§ 20. Қазақ сөзі өзінің құрамы жағынан мынадай топтарға бөлінетіндігі белгілі.
Жалаң сөздер: ағаш, үй, бала, шаруышылық, мұхит, ай, жыл, сана, дәуір, мектеп, кітап, қағаз т.б.
Құрама сөздер немесе күрделі құрама сөздер (проф. К. Аханов) төрт топқа
бөлінеді.
Күрделі сөздер. А) күрделі зат есім: ауыл шаруашылығы, ауыз әдебиеті, аса таяқ, соқпақ жол, ата мекен, қалбағай омыртқа, кіндік шеше т.б.; ә) күрделі сын есім: ақ боз (ат), ал қызыл (орамал), қызғылт қоңыр (тас), ақ шаңқан боз, ақ сары (адам), сары шұбар, қара ала, күйік сары, құрым сары, көк ала, ақ сұр т.б.; б) күрделі етістіктер: келе жатыр, кешігіп қала жаздады, қайнап кетті, бұрқ ете қалды, жалп ете түсті т.б.; в) күрделі үстеулер: түс әлетінде, түс ортасында, түс кезі т.б.; г) күрделі сан есімдер: он тоғыз, қырық бір, бір бүтін оннан екі, жиырма бес, төрттен екі, үштен бір, бір мың тоғыз жүз, сексен алты т.б.
Қос сөздер: бала-шаға, қоян-қолтық, үйме-үй, тау-тау, жекпе-жек, бақ-дәулет, бес-алты, он-он бес, бірлі-жарым.
Бірікккен сөздер: өнеркәсіп, балабақша, кәсіподақ (кәсіпшелер одағы), жаужұмыр (өсімдік), қолғап, қосаяқ (тышқан), кезқұйрық (құс), итарқа (шатырдың түрі), алөкпе (ауру), өнертабыс, шамшырақ, ешкім, ешқандай, әлдекім, әлдебіреу т.б.
Қысқарған сөздер: ауатком, әскерком, агроөнеркәсіп, автодүкен, т.б.
Міне, осындай қысқаша мысалдың өзінен-ақ құрама сөз құрылымының әлдеқайда күрделі және жазылуының әр түрлі екендігін (бөлек, бірге, сызықша арқылы) байқауға болады. Дегенмен құрама сөздердің бәріне ортақ басты-басты белгілер бар. Құрама сөздің қай-қайсысы болсын, мейлі ол кұрделі зат есім (ауыл шаруашылық, кіндік шеше, ата мекен т.б.), күрделі сан есім (қызыл қоңыр, қара барқын, ақ сары, құрым қызыл т.б.), кұрделі сан есім (қырық бір, он тоғыз, төрттен бірі) болсын, қос сөз болсын (тау-тау, үлкен-кіші, үйлі-баранды, ыдыс-аяқ, қып-қызыл т.б.), біріккен сөз болсын (өнеркәсіп, қолбасшы, арасалмақ, бұзаубас т.б.), қысқарған сөз болсын, олар белгілі бір заттың (өлшемнің, түр-түстің, іс-әркеттің) атауы (номинациялық қызметі) болып, бір мағынаны білдіріп (семантикалық қызметі), сөйлемнің бір ғана мүшесі ретінде (синтаксистік қызметі) қызмет атқарады. Қазақ орфографиясының тәжірибесіне сүйенсек, құрама сөздің бір ғана заттың атауы болуы, бір ғана мағынаны білдіруі, сөйлемнің бір ғана мүшесі ретінде жұмсалуы олардың бірге не бөлек жазылуына таяныш бола бермейді. «Егер құрама сөз бір ғана заттың атауы болып жұмсалса, бір ғана мағынаны білдірсе, бір ғана синтаксистік қызмет атқарса, оларды неге бірге жазуға болмайды?» деген заңды сұрау туады (мысалы, жиырма сегіз бір ғана өлшемнің, қызыл қоңыр бір ғана түстің, қалып калды бір ғана қимылдың атауын білдіреді).
Бұл аталған үш белгіге (триадаға) сүйенсек, қас пен көздің арасында; көзді ашып жұмғанша деген фразеологизмдерді де біріктіріп жазған болар едік. Өйткені бұл тіркестер де «тез, тым шапшаң» деген бір ғана мағынаны (ұғымды) білдіріп, бір ғана қимыл амалының атауы болып тұр. Бірақ жазу тәжірибеміз мұндай сөздерді біріктіріп жазуға ырық бермейді. Себебі осы аталған фразеологизмнің сыңарлары тілдік бірлік (единица) ретінде өз дербестігінен айырылған жоқ. Күрделі сан есім, күрделі сын есім, күрделі зат есім сыңарларының бөлек-бөлек таңбалануының қазақ орфографиясында дәстүрге айналуы олардың тілдік бірлік ретінде өз дербестігін сактауына байланысты деуге болады.
Сонымен құрама сөздердің бәріне ортақ үш белгіден басқа жеке-жеке белгілер де болуы тиіс. Сол жеке белгілер құрама сөз титерін (күрделі сөздер, қос сөздер, біріккен сөздер, қысқарған сөздер) бір-бірінен өзгешелеп тұрады. Мысалы, құрама сөздің бір типі – күрделі сан есім, күрделі сын есім, күрделі зат есімдердің әр сыңары тілдік бірлік ретінде біршама өз дербестігін сақтауы – осы аталған сөздер тобына тән жеке белгілердің ( частные признаки) бірі. Осыған орай олардың әр сыңары бөлек-бөлек тұлғаланады.
§ 21. Құрама сөздердің екінші бір типінің сипаты бұлардан (күрделі сөздерден) басқаша. Бұл топқа белгілі сыңарларының мағынасы кқмескіленуі, контаминацияға ұшырауы арқылы дербестігінен айрылған құрама сөздер жатады. Құрама сөздердің бұл типі біріккен сөздер деп аталады. Мысалы, жаужұмыр, сайгүлік, ендігәрі, қолғап, жаушымылдық (пион), ашудас, белбеу, күздігүні, қозмалдақ, жаздыгүні, әумесер, қыстыгүні т.б.
Бұл типтегі құрама сөздердің бірге жазылуына олардың дыбыстық контаминацияға ұшырауы тәрізді жеке белгілері сүйеу болады. Бірақ бұл белгі өте шектеулі, санаулы сөздерді ғана қамтиды.
§ 22. Құрама сөз сыңарларының өз дербестігінен біршама айырылуының тағы бір жолы бар. Құрама сөз сыңарларының мағыналық контаминацияға ұшырауының нәтижесінде, үшінші біртұтас мағына пайда болады да, біріккен сөзге айналады. Бұл аталған жеке белгі де құрама сөзді біріккен сөз деп тануға мүмкіндік береді де, тұтас тұлғалауға таяныш болады. Мысалы: тоқтыбалақ (құс), тауқұдірет (құс), өнеркәсіп,ақжаулық (этн.), қызойнақ, атжалман, бірқазан (құс), сушықара (құс), тазқара, тастүлек, қолбала, қалыңмал, беташар, есепшот, кәсіпорын, көрсары, маубасбұқа (құс), несібелдібайқасқа (құс), сукөз (бүркіттің тұқымы) т.б. Осындай тәсілмен біріккен сөз әсіресе өсімдік атауларында жиі кездеседі: қазтабан (өс.), желімбасақ (өс.), жөтелшай (өс.), аюқұлақ (өс.), балықкөз (өс.), бөрібұлақ (өс.), ботакөз (өс.), бозкілем (өс.), томарбояу (өс.), бетіқышақ (өс.), аққой (жуаның түрі), бисемшек (өс.), аққайың (шөптің түрі), жерсабын (өс.), кәріқыз (өс.), кермексабын, (өс. «ушастый»), күйіксары (өс.), қазықұрт (өс. «жабник»), көзсабақ (окулировка), қаратұяқ (өс.), қозықұлақ (өс.), қозықұйрық (өс.), қоңырбас (өс. «мятник»), қосбас (өс. «двукисточник»), қораматау (өс. алаботаның түрі), алабота (өс.), құлынембес (өс.), қоянсүйек (өс. «песчаная акация»), құлқайыр (өс. «мальва»), құлаңқұйрық (өс.), құртқашаш (өс.), қызылбояу («подмаренник»), қызылқұрт (өс. «волосатик»), қырықбуын («хвощ»), қасқыржем (өс. «спаржа»), қырыққұлақ (өс.), майқара (өс. «полынь пустынная»), майракебіс (өс. «свербига»), нариген, отсабын, өгізкөз (өс. «пупавка»), өгізтіл (өс. «анхуза»), саңырауқұлақ (өс.), сиырқұлақ (өс.), сиякөк (өс.), жұпар сиякөк («льнянка душистая»), сіргеқара, сіпсебас (өс. «метлица»), тасшүгін,таумасақ (өс.), тайтұяқ (өс.), текесақал (өс. «додарция»), теңгебас (өс. «сусак»), түйесіңір (өс.), түйеқарын (өс.), түйеқұйрық (өс.), түйетабан (өс.), уқорғасын (өс.), үшқат (өс. «жимолость»), үпілмәлік (өс.), шашақбас (өс. «качим метельчатый»), шоңайна (өс. «лопух»), шөңгебас (өс. «толтоголовник»); балтажұтар (құс), ақсазы (құс), ақиық (құс), аққабақ (бүркіттің бір түрі), ақсары (құс, «сарыч»), ақшегір (қыран құстың бір түрі), алыпқара (құс), балтатұмсық (құс), бұқатана (құс), аққұйрық арлан (құс) т.б.
§ 23. Осы сөздердің қатарына құрама сөз сыңарының «бүтіннің бөлшегі» ретінде жұмсала келуі, біртұтас мағынаға ие болғандарын да жатқызуға болады: қосауыз (мылтықтың түрі), қосаяқ (тышқан), бізқұйрық (құс), кезқұйрық (құс), бізтұмсық (құс), шөгелтабан (бүркіттің бір түрі), қаратамақ (құс), қарабауыр (құс), көкмойын (құс) т.б.
Бірінші сыңары өсімдікке, ал екіншісі мүлде басқа бір затқа қатысты атаулардан жасалған құрама сөздерді біріккен сөздің қатарында қарап, тұтас тұлғалауға болады: арпабас, гүлтәжі, долантопшы, бұршаққын, гүлсидам, гүлсерік (околоцветник), гүлсағақ (цветоножка), гүлзардақ, құртқашаш (өс.).
Құрама сөдің дыбыстық, мағыналық контаминациясы нәтижесінде пайда болған бұл тобын біріккен сөз деп тану пәлендей дау туғызбайды. Өйткені бұл сөздердің жеке сыңары мағыналық жақтан тұтаса келіп үшінші бір лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, егеуқұйрық, өгізтіл (өс.) атауын қазақ тілінде сөйлеушілер «егеу» және «құйрық» немесе «өгіз» және «тіл» деп дербес сөзге бөле жара қарамайды.
§ 24. Құрама сөздердің ішінде біріккен көз қатарына қосып, бірге жазуға болатын тағы бір жеке белгіні атап айтуға болады. Ол, мысалы, құрама сөз сыңарының бүтіннің бөлшегі ретінде жұмсалып барып, бір бүтінге айналуы. Мысалы, гүл, жапырақ, тамыр деген сөздер белгілі бір заттың атауы болғанымен, олар нақты бір ғана өсімдікке мысалы шырғанаққа ғана тән емес. Олар көптеген өсімдікте кездесетін вегетативтік органдар. Сондықтан бүтіннің бөлшегі ретінде бұл сөздер (гүл, тамыр, жапырақ т.б.) белгілі бір сөздің сүйемелі арқылы нақты өсімдіктің атауы болып жұмсалады. Бұл тәсілмен жасалған біріккен сөздер әсіресе өсімдік атауларында жиі кездеседі. Олардың бірінші сыңары әр түрлі сөздерден, ал екінші сыңары өсімдіктің белгілі бір мүшесінің атауы болып, лексикалық бір бүтін болады. Ондай мүшелер көбіне а) көбею органдары: тамыр, мұрт, сабақ, жеміс, қат, жидек; ә) транспирация органдары: жапырақ, сабақ, мұрт; б) жер үсті органдары: гүл, тікен, бұта т.б. Осы аталған «бұтіннің бөлшегі» (гүл, жапырақ, тамыр т.б.) құрама сөздің тұрақты сыңары ретінде қайталанып отырады. Бұл құрама сөздер сөйлеу кезінде тіркестірілмей, дайын күйдегі тіркес ретінде қолданылады:
Достарыңызбен бөлісу: |