Бірінші: Денсаулықты аманат деп білу Денсаулық – Алла Тағаланың берген үлкен нығметі болуымен қатар, адамға жүктелген аманат деп танылады. Әркім ол аманатты бағалап, күтіп, оған зиян келтіруден сақтануы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл», – деген хадисінде:
وَ صِحَّتَكَ قَبْلَ سُقْمِكَ «Ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл!», – деп өсиет еткен. Адам баласы ауруға душар болса, бұл өмірде тамақтану, сусын ішу, ойнап-күлу сияқты барлық зат өзінің маңызын жоғалтатыны белгілі. Сол себепті де даналардан: «Денсаулық – сау адамның басындағы тәж. Оны сырқат адам ғана көре алады», – деген сөз қалған.
Әл-Фараби бабамыз: «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек», – дейді. Осыған орай денсаулықты аманат деп білу мынадай екі амалды қажет етеді:
1. Денсаулықты күту. Ауру – зиянның алдын алмағандықтан, денсаулықты күтпегендіктен пайда болады. «Ауырып ем ізедегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, адам баласы кез-келген сырқатқа себепші болатын, денсаулығына кері әсерін тигізетін істерден сақтануы қажет. Ал денсаулығын тиісті дәрежеде күтпеген адам ауруға өзі себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Юнус» сүресі, 14-аятында:
إِنَّ اللَّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ «Расында Алла адамдарға еш зұлымдық етпейді. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық етеді», – деп айтқан.
Хәкім Абай атамыздың: «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ ауыртқан Құдай емес», – деп айтатындығы осыдан. Сол себепті де дініміз шариғи үкімдерді орындаудың өзінде адам денсаулығына зиян келмеуін ескерген.
Мысалы, намаз оқуымыз үшін ғұсыл дәретті әрі бой дәретті болуымыз міндет. Алайда, адам науқас болып, сумен жуынғанда дерті асқынып кететін болса, не қатты суық болғандықтан жуынғанда ауырып қалатындай жағдай болса, ол адамның тәяммум соғып, намаз оқуына болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 43-аятында:
وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاء أَحَدٌ مِّنكُم مِّن الْغَآئِطِ أَوْ لاَمَسْتُمُ النِّسَاء فَلَمْ تَجِدُواْ مَاء فَتَيَمَّمُواْ صَعِيداً طَيِّباً فَامْسَحُواْ بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ «..Егер науқас болсаңдар немесе жолға шықсаңдар, сондай-ақ кім түзге отырып келсе, немесе әйелдеріңе жақындассаңдар, сөйтіп су таба алмасаңдар, таза жер қыртысымен тәяммум алыңдар: беттеріңе және қолдарыңа мәсіх жасаңдар», – деп айтқан.
Әмр ибн Ас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Зәт ас-Саласил шайқасының түні өте суық болған еді. Мен сол түні жүніптік жағдайға түсіп қалдым. Ғұсыл құйынсам құримын-ау деп қорықтым. От жағып, су жылытсақ жаудың көзіне түсетін болдық. Сөйтіп, тәяммум алып, бауырларыммен таң намазын оқыдым. Олар бұны Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білдірді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Уа, Әмр! Жүніп бола тұра достарыңмен намаз оқығаның қалай?» – деп сұрады. Мен оған мені ғұсыл құйынудан не тоқтатқанын хабарлап: «Расында, мен Алла Тағаланың: