Қан және лимфа
Қан – сұйық тірі ішкі орта ұлпасы. Ол тұйық қан айналым жүйесінде үздіксіз қозғалыста болып, организмнің барлық мүшелер жүйелерін біріктіріп, біртұтас етіп, олардағы ұлпалық және торшалық деңгейдегі зат алмасуды қамтамасыз етеді. Жануарлар организмінде қан тасымалдау (қоректік заттарды – мүшелерге, ұлпаларға, торшаларға: ыдырау өнімдерін бөлу мүшелеріне; улы заттарды залалсыздандыру үшін бауырға тасымалдайды), газ алмасу (оттегі өкпеден организм мүшелеріне, ұлпаларына, торшаларына, көмірқышқыл газын, керісінше, дене мүшелерінен өкпеге алып барады), трофикалық (қан мен ұлпалар арасындағы қоректік заттар алмасуын қамтамасыз етеді), қорғаныс (микроорганизмдерді, бөгде белоктық және улы заттарды жоюға қатысады), реттеу (биологиялық белсенді заттардың, гормондардың көмегімен зат алмасуды реттеуге қатысады), бөлу (белоктық, азоттық алмасу өнімдерін бөлу мүшелеріне – бүйрекке, тер бездеріне жеткізеді), дене қызуын реттеу (бұлшық ет пен бауырда түзілген жылуды денеге біркелкі таратады) қызметтерін атқарады.
Ұрықтық даму кезінде қан мезенхимадан дамиды, ал кейіннен ол қан жасаушы мүшелерде түзіледі. Орта есеппен жануарлар дене массасының 7-10%-ы қанның үлесіне тиеді. Қан барлық ішкі орта ұлпалары сияқты қан торшаларынан (формалы элементтер) және плазмадан (қанның сұйық бөлігі – торшааралық зат) тұрады. Қан торшалары қанның 40-45%-ын, ал қан плазмасы 60-55%-ын құрайды.
Қан плазмасы – қанның сарғыш түсті сұйық торшааралық заты. Оның 90-92%-ы су, 8-10%-ы құрғақ зат. Құрғақ заттың 7,6-8,5% -ы белоктар, 1,0-3,5%-ы органикалық және минералдық заттар. Органикалық заттардың негізгі бөлігін белоктар альбуминдер, глобулиндер, фибриноген құрайды. Альбуминдердің қан плазмасындағы мөлшері глобулиндерге қарағанда екі еседей көп. Олар бос май қышқылдарын, билирубинді (бояғыш зат), дәрі-дәрмектерді, витамендерді, гормондарды тасымалдайды. Глобулиндер – организмдегі қорғағыш белоктар антиденелер. Олар денедегі сұйықтық (гуморальды) иммунитетті қалыптастырады. Фибриноген қанның ұю процесін іс жүзіне асырады. Ұю кезінде қан плазмасындағы фибриноген белогі қан плазмасында ерімейтін фибрин талшықтарына айналып, плазмадан қанның сары түсті сұйығы бөлінеді. Оны қанның сарысуы деп атайды.
Қан торшаларына эритроциттер (қызыл қан торшалары), лейкоциттер (ақ қан торшалары) және қан табақшалары (құстар мен төменгі сатыдағы омыртқалы жануарларда ядролы торшалар – тромбоциттер жатады.
Эритроциттер (грек. Erythos – қызыл; kutos – торша) – оттегі мен көмірқышқыл газын тасымалдап, организмдегі газ алмасу процесін атқаруға маманданып толық жетілген, сондықтан бөлініп көбеюге бейім емес қанның қызыл торшалары. Сүтқоректі жануарлардың эритроциттері мөлшері жағынан майда болып келеді. Оларда ядролар болмайды. Ал қалған омыртқалы жануарлар эритроциттерінде ядро болады. Түйе мен ламада эритроциттердің пішіні сопақ, ал қалған сүтқоректі жануарларда олар дөңгелек болып келеді. Сүтқоректілер эртроциттерінің екі бүйірінің орта тұсы қысыңқы, ал шеткі жағы қалыңдау болып келеді. Сыртқы бүйір бетінің бұлай болуы эритроциттің сыртқы бетінің жанасу ауданын 1,64 есе ұлғайтып, оттегінің торшаға жылдам өтуіне ықпалын тигізеді. Эритроциттердің саны әр түрлі жануарларда түрліше болады. 1 мкл (1 мм3) қанда қалыпты жағдайда эритроциттердің саны орта есеппен жылқыда – 6-9 млн., сиырда – 5-7 млн., қойда – 7-12 млн., ешкіде – 12-17 млн., бұғыда – 7-8 млн., шошқада – 6-7 млн., итте – 5-8 млн., мысықта – 7-9 млн., қоянда – 2,9-3 млн., түйетауықта – 2,5-3,5 млн. Эритроциттердің орташа диаметрі 3-8 мкм, орта тұсының қалыңдығы 0,8 мкм, шеткі жағынікі 3,5 мкм. Олардың қалыңдығы 80% -ының мөлшері біркелкі болып келеді. Оларды нормоциттер деп атайды. Ал қалған эртроциттердің мөлшері не үлкен (макроциттер), не кіші (микроциттер) болып келеді. Эритроцит плазмолеммасының орташа қалыңдығы 6нм. Плазмолемма құрамының 44%-ы липидтер, 47%-ы белоктар, 7%-ы көмірсулар. Ол газдар мен түрлі аниондардың жылдам өтуіне бейімделген. Плазмолемма арқылы натрий иондары, амин қышқылдары, түрлі ферменттер және глюкоза тасымалданады. Эритроциттің ішкі қоймалжың затының 34%-ы гемоглобин. Ол – қызыл түсті күрделі белок хромопротеид. Гемоглобинді глобин белогі мен құрамында екі валентті темір бар гем құрайды. Гемоглобин өкпеде оттегімен қосылып оксигемоглобинге айналып, қан арқылы оттегіні ұлпаларға тасиды да, олардағы зат алмасу нәтижесінде түзілген көмірқышқыл газымен қосылып карбоксигемоглобинге айналып, оны, керісінше, өкпеге тасымалдайды. Сөйтіп, газ алмасу процесін іс жүзіне асырады. Жануарлар организміндегі эритроциттер орта есеппен 100-130 (сиырда – 120-140, қойда – 127, шошқада – 72) күндей қызмет атқарады. Қызметін тоқтатып ескірген эритроциттер бауыр, көкбауыр және сүйектің қызыл кемігі майы макрофагтардың көмегімен жойылып, гемнің құрамындағы темір макрофагтардың қатысуымен сүйектің қызыл кемігі майына жеткзіледі. Ол жаңа эритроциттер гемоглобинінің түзілуіне пайдаланылады. Гемнің қалған қалдығынан өт, зәр және нәжіс бояғыш заттары (лигменттері) түзіледі. Эритроцит құрамында 0,9% тұз болады. Концентрациясы дәл осындай ас тұзының ерітіндісін физиологиялық ерітінді дейді. Қан кеткен кезде жануарлардың тіршілігін сақтау үшін, қанға физиологиялық ерітіндіні құюға болады. Ерітіндідегі тұздың мөлшері 0,9 пайыздан кем болса, онда эритроцит ісініп, гемоглобин плазмолемма арқылы қан плазмасына өтіп, қан қызыл түске боялады. Бұл процесті гемолиз деп атайды. Эритроциттер гемолизі жылан уы, әр түрлі уытты бактериялар мен ауру туғызушы тоғышар паразиттер уы (токсиндері) организмге әсер еткен кезде байқалады. Гемолиз – қан топтары сәйкес келмейтін қанды құйған кезде де болады. Эритроциттердің тығыздығы қан плазмасы мен лейкоциттерге қарағанда әлдеқайда артық. Қанды шыны ыдысқа (пробиркаға) құйып қойып, біраз уақытқа қалдырсақ, онда эритроциттер қанның түбіне тұнады. Эритроциттердің тұну жылдамдығы (ЭТЖ) қалыпты жағдайда жануарлардың түріне, тұқымына, жасына, жынысына байланысты тұрақты көрсеткіш. Сондықтан, бұл көрсеткіш мал түліктері ауруларын анықтауға көмегін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |