ұқсастықтарды көркем шығарманың құрылысы, идеясы, образ, сю-
жет, стиль, әдеби жанр, әдеби ағым, әдеби бағыт, әдеби дәуір, әдеби
процесс, ұлттық әдебиет деңгейлерінде қарастырып, олардың ортақ
заңдылықтарын ашуға көмектеседі. Яғни, қоғамдық ортаның әдебиет-
ке тікелей әсерлерін, көркемдіктің қыр-сырларын әлеуметтік жағынан
келіп ашуға ұмтылады.
Типологиялық зерттеулердің дұрыс бағытта жүруіне дүниетаным-
дық көзқарас ерекше рөл атқарады. Зерттеушінің білім деңгейінің,
өмірлік тәжірибесінің мол болуы, зерттеу әдістерін меңгеріп, оларды
орынды қолдана білуі типологиялық ізденістердің жемісті болуының
бірден бір шарты.
Әдебиет тарихын зерттегенде, негізгі міндет – стиль, ағым, бағыт,
әдеби мектептерге назар аударып, сол дәуірдің әдеби өміріндегі бас-
ты тенденцияларды анықтау болса, мұны жалаң күйінде емес, тарихи
тұрғыдан, сол кездің саяси-әлеметтік өмірі аясында танып білуге кө-
мектесетін әдістер бар. Әдебиет тарихын зерттеуде қолданылып жүр-
ген зерттеу әдістері төмендегідей:
1). Биографиялық. Бұл әдіс бойынша, әдеби туынды оның авто-
рының өмірбаянымен байланыста, өмір жолының тікелей нәтижесі
ретінде қарастырылады.
2). Мәдени-тарихи әдіс әдебиетті зерттеп отырған дәуірдің мәде-
ни-тарихи жағдайымен тығыз байланыста, сол дәуірдің жемісі, бір
көрінісі тұрғысынан қарастыруды талап етеді.
3). Салыстырмалы-тарихи метод әдебиетті өзіне дейінгі, сол дәуір-
дегі басқа да қаламгерлермен, әдебиеттермен салыстыра отырып,
зерттейді. Бұл әдісті қолданғанда, салыстыруға болатын, болмайтын
жағдайларды айыра білу қажет.
4). Әлеуметтік (социологиялық) әдіс әдебиеттің қоғамдық қырлары-
на, идеялық жақтарына көбірек мән береді. Мұнда көркем әдебиеттің
басты мақсаты қоғамдық өмірдің толыққанды бейнесін жасау, өмірді
жақсартуға көмектесе алатын идея ұсыну санап, соларды анықтауға
күш салады.
5). Формальдық тәсіл көркем шығарманы белгілі бір формадағы
өнер туындысы деп қарап, әдебиеттану ғылымының басты мақсаты
көркемдік дамудағы формалық жаңалықтарды анықтау деп біледі.
Формальдық метод кейіннен структурализмге, ол өз кезегінде жүйелі
(системно)- структурализмге ұласты.
56
6). Тарихи-функциональды метод. Әдебиетті қоғамда атқаратын
үгіт-насихатшылық, тәрбиешілік, эстетикалық, ұйымдастырушылық
секілді қызметтеріне қарай қарастырады.
7). Тарихи-генетика көркем шығарманың туу негіздерін, себептерін
зерттейді.
8). Тарихи-теориялық тәсіл әдебиетке теориялық жағынан келіп,
сол дәуірде тарихи қалыптасқан көркем формалардың тарихи санада
көрініс табуы, дамуы зерделенеді.
9). Мифология әдебиетті бір елден екінші елге ауысқан аңыздардың,
ортақ сюжеттердің жаңа ортада басқа ұлттық формада көрінісі санайды.
Әдебиетті, оның тарихын зерттеу әдістері мұнымен шектеліп қал-
майды. Көркем әдебиетті қоғамдық өмір туғызған тұтас бір өнер
туындысы ретінде емес, оны бір жақты ғана зерттейтін семиотика,
структурализм, математикалық, т. б. әдістер толып жатыр. Әрине,
бұлардың барлығын да жоққа шығаруға болмайды. Орынды пайдала-
на білсе, көркем әдебиеттің сан қырларын аша түсуге септігін тигі-
зері анық. Бірақ та негізгі зерттеу әдісі ретінде қолдануға келгенде,
мүмкіндіктері шектеулі.
Өмір қаншалықты күрделі болса, оның көркем бейнесін жасайтын
әдебиет те сан қырлы. Қоғамды, табиғатты қаншама ғылым салала-
ры зерттесе, солар көрініс табатын бір ғана әдебиетті танып білудің,
талдаудың да соншалықты талдау амалдарын қажет еткен қиындықты
алдан шығады. Демек, көркем әдебиетті бір ғана амалмен, тіпті әде-
биеттану ғылымының тәсілдерімен зерттеумен шектеліп қалуға бол-
майды екен.
Ғалым ғылыми ізденістер барысында өзіне оңтайлы, өзі көркем
шығарманың маңызды жағы санап отырған тұстарын ашып көрсетуге
көмектесетін әдістерді ғана қолданады. Ол жеткіліксіз болса, қашан
алға қойған мақсатына жеткенше, қажетіне қарай, келесісіне көшіп,
қатарынан бірнеше тәсілдерді қолдануы мүмкін. Бұлардың ішінде
біреуі негізгі де қалғандары көмекші. Тіпті, тұтас бір дәуір бейнелен-
ген көркем туындының көркемдік қасиеттерін ашып көрсету үшін бір
ғана әдебиеттану ғылымының әдіс-амалдары жеткіліксіздік танытып,
ондай кездерде басқа да қоғамдық ғылымдардың жетістіктері мен
зерттеу тәсілдерін пайдалану да – жиі кездесетін жәйт. Сондықтан да
соңғы кездердің әдеби зерттеулерінде кешенді талдауды көбірек қол-
дануға ұмтылыс бар.
***
Сонымен, түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау жайлы
ойларымыздың негізгі түйіндері төмендегіше:
1). Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау мәселесі –
ғылыми жағынан да, саяси-әлеуметтік жағынан да күн тәртібінде тұр-
ған, пісіп жетілген қажеттілік.
2). Ортақ әдебиет тарихын жасау ісіне осы саланың білікті түркілік
ғалымдарымен бірге, әлемдік әйгілі түркітанушылар да қатысып, оны
57
жазудың терминдік, әдістемелік негіздерін бірлесе отырып шешу ке-
рек.
3) Әдебиет тарихын қай кездерден бастау мәселесінде кейінгі кез-
дерде анықталған біздің жыл санауымыздан бұрынғы көне қытай жаз-
баларындағы түркілік деректерге, осыған қатысты басқа да жаңалық-
тарға назар аударыңқыраған жөн. Соңғы зерттеулер түркі халықтары
әдебиетінің тарихы біздің жыл санауымыздан бұрынғы Х ғасырдан
бастау алатындығын дәлелдеп отыр.
4). Әдебиет тарихын дәуірлеу – әдеби өмірде түбірлі өзгерістер
туып, көркемдік дамуға сапалық жаңалықтар әкелген кезеңнің ме-
жесін хронологиялық тұрғыдан анықтау деген сөз. Әдебиеттің жүріп
өткен жолдарын дәуірлегенде, тарихи-хронологиялық ұстаным мен
идеялық-көркемдік, яғни әдеби даму тұрғысынан жіктеуді қатар қол-
дана білу оңтайлылық танытады.
5). Түркілік ортақ әдебиетке түркі халықтарының әрқайсысы тарих
сахнасына жеке мемлекет, ұлт болып шыққанға дейінгі дәуір жатады.
Мысалы, қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарының
төл әдебиет тарихтары шамамен ХУ ғасырдан, түрік, әзербайжан, шу-
ваш әдебиеттері одан әрігіректен бастау алады.
6). Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихы әдеби фактілердің
тарихи тізбесі емес, әдебиеттану, қоғамдық ғылымдардың соңғы
жетістіктеріне сүйеніп, тарихи-теориялық тұрғыдан жазылған ғылы-
ми еңбек болуы керек.
7). Ортақ әдебиет тарихын жазу барысында түркі халықтарының
өзіндік даму тарихы, мәдениеті еуропалық таным, ғылым стандарт-
тарына көп реттерде сия бермейтіндігі ескеріліп, сөз өнерінің өзгеге
ұқсамайтын ұлттық, ұлыстық көркемдік сыпатын ашуға басты назар
аударылғаны жөн.
8). Әдеби дәуірлердің сыпаттамасында оған әсер еткен ішкі, сырт-
қы факторларды анықтай отырып, әдеби өмірдің негізгі көркемдік
даму бағыттарын аша түсуге ұмтылу керек.
9). Негізгі мәселе әдебиет тарихы болғандықтан да белгілі бір
дәуірдің әдебиеті, болмаса сол әдебиеттің көрнекті өкілдері әдеби да-
муға қаншалықты үлес қосты деген сауалға жауаптар ғылыми негізді
болғаны дұрыс.
58
ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫ – ҰЛТ
РУХАНИЯТЫНЫҢ АҚ АЙДЫНЫ
Достарыңызбен бөлісу: |