Дастандар


ДҮЙСЕННІҢ МАРИЯМҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ



бет10/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді

ДҮЙСЕННІҢ МАРИЯМҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ

Адал сөзін – махаббаттың


Ар ғып саған айтамын наз.
Жүрегіме сен от жақтың,
Болдым сенің лебіңе мәз.
Күн сипатты ақ дидарын,
Алды ма нұр әлде көктен?
Жүрегіңнің ұқтым зарын,
Әуезіңнен тебіренткен.
Ай боп туып өзге жұрттан,
Үмітіме болдың жұлдыз,
Аттай алмай жат ғұрыптан.
Әурелікпен неге жүрміз?
Желпілдейді ел түндігі,
Тасиды өсек, жел сыбырлап,
Азғын жан деп мен сорлыны,
Сумаң қағып жатыр шулап.
Көндім жұрттың мазағына,
Ықтырмайды мені күшпен.
Көтеремін азабын да,
Өтсе өмірім ерегеспен.
Тәңір де емес қорқынышты,
Үрейі емес я құранның.
Өр әкенің сөзі күшті –
Қожасындай ар-иманның.
Бұл назымды әрең шыққан,
Айтар едім құшып тұрып,
Аңдып жүрген бізді дұшпан,
Екеумізге жасар бүлік.
Мұңлы хатқа жауап күттім,
Айт расынды асық жарым.
Қуанышпен жанды үмітім,
Қосылуға асығамын.


ДУДАР-АЙ


I

Шексіз бір көк теңіздей шымқай дала,


Әндерін шығандатып шырқай сала,
Жүр еді жылқышылар, жылқыларын
Айдап сап кең бетеге, көк майсаға.
Көп жылқы көл құсындай, көкалалы,
Көркейтіп көлбеп ерген кең даланы.
Кісінеп күмбір-күмбір күреңдері,
Малжанды көңілге бір күй салады.
Осы мал өзінікі емес, әттең!
Күндері жалшылықпен кор боп өткен.
Даланың жортуылы – жылқышылар
Осылай ән салатын кейде кекпен.
Болса да өзі жалшы, жаны сері,
Жылқышы – жігіт өрі, жастың ері.
Кеудесін баса алмаған бай бажылы,
Не боран, не дауылды көк нөсері.
Өткізіп ұры түнді сақ көзімен,
Даланы оятады әуезімен.
Құлындай шұрқырасып таң сәріде
Масайрап мәз болады өзді-өзімен.
Көңілді күндегіден бүгін тіпті,
Әндеткен ортаға алып бір жігітті.
Сөйлеп тұр көтеріліп осы жігіт,
Кім өзі, қалың қабақ қара мұртты?
Кеңесін Тимофейдің көріп қызық,
Аз уақыт хуторында күн өткізіп,
Ел жаққа қайтты Дүйсен, сол бір қарттың,
Тілегін, ақылдарын ойға тізіп.
Ал Базар Мариямға алып хатты,
Кеткелі бес-алты күн болып қапты.
Жүр ме екен, серуендеп Өрігімен,
Әлдилеп әлде сәби махаббатты?
Ойына ереуіл сап бастағы мұң,
Ішіне келді Дүйсен достарының.
Ауылға бара алмады, сескендірді
Сөздері сумаңдаған дұшпанының.
Достары жеті түнде, жылқы баққан,
Дүйсен де қиқулатқан түнді ұнатқан,
Мәз болып жатыр бәрі ол келгенге,
Кез еді таң самалда тыным тапқан.
Мадақтап орыс қызын, ғашық сырын,
Дүйсенге айтты бәрі қалжың сынын.
Бірақ та сезіп шерін екі жастың
Түсінген тақсыретін қайғысының.
Осылай қуанысып тынық таңда,
Басылды шырқалған ән күн шыққанда,
Сөз бастап достарына кетті Дүйсен,
Түсіп бір аттарынан тыныққанда.
– Осынша неткен дала, ұлан жазық,
Осылай жатқаны ма құр құлазып?
Қу шөптен басқа нәр жоқ үстінде бір,
Түртініп тапқан әрең мал ғана азық.
Орыстың таң қаламын өнеріне,
Толықсып бәйшешектер тұр жерінде.
Кешегі құла түзге қала қонып,
Теңіздей айналасы толды егінге.
Бау-бақша, жасыл мәуе... толған нәсіп,
Судан да, ағаштан да тапқан кәсіп.
Осының бірін тағдыр білдірмеді,
Қазаққа өші бардай ерегесіп.
Меңіреу даламыздай мүлгіп тұрған,
Еліміз оянған жоқ әлі ұйқыдан.
Ойласақ білім де жоқ бәрімізде,
Не білдік дүмше молда оқуынан?
Осылай аңды қуып, малды бағып,
Далада жүреміз бе қаңғып, лағып?
Орыстан оқып неге үйренбедік,
Өнеге істерінен тәлім алып?
Кім біздің қолымызды қойған байлап,
Осыны білдіңдер ме, тегінде ойлап?
Қырдағы қытымыр бай, болыс бізді
Қалайша тұншықтырып, қор қып қоймақ?
Бәрі де тұрып қалды батып ойға,
«Дариға, оқу қайда?
Өнер қайда?
Көрінді жер құртындай бай жылқысы,
Шұбырып бара жатқан терең сайға.


ІІ

Тұрғанда қарап жолға кетіп шыдам,


Сәлем ап жетті Базар ғашығынан.
Асығыс жардың сөзін тыңдады ол,
Жауапты іздеп сырға жасырынған.
«Түсіп сен мұңы терең Марияның
Арманы толқынындай дарияның,
Сен үшін, достық, еркін өмір үшін,
Дінді де, ғұрыпты да мен киямын!» –
Дегені жылы тиіп жүрегіне,
Ойнақтап тұрды шалқып нұр реңінде.
Сүйсінді Мариямның бұл сертіне,
Ойының өрлігіне, өреніне.
Қуанып қыз сырына жылқышылар,
«Дүйсен-ау, дәтің бар ма енді шыдар?
Адалын айтыпты ғой...» деген кезде
Сөздерін бөліп сөйлеп кетті Базар:
– Нұрадан кетіпті әкең көшіп елге,
Барыпты Ыдырысқа, Ащыкөлге,
Сөзіне сол көлгірдің наныпты қарт,
Арбаған алдаумен де, ашумен де.
Ұрланып үйіңе де қайттым барып,
Сорлы әкең іздеп сені, отыр налып.
Түйіліп ақсақалдар, хазіреттер,
Кетіпті кеше ғана әлек салып:
«Ұлыңды, дінді бұзып, жүрген жазып,
Тыймаған надан әке – сенде жазық,
Орыстың қызын алса – ұлың сенің,
Кетеді әулетіміз түгел азып...
Күнәсін өзі келіп, тәңір атқан,
Сұрасын хазіреттен, шариғаттан.
Келмесе, орыс қызын алып кетсе,
Үкен, сен кінәлісің, сірә, сақтан!
Мал-мүлік онда өзіке болар харам,
Шариғат – дін қарғысын төгер саған.
Болмасын десең егер, осы жаза,
Мешітке мойын сұнып, келсін балаң!..»
Осылай әлек сапты сұмдар өңшең...
Амалын осы көптің ойлап, біл сен,
«Әкелік әмірім сол, – деді, қартың, –
Өзіммен кеңесуге келсін Дүйсен...»
Қабағын қара бұлттай ыза бүркеп,
Дуйсен тез сөйлеп кетті қолын сілтеп: –
Әкемде жұмысы не жендеттердің,
Күнәлі құдайына өзім ғой тек.
Айтыңдар, ел алдында бар ма күнам?
Құтылам діннің қалай арбауынан?
Берейін еркіндікті жүрегіме,
Ғұрыптың құтқарайын қармағынан,
Езілген ескілікпен, қайран әкем,
Сорлатып сен байғұсты қайда кетем?
Барайын, мешітіне, айтысайын,
Шариғат шын ғашыққа не айтар екен? –
Осыны айтып Дүйсен зілді кекпен,
Жөнелді әкесіне өзін күткен.
Қоштасты, достарына сертін беріп,
Дәлелдеп сөйлесуге хазіретпен.


ІІІ

Меңіреу мешітіне түнге жақын,


Міңгірлеп айтты молда мінежатын,
Мүскіндер қойдай сулап, домаланып,
Күбірлеп айтып жатыр құдай атын.
Бүгжеңдеп тақуалар белді бүгіп,
Өліктей түсі қашып жатыр мүлгіп.
Сәлдесі дағарадай сұп-сұр имам,
Әлхамын айтып сарнап тұрды шұлғып.
Ішінде сәжде қылған топырлардың,
Тізесін әрең бүккен тәкәппар кім?
Алла емес, аузында – ашулы сөз,
Тұрысы көрсетіп тұр бұзық қалпын.
Бұл тұрған сұм Ыдырыс, келіп бұрын,
Дүйсеннің хазіретке айтқан сырын.
Түнеріп хазірет тұр осыны естіп,
Ішінде түнек ойлар тұр жасырын.
Кешегі өткен жұма намазында,
Жиналып өңшең діңқар – қайнап ыза,
Дүйсенге айтқан шулап, қарғыстарын.
«Азғын» – деп ғашық болған кәпір қызға,
Хазірет дір-дір етіп айтқан уағыз:
«Қосылды діні жатқа азғын нағыз,
Ондайға шариғаттың жазасы бар,
Күнәсін алла атынан бұйырамыз!»
Табылмай Дүйсен бірақ содан бері,
Жалындап Ыдырыстың жанған кегі.
Өзіне бағынбаған қайсар жастың,
Ызасы жүрегінде қайнап еді.
Меңіреу мешіт іші батып мұңға,
Ыңырсып аят әрең айтылуда.
Көңілсіз бейуақтың бұлдырында
Мезі ғып үнсіз маңды тұрды дұға.
Бастарын қалтандатып, шұлғып изеп,
Алдамшы нысананы оймен меңзеп,
Табынып түнек жандар тәжім еткен
Ғайыпқа құлдық ұрып, рақым іздеп.
Достарым, жандарымыз қандай азат,
Құдайсыз, табынусыз – өмір ғажап!
Еркінбіз, әміршіміз жанымызға,
Біздерді шошытпайды құдай, дозақ,
Ғайыпқа құлдық ұрып болған пенде,
Нe дейміз жаны езіліп өткендерге?
Еркіндік таппай жанға, махаббатқа,
Талайлар батпады ма сөйтіп шерте?!
Мешітке Дүйсен міне келді кіріп,
Қабағын түйіп қатты, калды тұрып.
Түскендей қой қораға көкжал бөрі,
Бастарын қалтылдатып қалды бұрып.
Бұзылып кетті намаз, үзілді аят,
Мешіттің мұнарасы сынғандай-ақ.
Түксиіп тұрды бәрі, тәубаны айтып,
Алдында әзірейіл тұрғандай тап.
Хазірет сұрлана қап, айтып дұға,
Күбірлеп сөйлеп кетті мехрабында8.
Сүстанып кетті Ыдырыс, сілтеп қолын,
«Уа, тақсыр, жаза бер деп бұ малғұнға!»
Хазірет әмір етті: –
Бас ілгері,
Азғын жан, дініміздің сенде кегі.
Тәңірдін үйі мынау, айт күнәңді,
Сөйлеймін алла атынан, қарғап сені!

Д ү й се н:


Тағдыр деп қарайсыздар пенде ісіне,
Айтыңыз, ғашықтықтың күнәсі не?

X а з і р е т:


Құранда – күнә деген бұл махаббат,
Кәпірді сүю сұмдык, дініме жат.

Д ү й с е н:


Орыстың елі ізгі, ал қызын да
Жаратқан құдай сұлу қызығуға.

X а з і р ет:


Азғын жан, сол қызды айтпа мұнда мақтап,
Сайтан да сұлулықты жүрер сақтап.
Д ү й с е н:
Сүйдім мен жаны таза орыс қызын,
Сүйкімді періштедей сұлу жүзін.

X а з і р е т:


Тантыма, бұзылған жан сұм іспенен,
Садаға – орыс қызы періштеден.

Д ү й с е н:


Мария орыс қызы, жаны бірақ –
Секілді, жүрегіме жаққан шырақ.

X а з і р ет:


Әзәзіл тегі азғырып сені бұзған,
Табарсың жаныңа азап осы қыздан.

Д ү й с е н:


Күнә жоқ қыздың ару жүрегінде,
Өзіме жаны серік, сыры бірге.

X а з і р е т:


Сайтанды әкет аулақ, біздің діннен,
Мүрдем кет, сол сиқырлы қызыңменен!

Д ү й с е н:


Хазірет! Енді бөгет болма бұған,
Сүйікті болды жарым – қыз Мариям.

X а з і р ет:


Елінің ұлына сай қызы бар да,
Жат жұрттан қыз алуға қызығар ма?!

Д ү й с е н:


Басқаны Мариямдай сүйе алмаймын,
Бұйрығы емес пе екен, бұл Құдайдың?

X а з і р ет:


Құдайдың әмірі емес, өзің аздың,
Ғұрыпты бұздың ескі – дінге жаздың.

Ы д ы р ы с:


Малғұн!
Мұнда, сірә, иман бар ма?
Ақ жүрек әзәзілге алданар ма?!

Д ү й с е н:


Әмірші Құдай болса, қайда күнәм?
Сүйдірді орыс қызын өзі маған!

X а з і р е т:


Уа, бұзық!
Құдай ма екен сені аздырған,
Тәңірге тізеңді бүк – жат, азғын жан!

Тізесін бүкпей қалды тәкәппар жас,


Махаббат мехрабқа имеді бас.
Асасын қалды сілтеп сұм хазірет,
Жүгірді еңшен дінкәр жайып құлаш.
Мешітке тұтқын болған жас жігітті,
Жабылып дінкәр біткен жерге жықты.
Хазірет әмір етті, байлаңдар деп,
Ыдырыс салып жатыр жұдырықты.
Еркін жан, қасиеттеп махаббатты,
Сұмдармен жағаласып, сөйлеп жатты.
Қамшысын Ыдырыс жүр баса соғып,
Хазірет айтып тұрды лағанатты...


IV

Мариям сәлем айтып ғашығына,


Келер деп, қазір Дүйсен асығуда.
Дүйсенді ойлап жалғыз, енді ұмытты
Дінді де, күйрек ана ашуын да.
Жас қыздың қиялына беріп үрей,
Сол кезде жылмаң қағып келді Андрей.
Жымиып, сәлемдесіп Мариямға,
Рақымын сұлу қыздың тілегендей.
Келе ғап осы сумаң аңдаусызда,
Сөйледі үрейленіп қалған қызға.
«Шошисың... Қыр тағысы емеспін ғой,
Орысты, сірә, ұмытып қалғансың ба?»
– Орысты ұмытпаймын, туған халқым,
Сүйемін ақ жүрегін, артық даңқын.
– Ендеше жатқа неге ынтығасың,
Еліннің таптап ғұрып, аттап салтын.
– Жат емес, сүйікті жас бәрі бірдей,
Оның да жүрегі өз жүрегіндей.
– Масқара, орыс қызы жат қазаққа,
Құмартып адасқанын жүрген білмей,
Адасып, азба жолдан, қой Мария,
Келтірме сұмдық кірді сен арыңа.
Сүйемін, сүйші мені, жар етейін,
Сұлусың, от тастаған құмарыма.
Ойлашы, атақ, байлық – бәрі менде,
Аброй, сән-салтанат бар әкемде.
Жел айдап, сағым қуған тағы қазақ,
Ойлашы, орыс қызы соған тең бе?
Осыны ойлап анан болды дертті,
Құдайды айтып маған мұңын шертті.
Айтып ем, сүйгенімді сені Мария,
Қуанды, ризалығын беріп кетті.
Бұл сөзді есіткенде шошып қатты,
Мария сөзін қатал зілмен айтты.
– Сүйгенім Дүйсенді рас, тием соған,
Аулақ жүр, арандамай махаббатты.
Орыстың қыздары аз ба менен өзге,
Сүйе бер, соларды сен менен без де.
Сүюді саудаға сап, байлықты айтып,
Жүргенің масқара ғой, жігіт кезде.
Осы сөз шамдандырып Андрейді,
Тепсініп Марияға едірейді:
– Әкіммін – қаладағы билік менде,
Сор болам, сені сүйіп іліккенге.
Айдатам, ерегессең Дүйсеніңді,
Бұзақы, таратқан деп ірткі елге.
Ти маған жақсылықпен, кел Мария,
Түсірме сор таңбаны ел арына.
Кетіпті кешірімді сұрап Дүйсен,
Болыс пен хазіреттің алдарына.
Есіттім бір қазақтан – анық маған,
Әзірлеп ауыл қызын қойыпты оған,
Құшағын қырдың қуы соған жайып,
Алдапты, орыс қызын ұйытпаған,
Ажуа болдың-ау қыз, маған енді
Басыңды и! Жат махаббат енді сөнді! –
Деп тентек ха-ха-халап кетті шығып,
Мариям өңі қашып қала берді.
V

Асау сөз армандарын асқындырып,


Кеткендей жүректе бір тасқын туып,
Қимылдап еріндері Мариямның,
Қайғысын іштегі үнге қосты жыр ғып.
Сол үнмен тебіреніп іздеп жарын,
Қияға ұшырғандай жан құмарын,
Құпия ырғақтардан үн тізіліп,
Жүректің серпігендей жалындарын.
Тұйықтан толқындарды сүйреп алға.
«Дудар!..» деп ыршыды үн ыстық қанда.
(Айтатын оңашада «Дударым» деп,
Дүйсеннің бұйра шашын сипағанда).
Сүйікті сол бір сөзден «Дудар» деген.
Күй сандық кеудесінен туған әуен.
Тізбектеп толқын-толқын күй үндерін
Алысқа жөнелгендей тулап өлең.
Көкірек көптен ойлап шығарғандай,
Еріксіз үндер кетті шырқап шалғай!
Қосылды дала желі, тынып бәрі,
Тыңдады жас бір үнді құлақ алмай.
«Дудар-ай, Ақсұратты жемдедің бе?
Кезінде уағда айтқан келмедің бе?
Уағда айтқан кезде келмей кетіп,
Мариям заты орыс деп сенбедің бе?

Дударари-дудым,


Сенің үшін тудым.
Шіркін-ай,
Дударари-дудым!..

Ащыкөл-Тұщыкөлдің арасы бір,


Басыңа камшат бөркің жарасып жүр.
Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел,
Орныңа жауыз біреу таласып жүр...
Қолында Мариямның өткір қайшы,
Арманым ақ қағазға жазылсайшы.
Қор болып сол жаманға кеткенімше,
Алдымнан бір терең сай қазылсайшы!
Дудар-ай, бір келетін күнің жетті,
Қайғыда Мариямның күндері өтті.
Мойныңа ақ білекті артып едім,
Өзің қи, жақтырмасан сол білекті.
Мариям – менің атым, әкем Жагор,
Жүректе ғашық отым қайтып сөнер?
Егер де заты орыс деп келмей кетсең,
Дудар-ай, Мариямың қайғыда өлер.
Қайғырдым Дудар жаным кешіккеннен,
Өсекті жұрт айтады өшіккеннен.
Дудар-ай, ғашық болған мені ұмытып,
Не таптың молдалардың мешітінен?

Дударари-дудым,


Сенің үшін тудым,
Шіркін-ай,
Дударари-дудым!..»

Осы өлең сол бір кезде шыққан мұң сап,


Даланы кезіп кетті шарлап-шырқап,
Тұқырып басын гүлдей, жел де тұнып,
Тыңдап бір тұрып қалды жұрт таңырқап.
Елжіреп естіген жас ұйып тыңдап,
Сазына сол бір әннің қан шымырлап.
Елпілдек жас жүректер жалындады,
Мариям махаббаттың мұңын жырлап.
Тамсанып кәрілер де жұтып әнді,
Таянып таяғына тұрып қалды.
Тамылжып тәтті бір үн, жұрт жанына,
Тербетіп әкеткендей тыңдағанды.
Ал сол кез – жүрген Базар бір аулақта,
(Аң қуып мылтық атып мініп атқа),
Ести қап наз дауысты сыры терең,
Жүгірді ән толқындап жатқан жаққа.
Өзімен келді бірге Өрігі де,
Сол күйдің дауыл беріп көрігіне.
Жиналып жас бір қауым жүріп кетті,
Әнімен кең далада керілуге.
Құшақтап Мариямды сүйіп беттен,
Бәрі де тілегіне тәжім еткен.
Шырқады қостап бәрі, «Дудар-айды»,
Қосылып қыз назына ақ ниетпен.
«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он жеті, он сегізге келген кезі,
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі:

Дударари-дудым,


Сенің үшін тудым.
Шіркін-ай,
Дударари-дудым!..»


VI

Тап сол кез мешітінде хазірет сұм:


– «Бұзыққа жаза беру әділет шын –
Байлаңдар қол-аяғын, дүре соғып,
Мейлі өлсін, жаһаннамға жаны кетсін», –
Деген соң, ұстап қолын сопы біткен,
Дүйсенді, алысумен әлсіреткен.
Жалғыз-ақ жүрегінде жанып ыза,
Жұлқынып жатты жігіт, жас үмітпен.
Сол бір кез –
жай атқандай тітіреп кек,
Жетті сол ащы дауыс күркіреп кеп,
Мешіттің қабырғасын қалтыратып,
Соққандай мехрабын толқыны өктеп.
«Дудар-ай, Ақсұратты жемдедің бе?
Кезінде уағда айтқан келмедің бе?
Уағда айтқан кезде келмей кетіп,
Мария заты орыс деп сенбедің бе?

Дударари-дудым...»


Хазірет үнсіз қатып мехрабында –


Білмеді періште ме, әлде жын ба?
Селт етіп қалды Ыдырыс үрейленіп,
Ал Дүйсен тосты құлақ ащы мұңға.
«Ащыкөл-Тұщыкөлдің арасы бір,
Басыңа камшат бөркің жарасып жүр.
Дудар-ай, келер болсаң тезірек кел,
Орныңа жаман біреу таласып жүр...»
Жалыны отты өлеңнің жүрегін жеп,
Бұлқынып тұрды Дүйсен ереуілдеп.
Домалап қалды көбі ұмтылғанда,
Қамшысын Ыдырыс тек жүрді сілтеп.
Мешіттің қабырғасын тесіп кірген:
Тағы да өршеленіп ән естілген.
«Дудар-ай, ғашық болған мені ұмытып,
Сұмдардың шықпадың ба мешітінен?»
Дегенде Дүйсен шықты ырғып топтан,
Жұлқынып жолбарыстай тордан атқан,
Сырылып қалды бәрі бір бұрышқа,
Хазірет қашты жылдам мехрабтан.
Қағып қап Ыдырысты тұрған жолда,
Дүйсен де кетті шапшаң орғып алға.
Шықты да мехрабқа айқай салды,
Түршігіп тәубаны айтып тұрғандарға:
«Мешіттің малғұндары түгел нәлет,
Сұмсыңдар, сендерде жоқ түк әділет,
Қу сөзбен құдайды айтып, алдап елді,
Сопысып жүресіңдер сұмдык тілеп.
Еркіндік, сауық-сайран, жас махаббат,
Қызығын білмейсіңдер, – сендерге жат.
Сендерсің – достыққа жау, адамға қас,
Сендерге нәлет айтар, келер ұрпақ.
Ал кеттім мешітіңнен, құраныңнан,
Махаббат – маған тәңір, маған иман.
Өңшең сұм, өшерсіңдер, жоғалар тез,
Қытымыр заңдары да қара тұман.
Осылай алып зілді сөзбен өшін,
Мешіттің шықты теуіп терезесін.
Сұмпиып сопылары, қатты хазірет,
Алып бір нажағайдай сөз зәресін.
Мешіттен ырғып Дүйсен шыққан шақта
Тұр екен алдында әзір Ақсұрат та,
Тұр екен Базары да – жөнелді тез,
Зымырап жары тосып тұрған жаққа.
«Уа, достым, жаңа еркіндік бердім жанға,
Қайда тұр, баста мені Мариямға,
Кетеміз бүгін түнде, будым белді,
Түкірдім шариғатқа және иманға!
Бұл жерден мені десе – кетер әкем,
Жат елден өзім барған табар мекен.
Тартысып жауыздармен өлгенімше,
Кек алып, еркіндікке жетем, жетем!»
Соны айтып, жүрегінен ауғандай мұң,
Жарқырап сәулесімен туған айдың, –
Жалын жас дүбірлетіп жортып кетті,
Өзі де шырқап әнін «Дудар-айдың...»
Ал бірақ Ащыкөлде, алыстағы,
Мешіттің ұйтқып жатыр қарғыстары,
«Ұстаңдар! Дүйсендерді, бұзықтарды!» –
Тұр еді түнді жарып дауыс әлі.
Олар жоқ, түн жамылып кетті аулаққа...
Таппады іздесе де мініп атқа.
Ыдырыс түнгі ауылды дүрліктіріп,
Жіберіп қуғыншыны жүр жан-жаққа.
Үйіне Жагордың да, Үкеннің де,
Қуғыншы құйындатып жеткен түнде.
Таңертең мәлім болды Марияны ап,
Дүйсеннің қашып түнде кеткені де.
Жүрегін өртеп ыза Ыдырыстың,
«Табамын, тінтсем де мен жердің үстін,
Жазасын тартар менен!» – деп тістенді,
Қаһарын шашып жұртқа зәбір күштің.
Ашуын айтып жатыр хазіретке:
«Шыдаймыз қайтып мынау зәбір-кекке.
Залымды ұстап енді, құрту керек,
Айрылдым шариғат деп қазір текке.
Берем деп дін жазасын неге адастым,
Сірә, мен қорлығына шыдамаспын!
Хазірет куә өзіңсің – Дүйсен, Базар
Атансын – ел бүлдіргіш, ұры, қашқын».
Үнімен дауыл беріп өрт кегіне,
Осы ойын жұртқа жайды ертеңінде.
Жеткізді сол хабарды Андрейге,
Бір еді сырлары да, серттері де.
Өзі де жүріп кетті сол күн таңмен,
Қалада кездесуге ұлықтармен.
«Ел бұзғыш, қашқын Дүйсен –
ұсталсын!» деп
Жөнелді жүйткіп хабар бұйрық-жармен...»
ДАУЫЛ

Жағасын құйын басып Қорғалжынның,


Құс сыңсып, аңдар ұлып болған ың-жың.
Қозғалып қалың қамыс қобыз тартып,
Көл бейне сабасындай толған мұңның.
Қақталып қурайы да қалған қурап,
Қопа боп жапырылған қамыс-құрақ.
Көңілсіз көлдің басы қорқынышты,
Бақырып түнде байғұс, бақа шулап.
Жаутаңдап жапан дүзде жалғыз жатқан,
Көл еді көрген жанды жабырқатқан.
Оңаша, ен жазықтың түкпірінде,
Нәр татпай көшпенді жұрт талып қатқан,
Қуғыны қу өмірдің Дүйсендер де,
Көз таса келіп еді осы көлге.
Көп болды жатыр міне бір түбекте
Кездескен төнген сонау кеселдерге.
Қопаның арасына күрке салып,
Құс атып, аңды аулап, сүзіп балық.
Базарын күтіп Дүйсен жатыр еді,
Ойына кешікті деп күдік алып.
Дүйсенмен болып бірге жорық түнде,
Сол Базар кеткен еді Өрігіне.
Сайдағы ауылда қыз қалып еді,
Бара алмай мешіт жаққа еріп бірге.
Өрігін алып мұнда келіп ол да,
Түспекші Дүйсендермен қуғын жолға,
Таба ма алдан бақыт, дарқан өмір,
Ұстай ма әлде күрес туын қолға? –
Алдағы өмірлері шат бола ма?
Арманды үміттері ақтала ма?
Осындай сағым ойлар елес қағып,
Төртеуі жетпек еді Ақмолаға.
Ал көлдің басы ың-жың бұлдыр тұман,
Қамыста ыңырсыған, аң шулаған.
Аспаннан кейде нөсер, жасын атып,
Шыңғырған көлде бұлан, шөлде – құлан.
Шыңқылдап көл сақшысы сорлы қызғыш,
Маңайға таратқандай бір күйініш.
Мазасыз меңіреу түбек тым үрейлі,
Естілген көктен күңіреу, көлден сыбыс.
Жығылған көлге келіп, талып киік,
(Жанына Мариямның салып күйік).
Маңырап буаз марал миға батқан,
Атты екен қандай жауыз қайтып қиып?
Ботасыз боздап інген құмға шөккен,
Иесі, ботақаны қайда кеткен?
Мыж-мыж боп жатыр төбе қу қабырдай,
Бәрін де дүлей дала жұтты ма екен?
Осылай сұп-сұр дала тұмандатып,
Тұрғандай айналаға мұң таратып.
Көз тігіп, күңгірт түсті төңірекке,
Қайғырып қалды Дүйсен ойға батып.
«Япырау, құлазыған неткен дала? –
Үстінен азынаған тек жел ғана.
Қаңбақтай қалбалаңдап жосыған ел,
Қимыл жоқ, өмір де жоқ айналада.
Өзін де қуалап жүр қандай тағдыр?
Кешігіп Базар досы қай жақта жүр?
Алдында тұрған түн бе, әлде күн бе,
Түнеріп қазір Дүйсен соны ойлап тұр.
Сорлы әке, жарлы Жагор, мүскін елі,
Сүйекке таңба салған дұшпан кегі.
Қалайша осы кекті қайтарады,
Осыны қостар ма екен достар тегі?
Тұр әлі түтеп сонау апат майдан,
Қырға да зәрін шашып қанат жайған.
Айдамақ болса патша соған бізді,
Табылмақ тартысатын талап қайдан?


II

Жұбатып жүректерін тәтті сырмен,


Екі жас үміт етті таңғы өмірден.
Тұңғиық түндей түсті көл күрсініп,
Алыста улап-шулап аң жүгірген.
Түнеріп тұрған бұлттай төбе жақтан,
Кім екен дүбірлетіп келе жатқан?
Жортқан бір әлде аң ба, қуғыншы ма,
Даланы дүрліктірген, түнді оятқан?
Мылтықты, түсі суық бір салт атты,
Асығыс бері қарай келе жатты.
Мылтығын кезеп Дудар қалды тұрып,
Паналап көлге біткен көк құрақты.
Салт атты шолып келді, қарай маңын,
Көргендей күркенің бір қарайғанын.
Қасына сол күркенің таяу келіп,
Естіртіп Мариялап тұр айқайын.
Жүрекке жылы тиді осы дауыс:
«Бұл өзі кім болды екен үні таныс?
Базар Ma? Бірақ даусы мұның басқа.
Алексей? – Қайдан келсін, майдан алыс...»
Сол бір үн жүрегіне ереуіл сап,
Мариям қалды тыңдап сақшы құсап,
Қараса – танып Дүйсен салт аттыны,
Жүгіріп бара жатыр жайып құшақ.
Дүйсенге ашып жатқан кең құлашын –
Мариям күлімдеген көрді ағасын.
Дүйсенді құшаққа алып сағынышпен
Алексей жатыр сүйіп қарындасын.
Ұялып қылығына тоқтай қалып,
Қарады ағасына жаутаң қағып,
Не дер? деп, ескі досым, бұл таң іске»
Дүйсен де сырын үнсіз қалды бағып,
Алексей сезіп соны сөйлеп кітті:
«Сүйемін жастарды мен от жүректі –
Ұмтылған еркіндікке сермеп қанат.
Сұңқардай жарып ұшқан көк түнекті.
Екі жас сүйсінемін қадамыңа,
Ерікті берген жүрек талабына.
Достықпен, батылдықпен ұқсайсыңдар –
Кең дүние, келер күннің адамына.
Есігін ескі салттың жауып қатты,
Екеуін ардақтадың жастық шақты.
Ежелгі ескі көрші орыс, қазақ,
Гүлдентсін достық пенен махаббатты!
Соны айтып екі жасты сүйіп беттен –
Алексей алғыс айтты ақ ниетпен.
Жадырап соған жаны екеуінің
Әлегін айтып жатыр бастан өткен...
Бұл жайды келген естіп Алексей де,
Соғыстан жараланып қайтқан елге,
Екі жыл азап шекті қан қырғында,
Сондықтан болған еді кекті кеуде.
Темірдей сұм тырнағын елге қадап,
Халықты патша емес пе жатқан қанап?
Сол үшін сорлы солдат жан бере ме,
Қала ма халық ылғи тартып азап?
Деген сөз – күрес керек,
күрес керек! –
Естілген Алексейге күркіреп көп,
Айбынды большевиктің дауыл даусын
Майданнан жұтып алып кетті жүрек.
Аяғын ақсай басып келді еліне,
Дабыл сап әлгі дауыс жүрегіне.
Ызалы Алексейді ашындырды,
Мұндағы күйінішті жұрт реңі де.
Көнбеген сұм ғұрыптың шырмауына –
Естіген екі жастың сырларын да.
Бірақ та басқа дүмпу дүрбелеңі
Дауылдап Алексейдің тұр жанында.
Сол оймен жүрегіне жинап кекті –
Алексей тағы тасып сөйлеп кетті.
Ескендей өрт майданның жалын желі,
Сездірді күйдіргендей көкіректі.
– Қан кешіп екі жылдай сонда жүрдім,
Әлі де бітер емес қанды қырғын.
Ажалға айдап патша момын жұртты,
Тудырмақ ел басына сұмдық-сүргін.
Сондықтан ызалымыз, ашулымыз,
Бұл күнде әрең жерді басып жүрміз.
Отанның арын қорлап, обыр патша, –
Азаптан, әрі аштықтан ашындық біз.
Келіп ем, жараланып қайтып елге –
Мұнда жұрт батқан тағы қайғы-шерге.
Қазақты солдатқа алсын! депті патша,
Айдамақ момын жұртты қан нөсерге,
Бүлікшіл Ыдырысқа табылды ермек,
Жұртыңды жегідей бір жатыр шелдеп:
«Ақ патша, қызметіне қазақ әзір!»
Деп соғып, атқа мінді әкіреңдеп.
Көген көз жас біткенді айдап шырмап,
Соғымдай соғысына аттандырмақ.
Қалдырып бай ұлдарын – параны алып,
Жарлының жалғызына дұзақ құрмақ...
Өз жұртын қансыратқан қанқор патша,
Тырнағын енді жайып тұр қазаққа.
Талай жыл түнегінде тұншықтырып,
Айдамақ енді отына, көр дозаққа.
Естідім елдің жасын еңіреген,
Сенделген өзіңдей жас өңшең өрен.
Келер деп сені тосып қалды Базар,
Шеріміз бір болсын деп ел шерімен.
Осылай өкім күшпен ел шырмалған,
Кетпей ме осындай да өршіп арман.
Ерлікті ел күтіп тұр – өздеріңдей,
Ел сүйген ер жігіттен, өршіп жаннан!
Алексей осыны айтып, күтіп жауап,
Дуйсенге ойлы көзбен қалды қарап.
Жеткендей дауыл еніп кеудесіне,
Түксиіп Дүйсен тұрды, түйіп қабақ.
Толқыны ар-намыстың кеуде кернеп,
Қарап бір Мариямға кетті сөйлеп:
«Өмірдің қашқыны боп жүре алмаймын,
Жатқанда ел еңіреп, кек нөсерлеп.
Есіркеп, аяп сәби махаббатты,
Азабы ауыр ойдың маған батты.
Заманның зілі айдаған қуғын жанмын,
Табамын қашып жүріп қайдан бақты?
Қорқытып, шың шықса да, оқ атса да,
Құл болып жүре алмаймыз сұм патшаға.
Шақырам достарымды ереуілге,
Шығатын туды кезең аттан сала!
Өсектің оты лаулап жас жанымда,
Жетейін кегі жанған достарыма.
Жүр бірге, ақылыңды айт Алексей,
Ой тастап жарлы қазақ жастарына!..»
Осы еді Алексейдің сөзі күткен,
Дүйсенге қарады да ізгі үмітпен.
– Мария, кеттік бірге, ауыл жаққа,
Жарлыққа қарсы мынау елді үркіткен!
Өздерін осылайша кектендіріп,
Үшеуі құйындатып кетті жүріп.
Күрсініп Қорғалжын көл қала берді,
Басында құстар сыңсып, аңдар ұлып.


ІІІ

Сайда бір алабы кең әрі терең,


Топталған өндір жастар, өңкей өрен,
Жарқылдап қылыш, найза қолдарында,
Оқ зулап, жай отындай күркіреген.
Қолына мылтық, найза, шоқпар алып,
Тұс-тұстан жатты қалың топ құралып.
Сол сайдан оқтар зулап, қиқу шығып,
Дабылын ереуілдің жатты қағып,
Кейбірі қылыш қайрап, жарқылдатып,
Кейбірі нысанаға мылтық атып,
Кейбіреу асау атын жаңа үйретіп,
Орғытып көкмайсаға жүр тулатып.
Қасқиып тұрды Дүйсен ортасында,
Мылтықты Мариямы тұр қасында.
Майданның сырын шертіп Алексей жүр,
Базар тұр қарауылда қыр басында.
Бірнеше күндер өтті – сонау көлден,
Дүйсендер күн-түн қатып мұнда келген.
Жар салып жігіттерге, достарына,
Кеңескен буырқанып тұрған елмен.
«Патшаның әлегіне, жанған отқа
Барғанша – барлық жігіт мінсін атқа!» –
Жиылды осы хабар жүйткіп желдей,
Жан-жаққа, қиырдағы атырапқа.
Дүйсен мен Алексейдің сырын ұғып,
Ауылды кезіп Базар кеткен жүріп.
Шақырған ереуілге жігіттерді,
Жел беріп, жүректерін кектендіріп.
Жан-жақтан ағылып жас, жарлы-жақпай,
Қосылған осы топқа тас бұлақтай.
Осыны көріп Дүйсен көтеріліп,
Қайнап кек кеудесінде тұр шыдатпай.
Келіпті көп жылқышы достары да,
Сүйсініп келіп білек қосқаныңа.
Есесін ел кегінің алып енді,
Әлекті салмақ бүгін дұшпанына.
Базардан естіп елдің хабарын да,
Ашуы үйіліп тұр қабағында.
Ежелгі жау Ыдырыс, сұм Андрей
Бүлігін салған елдің адамына.
Керілген көк майсалы кең алапқа –
Толқындай қаптап жігіт толған шақта,
Сөйлеп бір кетті Дүйсен, тебіреніп,
Ұшқандай дабыл қағып ойы аулаққа:
«Достарым, түйілген бір бұлттай сұп-сұр,
Қауіптің астында тұр жастық өмір,
Өндір жас өздеріңдей көгенделіп,
Көзінде ата-ананың жас толып тұр.
Жетті күн – етікпенен суды кешкен,
Жетті күн – ауыздықпен ат су ішкен.
Келді күн – ер жігітке ереуілдеп,
Алатын, еркіндікті, тартып күшпен.
Даланың дауыл екпін түлектері!
Өрттей бір жалындасын жүрек кегі,
Көтеріп ерлік туын жөнелейік,
Қаһарын халқымыздың үдеткелі!
Өршітіп, от тастаймыз жауыз топқа,
Бармаймыз залым патша жаққан отқа!
Жауымыз – патша, болыс бәріміздің,
Қақсатқан елімізді, қанды азапта.
Қорлықтың жетті шегі, бүкіл қырда,
Патшаға қарсы халық бұлқынуда.
«Солдатқа жан бермейміз қырғын үшін, –
Деп, дала толды қазір толқын туға.
Достарым, талай тартыс алдымызда,
Жүректі шыдатпай тұр, шалқып ыза.
Ыдырыс, урядник – қу Андрей
Бүлікті жасап жатыр аулымызға.
Сондықтан бүгін кешке аттанамыз,
Найзаның күшіменен кекті аламыз.
Ел үшін, еркін жаңа өмір үшін,
Дұшпанның ордасына өрт саламыз!» –
Кегімен өрши қалған дауыл күштің,
Жанында жігіттердің жанып ұшқын, –
Бәрі де: – Әзірміз! – деп ұрандады,
Сол сайдың ереуіл үн алып үстін.


IV

Аулында Ыдырыстың құрып штаб,


Әкімдер жасап жұртқа қуғын қыспақ:
«Қашырған ұлдарыңды табыңдар» – деп,
Әмірін айтты болыс, қатал нұсқап.
Ал бір топ, үй сыртында көк майсада,
Масайрап мәжліспен тапқан сая,
Хазірет уағыз айтқан: «Қызмет парыз –
Иеміз, әміршіміз – ақ патшаға.
Солдатқа ұлдарыңды жіберіңдер,
Осыны құдай айтар – құран тілер.
Бұл істен кім бас тартса – ол күпірлік!
Патшаға қилап істен дін түңілер...»
Қамшысын сермеп қатты көпке үйіріп,
Ыдырыс хазіретті кетті киіп:
– Жандарал келе жатыр, жақын жерде –
Ояздан жетті бізге қатал бұйрық.
Беріңдер, ұстап анау қашқындарды,
Қалайша өңшең бұзық тасқындады?
Келмесе ертең бәрі өз еркімен,
Ашуым өрттей менің асқынады». –
Түнерген шұбар беттің зәрі шалқып,
Ыдырыс тепсініп тұр беріп жарлық.
Тұрғандай тәңір байқап, патша шайқап,
Бұл жерде құты қашқан жұрттың барлық.
Айқаймен жұрт мазасын алып кейде,
Қылышын жарқылдатқан Андрей де.
Жасырын бай ұлдарын, жасы кем деп,
Жыл қосқан жасын дәл ғып әр кедейге.
Осылай әбігер боп бәрі бірдей,
Қараңғы түн басқанын қалды білмей.
Даурығып дулы сөзбен жүрді Ыдырыс,
Жүрегін басып ыза ауыр зілдей.
Ал сол кез – нөсердей бір дүбірлетіп,
Жасағы жігіттердің келді жетіп.
Жарқылдап ат үстінде қылыш, найза,
Дүбірі ақбоз үйді дірілдетіп.
Жарқ етіп, түнді жарып оқтар зулап,
Кеткендей көк шатырлай, бұлты бұрқап.
Жалаңдап ақ сойылдар, көк сүңгілер,
Ақ үйді, алқа топты алды шырмап.
У-шу боп осынау топ жамырасып,
Жан-жаққа жан таласа жатыр қашып.
Шатырлап шаңыраққа көк сойылдар,
Қаһар мен қорқыныш үн жатты ұласып.
Алласын айтып құр тек дір-дір еткен,
Кездесіп қалды Дүйсен хазіретпен.
Сойылмен қағып өтті, қалды құлап...
Ыдырыс көрінбейді қайда кеткен?
Дүйсен жүр сол ауылды шыр айналып,
«Болысты табыңдар!» деп айқай салып.
Ал Базар үйге жылдам еніп кетіп,
Әкелді Андрейді байлап алып.
Тізімін қолындағы өртеп отқа,
Тастады Андрейді таңып атқа.
Ойрандап болыс үйін ашулы жұрт,
Айбынды үндер кетіп тұр жан-жаққа.
Бірақ та Ыдырыс жоқ, қайда кеткен?
Таба алмай соны Дүйсен жанды кекпен.
«Қоршаңдар көлді жылдам!» – деді де өзі,
Сөйлесіп қала берді қалың көппен.
Лап қойды қалың жасақ көлге қарай.
Көк құрақ біткен екен көл жағалай.
Айна су түнде көздей жарқыраған,
Жатқандай ортасында тығылып ай.
Жігіттер шыр айналып көл жағалап,
Арасын жас құрақтың жүрді қарап.
Қикулап үркіп қызғыш, көлде – әупілдек,
Күрсініп жатқандай бір көлді арқалап.
Шайқалған қалың құрақ арасында,
Қасқырдай Ыдырыс тұр аласұра,
Дүйсендер келген шақта зытып еді,
Ұрланып мылтығын да ала шыға.
Жасырып жауызды тұр жансыз құрақ,
Сыбдырын естіртпеді жел шуылдап.
Еңбектеп, жылжып қана жүрді Ыдырыс,
Үстінен зу-зу етіп, оқ зымырап...


V

Ішінде абыржыған қалың көптің,


Дүйсен тұр айтып сырын жас жүректің,
«Ағалар, атқа міндік, атой бердік,
Ел үшін, отын үрлеп ескі кектің.
Ғұрпына ескіліктің айтып нәлет,
Жалын жас жүрегімде қайнады кек.
Азды деп айта берсін, мейлі сұмдар,
Сендердің қымбат маған ойларың тек.
Араңа келіп тұрмын қағып дабыл,
Балалық сәлемімді алып қабыл,
Сенсеңдер маған, жұртым, – тұр, атқа мін,
Түнекте тұншықпасын туған ауыл!
Тегінде кінәлі емес бұған орыс,
Қырсығы патшаның бұл қырғын соғыс.
Сұрқия соның ғана тілегі үшін,
Сендерді copғa жықпақ әкім, болыс.
Соғатын сойылыңбыз, ұлдарыңбыз,
Жалындап қазір көкпен тұр жанымыз.
Азаттық алдымызда шақырып тұр,
Жетейік соған жылдам, кел бәріміз!»
Осылай айтып сырын шын жүректен,
Тұр Дүйсен ынтымақты тілеп көптен.
Қалың жұрт ортаға алып өз түлегін,
Алғысын айтып жатты ақ ниетпен:
– Қадамың құтты болсын, жалынды жас!
– Ғашықтың жолы таза, тілегі рас!
– Мариям өз қызымыз, өз гүліміз.
– Ежелден өзімізбен Жагор мұңдас.
– Орыстың жазығы жоқ тегі бізге.
– Әкімі әлек салған елімізге.
– Ұлыққа ылғи күл боп жүре алмаспыз,
Тиетін шығар сірә теңдік бізге?
– Ия, күт, берер саған патша теңдік!
– Дүйсенжан, өзің баста, соңыңа ердік,
Езіліп жатамыз ба енді тағы,
Елміз ғой, шығайық та жасап ерлік! –
Осылай гуілдесіп тұрған халық
Тағы да шулай қалды түнде жатып.
«Дүйсен-ау, қайда біздің әнші келін,
Айтсын да «Дударайын», бір тыңдалық».
Дегенде кетті Дүйсен шын қуанып,
(Сезілмей түндей төніп тұрған қауіп).
Жөнелді Ақсұратпен жалғыз өзі,
Келем деп Мариямды қазір тауып.


VI

Үрейлі Өтебайдың қырқасында


Мариям Алексейдің тұр қасында.
Неліктен тулады екен, қыз жүрегі,
Қасында Дудары жоқ сырласуға?
Алексей қалып мұнда көп жігітпен,
Келетін отрядтың жолын күткен.
Жандарал аттандырып солдаттарын,
Жолдағы тыныш жатқан елді үркіткен.
Бүлік сап момын елге сұм ниетпен,
От шашып зеңбірегін күркіреткен.
Солдатқа бермедің деп жастарыңды,
Жандарал жан алғыштай жүрді әлекпен.
Алексей естіп соны, қырда қалып,
Тұр еді жандаралдың жолын бағып,
Қалдырған сонда Дүйсен Мариямын,
Қатерін шабуылдың ойына алып.
Қайран жас жалындаған от жүрекпен,
Жарына жортып кетті Ақсұратпен.
Шуылдап қалың қамыс қобыз тартып,
Сумаң жел, сыбырласқан жас құрақпен.
Қиқулап көлдің құсы шықты көкте –
Күрсінді үрей салып әупілдек те.
Ер Дудар көл жағалап келе жатты,
Сақтап бір Мариямын ақ жүректе.
Естілмей желден басқа бір де сыбыс,
Қоғаның арасында тұр Ыдырыс.
Ақсұрат қылаң етіп шыға келді,
Жүрегін билеп кетті бір сұмдық іс.
Ежелгі аңдыған жау, өр көкірек,
Мылтығын кеудесіне қойды тіреп.
Албырт ер келді жақын басып қалды...
Дір етіп толқын ыршып, көл тітіреп.
Ақсұрат жөнелгенде жалын бүркеп,
Жарқ етті көк түтінмен жалғасып от.
Қыршын жас құлап түсті, қан сорғалап,
Ұялап кеудесінде қорғасын оқ.
Шайқалып жас құрақтар қамыс шулап,
Шаңқылдап шағалалар торғай шырлап.
Күрсініп, көл күңіреп, түн түршігіп,
Селк ете қалды айнала талмаусырап.
Үрейлі оқ даусымен түнді оятқан,
Ауылдан шықты дауыс:
Аттан-аттан!
«Жігітіер, қайдасыңдар, өлтір сұмды,
Аяулы сабазыңа оғын атқан!»
Жөнелді жас өреңдер, кетті асыға,
Күрсіну, күңірену көл басында.
Жас боздақ жатыр сұлап ыңыранып,
Көре алмай Мариямын мұңдасуға.
Ер досын көріп Базар жатқан сулап,
Үстіне құшақ жайып түсті құлап.
Көзінен ыршып жасы «Бауырым!» – деп
Елжіреп жаны жанып, жүрек жылап.
Құрбан жас қолын созып достарына,
Арманды көз қиығын тастады да:
«Мариям! Мариям!» –
деп, ұмтылды тез,
Дем беріп осы бір сөз жас жанына.
Көтеріп қан ыршыған көкіректі,
Орнынан өрен күшпен тұрып кетті.
Дірілдеп даусы шықты... Дауыл тұрып,
Сол дауыс алып кетті жарып көкті.
«Достарым, ұмтыл жауға, алыңдар кек,
Шақырды әне дауыл, күркіреп көк.
Атты таң... Қайда менің ақсұратым?
Жанымды жаудың кегі барады өртеп.
Қайдасың, Марияшым, үнің қайда?
Келші тез қосылайық. «Дударайға...»
Көтерші мені назды дауысыңмен,
Басталды әне майдан, терең сайда!»
Ұмтылды айтып соны – тағы, бірақ,
Жығылды қайран сабаз талмаусырап.
Естіп бір соңғы даусын Мариям да,
Үстіне жан жарының түсті құлап...


* * *

Оққа ұшты, өліп міне, жатты боздақ,


Мұңдарын махаббаттың кетті қозғап.
Аңырап азалы түн, күңіреп көк,
Сол жасты жоқтағандай дала боздап.
Жарының кеудесінен басын алмай,
Мариям еңіреген жас маралдай.
Ес-түссіз жаны езіліп, жатыр ғашық,
Жүрегін біреу жұлып тастағандай.
Жалғыз-ақ еріндері кемсең қағып,
Бебеу сап баяу үнмен кетті налып.
Сол көлдің тебіренді толқындары,
Қайғысы Мариямның көкпен ағып;
Ыршып жас, жаңбырдайын бетін жуып,
Зар илеп, толқын шашын жатты жайып.
Азасы аяулы ердің аспанды алып,
Далаға шалқып шері кетті ұлғайып.
Жүгірмей тына қалды жел де ыршып,
Құс біткен үн қосқандай көлде сыңсып.
Тұқырып басын төмен, теңселіп жұрт,
Тамшылап ыстық жастар көзден ыршып.
Мариям күңіреніп, күйіп налып,
Әлсіреп сол бір шақта қалды талып.
Үрейлі жан ұйқыда, жүрек іздеп,
Жоғалтқан сол ғашығын алды тауып.
Құшақтап жан Дударын сүйіп қатты,
Наз айтып ғашығына мұңын шақты:
«Кешіктің, мұнша неге, Дудар жаным,
Сарғайттың мұнша неге махаббатты?..
Сүйді де Мариямын көп сағынған:
«Қалмайын жібер, сәулем, жасағымнан,
Шақырды, ереуілге жібер мені!» –
Деп жары шығып кетті құшағынан...
Селк етті, талған Мариям шошып кетті.
Қараса жаңғыртып жұрт жер мен көкті.
Келеді «Дудар-айды» дауылдатып,
Оятып қайғы басқан қан жүректі.
«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он жеті, он сегізге келген кезі.
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі.

Дударари-дудым!..»


Зар етіп осы жырды жас, кәрі де,


Иіліп Мариямға тұр бәрі де.
Осы өлең бұрынғыдан шалқып қатты,
Үстінде Дударының тербелуде...
Жүр Базар тұтандырып қайта кекті,
Меңіреу сол қамысқа тастап отты.
Өртелсін Ыдырыс та, сұмдық іс те,
«Өртеңдер! Тезірек!» – деп, әмір етті.
Күркіреп кеткен ыза, желдеп жалын,
Алқызыл алау басты көлдің маңын.
Қамыс та, Ыдырыс та жатты жанып,
Түн сырғып, күтті дала жаңа таңын...
Ал Базар, қайта қарғып мініп атқа,
Дабылын тағы қағып тұр жасаққа.
– Жігіттер, аттаныңдар, тез жүріңдер,
Ойранды жауыздарға жасамаққа!
Қайғысы ер Дудардың бізге батты,
Мариям, көтер басты, тұр, таң атты.
Алысқа Дударайың шақырып тұр,
Шырқа деп, ерлік пенен махаббаты... –
Соны айтып, шеру тартып кетті жүріп.
Жандарал шыққан жаққа бетті бұрып.
Жөнелді «Дудар-айды» айтып бәрі,
Сол әнді жандарына ту ғып тігіп.
Жаны оның жайнағандай туларында,
Көтеріп алып кетті Дударын да.
Мариям есін жиып көтерілсе,
Жаутаңдап Ақсұраты тұр жанында.
Атының жалын сипап Мариям да,
Тыңдаса шалқып әні тұр шығанға.
Шақырған жорыққа кім «Дударайлап»,
Жүр ме екен Дудар жаны әлде сонда?
Алыста өрттей қызыл туды таң да...
Басталды әне майдан жауыздарға.
Алексей айқай салды: «Дударым!» – деп,
Әлде ол, кетті ме екен озып алға?
Майданда атой беріп шырқап әнді
Шақырған Дудары ма, Мариямды?
Ақсұрат алып ұшып әндей осы,
Сол шепке Мариям да барып қалды.
Шаңқылдап тұяғы да шапқан аттың,
Даусы да шыққан оқтың,
жарқылдап тым –
Бәрі де жаңғыртқандай «Дударайын»,
Үніндей жастық шақтың, махаббаттың.
Жас қазақ ұмтылғанда атой беріп,
Кеткендей күңіренте үн көтеріп,
Шырқап бір «Дудар-айды» тиіп жауға,
Қылышын жарқылдатқан кеуде керіп.
Сақтап бір сарбаздары өр көңілге,
Жар жанын әкеткендей өлеңінде.
Жаңғыртып жас даусымен «Дудар-айды»,
Өзін де шақырғандай ереуілге.
Тұрғандай шеру тартып достарына,
Дудары сол майданның аспанында.
Елестеп айбынды жас рухыменен,
Енгенде Мариямның жас жанына.
Кіргендей кеудесіне шалқып жалын,
Жүректің кетті козғап толқындарын,
Мариям еніп кетті сол майданға.
Дабыл ғып «Дудар-айын» айтып жарын...


ЭПИЛОГ

Бір талай өтті жылдар.


Октябрьдің
Керемет күркіреген оқ дабылын
Даламыз естіп ескі заман зілін,
Лақтырды,
азат күнді тапты ауылым.
Толастап түнек желі азынаған,
Еліміз айықты да қайғы-ызадан,
Шырқалып шаттық жыры шығандарда,
Орнады таң-тамаша тойлы заман.
Сырылып тұман сынды қара лашық,
Нұраның жағалауын қала басып
Жайнаған,
орыс, қазақ өрісі бір
Өмірде қаны, жаны араласып.
Төріне тойлы өмірдің толы өлең,
Еркін жас ән шырқаған теңіменен.
Қосылып «Дудар-айға» бәріміз де
Ғашықтың шертіп жүрдік мұңын терең.
Мариям еріп әнмен ереуілге,
Жүргендей жан Дудары ере бірге,
Жеңісін махаббаттың сақтап қалған,
Өлмейтін мәңгілікті өлеңінде.
Ән ғана болды оның жан серігі,
Ән ғана жүрегінің бар сенімі,
Достықты, махаббатты жыр ғып жұртқа,
Ағылған ауызынан нөсер үні.
Осылай әнмен шалқып, жырмен жайнап,
Мариям ауыл кезіп жүрді сайрап.
Әлпештеп аруындай Мариямды,
Таңырқап тыңдай берген жұрт масайрап.
Талай жыл өтті солай өлең-жырмен,
Алғысын орыс қызы алды өмірден.
Ақ шалып Мариямның алтын шашын,
Ай түсті жүзіне де әжім кірген.
Алайда, жас қауымға жалын беріп,
Жүр еді ауызынан ән тербеліп.
Самолет самғап бір күн Алатаудан,
Қырына Қорғалжынның қонды келіп.
Жөнелді Мариямды алып көкке,
Бұл өзі әлде түс пе, керемет пе?
Ақ шашты Мариямды қайда әкетті,
От беріп қайта кәрі көкірекке?
Самолет ұшып келіп бұлттан шыға,
Кеп қонды астанаға – Алматыға.
Аспаннан жерге түсті, аң-таң Мариям,
Жиналған мұнда қалың топ ынтыға.
Мариям қосылғандай ғашығына,
Үстіне құрмет гүлі шашылуда...
Масайрап орыс, қазақ думанды жас,
Шырқады «Дудар-айын» қосылды да.
Әкелді сәулетті үйге Мариямды,
Сол үйге салтанатпен жұрт жиналды.
Жүзінен кәрілердің күлкі жүзіп,
Гулетіп жатты жастар айтып әнді.
Мариям той төрінде тұр таңырқап,
Қалайша келе қалды тосын бұл бақ?
Бәрі де қошаметтеп Мариямды,
Жас біткен «Дудар-айын» жатты шырқап.
Жас қазақ, орыс қызы, бәрі бірге,
Сол сарай тұрғандай бір толып гүлге.
Мындаған Мариямдар, жас Дүйсендер
Қосылып тапқан бақыт бұл өмірде.
Бұл үйге бәріміз де келгенбіз де,
Құмартып әсем әнге, сән лебізге.
Мүсіркеп махаббатты тұрды мұнда,
Мұқаң мен Валентина жеңгеміз де...
Қуаныш қанат беріп ән мен күйге,
Бір жиын болып жатты сол бір үйде.
Ардақтап әншіл қауым «Дудар-айды»,
Бұлбұлдай Мариямға сүйінуде.
Достықтың, махаббаттың сәулесінде –
Сақталған осы ән еді ел есінде.
Атынан үкіметтің ақ шашты қарт,
Тақты орден Мариямның кеудесіне.
Құбылып кәрі жүзі шаттықпенен,
Тәжім ғып жұртка басын иді төмен.
Мариям, құйқылжытып гармонын тез,
Толғанып кетті тағы оймен терең.
Жүректің толқын сырын ағытқандай,
Жырлады бұрынғыдай қағып таңдай.
Жырлады өшпес мәңгі махаббатты,
Бұғауды бұзып шыққан алыптардай.
Тербетіп алдындағы гүл жастарын,
Шақырды «Дудар-айдын» сырластарын,
Шақырды қосылуға, бастады өзі
Достықтың шертілмеген бір дастанын...
1949-1954


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет