Үшінші тарау
«Ақан мәз, забойына қайта барып,
Тұман ой кеткені ме тарқап анық?
Неткен үн ыңыранған тар қуыстан,
Жатқандай тасты біреу арқаланып?
Қараңғы үңгірде сол кім қысылған?
Зор біреу жібермей тұр уысынан,
Шойын қол жатыр оны қылғындырып,
Сорлы жан әлсіреген, ыңырсыған.
Шығады даусы әрең «құрыдым...» деп.
«Басыма түскен жала құрығы тек,
Адалмын, азабынан құтқар мені,
Қайдасың, қайран менің құлыным...» – деп.
Сол сарын тұла бойын тебірентті.
Түкпірге Ақан жылдам келіп жетті.
Қараса, қылқындырған бір дәу екен,
Қасқа бас, көз әйнекті, темір бетті.
Қан тамған қалшылдаған қанжарынан.
Мұң ескен күңіреніп жан-жағынан.
Қарқылдап күледі сол көз әйнекті,
Жыласа, жаңағы жан жалбарынған.
Бишара «Ақпын!»-десе дымы құрып,
Әлгі сұм қысты тағы буындырып.
«Уа, сұмдық, әкешім ғой!» –
Ұмтылды Ақан,
Отқа бір түсер жандай қуырылып.
Жағылды электр шам, уа, ғажайып,
Қасқа бас қолын соған қалды жайып,
Әп-сәтте сол жауыз да, әкесі де,
Ақанның көз алдынан болды ғайып...
Сол қуыс бола қалды жылдам жарык,
Алдынан шықты Қараш жылмаң қағып.
Бетінің бірі жылтыр, бірі қара,
Күледі күңгірт көзі тұманданып.
Мұңайып Әсия тұр ар жағында,
Жетпеген жан секілді арманына.
Қол созды аяп Ақан, кезікті ол,
Қараштың қарсы шапқан қанжарына...
Айғайлап қалды Ақан, шын қысылған,
Оянып кетті сұмдық ұйқысынан.
Түс шіркін, тұман ғой бір ой адасқан,
Мең-зең ол, шыққан жандай сол қысымнан.
Шәукеннің ыза болып шалысына,
От тиді кеше оның намысына.
«Бөлтірік» атанғанша жоғалайын,
Сібірдің әкем кеткен алысына...»
Бейбақтың жері жоқ қой қастық құрған,
Жаланың дерті зәрлі, басым удан.
Басында құйындай ой, ұйқтап еді,
Ашумен қағып алып ащы судан.
Десек те түс деген бір елес қана,
Сол елес күйіндірді есін ала.
Зарына әкесінін үн қосқандай,
Алыстан аңырады жесір ана.
Әлі де әкесінен жоқ хабары,
Жыл болды жетімектей жоқтағалы.
Әділет тілеп жазған арызына,
Жауап жоқ, бірақ үміт тоқтамады.
Қиналды әлдекімнің қынырына,
Мұндайды ойлады ма ғұмырында? –
Арызға әділетін тілеп жазған,
Тіл қатпау – қателік пе, бұрылу ма?
Заң айқын – секілді бір жанған шырақ,
Күрестен, арпалыстан алған сынап.
Ардақты правомыз – қорғаушы сол,
Кім соның бұзып кілтін тұрған бұрап?
«Әр ханға сұрқылтай бар әр дәуірде...»
Дегендей шын жат бар ма елге мүлде?
Жазықсыз әлгі жанды буындырған,
Ұқсайды сол қасқа бас әлдекімге?
Сондай ой Ақан жанын езбеді ме?
Көп болды тағдырына төзгеніне.
Түстен де ана хаты күйіндірді,
Қандай мұң жатыр ана сөздерінде:
«Алыстап қайда кеттің, құлыншағым,
Жалғыздық жапа шеккен мұңлы шағым,
Адасқан үйірінен сыңар қаздай,
Қарысты сағынышпен тұл құшағым.
Менен де, әкеңнен де суыдың ба?
Жүргенше алыстың сол суығында,
Қасымда жарығымдай жарқырап сен
Болсайшы бірге туған тұғырыңда.
Болсайшы түлеп ұшқан өз ұяңда,
Қаңғырмай жер астында, құз-қияда.
Телісін тағдырына әкеңнің де,
Әкесін адал туған ұл қия ма?..
Маған да пәлеқордың кесірі көп,
Тілдейді, мені жаудың жесірі деп.
Айрылған ботасынан аруанадай,
Боздаймын суретіңе тесіліп тек».
Осы хат Ақан ойын абыржытты,
Ананың қандай шері ауыр тіпті!
Қолына қысып хатты кетті үйден,
Сілкуге бойындағы ауырлықты.
* * *
Ақанның аңдап Сергей ой аңысын,
Сезіп тұр қасіретін, қиналысын:
Қиырда шеше жалғыз,
ал әкенің
Тағдыры теңселтіп тұр қиял-күшін.
Дейді ол:
– Өкінішсіз өндір едім,
Елімде өмір жолы – кең, білемін.
Тек күңгірт күйлер мені күйзелткенде,
Аһлап, ақ арымды кеміремін.
Шын жау ма, кінәлі ме, әкем осы?
Қасарды неге заңның мекемесі?
Қалайша қас болады еліне ол,
Еңбекпен қайнап өскен етенесі.
Адал... – деп, – әкем менің күрсінеді,
Көзінде кейістіктің тұр сілемі.
Жатсын деп көзге түртті өзімді де,
Шәукендер ақтығымды түсінбеді.
Құрыды әкем қудың жаласынан,
Хат келді аңыраған анашымнан.
Сең соғып қайығымды қиратқандай
Бір жанмын көк толқында аласұрған.
Тасқында жан қала ма тал қармаса,
Ауыр ғой арығаным, арман баса.
Кетейін су түбіне енді мен де,
Жанымда жұрт сенетін ар қалмаса?!
Русаков тыңдап терең түсінгелі,
Мүдіріп, үнсіз ұзақ мүсіркеді.
Білмей ме рентгенсіз-ақ шын дәрігер,
Дүрсілден жүрек демін ішіндегі.
Кездескен қызу істің бір кезінде,
Ақанның ой аударған мінезіне.
Байқаса сөзге жарқын, іске батыл,
Қат-қабат мұң болса да бір өзінде.
Білді ол – еңбекке де құштарын да,
Бейімін күлуге де, сұстануға,
Шақырған өзі қазір сезген кеше,
Бұл жаста буырқанған күш барын да.
Ашулы Ақан берік сабырға да,
Сөз күтті, сілкінсе де қазір ғана.
Русаков әлі үнсіз... Бұрды басын,
Ленин тұр қолын сілтеп қабырғада.
Ұмтылған алға басы, өр маңдайлы,
Теңіздей терең ойды кең толғайды.
Шапақтай қызыл тулар желпіп нұрды,
Қасында шұғыладай толқындайды.
Көзіне көрінгендей кең болашақ,
Нұсқалған саусағымен алдан алшақ.
Еруге ұшқыр ойдың ағысына,
Ормандай көтерілген колдар самсап.
Лениннің қарап ұлы келбетіне,
Русаков,
Ақан ойын тербетуге,
Кеңесін есті бейне кемешідей,
Айдынның аққан жылдам кең бетінде.
* * *
– Ия, жігіт, қынжылу ма, бұл шағым ба?
Түстің бе әлде қайғы құшағына?
Шынымен тасқа тиіп жасыдың ба,
Темірді тепсең үзер ер шағыңда?
Өмірге бар ма шүбәң? – Жоқ, сенесің.
Өткіздім мен өмірдің көп белесін.
Есіке ал, қапастарды, қысымдарды,
Біз өткен күрестердің өрт елесін.
Қарысты ескі зілмен қырыс дүние,
Түскен жоқ еркіменен тыныш күйге.
Жебірлер, жәдігөйлер, бұқпа сұмдар,
Қадалды денемізге шаншып ине,
Төндірмек болды бізге тепкілерін,
Қайырып капиталдың көк түнегін.
Солармен сілкілесіп ашындық біз,
Соларға бұрқап таптың отты кегін.
Әділ бұл, бұлтаны жоқ өмір заңы,
Болмақшы бұл күреске кім ызалы?
Қас болса қатсын мейлі, кім болса да,
Өштікті өзі соның туғызады.
Ал таза пейілдіге – ел алды кең,
Ұқ соны, ақ жүрекпен, ең алдымен.
Қара сен,
Ленин әне, шақырып тұр,
Келуге келешекке кең даңғылмен.
Жарқырап алтын іздер асуларда,
Келеміз сол жолменен басып алға.
Орнады құз гиганттар белестерге,
Жапан дүз төсін бөлеп асылдарға.
Бізде бақ, үстем біздің мерейіміз,
Дауылды көп жылдардың геройымыз, –
Лениннің нұры қалды кеудемізде,
Сондықтан батыл, берік, өр ойымыз!
Расында, әкең жау ма, түсінбедім?
Емес қой тексеретін ісім менің.
Осынау нөпірге мен таң қаламын,
Қалай жау болды таныс кісілерім?
Солармен қақталып ек отқа бірге,
Шын жаумен жағаласып Октябрьде,
Қалайша қапелімде басқа солар,
Білмеймін, құпиясы көп қазірде?
Ұлымыз халықтың біз –
өз арың шын,
Ақ болса, пейіліңді бұзба, түсін,
Советтің түлегісің, жарып өт сен,
Жолдағы бөгеттердің құз-қарлысын.
Түсінбей түссең ойға, ар қинала,
Немесе тарықсаң бір тар қияда, –
Ізде сен бақытыңды,
арт сенімді,
Лениншіл біздің ұлы Партияға!
* * *
Басқаға ойың әсте бұрылмасын!
(Русаков қойды сипап бурыл шашын).
Не бастық, не бір заңшы ағат басса,
Апшысы жас жаныңның қурылмасын.
Әлде бір әурелеген жалашыл ма?
Хақың бар әкеңе де жан ашуға.
Кінәлі болса өзі...
өзің бірақ,
Ешкімнің ілінбейсің жаласына.
Аңырма, анашыңды көшір мұнда.
Жүрегін жалғыздықпен шошындырма.
Табамыз пәтерді де,
көтер бойды,
Жаныңды езілтпеші осы мұңға.
Ауыр ма, шахтадағы әлде жұмыс?
Кеңседен табайын ба не бір тың іс? –
Парторг айтып соны тұрды қарап,
Жас жаны тапты ма деп сабыр,
тыныс.
Жүрегі жай тынышты таппай бірақ,
Соғып тұр бұрынғыдан тым қаттырақ,
Кейде бір жан ырғағын шертілгенде,
Жанарың шағылмай ма нұр жарқырап?!
Сергіп ой серпілткендей ыза-мұңын,
Қиялы қонғандай-ақ құзға мығым,
Күлімдеп Русаковқа қарады ол, –
Сездіріп өр сенімін,
ырзалығын...
Достарыңызбен бөлісу: |