Дастандар



бет14/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді

Үшінші тарау

Тұқырып қиялдарын бір бұрышқа,


Бөгеліп Ақан тұрды бұрылыста.
Алдынан сол көлеңке ербең етті,
Тап болды қара жігіт, бойы қысқа.
Жымиып әлденеге алды күліп,
Қайыстай қара беті сәл құбылып:
– Уа, Ақан, қайда жүрсің? –
деп ыржиып
Шапшаң-тез қолын берді салқын, суық.
– Жүрмін ғой міне, Ленин көшесінде...
– Сыр айтам қатал сынның есесіне,
Айтып ем комсомолдық қызуменен,
Сонымды ақ сыр айтсам, кешесің бе?
Бәлені үйген саған басқа бір сұм,
Мен емес, мен екен деп босқа жүрсің.
Ұнатам сенің жарқын мінезіңді,
Сендей-ақ жолдасына дос табылсын.
Жүрші бір ресторанға, сырласайық,
Айтатын ақылым бар шын ғажайып, –
Басыңды ақтар, мүмкін, осы тәсіл,
Сен емес, әкеңде ғой сұмдық айып.
– Не дедің? Не деп тағы тұрсың мұқап?
– Жоқ, аяп тұрған сені досыңмын-ақ.
«Әкем – жау, сезген едім оны бұрын,
Жасырып келдім – күнә, осыным тап!»
Осылай арыз берсең райкомолға,
Аламыз комсомолға, қайтып онда.
Жүр өзің, оңашада кеңесейік,
Сенерсің шын сырларым айтылғанда...
– Тұрсың-ау, толқытам деп,
маған ой сап,
Осы ма шын достығың келген аңсап?
Әкеңді тірідей көм, жан сауғалап,
Дегенді айтар еді қандай найсап?
Бар жолдас, ақылыңмен әрі зымыра.
Із аңду әлде сенің парызың ба?
Жолама енді маған! – деді Ақан,
Асау бір сөздер тулап ауызында.


* * *

Ол кетті.


Кім осы бір ол дегенім?
Құпия геройым ба әлде менің?
Теңіздей айқын жүзді өлең шіркін,
Өмірдің жасыра ма сүмелегін?
Ол таныс, тіпті сырлас бәрімізбен,
Сөйлесер шын пейілмен, еріп сізбен.
Көз таса бола қалса көлеңкеңіз,
Жүгірер өсек-жала теріп ізден.
Уа, оның кереметі таңғажайып,
Қазір бар, қазір ғана болар ғайып.
Сиқырлы, епті де ол, сайқал әрі,
Құпия сырларын да қояр жайып.
Біледі тәлімсуді, сұстануды,
Біледі достарыңды, дұшпаныңды.
Иіріп ой жібіңді тегершіктей,
Тартады сенің ынта-құштарыңды.
Аты кім? – аты Қараш Дүрлібаев,
Атына сиқы және сыры лайық.
Жандай бір көзі бұлдыр жүретін ол,
Жарықты сүзе қарап, сығырайып.
Жайнайтын жиылыс десе, арыз десе,
Әлде бір жел өсектен нәр іздесе;
Ақанды кірлеп жазып, көп арыздың
Жан-жаққа зымыратқан бәрін кеше.
Ақанға кеше бәле таяндырған,
Қалайша туа қалды аяу бұған?
О, тәңір! Сақта бізді осындай дос,
Көлгір көз, күңгірт жаны бояулыдан!
Түспесек сондайлардың торына біз,
Тек селсоқ жырлаймыз ба көріп аңыз?
Жоқ, шаншып қаламменен ондай сұмды,
Көрсетсек жұттан мәңгі арыламыз.


* * *

Құзында Алатаудың күн жорғалап,


Қалаға от кірпігін төнді қадап.
Шықтарын сілкіп сұрғылт жапырақтар,
Мейрімін мәңгі нұрдың тұрды қалап.
Уа, қызық, күздің жарқын таңертеңі!
Кеудеңді жұпар самал кеңейтеді.
Алматы ару күліп күнге қарап,
Бөледі күлкісіне кең өлкені.
Қағылып еңбектің де дабыл әні,
Көшеде күй шертеді тау бұлағы.
Өрлеп сол арықтарды шат күлкімен
Оқуға өрім жастар ағылады.
Солардың болып едім біреуі мен,
Жастықта сүйе білген, күйе білген.
Қол созып қүз білімнің қиясына,
Ұмтылған сыр алуға ұлы өмірден.
Қанатын қағып жырдың КАЗПИ-імнен,
Тербелдім сол бір шақтың наз күйімен.
Осылай сонырқап бір көз тікпей ме,
Аспанның айдынына қаз сүйінген.
Білімнің сарайы сол – ұям едің.
Сенде мен шарықтадым қиял өрін.
Сол төрт жыл қайта жайнап оралса бір,
Өмірдің қырық жасын қияр едім.
Айрылып сондай ыстық аясынан,
Ақанның албырт ойы аласұрған.
Алдынан студенттер өтті самсап,
Тұр міне, жалын атып жаны осыған.
Соларға қарап сырттан тұрып ұзақ,
Жаралы жүрегіне сыр алғызбақ.
Тұр әне, институт –
жайнап әлі,
Түнерген күзде бүгін бұл жалғыз-ақ.
Тұрды ол Бас арықтың жиегіне,
Жандырып сағынышын жүрегінде.
Тек оны саусағымен сипады күн,
Жарқырап Алатаудың иегінде.
Жылы бір сәуле кіріп кеудесіне,
Әсия түсе қалды енді есіне.
Ауыр ой әуресімен жүрген жігіт,
Күйікпен келіп еді кездесуге.
Әне қыз, елең етті, бұл Әсия...
Апыр-ау, қолтықтаған кім қасында?
Ақан тез құштар көзін қадап еді,
Қараш па? – Қараш екен ол расында.
Сонымен сырласа ма, күбірлей ме?
Әсия құбылғандай күліп бейне?
Жарқ етсе жалынды шоқ жүрегінде,
Мұндайда жаныңды тез күйдірмей ме?
Ұмтылды, тоқтады тез, жалт бұрылды,
(Кең мінез, кектенбейтін жоқ бұрынғы).
Жағалап кетті шапшаң Бас арықты,
Жүрегін түскен әлгі шоқ қуырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет