ҰЛЫ ДАЛА тарихы
41
монеталарында билік иелерінің есімдер көне соғдыша жазылған. Түргеш
мемлекеті (699-766 жж.) кездерінде де аталмыш соғдыша жазылған ақшалар
кеңінен сауда айналымында қолданылған.
Сонымен қатар Ұйғыр қағандығы
дәуірінде «Ай Тәңіріде Құт болған Алып Білге Тәңірі Ұйғыр қағанға» (808-832
жж.) орнатылған ескерткіш көне түрк, соғды және қытай тілінде жазылған.
Батыс Түрк қағандығының ежелгі қоныстарының бірі және Жібек жолы
тораптарының ірілері санатында Тараз, Суяб, Отырар, Шаш сияқты көптеген
қалалар болды. Батыс Түрк қағандығының астанасы – Суяб қаласы еді. Және
Құңғұт, Тараз, Мерке, Испиджаб (Шымкент), Тарбан (Отырар), Атлах, Құлан,
Қойлық, Барсхан және тағы басқа қалалар бой көтерді. Сол дәуірдің айғақтары
ретінде бүгінгі Қазақстан (әсіресе Оңтүстік Қазақстан ) аумағында және де
Өзбекстан, Қырғызстан жерлерінде көне соғды жазулы ақша-тиындар, түрк бітік
жазулы ескерткіштер, қорған, бәдіз тасмүсін, балбал секілді жәдігерлер молынан
кездеседі. Əсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу бойында, Өзбекстанның Шаш,
Ферғана, Қырғызстанның Талас өңірінде сауда-саттық қатынастардың айқын
фактілері, әртүрлі тиындар ақша айналымында қолданылып, ерекше қарқынды
дамыған еді. Батыс Түрк қағандығын билеушілер қаған атынан және олардың
тегіндері мен тұдұндары атынан шығарған ақша-тиындар қазіргі Өзбекстанның
Канка, Құлақтепе, Ақтепе, Ханабад, Кавардан, Киндиктепе секілді аумақтарынан
молынан табылып отыр. Бұл Түрк империясының алғашқы кезеңдерінде «Жібек
жолы» торабының батыс бағыттары бойында соғды жазуын еркін қолданғанын
көрсетеді.
Қаған, қатұн бейнеленген монета.
Батыс Түрк қағандығы, VI ғасырдың соңғы ширегі - VII ғасырдың басы.
Шаш (Ташкент) аймағы.
|