Кіріспе
§1. Қоғамдық қатынас құралы ретінде тіл бірнеше формада өмір сүреді. Әдеби тіл – тілдің өмір сүруінің, қызмет етуінің ерекше формасы. Ол белгілі бір халық тілінің нормаға түскен, өңдеуден өтіп, сұрыпталған ең үлгілі формасы. Әдеби тіл – дәстүрге берік, сол тілде сөйлеуші қоғам мүшелерінің бәріне бірдей міндетті, қызмет аясы, әлеуметтік ауқымы кең тіл. Осындай қасиетке қоса әдеби тіл әр түрлі ауытқулардан арылып отыруы қажет. Қандай да болсын күрделі ойды, мағынаның небір нәзік реңктерін тап басып, дәл, ешбір қиындықсыз, емін-еркін жеткізуі оның коммуникациялық сапаларының қандай екендігін көрсетеді.
Қазақ әдеби тілінің «ауызша» және «жазбаша» деп аталатын бір-бірімен тығыз байланысты екі формасы бар. Әдеби тілдің «ауызша» формасы өз кезегінде маңызы артып отырса, қоғамның әлеуметтік, мәдени дамуы тәрізді қолайлы жағдай «жазба» тілінің рөлін өлшеусіз өсіре түсті.
Орфография әдеби тілдің («жазбаша» түрінің) «киімі» ғана емес. Ол, алдымен, сауатты жазудың, ана тілін мәдени меңгерудің маңызды құралы. Ондай құрал тілдің құрылымдық жүйесіне (системаға) лайық, пайдалануға неғұрлым жеңіл, қолайлы да тиімді болуы тиіс.
Қандай да болсын тілдің қоғамдық құбылыс ретінде өзгеріп, дамып отыратындығы белгілі. Тілдің құрылымдық жүйесінің де дамып, өзгеріп отыруына сәйкес оның «киімі» де «жаңаланады». Олай болмаса, орфография тілдің системасына лайық болмай, оның құрылымдық жүйесіндегі заңдылықтарды дұрыс бейнелей алмас еді. Ондай орфография пайдалануға ауыр тиіп, сауатты жазуға «тұсау» болар еді.
К. Маркске жазған хатында Ф. Энгельс араб графикасының күрделілігі болмаса, парсы грамматикасының 48 сағатта біліп алар едім1 деген болатын.
Ағылшын балалары күн құрғатпай, үздіксіз тоғыз жыл оқығанның өзінде кеңсе қағаздарына қатысты жұмыстарды ойдағыдай жаза алмайды екен. Әйгілі жазушы Бернард Шоудың есептеуінше жазу жұмысымен шұғылданған ағылшындар әрбір минуттың 12 секундын «басы артық» әріптерді жазуға жұмсайды екен. Ондай басы артық әріптерді жазуға бір жылда 73 күн кетеді. Англия мен АҚШ-та жазу жұмысы, кеңсе қызметі, ғылыми зерттеулермен 2,7 миллион адам шұғылданады. Олар бір жылда 540 мың жыл жоғалтады екен2.
Жазу-сызуда мұндай қиындықтар болмас үшін орфографияны тілдің құрылым жүйесіне лайықтап, ондағы өзгерістерді бейнелейтіндей етіп, жазу нормаларына эволюциялық өзгерістер енгізіп отыру қажеттілігі тіл құрылысы тәжірибесінде де айқындала түсіп отыр.
Қазіргі қазақ орфографиясы әдеби тілдің жазбаша түрінің нормалану процесіне зор ықпалын тигізді. Оның 40 жылдан астам тәжірибесі жащу нормаларының тұрақталып, ала-құлалықтан арыла, жетіле түскендігін байқатады. Бұл процесте 1957 жылғы «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері3», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері4», «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш5» тәрізді т.б. практикалық құралдырдың, ғылыми зерттеулердің6 орны айрықша. Әрине, бұл нәтижелер қазақ орфографиясының барлық мәселелері зерттеліп болды, жазу мәдениетіміз ешбір мүлтіксіз дегенді аңғартпайды.
Қазақ орфографиясының ғылыми тұрғыда әлі де зерттеле беретіні даусыз. Өйткені, біріншіден, қазақ тілі де, өзге тілдер тәрізді, құрылым жүйесі өзгеріп, дамып отыратын тіл. Осыған байланысты ондай құбылысты айқындап, зерттей отырып, жазу нормаларына да ішінара өзгеріс енгізіп отыру қажеттілігі туады. Екіншіден, қазақ тілінің құрылым жүйесінде әлі де танылмаған заңдылықтар бар екендігі сөзсіз. Оларды зерттеп, танып білмей, жазу-сызу нормаларын сол жүйеге лайықтап белгілеу мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |