ҰЛЫ ДАЛА тарихы
359
ТҮРКІСТАННЫҢ БАС АҚЫНЫ АБАЙ
Тағдыр айдап эмиграцияға кеткен Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегі мен
мұқалмас қайраты арқасында Берлин қаласында шығып тұрған «Яш Түркістан»
журналы ұлы Түркістанға қатысты көптеген құнды мұраларды қойнауына бүгіп
жатыр. Олай дейтініміз, біріншіден, «Яш Түркістан» журналы қазіргі қазақ
тіліне түгелдей аударылып, ғылыми, әдеби айналымға толық түсе қойған
жоқ. Екіншіден, Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығын мұрат тұтқан бұл
журналдың негізгі бағыты саяси сипатта болғанымен, басылым бетінде мәдени,
рухани, тарихи, әдеби туындылар мен мақалалар жиі жарық көріп тұрған.
Мұстафа Шоқай бастаған азаттық ерлері кеңестік Түркістанда болып жатқан
оқиғаларға наразылық білдірумен ғана шектелмеген, олар ұлттық тұрғыдан
өзіндік ұстанымдарын да айқын аңғартып отырған.
Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жинастырып жүрген кезімізде, дәлірек
айтқанда 1997 жылы «Яш Түркістан» журналында жарияланған бір мақалаға
көзіміз еріксіз түсе берді. 1934 жылы жарық көрген мақала «Түркістанның ұлы
ақыны – Абай Құнанбайұлы»
629
деп аталады екен. Түркістанға ортақ, сол тұста
жалпыға түсінікті болған шағатай тілінде жазылған аталмыш мақалаға қосымша
ретінде Абайдың мәшһүр суреті басылып, оның астына «Түркістанның ең ұлы
ақыны Абай Құнанбайұлы» деп жазылыпты. Мақаланың соңына «Есен Тұрсын»
деп қол қойылыпты. Автордың бүркеншік ат қолданғанын сезе қойғанымызбен,
оның астына жасырынған кісіні анықтау оңайға соққан жоқ. Несін жасырамыз,
тіпті, әуелгіде Мұстафа Шоқайдың өзі болар деп те ойладық. Өйткені,
эмиграцияда жүрген зиялылар арасында жаңа қазақ поэзиясының көшбасшысы
болған ұлы Абайды ұлты қазақ Шоқайдан артық кім білмек? Оның үстіне, мақала
авторы Абайды тұтас Түркістанның ең ұлы ақыны ретінде бағалаған екен. Біздің
білуімізше, Абайды бұлайша тұтас Түркістанның бас ақыны деп бағалаған жан
бұрын-соңды болған емес.
Расында, Түркістан үшін жан қиған Мұстафа Шоқайдың бұл мақаланың
жазылуы мен жарық көруіне үлкен септігі тиген де шығар, дегенмен, зерттеу
барысында көз жеткізгеніміздей, Есен Тұрсын – «Яш Түркістан» журналының
жауапты хатшысы Тахир Шағатайдың лақап аты екен
630
. Сондықтан, ұлы
Абайдың өмірден өткеніне 30 жыл толуына орай шет елде, «Яш Түркістан»
журналында жарық көрген бұл мақаланың авторын профессор Тахир Шағатай
деп батыл айтуға болады.
Ең алдымен айтар жайт – көлемі шағын мақала қалың көпшілікке
арналғанымен, ғылыми тәсілден ауытқымай, барынша жүйелі жазылған.
629
«Yaş Türkistan» Cilt I, Istanbul 1997.
630
Қыдырәлі, 2008, 124 б.
|