Дастандар



бет39/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41
Байланысты:
30 Қалижан Бекхожин Поэзия тербетеді жүрегімді

Соңы. 1957
КҮЗЕТШІ


(Атақты әнші композитор Жаяу Мұсаға ескерткішім).


І

Құздар жоқ қарағанды елеңдеткен,


Дал-дал боп, бет-бетімен белең кеткен.
Далбаның адырында, Ақшоқыда
Бір шал жүр жорға мініп өлеңдеткен.

Таң атса тау бүйірін дүбірлеген,


Осы қарт қырды оятқан жырыменен.
Айғайы болмаса да аңыраған,
Лебіне шөп-шоқылар дірілдеген.

Совхоздың күзетшісі – әнші бұл жан,


Еседі ертелі-кеш даусы қырдан.
Өлеңі жонды кезіп жорғаласа,
Алдында алтын басты дән шұлғыған.

Бақса да ақ бидайлы адырларын,


Білер жұрт күзетшінің ән құмарын,
Малшы мен егіншілер көрсе оны,
Асығыс басады екен адымдарын.

Шал әні сызылса да баяу маңға,


Алыстан аңсап жұтқан Баянаула.
Үндері жусағанда іңір түсіп,
Келеді бейітке бір аялдауға.

Аңшы ол, ән ұшырған қыр-далаға,


Несі бар жапандағы қу молада?
Ошақтан қалған жұртта үйіндідей,
Меңіреу көрде мынау сыр бола ма?!

Түнеріп жатқан таудың жотасында,


Әлде бұл әулие бір атасы ма?
Немесе жалғызы ма, жастай өлген,
Күбірі –жоқтауы ма, батасы ма?

...Үстінде Ақшоқының алты тасы,


Басында – қуарған бір аттың басы.
Адыра жатыр мәйіт, күзетші тұр,
Жалбырап көр қасында аққу шашы.

Айтқаны аят емес, өлең, екен,


Күзетші басқалардан ала-бөтен.
Кім бұл деп, келіп едік Далба тауға,
Кездестік өлеңшімен далада кең.


II

Жиынға кештегі бұл, қырмандағы,


Жиналды малшы, диқан бұл маңдағы,
Тыңдайды сырлы жырын күзетшінің,
Әншіл ел – Малғозының ұландары.

Иіріп алқап толы алса дәнін,


Игі жұрт іздемей ме аңсағанын?
Әлде бұл әдеті ме Далба таудың,
Кеш болса шалқытатын ән самалын?

Елгезек еріп біздің қолқамызға,


Отыр шал айтып өлең ортамызда.
Шоқытып Ақшоқыдан ән бастаса,
Дауысы жөнеледі жорта құзға.

Салты бар күзетшінің бұрынғыдан,


Данасы тапсырғандай жырын бұған,
Ағытып айтып әнін соның ғана,
Сонау бір өр әншінің сырын қуған.

«Ол өзі ән мен жырдың аққан селі,


Баянның майталманы, ақын сері.
Шоқ шашып Шормандарға әуезімен,
Сөзінің жарқылдаған ақ семсері.

Жырында жарлы жанға аяу туса,


От пен сот мейлі оған, таяу тұрса,
Қияда қар сабалап,
жел шақырған.
Қырандай қайсар еді Жаяу Мұса.

Сабаздың кең кеудесін көрдім өзім,


Сүйемін серілігін, өр мінезін.
Күшімді таудай менің әні тербеп,
Қасына жас күнімнен ердім өзім».

Есіне алып солай жақсы жасын,


Әнді шал былғаңдатып ақшыл басың,
Билетті пернелерде саусақтарын,
Жаяудың арқыратып «Ақсисасын».

«Жаныма батқандықтан ашынамын,


Мен неге жаяумын деп басыламын?
Малым жоқ Шорман айдап алатұғын,
Зорлығын Мұстапаның паш қыламын».

Шошытып Шорман аулын ұйқысынан,


Өр Жаяу ән шырқаған түу тұсынан.
Қасында сонда осы ақ бас әнші,
Ер екен, ерген оған жылқышыдан.


ІІІ

Күзетші әншіміздің аты Сымақ,


Өнермен өскен екен бағын сынап.
Балуан аты шулы, мыңды жыққан,
Бір кезде жігіт болды жаны шуақ.

Жасынан топты жарып сері жүрген,


Жүлде алып әнші, ақын серігімен.
Күресте құдіретті Сымекеңді,
Кереку, Баянаула бәрі білген.

Болса да елдің асқан балуаны,


Жаяудың арбағандай ару әні.
Сымекең сүйіп оны жас кезінен,
Әніне әлі күнге табынады.

Қайран қарт серпіледі Жаяу десе,


Аузынан жанып шығып аяу неше,
Аттыдай ащы жырын шырқап кейде,
Жаяудай кейде мұңын баяу есе.

Жаяумен өткен дулы нелер кеші,


Көкке өрлеп көңілінің көлеңкесі.
Күзетші көтеріліп ұшырады,
Аспанға «Көгершінді» ән еркесі.

Осылай әні желдей еседі де,


Ойыңды желдетеді кешегіге.
Жайрандап көз алдыңда Жаяу Мұса,
Ән шырқап Ақшоқыдан көшеді де.

Желдіріп Жасыбайға ол жетеді,


Ақбетке даусын тағы өрлетеді.
Жаяудың желден жүйрік әндерімен,
Әнші қарт естігенді тербетеді.

Кейде ол дауылдатып қызған әнін,


Баянның басады екен мырзаларын.
Наз төгіп кейде әзіл айтып Жаяу,
Сымақтан күтеді екен қыз хабарын.

Соны айтса бүлкілдейді кеңірдегі,


Іккәрі шертілгендей көңілдегі.
Соны айтса күлімдейді кемпірлер де,
Жаяудың бір кездегі келіндері.


IV

Отырмыз шалды тыңдап кенен белде,


Сүйсініп сонау өткен кемеңгерге.
Алқаптан күйін қосқан комбаиндар,
Ұқсайды айдындағы кемелерге.

Алдымыз ақша бидай, алтын алап,


Жаяудың әні соған жатыр тарап.
Күзетші айналасын әнмен шолып,
Іркіліп Ақшоқыға қалды қарап.

Көр жатыр Ақшоқының етегінде,


Кеш болса қырдан соған жетемін де.
Жырлаймын әуендерін жатқан жанның.
Жүріп ем соның талай жетегінде.

Өр еді Ақшоқыдай тұлғасы да,


Ән еді мұрасы да, дұғасы да.
«Үстімнен қабырымның ән кетпесін», –
Деген ол, әнші мендей тумасына.

Ер Жаяу кетті мәңгі тұрағына,


Сол сөзі қалды менің құлағымда.
Бездім мен балуандықтан, қартайдым ғой
Жаяудың әні болды мүрадым да.

Басынан жаз өтемін, күз өтемін


Ән шырқап жүргенім жоқ дүзде тегін.
Елімнің несібесін қоримын да,
Жаяудың қабырын да күзетемін.

Басында өлеңдетіп сол моланың,


Оңаша күбірлеймін, толғанамын.
Таскүмбез орнатса ғой қабырына,
Ардақты ұлы еді ғой ол даланың.

Қабырын жатыр басып бес түйір тас,


Атының бас сүйегі жатқан қу бас.
Деп еді: «Біткен маған жалғыз аттың,
Басын қой қабырыма, болсын сырлас».

Ер еді қуғын көрген өрлігінен,


Қуғынды сұм заманда көрді кімнен?
Шідері Шормандардың шалынғанда,
Асау жан үзген талай ерлігімен.

Деген ол «Уа, дариға, күнім туса,


Атанам қашқын емес, ақын Муса». –
Көзінше Шорман қирап, өлді сабаз,
Майданның жеңіс тапқан батырынша.

Ұқсаса Баян әннің күймесіне,


Жаяуға Жасыбайы тиесі де.
Белгі ғой күмбез тауы Жасыбайдың,
Әндердің әулиедей иесіне?

Тауымда жарқыраған асыл едің,


Даусыңмен дауылды да басып едің.
Дариға, қартайдым ғой, қабырыңа
Арқалап асыл тасты тасыр едім...».

Қарады жастарға шал тербелді де,


Сол бір сәт Ақшоқыдан жел келді ме?
Қалың жас кетті шырқап «Ақсисаны»,
Тербелтіп әуенімен өр белді де.

Жас біткен жамыратты Жаяу әнін,


Әнші шал, енді неге баяуладың?
Әкетем айтқаныңды жырға тізіп,
Арманын Ақшоқының баяндадың...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет