Ай демеулігінің жұмсалуына байланысты бұл ерекшелік жазу тәжірибесінде екі түрлі таңбаланып жүр: тәңірайшыл, тәңір-айшыл. Ал осы сөзді тәңірайшыл түрінде тұтастай тұлғалау ай шылауының демеулік мәнінің солғындауын «бейнелейді» деуге болады. Бұл жерде ғана шылауына байланысты бір мысалды еске түсіруге болады. Әдетте ғана шылауы негізгі сөзден бөлек жазылады: сен ғана, маған ғана, Болат қана т.б. Тек аз сөзімен қатар қолданылған жағдайда бұл шылау бірге жазылады (азғана). Өйткені екі сөз бірімен-бірі «кірігіп» кеткен. Оны ғана шылауының үстемелене жұмсалуынан байқауға болады. Мысалы: азғана ғана.
Тағы бір еске ала кететін нәрсе – ғана шылауының әдеттегідей емес, түбір сөз бен қосымшаның аралығында қолданылуы:
Шешеке, еш алданбан мал ғанаңа, Барамын атам қосқан жар ғанама.
Емізген ақ сүтіңді балаң едім,
Бер сана бидай салып қол ғанаңа.
(«Қозы Көрпеш – Баян сұлу»)
Әдеттегі норма бойынша бұл сөздер малыңа ғана, жарыма ғана, қолыңа ғана болуға тиіс. Бірақ бұл, зерттеуші айтқандай, ғана шылауының байырғы мұра тіліндегі поэтикалық қызметіне байланысты жыр ішінде «заңдасқан» қолданыс26. Ғана шылауының осы аталған ерекше қолданысы да әр түрлі басылымдарда әркелкі – бірде бөлек жазылса, бірде бірге, кейде тіпті дефис арқылы да жазылып жүр. Бұл жерде мынадай пәтуаға келуге болатын тәрізді. Түбір сөз бен қосымшаның аралығында қолданыла беретін өзге де шылаулардың жазылуы (келемісің, әншідеміз, бишідеміз; әнді айтадыақсың тәрізді ғана шылауы да мұндай жағдайда түбір сөзбен тұтастай тұлғалануы қажет: малғанаңа, жарғанама, қолғанама т.б.
Ма, ме (ба, бе, па, пе) шылауы да әдетте негізгі сөзден бөлек жазылады: бар ма?, кітап па?, ақ па?, қызыл ма? т.б. Ма, ме сұраулығы, Ережеде айтылғандай, түбір мен қосымшаның аралығында қолданылғанда дыбыстық өзгеріске түскен күйде және дефиссіз (бірге) жазылады: барамысың? айтамысың? Бұл – сөйлеу стиліне тән ерекшелік.
Тағы бір ескеретін жайт – ма, ме шылауы сұрау есімдігімен (қанша, неше), сондай-ақ осынша, сонша, мұнша, онша тәрізді туынды үстеулермен қатар айтыла келіп, сұраулық мәннен өзгеше реңкке көшеді. Міне, осы ерекшелік, яғни сұраулық мәннен қол үзіп, басқа бір реңкке көшуі ма, ме шылауының негізгі сөзбен бірге тұлғалануына таяныш болады. Мысалы: қаншама, осыншама, мұншама, соншама, оншама т.б.
Қазіргі қазақ тілінде да, де, та, те жалғаулығы сөйлеммен сөйлемді, сөз бен сөзді байланыстырып, ыңғайластық мәнде жұмсалады: Күн жауды да, ашылып кетті; ауылда да, қалада да, қалам да, қағаз да т.б. Бұл жерде да, де жалғаулығының негізгі сөзбен бөлек тұлғалануы ешбір дау туғызбайды. Алайда да, де жалғаулығы өзінің төл мағынасы мен қызметінен, яғни ыңғайластық мағынасы және сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыру қызметінен басқаша жұмсалғанда әркелкі жазылып жүргендігін байқауға болады. Мысалы, Орфографиялық сөздікте (1978 ж.) қалайда, алайда, қайткенде дегендердегі да, де-нің есімдіктерден бөлек тұлғаланбауы түсінікті. Өйткені мұндағы да ыңғайластық мағынада жұмсалмай, өзгеше мәнге ие болған. Бірақ осы аталған Орфографиялық сөздікте қайтсе де, сөйтсе де, әйтсе де сөздеріндегі да, де бөлек жазылған. Шындығында, бұл типтес сөздердегі да, де-нің бірге тұлғалану мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені да, де шылауы өзінің төл қызметі мен мағынасында емес, өзгеше мәнде, атап айтқанда қарсылықты мағынада қолданылады. Мысалы: Күннің жылынғанына біраз болды, әйтседе қар кете қойған жоқ; Бүгін күн ұзақ жүрді, сөйтседе шаршаған жоқ. Оқыған жақсы, ондада тәуір оқыған жақсы. Әдетте тіл өзінің даму процесінде дифференциация құбылысымен қатар интеграция басынан өткеріп отырады. Мұндай жағдайда жеке сөздер белгілі заңдылыққа байланысты біріге келіп, шылауға, одан қосымшаға айналатындығы белгілі (бара тұрған, бара-тұғын, баратын). Бұл тәрізді құбылыс жазуда да бейнелуге тиіс. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, қарсылық мәнде жұмсалатын әйтседе, ондада, сондада тәрізді шылауларды біріктіріп жазуға болар еді. Типологиялық жақтан бұлардың алайда, бірақ тәрізді қарсы мәнді шылаулардан пәлендей дерлік айырмасы жоқ деуге болады.
Құрамында да шылауы бар, тұрақты сөз сипатында қолданылатын бір алуан сөздердің жазылуы да әркелкі. Мысалы, Орфографиялық сөздікте (1978 ж.) ұр да жық сөзі бөлек-бөлек тұлғаланса, тап осы тәрізді азарда-безер сөзі дефис арқылы жазылған. Күнделікті жазу тәжірибесінде бұл типтес сөздердің кем дегенде үш түрлі нұсқада жазылатындығын кездестіруге болады: ұржадық, ұр да жық, ұрда-жық. Осы типтес сөздердің бұлайша әр түрлі жазылуының, әрине, өзіндік себебі болуға тиіс. Тегінде, да шылауының жазылуына байланысты қиындықты оның белгілі бір жағдайда сөз бен сөзді байланыстыру қызметінің әлсіреп, ыңғайластық мағынасының көмескіленуіне байланыстыруға тура келеді. Мысалы ұр да жық (әпербақан, ұр да жық), ас та төк (ас та төк заман), у да шу, гу де гу, шарт ташұрт, азар да безер, опыр да топыр, қояр да қоймай т.б. дегендегі да, де шылауы негізгі сөзге бейімделіп тұрады да, оның сөз байланыстыру қызметін, компенсация ретінде интонация атқарады. Сондай-ақ бұл шылаудың ыңғайластық мәні фразеологиялық тұтастықпен астасып кетеді. Жазу тәжірибесінде кездесетін үш түрлі нұсқаның (мысалы, ұр да жық, ұрдажық, ұрда-жық) соңғысы да жалғауының осы ерекшелігін дәлірек бейнелейді деуге болады. Сондықтан құрамында да шылауы бар фразеологиялық тіркес типіндегі сөздерді аста-төк, азарда-безер, ұрда-жық, уда-шу, бірде-бір, сартта-сұрт түрінде жазуды орнықтыруға болады. Бұл үлгі үйме-үй, бетпе-бет, қолма-қол тәрізді сөздердің жазылуын еске түсіреді. Мұндағы ма, ме, па, пе әуелде шылаулық қызметте жұмсала келіп, негізгі сөзге телініп кеткен.