Дастандар



бет2/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Қозғалып қуаныштың ән құйыны,


Жалындап жүрегіме саз құйылды.
Шақырып ормандағы ойларымды,
Аңсадым, сәулем, сенің наз күйіңді.
Қобыздың ырғағымен, қоңыр үнмен,
Орманда шалмен бірге ой жүгірген.
Оралды қайта міне таңғы желмен,
Махаббат сыры тамар енді тілден.
Толқындап ой жүректен симфония,
Шарықтап шаттық үнмен кетсе қия, –
Күлімдеп героинам келген шақта,
Такаббар өлеңімді тартам сыйға!
Ғажайып сипатымен көз тұндырған,
Әсем ән аясында қызық думан.
Алтын бас Алатаудың аясында,
Біз өскен Алма-қала мынау тұрған.
Қырмызы гүлдер өскен тау жан-жағы,
Желпіген орманның көк жапырағы.
Гүліндей күміс таудың күнді сүйіп,
Масайрап өскен қазақ жас ұрпағы.
Үн қосқан бұлбұлымен мәуелі ағаш,
Би билеп, ән шырқаған сұлулар жас.
Әсершіл сезімдерін билеп муза,
Алматы ақындарға болған Парнас.
Осындай болар, сірә, жер ұжмағы,
(Бұл тауға ұялаған бұлбұл-дағы).
Құзынан қыран ұшқан осы тауда,
Талаппен талпынғаннын болар бағы.
Алматы бағыстан ғой балғын жасқа.
Алатау – ақ отау ғой қарындасқа.
Жүргенде шырқап солай кезікті қыз,
Апырау, мынау біздің Қарлығаш па?
Албырап ақша беті ақ алмадай,
Күлімдеп келді міне маған қарай.
Қуанып Қарлығашым қолын берді,
Айт сәулем,
Алматыға келдің қалай?
Ғапу ет, жырды сүйген сырластарым,
Қалайша сонау күннен сыр ашпадым?
Қарлығаш шертті сырын өзі міне,
Ізімен жорғаласын жыр-дастаным.


* * *

Келісті кеудесіне күй келмеген,


Қарт күйші есімізде күйбеңдеген.
Албырт қыз үйден шығып кетіп еді,
Соқпақпен, түнде тілдей сүйреңдеген.
Алыста, әуен шыққан ауыл жақтан,
Шалқып ән, желді түндей жауындатқан.
Мәз дауыс, сылқым күлкі самалдай боп,
Бұлбұлды оятқандай тауып бақтан.
Дүбірі жас ойнақтың ұнады ма, –
Өзгеше үн келгендей құлағына.
Таңырқап Қарлығаш та келген еді,
Жастардың аулақтағы думанына...
Емеспіз аулымыздың салтына таң,
Тербелсең, қандай қызық алтыбақан.
Қосылып ән шырқасаң сырлы қызбен,
Айрылсаң әрең содан атқанда таң!
Қарлығаш тұрды қарап шеткі жақта,
Батқандай албырт жаны рахатқа.
Қолынан тартты қыздың бір келіншек,
Тамсанып тойлы жұртқа тұрған шақта.
Мұндайда епті келер қу келіншек,
Сырларын сондайлардың біз білуші-ек.
Махаббат жорығына елші болып,
Жымиып әккілікпен жүгіруші ед...
Аңсап ол жүректердің жай табуын,
Қыздарға ақыл-айла айтатұғын,
Жүргенде жеңгетай боп екі жаққа,
Өзі де базарлы боп қайтатұғын...
Сондай-ақ бұл келіншек сумаңдады:
– Ерке қыз, әнші сенсің бұл маңдағы.
Шырқашы, таң қалсын бір анау жігіт,
Бұлбұлдай сұңқылдашы ормандағы.
Бейтаныс, әскер жігіт тұрған шетте,
Жақындап келіп еді әтпеншекке,
Қарлығаш қарады да білдірместен
Аударды көзін енді келіншекке.
Ол өзі таныс емес, қандай жігіт?
– Бикеш-ау, сен көрмеген маңдай жігіт, –
Деді де, мақтап кетті сол жігітті,
Келіншек, соған жақын жандай күліп,
– Ол біздің жиеніміз, әскердегі,
Өзі де сылқым болып өскен тегі.
Келіпті ұшқыш болып, демалысқа,
Алыста болатұғын кеткен жері.
Жүреді ертең ерте ел шетіне,
Қарашы, нұр жайнаған келбетіне.
Сол үшін құрды сауық біздің жастар,
Жүрегін әнмен жылтып тербетуге.
Келіншек сөзбен тартып Қарлығашты,
Қаратты өз аузына барлық жасты.
– Еркежан, ән шырқасын!
Шырқасын! – деп,
Бәрі де иілдірген қарындасты.
Гүл көрсе тоты шіркін түлемей ме?
Қарлығаш ерік берді тіл-көмейге.
Сырнайдай сырлы әні сызылғанда,
Құлпырды сайрағандай бұлбұл бейне.
Пилотты әсем даусы арбады ма?
Өскен қыз, өскен мынау орманында,
Ұшқышқа, құс секілді көрінді ол,
Жетпеген ұшып әлі арманына.
Ән құмар жігіт еді ол өзі де,
Сол қыздың болды ғашық әуезіне.
Аузынан тәтті лебіз төгілгенде,
Қарады ол, ынтызар боп күн көзіне.
– Қарындас, оқисың ба ән сабағын,
Жаныңа қонар еді аңсағаның.
Бөленсең Алматының ән бағына,
Жұтар ең бұлбұл болып жан самалын.
Сол бір күн қалды мәңгі қыз есінде,
Пилоттың ұйыған қыз кеңесіне.
Сырласқан жұлдыз үміт жайнап сонда,
Жол бермей келіншектің дәмесіне.
Ия солай, жұлдыз болып үміт деген,
Билеген қызды ойлар тұйық терең.
Кетті қыз... өсек шіркін қалды ізінде,
Қашты деп сол бір ұшқыш жігітпенен.
Мейілі, паң дауысын тыңдатар қыз,
Ән сүйсек –
қыз арманын ұнатармыз.
Күйінген әкені де, өзін іздеп,
Жаңаша тартып күйді жұбатармыз...
* * *

Осылай келген сұлу астанаға,


Осыдан бақыт жыры бастала ма?
Жырлайын жаңа күйдің тыныстарын,
Өлеңмен шашу шашып жас қалама.
Жүр ме екен бұлбұлым да ән бағында?
Аралап қайттық оның орманын да.
Ақын да махаббатпен үн қоспай ма.
Сүйікті жүректердің арманына.
Қалада қызыл сарай тұрды бір үй,
Ішінен шалқығандай ән менен күй.
Осында жүрді біздің Қарлығаш та,
Жанына жалындағая тауып әлди.
Мәз болып өскен мұнда жас еркелер,
Қаз мойын оркестрден күйлер нелер.
Тартылып, ән шырқаіан сұлулар көп, –
(Жігіттер мұндай жерге үйір келер).
Музыка бесігі боп осы мектеп,
(Осында ақыл айтып жүр Дейсембек)
Оқытқан өрендердің құлағына,
Құйылған таң-тамаша күйлер селдеп.
Жайқалған ормандағы гүлдердей жас,
Онда бар бұлаңдаған сан қарындас.
Өкпелер біздерді де айтпады деп,
Мейілі, Қарлығашпен болдым сырлас.
Сөз қылма мені сырттан сұлуларым,
Күй десе кетер менің қызып қаным.
Ойымды орман кезген күй жетектеп,
Сырластым қызыменен музыканың.
Оқуы ойға білім, жанға сауық,
Желпінтті жас жүрегін күйлер жауып.
Серпілтіп струнды ойнақтатып,
Сызылтып ән салады ауық-ауық.
Ақтаршы әннің талай аталарын,
Қарайтын ғасырлардың ноталарын.
Роялдың ырғағына үнді қосып,
Шырқады сыры тәтті Отан әнін.
Саздарын ойға тоқып өткен күннің,
Ән салса,
өткендердің төккен мұңын.
Шалқыса Чайковский әуенімен,
Тербелген мұң-назымен Бетховеннің.
Есіне алды кейде жастық кезін,
Арбаған ой-қиялын тәтті сезім.
Ішінде ну орманның үн сыңсытып,
Іздеген онда қандай ән кербезін?
Әкенің кінәлі тек қобызы ма?
Бір терең сарын бар ма сол ызыңда?
Әйтеуір ұшқыр қиял биледі де,
Шырқады ойын әннің шың-құзына.
Осындай шат-шадыман күндерімде,
Менін де от ойнайды жүрегімде.
Жол бермей жел қиялдың жорығына,
Алаңсыз аяңменен жүремін бе?
Шалқыған жаңа дүние әлемінен,
Өлеңмен ту көтеріп келемін мен.
Үндерін достарымның, тұстасымның,
Көтерем қуаныштық күн лебімен.
Мейлі, жас сұлуым іздей берсін,
Ішінен гүлстанның гүлдер терсін.
Менің де уылжыған жырларыма,
Саз беріп,
әсем әуен ілінерсің.
Тағы да кетем шалқып қыр-қияны,
Ақынның тұрмас тынып ой-қиялы.
Ақтарсам мидың терең мың қабатын,
Ішіне толқындаған ой сыяды.


* * *

Төрінде, Отанымның, ізгі жерде,


(Алыстан сәуле шашқан ол біздерге).
Толықсып болып жатты бір жарқын той,
Сәулесі түсті соның біздің елге.
Айтылды ұлы тойға ан сауыны,
Күйменен тартты желі қала-ауылы.
Үндердің сабасынан фантан атып,
Қаптады жер мен көкті ән жауыны.
Отанның теңізінен, шалқарынан,
Алтын бас, күміс кеуде тауларынан,
Жібек шәл, құндыз бөрік орманымен,
Масаты гүлдер атқан алқабынан –
Шалқып жыр тоқсан тарау ән мен сарын
Әлемге қуаныштың жайды жарын.
Қарыштап аспан көкті, қиыр шетті,
Тербетті ырғағымен жердің шарын.
Тең келер сондай күйге тасқын ғана,
Дауылын музыкаға қосты дала.
Қозғалып халқымыздың кеудесінен
Жөнелді күйлер гулеп Москваға.
Жарысып өнерпаздың кәрі, жасы,
Атанды ән мен күйдің ауылдасы.
Қарағай, қайың біткен қобыз болып,
Сермелді күллі жұрттың ән құлашы.
Домбыра, сыбызғымен, қобызымен,
Күйші шал, әнші жастар ағызды өлең.
Тарту ғып ұлы тойға Қазақстан,
Жөнелді күйді тиеп поезбенен.
Құйылды күйлер келіп Кремльге,
Отанның нұр жүгірткен жүрегіне.
Аймалап Мәскеу халқы ән мен күйді,
Енгізді кең сарайдың біреуіне.
Жиналды әнші жұрттын бәрі мұнда,
Кенеліп кең сарайдың жарығына.
Отырды қошеметтеп тойшы халық,
Масайрап даламыздың сарынына.
Еркесі ойнақ салып өр көңілдің,
Көтерді алғыстарын өрен тілдің,
Шаттықпен қазақ даусы аспанға ұшты,
Орады мұнарасын Кремльдің.
Басталды сый-сияпат, құрмет кеші,
Ашылды сахынаның ақ пердесі.
Жарқ етіп ар жағынан жас сұлулар,
Гуледі музыкасы, жан-еркесі.
Төгілтіп тәтті лебіз ән менен күй,
Елімнің бұлбұлдары шыққан ылғи.
Күймедей көмекейден күміс шашып,
Домбыра әуезіне балқыды би.
Билетіп бармағынан ағызды бал,
Алтын бас, күміс иек қобызшы шал,
Сап тұрып оркестрлер марш ойнап,
Жаңғырды үй, жаңғырғандай құзды шыңдар,
Біресе шықты сұлу күйге оранып,
Біресе шықты жігіт әнмен ағып.
Киіктей ырғып-қарғып шықты кейде,
Нәзік қыз тал шыбықтай сан бұралып.
Құйын боп құйылғандай қырдан сазы,
Бір кезде тебіренді Құрманғазы.
Сар дала гулегендей сол бір түнде,
Шертілді дүниеге жырдан назы.
Кең сарай болды бейне күйдің бағы,
Жайнаған гүлдеріндей жұрт тыңдады.
Шырқамай осындайда жан ләззатың
Қарлығаш, қайда, қайда кеттің тағы?
Жоқ, ол да күй жетелеп келген бірге,
Күмбезі қуаныштың Кремльге.
Аққу құс қомдап келді ән қанатын,
Бәлкім ол арманына жетер мүлде.
Жарқ етіп шықты міне сахынаға,
Тұр екен ән толқыны дәтін ала,
Көзінен кереметті ұшқын атты,
Солай бір серпіледі ақын ғана.
Сылдырлап шашындағы ақ шолпысы,
Желбіреп ақша гүлдей шоқ үкісі,
Майысып құба талдай топ алдында
Жымиды құбылды да сұлу түсі.
Балдырған жас сұлудың құрметіне,
Мүләйім сәбидей сол келбетіне,
Сүйсініп әншіл халық қошамет қып,
Соғылып шапалақтар кетті міне.
Жан бітті күй сандықтың тілдеріне,
Ақ саусақ ойнақтатып үн берді де,
Елпілдеп Қарлығаштың еріндері,
Аузынан әуен шықты түрленді де.
Күмбезге күміс төгіп әні кетті,
Сарайдың дуалдарын жарып өтті.
Кең дала жазығындай ән жайылып,
Аңсаған алыстарға ағып жетті.
Ойнақтап, сырғып таудың бұлағындай,
Зымырап ақ киіктің лағындай.
Дауысы безектеді, құйындады,
Құлдырап Сарыарқаның құланындай.
Сызылды сұлу қыздай сылқым әні,
Бұлбұлдай нәзік үні сұңқылдады.
Сылаңдап әнмен бірге құбылды қыз,
Қалың жұрт махаббаттан сыр тыңдады.
Қалың топ секілді бір оған орман,
Назданды сандуғаштай гүлге қонған.
«Қарғам-ау», «Наз қоңырмен» сыңсыды
Басынан «Баянауыл» төгілді арман.
Солай бір әні шалқып шыққан шақта,
Күркіреп шығып жатты шапалақ та.
Иіліп әлденеше тәжім етіп,
Енгендей сұлуым да жан рахатқа.
Қошамет сәулесімен қыз құлпырды,
Иіліп жұрт алдында тағы тұрды.
Әндетіп ақырғы рет әуелетіп,
Арнады Партияға ән мен жырды.
Шықты ғой жүрегінен ағылып ән,
Шымырлап шыққандай қан тамырынан.
Тұнығы тұңғиықтан қозғалғандай,
Керемет қонғандай бір дарын бұған.
Сол бір ән сұлулықты қалап туды,
Жанында үн дүлділі жарап туды.
Сәулесі жерге еркелеп, желмен ойнап,
Құйқылжып шықты көкке жан аққуы.
Түрленіп тоты құстай қыз шалқиды,
Толқытып күй сандық та төкті күйді.
Ағылып ауызынан ән кеусері,
Жүрекке бейне балдай тамылжиды.
Аққандай ән тасқыны асулардан,
Келгендей күй қуалап ғасырлардан.
Естіген жүректерді елжіретіп,
Сүйініш сыр айтқандай ғашық жардан.
Сол әні аспандаған «Аққу» деген,
Арбады, жүректерді тартты неден?
Өзі де аққу сынды Қарлығашым,
Қазақтың ән көгінде бақ тілеген.
Бұл әні ән біткеннен кетті шалғай,
Пейіште туған бұлбұл шырқағандай.
Көтеріп «Коминтерн» радиосы,
Таратты қуаныштан шыққан жардай.
Бар әлем тыңдап жатты аққу әнін,
Лебімен жадыратқан Отан жанын,
Қайран қап, бұл қай үн деп көкті жарған.
Ақтарды музыканттар ноталарын...
Масайрап жиналған жұрт тәтті үнге,
Топталып келіп жатты құрмет гүл де.
Сүйсініп шапалақтар шашу шашып,
Зал іші жаңғырықты гулеп мүлде.
Тоқталды ән, бола қалды жан тынысы,
(Осы ғой Қарлығаштың қуанышы.)
Жымиып Москваға тәжім етті,
Қазақтың бұлбұл болып туған құсы.
Қаптады жан-жағынан алғыс, мадақ,
(Көздерін жігіттер де жатты қадап)
Ырза ғып Мәскеу халқын ән мен күйге,
Сұлуым алып қайтты құрмет-атақ...


ЭПИЛОГ

Өтті айлар аясына септі нұрды,


Өмірдің гүлстаны – жер құлпырды.
Бағында шешек атып, жас сұлуым,
Күн сайын жүрегінен төкті жырды.
Жан-жақтан жөнелгенде өлең гулеп,
Қуаныш құйынымен шыр дөңгелеп.
Желпілдеп орман гүлі ой шақырып,
Саяны кеттім мен де көлеңкелеп.
Көрінді көзіме кеп екі сурет,
(Жазыпты екеуін де мақтап газет).
Елестеп қиялыма сырлар таныс,
Қарадым екеуіне кезек-кезек.
Отырды Орман қызы күлімсіреп,
Көрген соң қалқашымды соқты жүрек.
Шаттықтың сәулесімен жүзі жайнап,
Тұрғандай тотыдайын тоқсан түлеп.
Қасында кәрі әкесі, домбырасы,
Алтындай жалтырайды шалдың шашы.
Оның да шүңірек көзі нұрланыпты,
Қасында құлпырған соң Қарлығашы.
Ойнақтап ыстық сезім өн бойымда,
Қояндай орман кезіп кетті ойым да.
Мәз болған бөбегіне анасындай,
Ақын да сүйсінбей ме геройына?
Оқыдым астындағы жазуды мен,
Кімдер бұл, геройымның назын білген?
Әлжаппар, Ғабдолдардың бірі шығар,
Әркімнің әңгімесін жазып жүрген...
Жазыпты қыздың Мәскеу барғандығын,
Сол тойда ағытқанын арман жырын,
Балқытып әсерлі үнге естігенді,
Қошамет, алғыс, наград алғандығын.
Айтылған қыз әкесі ормандағы,
Көп көрген өкініші сол маңдағы.
Тартылған күңіреніп қоңыр саздар,
Айрылып қызынан сол қалғандағы.
Оралған аққуындай тапты қызын,
Басына жарқыратқан бақ жұлдызын.
Күй қосып қобызымен қыз даусына,
Шалдың да жайнатыпты шаттық жүзін.
Айтпасам соны оқушым ұмытпай ма?
Не деймін, десе біреу жігіт қайда?
Қимадым, қалқашымды, сүйсе біреу,
Салқыны жас жырымды суытпай ма?!
Ғапу ет, албырт жырдық тентегіне,
Сүймесе, ғашық сырын шертеді ме?
«Қосылды сүйгеніне» деп баяндап,
Ұқсатпан поэмамды ертегіге.
Қоспадым сүйісуді жыр ішіне,
Жеңгедей жасырынған түн ішінде,
Тасада сүйіссін деп қыз бен жігіт, –
Ақынның жеңгетай боп жұмысы не?
Мейілі, көше кезсе өсек шіркін,
Сыншы да ширатылып шығар мүмкін,
Жұбатқан ән бөбегін әлдиім бол,
Жетілер жігіт-жырым, өсер бір күн.
Аяулым, жүрегімнің сен иесі,
Асыл ән, махаббаттың әулиесі.
Жете ме аспандаған наз дауысыңа,
Ағылса жырдың мадақ дүниесі?
Тұңғыш сен, таңдай қағып тыңдағаным
Толқыды жүрегімде тұнған әнің.
Кеше гөр, жас дауысым кірбеңдесе,
Көтер сен, мен де тағы толғанамын.
1939 жыл.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет