Дастандар



бет13/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді

Енінші тарау

... Сағындым комсомолдың жиылыстарын,


Әсілі қашып содан жылыспадым,
Қызғанда сын көрігі, алауына
Бетімді бүркемедім, тік ұстадым.
Бәріміз біліп өстік сын бағасын,
Бөлістік сынның талай сыбағасын.
Қадалса жүрегіңе жала қанжар,
Қалайша сондай сыннан сыр аласың?
Шат, таза жүрегіңді арамдауға
Түкірсе, не дер ең сол адамдарға?
Осындай сын селіне Ақан түсті,
Жазықсыз жала тауып адал жанға.
Жарым түн. Кенет болған бұл жиылыс,
Мәселе мәні терең. Тұтқиыл іс.
– Әкесі Ақтаевтың ұсталыпты!
– Ақан жат енді бізге!
– Жоқ күйініш...

Жиылыс суық түндей тым көңілсіз.


Қалың жас бас тұқырып отыр үнсіз.
Тек төрт жан тепсінеді, тіксінеді,
Ағылып ауызынан сөз тынымсыз.
Мектеп қой, жақсы жиын, сыны керек,
Өзгеше жиылыс бұл түрі бөлек.
Ол кезде сондай жиын жаныңды жеп,
Талай бас айналатын шыр көбелек.
Манағы тапал қара тұр мінбеде,
Құбылған қатал күңгірт түрі неге?
Әрдайым көлгір күліп, сыр бағатын,
Көзінен енді достық білдіре ме?
Мұндайда озбыр ойға өкім еді,
Мұндайда оның биік көкірегі.
Керіліп тапал бойы, ащы сөзбен,
Шампандай шапшаң шапшып көпіреді.
Күншіл ол, дос бағына қарсы жаны,
Қалай сол тар кеудеге ар сыяды? –
Ақанның күндеп білім, абыройын,
Ішінен қызғанатын Әсияны.
Сол қуға, із аңдыған, түсті де сәт,
Сөйлеп тұр соз сабалап жарым сағат.
Сондай бір табашылдар аз болды ма?
Сүрінсең масайраған санын сабап.
– Ақанның әкесі жат. Ол түрмеде.
Соны ол мойындамай отыр неге?
Білсе де жау әкесін жасырды бұл,
Бере ме кінәсіз деп кепілдеме?
Сезілген жат мінезі мұның әр кез,
Дарашыл, тәкаппар, паң, кекең кербез.
Қоғамшыл комсомол қыз Әсияны,
Ескішіл әдетімен арбады тез.
«Сондай көп қылмыстары...
Сондай бұл сұм,
Мұндайлар арамыздан аулақ жүрсін!» –
Деп сөзін тапал қара тауысты да,
Қайқаңдап түсті төмен қайрап тісін.
Өсекті гүлдей терген қолын сыбап,
Шықты бір қалтақ сары, қалқан құлақ.
Боз көзі жыпылықтап сөйлеп кетті,
Шіңкілдеп шындықты бір айтқансып-ақ:
– Ақанның бабалары бай болыпты,
Сібірге нағашысы айдалыпты...
Әкесі жақын екен Жүкеновпен,
Жапонға тыңшылығы байқалыпты.
Сондай көп сұмдықтары... Шын, бәрі шын...
Оқудан, комсомолдан шығарылсын!
Таң болып бұл сөздердің қыңыр лебі,
Қалың топ абыржыды, күбірледі.
Ойлы жас өздеріңдей, жаны таза,
Ақан да сыйлы еді, бұрын тегі.
Отырған жастың бірі артта тыныш
Деп қалды:
– Ойланып бұл айтар тың іс,
Білеміз, Ақан адал жолдасымыз...
Аяйық...
– Ах, либерал!
– Оппортунист!
Осылай асау сөздер дүбірледі.
Басылды топтың шалыс күбірлері.
Әсия аяп кетті сүйіктісін,
Шыдамай сөйлеп әрең, дірілдеді:
– Ақан ақ, ары берік, білемін мен...
– Жақтап тұр жатты сүйген жүрегімен.
– Мойында, адастың сен, комсомол қыз,
Құтыл тез Ақанның жат сілемінен!
Киліге сөйлеп қалды тағы да қыз:
– Ақанның жетейік те ағына біз?
Сол екен оқты сөздер жамырады:
– Мына қыз либералдың өзі нағыз.
Басылып үнсіз қалды Әсиямыз...
Мұндайда бәріміз де ашынамыз.
Жан-жақтан бұқпалатса бүлік сөздер,
Білсек те ақиқатты басыламыз...
Алайда Ақан бұған шыдамады,
Кеудесін жебір-жала сын қамады.
Ақ, еркін жүрегінен атты жалын,
Қалайша бәлеге бұл шырмалады?
– Ақпын мен, білесіңдер, доссың бәрің,
Алдаудан аулақ жаным, күшті арым.
Бәрі де өсек-жала... Сендіремін.
Жүректің серпіп отты ұшқындарын.
Ақпын мен, бұлтаңы жоқ бұл басымның,
Заманның жаңа туған құрдасымын.
Өстім мен еркін өмір өрені боп,
Болмақшы менде қандай сыр жасырын?
Әкем де момын таза бір жан еді,
Жапқан ғой жалақорлар бұл бәлені.
Жаны шат мұғалімдік еңбегіне,
Жат сырға болған емес бір өлеңі.
Ақталып әкем қайта оралады.
Жанымды мынау өсек жаралады.
Бірақ та жас өмірдей шындық жеңіп,
Масқара болып қулар қалар әлі... –
Дегенде тапал қара безілдеді,
Ашуы жарқыл қағып көзіндегі.
– Ақтап тұр жау әкесін, жат қылығын,
Айыпты етпек бізді, өзі тегі.
Бұлтару – жат біткенге мұра қылық,
Бітсін сөз, берілмесін бұған ырық,
Қуылсын комсомолдан Ақан дұшпан, –
Деді ол жиылыс бетін тура бұрып.

Сонымен бітті жиылыс. Жұрт тарады.


Күзгі түн. Түйіліп тұр бұлт қабағы.
Көшеде Ақан жалғыз... Түндей төнген
Қауіптен қалай өзін құтқарады?
Қуылды комсомолдан, оқудан да,
Әлде бұл абыржыған ойы таң ба?
Жазықсыз сөгіс алсаң қандай ауыр
Бақытқа жаңа ғана ұмтылғанда? –
Сонда бір маңдайыңа түссе таңба,
Бағыңды аңдитындай тосып алда,
Кеміріп өз арыңды кетік оймен,
Түспей ме тұтқиылдан басың лаңға?


* * *

Ал Ақан көніп бұған жасымайды.


Күтеді бұлт астынан тосып айды.
Кенет бір кеудесінде жігер лаулап,
Түн жарып зымырады тосын қайғы.
Сыпырып өсек-жала сөздің селін,
Күлімдеп Әсияға кездесемін
Деп жігіт асығыспен күтті таңды,
Жүрегін билеп берік, ізгі сенім...


* * *

Жауапты бір мекеме, төргі бөлме,


Бір бастық отыр мұнда түкпір жерде.
Кеудеге қысып келіп жан шағымын,
Міне, Ақан сол есікті түрткілеуде...
Ақыры әрең кірді бұл бөлмеге,
Арызын айтып кетті бірден келе.
Тұқырып басын төмен отыр бастық.
Білінді жүзінен бір кірбең неге?
Түрі де мінезіндей ауыр-қара,
Ол тұйық сырына да, арына да.
Үрейлі көзі неге? Ол қарады,
Айбынды сурет тұрды қабырғада.
Бейне бір өзі мықты, түрі сұсты,
Бір жола кетпесе де бұрып істі.
Ызғары ырық бермес бұл бастықтың
Болатын мұндайларға қыры күшті.
Ақанның ынта қоймай шағымына,
Берілді сол күдікшіл шанымына.
Әкең жау, өзіңнің жат қылықтарың...
Уақыт жоқ, шағым қарап сарылуға.
Бар, жөнел, айтарым сол! – деп тұнжырап,
Кейіп тез телефонын кетті бұрап...
«Қайда, – деп, – қырағылық? –
Сөгіп жатыр.
Аузынан әлдекімге сөз бұрқырап.
Ақан тез құбылысын соның байқап,
Бөлмеден шығып кетті басын шайқап.
Талайға сор болды ғой сол бір, кезде
Күдікшіл, күйкі жандар осындай тап?
Тіпті ол білмесе де бәрін тегіс,
Жан емес сонша сорлы жаны кеміс.
Ақ көрген айтқан сөзін жалақордың,
Кәдімгі соны ғана дәріптегіш.
Біліп тұр Ақанның да ақтығын ол,
Бірақ та жан емес пе сақтығы мол.
«Бір бәле шықпасын» деп жыпылықтап,
Тың іске отыратын қақтығып ол.


* * *

...Биыл күз ерте түсті, күрт бұзылды,


Аспанда сұр толқындай бұлт тізілді.
Шулатып шұбар жалды теректерді,
Тау жақтан ысқырды жел суық зілді.
Мазасыз алай-түлей сол бір жақтар,
Құйыннан қорғалады қалтырап тал.
Сүт емген бұтасынан сөгілді де,
Судырап түсті жерге жапырақтар.
Осыны Ақан көріп келе жатты,
Кім білсін, не жек көрді,
не ұнатты?
Айрылмай тек сенімнен, ол арызбен,
Дамылсыз көшелерді кезіп бақты.
Батса да қайран жастық шағым мұңға,
Ол шүбә келтірмеді шанымына.
Сонда да мекемелер тіл қатпады,
Кінәсіз адал жанның шағымына.
Алдынан үміт күндер жорғалады,
Баспады әлі бірақ өрге бағы.
Кезгенде, көшке сая теректерден
Мойнына салқын тамшы сорғалады.
Сұрапыл ығыстырған қала халқын,
Жүгірген тасаларды қалап әркім.
Кездессе Ақанға көп таныстары,
Өтеді бас изесіп шала салқын.
Мұндайды сезбеген жан күйіне ме?
Сар ауру, сондай тағдыр қиын неге?
Масқара қуылғаның қоғамыңнан
Бейне бір кінәлідей дүниеге.
Бірақ ол алабұртты, бір үмітті,
Жас албырт жаныменен жанып күтті.
Кеміріп тас көшелер өкшелерін,
Балағын қалын нөсер жауын жыртты.
Кеудесін, үміт толған кең бір өлке,
Кеулер ме кесір үрей, күңгірт,
келте?
Бірақ та Ақан жүрсе аңдап ізін,
Соңынан қалмай қойды бір көлеңке.
Үмітін қумас қудың ербелеңі,
Бақыттың алда әлі өр белеңі.
Кеудесін кере ашып ақ жаңбырға,
Лениннің көшесімен ол келеді...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет